Мисс Полит шығыршық тұтқадан ұстап, коттедждің есігін жайлап тықылдатты. Сәл кідіріп, есікті жайлап қайта қағып еді, сол жақтағы қолтығына қысқан ораулы заты төмен сырғып кетті. Онысын қайта қымтып көтеріп қойды. Әлгінің ішіндегі Спенлоу ханымның жаңадан қысқы маусымға арнап тіккізген жасыл көйлегі болатын. Даяр болған соң кигізіп көруге алып келген.
Метраж, ине-түйреуіштерге арналған жастықша, үлкен іс қайшысы салынған қара жібек матадан тігілген ұзын баулы сөмкесін Мисс Полит сол қарына іле салыпты.
Ол сұңғақ бойлы, ашаңдау, қыр мұрынды, оймақ ерін, жұқалау сары шашты әйел болатын. Есікті үшінші рет соғуға батылы жетпей ойланып тұрғанда, көше жаққа көзі түсіп, жедел басып келе жатқан біреуді байқап калды. Бұл шат көңілді, бетін күн қаққан, жасы елу бестердегі Мисс Хартнелл болатын. Ол зор даусымен әдеттегісінше гүрілдей сөйлеп, «Сәлеметсіз бе, Мисс Полит!» — деді.
Тігінші: «Есенсіз бе, Мисс Хартнелл»,— деп жіңішке әрі құлаққа жағымды үнмен сызыла жауап қатты.— Кешіріңіз,— деді ол сөзін қайта сабақтап,— сіз Спенлоу ханымның үйде бар-жоғын білмейсіз бе?
— Мүлде бейхабармын,— деді Мисс Хартнелл.
— Ептеп ыңғайсыз болып тұрғаны. Спенлоу ханымның жаңа тігілген көйлегін кигізіп көруге алып келіп едім. Үш жарымға келіскен едік.
Мисс Хартнелл қол сағатына үңіліп: «Қазір үш жарымнан асып кетті»,— деді.
— Иә, есікті үш рет қақтым, бірақ үйде ешкім жоқ сияқты. Келетінімді ұмытып, Спенлоу ханым бір жаққа шығып кетті ме деп дал болып тұрғаным. Әдетте уәделі уақытты ұмытпаушы еді ол кісі. Оның үстіне бұл көйлекті бүрсігүні киіп шықпақшы болатын.
Мисс Хартнелл қақпаның ішіне еніп, коттедж есігінің алдында тұрған Мисс Политтін қасына келді.
— Глэдис есігін неге ашпайды? — деді ол.— Бүгін бейсенбі — Глэдистің бос күні.
Спенлоу ханым, меніңше, ұйықтап қалған. Сіз мына бір затты қаттырақ соқпағансыз ғой, сірә.
Ол есіктің тұтқасын ұстап тарсылдата қағып-қағып жіберді. Онымен қоймай алақанымен сартылдатты. Қатты дауыстап: «Әй, іште біреу бар ма?»,— деді.
Ешкім жауап қатпады.
Мисс Полит күбірлеп: «Иә, Спенлоу ханым ұмытып бір жаққа шығып кеткен болды. Кейінірек тағы бір қайыра соғармын»,— деп жолға түсіп, кері қайтпақшы болды.
— Мүмкін емес,— деді Мисс Хартнелл сенімді түрде.— Ол ешқайда кете қойған жоқ.
Сыртқа шыққан болса оны кездестіретін едім. Терезеден үңіліп, іште тірі жан бар-жоғын біліп беремін.
Ол әдеттегісінше мәз болып күлді, есікті иесі қалжыңдап, әдейі ашпай отырған болар деген ойда болатын. Ол жақындау тұрған терезенің әйнегінен ішке көз тастады. Себебі ауызғы бөлмеде ерлі-зайыпты Спенлоулар өте сирек болатын. Олардың көбінесе түпкі, кішірек бөлмені тәуір көретінін бұл жақсы білетін.
Жай көз жүгірткенімен Мисс Хартнелл іздеген адамын бірден көрді, бір ғажабы, қыбыр еткен тіршілік белгісін байқамады. Каминнің алдындағы кілемшенің үстінде Спенлоу ханым сұлқ жатыр.
— Әрине,— деді Мисс Хартнелл кейінірек әлгі жағдайды қайта сөз еткенде,— мен титтей де сасқан жоқпын. Ана Полит бейшара не істеп, не қоярын да білмес еді. Мен оған: «Саспауымыз керек. Сен осында тұра тұр, мен полисмен Палкты ертіп әкелемін,— дедім.— Ол қалғысы келмей бірдеме дей беріп еді, сөзін құлағыма да ілген жоқпын. Ондай кісімен солай сөйлеспесе болмайды ғой. Ондайлардың талайын көргенмін. Сонымен қойшы, мен енді жүрейін деп тұрғанда үйдің бір бүйірінен Спенлоу мырза шыға келді.
Осы арада Мисс Хартнелл біраз кідіріс жасады. Тыңдап отырғандар ентелеп: «Ол өзін қалай ұстады, осыны айтпайсыз ба?» — деп өтінді. Мисс Хартнелл сонда: «Шынымды айтсам, маған табан астында бір жаман ой келді. Спенлоу мырза тіпті жайбарақат көрінді. Таңданған адамға ұқсамайды. Қалай десеңіз де өз еркіңіз, бірақ әйелі өлді деген суық хабарды естіген еркектің міз бақпауы, абыржымауы мүмкін емес қой,— деді.
Бұған жұрт та құлақ асты.
Полицияның ойы да солай болатын. Спенлоу мырзаның салқынқандылығынан күдіктенгендері сонша, әйелі қайтыс болғаннан кейінгі жай-күйін тексеруге бірден кірісті. Спенлоу ханымның кезінде ақшалы адам болғанын, тұрмысқа шыққаннан кейін көп ұзамай-ақ әлгі ақшаның күйеуінің атына көшкенін анықтады. Енді күдік одан бетер күшейе түсті.
Кісі өлімі белгілі болғаннан кейін арада жарты сағат өтпей-ақ дін қызметшісінің үйімен көршілес тұратын Мисс Марплды полиция сұраққа алыпты. Ол әдеміше келген, кейбіреулердің айтуынша, тілі удай, жасы егде тартқан кәрі қыз болатын. Полиция констеблі — Палк, қолына ұстаған қойын дәптерімен оған таяп келіп: «Егер айып етпесеңіз, ханым, менің сізге қояр біраз сұрақтарым бар еді»,— деді.
Мисс Марпл: «Спенлоу ханымның өліміне байланысты ма?»,— деді.
Палк сасып қалып: «Сіз мұны қайдан білесіз, ханым?»,— деді.
— Балықтан,— деді Мисс Марпл.
Бұл жауап констебль Палкка түсінікті болатын. Мисс Марплға бұл суық хабар кешкі тамаққа қажет етті алып келген балықшының баласымен бірге жеткенін ол дұрыс ұқты.
Мисс Марпл сөзін одан әрі жалғастырып: «Қонақ күтетін бөлменің еденінде жатқанына қарағанда, оны біреу жіңішке белдікпен буындырып өлтірген болуы керек. Бірақ немен буындырса да, затты қалдырмай ала кеткен»,— деді.
Палкты ыза кернеп: «Анау кішкентай Фрэд мұның бәрін қайдан біледі...» — дей беріп еді, Мисс Марпл сөзін бөліп: «Сіздің мундиріңізде түйреуіш жабысып жүр ғой»,— деді.
Констебль сасқалақтап үстіне қарады. Сосын ол, «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан демеуші ме еді халық».
— Халық айтса, қалып айтпайды, болса болар. Ал маған қандай шаруамен келіп едіңіз?
Констебль Палк тамағын қырнап, маңғаздана қолындағы қойын дәптеріне үңіліп: «Марқұмның күйеуі, Артур Спенлоу мырзаның мәлімдемесі бар мұнда. Айтуынша, сағат екі жарымда оған Мисс Марпл телефон соғып, сағат үштен он бес минут өткен кезде келіп кетуін сұраған. Бір нәрсеге алаң болып отырғанын, соған байланысты ақылдаспақшы ойы бар екенін айтқан. Ханым, осы шындыққа жанаса ма?» — деді.
— Әрине, жоқ,— деді Мисс Марпл.
— Сіз екі жарымда Спенлоу мырзаға телефон соққан жоқсыз ба?
— Екі жарымда да, басқа уақытта да телефон соққан емеспін.
— Солай деңіз,— деді констебль Палк рақаттана мұртын сипап.
— Спенлоу мырза тағы не айтты?
— Спенлоу мырзаның айтқаны сол, үйінен сағат екіден он минут өткенде шығып, айтылған уақытта осы жерге келіпті, алайда қызметші әйел оған сізді үйде жоқ деген көрінеді.
— Онысы дұрыс,— деді Мисс Марпл.— Мұнда келіпті, бірақ мен ол кезде әйелдер институтында жиналыста болатынмын.
— Солай деңіз,— деді констебль Палк тағы да.
Мисс Марплдың даусы қатты шығып: «Айтыңызшы, констебль, сіз осы Спенлоу мырзадан күдіктеніп тұрған жоқсыз ба?»
— Дәл қазір олай деп айта алмаймын, бірақ белгісіз біреудің қулығын асырғысы келгені айқын.
Мисс Марпл ойға шомып: «Спенлоу мырза ма?» — деді.
Мисс Марпл Спенлоу мырзаны ұнататын. Ол ашаңдау келген аласа бойлы адам болатын. Сөзін салмақтап сөйлейтін, әдепті кісі. Селолық жерге не үшін көшіп келгенін жан адам түсініп болмайды. Өйткені, ол өмір бойы қалада тұрған болатын. Әйтсе де ол Мисс Марплға: «Мен бала кезімнен селода тұруды, өзімнің гүл бағым болуын армандаған едім. Гүлдерді ерекше жақсы көремін. Кезінде әйелім гүл сататын дүкеннің иесі болатын. Алғаш рет мен оны сол жерде кездестіргенмін»,— дегенді айтыпты.
— Құрғақ әңгіме, әйткенмен мұның ар жағында талай дүниенің жатқанын байқау қиын емес. Айналасын гүл қоршаған, өзі жас әрі әдемі Спенлоу ханымды бір сәтке көз алдыңызға елестетіп көріңізші.
Әйтсе де, Спенлоу мырзаның гүл атаулыдан хабары мүлдем жоқтың қасы болатын. Оның көзіне хош иісті қызыл-жасылды гүлге толған кішкентай коттедждің қасындағы бақтың суреті ғана елестейтін. Мисс Марплдан гүлдер жайлы әңгіме айтуын өтінетін. Естігендерін кішкентай бір кітапшаға жазып қоятын.
Ол жайбасар адам болатын. Мүмкін әйелін өлтіріп кеткеннен кейін полицияның қыр соңына түсіп алғаны да осы сылбыр мінезінен болар. Полициядағылар марқұм Спенлоу ханымның жай-жапсарын жалықпастан тексеріп шықты. Көп ұзамай олардың білгенін Санкт Мэри Миидтің тұрғындары да түгел естіді.
Марқұм Спенлоу ханым өмірін бір бай үйдің қызметшісі ретінде бастаған екен. Сол үйдің екінші бағбанымен тұрмыс құрған соң бұрынғы кызметін тастап, күйеуі екеуі Лондоннан гүл сататын дүкен ашқан көрінеді. Ісі оңға басып, жағдайы тез түзеліпті. Алайда, көп ұзамай, күйеуі науқастан қаза тапқан көрінеді.
Жесір әйел шаруасын жалғастырып, дүкенін одан әрі үлкейтіпті. Ісі бұрынғыша оңала берсе керек. Сосын ол дүкенін мол ақшаға сатып, Спенлоу мырзаға екінші рет тұрмысқа шығыпты. Күйеуі орта жасқа келген, зергерлік дүкеннің иесі болатын. Әкесінен мұраға қалған әлгі дүкен онша маңдымапты. Көп ұзамай олар оны да сатып,. Санкт Мэри Миидке көшіп келіпті.
Спенлоу ханым ақшасы мол әйел болатын. Гүлден түскен пайданы «аруақтар аян берген» іске жараттым деп, ол кез келген адамға айтып жүретін. Аруақтар оған ақыл қосса керек. Үнемі жолы болып, қандай ісі болмасын, адам таңқаларлықтай оңға басып жүре берген.
Алайда осыдан кейін аруаққа деген сенімі күшейе түсудің орнына Спенлоу ханым діндар адамдардан бойын аулақ салып, олардың жиындарына қатыспай, біраз уақыттан бері белгісіз бір сенімге жан-тәнімен беріліп кеткен. Онысы индиялықтардікіне ұқсас терең дем алудың1 әр түріне негізделген наным болатын. Алайда көп ұзамай, Санкт Мэри Миидке келіп қоныстанған соң ол ағылшын шіркеуі уағыздайтын дінге қайта бет бұра бастаған. Шіркеуде жиі болып, діни жоралғыларды ұқыпты сақтап жүрді. Селодағы дүкендерге қамқорлық көрсетіп, жергілікті жерде болып жатқан істердің барлығына да ат салысып, сондағы адамдармен бірге карта да ойнаған.
Жайбарақат күнін кешіп жүр еді. Енді міне... тосыннан кісі қолынан қаза тапты.
Бас констебль, полковник Мэлчет, инспектор Слэкті шақырып алған.
Слэк бірбеткей адам болатын. Шешім қабылдаса қатып қалатын. Қазір де сонысына басып: «Күйеуі өлтірген»,— деді ол.
— Солай деп ойлайсыз ба?
— Бұған сенімім мол. Сіз оған көз салып көріңізші. Міз бақпайды, өңінде қайғы мен абыржудың титтей де белгісі жоқ. Үйіне оралғанда әйелінің өліп жатқанын біліп келген.
— Сонда ол абыржыған еркектің кейпін танытуға да тырыспағаны ма?
— Былқ еткен де жоқ, сэр. Өзімен өзі болып жүрген біреу. Басқалар бұлай ете алмас еді. Тым қатыгез адам екен. Меніңше, ол әйелінен әбден мезі болған. Ақша әйелдікі, оның үстіне әйелі біресе ана дінге, біресе мына дінге бой ұрып, әбден титығына жеткен. Сондықтан да аспай-саспай оның көзін жойып, тыныш өмір сүрейін деген ғой.
— Солай болуы керек,— деген ойдамын мен де.
— Осыған сеніңіз, дәл солай болған. Әйелден құтылудың жолын жан-жақты ойластырған. Біреу телефон соқты дегенді ойдан шығарып отыр...
Мэлчет оның сөзін бөліп: «Ешкім телефон соқпап па?» — деді.
— Жоқ, сэр. Бұл жерде ол не өтірік айтып отыр, не болмаса біреу көшеден телефон соққан. Бірақ селодағы бар болғаны екі телефон қондырғысының бірі теміржол станциясында да, екіншісі байланыс бөлімінде. Байланыс бөлімінен соғуы мүмкін емес. Блеид ханым келгендердің бәрін де байқап отырады. Ал станциядан соғуы мүмкін. Ол жерге поезд сағат екіден жиырма жеті минут өткенде келеді. Бұл кезде адам да біршама көп болады. Бірақ телефонды ол Мисс Марпл соқты деп отыр ғой, мұнысы әрине өтірік. Телефон ол үйден соғылған жоқ, өйткені Мисс Марпл бұл кезде институтта болатын.
— Сіз бұл жерде Спенлоу ханымды өлтірмекші болған адамның күйеуін әдейі алдап шақыруы мүмкін екенін естен шығарып отырған жоқсыз ба?
— Сіздің ойлап отырғаныңыз Тэд Герард дейтін жас жігіт қой, сэр, солай ма? Мен мұны тексеріп шыққанмын. Олай ететіндей себебі жоқ.
— Дегенмен де, ол оңған адам емес. Кезінде қазынаның бірталай ақшасын сіңіріп кеткен болатын.
— Мен оны жақсы адам деп отырған жоқпын. Бірақ ол өз еркімен бастығына барып, істеген қылмысын түгелдей мойнына алған болатын. Қарамағындағы қызметкерлер бұл жағдайды білмей де қалған.
— Оксфорд тобының2 мүшесі ғой,— деді Мэлчет.
— Дәл солай, сэр. Қазынаның ақшасына қол салып, сосын өз еркімен ұрлығын мойындаған. Есіңізде болсын, қулықпен әдейі істеуі мүмкін деп отырған жоқпын. Мүмкін, ол басқалардың сезіктеніп қалғанын байқап, шындықты айтып құтылып кетпекші болған да шығар.
— Ешнәрсеге сенбейтін сыңаржақсыз, Слэк,— деді полковник Мэлчет.— Айтпақшы, сіз Мисс Марплмен сөйлестіңіз бе?
— Оның бұған қандай қатысы бар?
— Қатысы жоқ. Бірақ ол өте сұңғыла адам, біле білсеңіз. Барып неге сөйлесіп қайтпайсыз? Өзі тілді кемпір.
Слэк әңгіменің арқауын басқа жаққа бұрып: «Сізден сұрайын деп жүрген нәрсем бар, сэр. Марқұмның үй қызметшісі ретіндегі алғашқы жұмысы Сэр Роберт Аберкомбидің үйінен басталған екен. Бұл — бір қап ақшаға татитын, асыл тастары ұрланған үйдің дәл өзі. Асыл тастар сол бойда таптырмай кеткен. Қазір қайыра бір қарап шықтым, асыл тастар марқұм қызмет еткен кезде ұрлануы да ықтимал. Әрине ол кезде ол тым жас қыз болатын. Ұрлыққа қатысы болуы мүмкін деп ойламайсыз ба, сэр? Спенлоу ол кезде қолы қысқа, ұсақ зергердің бірі ғана болатын. Іздегенге сұраған дегендей, қолды болған заттарға одан лайық қандай адам болмақ.
Мэлчет басын шайқап: «Мүмкін емес. Қыз о кезде Спенлоуды танымайды да ғой. Бұл іс менің есімде. Полицияда мұны сол үйдің ұлдарының бірі, қолынан ақша шашқаннан басқа түк келмейтін, Джим Аберкомби бейбастық ісі деген қауесет тараған болатын. Өйткені ол шаш етектен қарызға батып жүрген. Ұрлықтан соң оның бір бай әйелден алған борышы лезде өтеліп шыға келген деседі. Бірақ анығына жете алмадым. Қарт Аберкомби тура жауап беруден тайқып кетті, бұл іске ол полицияны араластырмауға тырысты.
— Бұл бір ойда жүрген нәрсе еді, сэр,— деді Слэк.
Мисс Марпл инспектор Слэкті жылы қабылдап, оның полковник Мэлчеттің айтуымен арнайы келгенін естігенде тіпті риза боп қалды.
— Полковник Мэлчетке үлкен рақмет. Мені ұмытып кеткен шығар деп жүр едім.
— Сізді ол кісі аузынан тастамайды. Санкт Мэри Миидте болып жатқан оқиғалардың сіздің назарыңыздан тыс қалғанын білуге де тұрмайды дейді ол маған.
— Тым мақтап жіберіпті, бірақ шындығында да ешнәрсе білмеймін. Әлгі кісі өлімін айтамын да.
— Ел ішінде ұзынқұлақтың бұл жөнінде не деп жүргенін білетін боларсыз?
— Әрине, білемін, бірақ сол бос сөзді қайта қозғаудың керегі бола қояр ма екен?
— Мұны ресми әңгіме екен деп қалмаңыз, екеуміздің арамызда қалатын сөз ғой,— деді Слэк бүкпесіз сөйлеуге тырысып.
— Сіз, шынында да, елдің не деп жүргенін білгіңіз келе ме? Шындыққа жанасатын сөз бе, жоқ бос сөз бе, сол ғой білгіңіз келетіні?
— Дөп бастыңыз ойымды.
— Иә, жұрт арасында бірқауым әңгіме де, қауесет те болды, әрине. Менің сөзіме мұның бәрі де күйеуінің ісі деп күдіктенеді. Әдетте күдіктің не күйеуіне, не әйеліне түсетіні хақ қой, солай емес пе?
— Болса болар,— деді инспектор сақтықпен.
— Етене жақын адамдар, өзіңіз білесіз. Оның үстіне мәселе ақшаға келіп тіреледі ғой. Менің естуімше, ақша Спенлоу ханымдікі. Демек, бұл өлім Спенлоу мырзаға пайда әкелмесе, зиянын тигізген жоқ. Құрып кеткір бұл заманда не бір сұмдық болжамдардың көбіне рас боп шығатынынан қорқамын.
— Ол, сөз жоқ, мол мұраға ие болып қалады.
— Рас айтасыз. Шындығында бұлай болуы да ықтимал ғой. Әйелін өзі буындырып өлтіреді. Сосын, артқы есіктен шығып менің үйіме сырт жақпен жетеді. Мен телефон соққандықтан келген адам болып, мені сұрастырады. Содан соң үйіне кері қайтады да, өзі жоқта біреу өлтіріп кеткен әйелін көреді. Енді ол, сөз жоқ, қылмысты не бір қайыршыға, әлде болмаса үй тонаушы ұрыға жабар деп үміттенеді.
Инспектор басын изеп: «Ақша жөнінде не ойыңыз бар... айталық, соңғы кезде олардың арасына кірбің кіріп...»
Бірақ оның сөзін Мисс Марпл бөліп: «Жоқ, олай болған емес»,— деді.
— Бұған дәлеліңіз бар ма?
— Олар ұрсысқан болса жұрттың бәрі білген болар еді. Қызметші әйел, Глэдис Брент, мұны бүкіл селоға жайып жіберер еді ғой.
Инспектордың даусы әзер шығып: «Оның білмей қалуы да мүмкін ғой»,— деп еді, жауап орнына Мисс Марплдың аяушылық білдірген күлкісін естіді.
Мисс Марпл сөзін сабақтап: «Өзгеше ойлайтын екінші топ бар деп едім ғой әлгінде. Олар Тэд Герардтан көреді. Өзі бір әдемі жігіт. Сұлулық деген нәрсенің кейбіреуге ерекше әсер ететінін сіз жақсы білетін боларсыз деп ойлаймын. Мәселен, біздің қазіргі викарийдің алдындағы священник барып тұрған сиқыр еді ғой! Қыз біткеннің барлығы таңертең де, кеште де шіркеуден шықпай қойған жоқ па? Оны айтасыз, жасы егделеу әйелдердің де біразы ерекше белсенді болып кетті ғой. Соған арнап шәрке тігіп, мойын орауыш тоқитынды шығарды емес пе? Байғұс жігітке тіпті қиын болды»,— деді.
— Айтпақшы, мен не айтайын деп едім әлгінде.— Иә, әлгі жас жігіт — Тэд Герард туралы әңгіме қозғап едім ғой. Әрине, ол турасында да өсек-аяң болған. Марқұмға жиі келіп тұратын болса керек, ұмытпасам Спенлоу ханымның өзі де Герардтың Оксфорд тобы деген бір ұйымның мүшесі екенін айтқан болатын. Діни ағым ғой. Білуімше, ол топтың мүшелері шындықты, тазалықты уағыздайды. Бұл Спенлоу ханымға қатты әсер етсе керек.
Мисс Марпл демін алып, сөзін қайта жалғастырды: «Бұл жерде одан басқа тілге тиек етер ештеңе де жоқ. Бұған менің сенімім мол. Бірақ халықтың аузына қақпақ бола алмайсыз ғой. Біраз жұрт жігітті Спенлоу ханымның басын айналдырып алған, сондықтан да әйел оған көп ақша қарыз берген деген ойда. Қылмыс болған күні жігіттің станцияда болғанына ешбір күмән жоқ. Себебі оны сағат екіден жиырма жеті минут кеткенде келетін поездың ішінен көрген адамдар бар. Әрине, коттеджге келе жатқанын ешкім көрмеуі үшін, поездың ар жағынан сытылып шығып, теміржолдың ойпаңдау тұстан өтетін жерімен жүріп отырып, шарбақтан асып түсіп, бұта қоршаудың қалқасын жағалап келіп, вокзалдан шығатын есіктің маңына жоламау онша қиын шаруа болмаса керек. Солай емес пе?
Сосын жұрт Спенлоу ханымның үстіне киген киімі бір түрлі екен деп жүр.
— Бір түрлісі қалай?
— Жай көйлек емес, кимоно іле салғанын айтады да,— деп Мисс Марпл ұялғаннан қызарып кетті.— Кім біледі, кейбіреулерге ондай киім жеңілтектіктің белгісі болып көрінуі де мүмкін ғой.
— Сіз де солай ойлайсыз ба?
— Жоқ, о не дегеніңіз. Меніңше, оған ештеме жоқ, бәрі де орынды сияқты.
— Бәрі де орынды деп ойлайсыз ба?
— Иә, дәл осы жағдайда солай дер едім,— деді Мисс Марпл сабырлы пішінмен ойлана қарап.
Инспектор Слэк: «Бұл жерде біз үшін күйеуіне тағар тағы бір айғақтың беті ашылып қалуы мүмкін. Қызғаныш сезімін айтамын»,— деді.
— Спенлоу мырза ешуақытта да қызғанбайды. Ол ешнәрсені байқайтын, оған мән беретін кісі емес. Айталық, егер әйелі бір жаққа кетіп қалып, қағаз жазып, оны үйдегі түйреуіш шаншитын жастықшаның үстіне қалдырып кетер болса, дүниеде жаңағы жастықша сияқты бұйымдар болады екен-ау деп, таңданар еді ол.
Инспектор Слэк Мисс Марплдың өзіне тесіле қарап отырғанын байқап, ойланып қалды. Әйел бағанадан бері әңгімесімен бір нәрсені әдейі тұспалдап білдіргісі келіп отыр-ау деген ой келді оған. Мисс Марпл енді ерекше мән беріп: «Қылмыс болған жерден ешбір айғақ таба алмадыңыздар ма, инспектор?» — деп сұрады.
— Бұл күндері қылмыскерлер саусақтарының ізін де, сигареттерінің күлін де қалдырмайды, Мисс Марпл.
— Бірақ бұл,— деді Мисс Марпл,— ескіше жасалған қылмыс қой...
Слэк жұлып алғандай: «Мұнымен не айтпақсыз?»,— деді.
Мисс Марпл сөзін сылбырлау жалғастырып: «Меніңше, біле білсеңіз, сізге констебль Палк қол ұшын бере алар еді. Елдің айтуына қарағанда, қылмыс болған жерге ең бірінші жеткен сол кісі екен»,— деді.
***
Спенлоу мырза орындықта отырған. Әнінен абыржығаны байқалады. Әдеттегі жіңішке даусына салып: «Маған солай естілді ғой деп ойлаймын. Бұрынғыдай емес құлағым қазір тосаңдау еститін болып жүр. Бірақ арт жағымнан жас баланың, «Уа, кім Крипен3?»,— деп мазақтай дауыстағанын естігендей болдым. Мұнымен әлгі бала мені әйелін өзі өлтірді дегенді білдіргісі келді ғой деп ұқтым»,— деді.
Мисс Марпл солып қалған раушан гүлін қайшымен еппен ғана қиып алып жатып: «Сөз жоқ, солай дегісі келген ғой»,— деді.
— Бірақ баланың басына ондай ой қайдан келеді?
Мисс Марпл жөткірініп, «Әрине, үлкендердің айтқанын естіген ғой»,— деді.
— Сіз... сіз шынымен-ақ басқа жұрт та сондай пікірде демексіз бе?
— Санкт Мэри Миидтегі жұрттың тең жартысы солай ойлайды.
— Бірақ айналып кетейін-ау, бұлай деуге қандай негіз бар? Әйелімді мен шыныменен жақсы көретін едім ғой. Бірақ амал қанша, село өміріне дәл мен ойлағандай үйреніп кете алмады. Ойдағы арманның бәрі бірдей орындала бермейді ғой. Маған сеніңіз, жан жолдасымның өлімі жаныма қатты батып жүр.
— Мүмкін. Бірақ мені айыпқа бұйырмаңыз, сіз жүдеп-жадап жүрген адамға мүлдем ұқсамайсыз.
Мұны естігенде Спенлоу мырзаның арық денесі шымырлап кетті.
— Қымбатты леди, осыдан көп жыл бұрын мен бір қытай ойшылы туралы кітап оқып едім. Ол өзінің сүйікті жан серігі, әйелінен айрылып қалған шақта, ешнәрсе болмағандай, сауығын салып, бұрынғысынша дабылын қағып жүре берген көрінеді. Қала жұрты оның қажырлылығына қатты таңғалса керек.
— Бірақ,— деді Мисс Марпл,— Санкт Мэри Миидтің халқы бұған мүлде басқаша қарайды. Қытай ойшылының олармен үш қайнаса сорпасы да қосылмайды ғой?
— Бірақ сіз түсінесіз ғой?
Мисс Марпл басын изеп: «Менің Генри дейтін нағашы ағам өте сабырлы адам болатын. Ол «сабырлы болу керек» дегенді ұран қып ұстайтын. Гүл десе, ол да ішкен асын жерге қоюшы еді»,— деді.
— Қоттедждің батыс жағына бір саяжай салып қойсам ба деп ойланып жүрмін,— деді Спенлоу мырза қиялдап.— Оны қызғылт раушан, иә болмаса глициниямен көмкеріп тастаса, сосын әлгі жұлдызға ұқсайтын ақ гүл бар емес пе, аты есіме түспей отырғанын қарашы...
Үш жасар жиен немересін алдандырып отырған адамша, Мисс Марпл: «Менде гүлдердің суреттері салынған мынадай бір әдемі кітап бар еді. Мүмкін осыны қарап шығарсыз... ал енді қайтпасам болмас»,— деді.
Спенлоу мырзаны мәз қалпында кітабымен бірге бақта қалдырып, Мисс Марпл үйіне келді де, бір шаршы қоңыр қағазға бір көйлекті асығыс орап ала салып, үйден шығып, тездете басып байланыс бөліміне жетті. Мисс Полит, әлгі тігінші әйел, осы үйдің жоғарғы қабатында тұратын.
Бірақ, Мисс Марпл ішке енісімен баспалдақпен бірден жоғары көтерілген жоқ. Сағат тура екі жарым болатын. Бір минуттан соң есік алдына жүк таситын байланыс машинасы келіп тоқтады. Бұл Санкт Мэри Миидтегі күнделікті болып тұратын үйреншікті оқиғаның бірі болатын. Байланыс бөліміндегі әйел қораптарды қысып ұстап сыртқа асығыс шықты. Байланыс бөлімі негізгі жұмысынан бөлек конфеттер, арзан кітаптар, балалардың ойыншықтарын сататын дүкеннің де кызметін қоса атқаратын.
Мисс Марпл төрт минуттай іште жалғыз қалды.
Байланыс бөліміндегі әйел орнына қайта келген соң ғана Мисс Марпл жоғары көтеріліп, Мисс Политтен көйлегін мүмкін болса өзгертіп, әдемілеп қайта тігіп беруін өтінді. Тігінші әйел қолдан келсе тырысып көрейін деп уәде берді.
***
Бас констебль өзіне Мисс Марпл келіп тұр дегенді естігенде таңданып қалды. Әйел ішке кешірім сұрап, қысыла кіріп: «Мазаңызды алғаныма айып етпеңіз, кешірім өтінемін. Жұмыс басты екеніңізді жақсы білемін, бірақ маған деген ықыласыңызды ескере отырып, инспектор Слэктен гөрі өзіңізге жолығып кетуді мақұл көрдім, полковник Мэлчет. Біріншіден, маған ұнамай отырған нәрсе, констебль Палкты босқа әурелегенсіз. Турасын айтсам, менің ойымша, оны еш нәрсеге де араластырмау керек еді»,— деді.
Полковник Мэлчет түк түсінсем бұйырмасын дегендей: «Палк дейсіз бе? Ойбай-ау ол Санкт Мэри Миидтің констеблі емес пе? Ол не бүлдіріп қойып еді?»,— деді.
— Ол бір түйреуіш тауып алыпты. Оны мундиріне түйреп қойыпты. Түйреуішті көрген кезде, әлгіні Спенлоу ханымның үйінен тауып алған болар деген ой сап ете қалған болатын.
— Әбден мүмкін. Солай-ақ болсын делік. Бірақ ол түйреуіште тұрған не бар? Шынында да констебль оны дәл Спенлоу ханымның денесі жатқан жерден алыпты. Кеше Слэкке келіп айтып тұрғанын естігенмін. Сіз оған бұл жөнінде бірдеме деген сияқтысыз ғой, шамасы? Еш нәрсеге де тиіспеуі қажет еді, әрине. Бірақ, түйреуіште тұрған не бар? Жай ғана түйреуіш. Кез келген әйелде болады ғой ондай түйреуіш.
— Жоқ, о не дегеніңіз, полковник Мэлчет, дәл бұл жерде сіз қателесіп тұрсыз, еркекке түйреуіштің бәрі бірдей болып көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес. Бұл — ерекше түйреуіш, өте жіңішке, қорабымен сатылатын, көбінесе тігіншілер пайдаланатын түйреуіш.
Мэлчет оған қарап қалды. Енді ғана түсіне бастаған сияқты. Мисс Марпл «иә, бәрекелді» дегендей құптап басын изеді.
— Иә, әрине. Маған бәрі де ап-айқын. Үстіне кимоно іле салған себебі жаңа тігілген көйлекті киіп көрмекші болған. Ауызғы бөлмеге шыққан кезде Мисс Полит бір нәрсені өлшеу керек деген болып, метражды мойнына салып жіберген. Сосын, қалғаны қиын емес, екі жағын айқастыра тартып қылғындыра салған... Оп-оңай шаруа деп естігенім бар-ды. Тігінші сыртқа шығып, есікті жабады да, жаңа ғана келіп тұрған адам секілді есікті қаға бастайды. Ал әлгі түйреуіш болса, тігіншінің іште бұрынырақ болғанын айтып тұр ғой.
— Сонда қалай, Спенлоу мырзаға телефон соққан Мисс Полит болғаны ма?
— Иә, байланыс бөлімінен екі жарым кезінде соққан. Дәл машина келіп, іште ешкім болмайтын кез ғой бұл.
Полковник Мэлчет: «Мисс Марпл-ау, бұл қалай? Құдай үшін айтыңызшы, неге олай дейсіз? Себепсізден себепсіз адамды өлтіре салмайсыз ғой?»,— деді.
— Полковник Мэлчет, естуімше, бұл қылмыстың басталуы ертеректе жатыр. Бұл оқиға нағашыларымның Энтони және Гордон деген екі ұлын еске салып тұр. Энтонидың қашанда жолы болғыш еді де, Гордонның, керісінше, ісі оңға баспайтын; жарысқа жаратқан аттары ақсап қалатын, іске қосқан ақшасы өндімейтін, шаруасы кері кететін... Менің білуімше, бұл іске екі әйелдің де қатысы бар...
— Қай істі айтып тұрсыз?
— Ұрлықты айтып тұрмын да, баяғыда болған. Өте бағалы изумруд асыл тастары болатын, естуімше. Қызметші әйел мен жалшы қыздан келсе керек. «Жалшы қыз бағбан жігітке күйеуге шыққан кезде олардың гүл сататын дүкен ашатындай қаржылары болды ма?» деген сұрақ жауапсыз қалған болатын.
— Меніңше,— деді Мисс Марпл сөзін жалғастырып,— жаңағы сұрақтың жауабын ұрланған бұйымның марқұмның еншісіне тиген үлесінен іздеген дұрыс болар еді. Оның кез келген шаруасы оңға басып кетіп еді ғой. Өйткені ақшаны ақша жасайды ғой. Ал ана қызметші әйелдің жолы болмай қалса керек. Ол село тігіншісі болудан әрі аспай қалған. Енді міне олардың жолдары қайта түйіскен. Менің ойымша, Тэд Герард араласқанға дейін бәрі де ойдағыдай болған. Дінге сене бастаған соң, өзіңіз сезіп отырған боларсыз, Спенлоу ханымның ұяты оянып, зардап шеге бастаған. Ана жігіт оған, сөз жоқ, ықпал жасап, істеген күнәсі болса, адалдықпен мойындап, тазартуға үгіттеген. Оның көндіргеніне менің титтей де күмәнім жоқ. Ал Мисс Полит болса, күнәден құтылудың басқа жолын іздеген. Оның көкейінен ескі қылмыстың беті ашылса, түрмеден бірақ шығамын деген жаман ой кетпей қойды. Сондықтан да ол шешім қабылдап, бәріне де нүкте қоймақшы болған. Оның қаныпезер, безбүйрек әйел екеніне сіздің көзіңіз жеткен болар деп ойлаймын. Ана бишара, маубас Спенлоуды дарға асса да оның беті бүлк ете қоймас еді.
Полковник Мэлчет: «Сіздің болжамдарыңыздың... біразын тексеріп көруімізге мүмкіндік бар. Мына Полит атты әйел мен әлгі Аберкомбилердің үйіндегі қызметші әйелдің бір кісі болып шығуы, әй қайдам...»,— деді сылбырлау жауап қатып.
Мисс Марпл оның күдігін су сепкендей басты.
— Бұл оп-оңай нәрсе ғой. Шындықты бетіне басып біраз қысса, бірден сылқ ете түсетін әйел ғой. Сосын, білесіз бе, оның метражы менде. Кеше үйінде болған кезде ебін тауып қолға түсіріп алғанмын. Өзі аңғырттау әйел, метражын жоқтаған кезде, сөз жоқ полицияның қолына түсті деп шамалайды да, істелген қылмысты өзіне жабатын бұлтартпас айғақ болып шығатынын ойлайды,— деді.
Мисс Марпл полковникті жігерлендіре күлімсіреп: «Маған кәміл сеніңіз, бәрі де ойдағыдай болады»,— деді.
Баяғыда Сэнхерстке4 қабылдау емтихандарын тапсырар кезде полковниктің құрмет тұтатын нағашы апасының оған «бәрі де ойдағыдай болады, сен мүдірмей өтесің» деп сендіргені секілді, Мисс Марплдың үнінде де сондай сенімділік байқалады.
Полковник шынында да сынақтан мүдірмей өткен болатын.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі