Қытайдағы қайғылы әрі әйгілі торғайларды жою науқанынан бері жарты ғасырдан аса уақыт өтті. Бұл науқан әлемдегі көптеген елдердің экология оқулықтарына қарадүрсін әрі ғылыми негізделмеген қадамдардың қандай қателікке ұшырататынын көрсететін көрнекі мысал ретінде кірді. Қазіргі орнитологтар сол кездегі оқиғаны егжей-тегжейлі біле бермейді. Ол кезде де шаш ал десе бас алатын, келте ойлы адамдар көп болған.
Осыдан 20 жыл бұрын қазіргі қытай орнитологиясының негізін қалаған профессор Ченг Цо-синге арналған, қытай тілінен ағылшын тіліне аударғанда «Cheng and The Golden Pheasant» (Yang Qun-Rong 1995) деген кітап шықты. Орыс тілінде ол туралы Евгениуш Новактың Байкал зоологиялық журналында (Шергалин 2013) жарияланған «Уақыт иіріміндегі ғалымдар» (2009) деген еңбегінде өмірбаяндық очерк бар. Біз осы кітаптан торғайлармен күресті сипаттайтын үзіндіні келтіре кетуді жөн көрдік.
«1955-жылдың қысында Қытайда «Төрт Зиянкесті»: торғай, тышқан, шыбын және масаны жоюға арналған бүкілхалықтық қозғалыс басталды. Бұған кәрісі де, жасы да, еркегі де, әйелі де, бәрі-бәрі қатысты. Студенттер сабақтарынан босатылды, шенеуніктер кеңседегі жұмыстарын тоқтатты. Осылайша бүкіл Бейжіңде сырнайлар мен дауылпаздардың құлақ жаңғыртқан үні торғайларды ұяларына бездіріп, жерге өліп құлағанша қуалады. Ашық жерлерде торлар мен уланған жемдер қолданылды. Шуға толы үш күннен кейін Бейжіңде бір де бір тірі торғай қалмады.
Келесі жылы Қытай зоология қоғамы Шаньдун аймағындағы Циндао қаласында торғай мәселесі көтерілген екінші ұлттық жиналысын өткізді. Кейбір ғалымдар бұл құстарды астықты өте көп жейді деп айыптап, оларды «үй ұрылары» деп атады. Қытайдың ашық агроландшафтарында он мыңдаған торғайлар мекен еткендіктен, ғалымдар астық ұрлаушыларды толықтай жойып жіберуге үндеу тастады. Сонымен қатар, кейбір ғалымдар торғайлардың көптеген зиянкестерді жеп, пайда келтіретінін айтып, оларды жоюға қарсылық білдірді. Әртүрлі пікірлер айтылып, арты дау-жанжалға ұласты.
Басқа елдердің тәжірибелерінен мысалдар келтірілді. Өткен ғасырда Францияда торғайлардың көзін жою туралы бұйрық шыққан. Әр өлген торғай үшін алты шиллинг төленетін болды. Нәтижесінде әр адам неғұрлым көбірек торғай өлтіруге тырысты. Алайда, бірнеше жылдан кейін бұл науқан қазынаны ортайтып қана қоймай, жеміс ағаштарындағы зиянкестердің күрт көбейіп кетуіне әкеп соғып, ол өз кезегінде өнімнің азаюына әсер етті деген қорытындыға келді. Үкімет бұйрықтың күшін жоюға мәжбүр болды.
Қытай зоология қоғамының Бас Хатшысы болған Ченг те өз пікірін білдірді:«Торғайларды толық жойып жіберуге болмайды. Өйткені ол бүкіл әлемде бар. Бірақ, бұл құстардың санын реттей отырып, одан келетін зиянды қысқарту керек. Балапан басу кезінде торғайлар жәндіктерді жойып, пайда келтіреді». Съезд делегаттары торғайлар әлі толық зерттелмеген, солай бола тұрғанмен, олар экономикада және адамдардың өмірінде үлкен рөл атқарады деген шешімге келді.
Жиналыстан кейін Ченг пен оның әріптестері 848 торғайды жеміс ағаштары отырғызылған Чанглиге және Бейжің маңындағы ауыл шаруашылық аудандарына алып кетті. Олар жыл бойы негізінен құстардың асқазандарындағы тамақтарды сараптама жасап, сондай-ақ құстардың тамақ іздеу әрекеттерін бақылап, жан-жақты зерттеу жүргізді. Орнитологтар асқазандағы тамақтың проценттік қатынастарын өлшеді. Барлық кішкентай құстар сияқты торғайлардың да асқазандарындағы тамақтың мөлшері аз болады, оны анықтау оңай емес. Сондықтан судың сиымдылығы әдісін қолданды. Орнитологтар кейін салыстырмалы зерттеу жүргізу үшін тамақтың әртүрін сұрыптап алды. Оған қосымша, қолда көбейтілген құстарға тәжірибелер жасалды. Олардың нәтижесі табиғаттағы жабайы құстардан алынған нәтижелерден өзгеше болса да, оларды бағалау үшін негіз ретінде қолдануға болатын еді.
Ченг және оның көмекшілері 1957-жылы «Зоология журналында» «Торғайлардың тамақтануы туралы алдын-ала есеп» мақаласын жариялады. Алынған нәтижелерге сүйене отырып, олар «Ұлттық күнделік» деген үлкен газетке және басқа газеттерге торғайдың пайдасы мен зияны туралы мақала жазды. Ченгтің зерттеулері «торғайлар қыста негізінен шөптердің дәнімен қоректенетінін; көктемде жұмыртқа салып, балапан шығарып, оларды қоректендірген кезде көп мөлшерде жәндіктер мен олардың жұмыртқаларын қорек ететінін көрсетті. Балапандардың тамағының 95%-і жәндіктер екен: шілде және тамыз айларында, астық жинау кезінде торғайлар егіс даласына және қоймаға зиян келтіреді.
Егінді жинап алғаннан кейін торғайлар егіс даласында қалған масақпен және шөптердің ұрығымен қоректенеді. Сондықтан көбею кезінде торғайлар адамдарға пайдалы, бірақ, егін жинау және сақтау кезінде зиян келтіреді. Ормандағы, қаладағы торғайларды және басқа маусымдарда оларды жайына қалдыру керек. Біз әртүрлі аймақтарға, маусымдарға және қоршаған ортаның түрлі жағдайларына сәйкес, оларды есепке ала отырып торғайлардың тигізер зияны туралы ашық, анық айтатын боламыз». Бүкіл халық торғайлардың көзін құртуға білек сыбанып кірісіп жатқанда, Ченг бұл іске ғылыми тұрғыда қарауды талап етті.
Ғалымдардың бұл пікіріне қытай үкіметі де құлақ түрді. «Ауылшаруашылық дамуы негіздері» жобасын тексеру кезінде «қала мен орманды жерлердегі торғайларды жоюға болмайды» деп көрсетілді. «Негіздер» ресми түрде 1959-жылы мақұлданған кезде, «Төрт зиянкес» төрттігіндегі торғайдың орнын жәндіктер алмастырды. Аман қалған торғайлар қорғаушы ретінде өздерін қорғап қалған профессор Ченг Цо-синге алғыс айтулары керек. Ченгтің торғайларды оңалту бойынша істеген еңбегі кейінірек, Мәдени революция кезінде өзіне айып болып тағылатынын ол кезде ешкім білмеген еді. Біреу Ченг торғайларды Ұлы Көшбасшы Мао Зыдоңға қарсы шығу үшін пайдаланған деп айтып қалады. Сол сәтте-ақ орнитологтар қатаң сынның астында қалды. Сондай жиналыстардың бірінде Ченгтен «Сен өзі қандай сұмдық қылмыс жасағаныңды білесің бе?» деп сұрайды. Өзінің ешқандай қателік жасамағанын білетін Ченг «Білмеймін» деп жауап берді. Сыншылар болса, «Сен! Кертертпа академик, торғайларды сонша дәріптеп, жоғары нұсқаулықтарды бұзуға дәтің барды!» деп ашуға басты.
Ченг қанша терең ойланса да, мұны еш түсіне алмады. Торғайлар бәрін жейтін зиянкестердің тізімінде қалды. Ол ол ма, «Ауылшаруашылық даму негіздерінде» қандаланың орнын торғай басты. Олар торғайға неліктен сонша шүйлікті? Кейінірек біреу ғалымға құпия түрде Қытай ғылым Академиясының Хонг Вей қызметі басып шығарған «Жоғарғы нұсқаулықта» «Енді торғайларды жоймау керек, олармен күрес қандаламен күреске алмастырылсын...» деген сөйлем барын айтады. Ченг бұған қатты қуанды.
1988-жылы бастауыш мектептердің 11 оқулығында «Торғайларды оңалту» тарауы пайда болды. Бір параграфта «біраз адамдар Ченг Цо-синмен келіскенімен, «торғайларды жою» Төраға Мао мен Партияның орталық комитетінің нұсқаулығы болғандықтан бір де біреуінің ойын ашық айтуға батылы бармады» деп жазылған. Бірақ Ченг басқаларға ұқсамайтын. Ол ғылымның ақиқатына және Төраға Мао мен ОК түптің түбінде ғылыми ақиқатқа көз жеткізетініне [және көз жеткізді де: жоғарыда айтылғандардан, көптеген ғалымдар да, партия басшылары да шын мәнінде жағдайдың торғайлардың пайдасына шешілер-шешілмесін білгісі келгендерін анық байқауға болады] сенімді болды.
Ол ғалымның ең басты мақсаты – ақиқатты іздеп және оны дәріптеу деп есептеді. Салдары қалай болады деп қорықпастан ол өз зерттеулерінің нәтижелері мен пікірлерін ашық түрде жариялап отырды. Мәтіннің соңында ол «Осылайша торғайларға кесілген «Әділетсіз үкім» қайта қаралды» деп жазды. Көптеген адамдар Ченгтің өзімшіл емес ғылыми көзқарасын құрмет тұтып, оны ар-ұждан мен құрмет ғалымы ретінде дәріптейді» (Yang Qun-Rong 1995, 92-97 б.).
Әйгілі қытайтанушы және эколог Юдит Шапиро өзінің «Маоның халқына қарсы соғысы» (Shapiro 2004) деген кітабында осы оқиғаны «Табиғат жау сияқты: торғайларға қарсы күрес» деген бөлімде былай сипаттайды:
«Егер табиғатқа ауылшаруашылық жерлері немесе орман сияқты өзгерту мақсатында қараса, онда оны көзін жоюға тиіс жау ретінде қабылдау керек болады. Үлкен Жарыс аясында табиғатқа қарсы бағыталған тікелей шабуылдардың бірі, торғайларға қарсы ұлттық көтеріліс болды. Өзіміз көргендей, Үлкен Жарыстың мақсаты утопиялық социалистік болашақ болды: ол тазалық пен гигиена қалыпты өмірге айналатын қоғамға көбірек назар аударды. «Төрт Зиянкес» - егеуқұйрық, торғай, шыбын және масаның көздерін жою керек болды. «Төрт Зиянкесті сыпыр» (Чу Си Хай) деген лозунгтар насихатталып, бұл елдегі барлық құстарды жою үшін жоғары шоғырланған және бірмезетті науқанға айналды. Ормандарды жою немесе ауылшаруашылық жерлерін тоздырудан айырмашылығы, торғайларға қарсы бұл науқан тікелей өлтіруге бағыталды. Торғайларға шабуыл жасау үшін табиғатқа қарсы соғысқа сарбаз-балаларды тартты. «Зиянкестерге» қарсы соғыстың ең негізгі қатысушылары мектеп оқушылары болды. 1958-жылдың 18-мамырындағы партияның Сегізінші съездінің Екінші сессиясында Төраға Мао науқанға қатысатын балалардың жасын өзі белгіледі: «Бес жастан бастап, бүкіл халық Төрт Зиянкесті жою үшін жұмылу керек».
Сол кездегі көптеген орта мектеп оқушылары сол науқанды көңіл көтеретін, мектептегі сабақтан босатылатын оқиға ретінде естеріне алады. Сычуанның бір тұрғыны мектептегі кезіндегі торғайларды жою науқанына қалай қатысқанын былай деп еске түсіреді: «Төрт Зиянкесті сыпыр» деген науқан – көңіл көтеру болатын. Біз құстардың ұясын бұзу үшін сатыларды пайдаландық және кешкісін ұяларына қонақтауға келген құстарды үркіту үшін дауылпаз соға бастадық. Торғайлардың жақсы құс екенін түсінгенше біраз жыл да өтіп кетті. Ол кезде біз тек оларды дән жейтін зиянкес ретінде білетінбіз. Қазіргі әскери науқандар сияқты, ең бастысы әрекет координациясы болды. Науқанға қатысушылар бір мезетте шабуыл жасаулары керек. Әйтпесе торғайлар тыныш жерге ұшып кетер еді. Бірақ әртүрлі жастағы миллион қытай ой мен қырға шығып, бір мезетте шу көтерген кезде, торғайлардың ұшар жері, қонар бұтағы қалмайтын еді. Бұл кездегі бірмезеттілік дәрежесі өте үлкен әсер қалдырды».
Оңтүстік-Батыс ауылшаруашылық университетінің ауылшаруашылық химиясы маманы Чоңкиң «Ымырт кезінде бүкіл Бей-бей – Чунцин қаласының батыс бөлігіндегі аудан – дөңге шықты деп еске алады. Біз торғайлар әбден шаршап құлағанша, дабылды тоқтатпай ұра беруміз керек болды. Біз мұны бірнеше күн қатарынан жасадық. Осыдан кейін қалатын тірі торғайлар саны саусақпен санарлық қана еді. Жапониямен соғыс кезінде Сучжоудан Чонгкинге көшіп келген әйгілі Лугаоджиан мейрамханасы әлі есімде. Ол жердегі ең сүйікті тағамдардың бірі «джиаоға» арналған таяқшадағы тұздалған екі торғай болатын. Бірақ Төрт Зиянкеске қарсы науқаннан кейін бұл тағамға тапсырыс беру мүмкін болмады. 1959-жылдары жәндіктер көбейіп кетті. Сырт көзге бірден байқалмағанымен, өсімдіктерді қорғау департаменті астықты зиянкестердің көбірек бүлдіргенін атап өтті. Төрт Зиянкес туралы плакаттар оларды дәл жау сияқты көрсетіп жасалғаны оның әлі де есінде:
«Басқалар жылқының, асшаянның немесе балықтың суреттерін салуды үйреніп жүргенде, торғайдың суретін салуға машықтанған бір суретші болды. Бірақ Төрт Зиянкестен арылу науқанынан кейін ол суреттерін ешкімге көрсете алмады!». Оның аймағындағы Төрт Зиянкестен құтылу науқаны ұзақ әрі пестицидтерді артық пайдаланып, өте қатал жүргізілді. «Мен жылдар бойы торғайды көре алмадым. Биыл бірінші рет тереземнен торғайдың ұясын көрдім».
Шаруалар торғайлардың зиянды жәндіктерге қарсы күресте ең үлкен одақтасы болғанын тым кеш түсінді. 1960-жылдың сәуір айына таман төсек бүргелері жау ретінде торғайдың орнын алмастырды. Алайда, бұл кезде Қытайдың кейбір аймақтарында торғайлардың популяциясы толықтай жойылып кеткен еді. Юньнань провинциясында бір ботаник Маоның өзі торғайлардың мәселесін шешуді қолға алуға шақырғанымен, кейін күтпеген жерден науқанды тоқтатты деп есіне алады. «Біз торғайлардың ұясын лақтырып, жұмыртқаларын шағып, балапандарын өлтірдік. Кейін ғалымдар торғайлардың жәндіктерді жейтінін жаза бастады, Ұлттық ғылым Академиясы торғайлардың жеген астықпен салыстырғанда қанша зиянкес жәндіктердің көзін құртатынын салыстырып баяндамалар жасады. Содан кейін Төраға Мао «Сунле» (мұны ұмытыңдар) дегені сол еді, бәріміз құстарды өлтіруді доғардық. Ол кезде бәрі бір адамның сөзіне байланысты еді».
Ақылға сыйымсыз іс болғаны айқын болғанымен, «Төрт Зиянкеске» қарсы науқан рухы Қытайда толық жоғалып кеткен емес. 1988-жылдың 19-маусымында Оңтүстік-Батыс университетінің көпшілік алаңына ілінген постерде: «Төрт Зиянкестен құтылыңдар» деп дәл Үлкен Жарыстағыдай сөз жазылған еді. Торғай немесе төсек бүргесін тарақандар алмастырды. Ал қалған зиянкестер сол баяғы – егеуқұйрықтар, шыбындар және масалар болды. Тұрғын үйлер мен жұмыс орындарының 95%-ын зиянкестердің белгілі бір процентінен белгіленген мерзімде тазалау керек болды. Мүмкін емес сияқты көрінгенімен, мұндай тапсырмалар орындалады және жергілікті халық мұндай науқандарды жақсы қабылдайды [жарыс арқылы бұған қол жеткізу мүмкін емес. Бірақ КСРО-ның ірі қалаларында және басқа да социалистік елдерде жоспарлы түрде жүзеге асырылған дератизация қалаларды аумақтарға бөліп, белгілі бір қарқынмен жоспарлы түрде атқарудың арқасында табысты болды. Жеке меншік пен еркін кәсіпкерлік жағдайында бұл мүмкін емес еді. Өйткені бір-бірімен бәсекелескен дератизациялық фирмалар іс жүзінде синантропты кеміргіштерді сақтап қалуға мүдделі. Сәйкесінше, күш мен техникалық мүмкіндіктерді біркелкі ұйымдастырып, жұмылдырған «социалистік қалалар» «капиталистік» қалаларға қарағанда таза болды. Капитализмнің келуімен мамандар мен ғылыми зерттеулер қалғанымен, бәрі құрдымға кетті. — Жариялаушының еск.]
Торғайлардың көзін жойғаннан кейін жәндіктердің зақымдауынан, әсіресе астық өніміне әсер ететін басқа факторларды есепке ала отырып, қанша астықтың шығын болғанын есептеу мүмкін болмады. Барлық күшті болат балқытуға шоғырландырған 1958-жылы мемлекеттің оны есепеуге мұршасы да болмады. Қытайлықтар «Төрт Зиянкеспен» күрес бойынша науқанды ел территориясындағы ұзақ уақытқа созылған экологиялық теңгерімсіздіктің себебі ретінде жиі еске алады. Торғайларды жаппай қыру - қоршаған ортаны күрт өзгерту мақсатында адамдардың күшін ешкімге керексіз жұмылдырудың қисынсыз көрінісі ретінде қалды. Бұл оқиға Мао дәуіріндегі табиғатқа қатысты қарама-қайшы қадамдардың қалай нақты қадамдар мен әрекеттерге айналғанын көрсететін айқын мысал болды (Shapiro 2004).
Әділдік үшін айта кету керек, зиянкестерге жаппай шабуыл жасау Маоның ойлап тапқаны емес – ХХ ғасырдың басында-ақ оны қолға алғандар болған. Бірақ ол адамдарды жаппай ұйымдастыруда және экожүйеге масштабты әсер етуде бәрінен асып түсті (Garret 1970). Соңғы жылдары Ғаламтордан осы қайғылы оқиға жайлы бейнероликтерді көру мүмкіндігі пайда болды. Бұл тұрғыда Қытайдың қайғылы тәжірибесі мұндай науқанды қайталамау үшін басқа елдерге сабақ болды.
[ҚХР-да тек мұндай сәтсіздіктер ғана емес, «ескі Қытайда» мүмкін болмаған үлкен жетістіктер де орын алды. Мысалы, физиология және медицина бойынша Нобель сыйлығының қазіргі иегерлерінің бірі – сол жылдары қазіргі уақытта да өте тиімді болып қалған безгекке қарсы дәріні ойлап тапқан қытай әйел адамы.]
Е. Э. Шергалин
Русский орнитол. журн. 2015. Том 24. Экспресс-выпуск № 1171
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Нүркен
Сайттарыңызда 1 сағат болды отқаныма, қызықты пайдалы мақала көп және ерекше екен.