Қазақ даласы, оның ішінде Баянауыл өңірі, қашанда біртуар тұлғаларға кенде болған емес. Дегенмен, «жүйрікте де жүйрік бар, әліне қарай жүгірер» демекші, сол сом тұлғалардың арасында тәңірі өлшеусіз өнермен телегей теңіз білімдарлықты қатар сыйлап, ол аз десеңіз тылсым сырлы дүииенің сан қатпарлы құпия сырын көңіліне түйдіріп, ғайыптан болжап сөз айтар әулиелікті қатар сыйлаған санаты саусақпен санарлық дара тұлғалар бар. Олардың халқымыз-дың сан ғасырлық тарихынан алар орны тіптен ерек, тіптен бөлек.
Соның біз білетін бірі де, бірегейі де- Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Оны жұрттың дені ең бірінші кезекте ғайыптан болжап сөз айтқан, сол айтқандары әманда айна қатесіз келгем көріпкел әулие деп біледі. Бұлары заңды да.
Мәшекең көзі тірісінде зират үйін салдыртып, қабырын қаздыртып қойды.
— Мұныңыз қалай, артыңызда Аллаға шүкір ұрпағыңыз, қала берді өзіңізді құрмет тұтқан халқыңыз бар емес пе. Олай-бұлай бола қалсаңыз, ел қатарлы ақ жуып, арулап қоймай ма, -дегендерге:
— Солайы солай ғой. Аллаға шүкір, ұрпақтың да, елдің де бар екені рас. Тек... Ол кезде «балапан басына, тұрымтай тұсына дегендей» кезең болады. Көресіңдер де көнесіңдер, -дейді» екен.
Сөйткен Мәшекең 1931 жылдың күзінде дүние салған. Ал сол жылы бастау алып, 1932 жылы онан әрмен жалғасқан аштықтан халықтың қынадай кырылғанын еске алсақ, Мәшекеңнің көрегендігіне таңдана таңдай қақпасқа лажың жоқ.
Мәшекең «Мен өлгеннен кейін денем 40 жылға дейін бұзылмайды» - деп өзін ашық жерлеуді өсиет еткен екен. Оның сол өсиетін артында қалғандар бұлжытпай орындаған. 21 жыл бойы тек шыжыған жаз айларында ғана үстіне жабылған ақыретін айырбастап отырған. Осыны көзі көрген солардың біз ұшырасқан соңғыларының бірі, ақынның немересі Сүйіндік Шарапиден ұлының айтысына қарағанда, Мәшекеңнің мүрдесі сол күйінде сақталған.
Тек, Солақай саясат сойылын соғушы әсіре коммунистер ақынның айтқан мерзіміне 19 жыл қалғанда, Мәшекеңнің ақыреттік үйін айуандықпен талқандап, мүрдесін мәңгілік топырақпен тұмшалап, көміп тастады.
Осы бір сүреңсіз. сұрқия кезеңді еске ала отырып, ақынның ел таныған немересі филология ғылымының докторы, жазушы Қуандық Пазылұлы Мәшһүр Жүсіп атасының 140 жылдық тойында «Мәшһүр-Жүсіп кесенесін талқандаушылар халық қарғысына ұшырады, халық Мәшһүр-Жүсіпті қастерлеуін ешқашан тоқтатқан жоқ. Соның бір дәлелі Сарыарқаның әр үйінің дерлік төрінде Мәшһүр-Жүсіп суретінің ілулі тұруы», — деп еді тебірене толқи сөйлеп.
Ғалым, жазушы ағаның осы сөзі «әр үйдің төрінде» Мәшһүр-Жүсіптің түрлі-түсті суреті ілулі тұратын шағын ауылды көз алдыма әкелгені. Шоман деп аталатын сол ауылда аралас тауарлар сататын жалғыз дүкен болатын. Бірде сол дүкенге әлдеқалай бас сұққан едім әр түрлі аяқкиімдердің арасында тұрған қағазы әбден сарғайып кеткен кітапқа көзім түсті. Бұрын бұл дүкеннен кітап көрмегендіктен бе, жоқ әлде кітаптың соншалықты сарғайып кеткендігіне таңырқадым ба, әйтеуір көз ала алмай қадалып қалсам керек.
Сатушы Әлтай ақсақал әлгі кітапты қолына алып кеше ревизия жасағанда шықты. Қоймада жата беріпті, содан ревизорлар сат деп осы араға қойдырды. Бағасы да қымбат емес, алам десең ала ғой деді. Кітапқа қанша қызығып тұрсам да, оны сатып алатын ақша маған . қайдан келсін. Күмілжіп қалдым. Бұрылып кете бергенімде:
— Мә, ақшасыз-ақ ала ғой, -деген Әлекең. Әкеңе сәлем айт.
Бұл жоғары класқа арналған әдебиет оқулығы еді. Ертеде шыққан осы кітапта Қыз Жібек, Алпамыс, Қобыланды, тағы да басқа лиро-эпостық жырлармен қатар Мәшһүр -Жүсіптің бір өлеңі болғаны есімде қалыпты. Бірақ ол кезде мектеп оқушысы, алдың-дұлдың бала кезіміз ғой, біз ол кісінің кім екенін қайдан білейік. Тек әкем Мәшһүр - Жүсіптің атын атап, өлеңін оқығанда — Алда, жарықтық-ай, — деп терең күрсінгені есімде қалыпты. Қазақтың ұлы ойшылы, көрнекті ақыны, әдебиет үлгілерін жинаушысы Мәшекеңнің есімімен, өлеңімен алғаш танысуым міне осылай ойламаған жерде басталған еді.
Кейінірек жұмыс жағдайымен көшіп - қонып жүргенде сол кітап қолды болды. Содан соңғы жерде Мәшекеңнің өлеңдерін 1983 жылы жарық көрген «ХХ ғасырдың басындағы казақ әдебиеті» атты кітаптан араға аттай алты жыл салып «Бес ғасыр жырлайды» жинағынан ұшыраттым.
Ал, филология ғылымының кандидаты Нартай Қуандықұлының «Мәшһүр шығармаларының зерттелуі» атты еңбегіне жүгінер болсақ, ақын шығармаларын зерттеу 40-шы жылдардың аяғында дағдарысқа ұшырағанына көз жеткіземіз.
М ә ш һ ү р шығармаларын құрсаулаған уақыттың сіреу мұзы жас ғалымның айтысына қарағанда тек 1983 жылы ғана аздап жібіген.
Соғыстан кейін өркен жайып, өсіп өнген біздің ұрпақ Ахмет Байтұрсынов, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев сынды алыптардың жыр мәйектерімен ауыздана алмадық. Тұнығын кешіп, кәусарынан қанып ішуді тағдыр бізге нәсіп етпеді. Өкінішті. Өткенге салауат, тәуба делік. Аталған алыптардың (Мәшһүр-Жүсіптен басқасы) еңбектері мектеп оқулықтарына енгізілді. Сол қатарда Мәшекеңнің болмауы өкінішті. Мәшекеңнің еңбектерін мектеп оқулықтарына енгізетін, шәкірттерге оқытып, үйрететін кез жетті деп білеміз. Бұл бір жағынан Мәшекеңнің қазақ әдебиетінен осы ғасырдың алғашқы жартысында алған кәделі орнын қалпына келтірген әділетті шешім болса, екіншіден жас жеткіншектердің ақын еңбегін мектеп қабырғасынан оқып, танысып, біліп өсуіне жағдай жасар еді.
Осы орайда облыстық мәдениет, оқу департаменттері жылма-жыл Мәшһүр Жүсіп шығармасының апталығын өткізіп, онда ақын өлеңдерін оқитын оқушылардың конкурсын, жазба ақындардың мүшайрасын ұйымдастырса мұның өзі ұлы бабамыздың шығармашылығына көрсетілген лайықты құрмет болар еді.
Сүлеймен Баязитов
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі