- Мені жұрт қатал оқытушы деп айтады, - дейді оқытушы. - Студенттерін қинайды дейді, оларға қоймайды дейді. Мұндай әңгімелер өзімнің де құлағыма жетіп жатады. Тіпті бірде ректорға дейін жетіпті. "Өркен, сені жұрт солай деп айтып жүр ғой, неге студенттеріңді қинайсың?" - деді ректор. "Онда сабақ сұрамастан қойып бере берейін", - дедім. "Мен олай деп тұрған жоқпын, - деді ректор. - Бірақ студенттер де адам баласы ғой. Кішкене түсіністікпен қарасаңдар болмай ма?"
Бірде бір қызық оқиға болды. Жазғы уақыт еді. Жазғы сессияның басталған кезі. Оқу орнынан шығып, жаяу жүргіншілер жүретін соқпаққа түсіп алып келе жатқанмын. Бір кезде жолдың жиегінде отырған бір келіншекке көзім түсіп кетті. Әлгі келіншектің түрі деген әбден әбіржіп кеткен. Өзі жерге төселіп, жайғасып отырып алыпты. Жанына еріксіз аялдадым. Түріне қарап аяп кеттім.
- Қарындас, - деймін әлгі келіншекке, - түріңіз неге сонша әбіржіп кеткен? Не жағдай болып еді?
- Ауылдан келіп едім, - дейді келіншек. - Мына оқу орнының сырттай бөлімінде оқушы едім. Бір оқытушының сабағынан ала алмай әбден әбіржіп кеткенім.
Қаным басыма шықты. "Ол неғылған оқытушы?! Адам дегенді осындай күйге түсіруге бола ма?! Бұл да бір қазақтың баласы ғой. Әлгі оқытушың да осындай анадан туған шығар?!"
- Қарындас, - деймін әлгі келіншекке иіле түсіп. - Мен де осы оқу орнында оқытушы болып жұмыс істеймін. Мүмкін әлгі оқытушыны танитын шығармын. Фамилиясы кім еді? Ау, оған ел болып, халық болып жабылып жүріп түсіндірейік. Адам дегенді осындай күйге түсіруге бола ма?
Сөйтсем, әлгі келіншектің айтқаны:
- Ол - сіз, - дейді.
Шошып кеттім. Мен өзімше студенттерімді білімге, ізденіске жетеледім деп ойлап жүрмін. Сөйтсем, олар осындай күйге түсіп кеткен екен ғой.
Дереу шешімге келдім.
- Топқа айтыңыз. Ертең дәрісханада жиналып отырсын. Мен келемін, - дедім.
Ертеңіне келдім де, сабақ сұрамастан бәріне қойып жібердім. Мәз-мейрам болды да қалды. Өзімнің де арқамнан бір ауыр жүк түсіп қалғандай болды. Адамға жақсылық жасаған деген қандай жақсы!
Мұның тағы да қызығы бар. Енді келесі жыл келеді ғой. Келесі курс та жылжып алдыма келеді. Олар да менің сабағымды оқиды. Дәл тапсыратын күні дәрісханаға кірем ғой. Ойымда ештеңе жоқ, студенттерге:
- Қалай, дайынсыңдар ма? - деймін.
Сөйтсем, әлгілер:
- Дайынсыңдар ма дегенше, оданда қойып жібермейсіз бе?! - дейді.
"Мыналардың естері дұрыс па? - деймін өзіме-өзім. - Әлде ақылдарынан адасайын деген бе? Әй жоқ, шәй жоқ, маған едіреңдегендері несі?"
Өмірімде студенттерім бұлай сөйлеп көрмеген ғой.
- Сендердің естерің дұрыс па? Мен сендерге не деп қойып жіберуім керек?! Көздеріңді ашыңдар. Алдарыңда оқытушыларың тұр. Сендер өздеріңнің студент екендіктеріңді ұмыттыңдар ма?!
Сөйтсем, аналар да айылын жиятын емес.
- Не, былтырғы студенттерге қойып жіберіпсіз ғой! Біз тоқалдан тудық па?! - дейді.
Сол кезде барып маңдайымды алақаныммен сарт еткізіппін. Мен өзімше жақсылық жасадым деп жүрмін. Сөйтсем, әлгілер жүгіріп барып төменгі курсқа жеткізе қойған екен ғой. Бір есалаң оқытушыны тауып алдық деген шығар, сабақ сұрамастан қойып бере беретін.
Айғайды салдым келіп:
- Бойларыңды жинап ұстаңдар! Сендер тым еркінсіп бара жатырсыңдар ғой! Мен - оқытушымын! Кәне, сабақтарыңа дайындалыңдар!
- Содан бері, - деп күлді оқытушы. - Қайтадан қатал мінезімді тауып алғанмын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі