Бұл ретте жер астында тығылып жататын балық туралы сөз қозғамақпыз. Ол 4 жылдан астам уақыт сусыз тіршілік ете алады.
Егер Африкаға саяхаттап барған сапарыңызда жергілікті тұрғындардың иығына күрегін асына балық аулауға жол тартқанын көрсеңіз, таңданбаңыз. Бәлкім олар протоптер қостынысты балықтарды ауламақ болар.
Протоптерлер — бағзы заманнан бері тіршілік етіп келе жатқан балық түрі. Олардың желбезегінен бөлек, өкпесі де бар. Сондықтан су түбінде ғана емес, құрлықта да тіршілік ете алады.
Мұндай балықтар құрғап қалған топырақ астына жасырынып, ұзақ ұйқыға кетеді.
Алқапта құрғақшылық орнағанда, протоптер ұзақ ұйқыға қамданады. Ол аузымен өзіне ұя қазады. Ал ұядағы топырақты желбезек саңылауы арқылы шығарады екен. Протоптер ұясын кең жасауға тырысады. Дайын болған ұясына жайғасарда тұмсығын жоғарыға қарата орналасады. Су деңгейі қалыпты болғанда, ара-арасында тыныстау үшін жоғарыға шығып тұрады. Түбіндегі лай кеуіп қалғанда, протоптердің ұядан шығап саңылауы бітеледі. Мұндай кезде ол өз майымен қоректенеді.
Қостыныстылар, немесе қостынысты балықтар — сүйекті балықтардың қалаққанаттылар класс тармағына жататын балықтар. Қазба қалдықтары девонның орта шенінен белгілі; пермьге дейін саны көп болған. Бас қаңқасы аутостилиялық (үстіңгі жақ сүйегі бас сүйекке бітісіп кеткен). Тістері шомбал, 2 – 3 жұптан тұрады. Жұп жүзбе қанаттарында жалпақ терілі қалақтары болады. Желбезегімен қатар атмосфералық ауамен тыныс алатын торлы 1, 2 торсылдағы болады. Бұларда “өкпелік” қан айналу шеңбері бар. Жүрегінде оттекпен тотыққан қан бар және жүрекшесі оң және сол бөліктерге бөлінген. Қостыныстылар тұщы суларда тіршілік етеді. Олар мүйізтістітәрізділер отрядына (Ceratodontіformes) топтастырылған. Оның екі тұқымдасы бар.
Бірөкпелілердің жалғыз өкілі неоцератод (Neoceratodus forsterі) Австралиядағы (қорғауға алынған) түбі батпақты және шөптесінді тайыз суларды мекен етеді. өз. 2 м-дей. Еті өте дәмді. Уылдырығын (ұзындығы 7 мм-дей) шөптерге шашады. Моллюскілермен, құрттармен, шаянтәрізділермен қоректенеді.
Екіөкпелілердің жұп жүзбе қанаттарының қаңқасы біраз редукцияланған, қанаттары ширатылған мататектес; 5 түрі бар: оның 4-еуі – протоптерустер, Орталық Африкада кең тараған. Ұзындығы 30 см-ден 2 м-ге дейін. Өзендер мен көлдерде тіршілік етеді, су омыртқасыздарымен, балықтармен, қосмекенділермен қоректенеді. Кейде су бетіне көтеріліп, ауа жұтады. Африкадағы аса ыстық кезеңде су деңгейі төмендегенде, ін қазып, өз шырышынан қатты жамылғы жасап сақтанады. Інінің жоғарғы жағына ауа келетін жіңішке қуыс қалдырады. Осы жағдайда келесі жылы жауын жауғанша бірнеше ай (кейде 2 – 3 жыл) тіршілік етеді. 5-түрі – лепидосирен – Оңтүстік Америкада кездеседі. өз. 1,2 м-дей. Су деңгейі төмендегенде протоптерустер сияқты сақтанады, тек айырмашылығы денесін қатпаған шырыш жабады. Еті дәмді, жергілікті халық тағамға пайдаланады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазира
Картошка балық))