Түс кезі. Бойшаң келген, сом денелі, тақыр басты, бадырақ көз Волдырев дейтін алпауыт пальтосын шешіп, маңдайының терін жібек орамалымен сүртті де, мекемеге имене, батылсыздау кірді. Ондағылардың бәрі де сырғытып қағаз жазып жатыр екен.
— Бір жұмыстың жайын кімнен білуіме болар екен? - деді ол подностағы стақандарды көтеріп төр жақтан келе жатқан швейцарға. - Осында бір істің жайын біліп, журналдан қаулының көшірмесін алуым керек еді.
— Былай қарай. Сонау, терезенің алдында отырған адамға барыңыз! - Швейцар қолындағы подносымен терезе жақты нұсқады.
Волдырев тамағын бір кенеп алып, терезеге қарай беттеді. Ол жерде, бояу сүзек ауруының белгісі сияқтанып теңбілденген жасыл үстелдің жанында, басында төрт тұлым шашы бар, солпиған ұзын мұрынын безеу басқан, үстінде көнетоз мундирі бар бір жас жігіт отыр екен. Сорайған тұмсығын қағазға тірей үңіліп жазып отыр. Оң жақ танауын маңайлап бір қара шыбын айналшықтап кетпей жүр, соны қуғысы келіп әлсін-әлі астыңғы ерінін бір жағына қарай қисайта шығарып танауына үріп қояды, мұнысы оған аса бір шұғыл жұмыспен отырған түр береді.
— Осында... сізден бір жұмыстың анығын білуіме болар ма екен? - деді Волдырев қасына барып, - Мен Волдыревпін... Сонымен қатар, журналдан екінші наурыздағы қаулының көшірмесін де алуым керек еді.
Чиновник қаламын сияға батырып алды да, коп малынып кеткен жоқ па дегендей, қаламының ұшына қарады. Сия тамып кетпейтініне көзі жеткен соң қайта сырғытып жаза жөнелді. Ернін тағы да шығара түсіп еді, бірақ енді үрлеудің керегі болмай қалды, өйткені шыбын оның құлағына барып қонған болатын.
— Осында бір істің анығын білуіме болар ма екен? - деді тағы да Волдырев бір минуттан кейін. - Мен Волдырев болам, жер иесі...
— Иван Алексеевич! - деді чиновник бейне алдында Волдырев тұрмағандай, бет алды дауыстай сөйлеп, - Ялыков көпес келсе айта салшы, арызының көшірмесін полицияға куәландырсын! Мың мәртебе айтқанмын өзіне!
— Мен княгиня Гугулинаның мұрагерлерімен дауым туралы келіп едім, - деді Волдырев міңгірлеп. - Өзіңізге белгілі жұмыс қой. Менің сөзіме құлақ салуыңызды қатты өтінер едім.
Волдыревке әлі де назар аудармай отырған чиновник, енді ерніне қонған шыбынды ұстап алып, бар зейінін соған аударып, олай-бұлай аудара тексеріп қарады да, лақтырып тастады. Алпауыт жөтеліп, тор көз орамалын алып, әдейі қатты сіңбірді. Бірақ оның да әсері тимеді. Айтқан сөзіне ешкім құлақ аспады. Тағы да екі минуттай уақыт өтті. Волдырев қалтасынан бір сомдық сарықұлақ алып, чиновниктің алдында ашулы жатқан кітабының үстіне қоя салды. Чиновник маңдайын бір тыржитты да, ойлы пішінмен кітапты өзіне тартып, жауып қойды.
— Болмашы ғана бір анықтама... Мен тек княгиня Гугулина мұрагерлерінің қандай дәлелдері барын ғана... Сізді мазалауыма болар ма екен?
Өз ойымен отырған чиновник орнынан тұрып, бірдеңе іздеп шкафқа барды. Бір минуттан кейін үстеліне қайта оралып, тағы да кітабын қолына алды: оның үстінде бір сомдық қағаз жатыр еді.
— Сізді бір минутке ғана мазалайын... Бір жұмыстың жайын анықтауым керек еді, бар болғаны сол.
Чиновник оның айтқанына құлақ қойған жоқ; бір қағазды көшіруге кірісті.
Волдырев бетін тыржитып, сырғытып қағаз жазып жатқандарды түңіле бір шолып өтті.
"Жазып жатыр түге! - деп ол ішінен, күрсініп қойып. - Жазып жатыр бәрі де, сайтан алғырлар!".
Ол үстелден кейін шегініп, дәрменсіз кейіппен бөлменің орта шеніне барып тұрды. Тағы да стақандарын көтеріп жанынан өтіп бара жатқан мұның не істерін білмей тұрғанын түрінен аңғарған швейцар жаймен ғана:
— Қалай? Білдіңіз бе? - деп сұрады.
— Сұрап ем, бірақ сөйлескісі келмейді.
— Сіз оған үш сом беріңіз... - деп сыбырлады швейцар.
— Екі сом бердім.
— Тағы беріңіз.
Волдырев үстелдің жанына қайта барды да, ашық жатқан кітаптың үстіне көкала қағазды қойды.
Чиновник кітапты тағы да өзіне қарай тартып алып, актара түсті де, кенет күліп тұрған адамды енді ғана көзі шалғандай, Волдыревке бұрылды. Мұрны жылтырай қызарып, ыржиған кезінде жиырыла қалды.
— Ах... сіздің қандай шаруаңыз бар еді? - деп сұрады.
— Осындағы бір жұмыстың жайын анықтайын деп ем... Мен Волдырев болам.
— Өте жақсы! Гугулинаның ісі бойынша ғой? Өте жақсы! Сонымен сізге, былайынша айтқанда, не қажет еді?
Волдырев өтінішін айтып берді.
Чиновникке бейне құйын көтергендей жан бітті. Керекті анықтамасын берді, қаулыны дереу біреуге көшірте бастады, өтінішпен келіп тұрған кісіге орындық әперді - осының бәрін ол көзді ашып-жұмғанша тындырды. Тіпті, күн райын сөз қылып, егін жайында сұрастырды. Волдырев кетуге ыңғайланғанда, ол оны сыйлаған боп жылы жүзбен жымиып, сатыдан төмен шығарып салып, өтінішпен келген кісілердің әрдайым аяғын құшуға дайын екенін білдірген ыңғай көрсетті. Чиновниктің мұнысына Волдыревтің өзі қысылып, оны іштей көтерілген бір сезім билеп, қалтасынан бір сом алды да, чиновникке берді. Чиновник басын ие күліп, бір сомдықты іліп алып қалтасына сұғып жібергенде, тіпті, көз ілеспей қалды.
Алпауыт көшеге шыққан соң тоқтап, орамалымен маңдай терін сүртіп жатып ішінен: "Ой, жарандар - ай...", деп қойды.
Алеке
Біздің қоғамды айнытпай салған екен жарықтық!!!