Күн көзі уездік қалаға түйіле қарап шығып келе жатқан, қораздар қанаттарын енді ғана кере бастаған кез болсадағы Рыклин ағайдың кабагына меймандар келіп-ақ қалыпты. Олар тігінші Меркулов, қалабасы Жратва және қазынашылықтың қағаз тасушысы Смехунов еді. Үшеуі де ішіп алған.
— Айтпа! Айтпа деймін тіпті! - деп тұр Меркулов қалабасының ілгегінен ұстап алып. -Кеңсе қызметіндегі төрелер, егер де жоғарырақтағысын алатын болсақ, тігіншілік жағынан қарағанда, генералыңнан әлдеқайда асып түседі. Мысалы, тіпті, камергерді - ақ алайықшы... Ол қандай адам? Лауазымы қандай? - дейсіз ғой. Ал, қане, есептей бер... Прюндельдер фабрикасының ең жақсы мәуітінен төрт кез мәуіт, ілгек оқалы жаға, алтын зерден лампас салған ақ шалбар, омыраудың бәрі алтын зер, өңірі, жеңі, қалта қалпақтары жарқырап тұрады! Ал енді гофмейстер, стальмейстер, церемониймейстер мырзаларға және басқа да министерийлерге мундир тіге қалсаң... Сен қалай деп ойлайсың? Әлі есімде, бір жолы гормейстер граф Андрей Семеныч Вонляровскийге мундир тіктік. Мундир болғанда маңына бара алмайсың! Қолыңды тигізсең - ақ тұла бойыңдағы тамырларың "цик! цик!" деп дүрсілдей жөнеледі. Нағыз мырзалар, мәселен, киім тіккізе қалса, олардың мазасын алуға болмайды. Өлшеп алдың ба, тік, ал кигізіп көремін, анау-мынау деп тәлмірсуіңе ешқандай жол жоқ. Егер сен жақсы тігінші болсаң, өлшеп-пішкенің бойынша тігіп бер... Мұнарадан секірсең, етегіңе дөп секір, әне қалай! Мен саған айтайын, бауырым, біздің жанымызда, әлі күнге дейін есімде, жандармдар корпусы болды... Қожайынымыз Осип Яклич сол жандармдардың ішінен тұлғасы киім тіктіруге берген кісінің тұлғасына шамаласатын біреуін әкеліп кигізіп көруші еді. Содан әлгі... мен саған айтайын, бауырым, графтың мундирін кигізіп көру үшін осы жарайды - ау деген бір жандармды таңдап алдық. Шақырып әкелдік... кәне, ки, сұқсыр, біліп қой!.. тұрмыз. Күлкі деген не болар! Содан әлгі, нені, мундирді киіп алғаннан кейін омырауына қарады, енді дейсің ғой! Аңырып, сасқалақтап, есінен танды да қалды...
— Ал исправниктерге тігіп көрдіңдер ме? - деп сұрады Смехунов.
— Тәйірі, соларды да әлдеқандай көресіңдер - ау! Петербургте исправник дегендерің иттен де көп... Мұндағы жұрт қой оларға жалбақтайтын, ал ондағылар: "Әй, жол бер, қайда ентелеп барасың!" деп тұрады. Біздер тек әскери мырзалар мен алғашқы төрт класстың төрелеріне ғана тігуші едік. Төренің де төресі бар... Егер сен, мысалы, бесінші класстікі болсаң - онда сенікі оңай... Бір аптадан кейін келсең, дайын қылады да қояды, өйткені сенікінің жағасы мен жең аузынан басқа түгі де жоқ... Ал, егер, мәселен, төртінші класстың немесе үшінші, немесе, айталық, екінші класстың адамы бола қалса, онда қожайын бәрімізді де қырман жапқандай қып, жандармдар корпусына жүгіртуші еді. Бір жолы, мен саған айтайын, бауырым, Парсы елшісіне киім тіктік. Өңірі мен жауырынына оюлап мың жарым сомның алтын зерін салдық. Төлемей кете ме деп қорықтық, олай болмады, төледі... Петербургте, тіпті, татарлардың ішінде де оңдылары бар.
Меркулов әңгімесін ұзақ айтты. Сағат тоғызға кеткенде, өткендегіні еске түсірудің әсерімен жылап, өзін мына, ылғи көпестер мен мещандарға толған мардымсыз қалаға әкеліп тыққан тағдырына зар айта бастады. Бұл екі арада қалабасы екі адамды полицияға апарып тапсырып қайтты, қағаз тасушы екі рет пошта мен казначействоға барып, одан қайта оралды, ал Меркулов әлі зарланып тұр. Түс әлетінде бір Дьяконның қарсы алдында, кеудесін соғып, ызалана сөйлеп тұрды.
— Тікпеймін мен сұрқияларға! Болмайды! Петербургте мына мен өзім барон Шпуцельге, офицер мырзаларға киім тіккенмін! Жолама маған, ұзын шалғай кутья, көрінбе көзіме! Жоғал!
Дьякон оны уағыздай сөйлеп тұр.
— Тым тасыңқырап кеткен екенсіз, Трифон Пантелеич. Өз цехыңызда әртіс болғаныңызбен де, құдай мен дінді ұмытпауыңыз керек. Заманында Арий де сіз сияқты асқақтаған болатын, бірақ қор болып өлген. Сіз де бір күні өлесіз!
— Өлемін! Кафтан шекпен тіккеннен өлгенім артық!
Сол кезде сырттан:
— Әлгі менің қарғыс атқаным осында ма өзі? - деген әйел дауысы естілді де, ізінше кабактың есігінен Меркуловтың әйелі Аксинья екі білегін сыбанып, белін буынған сары қатын кіріп келді. - Қайда өзі малғұн? - деп отырған адамдарды көзімен ата бір қарап өтті де, байына: "Жүр үйге, жарылып өлгір, сені бір офицер іздеп келіп отыр!" - деді.
— Қандай офицер? - деді Меркулов таңырқап.
— Сайтан білген бе сол немеңді! Киім тіктірем дейді ғой...
Меркулов бес саусағын бірден жұмсап, үлкен мұрнын қаси бастады, ол аса бір таңырқағанда әрқашан да осылай етуші еді. Сонсоң күбірлеп:
— Меңдуана жеген шығар мына қатын... Он бес жылдан бері оңды адамның жүзін көрген емес ем, кенет тап бүгін осындай тақыр күні офицер келіп отыр дейді! Ым!.. Барып көру керек екен өзін... - деді.
Меркулов кабактан шығып, сүріне басып, үйіне қарай аяңдай жөнелді... Әйелінің айтқаны рас екен. Есігінің алдында жергілікті әскербасының іс жүргізушісі капитан Урчаев тұр.
— Сен қайда қаңғып жүрсің? - деді капитан оған. - Аттай бір сағат болды күткеніме... Маған мундир тіге аласың ба?
— Тақсыреке... Құдай-ау! - деп сасқалақтап, жұтына сөйлеп Меркулов басындағы бөркін бір шоқ шашымен қоса жұлып алды. – Тақсыреке - ау! Мені, нені бұрын көрмеген адам дейсіз бе? Аһ, құдай! Барон Шпуцельдің өзіне де тіккенмін... Эдуард Карлычке... Подпоручик Зембулатов мырза әлі күнге дейін маған он сом қарыз. Аһ! Қатын, мына тақсырға орындық әперсейші, құдай ұрсын мені... Өлшеміңізді алуға бұйырасыз ба, әлде көзбен шамалап тіге берейін бе?
— Хо-ош! Мәуіт өзіңдікі, бірақ бір аптадан кейін дайын болсын... Қанша аласың?
— Кешіре көріңіз, тақсыр... О не дегеніңіз,- деді Меркулов күлімдеп. - Мені қайдағы бір көпес дейсіз бе. Мырзаларға қалай қызмет етуді білеміз ғой... Лерсияның елшісіне тіккенде де бір ауыз сөзсіз...
Тігер киімінің өлшемін алып, капитанды шығарып салғаннан кейін Меркулов бір сағат бойы үйдің ортасында, әйеліне аңырая қарап тұрып қалды. Ол әлгі іске әлі сене алмай тұр еді...
— Көрдің бе, қатын, ойда-жоқта істің қалай болып шыққанын! - деді ол ақырында күбірлеп сөйлеп - Ал енді мәуітке ақшаны қайдан алдым? Аксинья, кәне, бауырым, сиыр сатқандағы ақшаны қарызға бере тұр!
Аксинья оған бармағын шығарып көрсетті де жерге бір түкірді. Аздан кейін Аксинья көсеу жұмсай бастады, шөлмектерін байының басына соғып сындырды, сақалынан ұстап сүйреледі, көшеге шығып жұртқа: "Құдай бар десеңдер болысыңдар! Өлтірді!.." деп айғай салды, бірақ ол қаншама қарсыласқанымен, ештеңе бітіре алмады. Келесі күні Аксинья бетіне түскен таңбаларды шебердің көмекшілерінен жасырмақ болып, төсегінен тұрмай жатып алды, ал бұл кезде Меркулов, көпестермен керілдесіп, дүкендерді аралап мәуіті таңдап жүрді.
Тігінші үшін енді жаңа өмір басталған еді. Ертеңгісін төсегінен тұрғаннан кейін ол шағын ғана шаруасына күндегідей бұлдыраған көздерімен сүзіле қарап, үсті - үстіне өршелене түкіруді қойды... Одан кейін жұртты бір таңқалдырғаны - енді кабакқа баруын қойып, жұмыспен айналысты. Жаймен ғана шоқынып алғаннан кейін, үлкен темір құрсаулы көзілдірігін киіп, қабағын түйіп, мәуіті матаны үстелге жайып салып, бейне соны дуалап жүрген адамдай қимылдайды.
Бір аптадан кейін мундир дайын болды. Үтіктегеннен кейін оны көшеге алып шығып, шарбаққа іліп қойып, тазалауға кірісті; бір кішкентай мамықты алып тастайды да, бір сажын кейін шегініп, көздерін сығырайта, мундирге ұзақ қарап тұрып, тағы да бір мамықты алып тастайды, сөйтіп ол екі сағаттай жүрді.
— Бұл мырзаларды қой! - дейді өтіп бара жатқандарға. - Діңкем құрыды, әбден шаршадым! Оқыған, сыпайы адамдар, кәне, ойынан шығып көр!
Келесі күні мундирді тағы бір тазалағаннан кейін Меркулов шашын майлап тарады да, мундирді үр жаңа ақсұпқа орап алып, капитанға тартты. Кездескен адамды тоқтатып алып:
— Сендей топаспен сөйлесіп тұруға уақытым жоқ! Капитанға мундир апара жатқанымды көрмеймісің? - деп ұрысты.
Жарты сағаттан кейін ол капитаннан қайтып келе жатты. Аксинья:
— Табысыңыз қайырлы болсын, Трифон Пантелеич! - деп күлімдеп, қысыла сөйлеп қарсы алды.
— Өзің барып тұрған ақымақсың ғой! - деді оған байы. - Нағыз мырзалар бірден төлеуші ме еді? Бірден мә деп ұстата салатын ол қайдағы бір көпес пе екен! Жынды...
Меркулов екі күн пештен түспей, тамақ та ішпей, барлық қаһармандық істерінен кейін демалып жатқан Геркулесше, қанағат тапқан сезімге беріліп жатып алды. Үшінші күн дегенде ақшасын алуға кетті.
Ауыз үйге ептеп басып қана кіріп, денщиктен:
— Тақсырекең басын көтерді ме екен? - деп сұрады.
Көтерген жоқ деген жауап алған соң босағада, қаққан қазықтай, күтіп тұрып қалды.
Сол күні сарылып ұзақ күткеннен кейін бір кезде капитанның:
— Желкелеп айдап шық! Сенбіде келсін де! - деген қырылдап шыққан дауысын естіді.
Сенбі күні келгенде де жауабы сол болды, сол сенбіде ғана емес, келесі сенбіде де осы жауапты естіп қайтты. Ай бойы капитанға талай келіп, ауыз үйінде ұзақ сағаттар бойы күтіп отырды, бірақ ақша алудың орнына ылғи сайтан алсын деген немесе келесі сенбіде келсін деген ғана жауап алып қайтып жүрді. Бірақ тігінші оған ренжіген де, қапаланған да жоқ, қайта... семіріп толықси бастады. Ауыз үйде ұзақ уақыт күтіп отыру оған соншалықты ұнап, "желкелеп айдап шық" деген дауыс құлағына бір әсем саздың ырғағындай жайлы тиіп жүрді.
— Асыл текті деп, міне, осыны айт! Біздің Петербургтегілердің бәрі де осындай келетін, - деп ол капитанға барып қайтқан сайын масаттанып жүрді.
Егер де Аксинья сиырдың ақшасын қайырып бер деп жағадан алмаса, Меркулов қалған өмірін капитанның босағасында өткізуге бақұл еді.
Капитанның үйіне барып келген сайын қатыны алдынан:
— Ақшаны әкелдің бе? Жоқ деймісің? Сен не істеп жүрсің осы, оңбаған төбет? А?.. Митька, көсеу қайда? - деп қарсы алады.
Бір күні кешке таман Меркулов бір қапшық көмір арқалап базардан қайтып келе жатты. Аксинья асыға басып соңынан еріп келеді. Ойлайтыны - баяғы сиырдың ақшасы.
— Тұра тұр бәлем! Үйге барған соң сыбағаңды беремін! - дейді күбірлеп.
Кенет Меркулов, қаққан қазықтай тұрып қалды да, қуана айғайлап жіберді. Бұлар қасынан өтіп бара жатқан "Шаттық" деген трактирден басында цилиндрі бар, беті күреңіткен, масаңдау бір мырза атып шықты. Соңынан қолына кий" ұстаған, жалаңбас, үсті-басы ұйқы-тұйқы капитан Урчаев қуып келеді. Үстіндегі жаңа мундирі борға боялған, погонының біреуі қисайып кеткен. Қолындағы кийін оңды-солды сермеп, маңдайының терін сүрте:
— Мен сені ойнатқызбай қоймаймын, жәдігөй! Оңды адамдармен қалай ойнау керек екенін үйретемін саған, сайтаннан жаралған неме! - деп айғайлап келеді.
— Анда қара, ақымақ!- Меркулов сыбырлап, қатынының шынтағынан түрткілеп, сыңқылдай күлді - Асыл текті адам екені көрініп-ақ тұрған жоқ па. Мұжықтан шыққан жаман көпес киім тіктіріп кисе, онысын өмірі тоздырмайды, он жыл бойы сүйретеді, ал мынау мундирін әлі-ақ тоздырып тастапты! Тіпті, жаңасын тігіп берсең де болғандай!
— Бар, ақшаңды сұра! - деді оған Аксинья. - Бар деймін!
— Не айтып тұрсың, жынды! Көшеде ме? Жо-жо-жоқ...
Меркулов қанша қарсыласқанымен де әйелі ырқына көнбеді, ана азан-қазан болып жүрген капитаннан ақшаңды сұра деп айдап салды.
— Жоғал әрмен! - деп ақырды оған капитан. – Сен - ақ мазамды алып болдың ғой осы!
— Тақсыреке, мен байғұс түсінем ғой... Менде сөз жоқ... бірақ әйелім... ақылсыз мақұлық емес пе... қатын дегеннің қандай ақылы болатынын өзіңіз де білесіз ғой...
Капитан мас көзімен оған адырая қарады.
— Сен-ақ мазалап болдың десем қоймайсың! Жоғал әрмен!
— Түсінем ғой, тақсыреке - ау! Бірақ сізге айтайын, ақша сиырдікі еді... Сиырымызды Иудекеңе сатып ек...
— А-а-а... сен шіркей әлі менімен сөйлескің келген екен ғой!
Капитан керіліп тұрып, қолындағы кийімен салып жіберді! Меркуловтың арқасынан көмірі, көзінен оты төгілді, қолындағы бөркі жерге түсіп кетті... Аксинья аңырып қарап тұр. Ол баяғы замандағы Лоттың түз діңгек болып қатып қалған әйелі сияқты, бір минуттай үнсіз тұрды да, сонсоң ілгері шығып, үрейлене, байының бетіне үңілді... Ол Меркуловтың ыржиып мәз болып тұрған түрін, күлімсіреген көзіндегі іркіліп қалған жасын көргенде, тіпті аң-таң болды.
— Нағыз мырзалар, міне, осылай келеді! - деді Меркулов күбірлей сөйлеп - Сыпайы, білімді адамдар... Дәл осылай баяғыда... барон Шпуцельге, Эдуард Карлычке тонын апарғанымда тап осы жерімнен ұрып еді! Подпоручик Зембулатов мырза да сөйтіп еді... Үйіне барғанымда, ұшып түрегеліп, бар пәрменімен салып жіберген... Эх, қатын, ол замандар өтті ғой! Сен түкке де түсінбейсің ғой! Бәрі өтті де кетті!
Меркулов қолын бір сілтеді де, төгілген көмірді жинап алып, үйіне қарай беттеді.
Аударған Р.Ахмедов
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі