Өлең, жыр, ақындар

Біріккен Араб Әмірліктері Марста қала тұрғызбақ

Небары 40 жыл бұрын Дубай інжу жинаушылар қоныс тепкен мекен болған еді. Ал бүгінде ол – Біріккен Араб Әмірліктерін көріктендіріп тұрған әлемдегі ең ірі әрі футуристік қалалардың бірі. Аспанмен тілдескен ғимараттар, джетпакпен ұшатын өрт сөндірушілер, әр қадамыңда ұшырасатын жоғары технологиялар Дубайды нағыз қиялдағы болашақ қаласына айналдырып тұрғандай. Десе де Біріккен Араб Әмірліктері Жер бетіндегі мұндай ғаламат қала құрылысын азсынатын тәрізді. Ендігі олар Марсты бағындыруды жоспарға алып отыр. Күні кеше өткен мемлекет басшыларының саммитінде Біріккен Араб Әмірліктерінің премьер-министрі мен вице-президенті Мұхаммед ибн Рашид Әл Мактум Марс бетінде шағын қала тұрғызуды мақсат еткен жаңа жоба жөнінде мәлімдеді. Аталған жобаға тек БАӘ ғана емес, басқа да мемлекеттер атсалыспақ. Себебі мұншалықты ауқымды жоба үшін халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор.

«Біз қашан да ұлы істерге талпынудамыз, сондықтан мен және ағам Мұхаммед бен Заид (БАӘ тұңғыш президенті және Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы) адамды Марсқа аттандыру бойынша жаһандық ұмтылысқа қосылуды жөн көрдік», - деп мәлімдеді Әл Мактум.

Мұндай ауқымды әрі батыл жоба 2017 жылы жарияланғандықтан, Марс бетіндегі алғашқы қалаға Mars 2017 деген атау берілмек. Әрине, қаланың құрылысы алыс болашақта басталатыны сөзіз. Оны БАӘ басшысы да жақсы түсінеді.

«Бүгін тек жобаның дәнін еккендеймін. Ал аталған бастаманың жемісін көретін ұрпағымыз болады», - дейді мемлекет басшысы.

Mars 2017 қаласы аумағы бойынша америкалық Чикагомен бірдей болады деп жоспарлануда. Ал өзге ғаламшардағы қалаға 600 000 адам қоныс тебе алады.

БАӘ-нің қаржылық мүмкіндіктеріне қарамастан, Марсты бағындыруға арналған өзге де жобалар тәрізді, аталған жобаның да жүзеге асуы күмән туғызады. Жоба жөнінде жарияға жар салу бір басқа, ал оны іске асыру – бір басқа мәселе. Дей тұрғанмен, егер Біріккен Араб Әмірліктері іске шындап кірісер болса, жобаның шындыққа айналуы ғажап емес. Сондықтан Марсты бағындыруды арман еткен Илон Масктың қапыда қалмағаны жөн.

 

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (2)

айжан

Сандырақ, бос сөз

Нұрбек

Болуы мүмкін, 1700 жылдары кейбір адамдар болды барлық нәрсе ойлап табылды, басқа ешқандай жаңалық ашылмайды деген екен. Содан сенсорлық дисплей, мәліметтерді сымсыз жіберу, құрылғыларды сымсыз жалғау, тіпті ұшатын көліктер, түрлі роботтар пайда болып жатыр. Адам жасаймын десе барлық нәрсені жасауы мүмкін. Ал марста қала соғу қиын нәрсе емес, кәзірдің өзінде марстың бетінде қаншама робот жүр, зертеу жүргізіп

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз