Өлең, жыр, ақындар

Самурайлар не үшін харакири жасайды?

Харакири, немесе жапондардың өз тілінде сэппуку – Орта ғасырда самурайлар ортасында қабылданып, ХХ ғасырға дейін жалғасқан өзін-өзі өлтіру жоралғысы.

Сэппуку — бағынышты адам мен қожайын, самурай мен оның даймёсі (князь) арасындағы қарым-қатынасқа тікелей байланысты дәстүр. Сондықтан сэппуку билік қатынасының элементі болып табылады. Харакириді тек самурайлар ғана жасаған – бұл олардың тобының артықшылығы. Өзін-өзі өлтіру жоралғысы келесі жағдайларда жүзеге асқан: егер сюзерен самурайды сондай жазаға тартса немесе егер самурайға мырзасын сатты деген айыппен жала жабылса, ол өзін-өзі ақтау үшін сэппуку жасап, осылайша өзінің кінәсіздігін және сюзеренге адалдығын дәлелдеген. 

Сэппуку қатты ауру сезімімен қиналатындай өз қарнынан өзі жару арқылы жүзеге асады. Бұл жоралғы жапондардың өмірлік күш туралы түсінігімен тығыз байланысты. Олардың түсінігінше қарын ағзаның өмірлік өзегі орналасқан дененің ең маңызды мүшесі. Осы жоралғыны орындау арқылы олар өмірлік күшті жояды.  

Жапон қоғамында мұндай жаза құрметке ие болды. Біріншіден, самурай біреудің қолынан емес, өз еркімен немесе мырзасының бұйрығымен өз өмірімен өзі қош айтысты. Екіншіден, мұндай азапты өлімнен кейін самурай абыроймен ажал құшады деп есептелді. Егер самурайға сэппуку жазасы кесілсе, оның отбасы қудалауға ұшырамай, өзінің тегі мен мүлкін сақтап қалатын. Ал оған лайық емес самурайдың басын кесіп, қылмыскердің басын көпшілікке көрсетіп, бүкіл қаламен алып жүреді. Бұл үлкен масқара болып есетелген.

Сэппуку жоралғысына әдетте екі адам қатысады: өзін-өзі өлтіретін адам және оның «секунданты», көмекші. Негізінен, қарын жару әдісі өте азапты болады, әрі адамның жаны шыққанша ұзақ қиналады. Сол себепті самурай қарнын жарғаннан кейін азаптан тезірек арылу үшін басын кесіп алатын көмекшісін таңдап алады.

Ислам немесе христиан мәдениетінде өзін-өзі өлтіруге қатаң тиым салынған. Ал жапон мәдениетінде ешқашан да ондай тиым болған емес. Мұсылмандар немесе христиандар адамның денесі оның өзіне емес, оны жаратқан Құдайға тиеселі деп есептеген. Өзіне қол салу арқылы ол Құдайдың тағдырына қарсы шығып, үлкен күнәға батады. Ал Жапонияда адам денесі оның ата-анасына немесе қожайынға тиеселі, адам денесімен оларға қызмет ету керек деп санаған. Самурайдың денесі даймёнің меншігінде.

Жапония тарихында харакири жасау оқиғасы шын мәнінде соншалықты көп болмағанын ескеру керек. Харакири жасаған самурайдың бейнесі ауыздан-ауызға тарап, көпшілік сэппукуді екі күннің бірінде орын алатын кең тараған үрдіс деп ойлап қалулары мүмкін. Әлбетте, бұл олай емес. Мұндай жоралғы өте сирек жасалған. Ал XVIII ғасырда сюзерен қайтыс болғаннан кейін оған жақын болған қоластындағы адамдардың өздерін өлтіретін сэппукуге тиым салынған. Орта ғасырда самурайдың мырзасының артынан ажал құшуы жақсы жоралғы деп есептелген. Бірақ, XVIII ғасыр басында бұған заңды түрде тиым салынып, харакири жасағандардың саны айтарлықтай азайды.  

Сэппукуге ХІХ ғасырдың екінші жартысында, Жапония еуропалықтармен тұрақты байланыс орната бастаған сәттен бастап толықтай тиым салынды. Олар харакириді жабайылық, адамгершілікке жат жаза деп есептеп, оны еуропалықтарға тән дарға асу мен ату жазасына ауыстырды. Соған қарамастан ХХ ғасырда да харакири жасау оқиғалары орын алған. Сирек болса да орын алған жағдай үлкен қоғамдық толқу тудырды. Екінші Дүниежүзілік соғыста жеңіліс тапқаннан кейін Жапонияда бірнеше әскери шенді адамдар харакири жасады. Ең соңғы шулы жағдай – атақты жазушы Мисима Юкионың 1970-жылы өзіне қол салуы болды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз