Өлең, жыр, ақындар

Қатерлі өткел

АДАСҚАН АҚЫН

БІРІНШІ БӨЛІМ

I

Асау дария Ертіс баяу қозғалған ғажайып айдаһар тәрізді, түсі суық, толқыны сұрғылт... Құмды жағасында етектегі тау тасындай шашырап, қайың мен талға бөленген үлкен қала жатыр. Бұл қалада біркелкі ештеңе де жоқ, барлығы сапырылысып кеткен: үйлері де, адамдары да, олардың киімдері де, дүниеге деген бағдарлары да. Көше бойлай салынған Кошелев, Строгонов, Сутюшев секілді бай саудагерлердің темір шатырлы сәнді сарайларымен қатар, кооперативтің тастан қалаған сұрғылт дүкендері, қазақ жатақтарының тоқал төбелі шым үйлері тұр. Алтын айлы мешітпен бұрыштаса, жонған тақтайдан істей салған кинематографтың жаңа клубы орналасқан. Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан жұрт ішінен жаман тымақ, түйе жүн далбағай, үкілі тақиямен айқара басқан жалпақ сары былғары белбеулі орыс гүлдері төгілген қызыл шәлілер де көзге түседі. Шекпен киген ауыл қазағымен қатарласа, иығын портупеямен айқара басқан жалпақ сары былғары белбеулі, орысша «юнгштурмовка» деп аталатын жастардың галифелі жасыл костюмін киген жігіт кетіп барады. Көше бойлай салдыра желген қара фаэтонды, қоңыраулы жәмшіктердің пар аттарының сәнін әдейі бұзғысы келгендей, үстіне жүк артқан қос өркеш қара нар анда-санда боздап қойып, асықпай аяңдайды.

Өтіп жатқан жұрттың қайсысының қандай ойда екенін де түсіну қиын. Біреулері осынау ғажайып жаңа өмірге бейтарап адам екенін білдіргісі келгендей аяғын жайбарақат, бейқам басып келе жатса, бағда біреулері белеңі бар жылқыдай жан-жағына үрке қарайды. Ал кейбір бетінде ескі өмірдің тәкәппарлық таңбасы көрінген «кешегі мырзалар» жаңа заманға еріксіз бодан болғанын жасыра алмай, әр адымын зілдене басып, түнере өтіп кетеді. Дегенмен, көпшіліктің жүзі көкірегіне түн ұялағандай ақ жарқын нұрлы...

Сұрғылт толқынды асау дария жағасындағы осы бір құмды көшелі, ескі қаланы мен өте жақсы көретін едім. Әсіресе көктем келіп, тал шарбақпен қоршаған қарағай, қайыңның жасыл төгіп, мойыл бұталарының қардай аппақ ақ шашақты гүлге оранатын кезін сарғая күтетінмін.

Міне биыл да сол аңсаған мерзімім жетті. Жасыл киінген қала жылдағы әдетінше 1 Май мерекесін қарсы алуға дайындалып жатты.

Лаулаған қызыл жалқын сәулесімен көкжиекті өртей, күн де көрінді. Осы бір жаңа шығып келе жатқан күнмен бірге жер мен салтанатты көркін ашып, қала да ояна бастады. Көп кешікпей, табиғаттың мүлгіген тыныштығын бұзып, құстың сайрағаны, иттің үргені табынға қосуға айдап бара жатқан жатақ сиырларының мөңірегендері естілді. Әне-міне дегенше, күн көтеріліп, 1 Майды тойлауға жұрт лек-лек боп көшеге шыға бастады. Көкіректері көз ашқандай, жүздерінде қуаныш. Қимыл-екпіндері бәйгіге қосылар жүйріктердей қарқынды. Даурыға сөйлей, шаттана күледі. Жердегі қуанышты көкке көтергендей, көгілдір аспан аясында қызыл жалаулар желең қағады. Мерейі үстем халық мектеп, кеңсе қасына шоғырлана жиналып, би билеп, ән салуда...

Майдың осы бір нұрға бөленген жарқын күнінде де қала ортасындағы үш қабат тас үйдің ең жоғарғы бір бөлмесінде әлі де түн қараңғысы кетпегендей. Жоқ, күн сәулесі ашық қос терезесінен бұл бөлмеге де мейлінше құйыла түсіп тұр. Сөйтсе де, мұнда көр қуысындағыдай бір ауыр зіл бар. Мүмкін, бұл үйден кешелі-бүгін өлік шыққан болар? Жоқ, оған ұқсамайды. Үй іші тым салтанатты, жинақы, сәнді. Тіпті адамды әлдеқайда қиялға, рақатты арманға ерте жөнелердей. Еденде — жібек түкті қырмызы қызыл фарсы кілемі. Оң жақта — оюлы барқыт түскиізді күміс кереует. Тұскиізге сүйеулі бетіне сүйекті өрнек салынған үкілі домбыра. Терезе пердесі кереуетке ұстаған шымылдығы — бәрі де әшекейлі көгілдір шәйіден. Бұдан бөтен алтын жалатқан ыдыс-аяқ, сырлы стол, өрнектелген кебеже секілді көз қуанышы боларлық бөтен заттар аз емес. Әйткенмен, үй ішінде түн қараңғысындай бір суық ызғар сезіледі... Ал дұрыстап қарасаң бұл ызғар үй ішінде үнсіз тұрған адамдардың қобалжыған, қорыққан, абыржыған түрлерінен туған ызғар еді.

Бұлар өзі үш кісі.

Терезе алдында тұрған ақ құба, ашаң жүзді, қошқар тұмсықты, үлкен қоңыр қой көзді, кең кеуделі ұзын бойлы адамның жасы отыз бестер шамасында. Үстінде — белін күміспен қаптаған жіңішке кавказ белбеуімен қынаған тік жағалы, шытырман түймелі ақ жібек көйлек, бұтында — көк шұға галифе шалбар, аяғында — рондалап тастаған сары сафьян етік. Иығында бұлғын жағалы қара кеңірдек барқыт шапан. Ұзын қою қара шашы желкесіне қарай дударлана құлаған. Сырт келбеті көз тоярлық. Бірақ қайғы ызғарымен бозара түскен жүдеу жүзі көкірегіндегі оты сөне бастаған жан екенін аңғартады. Қазіргі тұрған тұрысы шабыстан болдырған жүйрік тәрізді. Басы салбырап, екі иіні түсіп кеткен. Тек іштегі мұз әлі де жанарын өшіре алмаған үлкен қоңыр көздері терезеге қадалуда. Әр қараған сайын, сырттағы жұрт қуанышы арқасын аяз боп қысқандай, қабағы түйіле түседі. Бұл қазақтың ертедегі белгілі ақыны, алғашқы зиялы адамдарының бірі — атақты Ақан еді.

Одан сәл кейінірек тағы екі адам тұр. Бірі — қара торы, ойлы қоңыр көзді, бұйралау келген дудар шашты, орта бойлыдан сәл биіктеу жас жігіт. Үстінде тік жағалы, жеңінің аузын бүрген қара көк шерсть кавказ көйлек, белінде шашақты, есілген жібек белбеу, бұтында сарғылт чесуча қыры сынбаған шалбар, жып-жылтыр қара лакты шебілет. Кең маңдайы, ойлы көзі жігіттің үлкен дарын иесі екенін аңғартқандай. Бұл — жас ақын Бүркіт. Бұдан төрт жыл бұрын Ақшатыр гимназиясын бітіріп, Омбы университетіне түскен. Шаруа-жағдайымен байланысты оқуын уақытша тоқтатып, былтырдан бері осы өзі бітірген Ақшатыр гимназиясында әдебиет сабағын беретін.

Үшіншісі — түр, келбет, дене құрылысы жағынан бұларға тіпті ұқсамайды. Екі иығына екі адам мінгендей, кең жауырынды қара сұр, ұзыны мен көлденеңі бірдей төртпақ, жігіт. Жалпы сырт құрылысы шала күйген кеспелтек жуан қара томар бейнелес шомбал. Үстіндегі киімі де аналардікінен өзгеше сәнді. Шіл қазақы киім. Басында қара мауытымен тыстаған дөңгелек қасқа пұшпақ бөрік. Үстіндегі лұқпан шапанның белін күміс кіселі белбеумен буыныпты. Аяғында — қисық табан көк салмен әшекейлеген хром етік. Түрі келбетсіз емес, бірақ сұсты. Сол қысықтау, өткір, шегір көзі рақымсыз, адамға қарағанда өңменіңнен өткендей. Тістене жұмған жұқа ерні қансыз, сөлсіз, кезеріп кеткен. Қазір қоңыр беті ашудан түтігіп, шегір көздері ызаланған иттей шаптығып тұр... Бұл — Бүркіттің құрдасы, онымен бірге гимназия бітірген, Арқаның атақты шонжарларының бірінің ұрпағы Әкпар. Орта дәрежелі білім алғаннан кейін әрі қарай оқымай, Ақшатырда сот хатшысы боп қызмет істейтін.

Салтанатты бөлмеге құбыжықтай қорқыныш кіргізіп тұрған осы үшеуінің ызғарлы пішіндері абыржыған, қорыққан үй ішіне үрей туғызады.

Ақан Бүркіт пен Әкпардың, бір жағынан, рухани ұстазы, екінші жағынан, әдеби жетекшісі болатын.

Ой толқыны өзегін өртеп жіберді ме, кенет ол терезеден көзін алмаған қалпында күбірлей сөйлей жөнелді:

Келді деп көктем гүл шашып,
Қуанба, халқым, құр тасып,
Көрмейсің бе шаттықтың
Көктемі сенен тұр қашық!..
Төксе де сәуле күн көзі,
Жайнамас өмір күндізі.

Бұл кезде жұрт қала ортасындағы салтанат алаңына сап-сап болып өтіп жатқан-ды. Қолдарында — ал қызыл барқыт тулар, құлаш-құлаш қызыл матаға жазылған ұрандар, білектерінде — байлап алған қызыл шүберек, омырауларында — шоқ-шоқ жас қызғалдақтар...

Көше бойлай нұрын шашыратқан осы тамаша қуанышты бұдан әрі көргісі келмей, Ақан терезеден кілт бұрылып кетті. Сонау көшедегі мәз-мейрам жұрт құшағына жылан салып жібергендей, жүрегін қолымен басып, шошына, үйді ерсілі-қарсылы кезе бастады. Жүрген жүрісі құтылу жолын таба алмай, темір тордың ішінде ызалана аяңдаған арыстан секілді. Іш қазандай қайнайды, жеңіп шығар дәрмен жоқ. Бір сәтте ол кілт тоқтай қалды да:

— Қазақ деген жас бала тәрізді бір ақ көңіл, сенімпаз ел. Кім басына жұмақ орнатам десе, соның қолындағы ноқталаған құлын. Большевиктер оның сол қасиетін мол пайдалана білгені кәміл,— деді.

Оның үнінен үлкен бір өкініштің сазы естілді. Көкірегін бұлқан-талқан еткен ашуын баса алмай, ол тағы ерсілі-қарсылы жүре бастады. Бұл жолы Ақан жайылымға жем іздеп келіп, су тартылғанда, шағын шалшықтың арасында қалып, қайтсем айдынға жетем деп астаң-кестең болып тулаған шортанға ұқсайды. Қанша туласа да, суды лайлағаннан бөтен қолынан келер дәрмені жоқ. Бірақ сол суды лайлаудың өзі де оған көңілін орнықтыратын шешім тәрізді. Ол кенет тағы да тоқтап, байсалды үнмен ойын айтты.

— Біз тәрізді қазақтың оқыған азаматтарының ең қадірлі міндеті — халқын ұлт тәуелсіздігіне шақыру, жеке ел болуды көксету деп ұққан еді, ал бүгін...

Жайшылықта әр сөзін саралап, ойлаған ойын асықпай түсіндіретін ақын ағаның тік кеткені шәкірті Бүркітке ұнамады. Жат көрінді. Ұстазының жүрек жарасының аузын қызыл шақа етіп ашып тұрғанын түсінсе де, бірден қошаметтеп кете қоймады. Ал Ақан болса, өзін-өзі ашумен қамшылап, тоқтар емес. Жас серіктерін өз пікірімен біржолата таптап, әбден суарып алайын дегендей, ол тағы да:

— Біздің жолымыз большевиктерден бөлек болатын, Бірақ жұрт бізге ермеді... Неге?—деді.

Әкпар тұнған қара судай, бүлк етпеді. Ал бұл сөз онсыз да жүдеп тұрған Бүркітке тағы да ауыр тиіп, көкіректегі қасіретіне қасірет қосқандай. Ол енді шыдай алмады:

— Ақын аға, бүгін сіз тым ашулы тәріздісіз ғой,— деді.

Ақан өмір деген тартысы мол ауыр жолда серіктерінің қолына жауларына сілтейтін берік шоқпар ұстатқысы келгендей, жауабын анық, ашық қайырды.

— Ие, ашулымын. Қазақ деген қолымдағы жалғыз сұңқарымды...— ол тағы да қолын терезе жаққа сілтеді,— большевиктер біржолата ұшырды. Мен бүгін оны анық түсіндім.

— Ал, Абай аға...

— Ие, Абай ағаң не деп еді?

— «Орыстан үйрен» деген жоқ па еді!— Бүркіт «орыс» деген сөзді «большевик» деген сөзден бөлгісі келмеді.

— Ақылдыдан үйрену—ақылдыға құл болу деген сөз емес. Мен де Пушкинді, Лермонтовты, Толстойды, Достоевскийді жақсы көремін. Бірақ одан қазақ халқының несі өзгереді? Лонгфеллоның елінде индеецтер резервацияларда қырылып жатыр. Ағылшындардың Шекспирі болғаннан Родезия негрлеріне келетін қандай пайда бар? Жоқ, Бүркіт, халқыңның мәдениетке жетіп, жоғалып кеткенінен мәдениетсіз отырып, бірлестігін сақтағаны артық. Ең зор бақыт — халқың, елің, тілің болғаны. Абай аға үйрен десе, мен үйренбеймін деп тұрмын ба? Бірақ үйрену бар да илену бар... Мен иленуге қарсымын. Егер халқыңды жақсы көретін болсаң, оның тәуелсіздігін, бірлігін алтын жамбыдай сақта. Өйтпеген күнде, Батыс сені бір-ақ күнде жұтып жібереді. Есінде бар ма, Редьярд Кпилингтің «Батыс — бөлек, Шығыс— бөлек» дейтін өлеңі?—Ақан Бүркітінің жауабын күтпей көзін жұмып, әлгі өлеңді есіне түсіре, тақпақтай жөнелді:

«Батыс — бөлек, Шығыс — бөлек,
Мәңгі олар алыс жатыр.
Күл-талқан боп жер менен көк
Қоспаса көп заманақыр.
Батыс та жоқ, Шығыс жоқта,
Отан, тұқым кімге керек,
Екі күшті келген шақта
Қыл көпірде бетпе-бет».

Бұл өлеңді айтып болды да, Ақан:

—Батыс пен Шығыс, түн мен күн тәрізді, екі дүние, оянып келе жатқан Шығысты бас салуға дайын тұрған Батыс бар. Бұны ұмытуға болмайды,— деді.

Ұстазының көңілін қалдырып алғысы келмегендей, Бүркіт жалтақтай сөйледі.

— Оған қандай дәлел бар?

— Киплингтің өлеңі ше?

—Киплинг — Киплинг қой!—деді, ренжігенін жасыра алмай Бүркіт.— Ақын аға, Киплингтің ағылшын империализмінің жыршысы екені сізге аян емес пе еді?

— Болса ше? Өз сырын өзі ашқан қасың — досыңмен тең.

— Жоқ, ақын аға, Киплинг бұл ойын «халықтар бірін-бірі мәңгі ұға алмастық қастықта өтеді» деген тұжырымға тіреп айтқан жоқ па? Бұл — ағылшын империализмінің өзге жұртты менсінбестік отаршы ұлы ұлтшылдық саясаты. Ал Батыста бізбен тілектес миллиондаған халық бар...

Күндікке үндемей тұрған Әкпар дәл осы сәтте гүр ете қалды.

— Киплинг көксеген ұлы ұлтшылдық, менсінбестік өзге халықтан шықпайды деп ойлайсың ба?

— Әкпар ішінде жатқан запыранын бірден төге салуға дайын тұр, тек бір сескену құдіретті ақын ұстазының алдында ойын толық ашуға жол бермеді.

Оған себеп болу керек қой?— Бүркіт жолдасына тұнжырай қарады.

— Себеп — жер,—деді Әкпар.

— Жер? Қазақта не көп, жер көп емес пе?

— Иә, бізде жер көп. Біздің қуанышымыз да, бақытсыздығымыз да сол жерде. Түсінбейсің бе? Егер өмір осы қалпымен жүре берсе, сен өзің-ақ бір отыз жыл өткеннен кейіп, осыншама ұшы-қиыры жоқ даладан қазаққа қой бағатын да жер қалмағанын көзіңмен көрерсің.— Әкпар кенет тоқтап қалды да, Ақанға қарады,— жоқ бізге жаңа ұлт қаһарманы керек.

Бүркіттің де берілгісі келер емес.

— Бірақ оның соңынан кім ереді?

— Сонда сен бізге, резервацияларға қуылған индеецтердей, қойдай шұбыртып, Бетпақдала, Қарақұмдарға айдап апарғанын күт демексің бе?

Түсінбеймін, сен не деп тұрсың,— деді Бүркіт қабағын шытып,— Кеңес үкіметі көп ұлтты мемлекет, құдіретті мемлекет құрамыз дейді... Ал сен...

— Тоқтай тұр, Бүркіт,— деді Ақан кенет сөзге кірісіп.— Есіңде ме, Дарий патшалығы? Әлде ұмыттың ба?— Ол тағы да терезе жаққа қарады да, жүдей сөйледі.— Европа Македонский деп атайтын Ескендір Зұлхарнайн Индия жеріне дейін билігін жүргізді... Ұлы Рим мен атақты Византия мемлекеттері қайда? Ақсақ Темір Көрегеннің алдында жүзге таяу ұлт тізе бүкті... Жоқ, Бүркіт, көп ұлтты мемлекеттер ешуақытта да ұзаққа барған емес.

— Ал мыналар әлі...— Әкпар да терезе жақты нұсқады.

— Бұлардың да өмір сүруі Россиядағы көп ұлттың дер кезінде ұлттық санасының оянуымен байланысты. Жазушы — халқының ары, намысы. Сөзіңмен, өнеріңмен еліңнің санасын оятып, оны тәуелсіздікке, жеке автономияға шақыру біздің міндет еді. Өзінің жұрты, өзінің жеке Отаны жоқ ұл қанша данышпан болса да, шөлге қамалған аққумен тең көрінетін, жан жағында құлазыған даласы көп, бірақ қанат қағар ақ айдын шалқары жоқ секілденетін... Әлде мен қателестім бе?

Бүркіт іште жатқан бір-біріне қайшы, шым-шытырық ойын сыртқа шығара алмай, тына қалды. Ақанды жасынан құрметтеп үйренген жас жігіт енді шаптығуды орынсыз деп тапты. Сонда да:

— Егер халық соңымыздан ермесе не істейміз?—

— Онда біз кетуіміз керек.

— Қайда?

— Ақан дағдарып қалды. Бәсе, қайда кете алады?

Бүркітке не деп жауап беруді білмей абыржыған ақын ағаның тұрысы кімнен қорлық көргенін айта алмаған жас баланы аңғартады.

Енді ол күңірене сөйледі:

— Іште жатқан жалын көп, сыртқа шықса — құр түтін. Ойға алған мақсат мол, бірақ іске асар бірі де жоқ. Қанша қарқындағаныммен, түскен жолы құмға келіп тірелген жолаушы тәріздімін. Алға жүрейін десем, аңыраған құм, азынаған шөл; күтерім — тек өлім. Кейін қайтайын десем, қатты жабылған есік, қайта ашылар емес. Бұл дағдарысқа қалай жеттім? — Ақан үндемей тоқтай қалды.

Ақанның сөзінің аяғын күткен Бүркіт пен Әкпар жұмған аузын ашпай, сол төмен қараған қалыптарынан қозғалар емес.

Ақан шынында, жол таба алмас дағдарыста еді. Оған үлкен себебі де бар. Сондықтан ол іштегі қаупін жасыра алмай, алай-түлей, бір орында отыра алмай, бір жатады, бір жүреді. Аңдыған жауын сезген қасқырдай дәйек білмейді. Жан-жағына әбігерлене қарайды. Ол — оқыған, ақындық дарыны ерте оянған адам.

Ақан өзінің саяси бағытын «елім», «жерім» деген сөздермен бүркей білді. Ол кей шығармаларында әйел теңдігі, қараңғылықтан құтылу деген секілді халықтың көкейкесті армандарын да жыр етті. Әсіресе, Ақан — махаббат поэзиясының алдына жан салмаған жүйрігі. Көптеген жастар оның кейбір шебер жазылған өлендерін жатқа да білетін.

Ал қазір Ақанның жеңілген шағы. Барар жер, басар тауы жоқ. Бірақ ол әлі де болса елі, жұрты үшін құрбандыққа ұшыраған адам болғысы келеді. Сондықтан да ол өзін Бүркіт пен Әкпардың алдында басқаша ұстауға тырысады. Әділетті адамдай ақтарыла сөйлеген болады.

Мен күні бүгінге дейін,— деді ол кенет даусын ақырын шығарып,— халқымның басында ойнаған кешегі отаршылдықтың бұлтын көріп келдім. Сол бұлттан мәңгі құтылу тек қана елімнің жеке тәуелсіздігінде деп ұқтым. Сондықтан халқымды бірлікке, орыс жұртының ықпалынан құтылуға шақырдым. Ұлтшылдық сезім ақыл, ойымды тегіс билеп, кең толғанып, жан-жағыма көз салуға мүмкіндік бермеді. Шор таққан аттай, тек көз алдымдағы қазағымды ғана көрдім. «Осы «ұлтым» деген тар түсініктен, қазыққа байланған құлындай құтылып шыға алмадым, тек сол қазықты айнала бердім, айнала бердім. Ақырында ұзын арқан қысқара келіп, қаққан қазықтың қасында мелшидім де қалдым. Тағы бір айналсам, қыл шылбырға буынып өлуім де ғажап емес-ті. Ал кейін шегініп, арқанды қайта ұзартып, өрісін кеңітуге уақыт тар...

Расында да, оған кейін шегінуге жол қалмаған тәрізді еді. Ақынның Октябрь революциясына да қарсы жазған өлеңдері аз болмаған-ды.

Ақын енді Бүркітке тесіле қарады. Ауыр, азапты ойының тоқтар жерін айтпақ болды.

— Miнe енді көлдей көңіл шалшық суға айналып, торға түскен кішкентай құстың жағдайына жетіп тұрмын, деді кенет даусы сына күңгірлеп.— Қалай құтыларымды білмей, құр тыпырлаймын. «Күресу керек, халықтың ұлттық сезімін ояту керек» деп сендерді жалына үгіттегім келсе де, оған өзім де сенбеймін. Сондықтан, Бүркіт, сенің сұрағыңа жауап беру маған өткелсіз дариядан өтуден қиын. Қайда барарымды, халқымды қайда апарарымды өзім де білмеймін...

Ақанның жағдайын Бүркіт те жақсы түсінді. Ақын ағаның бұл дағдарысы құр ғана халқының келешегін ойлаудан туған дағдарысы емес, өз басының келешегіне сенбеуден туған дағдарыс. Бұл дағдарыс Бүркітке ақындық адамгершілік қасиеттерін жақсы көретін ағаның жанын шұқуға келе жатқан қара қарға тәрізді болып көрінеді. Бүркіт айқай салып, сол қара қарғаны Ақаннан қуғысы келеді. Бірақ бар даусымен айқайлай алар ма? Айқайлай алса, халқы бұның даусына құлақ ілер ме?

Ақан тағы да үнсіз. Үй ішіндегі ауыр тыныштық оның жанын езіп, өн-бойын жерге жаншып барады. Бүркіттің де сұрағы көкірекке шаншудай қадалуда. «Дегенмен жауап беру керек. Оқушысы ұстазынан жауап күтіп тұр ғой, үндемей қалуға бола ма? Бірақ қандай жауап беру керек? Оқ өтпес қамалға тірелген, шаршаған жан қамалды қалай алуды қайдан біледі? Оның қолынан бар келері өз жанын аямау...»

Ақан иығын басқан ауыр жүкті жерге түсіргендей, сәл серіге басын көтерді де, тағы да үйді кезе бастады.

— Мен Блоктың мына бір өлеңін жақсы көремін,— деді ол аздан кейін.

Бүркіт елең ете қалды.

— Қай өлеңін?

Ақан нағыз бір қуанышты гимн айтқандай, дауысын көтере тақпақтай жөнелді:

Қойған соң терең бейітке,
Көмілер шөпке қабырың...
Естірміз сонда биікте
Жауған жаңбыр дабырын.
Ұйқыдан тәтті оянып,
Демессің бұл не жердегі?
Ақ жауын мәлім: күз анық
Нөсер — көктем келгені!
Аудармас көңіл назарын,
Жатқан шулап бұл дыбыс,
Айрылу, ләззат азабын
Басқан қабыр тып-тыныш...
Асықпай, жайлы көрде тек
Ойланарсың мүмкін сен:
Сұм жалғанда өмір деп
Адам нені түсінген...

Ақан өлеңді қанша көңілдене тақпақтаса да, оның әр сөзінің көрдей суық ызғары Бүркіттің сергек көңілін бірден мұздатып жіберді. Ол елегізи қалды. Өйткені ақын ағаның ауызына соңғы кезде өлім туралы сөз көбірек түсіп жүргенін байқаған. Бұл жолы да ұстазы сол әдетіне салып тұр. Тек жас серігін өзінен біржолата түңілдіргісі келмей, өлеңді көңілдене тақпақтаған болады. Бірақ қам көңілді, қасіретті сөз өзінің басына байланған қара жалауды анандайдан аңғартпай ма, Бүркіт ақын ағаның басына төнген дағдарыс — қара қарғаның енді қанды шеңгелін салғалы тұрғанын анық сезінді.

— Ақын аға, бұл өлеңді неге айттыңыз?— деп ол Ақанға қарады да, шошына қалды. Боп-боз боп кеткен ұстазы жаралы құстан аумайды, басын төмен салған. Сылбыр жүрісінде де, тұманданып кеткен қайғылы көздерінде де сорлылық бар. Бұл не? Жайшылықтағы қайғы сазы ма? Әлде басына ажал сағатын таяй түскен дағдарыс — қара қарғаның көлеңкесі ме?

Ой толғауы жеткендей, Ақан кенет басын көтеріп алды. Бүркіттің иығына қолын салып тұрып:

— «Қайда барамыз?» дейсің, барар жер көп. Бірақ мірден берік қамал бар ма? Оған жаудың оғы да өтпейді.

Сөйдеді де, ол тым шаршап кеткендей, күміс кереуеттегі әлі жиналмаған төсегіне үстіндегі киімімен жата кетті.

Ақан әлгі сөзді қанша жігерлене айтса да, Бүркіт одан таусылған адамның шарасыз шешім үнін естіді. Ақанға төнген қара қарға енді өзінің жүрегін қанды тырнағымен тырнап жатқандай, жаны қатты ауырып кетті. Бұл шешім тірі адамның өзіне деген үкімі екенін енді әбден түсінді. Абыржып, Ақанға қарады. Жас ақынға оның бұл жатысы сұлап жатқан өлік секілді болып көрінді. Ақ жастыққа ұзын қара шашы төгіле, сұп-сұр болып кеткен... Екі қолын кеудесіне қойып, көзін жұмып алыпты. Кереуеттің бас жағында тұрған шойын денелі Әкпар Ақанның басына қойған мызғымас құлпытас тәрізді. Бүркіт өз ойынан өзі тағы да шошынды. «Қасиетін мәңгі жоғалтпас сом алтындай, жер бетіне сирек келетін осынау өзгеше жаратылған дарын күш расымен өлексе күткен қара қарға — дағдарыстың жемі болмақ па? Жоқ, ол мүмкін емес! Құтқару керек! Құтқару керек!»

— Ақын аға, әлгідей сөзге аузыңыз қалай барады?— деді ол ұстазына жігер бергелі,— өзіңіз айтпап па едіңіз, дүниеде жазықсыз жанның құрбандығынан өкінішті еш нәрсе жоқ деп?

— Жазықсыз жан... Кім айтты менің жазығым жоқ деп?— Ақан жастықтан басын да көтермеді. Нағыз бір ауру жандай қинала сөйледі.— Жоқ, Бүркіт, менің жазығым мол... Кешпейтіндеріне көзім жетеді...

— Олай болса, қашу керек!— деді бағанадан бері мызғымай тұрған Әкпар, бірдемені шорт кескендей, морт сөйлеп.

Ақан жастықтан басын көтеріп алды.

— Қайда?

— Қытайға! Түркияға!

Бүркіт Ақанға қарай қалды. Егде ақын оның неге былай қарағанын түсініп, орнынан ұшып түрегелді. Көзі кенет ашу төгіп, жарқ-жұрқ етті. Енді өңі әп-сәтте әлсіздіктен құлан-таза арылып, өзінің әдеттегі тегеурінді қалпына енді. «Бәсе, менің ұстазым осындай болуға тиісті еді ғой,— деді Бүркіт ішінен,— «Қыран қайғырып өлмейді, қартайып өледі»,—дейді ғой жұрт. Ақын Ақан да ақиық қыран емес пе еді!»

— Ақын өмірге өлексесі үшін емес, өлеңі үшін келеді,— деді Ақан Әкпарға түксие қарап, —Қытайға. не Түркияға қашып, мүмкін, өлексемді құтқарармын, ал бойымдағы дарынымды қайтемін? Өз елің, өз тілің болмаса, дарының сенің кімге керек?.. Сол дарынымызды бағалайтын, өркендететін өз еліміз, өз тіліміз болсын деп күресіп келген жоқпыз ба? Қаш дейсің! Мен халқымнан қашсам, менің бойымнан дарыным, жырым қашпай ма? Ондай өмірдің маған қанша керегі бар?.. Жоқ, Әкпар, мен еш жаққа қаша алмаймын. Өз жерімде, өз елімде, өлексем үшін емес, өлеңім үшін өлемін.

Осындай сөздерден кейін албырт жас жүрек қалай толқымасын, Бүркіт Ақанды қалай ардақ тұтпасын!

Әкпар бұдан әрі тіл қатқан жоқ. Сүліктей қап-қара қос қабағы дір етіп бір сілкінді де, қарс жабылып кетті. Сол қалпында, қайта ашылмай түнерді де қалды.

Осы кезде үйге ас дайындаушы семізше келген, бөкселі, ақ сары, жас татар әйелі кірді. Көзін жерден бір көтермей, қолындағы қымыз құйған ожаулы сырлы шарамен үш күміс кесені үстелге қойды да, үн-түнсіз, сол сызылған қалпында сұлу денесін сәндене теңселтіп, аяғын ырғала басып, шығып кетті. Ақан мен Бүркіт әйелге еш көңіл аударған жоқ. Тек Әкпар ғана қызыл көрген қомағай қаршығадай әйелдің соңынан қарап, оқыс қозғала түсті де, тына қалды.

Ақан сол тұнжыраған қалпында дөңгелек үстелдің қасына келіп, бір тізерлеп отыра қап, жаңа ғана қалаға жақын ауылдан өзіне арнап алып келген, ерте құлындаған биенің жас уыз қымызың, сырлы ожаумен сапыра бастады. Ана екеуі де үстелді жағалай отырды. Қымызды тамсана күткен сом денелі Әкпар даланың қомданғaн үлкен қарақұсы тәрізді. Қайғыдан иіні түсіп кеткен Бүркіт осы қарақұстың қасында тұғырға жаңа отырғызылған жас қаршығадан аумайды, бірақ іштей әбігер, қанатын қағар күші жоқтай, сұп-сұлық отыр.

Ақан нәшіне келтіре сапырылған уыз қымызды күміс кесеге құйып, қонақтарына ұсынды.

— Мінекейіңіз!

— Бұйырсын...

Әкпар қылқыта жұта бастады. Бүркіт кесенің шетіне ернін тигізер-тигізбес етіп бірер ұрттады да, қайтадан үстелге қойды. Тамағынан өтер емес. Оған қымыз емес, қайғы жұтқандай болып көрінді. Екі көзін телміртіп, Ақанның бетінен аудармай, тұнжырады да қалды. Қымызға емес, ақын ағаның осынау көрікті жүзіне тағы бір тойып қалайын дегендей, әлсін-әлсін қарайды. Жүрек сезбейтін сұмдық бар ма, кенет оған осы отырысы ұстазымен ақырғы рет отырысуы секілденіп кетеді. Ол Ақанға бұрынғысынан да құмарлана қарай түседі... Қара қарға енді Ақан ағаның иығына қонып алған, оның жүзінде қайтадан көпе-көрнеу әлсіздік пайда бола қалыпты.

Бүркіт Ақан үшін әлі де күреспек, қайтсе де сонау қара қарғаны одан қумақ, үркітпек.

— Ақан аға, сіз орынсыз жүдейтін секілдісіз,— деді ол.— Совет өкімет орнағалы, тисе, тек шын жауына тиіп жатыр, басқа жанға қиянат істеген жоқ қой. Сізге де тимейді. Бекер қобалжисыз...

— Бұл қобалжу емес, Бүркітжан,— деді Ақан орыннан түрегеліп, ерсілі-қарсылы тағы жүре бастап. — Бұл алдағы болар іске күні бұрын мойын ұсыну... Одан бөтен жол қалған жоқ.

— Мүмкін, бөтен де жол бар шығар?

— Жоқ, қалқам, үлкен халықтың кіші халықты өзіне бағындырғысы келетіні ежелден белгілі. Бұл - тарихтың ақиқат жолы. Бағындыру деген өзгенің жігерін құм етіп, жүректегі арманын сөндіруден басталады. Ол үшін ең алдымен халқы үшін тізгінге оралғы болатын ұлдарының үнін өшіру керек. Ал мен жырыммен де, жүрегіммен де оларға қарсы тұрдым.— Кенет ол қолын сермеді,— жә, бұл сөзді доғарайық. Менің тағдырым келешегімде емес, өткен күнімде.

— Неге олай дейсіз?—деп Бүркіт тағы сөйлеп келе жатыр еді, Ақан қайтадан бөліп жіберді.

— Жоқ, Бүркітжан, мен шығар қияма шығып болдым, бұдан әрі алатын шыңымның басында маған деген қақыраған аяз, долданған боран тұр, оған күшім жете ме, жетпей ме, оны өзім де білмеймін. Ал сендер болсаңдар, жаңа қанаттанған жас түлексіңдер. Сендердің шығатын биіктерің басқа. Ол үшін қандай жолға түсесіңдер, осыны ойлаңдар.

— Ақан аға, ол жолды өзіңіз көрсеткен жоқ па едіңіз?

— Жан ашуы кейде дұрыс ақылшы бола алмайды. Менің жүрегімді ақылдан гөрі, ашу билеген. Ал сендер өз жолдарыңды әздерің таңдауға тиіссіңдер. Бақыт болып көрінген елеске жетемін деп, астыңдағы атыңды зорықтырудың қажеті жоқ. Ат әлі ауылдарыңа баруларыңа керек.

— Сонда «ұлт», «ел» деген арманыңыздың бәрі де жалған болғаны ма?—деді Әкпар қабағын қарыс жауып.

— Құс жеткен жеріне қонады. Менің де жеткен жерім осы болған шығар, кешіріңдер. — Ақан кенет Бүркітті бауырына алып қысты.— Ал қош бол. Жалғыз тілегім: халқыңды сүй... Бірақ менше емес, өз жолыңды тауып сүй...

— Ақан аға...

— Жә, жә... болды,— деді Ақан,— барыңдар, шаршап кеттім. Азырақ дем алайын...

Бүркіт пен Әкпар ұстазымен мұңая қоштасып далаға шықты. Бұлар баспалдақтан төмен түсіп келе жатқандарында жоғары көтеріліп бара жатқан Ішкі істер халық комиссариатының әскер киіміндегі екі жігіт кездесті. Бүркіт оларға сезіктене қарады да үндемей төмен түсіп кетті.

Қара көлеңкелеу Ақанның бөлмесінен кейін күн сәулесі төгіле құйылып тұрған көше ғажайып салтанатты, жарық еді. Парад бітіп, мерекешілер тарай бастапты. Жұрттың даурыға сөйлеген сөздері мен қуанышты күлкілері естіледі. Бұрыштағы тапалдау келген қазақы ағаш үйден әлдекім барылдата ән салып жатыр. Сәл қарлыққан көңілсіз дауыс шиқылдаған сырнай үніне рабайсыз қосылып, тыңдаушыға жеткізейін дегендей, өлең сөзін машықтай айтады. Бүркіт пен Әкпар тыңдай қалды.

Әнші сәл тоқтай қалды да, тағы да сарнай жөнелді:

Созылған жол алысқа,
Жаяу жүріп келемін.
Барар жерім алыста,
Алыста және керегім.
Шығып едім қуанып,
Жете алам ба, сол жерге?
Сүйегім әлде қуарып,
Қаламын ба бір белде?!
Ей, дүние, шіркін-ай,
Қаламын ба бір белде?..

Дауыс берекесіз болғанмен, өлең сөзі ойда жатқан бір арманды аңғартқандай, алыс мақсатқа жете алмай қалам ба деген Асан қайғы жанының сары уайымы, сенімсіз болжауының сарынын сездіреді...

Бүгінгідей қуанышты, салтанатты сағатта мұндай өлеңнің ашық айтылуы — Бүркіт пен Әкпарға таң қаларлық іс. Екеуі де құлақтарын түре түсіп, құмарта тыңдауда, бірақ бұрыштан шыға келген «духовой» оркестрдің үні бұны бұзып жіберді. Сарнаған жалғыз дауыс оркестр маршының астында тұншығып қала береді.

— Біздің де үнімізді мына адамның даусындай етіп замана гүрілі жұтып жіберетін тәрізді ғой,— деді Әкпар жалпылай шешімге келіп.

Бүркіт үндеген жоқ. Ол тағы да ұстазы жайында ойлай бастаған еді.

Бұлар көшенің арғы бетіне шықты. Бүркіт бірдемесі ұмыт қалғандай бұрылып Ақан бөлмесінің терезесіне қарады. Кенет, әлденеден шошып кетіп, дауыстап жібере жаздады да, Әкпардың білегінен тап беріп ұстай алды.

Ақан терезені ашып, сыртқа қарап тұр екен. Алыстан жүзі өң-түссіз бозарып атып келе жатқан таң тәрізді, адам айырып болар емес. Ар жағынан біреулер көрінді ме, ол кейін бұрылды, сөйтті де, бір секунд та өтпей, секіріп терезенің алдына шықты. Бүркіт «Тоқта»! деп айқайлағанша болған жоқ, Ақан екі қолын көкке бір көтерді де, басын төмен сала суға секірген жандай, жерге құлай жөнелді.

Аспан айналып жерге түскендей, Бүркіт не болғанын білмей қалды. Сәл есі кірген кезде, Ақан құлаған жаққа ата жөнелді. Бірақ білегінен ұстаған кісендей берік қол оны орнынан тырп еткізбеді.

Бұл кезде Ақан құлаған үйдің жанына жұрт у-шу болып жиналып та қалған еді.

— Жүр, кеттік,— деді Әкпар ызғарлы үнмен сыбырлай сөйлеп. Ол Бүркітті білегінен мықтап ұстаған қалпында келесі кешеге сүйрей жөнелді.— Жаудан емес, өзінен, күрестен қашқан адамға енді сенің көмегіңнің керегі жоқ.

Бүркіт босанбақ боп қимылдап көріп еді, қысқаштай жабысып алған Әкпардың қолы қозғалтар емес. Қысыңқырай түссе, білегін уатып жіберетін.

— Өлген адам өлді, оған енді ештеңе де істей алмайсың,— деді Әкпар тағы да,— қазір бізге жат кісінің көзіне түсудің еш қажеті жоқ.

Әкпардың босатпайтынын білген соң, Бүркіт амалсыз көнді. Екі-үш көше өткеннен кейін барып:

— Бұл не деген сұмдық?—деді ол булыға,— өзін-өзі ажалға қиюына қарағанда, Ақан аға өз ісінің дұрыстығына сенбеген ғой!..

Әкпар Бүркіттің сөзін бұрып әкетті.

— Жоқ, бұл сенбестік емес. Өз ісіне сенген адамның күресуге жол таба алмай дағдарғаны.

Кенет Бүркіттің көз алдына бағанағы қара қарға тағы елестеп кетті. Тіпті қасына келіп: «Ұстазың өлді, ұстазың өлді, қарқ қарқ!»—деп айнала табалай ұшып жүрген тәрізді. Осы қара қарғаны қуғысы келгендей, Бүркіт өкіне қатты айқайлап жіберді:

— Қандай қадірлі жан еді, қалай өлді?!

Әкпар Бүркіттің сөзін тағы жөндеді.

— Оны осындай өлімге жеткізген кім?

Әкпар Бүркіттің жарасының дәл үстінен басты. Анау ыршып түсті. Бағанадан бері жүрекке у болып жайыла бастаған ызаны Бүркіт бірден сыртына лақтырды.

— Өзге күнәларыңды кешкенмен, бұл зорлықтарыңды кешпеспін,— деді Бүркіт ызадан булыға.

Өлім қандай адамды болса да толқытады. Әсіресе таныс адамның жазықсыз ажалы арқаңа аяздай батып, жүрегіңді удай ашытады. Бұған дейін үн-түнсіз жатқан кейбір сезімдеріңді оятады.

Әкпардың Бүркіттен күткені де осы еді.

— Жолыңа мен серік. Міне, қолым!

Осы бір күтпеген өлім кенет Бүркіттің нәзік жан сезімін түршіктірді, өн-бойын ашуға толтырды. Дәл осы сәтте ол билей жөнелген көңіл күйігін баса алмай, имиген шот тырнақты қара құзғын Әкпарға қосылды. Алдағы өмір деген дарияға онымен бір қайыққа мініп, жаудан бірге өш алмақ етіп уәделестірді.

II

Өмірдің маңызын түсінемін деп шарқ ұру — еріккеннің ісі, ал оны шын сүйген адам қолынан келгенін аямай, сол өмірді жақсарта түсу үшін күреседі.

Бүркіт, аздаған ауқаты бар әкенің арқасында, сонау шашау биік құзды Баян тауының арасында бұлықсып жатқан Торайғыр көлінің жағасынан жеті жасында Түркістан жанындағы Қарнақ медресесіне келіп оқуға түсті.

Әлі есінде, сол бір мектепке келіп түскен күндері. Аспан айналып жерге түскендей ыстық... Қырқа үстінде бүкіл қазақ жері мен Түркістанға діни ғылымның ошағы болған, қалың мәуе ағашына бөленген көп құжыралы Қарнақ медіресесі тұр. Ақ сәлделі, қолына тәспі ұстаған қожа, молдалар. Қолтықтарына құран қыстырған, иіле сәлем берген кішіпейіл шәкірттер. Бұлардың ішінде жасы келіп қалғандары да аз емес.

Салқын желді, жасыл белді, Баянның таулы даласынан кейін оған бұл ара бір ғажайып басқа әлем тәрізді көрінді. Әсіресе, оны таң қалдырған Түркістандағы Ахмет Яссауидың әшекейлі заңғар мешіті мен жасыл бау-бақшаны көмкерген шымнан құйылған ұзын-ұзын дуалдар. Ақырған есек, қазандай-қазандай қауындар... Бәрі де жат. Бәрі де қызық. Бәрі де бөтен дүние. Алғашқы кезде бұл араға көндігу оған өте қиынға түсті. Ауылын, анасын сағынып, ыстық жастан көзі талай рет білеудей боп істі. Әсіресе, оған құмда жүгірген сары тышқан ізіндей ирек-ирек араб әріптерін үйрену өте азапқа түсті. Талай рет таяқ та жеді, жылады да. Әйтеуір, бірте-бірте көндікті-ау. Зады зерек, алғыр бала он екі жасында араб, шағатай, парсы тілдеріндегі кітаптарды ағыза оқитын халге жетті. Сөйтіп ол Шығыс әдебиетімен ерте танысты. «Шахнама», «Сал-Сал», «Зарқұм», «Мың бір түн», «Төрт дәруіш», «Ләйлі-Мәжнүн» секілді бүкіл жер жүзіне тарай бастаған парсы дастандары мен кітаптарының кей тарауларын жатқа соғатын болды. Ал он үш жасқа жеткенде әкесі бұны Ақшатыр қаласындағы орыс гимназиясына алып келді.

Бұл күн де Бүркіттің есінде...

Жайма-шуақ күздің айы болатын. Асау Ертіс жағасында ағашқа бөленген қала жатыр. Түркістандай емес, кең жалпақ көшелер, темір шатырлы, ағаштан салынған, тастан қаланған екі қабат әдемі үйлер. Адамдары да басқаша, ақ сәлделі молдалар некен-саяқ көбі картоз киген орыс, барқыт камзолды татар...

Бұнда да бірден орысша оқып кету Бүркітке оңайға тимеді. Бірақ бұны ешкім көк шыбықтың астына алған жоқ, ақ орамалмен тілін бұраған жоқ. Аз жылдың ішінде орыс тілін де, жазуын да үйренді. Әдебиетпен дұрыстап шұғылдану осы орыс мектебінен басталды. Орыс классиктерімен қатар, қазақ әдебиетін де көп оқып, көңіл қойды. Қазан, Ташкент қалаларында шыққан «Шора батыр», «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» секілді қиссалардың бәрімен танысты. Ол қиял қанатына мініп, өмірге ойлана қараған жас өспірім шағынан бастап, әсіресе Абай өлеңдерін сүйіп оқыды. Өзі өскен ауылдың өзі білетін ел-жұртының көңіл күйін, қайғысын, мұңын, қуанышын, арманын түсіне білген ақын ағаның терең ойлы өлеңдері оның шын жан азығы болды.

Бүркіт ойлап кетсе, көз алдына елестейтін тағы бір кезеңі бар. Ол жігіт бола бастаған шағы. Сәнді қала жасыл ағашқа бөленген. Су жағасында серуендеген жұрт. Бүркіт жалғыз келе жатыр. Көзі тұманданып кеткен. Ол қалың ойда. Көңілінде тағы да Абай сөздері. Күйінішті арманға толған ақын өлеңдері есінен шығар емес, бұның да өкініші, арманы бола бастаған. Абай жолы, Абай мектебі бұның да жүрегіне шам жаққан. Сол күндері «Қайтсем сорлы халқымның өкінішті өмірін жөндеймін?» деген бұның да жүрегінде жарқын тілек туған жоқ па еді? Иә, сөйткен еді ғой... Сол тілек жаңа қанаттанған жас жанын бір үлкен мақсатқа апарып тіреді емес пе?.. Иә, және Сол кезде бойында ұйықтап жатқан жас арыстан — дарыны оянып, өзін де өлең жазуға шақырған жоқ па еді?? Иә, иә, сол бір оянған дарын шын арыстандай айбатты болып шықты. Оның бірінші шығарған дыбысы да арыстанның ақырғанындай, мүлгіп жатқан қазақ даласына тез-ақ жетті. Біреуді шошытса, біреуді қорқытты. Содан кейін барып ақын Бүркіт аз жылдың ішінде көзге түсті, ауызға ілікті. Сөйтіп жүргенінде ол Ақанға кездесті. Асқан дарынды ақын аға өзінің жалынды жырында «қазақ», «ел», «туған жер» деген көне сөздерге жаңа ұлттық мағына беріп, осы уақытқа дейін өмір алақанына сап тек мәпелеп келген, тау қиясындай қыспақ дүниені әлі көрмеген балғын жасты халқына деген шексіз махаббатқа баулыды. Ақ көңіл, баладай сенгіш ақын ағаны ол жанындай жақсы көріп кетті. Оның өлеңіне, өміріне еліктеуді шығарды. Иә, сол еліктеудің арқасында бұның да жырларында «қазағым» деген даланың сарнай соққан желі тәрізді қайғылы үн пайда бола бастады емес пе еді? Бірақ ерте құлпырған қызғалдақ, уыз жас, кейде ашық аспан тәрізді, заманының жаңа лебін де аңғаратын. Бағзы уақытта оның өлеңдерінде бір қуаныштың құдіретті серпіні де естілетін. Өстіп арбаға жаңа жегілген асаудай, даңғыл жолмен дұрыс жүре алмай, әлсін-әлсін бұрыла шауып, үрки тулап жүрген кезінде Ақан елді.

Сол бір қайғылы елім Бүркіттің қазір де көз алдында... Бұрын көк аспан алғашқы рет ұшқан құсқа қандай мөлдір, ұшан-теңіз болып көрінсе, Бүркітке де дүние сондай кіршіксіз таза, ғажайып кең секілденіп көрінетін. Қанатын қаққан сайын, жоғары шарықтай беремін деп ойлайтын. Ол өзіне де, өзінің қанаты болған жырына да сенетін. Халқым үшін қаққан қанатым талмайды, оның қонар бақыт шыңы да жақын деп түсінетін.

Өмірдің ұзақ, ауыр жол екенін, оның өкінішінің де, қуанышының да қатар жүретінін Бүркіт бұрын, басына іс түспегендіктен, бұлдыр ғана аңғаратын. Бақыттың су астында жатқан құм емес екенін, сүңги салып шеңгелдеп ала алмайтынын да енді ғана түсінді. Онай уысқа сыймайтынын да сезе бастады.

Ақан өлімі жас жігіттің көңіл дүниесінің астан-кестеңін шығарды. Бұзып-жарып өте алмайтын жарға әкеліп тіреді. Ақанның бар жазығы халқын сүйгені деп түсінген жасқа оның ажалы бір жан түршігерлік әділетсіздікке айналды. Бүркіт осы әділетсіздікпен қасық қаны қалғанша күресуге бел буды. Оның бұнысы зорлық көптен кішкентай баланың, күші жетпесе де, үлкен адамға жармаса түсуі секілді еді. Бірақ сонау тау құлатамын деген жастық шағында кісі бұның бәрін ойлай ма! Және аяулы адамнан айрылған Бүркіт секілді жаны күйінген жасқа алды-артыңды аңғармадың деп өкпелеуге бола ма? Оның өзінің жан дүниесі бар, дәл мұндай жағдайда Бүркіт секілділердің басқа өмірді ұмытуы табиғи іс.

Аға ақын осы бір ойламаған өлімімен өзінің ұстаған жолын ақтағандай еді. Бүркіт те осылай деп түсінді. Сондықтан ол бұдан әрі былғалақтамай, біржолата Ақан жағына шықты.

Жүрегін қайғы өртеген осы бір қиын сағатта, егер Бүркіттің жанында жаны ашыр, ұстам берер бір шын жолдасы болса, мүмкін ол бұлай бірден құлап кетпес пе еді, қайтер еді. Ал оның ақылгөйі бұл кезде тек Әкпар болды.

Әкпар мен Бүркіт бір болыстан еді. Гимназияға да бірге келіп түскен, бірге бітірген. Бірақ екеуінің арасы қызық. Жақын болса да алыс. Алыс болса да жақын. Дос болса да қас. Қас болса да дос.

Бұған себеп көп-ті. Әлі екі жол болып айрылмаған достық «қазағым» деген бір тілектестіктен, бір бағдардан туған. Ал екеуін іштей жауықтырған — әрқайсысының өз басының қызығы, өмірдегі бірінен-бірінің артық-кемдігі, махаббат дүниесі.

Әсіресе, араларындағы шешілмес екі түйін айрықша көзге түсетін.

Жасында өлеңге әуестенбеген қазақ кемде-кем-ақ шығар. Әкпар да өлең жазатын. Бірақ бұның ақындығы жүректен тулап атқан дарын көзі емес, табиғаттың бермеген қасиетіне өзін-өзі зорлау еді. Ақын деген ол кезде өте ардақты есім болатын. Бірден ел басқарар қызметке ілігіп кете алмаған Әкпар ақындық та жұрт аузында жүрудің бір жолы деп, өлең қуды. «Шын жыласа — соқыр көзден де жас шығады» дегендей, әрине, бұ да құр алақан болып қалмады, кейбір ұлтшылдық рухта «қазағым», «елім», деген секілді алғашқы айқай-шулы өлең-жырлары «Сана», «Айқап» журналдарында басылып та жүрді. Осы бір өлең қуған жастық кезінде Әкпар да, Бүркіт те Ақанды тапты. Бірақ өлеңді өмірімен тең санайтын Ақан Әкпардың дарыны жоқ екеніне көп кешікпей көзі жетті. Сондықтан да ол ақындық жағынан Әкпардан гөрі, Бүркітке көбірек көңіл бөліп, оны жұрт көзінше көтере бастады. Бұл алалау қызғаншақ ойлы Әкпардың Бүркітке ала көзбен қарауына себеп тудырып, іштей ол Бүркітті күндейтін болды.

Екеуінің арасындағы жаугерліктің екінші себебі — жұмыртқадай аппақ, қызыл ерін, оймақ ауыз, алтын шашты, теңіздің суындай ашық көгілдір көзді Ольга еді. Бұл — гимназия директоры, орыстың ескі оқығанының бірі Павел Николаевичтың жалғыз қызы. Ольга гимназияны биыл ғана бітірген. Сымбатты денелі, қазақ қыздарындай тірсегіне түсе бұлаңдаған қос бұрымды, оқтаудай түзу, бір асқан көркем жан. Қазақ жерінде туып, қазақ, жерінде өскен. Сондықтан да қазақшаға судай аратын. «Қос етек, бұраң бел», «Екі жирен» секілді арқа әндерін шырқатқанда, жұрт таң қалатын. Міне, осы Ольганы Бүркіт пен Әкпар екеуі бірдей жақсы көрді.

Екеуі де Ольганың суретті ескерткіш альбомына өлең жазды.

Әкпар:

Ойнаған су түбінде сусар едің,
Көргеннен саған мен де душар едім,
Бетіңнен бір сүйгізсең шөл қандырып,
Басылып асау тұлпар жусар едім,—
деп өзінің топас мақсатын айтса Бүркіт:
Өмір — теңіз, толқи өтіп барады.
Жастық — жалын, шалқи өтіп барады.
Азат таңда туған ыстық махаббат
Азат жанды шарпи өтіп барады.
Ольгам менің,
Өмірмен теңім,
Күлгенің — күнім,
Қайғы-өкпең — түнім.
Өзіңсің барым:
Ұятым, арым, —

деп жеріне орнай бастаған жаңа дүниеге қуанған жас сезіммен, жаңа ырғақты өлеңмен өзінің жүректегі арманын қызға жолдады. Әрине, ақын жанды жас сұлу, байлығына сеніп көкіген, аққу құсқа шүйгелі тұрған қара бүркіттей дөрекі Әкпардан гөрі, қол жетпес жұлдыздай арманы бар, дүниеге ойлана қараған Бүркітті таңдады.

Бұл соққы Әкпарға жеңіл тиген жоқ. Мызғымас қара тастай құр сыртымен ақ жай болғанменен оның іші бұлқан-талқан, жапырған ыза — қара түтінге толулы еді. Дегенмен, Әкпар апыл-құпыл тез қимылдар ашуға жол бермеді, жүрек жанып, осы қара түтін — ызамен үнсіз ыстай берді. Ал бұл қара түтіннің қара күйеге айналып бір күні жиылып сыртқа шығарын, әлде өмірбақи жазылмас жан жарасына айналарын — оны күні бұрын болжау қиын-ды.

Әкпар Бүркітке деген өшпендігін таспен бастырған жылан ініндей етіп, жүрек түбіне мықтап тұрып бекітті. Күнім туса, іште жатқан қос жылан — өшпендіктің де сыртқа шығар көзі болар, ал әзірге көкірегін от — өкініш күйдірген Бүркітті өз жолыма пайдалануым керек деді. Міне, осы оймен ол Бүркітті алдымен замандас, бір тілектес қазақ жастарымен бас қосып, алдағы күрес жолдарын белгілеп алуға көндірді. Бұған Бүркіт қарсы болған жоқ. Тіпті қуана мақұлдады. Бұлар бұл мәжілісті Ақанның қырқы күні өткізуге келісті. Күні бұрын саpaланып шақырылатын адамдардың тізімі жасалды. Бұл мәжілістің мақсаты: алдымен қазақ оқығандары болып пікір алыспақ, бұдан әрі қамдай жолға түсулерін кеңеспек. Өзге жұрттан оңаша болу үшін, ол кезде қазақ жастары бәлендей әуес ете қоймаған, ресторанда жиналуға ұйғарды. Міне, бүгін осы Ақанның қырқын беретін күн еді. Төбесінде алтын бедерлі ойыншықтармен, ұшып жүрген қанатты жалаңаш хор қыздарының суреттерімен әшекейленген кенезі ресторанның іші лық толы, әр тараптан жиналған кісі. Скрипка, күйсандық, гитар тартатын үш адамнан құрылған «оркестр».

Үшеуі де бірдей жанын салып ойнауда. Әсіресе, гитар тартушы. Өзі сәл мастау. Күйсандықтың жанында отырған бітеу жағалы, жеңін бүрмелеген ұзын көйлекті орта жасқа келіп қалған әйел жұртты менсінбей, тәкаппарлана қарайды. Сірә, бір кезде «болған үйден» шыққан жан екенін, енді қазір амалсыз күйсандық ойнап отырғанын көрсеткісі келгендей.

Дөңгелек үлкен үстелдерді қоршай отырған — сол кездегі сәнге еліктей, маңдайларын тарамдалған кекіл жапқан, жібек пен батсайыға малына киінген, барынша боянған жеңіл мінезді әйелдер, желеттерінің қалтасынан алтын сағаттарының баулары төгіле түсіп тұрған, ақ көйлекті, қара бантты, ағылшын бостонды тройкалы «НЭП батырлары» бай сәудегерлер. Гу-гу сөз арасынан олардың «Әй, мұжық тездетсейші!», «Адамсымағым, тағы екі бөтелке шампан жеткіз!» деген мәрдемсінген дауыстары естіледі.

Осы үлкен залмен іргелес келген кең бөлмеде бір топ қазақ жасы отыр. Бұлардың да алдында — тағам, шыны-аяқ кеселер... Бірақ арақ-шарап емес, қымыз, туралған ет... Қабырғада ілулі Қ. Брюлловтың «Помпейдінің күйреуі» атты суретінің біркелкі әдемі салынған көшірмесі. Ресторан иесі — бай саудагер «Дүние күйреуге айналды» деген ойды айтқалы, бұл суретті әдейі ілгендей.

Бөлмеде бірталай адам бар. Төрде — Бүркіт. Оның жанында — арықтау келген ақ құба, жұқа өңді, үстінде кеңірдек барқыттан тіккен толстовкасы бар жас жігіт. Бұл — Хасен. Бүркіттің руласы, кедей ауылдың баласы. Бұ да ақын. Бірақ Бүркіттен бұның жолы да, ақындығы да бөлек. Жалындаған отты жүректі қазақ жеріне келген жаңалықты, бала бүркіттей саңқылдаған өткір даусымен құттықтай жырлаған жас. Тілектері, жолдары бөлек болғанменен, Бүркіт бұны ағайындығын ортаға сала, әдейі шақырған. Бүгінгідей қайғылы күні Хасен де бізді түсінер, бізге қосылып та қалар деген дүдәмал сенімнен де құр емес. Үстел басындағы өзге жұртқа қосылмай, терезе алдында шылым тартып Әкпар тұр. Қабағы түсіп кеткен, қалың ойда, тек анда-санда Хасенге сескене, күмәндана көз тастап қояды.

Хасен Әкпарға бұрыла бір қарады да, қабырғада сүйеулі тұрған домбыраны алып, ақырын шерте бастады. Домбыра үні жүректі де шерткендей, үй іші енді бір сәтте түнере түсті.

— Жүрегің қалай күймесін, жаның қалай қапаланбассың —деді Бүркіт қайғыра сөз бастап,— аспандағы күннің көзімен бірдей арамыздағы ақын ағадан айырылдық. — Ол ауыр күрсінді.— «Бізді дәл осылай расымен жетім қалдырып кеткені ме?» деп өкінесің, тіпті сенгің де келмейді...

— Тастап кетейін деді дейсің бе?— Әкпар да күрсіне сөйледі. — Сөйтуге ол мәжбүр болған жоқ па? Тек өлім ғана соңынан түскен қуғыннан құтқарды емес пе?..

Хасен: «Тағы не айтасың?» — дегендей, Әкпарға бұрыла қарады, бірақ үндеген жоқ. Үй ішіндегілер де үн-түнсіз Бүркіт пен Әкпардан көздерін алмай, тына қалыпты. Бұлар әлі де олардан сөз күткен секілді. Бүркіттің дауысы енді қаттырақ шықты.

— Иә, жігіттер, бүгінгідей қайғылы күні біз секілді халқымыздың көзі, оқыған жастары тек қана қайтыс болған ақын ағаны жоқтағалы жиналып отырған жоқпыз,— деді сәл орнынан қозғалып.— Ұлы қасірет үстінде ардақты Ақан ағадай, қазақ деген кішкентай халқымыз үшін жүрегіміздің бар отын береміз деп уәделескелі жиналып отырмыз.

Хасен босап кеткен домбырасының құлағын ақырын бұрады да, жұртқа естілер-естілмес етіп, «Ақсақ құлан» күйін ойнай бастады.

Бүркіт сөзін жалғай түсті.

— Ақын аға қайтыс болғалы қырық күн өтті. Сол қырық күн маған қырық жылдан кем тиген жоқ. Жанымды қоярға жер таппадым. Жүрегімді ыза кернеді. Егер бұрынғыдай жауға жете шабатын батырлар заманы болса, қолыма найза алып, жауға жалғыз шабар едім. Әттең не керек, ол заман сағынсаң да, қайта оралмас сағым болып шықты. Қолдан келері көкіректегі кекті алдаспандай жауға қайрай беру екен. Ақан аға өлімі маған ең алдымен осыны аңғартты.

Кенет домбыра үні үзіліп кетті. Жұрт Хасеннің бетіне қарай қалды. Анау орнынан созылыңқырай түрегелді.

— Ал мен Ақан қабырының басында тұрғанымда, ең алдымен ойыма келгені оның өлеңі болды,— деді Хасен сыбырлай сөйлеп.— Ақан көрген алтын күнді біз де көріп жүрдік. Ақан басқан қазақ жерін біз де басып жүрдік. Бірақ оның өлеңін оқысаң, сол күн сен көргеннен гөрі сұлулау да, сәулелі де секілді. Сен басып жүрген қазақ жері де өзгеше тәрізді. Кеңдеу де әдемі. Сөйткен дарынды ақынның жас қабыры маған кенет қабыр емес, халқымыздың кеудесіндегі жара секілденіп елестеді.

— Жақсы айттың, Хасен,— деді Бүркіт,— Ақан өлімі халқымыздың кеудесіндегі жарасы деп... Сол жараны ұмытуға бола ма? Кешіре аламыз ба?

— Кімге кешіре аламыз ба дейсің?

— Әрине, мыналарға,— ол көрші залда отырғандарды меңзеді,— осылар емес пе Ақан өліміне себепкер болған?..

— Олар айыпты емес.

— Онда кім? Әлде менмін бе?!

— Сен де, мен де, осы отырған өзге жұрт та айыпты емес. Сондай үлкен дарынын аямаған, халқының тілегіне қарсы келген Ақанның өзі айыпты. Оның өлімі кімде-кім жұртымен бірге болмаса, осындай күйге ұшырайтынын ескертеді. Әсіресе, Бүркіт, сен секілді әлі жолын дұрыс таба алмаған, шатасқан жанға бұл үлкен сабақ.— Бүркіт бірдеме деп келе жатыр еді. Хасен, «Қоя тұр!» дегендей, қолын бір сілтеді де, сөзін жалғай берді.— Айыпты дейтін болсаң, Қасым қылығын қалай түсіндіресің?

Қасым уақиғасы бұл отырғандардың бәріне мәлім, бір кезде қазақ ауылын сілкіндірген уақиға.

Ертіс өзенінің бойында қыстауларынан алысқа ұзамай, жаз болса азғантай малдарын көл жағасында бағып отыратын Арғын руына кірме бір кедей ауыл барды. Сол ауылдың ақсақалының бірі — Молдабек деген шал. Ақ шатыр қаласына бір барғанында атының артына мінгестіріп жалбыраған зығыр шашты, көгілдір көзді орыстың жеті жасар Костя деген жетім баласын ала келген. Ондағы ойы — балаға ержеткенше қозы бақтырып, ержеткен соң қаласына қайта апарып салу. Қосылғалы әйелінің пұшпағы қанамаған Молдабек көп кешікпей бұл ойынан бірден қайтты. Костя ақ көңіл, адамның іші-баурына кіріп тұратын жұмсақ мінезді, бауырмал бала болып шықты. Молдабекті «көке», оның әйелі Биғайшаны «апа» деді. Бала көре алмай зарығып жүрген ана Костяға құлап түсті. Тумаса да туғандай көрді. Ақырында кең пейілді кемпір-шал баланы молда шақыртып сүндетке отырғызып, атын қазақша Қасым қойып, біржолата бауырларына басты. Қасым да оларды туған әке-шешесінен кем көрмеді. Әне-міне дегенше, қазақ тілінде мүдірмей сөйлеп, «Қамажайды» шырқата айтып, нағыз қазақ баласы болып кетті. Ауыл балаларымен бірге асық ойнап, тайға мініп, көңілдене өсе берді. Сөйткен Қасым он тоғызға толғанда солдатқа алынып, он алтыншы жылы соғысқа жіберіледі. Ауылда өсіп, хат тани алмай қалған Қасым үш жыл майданда көрмеген қорлығын көріп, ақырында, арып-ашып, қойнында ұшы кесілген қысқа мылтығы бар, ауылға қайтты. Қайтқаны не керек, ол жан шошынарлық қанды уақиғаның үстінен шықты: Қасым келерден бір күн бұрын Дутовтың қазақ «кәрлі қылыш» деп атайтын каратель тобы көл жағасында отырған Молдабектің жеті үйлі кедей ауылын, «қызылдарды тықтыңдар» деп, шауып кетеді.

Ауылдың ержеткен ұл-қызын, азамат жігіттерін былай қойып, кәрі Молдабек пен Биғайшаны бас етіп, бесіктегі балаға дейін қырып салады. Атқанын атып, шапқанын шабады. Бүкіл ауыл үстін телегей-теңіз қанға көмеді.

Арып-ашып, сөйтсе де бірге өскен құрбы-құрдастарымды, кәрі әке-шешемді көремін деп, сонау қаладан жаяу, асыға келген Қасым қырылып жатқан бауырларының үстінен шығады. Есінен адасуға таяу тұрған Қасымға бүкіл ауыл адамдарынан тірі қалған жындана бастаған жалғыз ақсақ кемпір:

— Бәрін, бәрін орыстар қырып кетті!— деп шашын жайып, ойбайын салып түсіндіреді.

Осы кезде қаладан бұл уақиғаны естіген қызыл әскер отряды келеді. Бір тобы Дутов бандыларын қуып кетеді де, қалғандарды көр қазып, өліктерді қоюға кіріседі. Боп-боз болып көзінен бұршақтай жасы домалаған Қасым да өзі өскен ауылының адамдарын, бірге ойнап-күлген құрбыларын көмуге қатынасады. Қанша қиын болғанмен, қолына күрек алып, қазылып жатқан жердің бір шетіне барады. Күн бата қабыр қазылып болып, шіри бастаған өліктерді, ардақтап қоюға мүмкіншілігі жоқ қызыл әскерлер, терең қазылған орға бірінің үстіне бірін сала бастайды. Қасым нағыз есінен айырылған жан секілді, не істеп, не қойғанын өзі де білмейді. Бір қызыл әскер мен екеуі өн-бойы қылышпен айқыш-ұйқыш шапқылаған Биғайшаның кәрі денесін көрпеге орап, орға жеткізе бергенде, аз уақыт толықси кеткен ақсақ кемпірге кенет ес кіріп, дударланған шашын жұла:

— Қасым-ау, Қасым, не жазып едік біз әлгі көк жендеттерге!? Діні мен тіліне түсінетін бе едің, айтсайшы жазығымызды?!—деп зарлана айқай салды.

Қасым бұл кезде өр жағасында тұрған-ды. Кенет гүрс еткен мылтық даусы естілді. Жүгіре жиналған қызыл әскерлер қанға малынып жатқан Қасымды көреді. Шолақ мылтығымен дәп өкпе тұсынан өзін-өзі атыпты.

Оқ жүректен ине ұшындай алыс өтіп, Қасым бір жыл ауруханада жатып түрегелді. Жазылысымен, құрып кеткен ағайын-туысын жоқтатпаймын деп, қайтадан өзі өскен ауылының қалған жұртына келіп, көл басына жападан-жалғыз үй тігіп, жаңа өмірге кірісті. Көп кешікпей бұның жанына өзі секілді қара табан кедейлер жинала бастады. Бұл уақиғаны жұрттың бәрі білетін. Және Қасымды жұрт бұрынғысынан да жақсы көріп, енді қазақ атаулысы оны шын құрметтейтіні осы үйде отырғандардың бәріне де мәлім еді. Бұл уақиғамен Бүркіт те таныс. Қасымды көзі көрмесе де, бір кезде ол туралы «Бауыр» атты дастан да жазбақ болған. Хасеннің сұрағына ол енді екі ұшты жауап берді.

— Қасым — қазақ.

— Ал Ольга Павловна ше?

Бүркіт үндемей қалды.

— Жоқ, жігіттер,— деді Хасен жан-жағына қарап,— қазақ жеріндегі қазіргі тартыс — он алтыншы жылдағыдай бұқараның патша зорлығынан бас тартқан ұлттық тартысы емес, тап тартысы. Біз ұлттық тәуелсіздікке жеткен халықпыз. Ал Ақан өлімі — өзінің ұстаған бағдарынан көңілі қалған адамның өлімі. Халқының ертеңгі күніне сенбеген адамның өлімі.

Бүркіт кілт ойлана қалды. «Ақан ажалы туралы дәл осыған ұқсастау пікірді Әкпар да айтқан жоқ па? Иә, иә. «Жаудан емес, өзінен, күрестен қашқан адамға енді сенің көмегіңнің керегі жоқ» деп еді ғой ол, ақын терезеден құлап жатқандай. Тек жалғыз мен ғанамын ба Ақан өлімін халық құрбаны санайтын?.. Бүркіт ой ұшына жете алмады, Әкпар бөліп кетті:

— Ал халқымыздың «ертеңгі күнінің» қандай болатынын қайсымыз білеміз?— деді ол қабағы әдетінше дір етіп сілкіне қарс жабылып.— Осы бір дүдәмал ой көкірегімізге шаншудай қадалып тұрған жоқ па?.. Әсіресе сорлы қазақтың басынан өткен нелер алуан қиындықты есіңе түсірсең, қабырғаң қайысып сынып кеткендей болады! Бәрімізге бесік болған осынау сарғалдақтай сарғайған Сарыарқаның үстінен гүндердің, жоңғарлардың, Шыңғыс ханның, Ақсақ Темірдің құмырсқадай қаптаған қолдарының өткенін білмейтін кім бар?! Қанша қан төгілді, қанша халық қырылды! Шабылған ауылға, төгілген жасқа сан жете ме? Мүмкін бүгін бізде ел де, жер де болмаған болар еді, егер біздің көреген ерлеріміз Россия патшасының қол астына кірмегенде... Ақ жүрек адал қайраткерлеріміздің бұл қылықтарын сөкет көретіндер де аз емес, бірақ олар екі зұлымдықтың жеңілін таңдады. Халық болып біржолата құрып кетуден көрі, тәуелсіздіктен айрылып, елін, жерін сақтауды дұрыс көрді.

— Сол ұлттық тәуелсіздігімізді жойған Россия патшалығының өзі де құлады ғой,— деді есікке таяу отырған, ашамай сүйекті, тарамыстай қатып қалған қара сұр жігіт.

— Дұрыс айтасың, Қаражан.— Әкпар риза болғандай ана жігітке қарады.— Сол Россия патшалығының құлауымен байланысты біздің де алдымызда қадірлі міндет туды: жалпақ далада бытырап жатқан қалың қазақты ағa-інідей бауырмал бір ұлтқа айналдыру керек...

— Айналдыр. Айналдырма деген кім бар?— деді Хасен ұнатпаған пішінмен даусын қаттырақ шығарып.— Оған кім кедергі болды?

— Орыс большевиктері!— Әкпар да айылын жимай жауап берді.— Кедергі болған орыс большевиктер! Олар ойлап шығарған тап тартысы қазақ даласында жоқ дүние! Жұртты бай мен кедейге бөлу! Әйел теңдігі! Ата жолын бұзу!— Әкпар үнінде кенет бір бұрқасын пайда болды.— Осындай дымға тұрмайтын ұрандармен орыс большевиктері баланы — әкеге, ініні — ағаға, әйелін — еріне қарсы қойды... Жоқ, бүйтіп біз ел бола алмаймыз. Халқымызды енді бөлшектеуге бермеуіміз керек. Баспасөзді қолымызға алып, қараңғы ел-жұрттың көзін ашуға тиістіміз! Күресуге міндеттіміз!

— Күресуге міндеттіміз?— Хасен орнынан түрегеліп, ерсілі-қарсылы толқи жүре бастады,— Не үшін, кім үшін күресуіміз керек?

Әкпар ашудан қара күреңденіп кетті.

— Боз торғайдай кішкентай болғанмен, биік ұшар халқымыз бар. Сол үшін күресеміз!

Хасен де сұрлана түсті.

— Ал сол кішкентай халқың қазір екіге бөлініп тұрған жоқ па? Күнін әзер көріп отырған кедейі бар да, ақ майды аяғымен теуіп отырған байы бар. Қайсысының қызығы үшін күресесің?

— Бөлме, бөлме азғантай халқымды,— деді Әкпар екі иығынан демін әзер алып.

— «Ел» деп еңірегенде етегің жасқа толады,— деді Хасен мысқылдай,— ал ойлаған ісіне келсек, жан түршігеді. Қазақ жеріне Қалқаман мен Мамырды оққа байлаған Әнет бабаның қатыгез дәстүрі қайта орнаса екен дейсің... Жоқ, Әкпар, өткен күн өкінсең де қайта оралмайды. Тағы құландай, ұру-ұру боп жалпақ даласында шұбырған қалың қазақ енді етек-жеңін жинап, ел болмақ.

— Ел болуды советтен үйренбексің ғой? Жоқ, Хасен, оның болмайды. Сен «құлан» дейсің, мен «қыран» деймін, екеумізге бірдей ортақ ел-жұртымыз бар. Егер де кімде-кім оның қанатын кесіп, жем құсына айналдырғысы келсе, ол — менің қас жауым. Біліп қой, осыны!

— Қойсаңдаршы кикілжің сөзді!— деді жасы үлкендеу бір бұжыр бет, сары жігіт.— Біз бүгін саясат туралы емес. Ақанның қырқын беруге жиналған жоқ па едік?

Бірбеткей, ашынған аш қасқыр тәрізді Әкпар өзінің айтқанынан таяр емес. Және іштегі таптық ызаны, жалпы қазақтың ұлттық қамын ойлаған жан болып бүркеу оған тиімді. Өйткені үйдегі жастардың көбі оның шын сырын аңғармай қалуы мүмкін. Сондықтан да ол:

— Қоятын дымы да жоқ!— деді бұрынғысынан да өршелене түсіп,— дәл бүгін айдатып жіберсе де, аузымдағы сөзімді айтпай қалмаймын!..

— Ешкім де сені айдатайын деп тұрған жоқ.— Хасеннің де көнер түрі жоқ.

— Бірақ бұндай ескі тәртіпті көксеуіңді қоймасаң, өзіңді-өзің айдатарсың!

— Бұның не, қорқыту ма?

Әңгіме үлкен жанжалға айналуға жақын. Әкпар жауар күндей қап-қара боп түтігіп алды. Ал Хасен әлгідей емес, сәл жадырай түскен тәрізді. Ашуын басқанын білдіргісі келгендей, анандай жерде тұрған домбыраны алып, қайтадан «Ақсақ құланды» шерте бастады. Үй іші тып-тыныш бола қалды. Батып бара жатқан күннің қып-қызыл сәулесі қаланың күнбатыс жақ үстін алабұрта қызартып, терезеден «Помпейдің күйреуі» суретінің үстіне құйыла түсіп тұр. Дәл осы мезетте бұл сурет көгілдір бояумен сырланған қара көлеңке қабырғада нағыз бір жазықсыз төгілген қан секілді.

Мұндай наразылы, көңілсіз күйді жақтырмай қалған өзге жастар жанжал ұлғаймай тұрғанда тарап кетуді дұрыс көрді. Орта шенде отырған шағын құшақ жас жігіт кетуге сылтау іздегендей:

—Үй іші тым ысып кетті,— деді.

—Сірә, жаңбыр жауатын шығар...

—Осындай қайғылы күнде де біз саясатты қозғамай отыра алмаймыз, — деді ренжіген үнмен қомақты келген аңқау жүзді бір жігіт болмаса Ақан ағаның аруағын сыйласақ қайтетін еді...

— Ақан ағаның аруағын сыйлау,— бағанадан бері үндемей қарап отырған Бүркіт басын көтеріп алды, — оның бізге тастап кеткен өсиетін орындау емес пе? — Бүркіт ауыр күрсінді.— Біз о кісі дүние салар алдында үйінде болдық... «Шын жүректеріңмен туған халықтарыңды сүйе біліңдер»,.— деді. Бұл оның бізге қалдырған ең үлкен өсиеті...

Сөйткен ақынды большевиктер өлтірді,— Әкпар тағы да сөзге кірісіп кетті.— Халық бұл қиянатты еш уақытта да кешпейді.

Хасен ойнап отырған домбырасын бір қолына ұстап, Әкпарға тесіле қарады.

— Халық? Халық атынан сөйлеуге сенің қандай хақың бар?

— Ақын — халық ұлы, оның ары, намысы,— деді Бүркіт Әкпар үшін жауап беріп.

Ақын егер халқымен бірге жүре алса, сонда ғана оның ары, намысы бола алады. Ал сендер ше? Сендер халықтарыңмен бірге жүрмек түгіл, қолдарыңа қамшы берсе, оларды кейін қумақсыңдар! Дұрысын айтсақ, сендер халыққа қарсы жандарсыңдар!

Хасеннің сөзі бетіне шашып жіберген ыстық шайдай тиіп, Бүркіт орнынан атып тұрды.

— Солай дейсің бе? Онда мен кім үшін жазып келгенмін?! Он алтыншы жыл туралы дастаным халқыма арналмағанда кімге арналған?.. Көкжал қасқырдай озбырлыққа жалғыз шапқан халықтың қайсар ұлы туралы жазған ұзақ әңгімем ел-жұртыммен бірге екенімді көрсетпегенде нені көрсетеді?! Ал сен... Сен не істедің халқын үшін?

— Мен сендер секілділермен күрестім!—Хасен де жұлқыса түсер бөрідей орнынан ырши түрегелді.

Дәл осы кезде есік ашылып, үйге даяшы кіріп келді. Үрпиісе қалған жұрт жоқ жерден толас тапқандай, бәрі бірдей бұрыла соған қарады.

— Мырзалар, тағы не әкелейін?— деді ақ шашты, оқтаудай тіп-тік ас әкелуші.

— Жетеді... Рақмет. Қанша төлеуіміз керек?— деп жастар әр жерден шулап қоя берді.

— Әуре болмай-ақ қойыңдар, бәрі де төленген. — Әкпар көңілсіз пішінмен терезеге қарай бастады.

Ас тасушы шығып кетті. Үй іші елегізи, қайтадан қам көңілдене қалды.

— Рас, Бүркіт, сен халқың үшін жаздың,— деді Хасен ақырын сөйлеп.— Әйтпесе, бүйтіп сөйлесіп тұрмаған болар едің... Әрине, мен де қой бағып жүрген жоқпын... Мен де жазып жүрмін, бірақ сен секілді даланың сарнай соққан желіндей, елі-жұртым өзгеріп бара жатыр деп қайғырып қақсаған жоқпын. Мен қазақ жеріндегі жаңа өмірді, жаңа ауылды жырлаймын.— Ол ойлана Бүркітке қарады.— Жақында ғана сол жаңа ауылда болдым. Өз көзіммен көрдім. Қазақ халқын енді бұл жолдан ешкім де тайдыра алмайды. Сенбесең ауылға өзің бар. Көр.

— Барсам несі бар, барамын.

— Сонда сөйлесерміз. Ал әзірге... өзгені қойып, осы отырған жолдастарың соңыңнан ерер ме екен, соны бір байқашы... Мүмкін, содан кейін бірдемені ұғарсың!

Хасен ешкімге қарамастан, үйден шығып кетті. Бұны көріп, Нұрлан да іле-шала орнынан түрегелді. О да асыға Хасеннің соңынан шыға берді. Енді үйдегілердің бәрі де тұра бастады. Бүркіт пен Әкпардан қымсынса да, кетуге сылтау іздеп, өз ара сөйлесе, дабырласа жөнелді.

Кейбіреулері Ақанның қырқын беруші Бүркіт пен Әкпарға «қош болыңдар» деп, жай ғана бас изеп, кейбіреулері бір айыпты адамдай жерге қараған қалпында үйден шыға бастады. Көп кешікпей үйде тек Бүркіт, Әкпар және бағанағы қара сұр жігіт — Қаражан ғана қалды. Аздан кейін бұ да орнынан түрегелді.

— Сенің де кеткенің бе, Қаражан?—деді Бүркіт, анау таяқ жұтқандай тарамыс денесін тік ұстап, әдет болып кеткен әскери адыммен аяғын нық басып, есіктің нұсқасынан ала берген кезде.

Қаражан кідіре қалды да, Әкпарға қарады. Анау «бара бер» деген ізет білдірді. Қаражан шығып кетті.

Мінекей, ақырында, екеуміз-ақ қалдық!.. — деді Бүркіт ауыр күрсініп,— осылай боларын жүрегім сезген еді. Бірақ дәл осындай бізді жалғыз тастап кетеді деп ойламап едім. Бұл не сұмдық?! Кеше ғана жаңағылардың көбі жеке автономияны, ұлттық тәуелсіздікті көксеген жоқ па еді?.. Ал бүгін... «Қазақ», «ұлт» деген сөздерден қорқып, бәрі бықбырт тигендей қаша жөнелді!.. Өстіп те ел бола аламыз ба, жұрт бола аламыз ба?!

Бүркіт кенет төмен қарап, қайғыра қалды. Көңілі құлазыған қу тақыр тәрізді, селт етер емес.

Бүркітке дүние кенет қасқыр апанына ұқсап кетті. Қап-қараңғы, кердей үңірейген. Тек шоқ кездер ғана жылтырайды. Аяғыңды бассаң болғаны, қанжардай қадала түсер сояу тістер жас денесіне бас салғалы тұрғандай. Жүрек, ми ауыр соққыны көтере алмай, әп-сәтте тоқтап қалған тәрізді. Өмір, арман, сенім — бәрі мұны біржолата тастап кеткендей. Тек бойын ауыр қайғы басуда. Әсіресе жолдастарының кетіп қалғаны оған батып барады. Жолдастарынан айрылғаны — дүниенің қуанышынан айрылғанымен бірдей. Дәл осы минутте ол өмірдің бір таптырмас қасиетін жоғалтқанын анық білді. Ол не қасиет? Ол — Бүркіттің алдағы күнге деген сенімі. Бұл сенім осы уақытқа дейін аспанға ұшар қанаты, теңізге салар қайығы болып келген. Ал қазір сол қанат та, қайық та біржолата күйреген тәрізді. Сондықтан да оған дүние қасқыр апаны секілді, аяғын басса болғаны, алдында тек қорқыныш, қатер.

Бүркіттің бұл жағдайы Әкпарға айқын. Әкпар Бүркіт емес. Ол өзі қасқыр. Жарық дүниеден кері, қара үңгірге үйір. Бүркітті де соған баулымақ. Бірақ Бүркіт оған көнер ме? «Көнеді. Көндіру керек, өйткені Ақан алдында оның қарызы бар. Ақан қаны — қарызы. Өзі төкпесе де, әнге текті. Өші текті. Сол қарыздан құтылмай, менен құтылмайды. Құтқармаймын. Тек осы бір қатерлі сағатта құрық үзіп кетпесе болғаны».

Осындай шешімге келген Әкпар енді Бүркітті қалай босатпауды ойлай бастады. Қамшымды оқыс көтеріп, үркітіп алмаймын ба деп, сезді неден қозғауды білмей тұрғанда, Бүркіт өзі жәрдем берді. Бағанадан бері қайғы иығын албастыдай басып отырған жас ақын бір мезетте басын көтеріп, Әкпарға қарады. Анау қанша атсаң да оқ өтпес, мызғымас қара тас тәрізді. Қомақты қабақтарын қапсырта түксиіп, жұрттың тастап кеткенін, өздерінің жалғыз қалғанын шыбын шаққан құрлы көрмегендей, селт етер емес. Беті бүлк етпестен сазарыпты да қалыпты. Бүркіт ызадан көкірегі қарс айырылуға таяп, не істерін білмей, іштей бұлқан-талқан болып тұрғанында, ананың мызғымас беріктігі шымбайына батып кетті, кенет ол ашу қысып:

— Сен неге тұрсың бұл жерде? — деп дүрсе қоя берді.— Сен емес пе ең менің Ақанмен жақындығымды, бойыма біткен ақындығымды көре алмайтын? Бақас көңілің жай тапқан шығар, қуан, күл! Көрдің ғой қандай бағам бар екенін! Табала! Түкір бетіме! Сен де кет! Бар!

Әкпардың, ерні ақырын ғана күбір ете қалды.

— Маған кетуге болмайды.

— Неге?

— Бүгін білдім, бұл жалғандағы жалғыз серігім, жан жолдасым сен ғана бола алады екенсің. Жасырмаймын, саған деген қызғаншақтығым да, бақ күндестігім де бар еді, бірақ, оны бүгіннен бастап жүрегімнен қуамын. Өлең, қыз дегендер, біздің ұстаған жолымызға қарағанда, ойыншық екен. Оны да түсіндім. Міне қолым, міне — антым, сеніменен тілегім бір, арманым бір.

Әкпар Бүркіттің осал жерін дәл басты. Ақ көңіл, адамға сенгіш ақын ананың бақ күндестігін, қызғаншақтығын жасырмай айтқан сөздеріне бірден құлап түсті. Ол дәл осы минутте суға кеткелі тұрған өзі емес, Әкпар екенін аңғармады. Бұған Әкпар емес, Әкпарға өзінің қол бергелі тұрғанын сезбеді. Тек «сенімен тілегім бір, арманым бір» деген сөзге нанып, қасынан бар серіктері қашқан кезде, мызғымас жан жолдас тапқанына қуанды. Дегенмен, Әкпарға біржолата беріліп кетпей:

— Тілегіміз бір, арманымыз бір болғанмен, не пайда,— деді ол жүректегі толқынын әзер басып,— көрмей тұрсың ба ол тілектен, ол арманнан не қалғанын?

Әкпар Бүркіттің үнінен мұздың жіби бастағанын әбден байқады. Сөйтсе де қуанышын сыртына шығармай, ананы қайрай түсті.

— Абай ағамыз айтқан жоқ па еді: «Тек жігерсіз жан ғана алдағы күнге сенбейді»,— деп. Алдағы күнге сен. Біз екеуіміз сенсек, бізге сенетін үшінші адам да табылады. Үш адам бар жерде топ бар. Топ бар жерде халық бар.

Бүркіт көңілдене бастады. Жаңа ғана оған әлем бетін қараңғы түн тұмшалап алғандай көрініп еді. Сол түнде жолға қалай жалғыз шығам деп зәресі кеткен. Ал қазір сенімді серік табылды. Екі адамға қандай түн болса да қорқынышты емес. Біріне-бірі әскер, біріне-бірі қолбасшы. Жалғанда жалғыз қалудан ауыр азап жоқ. Енді міне, жалғыз емес, серігі бар. Ал бағана...

Бүркіт Әкпарға өзінің қалай серік болып қалғанын аңғармады. Дәл осы мезетте не істерін білмей абыржыған жас ақын Әкпардың бұл серіктігі қанша қиындыққа, азапқа ұшыратарын болжай алмады, білмеді. Тек таяқ жеген жас баладай кім құшағын ашса, соның бауырына кіріп, өксігін басқысы келді.

Бүркіттің бұл жағдайын түсінген Әкпар аңқау жайға тас құшағын аша түсті. Енді ол есік жаққа бұрыла бір қарады да, қалтасынан орамалға оралған қол басындай бір қатты затты алып Бүркітке ұсынды. – Ал қалтаңа салып қой.

— Бұл не?

Бүркіт орамалды ашып, жылтыраған қап-қара браунинг — тапаншаны көрді.

— Маған... бұның не керегі бар?

— Қасқыр қонаққа шақырса, итіңді ерте жүр... Бұның қалай атылатынын білесің бе?

Бүркіт басын шайқады.

— Бұл өзі оқтаулы. Тек мына серіппесін бассаң болғаны...

— Заматта бір кісі жоқ болады ғой, ә?

— Бір жауың жоқ болады.

Бүркіт браунингті қайтып берді.

— Жоқ, Әкпар, халқым келешегі үшін мылтықпен емес, жалынды жырыммен, өлеңіммен күресемін...

Әкпар браунингін алып, қалтасына қайта салып қойды.

— Бекер алмайсың... Дүниеде өлеңді сыйлаушылардан гөрі күштен қорқатындар көп... Ал мылтық болса... жарайды, кеттік. Жаңбыр жауа бастады ғой деймін...

Бұлар үйлеріне қайтпақ болып көршілес ресторан залына шыққанда, мұнда кісі бұрынғыдан да көбейе түсіп, ішу әбден қызып алған екен. Гу-гу әңгіме. Біреулер сүйісіп, біреулер ұрысысып жатыр. Күлген де, жылаған да дауыс естіледі. Зал тәртібін бақылаушы еңгезердей бұжыр жігіт мас болып қалған бір жастау жезөкше әйелді сыртқа қарай сүйрей әкетіп барады.. Әйел әлденені айтып жалына, би билегісі келіп, музыка ойнаушылардың алдындағы кішкентай алаңға қарай тап-тап береді.

Бүркіт пен Әкпар залдың бір жақ шетімен жүріп отырып, сыртқа шығар есікке жеткен кезде сәл кідірді. Бұрылып арттарына қарады. Өз бастарына қара түсіп тұрғанда, мына жұрттың қаннен-қаперсіз арақ-шарап ішіп, сауық құрып жатқаны оларға жүрек айнытатын бір жексұрын іс болып көрінді.

— Нағыз оба кезіндегі той-думан!— деді Әкпар.

— Менің ойыма Омар Хайямның бір өлеңі түсіп кетті,— Бүркіт жолдасына қарады.— Есіңде ме:

Ажал ортақ жерді басып жүргенге
Патша менен пақыр бірдей өлгенде.
Рақат қана бұл жалғанның қызығы,
Өзге тірлік құр әуре ғой білгенге... — дегені?!

— Олай болса — несі бар?— деді езу тартып Әкпар,— қазір ана бір үстелге барамыз да отырамыз. Шампан алдырып, бір-екі қызды жанымызға шақырамыз да, біз де рахаттана бастаймыз.

— Қайсысын? Ана қызды ма? Әлде анасын ба?

— Ол екеуі аз болса, әне, ана біреуін де, ана бұрыштағысын да... Қыдырсаң, айды аспанға шығара қыдыр!

— Сөйту керек... Бұл нағыз оба кезіндегі рахаттану болады.

Екеуі залға жеркене қарап, сәл күлісіп тұрды да, тез сыртқа шығып кетті.

III

Биылғы жаз бір ерекше жаз еді. Қыс қар мол түсіп, көктем шыға тасыған өзен, сайлардың суы жүздеген километр жерді көл-көсір етіп басып кетті. Ойпат, ылдилар, шетіне көз жетпес дария, көлдерге айналды. Бүкіл дүние жүзінің қаз, үйрегі, аққуы тек қазақ жеріне ұшып келгендей, ақ айдынды кең далада шыққан құстың у-шуынан құлақ тұнды. Жер кеуіп, көк шыға күн күркіреп өктім-өктім жаңбыр құйды. Әлем беті енді ұшы-қиыры жоқ теңізге айналды. Қара құйқадай құнарлы Арқаның асыл жері лықылдап суға тойды. Дәл осы кезде жауын тоқтап, жарқырап күн шықты. Бүкіл жалпақ далада көгорай шалғын — көк балауса ду ете қалды. Бүкіл әлем бетін қызылды-жасылды бәйшешек пен қызғалдақ басты. Шілденің бас кезінде шөп әбден толығып, құлын көрінбестей боп бітік шыққан жасыл шалғын ит тұмсығын тыға алмастай иін тіресе, желдірте соққан самал желмен сыбдыр қаға, кілем түріндей құлпыра түсті. Тіпті жылда адам тізесіне жетер-жетпес болып бітетін бөз бен түтін түстес көгілдір жусан да биыл қашқан қоянның құлағының ұшы ғана көрінерлік биік.

Ал өзге жылдардан гөрі суы мол, қамысты көлдер мен талды өзендердің жағасына біткен шалғынның шығымын адам сөзбен айтып жеткізе алардай емес. Құрағы қайсы, қияғы қайсы — айыру қиын. Бір-бірімен құшақтаса өсіп, сыңсыған құстың жұмыртқа салар ұясына айналған.

Осы жомарт жаздың әбден толып, ерке сұлудай құлпыра толықсып тұрған кезінде Бүркіт елге шықты.

Баласының хаты бойынша, Әкпардың әкесі Қарымсақ бай Бүркітті аулына шақырып, арнаулы кісі шаптырған. Жіберген адамы сөзге ділмәр, ықшам денелі Әрін дейтін бой үйін жағалап жүрген жас жігіт болатын. Қарымсақ бай Әкпардың бұл жолы ауылға келе алмайтынын білген соң, баласына арнаған аты шулы жүйрік көк жорғасын Бүркіт мініп келсін деп, Әрінге жетектетіп жіберген.

Miнe, қазір Бүркіт осы Әрін екеуі жайқалған жасыл шалғынды кең далада келе жатыр. Алыста, нағыз бір биіктен құлай жүгірген теңіздің толқыны тәрізді, көгілдір сағым бұлдырайды. Жұпар аңқыған жасыл шалғын құшағын аша құлпыра түседі. Мығым денелі Әрін ат үстінде нағыз бір тұғырға отырғызған қаршыға тәрізді, анда-санда желпіне түсіп, әдемі жіңішке қоңыр дауысымен ән де шырқатып жібереді.

Қыз бар ма құдашадай қызыл ерін,
Аулының іздеп келіп қонған жерін.
Айлы түн, естен кетпес аймалаған
Ақ төсін, қысып қатты қыпша белін...

Бағанадан бері сар желіске салып келе жатқан Әрін кенет астындағы сүліктей сұлу құлакерін көк жамбастан қамшымен тартып қалып, желе жорта жөнелді. Құлагері ауыздығымен алыса ағып келеді. Делебесі қозған Бүркіт те тебініп қалды. Қарымсақ бай маңдайына басқан, жүзіктің көзінен өтердей әсем, қамшыдай етіп жаратып тастаған, шапқан атқа ілестірмес әйгілі тайпалман жорғасымен көсіле жөнелді. Үстіне су қойсаң жерге төгілер емес. Төрт аяғын шалыстыра тастағанда көз ілікпейді. Алдарынан бір белестен соң бір белес көтеріледі. Әне-міне дегенше кейін қалады. Қызып алған қос жүйрік қандай алысты болса да қояр емес. Құлакер де желісті жылқы, бірақ әр-берден соң көк бедеудің жорғасына шыдай алмай, шабуға айналды. Сөйтсе де, еті қызып, тері шығып алған көк бедеу шыдатпады. Құлакер кейін қала бастады.

Енді көк жорға жеке арындады. Баурынан келген көк шалғынды жайпай, теңселе ағып келе жатқан ат үстіндегі Бүркіт өзін теңіз бетін жалай ұшқан құстай сезінеді. Тары да бір-екі рет ырғи түссе, көкке көтеріліп кететіндей. Қандай тамаша дүние! Мынау ұлан-асыр жұпар аңқыған кең байтақ дала! Бұлтсыз мөлдіреген көк аспан! Ырғала жүйткіген су жорға! Мәз-мәйрам боп артыңнан қуған бозбала! Осының бәрі өз еліңнің байлығы, қуанышы! Өз елің, ез жерің болғаны қандай бақыт!

Тәтті қиялға жорға ырғағы қосылып, көңілі судай тасып, мәз-мейрам болған Бүркіт бір ойпатқа түскен кезде атының басын тежей тоқтатты да, оны ұзын шылбырымен шідерлеп тұсай салып, көгорай шөпті құшақтай, жерге құлай кетті. Әбден толған жасыл шалғын, көк балауса жұпар төгіп, көңілін еліктіріп әкетіп барады. Аңқыған хош иісті ауа көкірегін жарып жібергендей. Бүркіт киіздей ұйысқан қалың шөптің үстіне аунап-аунап түсті... «Қандай керемет едің, жасыл далам! Сенің дәл бүгінгідей мәңгі құлпырып тұрғаныңды көрсем, бұл дүниеден армансыз өтер едім».

Бүркіт енді жерді құшақтай етпетінен жатып, жан-жағына қарай бастады. Қуанғанынан даусының қалай қатты шығып кеткенін өзі де білмей қалды. Қалың көп арасынан сабағын төмен басып, бармақтай-бармақтай боп сыңсып тұрған жидекті көрді. Жас балаша уыстап алып, жей бастады. Әбден піскен қызыл жидек аузына түсер-түспестен ери жөнеледі. Нағыз бір шарап ішкендей, Бүркіт мәз-мейрам... Мейірін қандыра асап жатыр. Дәл осы кезде Әрін де жетті. Екі бүйірінен демін алған құла бестісін сәл аяңдатты да, үстінен түсіп, шідерлей салып, Бүркіттің жанына келіп отырды.

— Даланы сағынып қалған екенсіз, мырза,— деді ол аузына бір уыс жидекті апара беріп.

— Несін айтасың, бұл дала менің ұшар көгім де, қонар көлім де емес пе!—деді Бүркіт, өзінің қуанышын әлі баса алмай.

Әрін жантая жатты.

— Дала жақсы ғой... Осы қалпымен өзгермей тұрса...

Бүркіт жігітке таңдана қарады.

— Өзгереді деп қай мағынада айтасың?

— Қаладан келген бір мәліш саудагері... Осы арадан отарба жүреді дейді ғой...

— Жүрсе ше?

Қайдам... Жақсылыққа болса жарайды ғой... Әлдеқалай бір шайтанарба келгенде ауыл астан-кестен болып қалады... Ал отарба дегенін бір құбыжық көрінеді ғой... Бір әкелгенде бес мың адам әкеледі деседі.

—Қайда әкеледі?

Жігіт түсінбейсің бе дегендей, Бүркіттің бетіне тесіле қарады. Қайда болсын, білмейтін шығарсыз... Бай аулының жігіттері айтып жүр. Шойын жол келсе, осы маңның бәріне де қала салынады деседі...

Бүркіт ойлана қалды. Жаңа ғана алақанына сап мәпелеген қуаныш кенет бұдан асыға қашты. Жаңа ғана шаттыққа лапылдаған көңіл енді, жайқала келіп бүрісе қалған, суық сорған алғашқы шілдей, жүдей түсті. «Оқымаған мына ауыл жігіті де Әкпар айтқан сөзді айтады. Тек мен ғана әлі анық түсінбеймін бе?.. Бұл араға шойын жол келіп, жаңа қалалар салынса не болмақ? Жаңа леп, жаңа өмір, көзіміздің қарашығындай сақтап келген салт-санамызды, ән-күйімізді жаңа арнаға салады ма? Салса несі бар? Ол өмір заңы емес пе? Жоқ, жоқ, ұлттық қасиетінен айырылған ел — ел болмайды. Ал жаның сүйер елің болмаса, онда сенің өміріңнің не құны бар?»

Көп кешікпей бұлар аттарына мініп, тағы жүріп кетті. Бүркіт нағыз бір сөнген шоқ тәрізді, бетінде бағанағы сәулелі ойлардың бір де бір ізі жоқ, астындағы атын аяң жорғалатып, жерден басын бір көтермей, тұнжырап кеткен!

Дәл осы кезде күн де батуға айналды. Көкжиекте қызыл жалқын сәуле пайда болды. Қоюлана бастаған көгілдір аспан бетінде ақтаңдақ селдір бұлттар көрінеді. Баяу соққан самал жел де тынып, дүниені таңғажайып мүлгіген бір тыныштық бөледі. Осы бір селт етпес әлемді сыдырта желген аттардың сыбдыры мен топтана қонған қара торғайлардың сайраған үндері ғана оятқандай...

Әрін жүдеп келе жатқан Бүркіттің көңілін тапқысы келіп, атын бір тебініп қалды да:

— Бие сауым жерде Тәкежан аулы бар,— деді.— Бүгін сонда түнерміз.— Сөйтті де, жымия күлді.— Кедей ауыл болғанмен, қыз-келіншектері сұлу келеді... Қай үйге түсірейін? Көңіл ашар бойжеткені бар үйге ме, әлде әзіл құмар кербез келіншекті жас отауға ма?..

Жігіт сөзіне Бүркіт селт еткен жоқ. Тек:

— Ел қамын ойлаған ақсақалы бар болса, соныкіне апар,— деп күңк ете қалды.

Жігіт «қыз-келіншегі бар үйлер тұрғанда, құр сөзден бөтен дымы жоқ ақсақалдың үйінен не іздейсің?» дегендей Бүркітке көзінің астымен бір қарады да:

— Жақсы, айтқаныңыз болсын,-— деді.

Ел жата бұлар үлкен көл жағасындағы ауылға келіп жетті. Бір қора ауыл итін у-шу етіп үргізіп, бұлар шеткерірек тұрған Тәкежан шалдың үйіне кеп түсті. Ақсақал үйінде кемпірі екеуі-ақ екен. От шоғын күлге көміп, бұлар да енді жатқалы отырған. Келген қонақтардың кім екенін естігеннен кейін, атан сүйекті, қапсағай келген қара шал — Тәкежан әбігер болды да қалды. Шоқты ашып, үстіне тезек тастап, үй ішін жарық етіп, төрге көрпе төсетті. Жолаушылардың кім екенін білгісі келіп, үйге кірген бір жас жігітке қотандағы қойдан бір тоқтыны әкелуге бұйырды. Бірақ күні бойы жүріп, ат ұрып шаршап келген Бүркіт пен Әрін түн ортасының болып қалғанын сылтау етіп, етті күтпей, бір-екі кеседен саумал ішіп, төсекке жатуды дұрыс көрді. Өздері де әбден шаршаған екен, Тәкежанмен бір-екі ауыз сөз алысты да, жастыққа бастары тиісімен, лезде ұйықтап кетті.

...Қала әдетімен Бүркіт ерте оянды. Үйге қымсына кірген келіншектей сызыла таң бозарып атып келеді екен. Бүркіт орнынан тұрып, иығына әдейі жолға алып шыққан бедерлі қара лұқпан шапанын жамылып, сыртқа шықты. Ат жүрісінен әбден соғылып қалғандықтан ба, денесі дел-сал. Әдетінше, бір-екі дене шынықтыру қимылын істеді де, ауыл сыртындағы төбеге қарай аяңдады. Қазақ ауылының иттері де иелеріне ұқсас. Жат санап, түнде үре қарсы алғанмен, қазір меймандостық көрсетіп, біреуі де қыңқ етер емес. Қайта бірінен-бірі аумаған сары ала екі тазы күшік еркелей қыңсылап артынан еріп келеді. Жанынан өтіп бара жатқан адамға үй іргесінде жатқан ұйпа жүнді, кіші-гірім бұзаудай қара төбет көзін ашып еріне бір қарады да, қайтадан бұйыға жата берді.

Бүркіт төбенің басына шығып жан-жағына қарады. Түнде кеш келіп байқамаған екен, ауыл қонған жер қалың көк шалғынды, мол сулы көл жағасы болып шықты. Дәл қарсысында, ауылдың күншығыс жағында қалың құрақты шалқар көл жатыр. Үстін ақ мамық селдір тұман басқан. Сондықтан бетіндегі қаз, үйректер әзір көрінбейді. Бер жағы кісі бойынан биік қамыс аралас құрақ. Желсіз таң да — бәрі де ұйқылы ояу мүлгіп тұр. Aуыл да әлі ұйқыда. Қыбырлаған тірі жан жоқ... Қотандағы қой, үй арасында жатқан сиыр — бәрі де төбе үстінен қарағанда біріне-бірі ұйыса біткен кедір-бұдырды бұйрат тастар секілді.

Көп кешікпей таң ағара түсіп, күншығыс жақ көкжиектене лаулана тұтанып, қызара бастады. Қызыл жалқын сәуле бірте-бірте ұлғая барып, кенет күн көзінің алқызыл шеті көрінді. Сол-ақ екен, әлем де өзінің көркін ашты. Қызыл алтын күн нұры көгілдір аспанды шарпи келіп жерге түскенде, қызылды-жасылды гүл тағынған жасыл алқап бір ғажайып әсем түрге енді. Көл бетінде құстар шулап, қырқа етегінде топтана қонған қара торғайлар сайрай жөнелді. Адамның жастық шағы тәрізді. Бейкүнә жаратылыстың алғашқы оянған осы бір кезеңі нағыз нәзік ақ гүл секілді, мөп-мөлдір, кіршіксіз таза. Кенет сыбырлай соққан жел де, көл бетінен естілген аққудың сыңси салған әні де қуаныш хабаршысына айналып, қиялыңды оята сені бір қуанышқа жетектей жөнелді. Әне-міне дегенше ауыл да ояна бастады. Алдымен бағанағы қара төбет түрегелді. Ол артқы екі аяғын кейін қарай сырғыта керілді де, қотанға қарай аяңдады. Содан кейін шаңырақ, мүйіз, әукесі салбыраған, дорба емшекті үлкен қара сиыр бас кетерді. Ол аяғын маң-маң басып «мені сау» дегендей, шеттеу құрған киіз үйге барып сүйкене бастады. «Мына арам қатқыр жықты ғой үйді!» деп кимешегін шала кие, үйден бір қартаң әйел дауыстай шыға келді... Сол-ақ екен, үй-үйдің арасынан есінеген келіншек, әлдекімге тұр-тұрлаған бәйбішелер көрінді. Көп кешікпей қой маңырап, сиыр мөңіреп, ошақтан көгілдір түтін ауыл үстінен көлбей ұшты.

Дәл осы кезде ортадағы алты қанат бозғылт үйден бір қас қыз шықты. Қолында екі тобатай үйеңкі шелек, арқасындағы шолпысы сылдырлап, тақиясына таққан шоқ үкісі желк-желк тербеліп, білектей жуан қос бұрымы жерге тиер-тимес болып қозғала, аяғын сәндене басып көлге қарай беттеді...

Бүркіт тұрған төбенің дәл етегінен бір бұлбұл ән шырқап қоя берді. Даусын тоқсан толғап, мың бұрайды. Осы бұлбұлмен бәсекелескісі келді ме, әлде сонау шығып келе жатқан күн, құлпыра оянған дүние жүрегін қуанышқа бөлеп жіберді ме — бір кезде суға бара жатқан қыз да ән шырқай жөнелді. Нағыз бір күміс көмей, жез таңдай дерсің!

Көкте күн бар әлемге нұрын төккен,
Сұлу ән шығады ойнап көкіректен.
Арманы бар ма адамның бұл жалғанда
Осындай шат дүниеде күліп өткен.

Қыз даусы күміс қоңыраудай сылдырлайды, көмекейінде тоқсан бұлбұл қонып алып, сайрай жөнелгендей. Ол әннің жиырылған жерін жазғысы келгендей, біресе даусын ұзақ созады, біресе осынау бір ұзын ырғақты бүктеп-бүктеп қысқарта түспек болғандай, бөліп-бөліп секірте құйқылжытады.

Бүркіт тәтті Қиялға шомып кеткен. Ауылдың таңғажайып таңғы көрінісі, қыздың құлақ құрышын қандырта шырқаған сұлу әні, кешегі бір болмашы қапалықты біржолата ұмыттырып, жүзі күлім-күлім етеді... Қиялға шомып, тұманданып кеткен ойлы көзі «Осындай әдемі суретті кім жоя алады. Бұл сурет өмірдің әшекейі, мәңгі тұруы керек» дегендей.

Бүркіт ауыл суретін өте жақсы көретін. «Көкорай шалғын, бәйшешек, Ұзарып өсіп толғанда, Сарқырап жатқан өзенге, Көшіп ауыл қонғанда...» — ол үшін дүниедегі ең қымбатты сурет. Ауылдан қалаға ерте кеткендіктен бе, әр жылы каникулға шыққанында жасыл шалғын кең даласын, құстары төменді-жоғары сымпылдай ұшып, у-шу болып жататын ақ айдын шалқар көлін көргенше асығатын. Осы даланы аңсау Бүркіттен өшпеді. Оған «ел», жұрт» деген ұғым, осы кең даланың сұлу суретімен мәңгі кіндіктесе біткен бір тәтті қиялға айналды. Сондықтан ба, бұның өлеңдерінде өзге ақындардікінен гөрі, ауылдың жайлауын, көшіп-қону салтын көксеу көп кездесетін.

Осындай бір ойда тұрған ақын, кенет біреудің келе жатқан дыбысын естіді де, бұрыла қарады. Түндегі өзі қонған үй иесі Тәкежан екен. Қолында таяғы. Сірә, сиырларын ауыл сыртына айдап салып, оралған беті болуы керек, сырт жағынан келген соң Бүркіт оны байқамай қалған еді.

— Қалай, шырағым, тынығып алдың ба? — деді қарт таяғына сүйене, Бүркітке күлімсірей қарап. — Ат жүрісі әдеттенбеген адамға ауыр тиеді, соғып тастаған шығар.

— Несін айтасыз, ақсақал. — Бүркіт те жайдары жүзбен жауап берді. — Оның үстіне ат үстін сағынып қалған екем, қаладан шыға қатты жүріп кетіп едік. — Бүркіт жан жағына қуана қарады. — Ел жайлауын көруге асығып едім, жеттік-ау, әйтеуір!.. Түс көргендей болып тұрмын. Жерлеріңіз қандай тамаша еді! Тіпті қарай бергің келеді. Тастап кетуге де қияр емеспін.

Шал көзін сығырайта езу тартты. Тастап кеткің келмесе, қал біздің ауылда біржола аңдаған қызыңды алып береміз. Біздің ауылдың балалары көрікті келеді.

Байқадым оны, отағасы,— деді Бүркіт әзілдесе. Шал енді ашық күлді.

Шіркін, жастық-ай қырағы келесің-ау... Түнделетіп жүрсеңдер де көріп қоясыңдар... Оқасы жоқ, жастықтың аты жастық та... Ауылымыздың балаларының сымбатты келетіні бұл өңірге аян... Мұны біздің жаңа көршілеріміз де айтады.

— Қай жаңа көршілеріңіз?

— Әлі көрмей тұрсың ба?.. Әне... Анау көл жағасына жіберші.

Бүркіт шалдың көрсеткен жағына қарады. Бағанадан бері байқамаған екен, көлдің қалың қоғалы солтүстік жағасында шоғырланған бірдемелер көзіне түсті. Тесіле қарап еді, орыстың ақ шатырлы ридуан арбаларын, әр жерде жайылып жүрген қос-қос өгіздерін көрді. Әлдекімдер жер айдап, үй салып та жатқан секілді.

— Бұлар кім? — деді Бүркіт даусы қобалжи шығып.

— Мұжықтар. Сарытау жағынан келді. Зәйімке салып жатыр... Тағы келетіндері бар көрінеді. Поселке боламыз дейді.

Бүркіттің жүзі сұп-сұр болып өзгеріп кетті.

— Ақсақал-ау,— деді ол алқымына келіп қалған ашуды жасыра алмай,— бұларың не, жерлеріңнің ең шұрайлысын беріп? Биыл бұлар бұл жерге поселке салса, келесі жылы өздерің қайда көшіп кетесіңдер?

Тәкежанның мінезінің өзі осындай кең бе, әлде ішінде жатқан бір қулығы бар ма — айылын да жияр емес.

— Жер жетеді ғой, шырағым,— деді ол даусын бір өзгертпестен, — бұлар көлдің терістік жағына мекендесе, бізге осы арадан анау күнгейдегі адырға дейін дала қорек те. Жайылым екі халыққа да жетеді. Өздері бір момын жандар екен, келмей жатып, ауылмен әкей-үкей болуға тырысып жатыр.

Тәкежан түнде өзінің меймандас сабырлы мінезімен Бүркітке бірден ұнаған болатын. Қазақтың шалдары осындай кең пейіл келеді деп, іштей мақтаныш та еткен. Ал солай көрген қарты...

Бүркіт бір ретте «қас үйіңе күле кіріп, күңірене шығады, байқа, кәрия, олар әбден орналасып алғанша сенімен әкей-үкей болады. Момақансиды. Ал соңынан есіктен кіріп, төр менікі дейді!» деп бірден Тәкежан тап бергісі де келді, дегенмен іштегі тулап келген ыза-ойын ақылға тұншықтырып, енді аузын ашпады.

Шал бұның мұндай қалпын әлі сезбеген тәрізді. Мұжықтардың осы араға тоқтағанын мақтан көріп, жайдары жүзбен салынып жатқан поселкені құптайтынын білдіре сөйлеп тұр.

— Қасымға көп рахмет. Бұларды осы араға алып қалған — сол. Әйтпесе Ертіске қарай етіп кететін түрлері бар еді. Енді, міне, көрдің бе, бос жатқан жерде поселке болады. Құдай бұйыртса, келесі жылы бірігіп егін егеміз. Ауыл адамдары бұлардан қауын-қарбыз, картоп салуды үйренеміз дейді. Бұның өзі бір тамаша емес пе?

— Бұларды алып қалған Қасым дедіңіз ғой, қария, ол Қасымыңыз кім? — деді.

«Қасымды да білмейтін адам бар екен-ау» дегендей, шал Бүркітке таңдана қарады.

— Қасым ба? Қасым... Әне өзі де келе жатыр.

Қолдарында көлге салатын ауы бар үш-төрт жігіт бұларға таяп қалған екен. Арт жақтарында — екі қыз. Біреуі — бағанағы суға бара жатып ән шырқатқан жас сұлу. Екіншісі — жұпынылау киінген ақ сары қыз. Қолдарында екі үлкен ақ қаңылтыр шелек. Шамасы, бәрі ау салуға бара жатқан тәрізді. Жолдары Бүркіттер тұрған төбеден сәл бұрыстау жатқанмен, қазақ дәстүрі бойынша бұлар ауылдарына келген қонаққа сәлем бере кетпек секілді. Сол үшін әдейілеп бұрылған тәрізді.

Көп кешікпей жастар тобы қыздар Бүркіт пен Тәкежанға жақындап келіп тоқтады. Орталарында — бір қолы жоқ, қыр мұрынды, ақ сары жүзі күнге күйіп қызара түскен орыс өңдес жас жігіт. Жалбыр шашын күн жеп, оңып кеткен. Көгілдір көзі күлім-күлім етеді. Үстіндегі киімі, күшті үлкен қолдары жұмыс адамы екенін бірден көрсетіп тұр. Бүркіттің есіне кенет Қасым деген ат сарт ете түсті. Енді ол бұл жігіттің өзін-өзі атқан Қасым — Костя екенін айтпай түсінді. Қасымның осы көл жағасында тұратынын бұрын да естіген, қалай ұмытқанын өзі де білмейді. Іштей көптен бері бұнымен таныссам екен деген тілегі де болатын. Міне, сол Қасым дәл қасында тұр. Оң жағында — әлгі әнші қыз. Өзі де әдемі екен. Сазға біткен тал шыбықтай ашаң. Екі бетінен қаны тамған ақ құба. Қарақаттай мөлдіреген үлкен бота көздерін ұзын кірпіктерінің астынан Бүркітке жаудырата бірер қарады да, Қасымға бұрылып кетті. Мөлдір көздері енді қасындағы жігітке қадалды. Бүркіт жас сұлудың осынау көзқарасында Қасымға деген айрықша сезімнің бір жарық сәулесін аңғарғандай болды. Бұрын Бүркіт, Қасымды көрмей жүрген кезінде, өзінің де жүрегінде жатқан оған арналған бір әдемі бауырмалдық сезімді аңғаратын, оның тағдырымен, өмірге деген түсініктерімен тереңірек танысқысы келетін. Ал қазір неге екені белгісіз, сол сезімге бір қылау түскен тәрізді. Қасыммен жөндеп сөйлескісі де келмей кетті.

Жігіттер амандасып болғаннан кейін, Қасым қазақтың әдемі тілімен:

— Жақсы есіміңізге сыртыңыздан қанықпыз, Бүркіт құрбым. Кейде өлеңдеріңізді де оқып қоямыз. Бір кездесуге құмар да едім, — деді, — Әттең не керек, қазір қолымыз бос болмай қалды. — Өздерінің қолдарының бос болмағанын бір айып көргендей, ол сәл қысыла сөйледі. — Ғафу етерсіз.

— Мүмкін, Бүркіт аға бізбен бірге балыққа барар? деді жыпылық көздеу жас сары жігіт.

Неге екені белгісіз, Бүркіт бұл жігіттермен өзін-өзі бұрынғыдан да суық ұстағысы келіп кетті. Сәл райын суыта, тәкаппарлау дауыспен:

— Балыққа шақырғандарыңа рахмет, жолымыз алыс, басқа бір реті келген кезде көрерміз,— деді.

Дәл осы кезде жылқыдан өздерінің аттарын әкеле жатқан Әрін көрінді.

— Олай болса, қош болыңыз,— деді Қасым.

Бұлар әлденені өзара күле әңгіме етіп көл жаққа жүре берді. Қасым мен әнші қыз қатар кетіп барады. Анда-санда аралары тым жақындай түскендей болады. Жігіт сампылдай күліп, кейде қызды қолтықтап та алады. Бұндай кезде қыз артына жалт бұрылып, соңынан қарап тұрған адамдардан қысылғандай қолын босатып ала қояды.

Бүркіт бағанағыдай емес, жүрегі әлденеге удай ашып, қабағы салбырап, шалға еріп, үйге қарай аяңдады. Ауыл ішіне кіре бергенде, бұлар кенет тоқтай қалды. Көлдің арғы бетінен әлсін-әлсін атылған гүрсіл естілді. Ауыл үрпиісе қалды. Иттер шулай үріп, қорқып кеткен жас балалар бақырып жылап қоя берді.

— Бұл не? — деді Бүркіт тағы да Тәкежанға қарап.

— Арғы беттегі кен іздеушілер ғой... — Тәкежан әлі баяғы сабырлы үнінен айырылған жоқ. — Қорықпаңдар деп кеше кісі жіберген еді... Дегенмен гүрсілдері қандай суық еді, нағыз бір ауыл үстінен зеңбірек атылғандай қатын-баланың зәресін ұшырып жіберді ғой...

«Тек қатын-балаңның ғана зәресін ұшырса, жарар еді ғой»,— деді ішінен Бүркіт. Бірақ бөтен тіл қатпады. Бір-екі кесе шай ішіп, ауылдан аттанып кетті. Жүріп кеткенінше томсырайған қалпынан өзгермей, тіс жарып ешкімге ләм-мим демеді. Тек ауылдан алыстаған кезде ғана атының басын көлдің арғы бетіне, күншығыс жаққа, бұрды да, Әрінге:

— Ана кен іздеушілерге барайық,— деп дәл кешегісіндей көк жорғаны ағыза жөнелді.

Көлдің арғы беті жықпыл-жықпыл жартасты болатын. Қос салт атты құрақты жағаны көмкере салып келеді. Үйдей-үйдей биік құздар алдарын кес-кестеп алысты көрсетпейді. Биіктеу бір шоқыдан шаңқая күн көзді шағылыстырып қарсы қаратпайды. Дәл осы сәтте Бүркіттің көңілін торлаған қайғыдай, көгілдір аспан бетінде аппақ бұлттар пайда бола бастады.

Біраздан кейін Бүркіт пен Әрін кен зерттеушілердің лагеріне келіп жетті.

Бұйратты, жартасты алаңның ортасында екі ақ шатыр, бір киіз үй тұр. Анандай жерде алдыңғы екі аяғын тұсап қойған екі ер-тоқымды ат жайылып жүр. Шатырлардан жүз метрдей жерде жалпая біткен дөңестің үстіне орнатылған шағын ғана бұрғылау аспабының қасында үш-төрт адам қыбырлап жұмыс істеп жатыр. Ат дүбірін естіп, бұлар жұмысын тастап келген кісілерге таңырқай бастарын көтерді. Сірә, келгендерді таныған болуы керек, іштерінен үстіндегі кенеп костюмі май-май біреуі Бүркіттерге қарай арсалаңдай күліп, аяғын қуана басып жүгіріп келеді. Жігіт келіп те жетті.

— Бүркіт аға, жол болсын,— деді ол ақынмен амандасқалы күлімсірей қолын созып.

— Нұрлан, сен мұнда қайдан жүрсің? — деді ананың қолын алып қуанып кеткен Бүркіт те.

— О, кім келген? — Шеткі шатырдан әлдекімнің орысша сұраған даусы естілді.

— Қонақ келді. Алексей Владимирович,— Нұрлан әлі қуанышын баса алмай сасқалақтап тұр. — Өте қадірлі қонақ!

Нұрлан Томскідегі технология институтында оқитын. Қазір мұнда тәжірибе жұмысында жүрген-ді.

Шеткі шатырдан асыға Алексей Владимирович шықты. Бұл отыз бестер шамасындағы сәл еңкіштеу, ұзын бойлы, арық кісі екен. Жай қарапайым адам екені түрінен көрініп тұр. Жас баланың көзіндей, таза ақылды көк көздері. Бүркіттерге меймандостық, кішіпейілмен қарайды.

— Қуаныштымыз қонақтардың келгеніне, өте қуаныштымыз,— деді ол аттыларға күлімсірей таяп.

— Таныс болыңыз, Алексей Владимирович. — Жас Нұрланның үнінде бір мақтаныштың сазы білінеді.— Бұл кісі — Бүркіт Күнтуаров... Біздің үлкен ақыны. Енді Әрінге қарады: — Қаталаспасам, мына жігіт Бүркіт ағаның жолдасы ғой деймін.

— Дұрыс айтасың,— Әрін де өзін Бүркіттің жолдасы дегенге мәз болып қалған тәрізді. — Атым — Әрін, әкем аты — Байсал, естулерің бар шығар, шешен Байсал.

— Ал, Алексей Владимирович,— деді Нұрлан қайтадан Бүркітке бұрылып,— біздің бастығымыз — осы экспедицияның бас геологі. Бір жағынан, менің ұстазым, тәрбиешім...

Бұлар қол алысып танысқаннан кейін, Алексей Владимирович:

— Қонақтар келе салып кетпейтін шығар? — деді сол баяғы күлімсіреген қалпында. — Біздің ауылда да біраз қалыңыздар... Балық аулап, аң атып, азырақ дем алыңыздар. Қармақ пен мылтықты біз тауып береміз.— Сөйтті де, жас жігітке қарап: — Нұрлан, қонақтарыңды аттан түсір... Мен шеткі отрядқа барып келгенше, өзің қабылдай бер...— Енді ол Бүркітке бұрылды: — Мен сендермен қоштаспаймын. Көп кешікпей ораламын... Қазір бір асығыс іс болып тұрғаны. Әзірге Нұрланның қарамағында болыңыздар.

— Жақсы, жақсы, — деді Әрін, Бүркіт үшін жауап беріп.

Алексей Владимирович қастарында тұрған өзге жұмысшыларды ертіп, бірдемені асыға сөйлеп, бұрғылау аспабы тұрған жаққа беттей түсті де, қайтадан артына бұрылды.

— Сіз шахмат ойнай білетін бе едіңіз? — деп сұрады ол Бүркіттен.

— Білмеймін.

— Оқасы жоқ, тез-ақ үйретеміз, солай емес пе, Нұрлан?..

— Тамаша кісі, — деді Нұрлан аналар ұзап кеткеннен кейін.— Ақылды, бұлтаң-сұлтаңы жоқ және өте ақ көңіл... Міне осындай адамдар туралы дастан жазса!

— Өзің жазған да шығарсың!..

— Біз де ақынбыз ба? — Нұрлан Бүркіттің үніндегі кекесін ызғарды аңғарған да жоқ. — Сіздің жаныңызда біз ақиық қыранның жанындағы торғай секілдіміз ғой...

— Мен сенің өлеңдеріңді оқыдым,— деді Бүркіт кенет ойлана сөйлеп,— шын ақын болайын деп-ақ тұрсың. Бірақ қандай ақын боласың? Ақын жолы қиын жол, ең алдымен өзіңнің жолыңды табуың керек.

— Сонда мен не туралы жазамын? Ақын біткен әбден жауыр еткен жайлау, махаббат, ат бәйгісі, қыз сұлулығы жайында ма?

— Оларды жазғың келмесе, өзіңнің тақырыбыңды ізде.

— Іздеп те жүрмін. — Жасы үлкен ағаның өз ойының дәл үстінен шыққанына қуанып кеткен бала жігіт сырын ақтара салды. — Біз кен зерттеушілерміз ғой... Геологтар зерттеп өткен жерлерде біздің соңымыздан жаңа завод, фабриктер пайда болады. Жаңа қалалар салынады.

— Бірақ ол қалалар басқа жұрт қалалары емес пе? — Бүркіт ананың сөзін бөліп жіберді де,— және...— деп келе жатты да, кілт тоқтай қалды. Өзіне сескене жаудырай қарап тұрған жігітті аяп кетті. — Түсің бір болғанмен, ісің бөлек, сен алдағы заманның қазағы секілдісің, Нұрлан...— деді. — «Асыл — тастан, ақыл — жастан» деген, мүмкін, сен табарсың қазаққа арналған Жерұйықты... — Бүркіт атының басын бұрып алды,— Бетіңнен жарылқасын.

— Бүркіт аға-ау, жаңа заманда, бүкіл халық алға аттаған электр мен өнер заманында қазақ бұрынғы мал баққан қалпында қала алмайды ғой...

— Сенікі де дұрыс шығар, бірақ мен сол электрді өзім жағып, сол өнерді өзім игергім келеді. Басқа біреудің бүгін жерімді зерттеп, ертеңіне қаласын салғанын көргім келмейді. «Қонақ бол біздің ауылға, шахматқа үйретем» дегенін естігім келмейді! Түсіндің бе мені?

Нұрлан не дерін білмей сасып қалды.

— Қойыңызшы, Бүркіт аға, қайтесіз қалжыңдап, тіпті шошытып жібердіңіз ғой,— деп Бүркітке жақаурай, жалына қарады.

— Мен қалжыңдап тұрған жоқпын.

— Жоқ, қалжыңдап тұрсыз. Оны мен бірден аңғардым...

Осы кезде алыстан қатарласа атылған тағы да гүрсіл естілді.

— Әрине, қалжыңдап тұрсыз,— деді Нұрлан гүрсіл біткен кезде. — Қалжыңдамасаңыз, ана гүрсілді естімеген болар едіңіз. Ол гүрсіл — халықтың бақыты үшін тау-тасты талқандап жатқан жаңа заман гүрсілі.

— Жоқ, ол менің жүрегімді талқандауға арналған гүрсіл! — деді Бүркіт қатты дауыстап. Сөйтті де атын борбайға бір тартып, шаба жөнелді.

...Бүркіт келді жағалай шауып келеді. Әрін әзер-әзер ілесуде. Ақын атының басын енді біржолата қалаға қарай бұрды. Кешеден бері тынығып алған көк жорға болдырар емес. Басын төмен тұқыра, теңселе ырғи түскен сайын, аяғы аяғына ілеспейді. Жел қайықша ағады. Әрін Бүркіттің бұл қылығын алғашқы кезде «елі үшін жамы күйінген адамның ашуы ғой» деп түсінсе де, ананың енді қалаға қарай салғанын көріп «мынаның өзі құтырғаннан сау ма» деп күдіктене бастады. Көк жорғаны қуып жете алмайтынын білген соң, енді ол атының басын тежеп, әйтеуір Бүркіттің қарасынан айырылмасам жарар деп, желе шоқыта бастады. Ал ақын болса, дәл кешегісіндей қызынып, көк жорғаны зорықтырардай үсті-үстіне ағыза түседі. Тек кешегідей көңілі жарқын, қуанышты емес. Қас-қабағы түйіліп, еріндерін тістеніп алған. Ат үстінің екпініне шыдай алмағандығынан ба, әлде көңілін ыза кернеп, көзіне жас келді ме, әйтеуір дәл осы сәтте ыстық жас кеудесіне домалап-домалап кетті. Шыбықтай әлсіз ақын жаны қайғыдан майысып, сынуға таяғандай, Бүркіт көкірегін сол қолымен басып, қинала түседі. «Қалай қиналмасын, қалай жыламасын, Әкпар айтқан халді өз көзімен көрген жоқ па? Кешеден бері бар болғаны төрт-бес адаммен ғана сөйлесті. Соның ішінде тек Әрін ғана ел-жұртының ертең қандай күйге ұшырайтынын аңғаратындай. Ал қарт Тәкежан, жас Нұрлан, анау әнші қыз, Қасымдар не ойлайды? Мүмкін солардың топшылауы дұрыс шығар? Қазақ та мәдениетті ел болмақ, ғылым мен білімді жан сая етпек... Ал өйткен күнде совет мәдениетінен қайда қашып құтылмақсың? Жері бар, келешек тағдыры бір ел емес пе? Өнеріммен еліме үлгі боламын деп тұрғанда, одан қалай безбексің? Безе алар жолың бар ма? Және безу керек пе? Жоқ жоқ, безу керек. Қазір безбесең, соңынан кеш болады. Оған куә — анау келе жатқан шойын жол, ашыла бастаған жаңа кен орындары. Ал халқың болмаса, оның тілі, ән-күйі, әдемі дәстүрі болмаса, онда адам болып өмір сүрудің не қажеті бар? Иә, иә, Әкпардың айтқанының бәрі дұрыс. Біз жоғалғалы тұрмыз. Не істеу керек? Не келеді қолымыздан?

Біраз шапқаннан кейін, Бүркіттің атының да, өзінің де қызуы басылды. Сәл тоқтап артына қарағанда ғана ол Әріннің көз ұшында қалғанын көрді. Көк жорғаның басын кейін бұрып, оған қарсы жүрді. Тізгінін бос тастап, атын ілби аяңдатып келе жатыр. Енді бойды ыза орнына қайғы кернеді. Өкініш, күйзелу, халқына деген қасиетті сезім, көкірегіне шаншудай қадалып, ерге жабыстырып жіберердей. Басы төмен салбырап, көзі тұманданып кеткен. Осынау шексіз далада өзінің жалғыз екенін ол қалай сезінсе, сонау лықсып келе жатқан жаңа заман мұхитына қарсы тұрар күші жоқ жалғыз екенін де сондай анық түсінеді. Осы әлсіздік жанын жегідей жеп, дымын құрта түсті. Ал бұл әлсіздік, оны картадан ұтылған адам тәрізді, еш нәрсені ойлатпай, қайткен күнде де ұпайымды жібермесем екен деген арманға жетектеуде... Қолынан ештеңе келместік, күшсіздік, пақырлық Бүркітті де осы күйге ұшыратуда. Жеңе алмайтынына көзі жетіп тұрса да, қайтсем жеңем деген далбасаға апарып ұруда...

Дәл осы кезде Әрін де жақындап қалды. Оның ар жағында, белес үстінде, көк шымылдықтай көлегейленген сағым ойнайды. Қанша қусаң да жеткізбес арман тәрізді. Бүркіттің де арманы осы сағым емес пе? Құр алыстан көлегейленеді, ал қолыңа ұстайын десең, дым да жоқ. Бүркітті бұрынғыдан да ауыр қайғы басты. Ол өзінің осы бір сәтсіз, күйінген сағатында іштегі қайғысын өлеңмен сыртына шығармақшы болды. Еріндері ақырын күбірлеп Бүркіт күңірене жөнелді:

Ауылым да жоқ, бауырым да жоқ,
Жатыр үнсіз қу дала...
Жаралаған қанатын оқ
Мен бір байғұс шағала...
Көк толқынды қуалай кеп
Құша алмаймын екпіндеп.
Қиялымды қасірет жеп,
Жылаймын мен еңкілдеп.
Не қыламын, не қыламын?
Қолымнан күш қашып тұр.
Мен бір сорлы шағаламын
Салған айқай босқа құр...

Халқын әркім әр түрлі сүйеді. Біреу халқын өзіне қуаныш, бақыт, дәреже беретін ұлы күш деп өз басы үшін сүйсе, ал біреу оны ата-анам, қорғаным деп сүйеді. Ол жыласа жылайды, ол күлсе күледі. Халқы бақытсыз болса, өз бақытын көрмейді. Халқы бақытты болса, өзінің бақытсыздығын ескермейді. Бұндай жандар дүниеде сирек кездеседі. Бүркіт те сол сиректің бірі еді.

Ол енді жүрегін күйдіріп бара жатқан қайғысын ішіне ұстап тұра алмады, кенет атының басын тежей тартып, Әрінге қарап сөйлеп кетті.

— Халқым мен туған жерімді сүю — өзімнің еншіме тиген мұрат деп түсінетін едім,— деді ол көзінен жасы мөлтілдеп. — Туған өлкемнің жасыл шалғынын да, шалқар көлін де, құмайтты шөлін де, сағымды белін де — бәрін бірдей жанымдай жақсы көремін. Оны ешкімге қиғым келмейді. Сонау желі қобыздай сарнаған сары даламды дүниенің ең сұлу жеріне айырбастамас едім. Miнe, сондықтан да ел-жұртымның, туған жерімнің келешегін ойлап, жас балаша жылаймын, қиналамын. Әлде мұным дұрыс емес пе? Қайғыруым қате ме? Мүмкін мен бірдемені түсінбейтін шығармын?

Бүркіт тағы үндемей қалды. Не дерін білмеген Әрін сасқанынан:

— Япырмай, ә... Солай екен-ау өзі,— дей берді.

— Бұл — қазақтың сол кездегі кейбір оқыған азаматтарының келіп тірелген жарқабақты шыңырау өткелі. Сол өткелден жас дарын қалай өтпек? Өмір деген ұлы данышпан өзі жөн сілтей ме? Әлде қателік атты аңдыған жау шыңырау түбіне итере ме?

Бүркіт үн-түнсіз жүріп келеді. Тек біраз жерге жеткеннен кейін ғана барып өзінің қайда бара жатқанын есіне алды. Атының басын тежеп, жан-жағына қарады. Әрін де үзеңгілесе таяй тоқтады.

— Біздің ауыл мына жақта ғой! —деді ол қамшысының ұшымен күнгей жақты нұсқап.

— Иә, солай екен-ау...

Бүркіт атының басын бұра түсті де, қайтадан тоқтай қалды.

— Осы мен кейін қайтсам ба деймін. Бүгінгі көргенім бір басыма жететін секілді.

Әрін ренжіп қалды.

— О не дегеніңіз? Күндізгі ыстық күннен кейін кешке салқын самал соқпай ма? Бұл ауылдан қапалансаңыз, біздің ауылдан қуанарсыз. Жүріңіз.

Бүркіт тебініп қалды. Көк жорға басын изеп тастап, тағы да ырғала жөнелді. «Иә, Әрін дұрыс айтады, бір қайғының бір қуанышы бар емес пе?.. Бізге деген көл біткен суалып, шөп біткен қуармаған шығар. Торға түсіп шыға алмаған байғұс құстай несіне тыпырладым да қалдым?.. Қарымсақ байдың аулына барайын... Онда не болып жатыр — өз көзіммен көрейін...»

Қарымсақ байдың аулы! Бұл ауыл есіне түссе, Бүркіттің өн-бойын ау-жайға қаратпай бір ыстық сезім әрдәйім билей кететін. Бұл жолы да сол сезім ырық бермес жүйріктей сонау бір қайта оралмас өтіп кеткен әдемі күндерге ала жөнелді.

«Иә, иә. Совет өкіметі қазақ аулына жаңа орнаған кезі еді ғой. Өз елім Ақшатырдан алыс болған соң, Әкпарға еріп жазғы демалыста соның аулына барғанмын...». Бүркіт ой теңізіне шомып кетті.

...Шілденің сарша-тамыз ыстық күні. Әсіресе бүгін көкте ұшқан боз торғай қанаты күйіп жерге түсердей шыжып тұр. Қалаша киінген екі салт атты жас жігіт көл жағасында отырған қалың ауылға ойқастай желіп келеді. Астарында ақ көбікке көмілген сүмбідей қос күрең. Ауылға таяғанда, Әкпар:

— Бүркіт, саған айтам деп ұмытып кетіппін,— деді атының басын сәл тежеп, — Ханшайым екеуміздің шешеміз ерте қайтыс болған. Әкем бір әйел алып, былтыр төркініне қайтарып жіберген. Сірә, қылығы ұнамаған болар... Тұқымының құрт ауруы бар дейтін еді... Әлде басқа себебі бар шығар. Әйтеуір сол әйелін жіберіп, жақында жас тоқал алды деп естідім...

— Қойшы? Қарсекең алпысқа келіп қалған жоқ па?

— Келсе ше? — Әкпар күлді. Ол әкесінің жас тоқал алғанын мақтаныш көретін секілді.—Дүниеге адам екі мәртебе келе ме, дәуірі басынан өтпей тұрғанда көрсін қызығын...

Елге таяғанда өзге серіктерінен озып кеткен Әкпар мен Бүркіт көп кешікпей ауылға да жетті. Күннің ыстықтығынан ба, тірі жан көрінбейді, ең болмаса алдарынан иттері де үріп шықпады. Тек шеткі үйдің белдеуінде байлаулы тұрған ерттеулі сұры дөнен сол шыбындаған қалпында басын бұрып ақырын оқыранды да қойды.

Әкпар мен Бүркіт он қанат ақбоз үйдің сыртындағы желіге аттарын байлады да, үйге таяды. Дәл мұндай ыстықта бұларды келе қояды деп ешкім ойламаған болу керек, әлі қыбырлаған жан жоқ.

— Ассалаумағалайкүм, — деп екі жігіт табалдырықты аттады.

Оң жақта төрт қабат шайы төсектің үстінде ақ мамық құс жастықты шынтақтап, ұзын бойлы, аппақ шоқша сақалды, шүңірек көз, ат жақты, қошқар мұрын Қарымсақ бай жатыр. Үстінде — қазақы ақ көйлек-дамбал. Жанында — орта беттері ашулы «Шолпан» журналы. Аяқ жағында байдың тізесіне дейін ашылған жалаңаш балтырын сыйпай, қара торы, ойнақы көзді, үлбіреген жас келіншек отыр. Басында — қызыл кәріс шәлі, үстінде қызыл батшайы қос етек. Жасы көп болса, он алтыларда... Екі қолы толған білезік, сақина, жүзік...

Кіріп келген жігіттерді көріп:

— Әу, Бүркітжансың ба? — деп Қарымсақ бай орнынан тұра берді...

Келіншек жаутаң етіп көз тастады да, имене кейін шегінді. Қарымсақ бай амандасып болып, келгендерден халін сұрай бастады да, тоқалына қарап:

— Маржан, тезірек қымыз бер, балалардың еріндері тіпті кезеріп кетіпті ғой... — деді.

Маржан орнынан еркелей сызыла түрегелді. Аяғын сәндене басып, ауыр қос шолпысын шылдырлата жүріп, керегеге сүйеулі тұрған үлкен қара сабаны пісіп-пісіп жіберді де, сырлы шараға жусан аңқыған сары қымызды құя бастады. Бүркіт келіншектің отырғанын да байқамапты, орта бойлы, сымбатты денелі екен. Әдейі ыстыққа киген жұқа шәйі көйлектен қайқы белі мен бура саны да білініп тұр. Ерте толыққан төсі де көзге түседі.

Жігіттер күміс кеселерге құйылған қымызды қолдарына ала бергенде, үйге қара торы жүзі күнге күйіп қошқылданып кеткен, жыртық бөрік, шидем шекпен, балуан денелі жас жігіт кірді.

Ол босағада тізе бүгіп:

— Мырза, ат-көлігің аман келдің бе? — деді де, Қарымсаққа түйіле қарады. — Байеке, әнеугі берем дегеніңнің қалғанын алуға келдім...

Қарымсақ мойынын да бұрмастан:

— Неменең қалып еді?— деп кесесін аузына таяй берді.

— Екі жабағы мен бір дөненімді алдым ғой, енді екі торпақ, бір ұсақ қалды.

— Бірдеме қуып бара жатыр ма, аларсың...

— Жоқ, беріңіз. Кемпір-шалым қиналып қалмасын. — Жігіттің үнінен бір ызғар сезілді. — Ойда тағы бандылар пайда болыпты. Өзім соларды ұстауға шығатын жасаққа қосылмақпын...

— Сен болмасаң, бандылар құрымайтын шығар...

— Байеке, қайтесіз тәлкек сөзді.

— Бай сәл кідіре жауап берді.

— Жарайды, кешке мал келген соң аларсың.

— Құба-құп.

Жігіт шығып кетті. Әкпар әкесіне қарады.

— Өзің білесің, Матан бес жыл біздің Көксайдағы жылқымызды бақты ғой. Қызылдар келгелі әбден желігіп алды. Әнеугүні Ожар Матанның еңбегін бер деп кеткен.

— Оның еңбек ақысына соншама малды кім кесті.

— Ожар.

— Жылқы бағып жүргенде шығынға ұшыратқан малдарын ұстап қалам демедің бе?..

— Сондай ұсақ-түйекке сөз шығарып қайтемін.— Қарымсақ сәл ренжіп қабағын шытып, тоқалына бір қарап қойды. — Әлі қойныңдағы қатыныңды тартып алмағанына құдайға құлдық де...

Маржан қып-қызыл болып кетті, Бүркіт бағанадан бері байқап отырған, неге екені белгісіз, Матан кіргеннен келіншектің берекесі кеткен. Жігітке қарауға бата алмай, әбігер болған да, қалған. Бір қызарған, бір бозарған. Бұның себебін Бүркіт артынан білген. Маржан Қарымсақпен іргелес ауылдағы бір орта шаруаның қызы екен. Қарымсаққа әкесі қырық тоғызды санап алып зорлап береді. Алғашқы келіншек болып түскен кезінде де Маржан бай тоқалы болдым-ау деп бәлендей шаттық білдірмейді, бірақ тағдырдың салғанына көндім дегендей мінез көрсетеді. Сөйтіп жүргенде бір-екі рет Матанмен ұшырасып қалады, жаяу аяң өлең шығаратын қомақты жігітпен ыңғайы келген жерде сөз қағысып, әзілдеседі де... Тоқалы мен Матанның арасында әзірге бәлендей ештеңенің болмағанын біле тұрса да, ертеңінен сескенген қауқары шамалы, алпыстан аса бастаған бай, көп жылқысынан бір биені қасқыр жарып кеткенін сылтау етіп, жігітті қуып шығады. Осы кезде ауылға жасағымен Ожар келеді. Байдың зорлығын естіп, Матанның еңбек ақысын төлетеді. Байдан ақысын алып шаттанған Матан, бір жағы шыны, бір жағы қалжыңы, былай деп өлең шығарады.

Тау сілкінед, көп кедей, біз тебінсек,
Совет келіп, теңелдік көп телімсек.
Тепсе темір үзетін жігіт барда,
Кәрі шалды қайтесің, қыз-келіншек.
Байға кеткен еншісін, маңдай терін,
Қайтарды ғой заңменен Матан ерің.
Алсам тартып сол байдың деймін енді
Жас тоқалын, бура сан, маңмаң керін.

Бұл өлең ауылдың қуақы жігіттері арқылы Маржанға да жетеді. Маржан жерге кірердей болып ұялса да, ашуланбайды. Тек «Бура саны несі?» деп мәз-мейрам болып күледі де қояды. Ал Қарымсақ бай болса, менің тоқалымның санының қандай екенін ол қайдан білді екен деп бір ретте ашу шақырып, жігіттері арқылы Матаннан өшін алмақ болады, бірақ, артын ойлайтын Қарымсақ ашуын ақылға жеңдіреді, бір жағынан Ожардан қорқады, ақыры бұл өлеңді естімеген боп сыр бермейді. Жаңағы тоқалына тидіре айтқан сөздің астары, оның қызаруының да себебі осында екенін Бүркіт соңынан естіді. Ал ол күні... Сол бір толықсыған жас келіншектің Матан кіргеннен әбігерленуінен, оның осы балуан денелі жас жігітке тақа немқұрайды қарамайтынын аңғарғандай болған...

Бүркіт қыза бастаған көк жорғаның тізгінін тарта түсіп түлкі бұлаңға салады. Тағы да ой теңізіне шомды. Иә, иә, одан кейін бұл Матанды көрген жоқ қой. Әкпар екеуі сол ауылда бір айдай жатты. Бастарынан нелер қызық күндер өткізді. Сар жайлау, шалқар көл... Жүйрік бәйгесі, жорға жарысы. Екі ұдай боп тартысқан көкпар... Күндіз, оңашада: «Оқыған қайным-ау, неге теріс қарайсың, менің кәрі көкжалымнан қорқасың ба? Қорықпай-ақ қой, көкжал деген құр аты, жас бөрімен таласар өткір тісі жоқ, бәрі бірдей, алдақашан мұқалған»,— деп сыңғырлай күлген Маржанның ерке дауысы. Түнде — алтыбақан. Шырқай салған ән. Көкте — көлбей жүзген күміс ай. Бозара білінген таң. Тарап бара жатқан қыз-бозбаланың сылқылдаған күлкісі, жүректі қытықтаған әзілі... Ал бұлтарыста терең сай. Әкпардың жақын қарындасы Зейнептің таң бозындай аппақ жүзі. «Ұзақ күттің, бе?» деп дірілдей шыққан үні... Одан кейін... Өмір бақи естен шықпас, теңіз түбінің көгілдіріндей жан-сезімінің тереңінде қалған бір мөлдір таза қуаныш... Тағы да күн. Тағы жазыла шапқан қос күрең. Ши арасына қарай зымыраған қызыл түлкіге керегедей қос қанатын әлсін-әлсін, қағып шүйілген қыран құс...»

Бүркіт терлеп кетті. «Осының бәрі бүгінде бар ма екен? Әлде таңертеңгідей бір жаңғырық сол бір сұлу өмірді де үркітті ме екен?»

Кенет көк жорға бұрыла ала жөнелді. Сол жақтан келді жағалай қонған қалың ел көрінді.

— Біздің ауыл,— деді Әрін желе түсіп.

Бұл жолы екі салт аттыны, жау келе жатқандай, көп ит шәуілдей үріп қарсы алды. Үй-үйдің арасында көрінген адамдар да «Бұлар кім?» дегендей, қолдарымен маңдайларын көлеңкелей қарап қалды, кейбіреулері қарсы жүрді. Бүркіт пен Әрін Қарымсақтың сәл ғана реңі күрең тарта бастаған баяғы он қанат ақ үйінің жанына кеп түсті. Бұл жолы да анадағыдай үйден ешкім шықпады. Жандарына таяған екі-үш ақсақал адаммен қол алысып амандасты да, екі жігіт үйге кірді. Бүркіт табалдырықты аттасымен-ақ бағанағы өзі ойлаған жаңа заман жаңғырығы Қарымсақ аулының да шаңырағын жерге түсірердей етіп тітіреткенін бірден білді. Үй іші жайнаған асыл мүлікке толып тұрса да, қара көлеңкелене, үңірейе қалған — бұған мола секілденіп көрінді. «Бұл үйге не болған? Әлде Ханшайымды ұзатты ма екен?» деп Бүркіт, сол жақта бүк түсіп, теріс қарап жатқан Қарымсақ байға «ассалаумағалайкүм» деп сәлем берді де, жан-жағына көз тастады. Ханшайым бой жетіп қалған Әкпардың ерке-шора қарындасы болатын. Жоқ, Ханшайым ұзатылмаған секілді. Керегеде ілулі құндыз бөркі, кесте жағалы сұр барқыт бешпенті тұр. «Бірақ өзі қайда?» Бүркіттің есіне жаңа түсті. Әрін қаладан шықпай жатып: «Ханшайым нағашы аулына серуенге кеткен»,— деген. «Әлі қайтпаған екен ғой. Сонда бұл үйге не болған?» Бір пәле келгені анық, кебеже-сандықтарының қақпақтары ашық жатыр, төрдегі тәптештеліп жиналатын жүктің де бүгін сәні жоқ, қоқырси үйілген...

Бүркіттің даусы естілген соң, Қарымсақ басын көтеріп, түрегеліп отырды. Түсі күп-күрең. Үлкен ызаның сазы білінеді.

— Бүркітсің бе? Сау келдің бе?— деді өзін-өзі ашудан әзер ұстап дірілдей сөйлеп.— Әкпаржан қайда?

— Қалада жұмысы болып бөгеліп қалды. Бір он шақты күннен кейін жетер... Сәлем деді...

— Ә... ә... бір ыңғайсыз кезде келдің-ау шырағым...

Бірақ Қарымсақ неге ыңғайсыз кез екенін айтпады.

Бүркіттермен үйге ере кірген, жаңағы далада кездескен ақсақалдардың қаба сақалды бұжыры бұл үйде не болғанын түсіндіріп:

— Бүгін байекеңнің «маң-маң кері» Матан милициямен кетіп қалды,— деді. Сөйтті де, Қарымсақты кекеткені ме, әлде аяғаны ма: — Тал түсте тартып әкетті,— деп күрсінді.

Баяғы Матан шығарған өлеңнен кейін бүкіл ауыл байдың жас тоқалы Маржанды «маң-маң кер» деп атап кеткен. Әкпар да тоқал шешесін солай деп атайтын. Бүркіт бұл үйге не болғанын енді түсінсе де, бөтен сөз таба алмай:

— Тартып әкеткені қалай?— деді.

— Не қалайы бар? — Бұжыр шал Бүркітке сығырая қарады.— Матан өзі секілді қылышын сүйреткен екі қызыл аяқ милициясын ертіп келді де: «Маржан, жүр» — деді, ана көк соққан сайқал тоқал, сірә, бұрын уәдесін беріп қойған болуы керек, жымың-жымың күліп, сандықтағы киім-кешегі мен өз үйінен алып келген жасауын құшақтады да, соңдарынан еріп жүре берді.

— Неге жібердіңдер? —деді Әрін ашу шақырған күй көрсетіп.— Бұл ауылдың еркек кіндіктілері қырылып қалып па еді?

Жолаушыларға сәлем береміз деп үйге кірген бөтен адамдар қара сақалға қосылып, дабырлай жауап берді.

— Қалай жібермессің, үш бірдей еңгезердей жігіт...

— Белдерінде қылыш...

— Біреуінің мылтығы да бар...

— «Маң-маң кердің» өзі де қалар емес. Ең болмаса бірігуімізбен қоштасқан да жоқ...

— Жібермей көр, «әйел теңдігіне» қарсы болдың деп, Сібір айдатып жіберсін...

— Егер байекеңнің өзінен бір қимыл болғанда көрер едім! деді қара сұр, кескен кеспелтектей, төртбақ балуан жігіт, Қарымсақтың атарман-шабармандарының бірі Қабанбай. — Байекең өзі үндемеді ғой...

Қарымсақ басын көтеріп алды.

— Жә, жетеді!—деді ызалы үнмен,— не болды соншама ұлардай шулап? Кетсе, бес байталдың құны — бір қатын кетті. Ер өліп, Ертіс бұзылған жоқ қой. Барыңдар!

Үйдегі адамдар шығып кеткеннен кейін Қарымсақ үндемей ұзақ отырды. Әлден уақытта барып:

— Жастай, адал күйінен жар еткендігімнен бе, Маржанның бұл қылығы маған өте батты,— деді ол бұл уақиғадан күрт сынғандығын жасырмай.— Амал не қазір қойшы-қолаң күшейген мезгіл ғой, әттең, кешегі күнім қайта оралар ма еді!—деп сәл жігерлене сөйлеп келе жатты да, неге екені белгісіз, ол кілт тоқтап, Бүркіттің бөтен жайды сұрады.— Осы Қытайда да кеңес өкіметі орнар ма екен?

— Қайдам... Әзірге бірімен-бірі қырылысып жатыр ғой...

Әріп ас дайындатуға шығып кетті. Не сөйлескендері белгісіз, Бүркіт пен Қарымсақ ұзақ әңгімелесті.

Бүркіт бұл ауылда екі жетідей болды. Сол уақыттың ішінде оның байқағаны: қазақ аулында да «бай», «кедей» деген ұғым мықты орын алып, ел-жұрттың арасына ала ауыздық кіре бастағаны. Ақсақалдың дәстүрі көп қатыны бар байды тәлкек ету салтқа айналған, Екі жетінің ішінде Бүркіт бұрынғы ұлан-асыр бәйге, қатар отырған елдің басын қосқан үлкен той, шешендік салыстырған сүбе билердің айтысының бір де бірін көрген жоқ. Оның орнына, үкімет қандай жаңа заң шығарады? Бай жерінен бізге қашан жер алып береді? Бес ешкімізді айдап қашанғы ауқаттылардың соңынан шұбыра береміз? Орыс мұжықтарындай егін егіп, поселке болып біз де неге отырықшылыққа үйренбейміз?—деген секілді толып кеткен соны тілектер...

Бүркіт, Әкпар уәделескен күні келмеген соң, енді бұл ауылда жата берудің ретін таба алмай, сабақ басталуға он күн қалғанда Ақшатырға қайтты.

IV

Хасен — қазақ жеріне келген жаңа өмірді құшағын жая қарсы алған ақын. Бұның жырында жаңа ырғақ, жаңа тақырып мол. Бүркіт өлеңіндей қиыннан қиыстырылған, теңіз толқынындай құдіретті болып тумаса да, бұның да өлеңі жаңа заман лебіндей жалынды, біркелкі күшті, өжет, өткір келеді. Әнге салынған көп өлеңі халық арасына әбден тарап та кеткен. Қысқасын айтқанда, Бүркіт екеуі саясатта да, поэзияда да қарама-қарсы адамдар. Бір жағынан, ағайын-туыс, бір ауылда бірге өскен. Екінші жағынан, екеуінің өмірлік жолдары екі жақта, біріне-бірі алыс, жат.

Бірақ бұның Бүркіттен артықтығы бар. Хасен — жаңа заман ақыны. Қазақ даласына орнаған жаңа өмір жыршысы. Сондықтан да жұрт бұны көп оқиды. Өз ақыны, өз баласы.

«Жауды жеңу үшін жауынгердің өткір қылышы, ақынның жалынды қаламы керек»!

Хасен халқынан қылышын да, қаламын да аяған жоқ. Сан алуан қиындықты басынан кешті. Соның бәрін де жеңіп шықты. Ал сол жеңістер оңайға түсті ме? Жас жанын кейде оққа да байлаған жоқ па? Сол жеңістер үшін халқының да көрмегені бар ма? Аштыққа да, жалаңаштыққа да шыдады. Осының бәрін ойлап кетсе, Хасеннің жүрегі ойнай жөнеледі.

«Ауыр азаппен, қажымас мехнатпен тапқан халық жеңісіне, ай далада адасып қалған жалғыз қаздай, үні алысқа бармас Бүркіт секілді шатасқан жандар қарсы сөз айтпақ. Қолынан келсе әлі де болса ел-жұртты кеңес жолынан бөліп алмақ, кедергі етпек. Бұған шыдауға бола ма?

Хасен тағы да үйді кезіп кетті. Қолында бір жапырақ қағаз. Бұл — Бүркіттің соңғы өлеңі. «Жоқ, жоқ, бұл ойың болмас, Бүркіт,— дейді Хасен ызалана,— егер сен секілділердің айқайы қазақ халқын дұрыс жолынан бұрар болса, несіне біз қолымызға мылтық алып алыстық? Несіне елімізді жаңа жолға шақырып, түн ұйқымызды төрт бөліп өлең жаздық?»

Хасен жақында ғана губерниялық партия газетіне жұмысқа ауысқан. Сол газет арқылы бір бөлме пәтер алған. Бөлмесі биік және өте кең. Бұл — шет елге қашып кеткен байдың салтанатты үлкен үйінің қонақ қабылдайтын залы. Есік, терезе, едендерінде төңкерістен бұрынғы сырлары әлі кетпеген. Төбесі де әшекейлей боялған. Абажадай үлкен үш терезесінің екеуі күнгей жаққа шығады, біреуі ғана қора ішіндегі бау-бақшаға қарайды. Қазір осы үш терезенің екеуінен күн құйыла түсіп тұр. Бөлме ішінде бәлендей көзге ілінер зат жоқ. Баяғы Ақанның үйіне қарағанда, Хасеннің пәтері сұлу, кербез қыздың жанындағы жұпыны келіншек тәрізді. Абажадай бөлмеде бір темір кереует пен қағаз жазатын сары сырлы ағаш үстел, төрт орындық. Бойдақ жігіт тұратыны бірден аңғарылады. Төсек-орындары жиналмаған, орындықтардың үстіне қалай болса солай тастай салған пенжек, шалбар, көйлек... Жерде үстел, кереует жанында беті ашылған кітап, қобыраған газет. Үй ішінде көзге түсер айрықша жалғыз зат — қабырғаларға жапсырып тастаған суретті үлкен-үлкен қағаз плакаттар, суреттер. Міне зәресі ұшып кеткен Чемберлен, басындағы цилиндр қалпағы жоғары көтеріліп, көзіндегі пенсиесі анандай жерге ұшып түскен. Үстінен төнген жұмысшының айбынды қолына қарап, зәре-құты жоқ. Астыңғы екі жолға: «Мықты болсаң, Чемберлен, көрші құтылып мына шеңберден?» деген сықақ, өлең жазылған. Ал ана плакатта шат-шадыман бай тоқалы. Қолына түйіншек заттарын ұстап, милицияға еріп, үйден шығып барады. Бетінен түгі шығып, не істерін білмей, жер тепкілеп тұрған жуан қарын бай... Бұның да астында екі жол өлең: «Аш теңдікке түндікті, күл-талқан етіп күңдікті!» Осы секілді заманның сан түрлі қуанышты құбылыстарын дәріптеген толып жатқан плакаттар. Бұл өлеңдердің бәрін де Хасен жазған.

Ал Бүркіт ше? Бүркіт не істеп жүр?

Былтырғы Қарымсақ бай ауылына барғаннан бері жыл өтсе де, оның ашуы тарқаған жоқ. Қыс бойы еш әлеумет ісіне қатыспады, тек мұғалімдік міндеті мен шығарма жазуды білді. Мұндай жағдай оған халқының көңіл күйін, өмір өзгерістерін түсінуге бөгет болды. Осының арқасында өзімен-өзі әуреленген жас ақын, бөлтірігінен айрылған аш қасқырдай, іштей әбден ашынып алды. Қандай тартыстан болса да бас тартпайтын халге жетті. Ол қазір қалың қолға жалғыз қарсы шауып, мерт болуға да бар. Әлі ұлтшылдық сарындардан арылмаған кейбір газет, журналдар Бүркітке ақыл айтудың орнына, оның баяғы «зар заман» ақындары секілді дүниеден түңілген зарлы, налыған, өкінішке толған көптеген өлеңдерін басумен болды. Қазақтың өткен күнін, дәстүрін, елдігін жоқтау Бүркітке енді әдетке айналды. Ол сол бір сарғайса да, сағынса да келмейтін, сонау еткен заманды құр ғана жоқтап қоймады, өзінің үлкен дарынынан туған шығармаларының астарлы сыры, рухы арқылы жұртты тікелей күреске шақырды. Газет, журнал бетінде ашық жариялауға жатпайтын кейбір өлеңдері қолжазба ретінде жұртқа тарады. Оның осындай жасырын өлеңдерінің ең шыңы, ызалы саяси айқайы сонау «Қоңыр айғыр» көлінен келе жатып «Ауылым да жоқ, бауырым да жоқ» деп басталатын өлеңі болды.

Бүркіттің осы ақырғы Асан қайғы жырын жаңа ғана оқып шыққан Хасен кең бөлмесін ерсілі-қарсылы кезіп жүр! Жайшылықта адамды тартып күлімсіреп тұратын жарқын өңі, бүгін бір түрлі қуарып кеткен. Қабағын әлсін-әлсін түйіп, ашулана, адымдай түседі. Тоқтай қалып, қолындағы дәптердің екі бетіндей қағазға қарап күбірлеп оқиды да, тағы да адымдай түседі. Ішінде бір тыным білмес арыстан бардай. Әбден мазасы кеткен. Қолындағы қағаз Бүркіттің қолжазба ретінде жұртқа тарай бастаған әлгі өлеңі еді. Кім екені белгісіз, біреу конвертке салып, почта арқылы әдейі Хасенге жіберіпті. Дәу де болса, Әкпар болуы керек. Бүркіттің шын серігі және Хасеннің жаңа адресін де біледі. Әйтеуір, кім жіберсе де, жаны ашығаннан жіберіп отырған жоқ. Бүркіт пен Хасеннің араларын бұрынғыдан да шиеленістіруге жіберіп отыр. Ойындағысы да орындалған секілді, егер Бүркіт қазір кездесіп қалса, Хасен оны жер-жебіріне жете сөгуге бар, ол түрінен де көрініп тұр...

— Сорлы! Қайда бара жатыр?—деді Хасен кенет тоқтай қалып, Бүркіттің қылығына қиналып.— Өзінің басын жұтқалы жүр ғой... Әйтпесе мұндай жексұрын өлеңді жазбас еді! Салынайын деп жатқан темір жолдан үркек жылқыдай күні бұрын шошиды! Қазақ сол түйеге мінген қалпында көше берсін дейді... Бірақ оны заман көтере ме?.. Бауырлас орыс пролетариаға бірігіп, ел болайық, жұрт болайық деп қолын созса, жерімді алғалы тұрсың деп қылышын ала жүгіруге дайын... Беу, беу, Бүркіт, ойлансайшы, су түбіне кеткелі тұрсың ғой!

Бала күннен ойнап-күліп бірге өскен жолдасына осы бір сәтте ала-бөтен жаны ашып, Хасен терезе алдына барып, тағы да ойлана қалды. Бүркітті осынау қауіп-қатерлі бұрыс жолдан құтқаруға шешім таба алмай, ол терезе алдында ұзақ тұрды. Басына сан түрлі ой келді, бірінен-бірі өткір, бірінен-бірі сорақы. Жаның ашитын адамды әкетіп бара жатқан тұңғиықтан құтқарудан қиын не бар? Хасен де қазір дәл осындай күйде еді.

Үйге осы кезде ешбір рұқсатсыз, еркекше киінген бір қыз кіріп келді. Жасы он сегіздер шамасында. Басында үкілі кәмшат бөрік, қолында күміс өрген тобылғы сапты қамшы. Белін күміс белбеумен қынаған, үстінде — зерлі қызыл барқыт бешпент. Бұтында — кең балағын оюлап тастаған шалбар, аяғында — биік өкшелі қызыл сафьян, қисық табан етік. Қара торы, дөңгелек жүз. Оймақтай Дәнді еріні күлімсірей ашылып, ар жағынан маржандай тізілген аппақ тістері көрініп тұр. Қарақаттай қап-қара өткір көздері адамға ойнақши қадалып қарағанда, ішіңе бір от салып жібергендей. Қыздың еш нәрседен қымсынбас еркін, ашық жүзінен біреудің маңдайына басқан еркек-шора жалғызы екені көрініп тұр.

Жел соғып, күн күйдірген сәл кезерген ерні, тотыққандау қара торы жүзі, тұрған тұрысы, қолына ұстаған қамшысы қыздың жолаушы екенін бірден аңғартады.

Қыз ойға шомып кеткен Хасенге біраз күлімсірей қарап тұрды да, кенет жымың етіп:

— Сәлеметсіз бе, Хасен аға?—деді. Даусы күміс қоңыраудың сылдырлағанындай бір түрлі нәзік сыңғырлай шықты. Оның қуанып тұрғаны айтпай-ақ белгілі еді. Хасен таңдана қарады. Танымағаны түрінен байқалып қалды.

— Сәлеметсіз бе?

— Түу, сізге кездесе алмаймын ба деп зәре-құтым қалмап еді, — қыз еркелей сөйлейді,—әйтеуір еш жаққа жүріп кетпеген екенсіз... Жолым болар-ақ.

Хасен қыздан көзін алмай, әлі қарап тұр... Күлім көз, оймақ ауыз, қыр мұрын жас сұлу қараған сайын ұнап барады... Үстіндегі еркек-шора бозбалалардың киімі де қандай жарасымды! «Қайдан келген жан? Көктен келді ме, жерден шықты ма? Күміс белбеумен қыналған қыпша белі, мақпал бешпенттің сыртынан-ақ томпайып байқалып тұрған жұп-жұмыр төсі, сүюге лайықты ерні, қандай жанды болса да құмарттырмай қоймас... Бірақ бұл періштедей сұлу жасты қайда көрдім? Жоқ, бұрын көрген адамым емес».

— Түу, мен сізді бір көруге асығып келсем... Сіз тіпті танымай қалғандайсыз ғой... Мен Ханшайыммын ғой... Әкпардың қарындасы.

— Ханшайым?!— Хасеннің жүзі жадырай қалды.— Танымай да қалғаным рас...— Ол енді шаттана күлді.— Мен көргенде шөп желке кішкентай ғана қыз едің... Ал қазір...—Жігіт, не дерін білмей, құр тамсанды да қойды.

Хасен Ханшайымды бұдан бес жыл бұрын көрген. Хасен санақ жүргізуге Әкпар ауылына барған. Бұл — Совет үкіметінің қазақ жерінде адам мен мал санын анықтауға жүргізген алғашқы науқандарының бірі болатын. Онда Ханшайым он үш – он төрт жасар қыз кезі. Еркек балалармен таласа тайға мініп, асық ойнап жүрген. Түбі сұлу болатыны сол кездің өзінде байқалса да, Хасен оған жөнді көз қырын да салмаған. Дегенмен, еркек-шора бүлдіршіндей жас қыздың ойнақшыған қара көзі, жастығына қарамай, өзімен шолжыңдай әзілдескен кейбір сөздері, күміс күлкісі көп уақытқа дейін оның есінде қалған. Бірақ өмір деген ұзақ сапар емес пе, жолда кездескен қызықтың бәрі де жадыңда сақтала бермейді, бірте-бірте Ханшайым да ұмытылған. Сөйткен жас өспірім, қазір сылаңдаған бойжеткен болыпты. Қандай жігітті де болса өзіне құмарттырмай қояр емес. Ұзын кірпіктерінің астынан қадалған қарақаттай мөлдіреген ойнақы көздері күйдіріп әкетіп барады. Құтылар жол таппасаң, біржолата өртеп жіберердей....

Хасен Ханшайымды ұмытқанмен, Ханшайым Хасенді ұмытқан жоқ еді. Ортада өткен бес жыл бойы жас сұлудың көз алдынан сонау бір ашаң өңді ақ құба жігіт бір кетпей-ақ қойды. Құр ғана көз алдынан емес, ерке қыз Хасенді өзіне балап, қашан келеді деп аңсай күтуде болатын. Оны мұндай жағдайға жеткізген қыздың ұшқыр қиялы мен бір болмашы ғана уақиға еді. Оны жігіт ұмытқанмен, қыз ұмытпаған.

Сол санаққа Хасен келген жолы бір күні кешке таман Қарымсақ үйінің жанына бір топ жігіт жиналып қалған-ды. Іштерінде санақ жүргізуші Хасен мен байдың Әкпардан кейінгі жалғыз қызы — бозбалаларша киінген Ханшайым да бар. Еркек-шора қыздардың жігіттермен бірге жүретін әдеті. Ханшайым нағыз бала жігіт тәрізді. Сөзі де, қылығы да ерке балалардан аумайды. Бұрын бұл ауылда болмаған Хасен Ханшайымды қыз екен деп тіпті ойламаған-ды. Жұрт Қарымсақ байдан қаймығып, оны қыз деп ауыздарына да алмайтын. Осы кезде дуылдың бір жігіті қырда жатқан жылқыдан байдың ертең мінемін деген торы айғырын алып келді. Бұл — ұзындығы есік пен төрдей, биіктігі жардай денелі жануар еді. Мінезі тентек болмаса да, басы қатты, үстіне байдан бөтен жан мініп көрмеген. Ауылда өскен жастың қайсысы атқұмар болмаған, жігіт жетектеп келе жатқан торы айғырға Ханшайым кенет мінгісі келіп кетті. Жігіттен шылбырын алды:

— Әй, орыс аға, мінгізіп жібер,— деп анандай тұрған Хасенге айқай салды.— Қаланың тік аяғы сен әлі баланы атқа отырғызуды да білмейтін шығарсың...

Хасен тіксіне қалса да, ерке екенін аңғарып, «баламен бала болып қайтем» деді де, аттың жанына келді. Торы айғырдың жалына әзер қолы жетіп тұрған шағын денелі, қолды аяқтай баланы сол қолымен қолтық тұсынан, оң қолымен сәл көтерген оң аяғының басынан ұстап, ат үстіне қарай «әуп!» деп көтеріп қалды. Әлде баланың қолтық астынан дұрыс ұстай алмады ма, әлде бала оқыс қимылдады ма, әйтеуір, Хасеннің сол қолы ананың қолтығынан сырғып төсіне жетті. Енді ол ат үстіне қарай ауа түскен бала денесін жоғары көтеремін дегенде қолы барып көкірегіне тиді. Жұп-жұмыр бірдеңе былқ ете түсті. Сасып қалған Хасен не істерін білмей, қолын тартып алды.

Бұл Ханшайымның төсіне еркек қолының алғашқы рет тиюі еді. Денесі дір-дір қағып шымырлай ойнап, бойын бұрын өзі аңғармаған бір тәтті ләззат билеп кетті.

Ыстық жас әйелдерінің сезім дүниесі ерте оянады дейді кейбіреулер, мүмкін сол ерте оянған сезім әсері болар, әйтеуір, Ханшайымның қыз екенін білдірген осы бір жәйт Хасеннің мәңгі есінде қалды.

Хасен есімі ауылда көп естілетін. Әсіресе жаңа өмірді аңсаған жастар арасында оның өлеңдері көп таралып еді. Кейбіреулерін әнге салып, кейбіреулерін тақпақ ретінде айтатын. Ханшайым да оның өлеңдерін құмарта оқитын, көбін жаттап та алатын. Және Хасеннің есімін естіген сайын оның есіне баяғы өзінің атқа мінбекші болған күні көз алдына елестейтін. Дәл сол күнгідей бойы шымырлап сала беретін. Осы бір болмашы сенім Хасен атаққа не болып, ел аузына іліне бастағаннан кейін бұрынғысынан ұлғая түсіп, енді махаббат арманына өршуге айналды. Ел мақтағанды, қыз жақтаған жалпы жұрт Хасенді көкке көтере ардақтай бастағаннан кейін жас ақынды жек көретін әке сөзі Ханшайымның құлағына да кіріп шықпай, есіл-дерті Хасенге қарай ауа түсті.

Бағанадан бері әлі таңданып тұрған Хасен:

— Бұдан бес жыл бұрын Ханшайымды дәл осындай бойжеткен болады десе, сенбес едім,— деді ол қызға сәл сұқтана... Қыз даусы күмістей сыңғырлай тағы күлді.

— Құр бойжеткен ғанамын ба? Дұрыстап қараңызшы?

Қыздың қымсынбай сөйлеген сөзінен, жасқанбай қадалған көз қарасынан баяғы ерке-шора қылығы қалмағаны көрініп-ақ тұр.

Хасен бостау бір орындықты алды да, жоғарырақ қойып:

— Отыр, Ханшайым,— деді күлімсірей,— бұл жақта жай жүрсің бе?

Қыз ұсынған орындыққа отырды да, қолындағы қамшысымен жерді сыйпай сабап.

— Жоқ, тақа жай емес,— деді Хасенге еркелей көз тастап.— Алыстан бір сіз деп келдім...

Егер жер астынан жік шыға келсе, Хасен мұндай таң қалмас еді, ал қыздың дәл бұлай тікелей айтқан сөзіне не дерін білмей сасқанынан ол артындағы орындыққа отыра кетті. Орындықта үйіліп жатқан кітаптар сауылдап жерге құлады.

— Артыңызда кітап болмай, ошақ болса — не істер едіңіз? — деді Ханшайым, тағы да сыңғырлай күліп,— сонда да отыра кетер ме едіңіз?—Жігіттің шын қысылып қалғанын көріп, оны бұдан да састыра түсейін дегендей,— жігіт таба алмай келген жоқпын,— деді. Бұл жолы оның үні салмақты шықты.— Мені арман еткен жан аз болған жоқ.

Алғашқыда Хасен осы қыздың есі дұрыс па деп таңданып қалған еді. Әлде қалжыңы шығар деп те жорыған. Ал қазір оның бұл сөзді томсара отырып, шын көңілімен салмақ сала айтқанын көріп, бұрынғысынан да састы. Дегенмен, енді жайдарылана сөйледі.

— Ханшайым, айтып отырғаның шынын болса, көп-көп рахмет... Қандай жігіт сенің мұндай сөзіңнен майдай еріп, оттай маздамас. Бірақ...

— Не бірағы бар? Әлде менің қатыгез әкем мен ағамнан қорқасың ба?

— Мәселе қорқуда емес қой...

— Енді неде?.. Әлде мен сізге ұнамаймын ба?— Қыз қылықтана күлді,— Ұнайтынымды өзім де білем, ұнамайсың деп өтірік айтып әуре болмай-ақ қойыңыз. Кімге болса да ұнаймын. Ал бірақ, шынын айтсам, сіздің үйге келгенше менің де зәрем қалған жоқ.

— Неге?

— Әкем мен ағамнан қорыққандықтан емес. Күйеуге олар шықпайды ғой, мен шығам. Ал қорыққан себебім басқа...— Қыз сәл қымсынғандай төмен қарады.— Қаланың бір шүйке басын алып қойды ма деп зәре-құтым қалмады ғой, —Ол басын көтеріп, жан-жағына қарады да, тағы шаттана күлді,— Көзіме әйел киімі түспейді... Сірә кешікпеген тәріздімін.

Хасен енді амалсыз күлді.

— Жоқ, үйімде әйел киімі жоқ. Үйленбесем, әйел киімі қайдан келсін!.. Қыздың жүзі бұрынғыдан да жайнай түсті.

— Рахмет, Хасен аға,— деп келе жатты..— Аға дегенім енді келіспейтін секілді ғой... Не десем екен?..

— Аға деуді қимасаң құр ғана Хасен де...

— Құр ғана Хасен дейсіз бе?.. Жоқ, одан да Хасенім дейін жарай ма?

Қыз тіпті жігіттің іші-баурына кіріп барады. Жігіт те бас салып құшақтай алуға дайын. Әзер шыдап отыр. Өн-бойын бір тәтті сезім билеп кеткен. Жоқ жерден пайда болған бақыт жанын қоярға жер тапқызбай әкетіп барады.

— Ал менің әкем мен ағамнан сіз қорықпай-ақ қойыңыз,— деді Ханшайым қайтадан салмақты үнмен. — Әкем осыдан үш күн бұрын бүкіл малын айдап сөзін тыңдайтын адамдарымен Тарғын тауы арқылы шетелге асып кетті. Және бос өткен жоқ, нөкерлерін жіберіп, баяғы қатынын тартып әкеткен милицияны соққыға жыққызып, ондағы жас тоқалы Маржанды қол-аяғын байлап бірге әкетті... Алтайдың арғы бетінде бұрыннан қол алысып, қыз беріскен құдалары бар. Соларға барып қосылмақ. Кеңес өкіметі жақында жерімді кедейге алып береді екен, жерден айрылсам — малдан айырылғаным деп қорқады. Ал мен Ертіске таяған түні көк жорғаны міндім де, бері қарай тартып отырдым.

Қыз жүзінде жаңа ғана құлпырған қуаныштың ізі де қалған жоқ. Өңі заматта солып, төмен қарай қалған. Ханшайым айтпаса да, оған туған әкесінен бұлай айрылу қаншалық қиынға түскенін Хасен біліп тұр...

— Әкесінің шетелге қарай кеткенін Әкпар біле ме?— деді ол сөзін бөтен жаққа аударып, аздан кейін.

— Біледі... Неге білмесін.— Ханшайым бұрынғыдан да қинала сөйледі. — Бәрі соның ісі, соның ақылы... Осыдан екі ай бұрын бір сенімді жолдасын жіберіп, «тезірек Қытайға өтіп кетсін», депті.

— Өзі осында қалмақ па?

— Әзірге сөйтетін шығар... Білетінім — әкем ақшаны оған мол жіберді.— Қыз тағы күрсінді.— Кім біледі, мен де көштен қалмайтын едім, апамның бейіті мен сізді қимадым...— Кенет ол тағы да серпіле қалды.— Түу, қайдағы жоқ сары уайымға түсіп бара жатқанымды қараңызшы. Жә, болар іс болды, енді өкіндің не, өкінбедің не.— Қайтадан ол Хасенге күле қарады.— Одан да ана көк жорғаны қай жерге қоямыз — соны айтыңыз. Жүрісім қатты болды, таң асырмаса болмас...

Күн батуға айналып қалған еді. Екеуі далаға бірге шығып, көк жорғаны көрші қораға жайғастырып, ер-тоқымын алып, үйге қайтадан кірді.

Сол күні Ханшайым Хасеннің әйелі болып шықты. Көрер таңды көз іліктірмей қуанышта өткізген екі жас, ерлі-жұбайлы ретінде ең алғашқы таңертеңгі шайларын ішпек болып, үстел басына отыра берген кездерінде, ешбір әй-шусыз үйге Әкпар кіріп келді. Беті күп-күрең. Шырпы тигізсең тұтанғалы тұр. Қолында — тобылғы сапты білектей жуан қамшы. Таспасын төрт таған етіп өріп тастаған. Амандық жоқ, саулық жоқ, ол бірден ызбарлы үнмен:

— Ханшайым, шығып кет, сөйлесетін сөзім бар,— деді.

Ханшайым орнынан қозғалған да жоқ, тек қарлығаштың қанатындай қиылған қасы дір етіп бір көтерілді де қойды.

— Айта бер осы жерде.

— Аға мен қарындастың арасында куә жүрмес болар.

— Хасен де маған бөтен адам емес.

Ханшайым бұл сөзді бір түрлі наздана, қуана айтты. Әкпар бұрынғыдан да күреңдене түсті.

— Ә, солай ма еді? Олай болса, осы жерде-ақ айтайын...

Хасен орнынан түрегелді.

— Құпияң болса, үйден мен-ақ шығайын,— деді ол.— Бірақ байқа, Ханшайымды титтей ренжітсең басыңмен жауап бересің.

Хасен шығып кетті.

— Ал сөйле,— деді Ханшайым, үнінде ашу бар.

Әкпар есікке бір қарады да, сарт еткізе тиегін сала қалды.

— Сөйлесем сөзім қысқа,— деді ол ентіге, — жалғыз қарындасымды жауымның қойнына салып отыра алмаймын!

Ханшайым орнынан түрегеліп, аяғын сәл ақсаңдай басып, әлі жиналмаған кереуеттің қасына барып, бірдемесін көріп қалар деген адамдай, қызыл атлас көрпені төсек үстіне дұрыстап жайып қойды. Түсі құп-қу болып кеткен. Ашу қысып тұрғаны қасара қалған жүзінен көрініп тұр.

— Хасен сенің жауың болса, онда менің не шаруам бар? - деді Ханшайым Әкпарға тікелей қарап.— Жанымдай жақсы көріп қосылдым. Бұны неге ойламайсың? Жоқ, Әкпар, сен маған ақылшы болмай-ақ қой, менің бұл үйден тек өлігім ғана шықсын!

— Солай дейсің бе?!—Әкпардың даусы қабатын иттей гүр ете қалды. Ол қолындағы тобылғы сапты қамшыны жоғары көтерді.— Мә саған олай болса! Мынау байың үшін! Мынау өзіңе!.. Мынау аяққа басқан ата-бабамның әруағы үшін!..

Қамшы Ханшайымның үстіндегі ақ жібек көйлегінің пәре-пәресін шығарып, ауаны тілгілеп ыс-ыс етеді. Қыз үн-түнсіз, «ыңқ» деп дыбыс шығармастан, ағасына жасқа толған ызалы көзін қадап, қасқая қарап тұр.

— Саған бай керек болған екен ғой, мә саған бай!...

Хасен есік тиегі сарт етіп салынғаннан тықыршып шыдай алмай тұрған. Қамшының шыпылдаған дыбысы құлағына жетісімен есікті күршек-мүршегімен жұлып алып үйге кіріп кеп бұрышта тұрған үстел тартпасын әбігерлене ашып, алты атарын алды да, Әкпарға кілт бұрылды.

— Тарт қолыңды! Атамын!

Жаңа ғана Ханшайымның қос бұрымын білегіне орап, енді тепкінің астына алам деген Әкпар Хасеннің дауысы шыққан жаққа жалт бұрылып қарады да, өзінің кеудесіне оқталған мылтықты көріп, зәресі ұшып кетті. Дүниеде мылтық пен пышақтан суық не бар, шашты босатып жіберіп, кейін қарай шегіне берді.

— Ұр! Тағы да ұр!—деді Ханшайым сол мызғымаған қалпында.— Бақытым үшін өлсем, арманым жоқ!

— Кет! Жоғал!—Хасен ашудан қалш-қалш етіп ақырып жіберді.— Әттең, өз үйім, әйтпесе...

Шегіне есік алдына барып қалған Әкпар кілт тұра қалды. Шабатын қасқырдай, Хасенге тіктене қарады.

— Асықпаңдар әлі!—деді ол ашудан булыға,— Сазайларыңды тартқызармын! Отырғыздың ғой, Хасен, ана Бүркітті түрмеңе, көп болса, мені де отырғызарсың, бірақ өшімді алармын!

Әкпар үйден ата жөнелді. Оның не айтып кеткені ашу үстінде әлі санасына толық жетпеген Хасен жүгіріп, қозғалмай тұрған Ханшайымның қасына барды. Құшақтап аймалап сүйе бастады.

— Неткен қаныпезер жан еді! Сені сабауға қалай ғана қолы барды?—деді ол пәршә-пәршәсі шыққан көйлектің ар жағынан көкала қойдай болған Ханшайымның арқасын көріп, өзін-өзі азар ұстап,— қатты ауырып тұр ма?..

Енді ғана Ханшайымның көзінен маржандай екі-үш тамшы жас жерге тамып кетті.

— Оқасы жоқ,— деді ол өзін-өзі зорлай сәл күлімсіреп, жасқа толған қарақат көздерін Хасенге аударып,— келгені жақсы болды. Жүрегіме жара болып қалар дертті етіме шығарып кетті. Бұ да жазылар.— Сөйтті де, өзінің жыртылған көйлектен тәні көрініп тұрғанына ұялып, Хасенге:— Ана қоржында басқа көйлегім бар еді, әперіп жіберші,— деді.

Хасен жүгіріп барып, бұрышта тұрған үлкен кілем қоржынның аузын ашып, Ханшайымның қос етек көгілдір шайы көйлегін әкеп берді. Анау үстіндегі жыртық көйлегін шеше бастады да, жалт бұрылып, өзінің жалаңаш аппақ сұлу денесіне сұқтана қарап қалған Хасенді көріп, қып-қызыл болып кетті.

— Киініп алғанымша, бұрыла тұрыңызшы,— деді ол еркелей қымсынып.

Қабырғаға бұрылған Хасен аздан соң қайта қарағанында, Ханшайым киініп те болған екен. Қарсы алдында көлеңдеген көгілдір шайыға бөлінген жас келіншек тұр. Кешегі бала мінезді Ханшайым емес бұл. Бір түннің ішінде сондай өзгерген. Он жылға есейгендей, сірә арқасы ауыртып әкетіп бара жатқан болу керек, тістеніп алыпты, сөйтсе де қиналғанын білдірмеуге тырысып, қабағын сәл шыта Хасенге имене қарайды. Кешегі нәресте мінез бен ойнақшыған қара көзі де бүгін терең сырды ішін түйген тұңғиық тәрізді. Күнәсіз жас баланың ернінде үлбіреген ернінде дүниенің тәтті дәмін татып, оның қызығынан айрылмаймын дегендей сезімді білдірер бір есейгендік белгі пайда болған. Жүзінде бақытпен қоса салмақтылық, қайсарлықпен қатар асау жігер ойнайды.

Хасен дәл осы мезетте Ханшайымның өзіне өмірлік жан жолдас бола алатынына көзі әбден жетті. Кенет ішінен бір ғажайып мол тәтті ләззат билеп алды. Осы бір сөткенің ішінде алуан сыннан мүлтіксіз өткен, хор қызындай көңілді тартып тұрған аруын кенет баурына басып қысып, құшырлана сүйгісі де келіп кетті.

Бірақ Ханшайым оның жалынды ниетін бөліп жіберді.

— Әлгі Әкпар не деп кетті?— деді үнінде бір қорқыныш пайда болып.— Бүркітті кеше осында деп едің ғой... Абақтыға қалай түскен? Оны неге сізден көреді?

Хасеннің жаңа ғана билей бастаған қуанышы су сепкендей басыла қалды. «Иә, иә, жаңағы сұм жүрек сондай бірдемені айтып кеткен жоқ па? Абақтысы несі?.. Кеше ғана Бүркіт пен Ольганы клубта көрген жоқ па едім... Бұл не сұмдық?.. Тезірек білу керек».

Хасен дәл осы кезде көк жорғасын жетектеп, терезе алдынан өтіп бара жатқан Әкпарды көрді.

Ішінен ол кекете күлді. «Міне» өмір деген осы. Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы. Жаңа ғана мылтық аузында тұрған Әкпар енді ат қамын жеуде. Қазір оған көк жорға кешегі өзі сойылын соққан Бүркіттің тағдырынан қымбат. Беу, беу, Бүркіт! Кімнің демеуіне сүйеніп адасып жүрсің?.. Қанына тартпағанның қары сынсын, сен екеуіміздің таптық қанымыз бір емес пе еді, қалай көкпарға сатылып кеттің? Сенің жаныңда болып, жаман жолдан сақтай алмаған әлде мен айыптымын ба? Мүмкін, солай да шығар... Бірақ мен айыбымды ақтармын... Басыңа бүгінгідей күн туғанда кешегі достарың Әкпарлар сенен ат-тонын ала қашар. Ал мен болсам үйте алмаспын. Өйтуге хақым бар ма?...»

Хасен Ханшайымды қасына отырғызып, Бүркіттің соңғы кезде қалай қатты қателескенін айтып берді.

— Бүркіттей үлкен дарынды халқымыз үшін сақтап қалуға ат салысу — менің азаматтық, замандастық борышым,— деді ол сөзінің аяғында,— оны құтқару үшін қолымнан келгенін аямаспын.

— Сөйт, Хасен аға,— деді кенет Ханшайым алғашқы кездескен минуттеріндегідей еркелей,— сенің оған қастық емес достық ойлайтыныңа сенетін едім.— Ол енді еркелей наздана сөйледі.— Жай адамды Ханшайым таңдамаса керек еді...

Әрі-бері сөйлескеннен кейін Хасен есікті жөндеп берді де, егер өзі керек болып қалса, қабырғада тұрған телефонмен қалай пайдалану керек екенін Ханшайымға түсіндіріп, Бүркіттің жағдайын білмек болып далаға шықты. Ханшайым есікті ішінен бекітіп алды. Хасенге сыр бергісі келмей, бағанадан бері ашу ішін өртеп күйдіріп, қамшы тиген жерлері удай ашып, әзер шыдап тұрған жас сұлу сонда ғана өзіне ерік берді. Жастықты құшақтай барып солқ-солқ жылады. Әсіресе оған Әкпардың қорлығы өтіп кетті. Маңдайына жан шертіп көрмеген байдың ерке қызы жалғыз ағасынан соққы жеді. «Иә, бұл менің алғашқы көрген соққым. Бірақ кім біледі, өмір маған бұдан да қиын соққы бермесін. Жоқ, жоқ, Хасен жанымда тұрғанда ол мүмкін емес. Ал алда-жалда қиын-қыстау кезең туса, өзімнің бақытым үшін, неге болса да шыдауға бармын. Қандай соққы болса да көтеріп аламын!»

Хасен далаға шыққаннан кейін Бүркіттің жағдайын білуге ең алдымен Ольга Павловнаның үйіне қарай беттеді.

Ольга Павловнаның үйі қаланың шетіндегі гүл бақшаға бөленген темір шатырлы жеке үй болатын. Әкесі Павел Николаевич Чернышев Петербургта туып-өскенмен, бір мың тоғыз жүз бесінші жылғы төңкерістен кейін саяси сенімсіз деп танылып, Россияның ол кезде «тағы бұрышы» болып саналатын осы қазақ жеріндегі Ақшатыр қаласына жер аударылған-ды. Мұнда келгеннен кейін университет бітірген сан тарапты ғылыми түсінігі бар, үлкен мәдениетті жас жігіт көп кешікпей өзінің кішіпейіл мінезімен, әдепті қылығымен көзге түсті. Осы қалада тұратын, түбі Петербургтық бір генерал, оны өзінің жерлесі санап жақын тартты. Павел Николаевич та төңкерісшіл алғашқы пікірлерінен бірте-бірте суи бастап, енді өмірдегі жолы, қолынан келері — халық ағарту жұмысы деп түсінді. Көп кешікпей генералдың екі қызының біріне үйленді. Ақырында қайын атасы беделін салып, Петербургтегі дворян туыс-туғандарының да көмегін пайдаланып, күйеу баласын «қара тізімнен» азат етіп, туған қаласына қайтуға рұқсат әперді. Бірақ бұл кезде Ақшатыр қаласына әбден үйреніп қалған Павел Николаевич пен жұбайы Александра Ивановна Петербургке қайтудан бас тартты. Көп кешікпей балалы болды. Халық ағарту ісіне шынайы шұғылданған білімді жас жігіт гимназия директоры қызметіне тағайындалды. Міне, осы орында табаны күректей он бес жыл қызмет істеді. Сол он бес жылдың ішінде нәсілі демократ, өте мәдениетті директор қазақ халқының өмірімен де, тілімен де ауыз әдебиетімен де танысты. Оның ауыз әдебиетінің кейбір аса көрікті шығармаларын зерттей де бастады. Осының бәрі әкеп, қызы Ольганы да ұлттық жаңа түсінікке апарып соқтырды. Ольга гимназияда оқып жүрген қазақ жастарын «тағы қырғыз» жастары деп қарамай, өзіне тең көрді. Олардың тілін үйренді, ән-күйіне де құштарлана көңіл бөлді.

Осы бір демократияшыл тамаша семьяның шырқын Александра Ивановна бұзды.

Қазақ жеріне төңкеріс келгеннен кейін, өзінің генерал қызы екені есіне түсіп, күйеуінің айтқанына көнбей туған жеріне кетіп қалды. Оның бұлай істегені бір жағынан дұрыс еді. Өйткені әкесі патша генералы Иван Васильевич Коломидев азамат соғысы кезінде ақтар жайында болып, бұл араға «әйгапір» атанған кісі болатын.

Павел Николаевич әйелінен біржолата айрылып кетпеді. Семья құруда алғашқы қаланған кірпіші берік болса, оны оңай бұза алмайсың. Араларында қанша түсінбестік, өмірге деген наразылық өріс алғанмен де, бір кезде бірін-бірі шын сүйіп қосылған ерлі-зайыпты екі адам тым алыстап кетпеді. Араларындағы Ольганы сылтау етіп, анда-санда хат жазысып тұрды. Ақырында, екеуі де орта жастан асқан шақтарында бүйтіп өмір сүрудің керек емес екенін түсінді. Енді Павел Николаевич әйелінің тұрған қаласы, өзінің туған жері Петербургке көшуге бел байлады. Ольга да әкесімен бірге екі-үш айға барып қайтуға көнді. Сөйтіп ертең жүреміз, арғы күні жүреміз деп тұрған кездерінде кенет Бүркіт абақтыға түсті. Әкесімен біpгe Петербургке барып қайтудан Ольга енді үзілді-кесілді бас тартты.

Міне, қазір әкесі мен қызы осы мәселе жайында үшінші рет сөйлесуде еді. Биік, сырлы еденді, кең бөлмелерде көшуге ыңғайланып, таңылып қойылған жүктер, былғары чемодандар... Ұзын бойлы, ақ шашты, кезінде пенснэсі бap, мейірбан жүзін аздаған әжім басқан адам заңғарадай кең бөлмені ерсілі-қарсылы кезіп жүр. Анда-санда төбеге дейін сірестіре жасалған, үйдің бір жақ қабырғасын тегіс алып тұрған кітап қоятын сөреге көз тастайды. Сөре үстінде бірде-бір кітап жоқ, бәрі тегіс жиналып, жәшіктерге салынған.

Қораға шығатын үлкен терезеге қарап, Ольга тұр. Жүзі қайғылы, солғын. Жаңа ғана жылап алған тәрізді. Үстінде ақ жағалы қара көйлек, қызғылт алтындай ұзын шашын тоқпақтай етіп желкесіне түйіп алыпты.

Әкесі кенет желетінің қалтасынан үлкен күміс сағатын алып, қақпағын сырт еткізіп ашып, уақытты білді де, қызының алдына тоқтай қалды.

— Қалқам, мүмкін, райыңнан қайтарсың? — деді ол батымсыз үнмен,— шешеңді көрмегеніңе де жеті жыл болып қалды... Қанша дегенмен, анаң ғой, әбден сағынған секілді... Оның үстіне, Петроград та бір тамаша қала... Папаңның туған қаласы... Кешегі байтақ Россия империясының кіндігі...

Қыз жауап қайырмады.

Әкесі тағы ерсілі-қарсылы жүріп кетті. Қайтадан сөйлей жөнелді.

— Бір ғана Нева проспектісін, Эрмитажды, патшаның Қысқы Сарайын көрудің өзі не тұрады! Қазан, Исаки шіркеулері... Сенат алаңы... Бұның бәрі — орыс халқының мақтанышы, мәдениеті... Бұларды көрмеген орыс адамы өмірден еш қызық көрмеді десе де болады...

Қыз тағы үндемеді.

Әкесі тағы сағатына қарады. Енді оның жүзінде бір асыққандық, шыдамсыздық ишарат пайда болды.

— Қалқам-ау, бірдеме десейші, осылай «жұм-жұм» ойнағандай үндемей тұрамыз ба?

— Не дейін, папа? — Ольга сұлық жауап қайырды. — Бәрі де айтылып болған жоқ па еді... Қазір мен Петроградқа бара алмаймын... Баруға хақым жоқ...

— Сонда мені бір оңбаған үшін сатқаның ба?

— Ол «оңбаған» кеше сіздің ен оңды оқушыңыз болған жоқ па еді?

— Кеше! Кеше! Кеше қайсымыз жаман едік? Ал бүгін ше? Бүгін сен оның жазып жүрген өлеңдерін көр!.. Орысты мұндай жек көретін адамды кездестірген емеспін.

— Орысты ол жек көрмейді... Бұныңыз жала!

— Бала емес қой, түсінер уақыты болған жоқ па...

— Бұлай дау айтуға оңай... Леонид Андреев, Саша Черный, Бунин, Куприн, Рахманинов, Шаляпиндер есіңізде бар ма?.. Олар да бала емес еді ғой, бірақ шет елдерге неге қашты?..

— Сенімен Бүркіт туралы сөйлесуге болмайды,— деді Павел Николаевич қолын бір-ақ сілтеп. — Шаң жуытпайсың, қит етсе қорғап шыға келесің...

Ольга Павловна сәл езу тартты.

— Жоқ, папа, мен оны құр ғана қорғап жүрген жоқпын... Мен оның неге қорқатынын, не ойлайтынын түсінгім келеді... Бүркіт секілді шатасып жүргендер аз ба?.. Есениннің «Білмейсіңдер» деп басталатын өлеңі есіңде ме?

— Сол түсінбегендік Бүркітті абақтыға апарып отырғызды делік... Сонда сен немене, оған тамақ тасуға қалмақсың ба? Өз бақытыңды, келешегіңді ойлағың келмегені ме?..

— Папа, сен өзің емес пе едің, мені осылай тәрбиелеген, деді Ольга қиналған үнмен,— Есіңде ме, Некрасовтың «Орыс әйелдерін» оқып шыққаннан кейін айтқан сөзің? Ұмытып қалсаң, есіңе түсірейін: «Әйел біткен осылардай жаралса, өмірде өкініш болмас еді» дегенсің. Дәл қазіргідей қиын жағдайда Бүркітті тастап кетсем, оның кімді сүйіппін деп өкінбесін қайдан білесің? Жоқ, папа, мен оны тастап кете алмаймын...

— Қалқам-ау, сен оның жұбайы емессің княгиня Балконская секілді, ауыр азапты өзіңе неге тілеп аласың?..

— Болмасам, боламын. Өзің де естідің ғой, Петроградқа барып келгеннен кейін қосылмақ болғанымызды...

Павел Николаевич қызының сөзінен қайтпайтынын түсініп, ауыр күрсінді де, қайтадан жол жабдығына кірісе бастады.

Осы кезде Хасен келді. Ольгадан Бүркіттің кеше ұсталғанын естіді.

— Не үшін екенін өзім де білмеймін,— деді ол сөзінің аяғында. — Тегі, өлеңдері болар себебі... Әйтеуір, кеше сағат он бір кезінде біз нардомда қазақ жастары қойған «Арқалық батыр» пьесасын көріп, Әкпар, Бүркіт — үшеуіміз үйіне келіп едік, есік алдында ОГПУ-дың екі әскері күтіп тұр екен. Әкпар зытып отырды. Мен Бүркітті абақтыға дейін шығарып салдым... Еш нәрсе де алдырған жоқ, сірә, біз келгенше үйінде тінту болған тәрізді.

— Еш нәрсе алдырмағанына қарағанда, көп кешікпей босататын болғандары ғой...

Ольга басын шайқады.

— Қайдам. ОГПУ адамды текке отырғызбайды, ал отырғызса, оңай босатпайды деуші еді жұрт, түбі қайырлы болса жарар еді.

Хасен Павел Николаевич, Ольгалармен қоштасып, сыртқа шықты. Бір сағаттан кейін ол Ақшатыр қаласының ОГПУ комиссарына барып жолықты. Есікті жауып қойып, екеуі екі сағаттай сөйлесті. Не сөйлескендерін ешкім де білген жоқ, тек әйтеуір Хасен комиссардың бөлмесінен көңілділеу шықты. Енді ол кеңсесіне соқпай, үйінде бұны күтіп, екі көзі төрт болып отырған Ханшайымына тез жетуге асықты.

Торлы терезелі кең бөлме. Есік пен төрінің арасы доп ойнарлықтай. Төрде — жасыл шұғамен көмкерілген зілдей үлкен үстел. Үстел үстінде — жалаңаш қылышын жалаңдатып шауып бара жатқан салт атты қызыл әскер мүсінді сия сауыт — дәуіт. Атты әскер мен дәуіт — екеуі де бірдей қызғылт мыстан құйылған. Қорғасындай ауыр, үп-үлкен. Қызыл әскердің жүзі айбарлы, сұсты. Нағыз бір дүние капиталистерін қылышымен біржолата шауып құртатындай. Төргі қабырғада ілулі ені есіктей матада Лениннің түрегеліп тұрған суреті. Үстел үстінде — Дзержинскийдің шағын ғана фотография портреті. Үйдің кіреберіс екі қабырғасының екеуінің де іргесінде — қаз-қатар тізілген орындықтар мен екі-үш кітап шкаф. Жерде — әлі түгі қырқылмаған әшекейлі, фарсының қып-қызыл түкті кілемі. Үлкен үстелдің бер жағындағы ақ кенеппен қаптап қойған қарама-қарсы креслода екі адам отыр. Бірі — Бүркіт, екіншісі — ОГПУ комиссары. Қара былғарымен тыстаған қос қабат ауыр есіктің ар жағында белінде алты атары бар, чекист формасындағы күзетші. Қабылдау бөлмесінің бұрышында Бүркітті абақтыдан алып келген мылтықты екі әскери адам отыр.

Бүркіт абақтыға түскелі өткен екі-үш күннің ішінде көзі кіртиіп жүдеп қалған. Бірақ қазіргі бейнесі не болса да өз дегенінен қайтпайтын адамның шешімін аңғартқандай. Алдындағы комиссарға ішіндегі сырын бұрынғысынан да қатты түйе түсіп, жаттана қарайды. «Атсаң — жан, шапсаң — бас» деген тәуекелге бел буған, айтқанға көнер түрі жоқ. Анда-санда қарсы алдындағы комиссарға мысқылдай қарап қояды.

Ал комиссар болса, самайы ерте ағара бастаған жұпыны келген биязы пішінді адам. Жүзінде бір шаршағандық, дүниеге немқұрайды қарайтын селқостық аңғарылады. Тіпті ОГПУ комиссары емес, мектеп мұғаліміне ұқсайды. Асықпай, айтайын дегенін тәптештеп, түсіндіре сөйлеген мәнері де, бір қолын жағына сүйей ойлана қараған отырысы да, бір кезде шынында мұғалім болғанын сездіреді. Жан-жағы әжімделе бастаған ойлы сұрғылт көзін Бүркіттен алмай, ананың сөзін бар ықыласымен тыңдап отыр... Ашына сөйлеген ақынның кейбір пікірі ұнамағанда ғана «оның дұрыс емес» дегендей езу тартып, кішкентай шоқша сақалын сипап қояды.

Ол көзіндегі пенснэсін алды да, орамалымен сүртіп, қайтадан киді. Түрегеліп ерсілі-қарсылы бір екі аттады да, қайтадан отырды.

— Айта бер, айта бер,— деді ол сәл қарлыққандау қоңыр даусымен осы сәтте тоқтап қалған Бүркітке.— Еш қымсынбаңыз, ойыңыздағыны тегіс айтып шығыңыз.

Бүркіт сүзетін бұқадай, басын төмен түсіріп, көз астымен комиссарға ашулана қарады.

— Менің айтып отырғаным — өз басымның наразылығы емес, жұртымның наразылығы! — деп Бүркіт қайта тына қалды.

Комиссар тағы да орнынан түрегеліп, үйді баяу басып кезе бастады... Бүркіт ананың белінің ауруы барын жаңа ғана байқады. «Дегенмен, нәсілі жұмсақ адам болуы керек. Әлде бұнысы жай әшейін көз алдау ма?.. Мүмкін алдай сөйлеп, аямай ұратын жан шығар... Былай ету жалпы большевиктердің саясаты емес пе. Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады. Қазақ та сол жылы сөзге алданып жүрген жоқ па? Дегенмен, сақ болу керек. Сірә, мені де өздерінің дегеніне көндірмек ойы бар ғой. Өйтпесе осыншама уақыт әңгімелесер ме еді? Бірақ Бүркіт оған көнсе! Көрмей тұрмын ба, қызылға алдап қақпанына түсірмек екенін. Байқа, Бүркіт, бұл жолы жеңілсең, мәңгі жеңілгенің. Халқыңды сатып алған бостандық саған бостандық болмайды. Одан да біржолата абақтыларында шірі».

Комиссар қайтадан орнына отырды.

— Дегенмен, халық сіз айтқандай наразылықта емес, барлық ұлт бірлігін, ағайын-туғандық, бауырмалдық өмірді тілесе не істейсіз? Сонда да біздің саясатымызға қарсы шығасыз ба?..

— Ондай бауырмалдық болуы мүмкін емес. Мұндай көп ұлтты мемлекеттің ондай бауырмалдыққа жеткенін тарих білген емес...

— Тарих — ол еткен кезеңдердің шежіресі, ал менің айтып отырған бауырмалдығым — біздің бүгінгі күніміз, келешегіміз...

— Бүгінгі күн де, келешек те түбі тарихқа айналмай ма? Ал тарих менің айтқанымды расқа шығармауына қандай кепіліңіз бар? Заман деген асау дарияның оны қайда апарып соғарын кім білген?

Гаврилов ойлана қалды. Бүркіт оған осы сәтте жүген көрмеген асау жылқыға мінуден сескеніп тұрған су жүрек жігіт секілді көрінді. Енді Гаврилов Бүркітке келешектен орынсыз сескенудің керегі жоқтығын түсіндірмек болды.

— Мүмкін ол дария халқыңды жарық кемерге шығарар? — деді анаған сынай қарап.

— Сіздің ойлаған жарық кемеріңіз бізге қара түнек болып жүрмесіне кімнің көзі жеткен?..

— Комиссар сәл қабағын шытты. Оның жүзінде бұл жолы кейістік сазы пайда болды.

— Жігітім, дүниені дұрыстап көрсетпей тұрған көзіңдегі қара көзілдірігіңді алып, жан-жағыңа анықтап қарашы, — деді ол әлі де даусын көтермей,— көрмейсің бе кешегі құмға көшкен қазақ аулы бүгін күнге көшіп бара жатқанын? Жақында бұл өңірде тоқтап қалған бұрынғы завод-фабриктер жүргізіліп, жаңадан темір жолдар салынады деп қорқасың... Олар ертең қазақ жеріне қуаныш, бақыт әкелмей ме?..

Комиссар Бүркіттің айта алмай тұрған ойын бірден түсінді. Енді ол езу тартып күлді.

— Сіздің айта алмай тұрғаныңыздың бәрі құр асан-қайғы болжау, келешектен күні бұрын үрку. Сөйлеген сөзіңізге қарасам, Сарыарқада да бір жаңа Кассандра туған екен деген ойға келем. Бірақ сіз қателесесіз... Біле тұра қателесесіз. Әйтпесе, кешегі әкелері әліпті таяқ деп білмейтін қазақ жерінде бүгін мыңдаған мектеп, ұлттық театр, жоғары дәрежелі оқу орындарының ашылып отырғанын көрмейсіз бе? Онда кімдер оқымақ? Басқа ұлттармен бірге жүз мыңдаған қазақтың жас ұл-қыздары оқымақ...

Бүркіт үндеген жоқ. Әлденені ойлап сазара қалған. Комиссар сөзін қайта бастады.

— Біздің алдымызда коммунизм атты бақыт шыңы тұр. Бірақ оған жеткенше жолымызда талай-талай асулар кездеседі. Соның бірі — бауырмалдық күшке айнала алмаған ұлттық сезім. Есіңде болсын, сен ойлағандай, бір ұлт бір ұлттың мәдениетін күшпен жойып, коммунизм құрылмайды. Бар халық ұлы күреспен, қажымас қайратпен бір бірлестікке, бір қауымға өзі жетеді... Бұл — коммунизмнің ең жоғарғы асқары болады. Қазір орыс, қазақ, өзбек, қырғыз болып, сол үлкен бақыттың ең алғашқы іргесін қалаудамыз. Бұны түсінбейтіндер аз емес. Бұндайлар орыста да, қазақта да бар.

— Соның бірі сен демексіз ғой?

— Иә, соның бірі, Бүркіт, сенсің. Сен құр ғана адасып жүрген жоқсың, бізбен арпалысып жүрсің. Сол арпалысуыңда сен тым алысқа бара жатырсың. Егер кеше Хасен келіп күні бұрын маған түсіндірмегенде, сенің тағдырың, мүмкін, басқаша шешілер ме еді, қайтер еді?..

Бүркіт қабағын түксите қарады.

— Ақын Ақанның аяғын құшар едіңіз демексіз ғой.Солай ма?

Комиссардың даусы бұл жолы ызалы, ызғарлы шықты.

— Жала! Ақан ажалы бізден болған жоқ! Оның үстіне ешкім оны тұтқынға алуды да ойлаған емес! — Комиссар кенет Бүркітке ашулы көзімен қарады. — Өзі қара — бөтенді де қара дейді. Қара ниет қастардың ойлап тапқан өсегі! Жаласы! Совет өкіметі халқына керек бірде-бір жанға еш уақытта да қиянат істеп көрген жоқ! Ондай адамдарды өзімізге тарту, шамамыз келсе, қатарымызға қосып алу — біздің саясатымыздың түпкілікті нысанасы.

— Ақанды ұстауға келген екі чекисті біз өз көзімізбен көрдік қой? Бұған не айтасыз?

— Ешкім оны ұстауға барған жоқ. Сол күні екі чекист Ақан тұрған үйге тіпті бөтен іспен барыпты. Қазір тексеру жүргізіліп жатыр. Көзі жеткенде анығын өздерің де естірсіңдер...

Бүркіт, әрине, комиссар сөзіне сенген жоқ.

— Бұл айтып тұрғаныңыз, әрине, жай сөз, — деді ол, — болған қылмысты жуып-шаю...

— Біз қылмысты емеспіз. Және Ақан өліміне біздің қатысымыз жоқ. — Шаршағандай ол кенет орнына отыра кетті. — Оның елімін біз әлі тексереміз, анығына жетеміз. Ал саған айтарым: ойлан, теріс жолдан тезірек кетуге тырыс...

— Қайта алмасам ше?

— Онда өз обалың өзіңе!

— Бәсе, сүйдейтініңізді біліп едім!

— Әр нәрсенің реті бар,— деді комиссар кенет ызғарлы үнмен,— өз ұлтыңды сүю деген сөз — бөтен ұлтты жек көру емес. Мен орыспын. Мен де өз ұлтымды сүйемін бұдан бірақ қазақ халқын жек көруге қақым бар ма? Ал шынына келсек, мен қазақ халқын өз ұлтымнан бірде-бір кем сүймеймін! Шын жүрегіммен оның бақытты болуын тілеймін. Менің әкемнің әкесін Кенесарының сарбаздары найзамен түйреп өлтірді. Ал кеше азамат соғысы кезінде алашорда офицері менің өзімді атты. Егер иісі қазақ екен деп, соның бәрін қазақ халқынан көре бастасаң, не болар еді? Жоқ, Бүркіт, орыс пен орыстың қандай айырмасы болса, қазақ пен қазақтың арасында да сондай айырма бар. Таптық айырма бар. Сол таптық айырма кеше орыс жұмысшылары мен дихандарын революцияға әкелді. Ал сен бүгін сол революцияға ерген, жаңа өмірді көксеген қазақты көрмейсің... Қазақ біткен бәрі бір, оған тиме деп бәйек боласың. Ал сонда анау өзінің малы үшін туған жерінен қашқан Әкпардың әкесі Қарымсақты қайда қоясың? Ол да қазақ қой. Бірақ саған сондай да қазақ қымбат па?

Бүркіт жақында ғана Әкпарды көрген. Сондықтан бұл хабарға бірден сене қоймады.

— Мүмкін емес.

— Не мүмкін емес! Қарымсақ байдың қашқаны ма? Ол қашқанда бос қашпады. Сол арадағы бір милиция қызметкерін таяққа жығып, әйелін байлап өздерімен бірге алып кетіпті.

— Милиционердің аты кім екен?

— Матан.

Бүркіт енді амалсыз сенді. «Иә, иә, Маржанды шын жақсы көретін еді-ау Қарымсақ бай, ақыры жан күйігі шыдатпаған екен! Жоқ, жоқ, ол мүмкін емес. Алпыстан асып кеткенде бір әйел үшін бүкіл ел-жұртын, туған жерін, қора-қопсысын тастар ма, Маржанды әкетсе өшпендікпен әкетті. Мұнда бөтен кеп бар... Сонда қандай кеп?»

Кенет Бүркіттің бойын Қарымсаққа деген ашу өкпе кернеп кетті. Қазақ байы дегенде Бүркіттің көз алдына осы жас кезінде мұсылманша оқыған, парасатты, жомарт қолды, кең пейіл Қарымсақ келетін. Әлі өмірді терең түсінбеген албырт жас осынау сақ құлақ, жәдігөй мінезді бай қылығында, оның ішінде түлкінің ініндей қатпар-қатпар қулық жатқанын, қайрымды, жомарт көрінсе — онысы құр бер жағы, ал түпкі жан дүниесіне келсек, нағыз барып тұрған түйені түгімен жұтатын айдаһар екенін аңғармаған. Қайткенмен де, осы Қарымсақ оған ұнаған. Іштей тақа жақсы көре қоймайтын Әкпармен әжептәуір жақындасып кетуіне де оның осы әкесі себепкер болған.

Комиссар тағы орнынан түрегелді. Бүркіттің ойға шомып кеткенін көріп: «Ойлансын. Шешесін» деп, ішінен оның ойын бөлмеді. Тек белін сәл уқалай түсіп, үйді кезіп аяңдай берді.

Кенет бүкіл әлемді тітіренте найзағай шартылдай, күн күркіреді. Комиссар да, Бүркіт те елегзи терезеге қарады. Комиссар асыға барып, торлы терезені ашты. Тор деген құр аты екен, терезе шынысын қорғауға қойылған бірдеме. Оп-оңай ашылды. Кеш болып қалыпты Оңтүстік жақ жарқ-жұрқ еткен жай оғынан екі-үш рет аппақ болып кетті де, кенет біреу аспаннан шелектеп су төге салғандай, қалың жаңбыр құя жөнелді.

— Жаздың осындай сұрапыл өткіншек жауынын жақсы көремін,— деді комиссар терезеден көзін алмай,— соңынан дүние бір жаңарып қалғандай болады. Тынысың да кеңиді. — Енді ол Бүркітке бұрылды,— жаңағы менің сұрағыма қандай жауап қайырасың?

Бүркіт алғашқы бұлттың күркіреген даусын естіген кезде елегзи қалғанмен, ал қазір тағы ойға шомып кеткен екен. Басын көтеріп, комиссарға жақтырмай қарады.

— Менен не жауап күтіп едіңіз? — деді ол кекете. —Біз үшін өздеріңіз сөйлеп үйренген жоқсыздар ма, жауабын өзіңіз-ақ айта беріңіз.

Бүркіттің қиқар сөздері комиссардың қытығына әбден тиген тәрізді. Ашу қысып тұрғаны сәл өзгере қалған жүзінен көрініп тұр.

— Мен де сонау көгілдір сулы Көк Есілдің жағасында туғам,— деді ол Бүркітке жақындай келіп. — Қазақ жері — менің де туған жерім! Бұл жерді мен сенен кем сүймеймін! Ал менің туған әкемді кеше атаман Волков иен Шайтановтың қан ішерлері зеңбіректің аузына байлап атып өлтірді. Менің бұл жер туралы сенен гөрі көбірек сөйлеуге хақым бар. Және қазіргі қызмет бабым да соны тілейді. Сондықтан саған айтарым: кімде-кім Совет өкіметіне қарсы келсе, кімде-кім болаттай бекіп келе жатқан ұлт достығының арасына ірткі салып бұзам десе, ол — біздің тап жауымыз. Ондай адамдарды біз де аямаймыз — мейлі ақын болсын, мейлі ақылды болсын! Осыны түсін. — Комиссар өзінің тым қатал сөйлегенін артық көргендей, енді жүзін сәл жібітті. — Сенің жүрегіңде не жатқанын мен жақсы сеземін, қатеңе де түсінемін. Мұндай қате орыс интеллигенциясында да болды. Бірақ сендерге өз қателеріңді түсіну де, одан тезірек бас тарту да қиындау. Орыс интеллигенциясының алдында екі таптың қайсысын таңдау керек деген ғана сұрақ тұрған болса, сендердің алдарында оның үстіне ұлт мәселесінде де қандай жолды таңдау міндеті тұр. Кешегі патшаның отарлау саясатының озбырлығын басынан өткізген, оны бар сезімімен жек көрген, кейбір қазақ оқығандарының бірден шатыспай кете қоюы да қиын... Бұның қиын екенін де білеміз және бұл қиындықты түбі қазақ оқығандарының жеңіп шығатынына да көзіміз жетеді. Сен әлі жассың, большевик партиясының ұлт саясатын түсінетін кезеңің де келеді. Сондықтан мен сені енді бұл үйде ұстағым келмейді. Бірақ ойлауыңды сұраймын, неғұрлым тезірек ойлансаң — со ғұрлым халқыңа да, өзіңе де пайдалы. Жаңа айттым ғой, ел-жұртты қадірлейтін адамдарды өзіміздің жолымызға түсіру бізге өте қажет деп...

— Ал түспесе ше?

— Түспесе ме? Максим Горький айтқан жоқ па: «Егер жау берілгісі келмесе, оны құртар болар», — деп. — Комиссардың бұл сөзді айтқанда жүзі тағы өзгеріп кетті. Үнінен ұстаған жолында қауіп-қатерлі сағат туса, ешбір жауын аямас қаталдық сезілді. Ол енді үстел үстіндегі қоңырауды алып, ақырын ғана қақты. Үйге кезекші күзетші кірді. — Мына Бүркітті әкелген, әлгі қарулы жігіттерге кірсін деңіз. — Сөйтті де, комиссар қағазға бірдеме жаза бастады. Сырттан кірген екі жігіт есік алдында мызғымай тұра қалды. Комиссар басын көтеріп, жандарына келіп, қолындағы қағазын берді. — Сіздер енді боссыздар, мына қағазды абақты комендантына берерсіздер,— деді. — Мен Бүркіт Күнтуаровты осы сағаттан бастап босаттым.

Комиссар оңаша қалғаннан кейін Бүркітке бұрылды.

— Бүркіт Күнтуаров жолдас, енді сіз боссыз. Үйіңізге қайтуыңызға болады,— деді ол жай ғана, сөйтті де, күлімсіреді,— бүгін ұғыса алмасақ та, түбі тіл табысамыз ғой деп сенемін. — Кенет ол ойлана қалды. — Саған әлеумет ісіне көбірек қатынасу өте керекті. Саяси бағытың жөнделгенше, мұғалімдікті әзірге тастай тұрып, бөтен жұмысқа ауыссаң дер едім...

— Біздің гимназия биыл жеті жылдық мектепке айналатын көрінеді, мұғалімдікті өзім де тастамақпын...

— Жақсы. Болашақ қызметің туралы мен де ойланармын. Ал енді таныс болып қояйық. Азамат соғысынан бұрын Атбасар гимназиясының мұғалімі Сергей Степанович Гаврилов. — Ол тағы күлімсіреді. — Мен де оқығандардың бірімін, көрдің бе, қандай жолды таңдағанымды?

...Бүркіт Гавриловпен қоштасып, далаға шыққанда, жаңбыр басылып, қас қарайып бара жатыр екен. Аспан бұлттан ашылып, әр жерде жарық жұлдыздар да көріне бастапты. Жер беті дымқыл, жаңбыр жуған ағаш жапырақтары мен көше бойындағы әр үйдің қасындағы егіп тастаған бақша, көгал шептерден түнгі салқын жел тербеткен бір ғажайып хош иіс аңқып тұр. Дүние бір қаннен-қаперсіз тыныштыққа бөленгендей. Тар қамаудан босанып, бостандыққа шыққанына қуанды ма, әлде осы бір хош иісті кеш көңілін көтеріп жіберді ме — ол жан-жағына күлімсірей қарап, бір ауық кеудесін кере, кешкі ауаны пәрменінше жұта демін алды. Кенет оның есіне Гавриловтың сөзі түсіп кетті. «Жаздың осынау сұрапыл өткіншек жауынын жақсы көремін. Соңынан дүние бір жаңарып қалғандай болады. Тынысың да кеңиді». Ол тағы күлімсіреді. «Нәсілі жаман адам болмауы керек, Кішіпейілдігі мен мәдениеттілігі көрініп тұр. Ал алқымнан шын алар болса, саусақтарын шауып тастамасаң, босатпайтыны да айқын...»

Бүркіт, дәл әнеугүнгі көк жорғамен ауылдан қашқанындай, осы абақтыда бір жеті отырып шыққан бетінде езінің тағы да бір есейіп қалғанын аңғарды. Өмірдің осы жолғы соққысы оны сонау ерке, тентек жастық шағынан біржолата алыстатып әкеткен тәрізді. Енді алдында бұрынғыдай күтіп тұрған бақыт, қуаныш қана емес, өтуі қиын өткел, жалғыз өрмелесең, өмір-бақи басына шыға алмайтын «қиындық» деген құз бар екенін сезді.

Дәл осы сәтте ол өзінің мұңын шағып, сырын айтар бір адамның керек екенін анық сезінді. «Кімім бар менің ондай? Әрине, Ольга... Бірақ Ольга Ленинградқа жүріп кеткен шығар. Билеттерін алып, ертең жүреміз деп отырған еді ғой мен ұсталар күні... Павел Николаевич қалам дегеніне көнді дейсің бе? Мүмкін, Әкпар болар ондай жан?.. Жоқ, жоқ, Әкпармен бір сайға жүруге болады. Ал бір қайыққа мініп, ашық теңізге шығу қауіпті. Оның мінезі, пиғылы пышақтың жүзі тәрізді, абайламасаң, орып түсуден тайынбайды. Қанша дос саналсақ та, арамыздағы Ольга мәселесі әлі біз әбден өтіп болмаған кәпір. Хасен ше? Жоқ бұ да болмайды, екеуміздің арамызда тұңғиық ор жатыр. Ол орды біріміз аттап өтпей, сыр ақтарысар жан жолдас бола алмаймыз... Дегенмен, Хасен Әкпар емес. Онда арам пейілділік, бақастық жоқ. Адамгершілік арын қашан да болса жоғары ұстайды. Әйтпесе... Мен үшін ол комиссарға келер ме еді?.. Мың да бір рақмет Хасенге, егер ол болмаса, менің бүйтiп тез босануымның өзі екі талай емес пе еді? Сергей Степановичтың өзі солай деді ғой. Жақсы адамның аты жақсы адам ғой. Бір қолым босағанда бағанағы таласты емін-еркін аяқтармыз. Ол үшін мені Гаврилов абақтыға отырғызбайтынына сенемін...»

Осындай сан түрлі ойменен Бүркіт ОГПУ-дың кең бақшалы қорасынан өтіп, келесі көшенің арғы жағына шықты. Енді бұрышқа қарай бұрыла берем дегенде, анандай үйдің жанындағы орындықтан:

— Бүркіт! — деген қуанышты әйел даусы саңқ ете қалды. Өзінің атын мұндай мақтаныш ете, шаттана атайтын дүниеде бір-ақ адам барын Бүркіт жақсы біледі. Мүмкін, туған анасы оны осылай шаттана шақырар еді, бірақ ол байғұстың Бүркіттің есінде даусы емес, тек екі бетінен кезек-кезек шопылдатып сүйгені ғана қалған. Әлі күнге дейін ананың сол мейрімді, құшырлана сүйген ернінің ыстық лебі бетінде тұр. Ал мына дауыс оныкі емес. Бұл — өзін жанындай жақсы көретін Ольга атты қыздың даусы. Бүркіт оны түн қараңғысы қаншама қоп-қою болып бүркесе де, бірден таныды.

— Ольга! — деп бұ да құшағын жая қарсы ұмтылды. Бос көшеде, талай жастың қуанышты минуттарына куә болған кәрі еменнің түбінде Бүркіт құшағына кіре берген сұлу қызды аш белінен қыса өзіне тартты. Оның жас парлаған көзінен, қуаныштан еш нәрсе айта алмай, құр ғана діріл қаққан ыстық ернінен, жұмсақ үлпе тамағынан үсті-үстіне құштарлана шопылдатып сүйді. Ольга да суықтан тоңып келіп, жалынды шоққа тапталғандай сүйген жігіттің құшағына еніп майдай балқыды.

Осы кезде ағаш басына қонған торғайлар жапырақтарды қаттырақ сылдырлатты. Мүмкін, осы дыбыстан сескенді ме, әлде қара түнде ұзақ құшақтасып тұруды ерсі көрді ме, Ольга Бүркіттің құшағынан сызыла сытылып шығып:

— Әйтеуір босатты ма? Мүлдем босатты ма? — деп еркелей ананың қолынан ұстады.

— Босатты. Мүлдем босатты,— деді Бүркіт қыздың дірілдеген саусақтарын енді тынышталшы дегендей ақырын ғана қысып.

Ғажап! Ольга осы уақытқа дейін Бүркіттен «Сенің саяси бағытың қандай?» деп қадала сұрап көрген емес. Бүркіт не айтса да, нағыз бір сыр сандықтай, тек ішіне түйе беретін. Бірақ көп нәрсені айтпай-ақ сезетін. Сырт қараған адамға ол дүниенің бар қызығын, таласын, арманын бәрін бір ғана жүрек қуанышына бағындырған қыз тәрізді. Шынында солай ма? Әрине махаббатты мұрат етіп, Некрасовтың «Орыс әйелдері» рухында өскен жас жан тек осы махаббаттың күңі болып көрінуі ғажап емес. Дегенмен, ол жан сезімін ақылға жеңдіре алатын адам. Сөйтсе де... Бүркіт — оның тәңірі. Ол күлсе — күледі, ол қуанса — қуанады. Тек «Бүркіт» деп қана өмір сүргісі келеді. Тек Бүркіт деп қана бұл жалғанды тануға бар. Өйткені Бүркітке сенеді. Ол — Ольганың сүйген адамы, оның істегенінің бәрі дұрыс, жүрген жолы — ләйлім ақиқат жолы. Олай болмаған күнде Ольга Бүркітті мұндай сүймеген болар еді, ал сүйгені рас болса, ол дүниеге тек Бүркіттің түсінігімен, соның көзқарасымен қарауға риза. Ольга өзінің махаббат борышын да осылай түсінеді.

— Ольга, Ленинградқа неге бармай қалдың? — болды Бүркіттің бірінші сұрағы, екеуі сәл жүре түскеннен кейін.

— Сен мұндай жағдайға душар болғанда, мен Ленинградта не істеймін? — деді қыз. — Одан да өлгенім жақсы емес пе?

Бүркіт «рақмет» дегендей оның ұзын саусақтарын тағы да сәл қысты.

— Егер менің жанымда қалуды ұйғарған болсаң... Онда... — Бүркіт сөзін аяқтамай тоқтады.

— Мейлің не істесең де,— деді Ольга Бүркіттің айта алмаған ойына жауап беріп.

— Сенсіз маған кең дүние көрдей тар екеніне осы бір жетінің ішінде көзім әбден жетті.

...Бір жетіден кейін бұлардың қосылу тойы болды.

Адам баласының басынан сан алуан қызықты дәурен өтеді. Соның бәрі де екі адамның бірін-бірі сүйіп қосылған тойына жетпесе керек. Әсіресе, бұл қуаныш екі жастың ашық аспандай таза, уыздай бүлінбеген шақтарында өтер болса! Дүниеде жастықтан әдемі не бар? Бірақ әдемілік те күн секілді, әлі-ақ батар. Жастық та өтер. Ал жастықтағы ең қуанышты сағатың.— осынау қос жүрек бірге қосыла соққан сағат мәңгі-бақи есте қалар!..

Жастар тойды қазақ дәстүрімен Ольганың үйінде өткізбек болды. Павел Николаевич жүріп кеткен. Бұл үй оңаша, кең. Шақырылған адамдар да көп, жүзге таяу, Ольганың серік қыздары, Бүркіттің жолдастары тегіс. Іштерінде Әкпар, Қаражан, Хасен, Ханшайымдар бар. Үш күн бұрын бәріне арнаулы хат жазылды. Келмей қалса, айып өздеріне, Бүркіт пен Ольга жағынан еш тартыну болған жоқ, құрбы-құрдастары тегіс хабарландырылды.

Мұндайда ауылда болсын, қалада болсын той ұйымдастыратын бір-екі жігіт, дастарқан жайын білетін пысық әйелдер қашан да табылады. Бұл жолы да солай болды. Бүркіт пен Ольганың тойын өткізуді бір кезде өздерімен бірге гимназияға түсіп, оқи алмай тастап кеткен қала жатағы — Мәлікайдар деген пысық жігіт пен баяғы Ақанның пәтер үйінің иесі, саудагер татарды жесір келіншегі Сақыпжамал алды.

Бұлар күні бұрын қалаға жақын ауылдармен келісіп, бес саба қымыз, үш қой сатып әкелді. Осындай жиын тойға үнемі қатынасып жүретін татардың белгілі сырнайшысы Файзолланы шақырды. Файзолла сол күні-ақ екі жасты құттықтап, сырнайын құлаштай созып, көңіл ашар ән де салып кетті.

«Тал айлана, тал айлана,
Талға ифак байлана.
Біз қызларға байланбаймыз,
Қызлар бізге байлана!..»

Сырнайшының осындай қалжың аралас шумақтары қыз бен жігіттің күні бұрын көңіл көтеріп, тойға бұрынғыдан да мәз-мейрам, шаттана кірісе түсуіне себеп болды.

Әттең не керек, Бүркіт пен Ольганың осы бір көңілді жағдайларын ең алдымен Әкпар бұзды.

Ертең той өтеді деген күні кешке таман Мәлікайдар қасапшы жігіттерге қойларды сойғызып, Ольга мен Сақыпжамал ыдыс-аяқтарын дайындап жатқан кезде Әкпар да келді. Бүркіт абақтыдан шыққан күннің ертеңіне одан әкесінің мал-мүлкімен шетелге қарай көшкенін, жалғыз қарындасы Ханшайымның орта жолдан қашып келіп, Хасенге күйеуге шыққанын естіген. Содан қайтып Әкпар көрінбей кеткен. Ер басына күн туған осынау бір ауыр кезеңде өз басының қайғысымен әуреленіп жүрген шығар деп, Бүркіт Әкпарды іздемей қойған-ды. Содан бері оны көріп отырғаны осы. Үйге ол асыға кірді. Шамасы, біреу-міреудің көзіне түсіп қалмайын деп, қас қарайғанша далада осы үйдің есігін бағып жүрген адам тәрізді. Есікті абайлап ашқан қимылы, үйде бөтен адам жоқ па деп сезіктене қараған түрі осыны аңғартады. Мұнда жат кісі жоқ екеніне көзі жетісімен, Ольга мен Бүркітті Сақыпжамалдан бөліп, төргі бөлмеге алып барды.

— Үш-төрт күннен бері қалада болмап едім, шақыру хаттарыңды жаңа ғана алдым, — деді ол қомақты қастарын айқастыра дүр сілкіндіріп, — рақмет шақырғандарыңа...

Ашу, дәрменсіздік жан-сезімін қабаттаса билегені түрінен бірден сезіліп тұр. Онсыз да күрек жүзі қара қошқылданып кетіпті. Тарғыл мысықтың көзіндей дөңгелене қалған шегір көздерінің түбінде аса бір терең суық ызғар жатыр. Жайшылықта қандай жарқабақтан болса да сескенбейтін батыл жігіт, амалсыздан көпе-көрнеу әлсіздік етіп тұрған тәрізді. Бір мықты қол жібермей, шабам десе — алып түсер балта секілді, суық түсі қазір адамның зәре-құтын әкетіп барады.

— Рақметті ерте айтып тұрсың, Әкпар,— деді қалжыңдай Ольга,— алдымен тойымызға кел, содан кейін барып...

— Тойларыңа келе алмаймын,— деді, қыздың сөзін бөліп, шорт кесе сөйлеп.

Ольга таңдана қарады.

— Неге?

— Қазір Әкпар мен Бүркіттің алыс жүргені жөн, — Әкпардың қабағы бұрынғыдан да түйіле түсті. — Бүркіт болса, кеше ғана абақтыдан шықты... Ал мен болсам, әкесі Қытайға қашқан жанмын...

Сөзге енді Бүркіт кірісті.

— Ау, қайта сенің тойға келгенің жақсы емес пе? Қарсекеңнің Қытайға қашқанын жұрттың бәрі біледі. Бірақ жұрттың бәрі Қарсекең емес, қандай қиын күнде де, туған жерінен, елінен безбейді. Өзгелердің де баласының әкесіне ермей қалғанын көргені жөн емес пе?

— Жұрт мені неғұрлым аз көрсе, соғұрлым маған жеңіл.

— Неге?

— Беу, Бүркіт, Бүркіт! — деді Әкпар. Оның даусынан бір өкініштің сазы естілді. — Жалғыз қарындасына ие бола алмаған адамның жұрт көзіне көрінер не беті бар! Әке түрі — анау... Қарындас түрі — мынау, қас жауымның қойнына өзі келіп кірген... Маған не қылған той! Не қылған сауық! — Жүрегін кернеген ашу шарасынан төгілгелі тұр. Тағы бірер сөз айтса, ақырып жіберуге таяу... Бірақ Әкпар өзін қайтадан тез билеп алды. — Ғафу ет, Ольга! — деді ол енді жан ашуын ішіне жинай. — Бүркіт пен сенің тойыңда менің бұл айтайын деген сөзім бе еді?.. — Сөйтті де оқыс қимылдап, қалтасынан екі сом алтын білезікті алып, Ольгаға ұсынды: — Мынау тойыңа тартуым, өтінем, ал..

— Жоқ, жоқ, өзің келмесең — алмаймын,— деді Ольга екі қолымен бірдей білезікті итеріп.

— Өкпелеймін.

— Мен де өкпелеймін...

— Әй, Ольга, Ольга!—деді Әкпар. Оның үнінде тағы да бір үлкен қынжылғандық, тарыққандық сезілді,— дәл сендердің тойларың алдында мен осындай бақытсыздыққа ұшыраймын деген жан ба едім? Неге түсінбейсің?

Бүркіт шыдай алмады, тоғыз жыл гимназияда бірге оқыған жолдасы емес пе, Әкпарды аяп кетті. Осынау бір басына қайғы төнген қысылтаяң кезеңде көңіліне ауыр алып қалмасын деп.

— Оля! Олечка! Әкпардың сыйлығын ал,—деді,— Дос көңілі — жарым ырыс...

Ольга амалсыздан алды. Ол Әкпардың тым қатал мінезді жан екенін сезетін. Және бостан-бос дүние шашпайтынын да білетін. Ал мынау қос білезік болса... Сом алтыннан құйылған жуандығы шынашақтай, көзіне қызғылт-түсті гәуһар орнатқан, патша қызына тартсаң да ұялмайтын асыл зат. Оның үстіне бұны өзінің жаны сүймес адамынан алып отыр. Қайткен күнде де Ольга бұл сыйлыққа қуана қойған жоқ. Тек Бүркіт «ал» деген соң амалсыз алды. Әйтпесе... Сыйлық алмақ түгіл, бұл Әкпар оның маңайынан жүремін деген адамы ма еді?

Ольга Әкпарды, әсіресе, соңғы кезде өте-мөте жек көріп кеткен. Оған ерекше себебі барды. Бүркіт тіс жарып, бәлен деп айтпағанмен, қыз Әкпардың ананы іштей ұнатпайтынын сезетін. Сөйткен адам соңғы кезде Бүркіттің жан аяспас досы бола қалыпты! Бұл қалай—деп Ольга шешім іздеген. Сан мәртебе қалың ойға кеткен. Әйтеуір Әкпардың бір ықпалы бар екенін сезетін. Осы ретте Ольга амалсыз өзінің қолына қарады. Сом алтыннан соққан қос білезік дәл осы сәтте ақ білектеріне оралған қос жылан секілді болып көрініп кетті. Шошына қалған Ольга білезіктен білегін босатып алайын деп ыңғайлана бастады. Оның бұл қимылын байқаған Әкпар:

— Ольгажан, —деді қабағын сәл жоғары көтеріп,— сенен бір тілегім; тойларың өткенше бұл білезіктерді қолыңнан алма. Жан аяспас достың тартуын жұрт көрсін.

— Иә, сөйт, Оля,— деді Бүркіт те,— біреу дос, біреу қас. Әкпардың тойға келмей қалғанын теріс түсінушілер де табылар.— Ол қалжыңдай күлді.— Әлі қызғаншақтығынан келе алмай қалды деп жүрер... Және жалғыз серігінен айрылыпты деп, мені де табалаушылар табылар... Өзі болмаса да, сыйлығы түссін жұрттың көзіне, алма білегіңнен...

Ольга қарсы қайырып ештеңе айтқан жоқ, тек ақырын күрсінді де қойды. Бірақ білезікке тимеді.

— Ал енді, Оляжан,— деді Әкпар қайтадан беті сазара қалып,— Бүркіт екеумізді азғантай уақыт оңаша қалдыра тұршы. Сөйлесетін сөзім бар еді.

Ольга қайтарып тағы ештеңе демеді. Өзінің бұл екеуінің арасында селкеу адам екенінен қысылып, сыр бермей тез шығып кетті. Бүркіт Әкпардың тым оқыс мінезіне ренжіп қалғанын білдіргісі келіп, бірдеме айтайын деп келе жатыр еді, анау қолын көтеріп, сөзін бөліп жіберді.

— Білем, білем, не айтатыныңды,— деді ол күлген болып. — Айтар ақылым: қатыныңды қанша жақсы көрсең де, арамыздағы әңгімеден аулақ ұста, өз сырыңды жасырмасаң да, өзгенің сырына ортақ етпе. — Сөйтті де даусын сәл бәсеңдетіп, сенің тойыңа ертең Қаражан да келе алмайды,— деді.

— Неге?

— Қазақтың оқыған азаматтарының бәрі астанаға жиналғалы қашан. Тек сен екеуміз ғана бұл жақта қыз қуып жүрген.

— Қаражан да астанаға бармақ па?

— Бармағың былай тұрсын, ертең таңертең жүрмек. Қатар жүрген соң біз бағасын білмейміз ғой. Халық ағарту комиссариаты шақыртып, қағаз жіберіпті. Жауапты қызметке қоймақ ойлары бар көрінеді.

Бүркіт аң-таң.

— Ау, Қаражанның халық ағарту ісінде не шаруасы бар? Ол өмір бойы әскери қызметте болған адам емес пе еді?.. Кадет корпусын бітіргеннен кейін, естуімше, аз уақыт Омбыда гарнизон қызметінде болып, алаш әскерін құрысуға көшті дейтін еді ғой осында оны білетін жұрт?..

— Е, Бүркіт, дүниеде сен екеуміз білмейтін сыр көп көрінеді ғой... Ол алаш әскерінің өзіне де сол ағарту ісімен, надан қазақтың көзін ашу үшін барған деседі. Большевиктермен байланысы тіпті ертеден көрінеді. Сонау кадет корпусында оқып жүрген кезінен деген де лақап бар.

— Өзі не дейді?

— Күле жауап береді. Сендерге деген көңілім таза болса жетпей ме дейді...

— Ғажап! — Бүркіт сенерін де, сенбесін де білмей, басын шайқады.— Кеше тым қатыгез офицер болды деуші еді, түсінсем бұйырмасын. — Ол кенет ашулана қолын сермеді,— мейлі, тойыма келмесе келмесін... О да көп жолбикенің бірі секілді ғой.

— Оның кім екенін келешек көрсетер. Күні бұрын кесіп-пішіп әуре болмай тұра тұрайық,— деді Әкпар cөзінe тағы да астар беріп,— сенің «Қаражанның халық ағарту ісінде не шаруасы бар» дегеніңе айтам, әйтпесе оның өткен кездерін қазбалап не шаруам бар? Тек саған «тойыңа бара алмаймын» деген сәлемін жеткізіп тұрмын.

— Оны естідік қой.

— Естісең болды. «Әкпар келмеді, ал Қаражанға не болды?» деп күдіктенбесең...

— Жақсы. Сөзіңе түсіндім. Тағы айтарың бар ма?

— Айтарым әлі де аз емес. — Тон мойын Әкпар сәл жақындай түсті. — Ал енді өз жайыма келсем: мен қазір Алматыға жүрем. Жалдаған жәмшігім дайын тұр. Тек саған жолығып кетейін деп қарайладым...

Бүркіт үндеген жоқ. Төмен қарап әлденені ойлана қалды.

— Енді ақырғы айтарым,— Әкпар орнынан түрегелді. — Тойың өтісімен бұл жерде көп айналма, тезірек Алматыға жет...

Бүркіт басын көтеріп алды.

— Өзім де сондай ойдамын. Бұл қалада қалудың енді қызығы жоқ. Тек алдымен ауылға барып қайтсам ба деген ойым бар.

— Ашып айтқанда, ол — Ольга екеуіңнің үйлену саяхаттарың ғой? — Әкпар езу тартып күлді. Бүркіт оның неге күлгенін түсінбеді.Кекетуі ме, әлде қалжыңы ма. — Сонда өз аулыңа бармақсың ба?

— Ауыл дейтін — менде ауыл бар ма? Өзіне белгілі, шешем ерте өлген. Әкем тоқалының төркін жұртына көшіп кеткелі үш-төрт жыл болып қалды. Менде бөтен туыс жоқ қой. Нағашыма барып қайтпақпын. Олар Бұқтырма өзенінің бойында тұрады. Шешем қайтқалы көрген жоқпын. «Келіп кет» деп әлсін-әлсін шақырып жатыр.

— Шақырып жатса, барып қайтқаның жөн болар... Бірақ көп кідірме... Бұдан былай қарай құр өлеңмен күн көру қиынға түсетіндей түрі бар ғой... Қызмет істемей реті келмес... Ал қызметтің де қызметі бар. Сен екеуіміз майлы сүйектің басын өзіміз ізденбей ұстай алмаймыз.

— Ау, оны бізге кім береді?

— Совет өкіметі.

— Совет өкіметі? Сену қиын...

— Қиын болса да, сенуге тура келеді. Сол үшін де мен әкеме ермей қалған жоқпын ба? Ал сен болсаң, кедейдің баласысың... «Қателескеннің айыбы жоқ — қайтып үйірін тапқан соң» дегендей. — Әкпар тағы күлді.

— Ондай екі жүзділік менің қолымнан келмесе, не істеуім керек?..

— Қолдан келмейтін дым да жоқ, қолдан келтіру керек. Осылай істеу жөн. «Заманың түлкі болса — тазы болып қау» демей ме қазақ?..

— Жоқ, Әкпар, ондай айла менің қолымнан келмес. Meн сынсам — морт сынамын. Бүгін тазы, ертең қасқыр, арғы күні қоян болу менің үлесім емес.

— Ашық айқас жақсылыққа апармайтынына көзің жеткен жоқ па?

— Мүмкін, тіпті айқасудың өзі де керек емес шығар? Онда жөніңді айт. Саған сеніп, тал қармап жүрмейін.

— Бүркіт, жаным да, тәнім де сенімен бір екенін өзің білесің, мені орынсыз қинап қайтесің? Осыны ұқ та, қой. Ал алдағы тілегіміз үшін, ісіміз үшін, біз келесі уақытта бірімізді-біріміз бәлендей танымайтын адам болайық. Әсіресе Алматы секілді сырымызға қанық емес жат жерде...

Бүркіт ашудан күйіп кетті.

— Түсіндім, түсіндім, Әкпар, пиғылыңа, — деді ол қинала,— ұлтшыл деген атымнан сескене бастаған екенсің ғой, ә?.. Әрине, сенің кім екеніңді ешкім білмейді. Қой терісін жамылу қазір саған оңай... Демек қасқыр екеніңді қалай жасырасың?.. Ал мен ұлтшыл емеспін, ұлтжандымын. Мүмкін түсінбей жүргенім бар шығар, бірақ сол ұлтым үшін неге болса да дайынмын.

— Менің қасқыр екенімді білсең, өзге күнәңді маған артпа... Заманымыз туғанда тағы кездесерміз.

— Қай жерде? Мүмкін, аңшының қанжығасында болар?— Бүркіт қолын бір-ақ сермеді. — Жә, сөзді босқа тауыспайық. Сен мені білмейсің, мен сені танымаймын, тілегенің сол ғой? Беу, Әкпар, Әкпар, сенімен бір қайыққа мінгендегі күткенім осы ма еді?

— Бекер өкінесің, Бүркіт. Қайыққа бірге мінген екі жастың қайсысы алдындағы ұлы толқынға шыдарын әлі өмір көрсетер... Ал Хасенмен... — Әкпар тістене сөйледі. — Мен онымен әлі сөзсіз кездесем. Өзі сенің тойында қалатын ба еді?

Әкпар кеткеннен кейін Бүркітті досының сөзінен туған қобалжу біржолата билеп алды. Біресе қажытты, біресе шошытты. Әсіресе оны Хасен туралы қорқыныш билей берді. Әкпардың бір сұмдық істейтінін ол іштей сезді. Осы сезім той кезінде де Бүркіттен алыстап кетпеді. Баяғы Ақан өлер күнгі қара қарға қайта оралды. Той-думанның қызығымен үркітіп, қанша қуамын десе де, жемтік көрген сұрқия қос қанатын қомдана, дәл төбесінде шыр айналып ұшты да жүрді. Мұндай сезімнің өн бойына текке үймелемейтінін Бүркіт жақсы түсінетін. Сондықтан да ол тойдың тез бітуін әлденеге іштей әбігерлене, мазасы кете күтті.

Тойға жұрт мол жиналды. Шақырылған құрбы-құрдастан Әкпар мен Қаражаннан бөтені қалмай бас қосты. Хасен мен Ханшайым да келді. Дос-құрбыларының қала дәстүрімен әкелген тарту-таралғыларына да көңіл тоярлықтай. Сондай көзге түсер сыйлық әкелгеннің бірі — Ханшайым. Ол үстіне қызыл жақұт орнатқан алтын жүзік әкелді. Қарымсақ бай бұл жүзікті Әкпар Ольгаға берген қос білезікпен бірге Ханшайымға арнап, Қазан қаласындағы аты шулы Мұстай шеберге соқтырған болатын. Қытайға көшер алдында қызынан сезіктенді ме, Ханшайым қолына салмақ болып сұрағанда, әкесі «күнің туғанда саларсың» деп бермей тығып қойған. Ханшайым жүзікті беріп жатып, Ольганың қолындағы білезікті көрді. Өзіне арнап соқтырған осы бір қымбат затты айдаладағы біреудің білегінен таңып, іші удай ашып кетті. Білезіктен көзін алмай таңдана қарады. «Қайдан келді бұл білезіктер бұл жерге? Көшер алдында ғана әкесі сандыққа тығып қойған жоқ па еді?.. Дегенмен, Әкпар мен әкем кездескен екен. Баласына өзі берген болды ғой. Әйтпесе қайдан келеді бұл араға? Бишара әке, қаныпезер аға! Орталарыңдағы жалғыз қыздан қызғанып, ақырында бөтенге бұйырттырдың ба?. «Қызғанғаның қызыл итке жем болсын» деген осы да!»

Ханшайым, нәсілі, дүние құмар жан болмайтын. Бірақ өзіне арнап соғылған осынау қос білезік оған тым ыстық, тым қымбат көрінді. Дәл осы минутта оған әке де, аға да, білезікті қолына салып тұрған мынау жас келіншек те өте жат, өзін нағыз бір тонап алған адамдар тәрізді. Кенет алқымына тығылған ашу, жас, ызаны әзер жасырып, Ханшайым тез бұрылып кетті. Жас келіншектің бұл жағдайым тек Ольга ғана байқап қалды. Ханшайым берген жүзікпен білезіктердің зерін, формасын салыстырып, ол осы заттың бәрі Әкпардың қарындасыныкі екенін енді ғана ұқты. Ұялғанынан не істерін білмей, күйеуі мен Әкпарға берген уәдесіне қарамастан, білезіктерді жылдам шешіп алып, бөтен бөлмедегі шкафқа апарып тығып қойды.

Ауыл келіншектерінше үлде мен бүлдеге бөленген Ханшайым мен қала халқына өте таныс «жалшы ақыны» Хасен үйге кірісімен-ақ, Файзолла қолындағы сырнайын құлаштай тартып, әнді жүйткіте жөнелген... Оған оқта-текте бөтен де әнші қыз бен жігіттер қосылып, той қыза түскен. Жұрт үстелді жағалай отырып, тойға арналған ет желініп, қымыз ішіле бастағанда да бұл шат-шадыман қызық думан басылмаған. Дәл осы кезде Бүркітті кешеден бері қобалжытқан күпті күдік шешім тапты.

Ет желініп, қымыз ішіліп, енді жұрт шайға отыра берген шақта кенет терезеден атылған мылтық даусы гүрс ете қалды. Бүркіт, Ольга, Хасен, Ханшайым — төртеуі терезеге қарама-қарсы қатарласа отырған. Түн жамылып, терезенің арғы жағында кәрі қайынға сүйеніп тұрып, браунингімен тесіле көздеген жігіт, оғын Хасенге арнаған еді. Тек жоқ жерден оны ажалдан Сақыпжамал алып қалды. Даяшы әйел дәл осы кезде әлденені әзілдей күліп, подностағы кесені Хасенге ұсына берер ме, «құланның қасуына — мергеннің басуы» дегендей, шаңқ еткен оқ әйелдің қолына барып сарт етті. Кесе күл-талқан болды. Зәре-құты қалмаған Сақыпжамал:

— Әни!— деп шыңғырып жіберді де, сылқ етіп құлап, талып кетті.

Жұрт үрпиісіп, ойран-асыр болды да қалды. Жүгіріп далаға шыққан Бүркіт пен Хасен қараңғы түнге сіңіп ғайып болып бара жатқан салт аттының тек дүбірін ғана естіді.

«Бұл кім екен?» деп, жүрегі лүпілдеп тыңдай қалған Бүркітке сонау шауып бара жатқан ат дүбірі кенет аяғын шалыс басқан жорға дүбіріне ұқсағандай болды. «Жоқ, жоқ,— деді ол ішінен,—«Әкпар емес, ол кеше кешке таман астанаға жүріп кеткен. Сонда бұл кім?»

Той бұзылды. Көп кешікпей жұрт тарай бастады. Жұрттың ең соңынан үйден шыққан Хасен мен Ханшайымды Бүркіт пен Ольга бір көшедей жерге шығарып салды. Және олардың қасына Мәлікайдар мен бір-екі жігітті қосып беріп, Бүркіт:

— Байқа, Хасен,— деді сыбырлап,— әлгі оқ екеуіміздің бірімізге арналған оқ... Бейсауат жүрме.

— Оқасы жоқ,— Хасен ақырын ғана езу тартты.— Қараңғыда жасырынып тұрып оқ ататын жау күшті жау емес, оған да жан керек шығар, бүгінгіден кейін өзі де мылтығын абайлап көздер...

Той, әйтеуір, аман-есен біткенмен, Бүркіттің көңілін бұрынғыдан да қалың қайғы торлады. Ең алдымен ол өзіне-өзі: «Енді не істеуім керек? Қай жағаға қарай малтуым керек?» деген сұрақ қойды. Бұл сұрағына еш жауап таба алмайтынына көзі жетіп, басы әңкі-тәңкі болған Бүркіт үш күннен кейін Ольгасын алып, нағашысының аулына жүріп кетті.

ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ СЕРГЕЛДЕҢ

ЕКІНШІ БӨЛIМ

I

Өгей анадай түксиген тас қабақты құздарды қақ жарып, долдана буырқанып аққан Бұқтырма өзенін жағалай жеңіл қара фаэтонға қос күрең жеккен үш жолаушы желе жортып келе жатыр. Жол дәл өзеннің кемерімен жанаса өтеді. Жолаушылардың беттері — күнгей жақта. Жолдың солында — пышақпен кескендей тіп-тік жартасты Бұқтырма өзені. Оңын да — қатпар-қатпар, басына бұлт қонған Алтай тауы. Етегінде — бұралаңдай созылған жолға дейін төбесіне қарасаң басыңдағы бөркің түсер сыңсыған қалың қарағай, ақ қайың...

Алтай тауларының аясы қандай тамаша жаздыгүні! Белуардан келген көк шалғын. Ағаш арасында сайраған мың-сан құс. Жартастар түбінен тулай аққан ақ көбікті бұлақтар... Бұлақтар сонша көп, қайсысының қай жерден шығып жатқанын да аңғару қиын. Қан тамыры секілденіп тарам-тарам болып, жамырай ағып келіп, терең сайға құйылады да, жол алдынан кес-кестей өтіп, Бұқтырмаға қарай сарылдай аға жөнеледі...

Жол сай үстіне салынған ағаш көпірден өтіп, енді жықпыл-жықпыл жартастардың арасымен ирелеңдей тартты. Қалың орман тау баурайына қарай көтеріле түсті. Жолаушыларды қоршаған жел мүжіп, жаңбыр қажаған биік құз тастар, адамзат жаратылмастан бұрын жер бетінде өмір сүрген ғажайып құбыжық аңдардың мүсіндері тәрізді.

Дегенмен, осы бір алып тастар, сонау көгілдір аспан, көкке созылған жасыл орман мынау мың-сан бұлақтар, тулай аққан өзен, тынбай сайраған құс үні — бәрі қосылып жолаушыларды бір ертегі дүниесінің ортасына енгізіп әкеткендей.

Фаэтонның алдыңғы жағында — атқосшы. Бұл — үстінде шидем күпісі, басында жалбағай тымағы бар, шоқша сақалды қысық көздеу, орта жастан асып кеткен мосқал адам. Тегі сөзге сараң жан болуы керек, қаладан шыққалы толық бір ауыз сөз айтқан жоқ. Көлігімді бірдемеге ұрып алмасам жарар еді дегендей, үнемі сақтық істеп, екі көзін жол бойынан бір алмайды. Жол ылдиға қарай құлар болса, аттарының божысын тежей тартып, өрге қарай қос күреңді желе-шоқыта айдай жөнеледі.

Фаэтонның артқы жұмсақ орындығында — Ольга мен Бүркіт. Екеуі қатарласа отырған. Ольганың үстінде — тойға арнап киген кешегі ақ жібек көйлегі. Басына да сол ақ жібектен орамал тартып алған. Ақшыл бетін күн сүйіп сәл қоңырланған. Осынау жұпар аңқыған тау іші мас еткендей жолдың екі жағына алма-кезек маужырай қарап отыр. Оған бәрі қызық, бәрі тамаша. Осы бір сән дүние кімге болса да серпін тәрізді. Анау шошақ басты құз да, мынау жол шетіндегі аппақ ұлпа гүл де — бәрі Ольгаға бір түрлі көрікті, аяулы. Дәл осы шақта жас сұлу, жан дүниесінің аса бір көз тоймас қызығын тапқандай, жан-жағындағы көркем әлемге әлсін-әлсін қуана қарап, ұйқылы-ояу күйінде күлім қағады. Ал Бүркіт болса, ол осынау ғажап дүниені тіпті көрмеген жан секілді. Көзі тұманданып, қабағы қата түскен. Дәл қазіргідей шаттық сапарға сәйкес емес, жүдеу үнімен ыңырсып «Елім-ай» әнін айтып келеді.

Өлең қазақ өмірінің серігі. Дүниеге өлеңмен келеді де, өлеңмен өтеді. Қазақ бала, туса — шілдехана істеп өлең айтады. Кісі өлсе — жоқтаумен шығарып салады. Күндіз қой бағып, түнде жылқы күзетсе де, өлең — серігі. Қайғырса да, қамықса да, қуанса да, шаттанса да өлең —жан серігі.

Бүркіт те қазір осы жан серігіне үнін қосып, іштегі уайымын сыртқа шығармақ. Енді ол «Елім-айды» тастап, бөтен әнге кешті. Ән күйінішті, зарлы. Сөзі одан да бетер арманды, қанатсыз.

Өмір ұзақ жол сынды,
Алдында көп бұлтарыс.
Жанмын сорлы мен мұңды,
Арман — азап, жолы алыс...
Құлағым менің шалды ма
Қобыз күйін сарнаған?..

Жол енді бір тегістікке шықты. Қос күрең бүлкілдей сала желіп келеді. Жан-жағы жазық дала. Қызылды-жасылды гүлге бөленген. Жасыл шалғын. Көкжиекте ойнаған көгілдір сағым мұнарлана шудаланып бір бітпес шексіз дүниені аңғартқандай... Аспанда ақ мама бұлттар пайда болып көлеңкелері көлікпен қатарласа сырғиды. Осы бір бейкүнә көлеңке көрінісінің өзінде де, адамды қобалжытар күңгірт тағдырдың қауіпті бір сұрқия күші Бүркітпен қатарласа жүріп келе жатқан тәрізді. Күн түс әлетінен ауа бастады, бірақ ұшы-қиыры жоқ кең дала жеткізер емес. Баяғы сар желіс, баяғы сарнаған ән. Бүркіт бір кезде Ольгаға қарап еді, ол тегіс жолға шыққан соң жұмсақ рессорлы фаэтон тербетіп, шынтағындағы түйілген жүкке сүйеніп ұйықтап кетіпті, Мұрны пысылдай, қызыл ерні сәл ашылып түс көрген жандай, әлденеге күлімсірей түсіп ұйықтап жатыр. Аппақ ақ мәрмәрдай жұмыр мойнында күн сәулесі ойнайды; Бүркіт қызығып кетті, кенет құшақтап сүюге де оқталды, бірақ ершікте отырған қартаң адамнан әдеп сақтады. Ол Ольгадан көзін алмай отырып, тағы да ойға шомды. «Сүйген жар! Қандай сұлу, қандай көрікті лауазым. Тек ананың аты ғана сенен қадірлі шығар. Бірақ о да өмір бақи сенімен бір бола алмайды, сүйген жар құр ғана төсектегі қосағың емес, одан қымбат, одан қадірлі. Міне сүйген жар деген осы. Бола аласың ба, Ольга, сен маған осындай жар? Ертең жастық гүлі солып, қуаныш үні қартая бастаған кезде сен қалана, мен ауылыма тартып жүрмейміз бе?.. Жоқ, жоқ, Ольга ондай жан емес. Мен оның мәңгі сүйерімін, ауыр жолына таңдап алған серігімін...» Осындай ойдағы Бүркіт қайтадан ыңырсып «Елім-айды» айта бастағанын өзі де байқамай қалды. Осы кезде Ольга оянып Бүркітке:

— Біздің үйлену саяхатымызды тек «Елім-аймен» ғана өткізуге уәде бергенсің ғой, Бүркіт, ә?— деді күлімсірей назданып.

Бүркіт Ольганың қолын ұстап, өзіне қарай ақырын тарта түсті де:

— Қойдым, қойдым,— деді кенет жүзі жайнап кетіп,— ұзақ жолдың кейде адамды уайымға салатын әдеті ғой.

Ольга бірдеме айтайын деп келе жатты да, кенет қолын алдына қарай шошайтып:

— Қара! Қара!—деді даусы құбыла өзгеріп.

Бүркіт Ольга көрсеткен жаққа жалт бұрылды.

Үш жүз метрдей жерде жолдың оң жағындағы белестен өздеріне қарай ағып келе жатқан қоянды көрді. Бишараның артында қасқыр бар ма, қос құлағын жымырып алып, зымырай ағады. Қорыққанынан әбден есі шығып кеткен болуы керек, алдындағы арбалы адамдарға да қарар емес, бар пәрменінше орғи түседі. Бірақ арт жағынан қуған не қасқыр, не ит көрінбейді. «Жан сауғалаған» сорлы қоян да енді Бүркіттерге таяп қалды. Сөйткенше болған жоқ, жолаушылар көктегі ақша бұлттың дәл астынан қоянға шүйіле аққан қыранды көрді. Жайшылықта керегедей жайылатын қанаттарын қазір жиып алып, төмен қарай шүйілгенде, нағыз бір көктен құлап келе жатқан тас дерсің. Жазық дала, қоян тығылар бұдыр жоқ. Көп болса бір минут, бишара адырақ көз қанды балақ болат тұяқ қыранға жем болмақ. Кейбір аңның табиғи сезіміне таң қаласың. Осы қоян сонау көз жетпес, бұлт астындағы өзін аңдыған ажалды қалай көрді екен? Әлде ажалдың өзін күні бұрын сездіретін құдіреті бар ма? Дегенмен, қыран енді қанатын жая, ажалға арналған, болаттай өткір тырнақтарын жалаңдата, қанды балақ топшысын бауырынан сәл шығара беріп, шүйіле түсті. Қоянға елу метрдей. Жолаушылар аттарын тоқтатып, үшеуі бірдей демдерін алмай аңырып тұрып қалды. Дүниеде өмірден тәтті не бар, қыран да жетіп, енді қоянды іле берем дегенде, бишара адырақ көз ең ақырғы күшін жұмсап, пәрменінше секіріп, жолаушылардың арбасынын, астына кіріп кетті. Ентігін баса алмаған қалпында жер бауырлай жата қалды. Бүркіт аңшылардан бұрын талай естіген, тазы қуып сасқан қоян кейде қасқырдың апанына кіріп кетіп, бір жаудан құтылғанмен, екінші жауға жем болады деп. Мына пақыр қоянның бұл жолғысы да сол далбаса секілді. Құрық бойы қалған қыран, кереге қанатын жая, адамға түсуге бата алмай, арбаны жанай қайтадан көкке көтеріле берді. Жолаушылардың үстінен бір-екі рет самғай ұшып сонау күнгей тұстағы ақша бұлтқа қарай зымырай жөнелді. «Ашыққан қыран адамға да түседі» деп өститін бұрын Бүркіт. Бірақ ол әне-міне дегенше бұлттан асып, жоқ болып кетті.

Жолаушылар еңкейіп, енді ғана арбаның астына қарады. Кішігірім лақтай шығыстың сұрғылт жүнді ор қояны терге малынған қалпында, қос құлағын арқасына қарай жымырып алып, етпетінен жатыр. Тіпті жерге кіріп кеткісі келгендей, жолға баурын төсей жабыса қалыпты. Екі бүйірі солқылдай қағылып, бар денесі дір-дір етеді. Жолаушылар, қоян әбден демін алсын деп тағы да бес-он минут үн-түнсіз тұрды да, жәмшік аттарының божысын ақырын қағып жүріп кетті. Арба үстінен өтіп, анандай жерге ұзағанда ғана барып, қоян орғыта секіріп, шоқы төбесіне шықты да, шоқиып отыра қалды. Сөйтті де жан-жағына, көгілдір аспанға әлсін-әлсін қарап алып, «бір ажалдан құтылдым ба, жоқ па» дегендей, баурын жаза зымырай жөнелді. Көп кешікпей шұрайлы қалың шалғынның арасына кіріп жоқ болып кетті.

Бағанадан бері жұмған аузын ашпай аң-таң болып отырған Ольга кенет шаттана күлді.

— Жолың болсын, қояным, жолың болсын!..

Бүркіт Ольгаға кілт бұрылды. Әйелінің екі беті қызара балбырап, қуаныштан көгілдір көзі жасқа толып кетіпті.

Бүркіт Ольганың қолынан ұстап жерге түсірді де, жол шетіндегі тоғайға төне біткен жартасты көрсетті. Қатпар-қатпар қызғылт шақпақ тастан үйіле жаратылған биік шынар, нағыз бір ойлана қалған келіншекке ұқсайды.

— Бір кезде біздің ауыл осы арнаны басып, жайлауға — сонау Тарбағатай тауларына қарай көшеді екен,— деді ол күлімсіреп.— Бір жылы біздің ел сол дағдысы бойынша жылдағы жайлауына бара жатқанда, мен көш-жөнекей анау «Кербез шынар» түбінде туыппын.

— Қойшы?— Ольганың көзі жарқ ете қалды.— Бұл ара сенің туған жерін екен ғой?—Ол жан-жағына күлімсірей қарады. Алыстан белестене көрінген баурайлы, жартасты жалпақ жасыл далада, шатқал, жыра-сайды қуалай біткен ойдым-ойдым қайын қарағай тоғайлары. Көз ұшында жүгірген көгілдір сағым. Ольга көзін алмай таңырқана қарап тұр.

— Әзі де бір көркем өңір екен!..— Ол енді жас балаша шаттана күлді.— Мұндай жерде туған адам сөзсіз ақын болып тууға тиісті!

— Сен солай ойлайсың ба?

Кенет Бүркітті тағы да бір ыстық сезім билеп кетті, ол әйелінің білегінен ұстап, сәл өзіне қарай тартты да, белуардан келетін көгорай шепті майыстыра басып, «Кербез шыңға» қарай жүре берді. Атшы шал бұлар жаққа бұрылып та қараған жоқ, сол ершікте шоқиған қалпында бір қозғалмастан үн-түнсіз отыр. Ерлі-зайыпты екі балғын, иіссу аңқыған жасыл шалғынның ортасымен келе жатыр. Бойларын билеп алған тәтті сезімнен бе, әлде осынау жұпар төккен ғажайып дала мас етті ме, екеуінің де көзі тұманданып кеткен, шөлдеп қалған қос еріндері бір-біріне жабыса түсуге дайын, бірақ олар құмарлық жалынын әдепке көндірін, жай ғана құшақтасып, ақырын жүріп келеді. Көп кешікпей, осынау ұшы-қиыры жоқ тамаша дала, бақытқа оранған кең дүние Бүркіттің жүрек түбінде жатқан қайғысын кенет қайтадан оятты. Қуанышты кезеңнің қолың кетпес арман-өкінішін есіне салатын әдеті емес пе, Бүркіттің ойына осынау сұлу көрініс әлденелерді елестетіп, қайтадан оның жанын жеген күйзеліс билеп жүре берді.

— Ақын болып туғаннан ақымақ болып туған көп артық па деймін, Ольга,— деді ол ойына лапылдан келген сырын жасыра алмай,— ақымақ болып тусаң өмір сүру де жеңіл. Бұл жалғанға келген соң адам болып өтейін деп қиналмайсың. Дүниенің мөлдір-лайын таңдамайсың, тек қарның тойып, күніңнің өткеніне мәзсің...

Ольга Бүркіттің бағанадан бері үндемей келе жатқанын осындай бір жанына батқан себептен екенін сезген. Сондықтан да «әбден өзі ойлансын, өзі шешсін» деп үндемеген болатын-ды.

Ерінің мына асанқайғы сөзі бітеу жара болып келе жатқан Ольганың ашық сөйлесуіне жол берді.

— Дүние лайлы болса, ол тұнбай ма, Бүркіт?—деді ол сабырлы үнмен.— Оның тұнуына шыдай алмай ағаттық істеп жүрме, жаным...— Кенет дауысы дірілдей шықты.— Тек сенен жалғыз тілегім: сабырлық ет, жан-жағыңа дұрыстап қара. Біз бірдемені түсінбей жүрген секілдіміз. Жұрт бара жатқан қуанышты да қара санайтын тәріздіміз. Өзгелер ақымақ та, тек біз ғана ақылдымыз ба? Осымыздың бәрі жөн бе?

Бүркіт бірден жөн деп айта алмады. Тек біраз жер жүргеннен кейін ғана барып:

— Ұстаған жолым дұрыс па, бұрыс па, қазір өзім де ашық білмеймін, бұрын бәрі де маған айқын секілді еді, ол қазір қалың тұманға еніп кетіп, жол таба алмай адасқан тәріздімін,— деді ол ойлана. Бүркіт кенет әйелінің белінен құшақтап өзіне тарта түсті. Енді олар тіпті жақын құшақтаса, қатарласа жүрді.— Ал саған берер уәдем,— деді ол қайтадан,—тағы да ойланайын, жан-жағыма үңіле қарайын, мен бірдемені түсінбей жүрген болсам түсінуге тырысайын...

Ольга сергіп кетті.

— Сенен тілерім сол ғана,— деді ол даусы қуанғаннан дірілдеп.

Бұлар бұл кезде Кербез шыңның қасына да жеткен еді. Сергелдең көңілге дүдәмал болса да, дәл осы сәтте азырақ тыныс тапқан екі жас жартастың етегінде тұрып жайбарақат жоғары қарады. Тағы да Бүркіттің ойына өткен күннің бір алыс суреті түсіп кетті ме, ол:

— Біздің ауыл осы жартастың түбінен ақырғы рет көшіп еткенде, мен жеті жасар едім, онда апам марқұм да тірі болатын,— деді ақырын күрсініп.

— Содан бері осы жартасты ұмытқан жоқсың ба?

— Өміріңде ұмытпайтын кезің аз бола ма,— Бүркіт тағы да ақырын күрсінді.— Ол кезде маған дүние бір шетіне жете алмастай кең көрінетін, ал қазір сол кең дүние бір өзім сыймастай тар секілді. Егер қасымда сен болмасаң, мүмкін тіпті жанымды қоярға жер таба алмас па едім деп қорқамын.

— Түу, сен қайтадан жүдей бастадың ғой...

— Қойдым, қойдым,— деді Бүркіт кенет еріксіз күліп, енді ол жарының бетінен ақырын, ұзақ сүйді.— Бір сен үшін қандай қайғым болса да ұмытуға тырысайын...

Ольга оған бұрыла қарады.

— Еліңнің қайғысын да ма? — Бүркіт жауап бергенше Ольга өзі сөйлеп кетті.— Жоқ, Бүркіт, жігіттің ең ұлы мақсаты елі болуы керек. Елі жоқ адам, тамырынан айырылған өсімдік тәрізді. Мен сенен ондай құрбандық тілемеймін. Тек жалғыз өтінішім, жаңа өзіңе айттым ғой, елің расымен қайғылы ма, әлде саған солай көрініп жүрген жоқ па, соны аңғаршы. Қайғылы десең, одан бөлін демеймін. Қуанышымыз аз бола ма, көп бола ма — бәрін соның жолына қисаң да ренжімеймін. Ал егер де жаңа заман халқыңның көкейіне қонып тұрса, сен бөлініп қайда бармақсың? Осыны ойласаң, мен де, менің саған деген махаббатым да риза...

Бүркіт тағы да толқып кетті. «Тек сүйген жар ғана мұндай сөзді айта алады. Тек сүйген жүрек қана өзін де, өзінің махаббатын да шын сүйіктісіне дәл осылай қия алады. Өзі де Ольганы осындай бір ақылды, табанды мінезі үшін сүйген жоқ па еді? Иә, сөйткен болатын. Қазір сол мақсаты орындалып тұрған жоқ па, бұндай жар үшін қалай қуанбассың, оған қалай риза болмассың?»

Бүркіт Ольгаға қайта бұрылды. Оған әйелінің көгілдір көзінде жан сезімінің тазалығын көрсетіп, кірсіз мөлдір көгілдір аспан тұнып тұрған тәрізденді. Оның жүрек соғысы, ой толқыны «Жүрер жолымызды өзің таба біл. Қайда барсаң да мен соңыңнан еруге дайынмын» дегенді сездіреді.

Осының бәрін жеткізіп жатқан тіл емес, Бүркітке деген адал жүрек, адал махаббат. Дәл осы сәтте Бүркіт өзіне осы бір өмірден де қымбат сезімді жақсы ұқты.

Енді ол жарының көңілін табайын дегендей, оған тағы да күлімсірей қарады. Тағы да қолынан ұстап, өзіне қарап ақырын тартты да:

— Ольга, сенің айтқаныңның бәріне де түсіндім, шамам келгенше, халқымның ойын дұрыс ұғуға тырысайын,— деді.

Енді олар кейін қарай жүрді. Аздап тынығып қалғaн қос күрең бұлар фаэтонға отырысымен, ала жөнелді.

Күн еңкейе бір асудан төмен түскенде, бұлар қамысты шалқар көлді жағалай, қалың көк балаусалы ылдида сыңсып отырған қалың ауылды көрді. Жыбырлаған қараша үйлерінің дәл ортасында он шақты ақ киіз үй оқшаулау тұр. Бұл, сірә, өзі келе жатқан нағашы елінің шонжары Бурабай бидің ауылы болуы керек. Өзге қарашалардың баспаналарынан алшақтау тігілген күн шағылысқан ақ отаулардың еңсесі де биік, қонған жерлері де шұрайлы. Ең төрінде — Бурабай бидің он екі қанат ақ киізден тұрғызылған ата шаңырағы, Бұл үйден бір елу метрдей жерде тартылған желіде байлаулы отыз шақты ат көрінеді. Ер-тоқымы алынбаған. Сірә, бидің ауылында бір үлкен жиын болып жатқандай.

Ауылды көрісімен, атқосшы қос күреңін айдай түсті. Кенет шыққан күміс қоңыраудың дауысын естіп, қалың ит шуылдаса үріп алдарынан қарсы шықты.

— Алдымыздан әзірге иттері ғана шықты ғой мына ауылдың,— деп Бүркіт атшыға қарап жүдеу езу тартты.

Күні бойы тіл қатпай келе жатқан шал тағы да әдеттегісіндей күңк ете қалды.

— Қорыққанын сыйлайтын қазақ емес пе, көрер ем сенің орныңа сәт не санақшы келе жатса!

Сөйткенше болған жоқ, бұларға қарсы ауыл жақтан бір салт атты шыға шапты. Әне-міне дегенше, астындағы тобылғы күрең дөненін ағызып жетіп те қалды. Бүркіттерге жақындай келіп салт атты кілт тоқтады. Жолаушылар да аттарының басын тежеді. Ойнақшыған тобылғы күрең үстіндегі адам секіріп жерге түсті де, атын жетектеп фаэтонға таяды. Ұзын бойлы, қара торы жас жігіт. Үстіне киген майда тоқылған түйе жүн шекпенінің белін қыл шылбырмен буып алыпты. Екі білегі сыбанулы. Басындағы көнерген бұшпақ бөркінің тысы жырым-жырым. Бір көргеннен-ақ жігіттің не жалшы, не кедей адам екенін айтпай тануға болатын. Әйтсе де, иттерді қамшысын көгеріп кейін қуып, осы бір жолаушыларға әдеп сақтап, жаяу жүріп келе жатқан жас жігіттің келбетінде, дене құрылысында, аяқ алысында ақ сүйектерге бергісіз бір көз тоқтатарлық қасиет, паңдық сезіледі.

Жігіт арбаға таяй берігі, кілт тоқтап, Бүркіттің бетіне шырамытқан адамдай қарап тұрды да, алға таман ұмтыла түсті.

— Бүркіт! Бүркіт аға!—деді даусы бала қырандай саңқ етіп. Жас жігіт қос қолымен Бүркіттің оң қолын айқара қысып амандаса бастады. Көзі күлім-күлім етеді.

— Тұра тұр... Тұра тұр... Сен өзің кімсің?— Бүркіт те бала жігіттің бетінен көзін алмай күле амандасып жатыр.— Япырмау, Еркебұлан емессің бе? Бәсе, солсың ғой, қандай үлкен жігіт болып қалғансың!

Бүркіт арбадан секіріп түсіп, Еркебұланды баурына қысып, маңдайынан сүйді.

— Өмір деген, міне, осы,— деді Бүркіт қуанышын баса алмай,— ана жылы мен келгенде тай мініп, қозы қайырып жүрген қаршадай жас бала едің. Енді, міне, екі иініңе екі кісі мінгендей жігіт болып қалыпсың!..

— Бүркіт енді арбаға кілт бұрылды.

— Ольгажан, таныс болып қой, бұл — менің нағашымның баласы Еркебұлан, Ерке,— деді, сөйтті де Еркебұланға қарап:— Мына кісі сенің нағашы жеңгең болады, Аты — Ольга,— деп күлімсіреді.

— Еркебұлан ұяла қызарып, нағыз бір өзінен-өзі сынып кететін шыныны ұстағалы тұрғандай, жалпақ алақандарымен Ольганың нәзік, ұзын саусақтарын әзер ұстады. Сірә, мұндай сұлу қала әйелін бірінші рет көргені болуы керек, бетіне әлсін-әлсін жаутаңдай қарап, аң-таң боп күлімсірей береді. Жігіттің қысылып тұрған жағдайын сезген Ольга күліп жіберді.

— О, тоба, тоба,— деді ол даусы сыңқ-сыңқ етіп.— Менен де адам қорқады екен ғой!..— Сөйтті де Еркебұланға өзімсіне қарап, ашық үнмен:— Еркешка, сен менен үрікпе, біз әлі жақсы дос боламыз,— деді.

— Бүркіт жымия езу тартты.

— Түсіндің бе, Ерке, жеңгеңнің не айтып тұрғанын? Сен одан қымсынба, о да өзіңдей қарапайым жан.

Еркебұлан не дерін білмей, әлі төмен қарап тұр... Бүркіт шешесіне еріп, бұдан жеті жыл бұрын ақырғы рет осы нағашы аулына келгенде, Еркебұлан, расында, тай мініп, қозы қайырып жүрген он екі-он үш жасар бала еді. Жақында ғана әке-шешесі сүзектен қайтыс болып, Еркебұлан жетім қалған-ды. Інісінің орнына көңіл айта келген шешесі осы Еркебұланды өзімен бірге ала кетуге қанша жалынып сұраса да, туған-туыстары: «Бір бала бізге де көптік етпейді, ағайың болып бағамыз-қағамыз, оқытамыз»,— деп, бермей қалған. Ағайын аларда жақсы, берерге келгенде қолы сараң. Бүркіт артынан Еркебұланның оқымай қалғанын, бір ауқатты жамағайынның малын бағып, күнін көріп жүргенін естіген. Бірақ Еркебұланды іздеп келіп, өзінің қасына алып кетер Бүркітте жағдай болмаған. Өзі оқып жүрді. Ал адам қатарына кіре бастағаннан бері бұл жаққа келіп тұрғаны осы. Бұл жолы да келе қоятын емес еді, бір жағынан, ел-жұрттың әуенін білгісі келсе, екінші жағынан, осы Еркебұлан да ойынан шықпай қойды. Егер шаруасы нашар көрінсе, өзімен бірге қалаға алып кетпек. Оқытпақ. Сөйткен Еркебұланы қазір міне көз құмарын қандырарлықтай жігіт болыпты. Әттең, не керек, жоқшылықтан құтыла алмаған секілді, әйтпесе осындай сымбатты жігітке мынау жыртық бөрік, шекпен шапан, сірі етік лайық па?

Бүркіт енді ойын бөліп, Еркебұланнан:

— Ауылдарындағы не қылған жиын?—деп сұрады.— Қыз ұзатып жатқаннан саусыңдар ма?

Еркебұлан кенет жүдей қалды.

— Иә,— деді ол даусын ақырын шығарып, қамыға сөйлеп. — Жабағы байға Нұржамалды тоқалдыққа бермек... Соның тойы ғой.

Жігіт енді тіпті қайғыра түсті. Бұдан әрі не дерін білмей төмен қарап, етігінің үшімен жерді шұқылай берді.

Ақын жүрегі сезгіш келеді. Бүркіт Еркебұланның жағдайын бірден түсінді.

— Сірә, бұл той саған ұнамайтын секілді ғой?

— Біз Нұржамал екеуіміз бірімізді-біріміз жақсы көретін едік. Қосыламыз деп ант та ішкен болатынбыз... Енді, міне, күштінің аты күшті ғой, он жеті жасар Нұржамалды алпыстағы шалға тоқалға бермек,— жігіт кенет жерден басын көтеріп алды. Өткір көзінде жарқ етіп бір ұшқын пайда болды.—Мұндай қорлыққа көнгенше, Нұржамал екеуміздің өлгеніміз жақсы еді...

Еркебұланның көзінде енді ыза жасы керінді.

— Тоқалға беруі қалай?—деді Ольга Бүркітке жаутаңдай көз тастап,— осы уақытқа дейін қазақ арасында көп әйел алу секілді жексұрын ғұрып жойылмағаны ма?

Бүркіттің қабағы түйіліп, иығы салбырап кетті.

Кенет Еркебұлан басын тағы жоғары кетерді. Бұл жолы оның жүзінде бір сенім сәулесі пайда болды.

— «Жан бергенге дән береді» деген. Құдай бізді де босқа жаратпаған екен,—деді ол жадырай.— Біздің бағымызға, Бүркіт аға, өзің келдің ғой, енді Нұржамал екеуміздің жұлдызымыз жанатын шығар. Солай емес пе, Бүркіт аға? Өзің араша түсесің ғой, ә?—Жігіт Бүркітке телміре қарап, асыға сөйлеуде.— Сіз айтсаңыз болды. Жұрттың бәрі сізді сыйлайды. «Нұржамалды Еркебұланға бер» десеңіз, Бурабай ақсақалдың өзі де сөзіңізді жерге тастамайды...— Енді ол күлімсірей бастады.— О, құдай, көктен тілегенімді жерден бердің бе, біздің бағымызға Бүркіт ағаның өзі келгенін қарашы!..

Бүркіт орнынан сәл қозғалып, ауыл жаққа қарады.

— Бурабай бидің өзі не дейді?

— Бәрін шығарып жүрген сол қақбастың өзі емес пе? Жабағы оған өзінің атақты бәйге күреңін сыйға тартпақ болыпты.

Ольга Павловна шыдай алмады.

— Қызды малға айырбастағандары ма? —деді ол дауысы дірілдей шығып.— Бүркіт, бұл не деген сұмдық?!

Бүркіт жауап қайырған жоқ, фаэтонға отырды да, атшыға:

— Жүргізіңіз аттарыңызды!—деді нали сөйлеп.

Ауылға кіре берген кезде бұлардың құлағына сыңси шыққан бір қайғылы ән естілді. Көңілге мұң, жүрекке жара салардай. Әнді айтып келе жатқан — қыз. Дауысы қоңырқай, әдемі. Ән көмейінен емес, көкірегінен шыққандай, бір түрлі өкінішті, зарлы. Арманына жете алмай, орта жолда жалғыз қалған адамның әні. Жолаушылар «Бұл ән қай жақтан шықты?» деп жан-жақтарына қарағанша болған жоқ, қатарласа тігілген қос қоңыр үйдің ар жағынан қара лашықтан шығып, қасындағы қоңыр отауға беттеген бір топ қыз-келіншек көрінді. Бәрі де барын киген, үстерінде қызылды-жасылды шапан, камзол. Бастарындағы тақия, кәмшат бөріктің үкілері желмен ойнап бұлаң қағады, кеуделеріндегі күміс алқалары еңкейіп бара жатқан күн сәулесімен шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Аяғын еркелей аттаған сайын, білектей етіп өрген ұзын бұрымына таққан шолпылары шылдырлай түседі.

— Ең алдарында — сұңғақ бойлы, қос бұрымы төгіле жерге түскен, оймақ ауыз, бота көз, ақ құба сұлу қыз. Үстінде — қос етек ақ көйлек, шетін алтын оқамен көмкерген қызыл барқыт камзол, белі қыналып үзілейін деп тұрғандай. Басында — күміс теңгелі үкілі тақия. Жанындағы өзге құрбы-құрдастарына қарағанда едәуір бойшаң. Ұзындау келген аппақ мойнына көгілдір шайы орамалды үлбірете бос тарта салған. Бұл — Нұржамал. Бір көрген адам, әлсін-әлсін қарай бергісі келердей, өзі де сұлу екен! Өзге қыздарға қарағанда көп қоңыр қаздың ортасындағы аққу тәрізді, бойы да биік, түр-келбеті де бөтен. Мөлдіреген бота көзі жасқа толы, ақшыл жүзі аса қайғылы. Өлең айтып келе жатқан осы Нұржамал.

Ол жаңағы қоңыр отаудың ішіне кірді де, көп кешікпей қайта шықты. Отаудың босағасын аттап, есік ернеуін құшақтап, сызылған қоңыр дауыспен қоштаса сыңсиды.

Қош аман бол, ағайын, қош аман бол,
Шеккелі тұр бір сорлың алысқа жол.
Басқа түсті, мен білдім, бұл жалғанның
Шаттығынан екен ғой қайғысы мол...
Ата-анаға қыз сорлы жаста бала,
Ер жеткен соң бар құны бес-ақ қара...
Ойнап-күліп бірге өскен замандастар,
Сағынғанда жоқтарсың еске ала...

Қыз даусынан булыққан жастың солқылы естілді.

Ақ отаудан бір қартаңдау әйел шығып, қыз тобының соңынан еріп келе жатқан арбаға масаты қызыл кілем әкеп салды. Арба үсті осындай түрлі затқа толы. Нұржамал тобы енді келесі үйге қарай беттеді.

Бағанадан бері осы топтан кезін алмай аң-таң болып отырған Ольга кенет:

— Бүркіт, бұл не?— деді.

— Ұзатылған қыздың аулымен қоштасуы.— Бүркіт ақырын күрсінді.— Қыз ұзатылар алдында үй-үйге кіріп өлеңменен қоштасады. Әр үй оған тиісті еншісін «жасауын» береді. Біреу көрпе, біреу жастық, біреу кілем. Әркім өзінің халіне қарай, бірақ қызды бос шығармайды...

— Қандай тамаша дәстүр!—деді толқып кеткен Ольга Павловна..— Қандай тамаша дәстүр!—деді ол қайталап.

Бүркіт үндеген жоқ. «Дәстүрдің бәрі осындай тамаша бола берсе жарайды ғой» дегендей, ол ақырын жүдей езу тартты да қойды.

Бүркіттің көлігі ауылды сырттап, кең жауырын үлкен алаңның тор жағына қарай беттеп келе жатқан-ды. Фаэтон бүйректеу бөлек тұрған үш қоңыр үйді бөктерлей бұрылғанда, жаңағы қыз тобы кес-кестеп кездесе кетті. Қос күрең де тоқтай қалды.

Сыңсу да пышақ кескендей тынды.

Фаэтонмен қатарласа желіп келе жатқан Еркебұлан атынан түсіп, кейін шегінді. Көзінде ыза мен жас аралап, ләм-мим деп тіл қатар емес. Басы төмен салбырап кеткен.

Ольга Павловна қарама-қарсы кеп тоқтай қалған қыз тобының алдында тұрған Нұржамалдан көзін алар емес. Осынау бір төмен қарап, үндемей қатып қалған даланың жас сұлуы шынында, Ольга Павловнаға хор қызындай аса көркем болып көрінді.

Мұндай да сұлу қыз болады екен-ау!—деді ол ақырын күбірлей таңдана, сөйтті де, сәл кейінірек тұрған Еркебұланға бұрылды. Ольга Павловна жігіттің де сымбатты, көрікті екенін енді анық аңғарды — Бұлар бір-бірі үшін жаратылған жандар екен!—деді ол.— Екеуінің қосылуына қолымыздан келген жәрдемімізді аямауымыз керек.

Жат жолаушыларға құр сыбырлай амандасып, үндемей қалған қыз-келіншек тобынан бір қара торы, ойнақы көзді кербез келіншек суырылып алға шықты.

— Жолыңыз болсын, мырза, жолыңыз болсын,— деді ол қолын кеудесіне ұстап, басын иіп сәлемдесіп.— Еркемнің бағы жанар, сіздей қадірлі ағасы қасіретті тойының үстінен шықты ғой.

— Айтқаныңыз келсін, құрбым,— деді Бүркіт те аға жолымен жастарды құрметтей.— Нұржамалдың қызығына берген менің де үлесім, алыңыздар,— деп ол тос қалтасынан бумажнигін шығарды да, сол қалпымен келіншекке ұсынды.

Келіншектің жүзі жайнап кетті.

— Рақмет,— деді ол қуана күлімсіреп, бумажникті алып жатып.

Бағанадан бері төмен қарап, үндемей тұрған Нұржамал басын енді ғана көтерді. Арба үстіндегі Бүркіт екенін болжап, аяғын алға қарай баса түсті де:

— Ағатай, құтқара көріңіз!—деді де, әрмен қарай сөйлей алмай, солқылдап жылап жіберді.

Бүркіттің жүзінде кенет бір асау ұшқын пайда болды.

— Нұржамалдың үйі қай жақта еді, атыңызды солай қарай бұрыңыз,— деді ол ат айдаушыға,— сол үйге түсеміз.

Қыз-келіншек дабырласа Нұржамалдың үйін көрсетті.

Қос күрең бастарын жерге сала, кілт бұрылып, кейін қарай желе жөнелді.

Бурабай ақсақалдың он екі қанат ақ боз үйінің жанында Бүркітті күтіп тұрған топ адам ақынның басқа үйге беттегенін көріп, бір-біріне таңдана қарасып, қарашаға қарай кетіп бара жатқан оқыған азаматты кекесін сөзбен түйрей, ішке қарай кіре берді...

...Бурабай аулына қоңсы келіп қонған етікші Әділбек қаржас руынан шыққан кірме болатын. Орта жастан aсып кеткен Әділбектің маңдайыма біткені екі сиыр, бір түйе, он шақты қой-ешкі. Екі сиыры — балаларына ақ қой-ешкісі — жылдағы соғымы, ал үлек тұқымдас қара нары—жұртпен бірге жайлау, қыстауына көшіп-қонатын көлігі. Бұл малдардың сүт-майы, жүн-жұрқасы шиеттей сегіз баласы бар Әділбектің үйіне жұғын да болмайды. Көмек берер ержеткен ұлы жоқ. Балаларының ең тұңғышы Нұржамал, о да биыл ғана он жетіге жетті.

Бурабай ауылы орыс поселкесіндей егін егіп, бақша салатын ауыл емес, бар өнерлері мал бағу. Ал Әділбекке келсек, бұның үй ішін асырайтын, біреуден кем, біреуден артық күн көрері — өзінің он саусағының шеберлігі. Ол күз түсе ауыл-ауылды аралап етік тігеді. Сөйтіп тапқан азын-аулақ қаражаты, қолындағы азырақ малына қосымша жәрдем болады. Әйткенмен, қысқа жіп күрмеуге қайдан келсін, бір қора жанға бір адамның тапқаны жетпей, Әділбек жоқшылықтан бір құтыла алмай-ақ қойды. Осы ит жоқшылық оны көп жағдайда ел жуандарына кіріптар ететін. Біреуінен сауынға бие алса, біреуінен азғантай малына шабылмай қалған жерін сұрайтын. Міне, осындай қысқа қолдылық Әділбекті ауыл ақсақалы Бурабай бидің айтқанына көндірді. Бүлдіршіндей болып өсіп келе жатқан жасөспірім Нұржамалын азғантай мал үшін алпысқа келген, қисық көз, бүкір шал Жабағыға әйел үстіне бермек болды.

Әрине, етікші Әділбек бұл келісімнің Нұржамалға обал екенін жақсы біледі. Бірақ амал не, ортада жүріп қайда кетпек, бәйгі күрең Бурабай байдың көкейін тесіп барады. Оның дегбірінен қалай құтылмақ? Көнбеген күнде табары не? Ауыл ағасы Бурабай ризалығын берсе, озбыр Жабағы қорғансыз үйдің көнбегеніне қарар ма, жігіт жинап, бір түнде Нұржамалды тартып әкетуден де тайынар ма?

Қос күрең жеккен жолаушылардың өзінің үйіне қарай беттегенін, үй сыртында дәрет алып отырған Әділбек анандайдан-ақ көрді. Қапыл-құпыл жуынып, шәйнегін жанына келген бір қара домалақ баласына берді де, өзі қонақтарды күтіп алуға қарсы жүрді.

Келген адамдардың кім екенін білген етікші мәз-мейрам болып қалды. Ол кезде қазақ оқырмандарының атына ел қанық. Әсіресе Бүркіт тәрізді ақын ұлдарының атағы жер жарады. Бұл келген Бүркіттің өзі екенін біліп, Әділбек жанын қоярға жер таппады. Осы бір ел арасына әйгілі бола бастаған жас дарын Нұржамалдың тойына келіншегімен екеуі әдейілеп келгендей, қандай құрмет көрсетуді білмей бәйек болды. Төрге көрпе төселіп, арналып қазан асылды.

...Бүркіттер жуынып-шайынып, киімдерін тазалап, өздерін жеңге келтіргенше, екінді де таянды. Сөйткендерінше, буы бұрқыраған сары самаурын да үйге кіргізілді.

Әділбектің бес қанат киіз үйі. Үй деген аты. Қарақұрымданып тозған тесік-тесік түндіктен сырттағы жарық үркер жұлдызындай быжынап көрінеді. Үй ішінде бәлендей көзге түсер зат жоқ, ескі бір-екі түс киіз, тозығы жеткен алаша, сыры түсе бастаған ою салған кебеже, ақ қаңылтыр сандық... Тек оң жақ бұрышта әдеміленіп жиналған жұпыны ғана жүк. Сірә Нұржамалдың жасауы болуы керек, ішінде екі-үш тысты құс жастық, қызыл сәтен сырған көрпе, ою салған қара текемет.

Бала-шағаның бәрі сыртқа қуылып, үй ішінде жерге жайылған кең тоқыма дастарқанды қоршалай он шақты ауыл адамы отыр. Дастарқан үстінде бармақтай болып піскен қоңыр бауырсақпен аралас құрт, ірімшік төгілген. Екі-үш жерге май қойылған. Ауыл адамдарының арасында ана жолы Бүркіт аулына түнеген Тәкежан қарт та көрінеді. Ауылы бұл арадан шалғай болғанмен де, қарға тамырлас қазақ емес пе, шаруасы болып, әлде ағайын қуып келгендей түрі бар.

Төрде, қонаққа деген ең сыйлы жерде — Бүркіт. Жанында Ольга жоқ. Ол келісімен-ақ, қыз-келіншектермен танысып та үлгерген. Қазір солармен бірге бөтен үйде. Жұртқа шай құйып отырған — ақ сары келген келбетті әйел. Бұл — Нұржамалдың анасы. Бір кезде көрікті адам болғаны әлі де көз тартарлық өңінен байқалады. Сөйтсе де, дүние қиындығын аз көрмегені де сезіліп тұр. Мүбарек жүзін әжім басқан. Үй ішіндегілер той-думанға жиналған ауылдың бос белбеу, кен, балақ еріккендері емес, жаман шапан, жыртық етік кедейлер. Сөздері де тоғышар, қарны тоқ мырзалардың сөзіндей жақсы ат, жүйрік тазы, алғыр бүркіт жайында емес, күнделікті күн көру, кеңес өкіметінен өздерінің күтер тілектері туралы.

Бағанадан бері өзінің ойындағы мүддесін айтуға қисынын таба алмай отырған Бүркіт бір сөздің реті келіп қалған сәтте Әділбекке қарай бұрыла түсіп:

— Әдеке,— деді сыпайы үнмен, — келгелі тыңдап отырмын, теңдік туралы сөйлегенде бәрілеріңіз де бауыр жаза аршындайсыздар. Ал сол теңдікті өз балаларыңызға неге қимайсыздар? Сіз ғой, уылжыған бұл тұрпатыңызды екі әйелі бар алпыстағы Жабағыға бермексіз. Бұныңыз дұрыс па? Әлде қыз баланы малға сатуға болмайды деген кеңес өкіметінің заңын білмейсіз бе? Білмесеңіз, мен сізге естіртейін, мұндай заң бар.

Бүркіт үйіне қарай бұрылғаннан: «Бұлар менің үйіммен не іздеп келе жатыр?» деп бағанадан бері күпті болып отырған Әділбек енді қадірлі қонағының бір сырына түсінгендей болды. «Басы ауырмағанның құдайда не шаруасы бар. Қайдан білсін, мені қаршадай баласын өзімдей шалға жетіскеннен беріп отыр дей ме екен бұл бейбақ!»— деп Әділбек іштей ренжіп қалды. Сол ренжудің қарқыныменен:

— Жұрттың бәрі «заң, заң» дейді,— деді шайды бір ұрттап сәл қабағын түйіп.— Сол заңдарың қайда? Мүмкін, қалаңда ондай заң жүретін шығар. Ал бізде...— Ол ауыр күрсінді.— Бурабай секілді малдылардың заңы жүреді... Көңіліне ұнасаң — сауынын береді, қытығына тисең — аштан өлтіреді, өйткені жер де, су да соныкі...

Бұжыр бет, селдір ешкі сақалды Шалабай деген шал Әділбектің сөзін ұнатпаған, үй иесіне ала көзімен бір қарады да:

— Артық сөйлеп, құдайға күнәқар болма, Әділбек,— деді кесесін жерге қоя түсіп,— осы ауылдың азып-тозып, жоқ болып кетпей отырғаны да сол Бурабайдың арқасы емес пе. Ол байғұс Жанғабылдың қара шаңырағына ие болып, ағайынының қамын жеп отырған жоқ па? Біле білсең шынжыр балақ, шұбар төс Жабағымен жақын болғалы тұрғаның да соның көмегі. Өз басым жамандай алмаймын Бурабайды, үй тігіп, түтін түтегенім соның арқасы... Көмегін ешкімнен Бурабай аяған емес.

Бүркіт келгелі үндемей отырған Тәкежан қарт алдындағы кесесін сәл кейін сырғытып қойды да, Шалабайға алғыр қырандай түйіле бір көз тастап:

— Затым Жаңғабыл деп иегің қышып отыр ғой, Шалабай,— деді ол мысқылдай күліп,— әйтпесе әлгі сөз қара қасқа кедей сенің айтатын сөзің бе? Көріп отырған қызығым Бурабайдың арқасы дейсің. Бурабай саған жұмақ орнатып бергендей тасисың... — Тәкежан енді шаршаған адамдай қайғыра сөйледі.— Жарайды, Бурабай сен айтқанда жомарт-ақ болсын. Ал сол жомарттық оған қайдан келді? Осынау иен даланы жайлап жатқан қос-қос жылқының арқасында болар. Бірақ Бурабай мырза сол қаптаған малын өзі ең болмаса бір күн бағып көрді ме екен?

Шалабайдың шегір көзі шапыраштана қалды.

— Е, ондаған малшысы тұрғанда Бурабай мал бағып жынданып кетті дейсің бе,— деді ол, Тәкежанның не айтқалы келе жатқанын түсінбей, абайламай сөйлеп.

Тәкежан қарт Шалабайға енді өз ойын жайлап түсіндіре бастады.

— Әрине, солай. Малыңды бөтендер бағып, өсіріп жатса, күнге күйіп, суыққа тоңып не шаруаң бар. Ал сол малды өсіретіндер не қызық көріп жүр? Құр жоқшылыққа шырмалуда. Қызықтың бәрі Бурабайларда. Жоқ, Шалабай, бұның бәрі дұрыс емес. Бізге бұдан тәуір өмір керек.— Тәкежан төрде отырған Бүркітке бұрылды. — Осы жасқа келгенше мен дүниеден аз мехнат көрген жоқпын, Бүркіт шырағым,— деді ол ақырын үһлеп,— сондықтан да болар, күннен-күнге көз нұрым кеми бастады. Бірақ тәңірден тілегім, біз көрмеген қызықты, жастар, сендер көрсе екен деймін.

Бүркіт жұрт қадірлейтін ақсақалдың сөзін іле ала жөнелді.

— Ондай тілекті сіз тілейсіз ғой, Тәке, бірақ жұрттың бәрі сіздей ойлай ма?— Ол көзінің қырын Әділбекке аударды,— Бүгін, міне, осы ауылда той болып жатыр. Жастар да, кәрілер де мәз-мейрам, бірақ сол тойға өзгеден гөрі қуануға тиісті Нұржамалдың екі көзі жаста, көңілі қайғыда... Албырт жастың сүйері де, күйері де басқа адам екенін кім ойлап отыр?..

Әділбек өзіне арналған сөз салмағын аңғармай қалған жоқ, Бүркіт ойына әбден түсініп отыр. Сөйтсе де, бірден жауап бере қоймады, шайын бір-екі ұрттап, алдында жатқан құрттың шетінен баппен тістеді де, кесесін оң қолына ұстаған қалпында:

— Құрбың қамын ойлағанына көп рақмет, Бүркіт қалқам,— деді,— егер азамат біткеннің бәрі өзіңдей бола берсе, біз де бүйтіп жоқшылықта шырмалып отырмас едік қой... Әттең не керек, көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе, ақыл — айтуға жеңіл, орындауға ауыр...— Енді ол жүдей күлді.— Әрине, сен әкең Күнтуар секілді қарапайым адам емессің. Сен оқыған азаматсың ақынсың. Сен бізден гөрі жазықсыз жанның көз жасын да тезірек көресің, құрбыңның зарын да тезірек естисің, бірақ біздің өмірімізден не білесің?— Кенет Әділбек Бүркітке тесіле қарады.— Әкең көрген жоқшылықты, әкең көрген қиындықты сен көрдің бе? Әрине, көрген жоқсың. Сондықтан да еліңнің, жұртыңның халін білмегендіктен ғана барып бөтенге айып тағасың.

Әділбек сәл үндемей қалды да, кеседегі шайын бірер ұрттап:

— Сен жаңа менің Нұржамалым туралы сөз қозғадың,— деді ол Бүркітке қайта бұрылып,— бұның әрине, құрбыңа жаныңның ашығандығы. Ал сонда өз балама менің жаным ашымайды деп ойлайсың ба?

— Жаныңыз ашыса, қалай оның көз жасына қарамай отырсыз?

— Көз жасы жер астынан шыққан бұлақ емес, бүгін ақса, ертең құрғайды, құдай тек қолына қонған бақ құсынан айырмасын,— деді Әділбек.— Сен Нұржамалдың бүгінгі қайғысын көріп аяйсың, ал мен ертеңін ойлап қуанамын. Енді менің тұңғышым кедей әке-шешесі тәрізді жоқшылықтың ауыр азабында болмайды, үстінде үйі, алдында асы болады. Біз бұған шүкіршілік етеміз...

Үй іші үн-түнсіз, бір адам Әділбектің сөзін бөлер емес, бәрі қалың ойға кеткендей, қолдарындағы кеселерінен бастарын алмай, ыстық шайды асықпай ұрттап пыс-пыс етеді.

— Сіз шүкіршілік етесіз, Әбеке,— деді Бүркіт дауысы дірілдей шығып,— бірақ ондай өмірге Нұржамал шүкіршілік етер ме, соны неге сұрамайсыз?

Әділбек жауап қайырмады, айыпты жандай төмен қарап шайын ұрттай берді. Дәл осы кезде шай құйып отырған Нұржамалдың шешесінің кенет солқылдап жылаған дауысы естілді.

Ешкім оған қой демеді, ана қайғысына түсінгендей, өзара үфлей бастады. Әлдекімнің:

— Уа, ит жоқшылық!—деген күйзелген үні шықты.

— Туған баласын малға сату оңай болып па...

— Теңі болса екен-ау...

— Қайтсін бишара, ана ғой...

Бүркіттің жүрегі удай ашып әкетіп барады. Нұржамалға деген аяныш, ағалық, адамдық сезім, осынау жоқшылықтың шырмауынан шыға алмай далбасалап отырған жандарға деген күйінішке, қасіретке айналуға таяу... Ол дәл осы сәтте Нұржамалдың әке-шешесінің қиналуы арқылы, бүкіл елінің қандай жағдайда екенін аңғарғандай. Бірақ бұның бәрі Бүркітке әлі де көмескі, түсініксіз... «Қазақ, ұлт, автономия» деген өзінің мұраттарымен Нұржамалдың бақытсыз махаббатын, Әділбектің өз баласын өзі малға айырбастауға мәжбүр болған халін байланыстыра алмай, іштей алай-түлей.

— Жә, қатын, болды, жасыңды сүрт,— деді кенет Әділбек дауысын сәл көтеріп. — Бүркітжан сені жылатайын деп айтқан жоқ әлгі сөзді, құрбысына жаны ашығандықтан айтып отыр. Нұржамалға қиянат екенін өзіміз де білмейміз бе, той үстінде несіне боздай қалдың...

— Кешіріңіз, апа,— деді Бүркіт толқи сөйлеп,— жаңа жолай Нұржамал мен Еркебұланды көріп едік. Шыдай алмадым.

— Қалқам-ау, сен Нұржамалды бір-ақ рет көрдің ғой,— деді ана өксігін баса алмай,— ал мен... Нұржамалдың жайын менен артық білемін дейсің бе?...

Ана жасқа булығып, сөзін айта алмай, тына қалды... Өзгелерде де үн жоқ.

— Нұржамалдан бөтен біздің үйде... әлі де жеті бала бар... Ең үлкені он алтыға шығады... Бәрін де адам ету керек... Бәріне де киім, тамақ керек...

Жұртта тағы да үн жоқ.

Ана тағы да жылап сөйледі.

— Нұржамалым арқасында, біреу болса да сиырыма сиыр қосылды. Келер жылы қашатын бір-екі торпақ келді. Жастар «құрысын қалын мал» дейді, ал мен құрысын бүйткен өмір деймін...

Шиеттей жас балаларды қайтсем адам қыламын, қайтсем солардың қарны ашқанын көрмеймін, деп жол табаламай жанталасқан сорлы ана! Он саусағының өзгесін сау алып қалу үшін, біреуін қимақ! Өзегі өртеніп тұрса да қалған жеті баланы жылатпаймын деп Нұржамалын құрбандыққа шалмақ!

Бүркіт не дерін білмей төмен қарап, дастарқанның шетін уқалай берді.

Ана кезінен парлаған жасын тыя алмай, кенет үйден ата жөнелді.

Үйдегі адамдар бұрынғысынан да түнере түсті. «Тек осының бәріне сен айыптысың» дегендей Шалабай ғана Бүркітке екі көзі шапыраштана тесіле қарады...

Әлі ләм-мим деген жан жоқ.

— Биыл шөптерін шығымды екен,— деді Бүркіт не дерін білмей, жұрттың көңілін бөтен жаққа аудармақ боп.

Отырғандарда тағы да үн жоқ.

Бүркіт қайтадан ой теңізіне сүңги жөнелді. «Аздаған күн көрісі бар Әділбектің күйі мынау, ал тақыр кедейлердің жайы қандай? Біз болсақ ұлт, жеке автономия дейміз, ал мына бишаралар қалай күн көреміз деп шарқ ұруда... Әлі біреуі жеке ел болайық деп тілек айтқан жоқ. Бәрінде қайтсек жоқшылықтан құтыламыз деген көкейкесті арман... Қазақ халқының тегіс халі осындай ма? Осындай таршылықта біздің: «Қазағым, елім, ұлт бол, жұрт бол!» деген ұранымыз тоңып секіргендік емес, тойып секіргендік секілді-ау, сірә...»

Бүркіттің ойын Тәкежан қарт бөліп жіберді.

— Ие, шырағым, биыл шөп бітік, бірақ одан кедейге келер қандай пайда бар? — деді ол кесесін төңкеріп, — оруға жарайтын шұрайлы жердің бәрі әлі бай-манаптардың қолында.

Тәкежанның сөзін есікке таяу отырған жыртық шекпенді, алпамсадай жігіт қостай жөнелді.

— Тәкең дұрыс айтады,— деді ол,— жердің шұрайлысы да, қолайлысы да ауқаттылардың еншісі. — Ол дәл біреумен таласқалы тұрғандай дереу жүгініп алды. — Ал бірақ үнемі ондай әділетсіздік бола бермейтін секілді ғой. Жақында Төлебай мырзаның кіресімен қалаға барып қайтып едім, бір жақсы сыбыс естіп келдім. Жұрт арасында байдың жерін кедейлерге бөліп береді екен деген сөз тарап кетіпті.

— О, құдай, бере көр! —деді төрге таяу отырған бір секпіл бет шал, жақсы хабарға қуанып кетіп.

— Қай малыңды бағасың байдың жерін алғанда? — деп Шалабай жақтырмай күңк ете қалды.

— Ей, Шалабай, іріткі салмай тиыш отыр,— деді қаладан хабар әкелген жаңағы сары жігіт. — Жаятын малым болмаса, егін саламын. Тек жер берсін де, онда кедейдің күйі жөнделеді.

— О дөйт деген! — Шалабай да шаптыға сөйледі. — Жер берсін-ақ, сонда не егесің? Тұқымың қайда, соқаң қайда?

— Жер берсе, қалғанын көршілес орыс займкесінен қарызға аламыз. — Сары жігіт текке жүгініп алмаған екен, екі көзі жайнап, қопаң-қопаң етеді. Қызып кетсе Шалабайды бас салудан да тайынар емес.

Сірә, жігіттің ұрда-жықтау сотқар мінезі Шалабайға да мәлім болу керек, бәсеңси түсіп, міңгірлей сөйледі:

— Қайдам... Кеңес өкіметі бәрін береді деп жүргенде өліңнен де, жеріңнен де біржолата айырылып қалмасаңдар не етсін...

Бүркіт мырс етіп күліп жіберді. «Мынау Шалабай дәл менен аусайшы... Бірақ елім, жерім деген сөзді кім үйретті екен бұған? Жоқ, жоқ, бұл оның сөзі емес, күнін көре алмай жүріп, ел қамын ойлау Шалабайдың несін алған?»

— Ей, Шалабай, сен қай «жерімнен» айырылам деп қорқып отырсың? — деді өжет сары. — Әлде біз білмейтін тығып жүрген жерің бар ма?..

Шалабай тайсалақтай бастады.

— Қайдағы жер... Әшейін, сөздің реті келген соң айтып отырмын да. Өмір бойы мал бағып өскен қазаққа егін егу қолайлы іс емес дегенім ғой...

— Өзің соқыр болсаң, бөтенді де соқыр деп ойлама, Шалабай. Айтып отырғаның бәрі қате,— деді Тәкежан,— қашанғы биеліге көзіңді сатып қымыз ішіп, ағайынның өсек-аяңына кірісіп бос жүре бересің? Одаң да егін егіп, күн көргенің жақсы емес пе? Өзгені білмеймін, келесі жылдан бастап біздің ауыл осыны істемек.

— Мен де солай деймін. — Өжет сары сөзге тағы кірісіп кетті. — Егер де менің айтқаныма өзге ағайын-туған көнбесе, бұлармен қашанғы қырқыса берем, қатын-баламды жалғыз сиырыма тиеп аламын да, Сарыкөлге бір-ақ тартам.

— Асықпа, Әбдірахман, Сарыкөлде де бос жатқан жер шамалы,— деді Тәкежан,— қолдан келсе жаңа күніңнің осы арада шыққаны жақсы. Бақытыңды ең алдымен өз жеріңнен ізде...

— Мына Шалабай секілділер іздететін түрі жоқ болып тұр ғой.

— Өкімет заңы шықса, Шалабай түгіл, Бурабай да қыңқ ете алмас,— деді күліп Тәкежан. — Әлі де болса, шыдап бақ, сен естіген қауесетті мен де естідім...

Бүркітті тағы да ой басты. «Бұлардың қол созғаны тек Кеңес өкіметі екен ғой? Бұлары қалай? Расымен рахат өмірді бұлар тек Кеңес өкіметінен ғана күтетін секілді. Сонда менікі қай сергелдең? Әлде надан халық еш нәрсеге түсінбей, босқа лағуда ма? Ал өзімнің не түсінгендей жайым бар? Гаврилов, Хасендердің мен құрлы ақылы болмағаны ма? Жоқ, жоқ, мына отырғандардың тілегі құлқын тамақтың қамынан шыққан ғана арман. Біз секілді ел қамын ойлайтын адал ұлдарындай идеалдары жоқ,- Ал Гаврилов, Хасен болса, олар осы отырғандар тобының жоқтаушылары...»

Осы кезде үйге бір бала жігіт кіріп келді. Үлкендерге сәлем беріп болғаннан кейін, Бүркітке қарап:

— Бүркіт аға, сізді Бурекең үйі күтіп отыр, орыс жеңгейді ала келсін деді...

Үндемей қалған Бүркітке Тәкежан қарт:

— Бар, шырағым. Астан үлкеніміз жоқ, қолың босаса келерсің, мына жұртың сеніменен әлі де сөйлескісі келіп отыр ғой.

— Жақсы. Мен көп кешікпей оралармын.

Бүркіт далаға шықты. Көзіне Ольга көрінбеген соң, «жастармен жүрген шығар» деп жорамалдады да, бала жігітке еріп, Бурабайдың үйіне қарай аяңдады.

...Бұл кезде Ольга ауылдың шетіндегі бір кедей жесір әйелдің үйінде отырған-ды. Қасында бір топ қыз-келіншек. Ішінде Нұржамал да бар. Бүркіт келіп әкесінің үйіне түскеннен кейін, оның көңілінде де еміс-еміс дүдәмал сенім пайда болған. Еркебұлан мен Бүркіттің апалы-інілі адамдардың балалары екенін Нұржамал да жақсы біледі. Бүркіт секілді ардақты ақынның сөзін ел-жұрты жерге тастамас деген де үміті мол. «Әрине, Бүркіт аға Еркебұланмен екеуміздің тағдырыңызға шын ниетімен араласар болса, — дейді ол ішінен,— онда сөзі жерде қалмас. О, құдай, Бүркіт ағаның ықыласын шын аудара көр». Осындай тілектегі Нұржамал тәңірге жалбарынуда. Өйткені бағана бір қалтарыста Еркебұлан оған «Бүркіт аға бар жағдайды біледі» деген. Сондықтан да жүзіне сәл рең кірген. Әйткенмен де көңіл күпті, жүрек қорқынышты. «Қызыл түлкіге шүйілген қара бүркіттей алыстан әдейі іздеп келген кәрі Жабағы бай Нұржамалды тырнағынан босата қояр ма екен? Тым қанды балақ қайырымсыз деуші еді...» Сонда да Нұржамал жүрек қобалжуын үмітке жеңдіріп, сыртына сыр бергісі келмейді. Құрбы-құрдастың, Бурабай мен Жабағының аңдытып қойған кейбір сұрқия әйелдердің көзін бояп, жанына батып бара жатқан аса ауыр жара жоқтай, кейде күлімсіреген, күлген болады. Тек қырағы көз, адам жүрегінің терең сырын ғана түсіне білер жан ғана Нұржамалдың бұл қылығының бәрі алдамшы көрініс екенін аңғарар еді. Оның сонау бір қара судай тұна қалған қарақат көзінің тұңғиығында тайсалмас шешімге келген бір ғажап сезімін байқар еді. Расында да, Нұржамал жұрт көзіне жайбарақат алдамшы қылық көрсеткенмен де, өзі бір берік шешімге бел буған еді. Бірін-бірі шын жүректен сүйген екі жас, қолдарынан бөтен ештеңе келмесе, түн жамыла қашпақ, болып уәделескен-ді. «Жабағыға қор болғанша, сенімен бірге өлгенім жақсы. Қайтсең де екі ат тауып, мені үркер шыға ауылдың сол жағындағы сайда күт. Тірі болсам келем»,— деген ол Еркебұланға таңертең күйеулер келе жатыр дегенді естігенде. Міне, осы бір уәде оған қазір қайрат бергендей. «Бүркіт ағаның қолынан ештеңе келмеген күнде де, кәрі құзғын Жабағыдан құтылар жолым бар» деген үміт, жас сұлуға қыз-келіншектерге күле қарап, іштегі сырын жасыра түсуіне үлкен көмек болған. Міне, осы ой, осы тілек — Нұржамалды билеген күш. Ал сыртқы жайбарақат бейне — іштегі сырды жасырған құр перде.

Қыз-келіншектер Ольганың қазақша сөйлегеніне қызығып, оның үстіндегі киіміне, қолындағы редикюль — сумка, жүзік моншақтарын таңсық көріп, қолдарымен ұстап, әлденені сұрап, босатар емес. Ольга да бұрын қаладағы қазақ жатақтарының қыздарымен болмаса, ауыл қыздарымен мұндай жақын танысып көрмеген-ді. Сондықтан да бұлармен шүйіркелесіп сөйлескеніне мәз. Әкей-үкей болып кеткенінше асығады.

Қыздар осылай өз ара күлісе сөйлесіп отырғандарында, бұлардың үстіне бір топ жігіт кірді. Енді үй іші ойын-қалжыңға, әзілге толды. Іштерінде Еркебұлан да бар. Бұның да түрі бағанағыдай емес, ашылайын депті. Бірақ өзге жігіттердей баса көктеп төрге шығып, қыздармен араласа отырып, ауыл жігіттерінің әдетіне сап еркінси қоймады. Көзінің астымен Нұржамалға ұрлана бірер қарады да, үн-түнсіз босағада тұрды да қалды. Тек жүзінде бағанағыдай ауыр қайғы бұлты көрінбейді. Бірдемеге сенген, бірдемеден үміттенген адамдай сәл жымия күлгендей де болады.

Еркебұланның есік жақта тұрып қалғанын көрген қыздар қастарындағы жігіттерді тастай беріп, оны жоғары қарай сүйрей жөнелді. Тартынғанына қарамастан, төрге апарып отырғызды. Бағанағы Бүркітке «жол болсын» айтқан кербез келіншек қайтадан атып тұрып, іргеде сүйеулі тұрған үйеңкіден шапқан көнетоз домбыраны алып, Еркебұланға ұстата берді де:

— Қане, әнші қайным, шырқатып жібер,— деді. Сірә, Еркебұлан әнді жақсы айтатын болуы керек, өзге қыз-келіншектер де шулай өтіне бастады.

— «Құлагерді», Ерке...

— Жоқ, «Шапибай-ауды» айт...

— Шырқатып жіберсейші бәлденбей...

Еркебұлан домбыраның босап кеткен құлағын бірер бұрады да, қайтадан кербез келіншектің қолына ұстата берді.

— Зауқым болмай отыр, жеңгетай, мені бүгін қинамай-ақ қойыңыз.

— Зауқың болмаса да айт,— деді кербез келіншек.—

Нұржамалдың тойында айтпаған өлеңіңді қайда айтасың?

— Иә, бәсе десейші?! Бүгін айтылмаған өлең адыра қалсын!

Еркебұланның қабағы сәл кіртие қалды. «Бұларға ән керек, ойын керек. Ал менің қазір өлең айтарлық қандай жағдайым бар? Ішіңді удай жалап бара жатқан арман...»

Еркебұланның жағдайын тек Нұржамал ғана толық сезіп отыр. «Еңіреп жылағалы отырған Еркебұланға бұлар өлең айт дейді. Шіркін-ай, өз бастарында жоқ қайғыны өзге түсіне алар ма... Жоқ, жоқ, олай емес. Құрбы-замандастары Еркебұлан екеуіміздің арамызды жақсы біледі. Қазір өлең айт десе, қайғысын әнмен жусын дейтін шығар. Ие, ие, солай. Қанша қиын болса да, өзгеге сыр бермеу керек. Біздің ойымызды бұлар сезбеуі тиіс».

Осындай шешімге келген Нұржамал енді Еркебұланға күлімсірей қарады.

— Бір-екі ауыз ән салып жібергенге нең кетеді, Ерке,— деді ол бота көзін жарқ еткізіп жігітке қадап.— Басымыз бұдан былай мұндай қосыла бере ме, жоқ па...

Еркебұлан амалсыз домбыраны қайта алды. Бір-екі шертіп Нұржамалға бұрылды.

— Нені айтайын?

Нұржамал жауап бергенше өзге қыз-келіншектер тағы шулап қоя берді.

— «Сырымбетті».

— «Жанботаны».

— «Ләйлім-шырақты».

Нұржамал өзіне телміре қараған Еркебұланның көзіндегі қасіретті, қиналуды анық көрсе де, ақжарқын жүзбен сыңқылдай күліп:

— Қайғы мен ызаға онысыз да кем емеспіз ғой, Ерке, көңіл шіркін жабыға бермесін, бір қалжың, күлдіргі ән айтшы,— деді.

Еркебұлан тағы да сәл томсара қалды. «Беу, Нұржамал, қазір менің күлдіргі ән айтатын қандай халім бар? Бұның — жүдеген көңілді қинау үстіне қинау ғой»! Дегенмен, ол қыз көз қарасынан «көтер иығыңды, берілме қайғыға» деген ишаратты ұқты. Өзге аңғармаған, тек өзіне ғана арналған осынау бір «үнсіз сөзден» жігіт көтеріліп қалды. Енді ол ұшар алдында қомданған бала қырандай сәл көтеріліп алды да, көзін күлімдете, зор қоңыр дауыспен қалжың сөзді «Ақ қурай» әнін шырқата жөнелді.

Ай, ақ қурай, қызыл қурай, қурай, қурай,
Құдай-ау, қызды ауылға қылғыр сыбай.
Әкесін ала жаздай ауру етіп,
Шешесін естімейтін саңырау қылғай.

Қайырмасына келгенде Еркебұлан бұрынғысынан да екілене жанып кетті. Домбыраны сабалай ұрып, құтырта қақты.

Домбырам басы бал қурай,
Басына қонған боз торғай,
Қалампырлы насыбай,
Насыбайды атпасам,
Ауырады басым-ай!

Қыз-бозбала мәз-мейрам, қыран күлкі... Кейбіреулерінің қошаметтеген, көтермелеген айқайлары да шығып жатыр.

— Айт деген де!

— Соқ, соға түс!

— Жарайсың, жігітім!..

Нұржамал томсара езу тартады. Жайшылықта қалжыңдап айтатын осынау бір өлеңнің қазір Еркебұланға қаншалық қиынға түсіп отырғанын ол жақсы сезінеді. «Жігіт болсаң осындай бол. Бауры жара, көңілі нала, ал өлең айтқан түріне қарасаң бір төрт құбыласы сай, ешбір қайғы-уайымы жоқ жандай. Қасірет үстінде өзін-өзі бұлай ұстау да ерлік. Ризамын, Еркежаным!» Ал Еркебұлан болса басына төнген қара бұлтты да, алдында бұларды күткен қауіп-қатерді де ұмытқандай. Әдемі дауысын құйқылжыта түсіп, әр сөзді нашына келтіре, қуақылана, күлімсірей, тағы да шырқай жөнелді.

Қар жауса қара жерге қақ тұрмайды.
Жігітке сұлу қыздар таптырмайды.
Сыртынан қызды ауылдың ән шырқасам,
Тыржыңдап кемпір мен шал жақтырмайды.
Домбырам басы бал қурай,
Басына қонар боз торғай...

Ольга аң-таң. Осынау бір тамаша әдемі дауысты, шаттыққа бөленген, құйқылжыған әнді аузынан суы құри тыңдаған сайын, осыдан бір-екі сағат бұрын өмірден күдер үзгендей қайғылы Еркебұлан мен Нұржамалдың кенет осыншама өзгергендеріне түсіне алмай, таң қалуда. Расында да сұлу ән еріксіз ерітіп әкетті ме, екі жастың қазіргі түрлері бұлттан шыққан күн секілді, сәулелі, қуанышты еді. «Мен әлі бұл халықтың ештеңесін де білмейді екенмін,— дейді Ольга ішінен,— маған мінездері де, салттары да жұмбақ. Адамдарының қылықтары өздерінің көз жетпес кең даласындай сан қилы, сан сырлы. Бүркіт те, осылардай ма? Әрине. Ол халқының шын ұлы, халқының бөлек тууы мүмкін емес. Жоқ, жоқ, қайткен күнде де мен бұларды терең білуге тиістімін. Неге «бұларды?» «Бұлар» емес қой енді маған осында отырғандар. Бұл отырғандар — Бүркіттің қандай жақындары болса, менің де сондай жақындарым. Менің де апа-сіңлім, іні-ағаларым».

Нұржамал кейін өздеріне жаны ашып қиналып отырған Ольгаға бүгін түнде Еркебұлан екеуі қашпақ екенін айтқанда ғана ол бұлардың қазіргі қылығы тек көз бояу екенін түсінді.

Бала жасынан адалдықты, махаббатты, достықты, шындықты идеал санап тәрбиеленген Ольга екі жастың бұл шешімін дұрыс, ерлік шешім деп ұқты. Одан бір үлкен романтикалық құпия сыр тауып, өзі де осы екі жастың қашуына жәрдем бермек болды. Жалғыз-ақ Бүркіт ақсақалдармен әбден сөйлесіп біткенше сабыр етулерін сұрады. Жас әйелге келе жатқан кештің қалғаны бір тамаша, адамның тұрақтылығы мен батырлығы бәйгіге түсетін сын сағатына айналды. Екі жастың сырына ортақ Ольга осы минуттан бастап өзін де алдағы қорқынышты ғажайып іске жауапты санады. Сондықтан да ойламаған жерден бас қосқан қыз-келіншек, боз-балалардың осынау бір тамаша ойын-күлкісіне күпті жүрегі дүрсіл қаға, өзі де қосылып кетті.

Енді осы кішкентай жиын үсті-үстіне қыза түсті. Ән шыққан жерге жұрттың тез жиналатын әдеті, әне-міне дегенше қараша үйге қыз-бозбала лық толды, нағыз сауық кешіне айналды.

Бұл кезде Бүркіт Бурабай бидің он екі қанат қонақ үйінде болатын. Іңір әлеті жақындап келе жатқан шақ. Қара көлеңке, түн әлі түсе қоймаған. Асыл жиһаз, дүниеге толған осы ақ ордада түкті кілемге төселген шайы көрпе үстінде, ақ мамық жастықтарды шынтақтай он шақты кісі отыр. Бұлар — осы төңіректің «игі жақсылары». Мес қарын, маймыл тұмсық, қаба сақал ылғи байлар. Сол жақта — төрт қабат жібек көрпе үстінде ақ сақалы беліне түскен, ұзын бойлы, тарамыс сары, беті жаңбыр тимеген тақырдай айқыш-ұйқыш әжім басқан Бурабай бидің өзі. Одан жоғарырақ — нағыз бір тезек толтырып тұрғызып қойған нән қара қаптай, жуан қарын, қара бұжыр «күйеу бала» Жабағы бай. Түсі кісі өлтірген адамдай ызбарлы, суық. Бетінің әр бұжырында бір-бір әзірейілден отырғандай. Кісіге қарағанда қанды көзі қазір сені бас салғалы тұрған ашулы аш қасқырдың көзіндей рақымсыз, долы. Одан жоғарырақ дәл төрде — жерге тасбақадай жабыса қалған осы болыстың ишаны Рахымбай молла. Оның сол жағында— Бүркіт. Бұлардан төмен — басқа байлар. Әрқайсысы — кеудесіне нан піскен, бір-бір ауылдың қожасы, ел ағасы. Есікке таяу — қызыл шырайлы, тығыршықтай топ-толық Бурабай бидің былтыр ғана алған жас тоқалы. Басында — меруерт шытыра таққан аппақ кимешек. Жұмыр ақ білегінде — ақ күмістен қақтаған сом білезік, быртиған мықыр саусақтары толған үстіне жақұт гауһар орнатқан сақина, жүзік... Қонақтарға ұяла қараған боп, бөкселі жас тоқал сары қымызды сапыра түседі.

Сары қазы салынған салқын қымыз шекелеріне шығып, балбырай қызып алған жуан қарындар ырс-ырс күледі, бірдемені айтса бәрі де даурыға, қошаметтей жөнеледі. Дастарқан үсті толған тағам. Қанша жесе де, тоймайтын кілең мес қарындар дастарқандағы қазы-қарта, туралған жал-жаяға қолдарын созғанда, нағыз бір өлімтікті жұлқылаған қара құзғындар тәрізді, кесек-кесек етті ауыздарына тығып, ұрттарын толтыра былш-былш шайнайды. Отырған отырыстары, жан-жақтарына тастан рақымсыз көзқарастары той үшін емес, біреудің қанын ішкелі жиналған жалмауыздар тәрізді. Үстерінде де сан түрлі киім. Зерлі шапан, түлкі ішік, барқыт камзол. Белдерінде — алтын жалатқан күміс кісе, он құлаш торғын белбеу. Бұттарында — қызыл көк ши барқыт, жасыл шұға кең балақ шалбарлар.

Жаңа ғана кедейлермен сөйлескен сөзі есінен шықпай, қабағы салбырап отырған Бүркіттің көзі бір кезде осы сан түсті шалбарларға түсіп кетті. Оған енді осы отырғандар адам емес, кілең шалбар болып көрінді. Бас жоқ, көз жоқ, кілең түкті балтыр, бура сан қызыл, көк, жасыл шалбарлар. Бүркіт бір сәтте бұл елесті кейін қуып, жанындағылардың бәріне қарап еді, оған кенет үйде отырғандар аңға ұқсай жөнелді. Ақын өз ойына өзі мырс етті, дәл осы минутте оның аузына өзінен-өзі екі шумақ өлең келді. Бүркіт ақырын ғана ернін күбірлетіп, әлгі өлеңді тақпақтай бастады.

Көк шалбар, қызыл шалбар, шалбар, шалбар.
Адам ба, әлде аң ба, неткен жандар!
Мынау — қой, әні — доңыз, мынау— қасқыр,
Қара аю, пұшық маймыл, түлкі заңғар!
Жиналған көп құзғындай сасық қанға
Бәрі де үңіліпті дастарқанға...
Япырмай, тұрғандай ғой ажал төніп
Бір бейбақ, жазығы жоқ сорлы жанға...

Бүркіт өз ойынан өзі селк ете қалды. Расында да, мына жиналған «игі жақсылар» оған Нұржамалдың жанын алғалы келген әзірейілдей көрініп кетті.

Дәл осы сәтте, қымызға лықылдап тойған Жабағы бай бүкіл үйді басына көтере бір кекіріп алды да:

— Әзірге Кеңес өкіметіне біздің өкпеміз жоқ,— деді Бүркітке бұрылып. —Астанамыз бұл арадан алыс. Ал Мәскеу болса ит өлген жерде. Бар билік бар үкімет өз қолымызда. Ауылнайдың мөрі мына Бұзаубекте. — Жабағы төмен сапта отырған шиқан бет, ақ сары пұшық жігітті қолымен нұсқап көрсетті,— ал бұл — менің туған жиенім.

Аңқаулығы ма, ақымақтығы ма, Жабағы «бәрін өзім билеймін» дегенді жұртқа білдіргісі келгендей. Сондықтан да ауылнайдың өзінің жақыны екенін жасырмай мақтана соғып отыр.

Осы кезде үйге бір жас жігіт сары жез леген мен ақ болыскей құман әкеп, жұртты жағалай қолдарына су құя бастады.

Жігіт шығып кеткеннен кейін Рахымбай ишан ақ орамалмен қолын сүртіп болып, малдасын құра отырып, қолына тәспісін алды да, сыртылдата қаға жөнелді. Тоқал бөксесін бұлтыңдата қимылдап, дастарқан үстіне табақ қоятын орын ыңғайлады да, үйден шығып кетті.

— Жабағы бай «әзірге Кеңес өкіметіне өкпем жоқ дейді»,— деп бастады сөзін ишан,— дұрыс айтасың, Жабеке, оқпен әзірге жоқ та шығар, бірақ Кеңес өкіметі бізді осылай желіккен тайлақтай үнемі тайраңдатып қоя береді деп ойлайсың ба? Жоқ, байеке, мойнына түсірген арқанды өкімет өзіңе қарай әлі мықтап тартады. Құтылып қор сонда! Қазірдің өзінде қазақ бұзылып болған жоқ па? Ата дәстүрін аяққа басып, ақсақалдың сөзін тыңдамаушылар күннен-күнге көбейіп келеді. Шариғат, дін ойыншық болуға айналды. Қойныңдағы қатының «әйел теңдігі» деген бір пәлені тауып алды. Әйел теңдік алғанда еркек кіндікті болатындай. — Ишан көзің сығырайта күлді. — Осы бұзылудың бәрі Кеңес өкіметінің ісі. Сенің, Жәбеке, қалай өкпем жоқ дейтініңе түсінбеймін... Әлде жан-жағыңдағы өзгеріп бара жатқан дүниені көрмегенің бе?

Ишан сөзі біте үйге екі жігіт сырлы астауға салған жаңа сойған семіз бағланның етін алып кірді де, дастарқанның екі жағынан тізелей отырып турауға кірісті... Құйқасы ырсия әбден піскен басты Бурабай сол қолымен ұстап ишанға ұсынды. Рахымбай қалтасынан бәкісін шығарып, бастың бір құлағын кесіп Бүркітке берді. Содан кейін майлылау біткен көз тұсындағы құйқадан қомақты етіп кесіп алып, «пісміллә» деп аузына бір салды да, әзілдей күлді.

— Жабағы байдай жылда жас тоқал алатын төрт түлігіміз сай болмаса не істейміз? — деді ол көзін тағы сығырайта. — Қойынымыздағы жалғыз қатынымыздан айырылатын болсақ, біз өкпелемегенде Кеңеске кім өкпелер...

Бұл кезде Бурабай етінен шала айырылған жамбасты, ортан жілік, қабырғаларды өзге қонақтардың қолына бір-бірден ұстатып болған-ды. Біреу бәкісіне, бірі өткір тістерінің күшіне сеніп, қолдарына тиген меншікті мүшелерін мұжи бастады.

— Ишеке, сіз қашаннан бері жалғыз қатынға табынып қалып едіңіз? —деді Жабағы жуан қарны іркілдей күліп,— былтыр ғана төсек жаңартқан жоқ па едіңіз?

— Е, біздікі алланың жазғанынан шыға алмағандық қой. Құранның өзінде айтылған «зайыбынан айырылған ерге қырық күннен кейін бөтен жұбай іздеу — пайғамбар ісі» деп...

— Ал мен бейбақ қай бір қалың мал төлей беруге жаны құмар дейсіз...— деді Жабағы қабағын кенет қарс жауып,— бір еркек кіндік перзент көремін бе деген үміт қой.

— Бұл үмітіңіз өзгеге қымбатқа түсетінін ойламайсыз ба, Жабеке,— деді Бүркіт кенет, қолындағы асықты жілікті дастарқанның үстіне қойып,— бір Нұржамалдың көз жасы не тұрады? Бұл қылықтарыңызбен халықты өздеріңізден үркітуден бөтен не табасыздар? Күннен-күнге тек араларың алыстай береді. Бұны мен бүгін осы ауылдан анық көрдім.

Жабағы Бүркітке алая қарап, бірдеме демекші болып келе жатыр еді, күндікке үнсіз отырған Бурабай сөзін бөліп жіберді.

— Ей, Балсары, тұздықтарың қайда? — деді ол дауыстап. Сөйткенше болған жоқ, үйге үлкен тегене тұздықты алып, жорғалай басып ерке тоқал кірді де, ет турап отырған жігіттердің біреуінің қолына ұстата беріп, көзін жерден алмаған қалпында шығып кетті.

Тұздық құйылып, отырғандар табаққа жақындай түсті. Бүркіттің сөзіне ешкім мән бермегендей сес көрсетіп, «игі жақсылар» ұнжырғасын сала бар ықыластарын астаудағы уылжи піскен етке аударды. Быртиған, сойдиған, тырнақтары алынбаған кірлі қолдар енді астау үстіне жапырлады. Ақ құйрық үлбершек іш майы араласқан түйдек-түйдек жас еттер қомағайлана ашылған мұртты, жылмиған, сойдақ тіс, көнтек ерін ауыздардың ішіне топырлай кіріп, зынданға түскендей, заматта жоқ болып жатыр. Жаңа ғана сары қымыз бен сүр етке кекіре тойған жалмауыздар енді бағлан етін күні бойы ас көрмегендей апыл-құпыл шайнайды, қомақты етіп асай түседі. Астауға төнген нағыз бір аш төбеттер тәрізді. Бүркіт еттен бірер рет аузына апарды да, арман қарай жемей қойды. Жұрттың ет жесіне ол аң-таң «япырмау, мыналардың іштерінде әбжылан бар шығар, егер аш болса, не істер еді! Бірін-бірі тірідей жеп қоюдан да тайынбас. Қазақ жерінің «игі жақсылары» осылар болса, ел басқарып ешкімді көгертпес».

Әрі-бері асағаннан кейін, ар жақтарына ел қонып, қонақтар бір сәтте ет жеулерін саябырлата бастады. Өздері де опырып жіберген екен, астау орталанып қалыпты. Кейбіреулері сүйек мүжуге кірісті. Бурабай сырлы тараны өзіне таяу қойғызып, сары қымызды күміс ожаумен баптай сапыра бастады.

Сонда ғана Рахымбай ишан Бүркіттің жаңағы айтқан сөзіне қайта оралды.

— Шырағым Бүркіт, мен сені ұқпай қалдым ғой,— деді ол бәкісімен қолындағы қойдың басын тақырлай түсіп,— Өлеңдерінде «елім», «жерім» дейсің, ата-бабаң жолын, дәстүрін қуаттайсың... Ал іс жүзіне келгенде, жастарға жаман үлгіні өзің көрсетудесің...

— Қандай жаман үлгі?

— Ауылға орыстан әйел әкелуді әлде жақсы үлгі демексің бе?

Бүркіт ишанға жиіркене қарады. Бағана өзі түскен қараша үйдің бір адамы «орыстан әйел әкелдің» деп бұның бетіне салық етпеген-ді. Ал мыналар болса... «Жоқ, бұл сөз жалғыз ишанның ғана сөзі емес, осы отырғандардың бәрінің сөзі. Тоғышар, надан топтың сөзі. Сонда Ольганың жұрттан несі кем? Бұларға қай қылығымен жақпай қалды? Тек орыстығымен ғана ма? Егер Ольга жай қарапайым мұғалімнің қызы болмай, қаланың бір асқан байының, не губернаторының қызы болса қайтер еді? Осы кінәні сонда да тағар ма еді? Жоқ, онда бұлар бөтен түрде сөйлер еді. Мәселе ұлтта емес, тапта жатқан тәрізді ғой...»

Ишан Бүркіттің үндемей қалғанын пайдаланып, қояр кінәсін ұлғайта түсті.

— Қазақтан өзіңе лайықты қыз таппадың ба? Ал қалағанын алған Жабағының қылығы саған неге ұнамай қалды? Бұл ата дәстүрі емес пе?

— Бірақ Нұржамал бөтен адамды жақсы көреді ғой, бұны неге ойламайсыздар?..

— Қашаннан бері қазақтың қызы өзіне бай таңдайтын болып еді?! — деді ашуланып қалған Жабағы.— Біздің ауылға сен өзіңнің заңыңды әкеліп отырсың ба, әлде бұның ана қатынға қолы жетпей жүрген қу сіңір Еркебұлан жиеніңе жаныңның ашығандығы ма?

— Тұра тұр, Жабағы, мен әлі айтарымды айтып болған жоқпын,— деді ишан қолын майлыққа сүртіп жатып.— Шырағым Бүркіт, қалада үй әр кірпіштен қаланса, далада өмір әрбір ата дәстүрінен, ескіден келе жатқан шариғаттың әрбір заңынан құралады. Ал сендер, ақындар, Абайыңнан бастап осы қазақтың ел болып отырған әдет-ғұрпына қарсы келесіңдер де жүресіңдер. Сендердің айтқандарыңды істесек, ел ел болудан қалады. Кеңестің қазақтан күткенінің өзі де сол емес пе?!

— Иә, расында менің... өкіметімнің күтетіні не? — деді Бұзаубек қанын ішіне тарта сұрлана, шиқан бетінің үші жарылайын дегендей боп-боз боп кетіп. — Жақында хабар алдым, менің өкіметім байлардың ата жерін тартып алып, кедейлерге үлестіріп бермек көрінеді.

— Сонда мен малымды қайда жаям, шөпті қайдан аламын? — деді Бурабай мырза Бүркітке тесіле қарап.— Ал жерінен мал кетсе, қазақ сонда не болғаны? Айтсайшы ақылыңды, қазақтың оқыған азаматы.

— Мал үшін, Бүреке, көп уайым жемей-ақ қойыңыз,— деді ызалана күліп Бұзаубек,— жеріңді алған өкімет малыңды да ала алады.

— Онда біз құрыдық қой!—деді сасып қалған Жабағы.

— Жоқ, аллатағала ондай әділетсіздікке жол бермейді. — Рахымбай ишан сәл шегініп отырды. — Құранда «кім бөтеннің дүние-байлығына қызықса, ол сол дүние-байлық иесінің қарғысынан өледі» деген. Онда ақырзаман болады.

— Менің де күткенім сол ақырзаманың, молдеке. — Бурабай шарт жүгініп алды. — Келсе екен сол ақырзаман. Берер едім әр кедейге бір-бір аттан! Қанша жылқым болса, сонша кедейді жіберер едім құйрықтарына байлап! Көрсін қызығын менің байлығымның! Тез туса екен сол бір алқымдарынан алатын күн!

Бүркіт «ел ағасы» деген Бурабайдың сөйлеп отырған сөзінен жаны түршігіп кетті. Өз байлығын, жерін, малын қорғау үшін бар қазақ кедейін, халқын қанға малуға дайын отырған осынау жексұрын мырза оған кенет қорқау қасқырдан бірде-бір кем көрінбеді. «Бұ да адам бейнесіндегі қорқау қасқыр екен! Бурабайдан не үміт, не қайыр. Бағанағы Шалабайдікі не былшыл?!»

Сонда да Бүркіт бағанадан бері көкірегіне инедей қадалып тұрған Еркебұлан мен Нұржамалдың қайғысы жеңіп, әлі де болса ол өзін-өзі әдепті ұстауға тырысты. Енді Бүркіт тәуекел деп екі жасқа араша түсуге кірісті.

— Түн қанша кетпеймін дегенмен, шығып келе жатқан күн қоя ма? — деді ол байсалды үнмен. — Біздің заманымыз да сол күн секілді ме, қалай... Соны біле тұра осы төңіректің игі жақсылары сіздер Нұржамал мен Еркебұланға адам түгіл, құдай кешпес күнә істегелі отырсыздар. Екі жастың көз жасына қалмақсыңдар. Осыны бір ойласаңдар деймін. Жабағы бай бір жолға өзінің орынсыз сабырсыздығынан бас тартар, Нұржамал басына бостандық берер...

— Ей, сен өзін не былшылдап отырсың?! — деді қап-қара болып кеткен Жабағы, зор денесін қопаң еткізіп шарт жүгініп отыра қап. Ол жанында жатқан тобылғы сапты қамшысын бүктеп қолына алды. Бүркіт қарсы сөйлер болса, дүлей күш бас салудан да тайынар емес.

Үй іші құлаққа ұрған танадай тына қалды. Осы сәтте Рахымбай ишан:

— Шырағым, Бүркіт,—деді сыздана. — Сені жұрт ақылды жігіт дейтін еді, ал сен... жұрт арасына іріткі салуға жүр екенсің ғой. Бір сен түгіл қазақтың мың оқыған азаматы қолқа етсе де, Жабағы бай жас иісінен айырылар ма, ал мына отырған ақсақалдар шариғат жолын, ата дәстүрін бұзар ма?!

— Бәсе десейші! — деді ишан сөзіне риза болып қалған Жабағы екіреңдей.

— Аталы сөзге арсыз тоқтамайды деген. Көріп отырмын сөзіме құлақ салмайтындарыңды. — Жабағының бір сойқан шығаруға дайын екенін аңғарып отырса да, Бүркіт бетінен қайтпады. — Әділетті сақтайды деген жақсыларымыз сендер болсаңдар, әділетті сақтамайтындарымыз кім болмақ? — Ақын енді көзінің қиығын жиіркене Жабағыға аударды. — Жәбекең секілді «жақсылар» Нұржамалдай пақырларға үлкендік мейір көрсетіп, қорған болудың орнына...

— Өй, мынау не дейді! Қатынсыз кетсем де, сенен келгенін көріп алайын...— деді Жабағы Бүркіттің сөзін бөліп шарт жүгініп алып.

Мойнына құрық түспей тағы өскен жылқы тәрізді, әбден бетімен кеткен ауылдың жуан қоныш дөрекі байы ызадан өзін-өзі ұстай алмады, орнынан атып тұрып, Бүркітті қамшымен тартып-тартып жіберді. Ақын орнынан атып түрегелді, бірақ қол жұмсаудың орнына Жабағыға жиіркене қарап тұрып қалды. Дәл осы сәтте Бурабайдың «Сабырлық, байеке, сабырлық!» деген даусы шықты. Осы сөзді арқау тұтты ма, Жабағы қайтадан дүрліге:

— Жалғыз оқыған сен бе едің?!—деді ашуын басқан болып дірілдей,—Жүр ғой ана біздің Қаражандар ешкімге де ақыл үйретпей.

Қаражанның осы араныкі екені Бүркіттің есіне жаңа түсті. Тентек, қара сойыл бай ағасы бар дейтін еді, онысы осы Жабағы екен ғой деді ол ішінен.

Бүркіт үн-түнсіз сәл тұрды да, үйде отырғандарға көзінің қырын аудармастан, басын жоғары көтерген қалпында шығып кетті.

Ел-жұрт деп заржақ болғанда күткені осы ма еді? Жанын ыза, өкпе удай жалап әкетіп барады. Бірақ Бүркіт өзін-өзі ұстауға тырысты. Жүрегіне жазылмас жара салған, ар-ұятына өшпес нұқсан келтірген осынау қылықсыз байдың істегенін өмірде ұмыта алар ма? Бірақ дәл қазіргі сәтте ол көзіне еріксіз келген жасын сүртіп, ашуға ерік бермей, бойын жинап алды.

Бұл кезде күн де ұясына батып кеткен еді. Қой келіп, балалар қозы қуалап, ауыл үсті азан-қазан. Сиыр сауған әйелдер, мөңіреген бұзау, кісінеген құлын... Әлдекімдердің сымпылдап сөйлегендері тынық кеште ап-анық естіледі. Қазан көтеріліп, сүт пісіріле бастап, ауыл үстінен көк түтін көлбей ұшты.

Жайшылықта жанындай жақсы көретін ауылдың осы бір кешкі суретінің бір де біріне Бүркіттің көзі түскен жоқ. Бойын басқан ызадан, еліне деген өкпеден жаны күйіп, Әділбектің үйіне таяй берді. Дәл осы кезде алдынан Ольга шықты. Күйеуінің күйінген түрін көріп, ол Бүркіттің жолының болмағанын бірден ұқты. Енді Ольга ерінін қолынан ұстап оңашалау жерге ертіп әкелді де:

— Еркебұлан мен Нұржамал қазір қашпақ. Тек сені күтіп отыр,— деді.— Бізді алып келген ат айдаушы оларды анау сайда күтпек. Ақысына Әкпар сыйлаған білезігімді бердім.

— Дұрыс еткенсің, Оля,— деді кенет толқып кеткен Бүркіт,— екі жастық қосылуына бұдан бөтен жол жоқ...

Көп кешікпей ымырт үйіріліп, түн қараңғысы түсті.

Бүркіт пен Ольга әлі тарай қоймаған бағанағы жесір әйелдің үйіндегі сауық құрып отырған қыз-бозбалаға барып қосылды. Жоқ болып кеткен Нұржамалды байқатпаймын деп, өлеңді енді Ольга айтуға кірісті. Ольганың даусы да әдемі. Қазақ, татар жатақтарының ол білмейтін бір де бір әні жоқ. Бірінен соң бірін шұбырта жөнелді. «Бала Мишкәні» «Сүржелгеншеге» әкеп қосады. «Сүржелгеншені» «Ғалиябанумен» ауыстырып шырқай түседі. Тіпті шаршар емес. Қазақ қыздарынша екі бүйірін таянып алып, айқай салар жеріне келгенде алақанымен аузын желпи отырып, нелер қиын әндерді кезек-кезек шырқатады-ай кеп, шырқатады-ай кеп...

Қыз-бозбала аузын ашып, көзін жұмып, тыңдаудан бір жалығар емес. Үй маңайына кісі лық толды, орыс қызының тамаша даусын естуге кемпір-шалдар да келді.

Осындай жағдайда екі сағаттай уақыт өтті. Қыз ойнаққа әдейілеп тігілген үйлерге сыйлы қонақтар, жақын ауылдың қыз-бозбалалары, күйеу жағының мырзалары жиналып, Бурабай енді ауыл жастары да келсін деп мұнда әдейілеп кісі жіберді. Дәл осы кезде кенет Дүрліккен, бақырған әйел дауыстары ауыл үстін басып кетті.

— Ойбай, Нұржамал жоқ!

— Аттан! Аттан! Қашып кетіпті.

— О, жағыңа жылан жұмыртқалағыр, қайда қашып кетті дейсің, отыр да ана үйлердің бірінде.

Шапанын жамылып, сай жаққа кетіп бара жатқам...

— Қашан?

— Бағана...

— Содан бері о жақта бала тауып жатыр дейсіңдер ме, қарасаңдаршы үй-үйді!

— Еркебұлан да жоқ!

— Ойпырмай, масқара болмасақ жарар еді!

— Масқара болмағанда нең қалды! Қара басқыр, тал түсте қыздан айрылып не болды? Көзімнен таса етпеймін дегенін қайда?

— Ойбай-ай, әлгі ағаң шақырып...

— Қас пен көздің арасында ол ит өліп бара жатыр ма еді?

— Сұмдық-ай! Күйеуге не бетімізді айтамыз.

— Сенің бетіңе қарайтын ол бір қай оңған күйеу! Екі бетіңді қан қылғанда бір-ақ білерсің!

— Бақырмай тұра тұрыңдаршы, олар атты қайдан алды?

— Қаладан келген қос күрең де жоқ!

— Ол бағана күн батпай қаласына жүріп кеткен, онда Нұржамалдар ана үйде болатын.

Дүрліккен хабар қонақ үйдегі Жабағыға да жетті. Бурабай мен Жабағы басқарған топ қопарыла үйден шықты.

— Уа, не болып қалды?!

— Еркебұлан мен Нұржамал жоқ! Қашып кеткен секілді!

— Не дейді?! Бекер шығар.

— Ойбай, Бурабай, өлтірдің ғой мені!—деп Жабағы жерге отыра кетті. Сөзге дөрекі бай не дерін білмей, бақыра бажылдай жөнелді.— Айырылдым ғой ақ тотымнан! Өшті ғой күнім!

— Сабыр ет, Жәбеке, сабыр ет. Осы маңайда бір жерде жүрген шығар...

— Ойбай-ау, бағанадан бері жоқ болса, құртты ғой оны! Осы уақытқа дейін несі қалды дейсің!

— О, тұрсайшы, Жабағы, жұртқа күлкі болмай! Көрер қызығың жалғыз осы ғана ма еді?!

— Бұдан артық тағы қандай қызық көрсетейін деп едің, Бурабай! Құрттың ғой, қидың ғой қыршынымнан!

Дәл осы кезде тойға қала жақтағы ауылдың бірінен екі салт атты жігіт келді. Олар аттарынан түсер-түспестен Бурабай:

— Жолай некен-саяқ ешкімді көрген жоқсыңдар ма?—деп сұрады.

— Жоқ,— деді жігіттің бірі,— тек бағана ымырт жабыла қалаға қарай ағызып бара жатқан жабулы фаэтонды қос күрең ғана жолықты. Жөн сұрауға да үлгермедік, жанымыздан ағып өте шықты. Көрші елдің болыстарының бірі болуы керек.

Бурабайға енді бәрі де айқын болды.

— Солар екен,— деді ол, —Бүркіттің көлігімен қашқан ғой.— Сөйтті де анандай жерде тұрған қақпақ, жаурын, мұртты қарасұр жігітке:—Ал, Бөкенбай, бес-алты кісі ал да шап,— деді,— арбалы көлік ұзап кете алмайды, қазір-ақ қуып жетесіңдер, екі тентекті байлап алып келіңдер! Сосын сөйлесерміз олармен!

Сөйткенше болған жоқ, бес-алты ұр да жық қарақшы жігіт аттарына мініп те алды, оған Жабағы тобы қосылды! Ызалы бай жігіттердің қайтып келуіне шыдай алмай, өзі де бірге қууға бел буды.

Көп кешікпей қолдарына сойыл, шоқпар ұстаған топ түнгі ауылды үрпите, бүкіл ит біткенді шулата қалаға баратын даңғыл жолмен шұбатыла шаба жөнелді.

...Ертеңгі бәйгіге деп жаратып қойған жүйріктер бұдан екі сағаттай бұрын ауылдан кеткен фаэтонды қос күреңді үркер шыға қуып жетуге айналды. Шамасы, бұл ара ауылдан елу шақырымдай жер болу керек. Артынан тыққан дүбірді естісімен, жәмшік зәре-құты қашып, аттарын айдай түсті... Бірақ кешеден бері жүрісте болған қос күрең шоқыта желуге ғана жарады. Көп кешікпей қуғыншылар да шұбатыла келіп жетті. Ең алдарында аюдай ақырған Жабағы, астында — бүкіл дуанға әйгілі бәйгі күреңі. Үстінен ақ көбік атып, ауыздығымен алысады, әбден тер шығып, қызып алған, арбалы ат түгіл, қаша жөнелген ор қоянды да жіберер емес.

Жабағы атын аңыратып жетіп келген қалпында, қолындағы сойылымен ат айдаушыны салып өтіп, қос күреңнің біреуінің шаужайынан ала түсті. Қатарласа біраз жерге дейін шауып барып әзер тоқтады. Сөйткенше болған жоқ, өзге қуғыншылар да келіп жетті. «Ойбай, өлдім!»—деп жол шетінде бүк түсіп ат айдаушы жатыр. Абырой болғанда, арбадан анандай жерге ұшырып түсірген Жабағының қайын сойылы қара санынан тиіпті. Өлер түрі жоқ. Бірақ жанына сойыл батқан бейшара қорыққанынан айдаланы басына көтеріп «Өлдім! Өлдім!» деп байбалам салуда... Бұнысы — «өйтсем жаным қалады ма» деген далбасасы.

Қанды көріп құныққан қасқырдай, ашу қысқан жынды топ енді фаэтонды қоршап алды. Жабағы бағанағы мұртты қараға:

— Сүйреп шық фаэтоннан өздерін, Бөкенбай!— деп әмір берді.— Шашынан ұстап сүйреп шық қаншықты! Ал тепкінің астына айғырын!

Бөкенбай жанындағы нөкеріне атының дізгінін тастай беріп, секіріп жерге түсті.

Тоғыз таспалы, тобылғы сапты қамшысын білей, фаэтонның жанына барды да:

— Қане, шығыңдар!—деді ол ақырып.

Фаэтоннан ешкім үн қатпады. Бөкенбай арбаның ішіне секіріп кірді де, пердесін ашып жіберіп, аздан кейін:

— Ау, мұнда тірі пенде жоқ қой!—деді дауысы барылдай шығып.

Енді қанға құныққан жынды топ ат айдаушыны қамшының астына алды.

— Қайда әлгі қашқан қыз бен жігіт?!

— Қайдағы қыз бен жігіт! Тірі жанды көрсем көзім шықсын,— деп ат айдаушы азар да безер болды. Оның үстіне, сардаланы басына көтеріп сарнай түседі,— ойбай,өлдім! Өлтірді мына қарақшылар Наурызбай саудагердің жәмшігін! Өлтірді, ойбай!..

Наурызбай — бүкіл өлкеге аты шыққан бай сәудегер. Жабағылар қос күреңнің соныкі екенін білгеннен кейін, оның жәмшігін әрі қарай сабай беруге батылдары бармай: «Қыз бен жігіт қайда?» — деп қысып сұрап көрді де, ананың «көргенім де жоқ, білгенім де жоқ» деген сөзінен «көрмесе көрмеген де шығар» деп сойылдарын сүйретіп кейін қайтты.

Бұлар енді топтасып суыт желіп келе жатты. Түстері түнде ел тонайтын қарақшылар тәрізді. Біріне-бірі тіл қатыспайды. Тек астарындағы аттарының пысқыра бас шұлғып, анда-санда оқырана кісінегендері ғана естіледі. Ай, сүттей жарық, сонау алдағы белеске дейін маңайлары ап-айқын көрінеді.

Қашқындар қолына түспей, ызаланған Жабағы суарылған темірдей қара күреңденіп кеткен. Тек қанды көзін жан-жағына алақ-жұлақ тастайды. «Әй, бәлемдер қолыма бір түсерсіңдер!»—деп ызадан жанын қоярға жер таппай, тақымындағы сойылын қыса түседі.

Бұлар енді жолдың оң жағындағы көгілдір өзен қоршай аққан қарақат ағашты кішкентай түбектен өте бергенде Жабағы кенет атын тежеп, тоқтай қалды. Өзгелер де тоқтады.

— Анау не?—деді Жабағы қамшысының үшімен жол шетінен отыз метрдей жерде ай сәулесі түсіп ағараңдаған бірдемені көрсетіп,— біреуін алып кел.

Бір жас жігіт атын тебініп қап, мойыл ағашының басына оралып қалған ақ торғынды алып келді. Ол Нұржамалдікі болып шықты. Ауылдың бір жігіті таныды. Және шетінде Нұржамал деп араб әрпімен әдемілеп жазған есімі тұр.

— Осы түбекке тығылған екен антұрғандар!—деді айқайлап Жабағы, кенет ашудан безгек ұстағандай қалшылдап! — Ойбай-ай, жатыр ғой әлгі қу кедей бір бұтаның түбінде ақ аруымды құшақтап! Қап, бәлем, көрсетермін мен сендерге!—Жабағы қамшысын білей ұстап кіжіне түсті.— Керегі жоқ маған біреудің көзімше тояттаған сімілтірігі! Талақ! Талақ!—деді түнгі даланы басына көтеріп, сөйтті де Бөкенбайға қарап түйіле,— салыңдар отты түбекке! Өлсін екеуі өртеніп! Бол! Бол! Өртеңдер!

Қанша қанішер болғанмен, Бөкенбайдың мұндай іске көңілі дауаламады.

— Ау, Жабеке, егер олар бұл арада жоқ болса не дейміз?—деді ол абыржи...— Бұл түбек Майбасарлардың шабындығы ғой...

— Майбасар шабындығының құнын төлеуге Жабағының малы жетеді! Тұрмаңдар енді! Қане, салыңдар отты! Ақ аруымның қызығын қу кедей көрсе, екеуінің қызығын көк жалын көрсін!— Сөйтті де атын борбайға бір тартып жіберіп, өзі түбектің жолмен шектескен құрғақ тұсына шаба жөнелді. Өзге жұрт «Ау, тоқта!» дегенше болған жоқ атынан секіріп түсіп, көк шалғынның әр жерінен сіріңкемен тұтата бастады. От кенет, лапылдап көкке көтерілгенде өзі кейін қарай шаба жөнелді.

Жаңа пісіп келе жатқан қалың қау, әне-міне дегенше бүкіл оңтүстікті керегедей көтерілген алқызыл толқынмен көміп, өрт лапылдай жанды. Жабағы басқарған топ қарақшы күшейе түскен өрт қызығына қарап, бір төбенің басында тұр. Өрт жарты сағаттан кейін бүкіл түбекті алды. Жан-жағынан өзен қоршаған кішкентай түбек аздан кейін қайнаған қазан тәрізденіп, көгілдір жалынға, қызыл шоққа бөленіп астаң-кестең болды да қалды.

Еркебұлан ауылдан ұзамай-ақ арттарынан қуғын шығатынын білген. Сондықтан ол, қос күреңнің екі сағаттан кейін болдыра бастағанын көріп, осы түбектің тұсына жеткенде, Нұржамал екеуі түсіп қалған. Ондағы ойлары: екі-үш күн қалың шалғынды түбекте тығылып жатып, қуғын аяғы саябырлаған кезде, етектегі ауыл арқылы қаладағы Бүркітке жету еді. Бұлар түбектің көгорайлы ем ортасына жетіп, бірін-бірі әбден аңсаған, сағынған жастықтың ыстық қуанышына берілді. Бірақ мауықтарын басып болар-болмастан, олар қос күреңнің соңынан қалаға қарай дүбірлей шапқан қуғыншыларды көрді. Сол минуттан бастап, екі жас аңшыдан тығылған қояндай, бірін-бірі құшақтай бір шоқ мойыл бұтасының, түбінде тығылған да жатқан. Екі сорлы сасып жүріп Нұржамалдың қол орамалын түсіріп алғандарын байқамады.

Күнімен дәйек көрмеген екі жас, құшақтасып отырып көздері сәл ілініп кетті. Кенет пайда болған түтін иісінен шошып оянып, жан-жақтарына қарағанда лаулаған жалынды көрді. Өрт бір ғажабы түбекті қоршай жанып келеді. Және түндегі өрт қандай қорқынышты. Құтылар жол таба алмастарын бұлар бірден ұқты. Бар тапқандары — бірін-бірі құшақтап, таяп келе жатқан ажалды қарсы алуға бел буды.

— Арманым жоқ, Нұржамал, сені құшақтап өлсем!-— деді Еркебұлан сүйген жарын баурына қыса.

— Менің де арманым жоқ, Ерке,—деді Нұржамал ыстық жасын Еркебұланның бетіне тигізе,— жанымда өзің барсың...

Бүркіт пен Ольга Нұржамал мен Еркебұланның қалай өлгенін естіп жандары түршікті. Сол күн екі жастың өртенген жерін өз көздерімен көрмек болып, екеуі түбекке жүріп кетті. Жол бойы Бүркіттің ойынан бір тілек шықпай-ақ қойды. Осында жүрер алдында Гавриловқа жолыққан. Ол Бүркітке: «Жақында жаңа декрет те шығып қалар. Шамаң келсе, соған қатынас» деген. Қандай декрет деп бұл сұрамаған да және қатынасам деп ойламаған да. Тек декрет байлар жайында екенін іші сезген де қойған. Неге екені белгісіз, Бүркіт жол бойы сол декрет тезірек шықса екен деген ойда болды да отырды.

Түс бола бұлар түбекке жетті.

От жалаған жер де қара, қара бұлт торлаған аспан да қара. Бүкіл дүние қара жамылғандай Қара құйқалана күйген түбекті аралап Бүркіт келе жатыр. Жер басқандай емес, шоқ, басқандай әзер аттайды. Жанына батқан ауыр қайғыдан айқайлап жіберуге таяу. Қасында — қара жамылған Ольга. Ол егіліп жылап келеді. «Бүркіт-ау, Бүркіт, бұл не деген сұмдық?»—дейді өксігін баса алмай солқылдап. «Ие, бұл шын сұмдық екен!»— дейді күйіне Бүркіт те. «Кімді мен елім дегенмін? Есіл өнерімді кім үшін қор қып келіппін? Сондағы ел-жұрт дегенім осы Бурабай мен Жабағы ма еді? Шыққыр көзім нені көргенсің? Адам дегенің қасқыр екенін қалай аңдамағансың? Есіл қыршын екі жас! Алармын сендердің өштеріңді Бурабай, Жабағылардан! Салармын отты тілімді қанжардай қайрап сұмдардың өкпесіне! Құрысын бүйткен шариғат жолы, ата дәстүрі!»

Бүркіт пен Ольга қайғылы бастарын жерден көтермей, бұларды жол үстінде күтіп тұрған Тәкежан қарттың шиқылдақ ырдуан арбасына келіп отырды.

Бүркіт алғашқы рет «қазақ», «ел» деген сөздерге бұрын қандай мағына беріп келгенін ойлады. Ел дегені Тәкежан мен өжет сары тобы секілді ме, қалай?.. Қазақ, жалпы қазақ емес, екі тапқа бөлінген қазақ тәрізді ғой. Әлде мұным қате ме? Ауыл арасындағы дөрекі екі байдың қылығын бүкіл қазаққа жауып тұрған жоқпын ба? Жоқ, олай емес. Еркебұлан мен Нұржамалды Тәкежан тобы емес, Бурабай тобы өлтірген жоқ па? Сонда қалай болғаны? Отқа күйіп өлген Еркебұлан мен Нұржамалдың жазықсыз жас бейнелерін көз алдына елестеткен сайын Бүркіттің Бурабай тобына жүрегі тітіркеніп сала берді.

Кеше өзін ұрды. Бүгін істеп отырғандары мынау. Енді қайсысының сойылын соқпақ? Бүркіт өзінің өмір деген қатерлі өткелдің бір қиын белесінен еткелі тұрғанын анық сезінді.

Бүркіт, Тәкежан, Ольга үшеуі салдары суға кетіп кеш бола ауылға қайтты. Бұлар кеткенде қара жамылған ауыл шаңырағы жерге құлап түскендей күйсіз, күңіренген халде болатын. Қара шашын жайып, еңірей жылап Бурабайға лағынет айтқан Нұржамалдың анасының дауысы, қос жасты жоқтаған ауыл әйелдерінің зарлы айқайы Бүркіттің сай-сүйегін сырқыратқан. Ол шыдай алмаған соң, Ольганы алып, кешегі қан төгілген жерге жүріп кеткен.

Бүркіттер ауыл шетіне кіре бергеннен-ақ мұнда екі жастың өлімінен басқа да өзгеріс болғанын бірден сезді.

Ауылдың дәл ортасындағы ашық жерге қызыл шүберек жабылған стол қойылған. Стол басында — қалаша киінген ақ құба жас жігітпен қатар отырған өзіне таныс өжет сары мен бір мосқалдау келген әйел. Столдың екі жағында иін тірескен жұрт. Екі топ болып бөлініп алған. Өзінің бала кезінде көрген қазақ ауылының болыс сайлауы тәрізді. Тек болыс сайлауында жұрт руға бөлініп топтанатын. Ал бұл жиында басқа. Бір жағында — кешегі Бурабай үйінде өзі көрген ауқатты топ, бір жағында найман, тобықты, жаңғабыл кедейлері. Осы екі тайпы ел, біріне-бірі оқ атып, сойыл ұрардай өштене қарайды. Қарама-қарсы шығып, бірінің-бірі тамағынан ала түсетін жау тәрізді. Күжілдеген дауыстар, сыбанған білектер.

Топқа жақындағаннан-ақ Бүркіттің құлағына тиген сөздер «Жаңа декрет». «Енді түбектегі шабындықты бүкіл кедей қақ бөліп алатын болдық», «қашанғы жерге тек шонжарлар қожа болады» деген сөздер. Бүркіт бұл декрет Гаврилов айтқан декрет екенін бірден түсінді. Осы декретті кешеден бері, неге екені белгісіз, өзі де аңсай күткен. Сол декреттің шыққанын біліп «шоқ, шоқ» деп Бурабай тобын табалағандай қуанып қалды. Ал бір ретте сескенгендей де болды. «Мынау ереуілге дайын қалың топ. Кедей жағы бір қауымдай бірігіп алған. Қаржас, тобықты, айдабол, найман... Бәрі бір атаның баласындай. Ал анау тұрған шонжарлар... Бұларда кешегі ру арасындағы кикілжіңге емес, бай—байға, сай—сайға құядының салтымен қазір бауырласып, шоғырласып қалған. Осы екі топ бүгін бірінің бетін бірі тырнамақ емес пе? Бұның аты, расында, большевиктер айтып жүрген тап күресі! Бұл декрет — қазақты енді екі дайға жолы қырқыла бастаған күні...»

Бүркіт жиын басына келгеннен кейін, жаңа шыққан декрет бойынша, «бұдан былай қарай жер мал санына қарай емес, жан санына қарай бөлінетінін естіді». Ол бұнда заңның Бурабай мен Жабағыларға тікелей соққы екенін ұқты. Тағы да, неге екені белгісіз, ішінен «шоқ, шоқ, сендерге сол керек, кілең жем құмар құзғындар» деді қап-қара түтіндей боп түнеріп алған Бурабай тобына көз тастап.

Өйткенмен, Бурабай тобының меселі оңай қайтар емес. Тілдері ауыздарына сыймай уәкілмен тәйкелесіп, шабындық жалауларының ата-бабасының меншігі екенін айтады, жер жан санына қарай бөлінетін болса, малымызды қайда қоямыз деп өкіреңдейді. Олай болса бір жолата қырыңдар» деп стол басына лап-лап береді. Мал ашуы — жан ашуы. Малының қамы үшін бұл топ қан майданға шығуға да бар.

Қазақта жер дауы қашан да болса оңайға шешілмеген. Бұ жолы да солай. Біріне-бірі оқты көзімен қараған топ, қарбалас қауырт қимылдап, алыса кеткелі тұр.

Жас уәкілдің сөзін Бурабай үйінде басы қосылып қалған шонжарлар тыңдар емес, бір сойқан шығарулары кәміл...

Күндікке тәжікелескен топ, күн бата айтар сөздерін тауысып, ендігі таласты қамшы, сойыл арқылы шешпек болып, тасыған қазандай ашуға жол бере бастаған кезде, ауыл сыртынан, арқаларында шошайған мылтықтары бар, суыт келе жатқан он шақты салт атты көрінеді. Күжілдескен топ су сепкендей болды.

Бұл — Жабағы мен оның қанды балақ серіктерін ұстауға келе жатқан милиция жасағы еді.

ІІІ

Ауылда жер бөлісінің қалай өткенін өз көзімен көрген Бүркіт екі жетіден кейін жүріп жетті. Ол қалаға келісімен, Бурабай, Жабағыларға лағынет айтып, газетке ашулы мақала жазды. Көп кешікпей қырға арнаулы сот шығып, Жабағыны ату жазасына бұйырып, Бурабай мен Рахымбай ишанды және бұл қанды іске куәгер болған басқа он шақты бай-манапты ұзақ жылға Сібірге айдады.

Жер бөлісі кезіндегі ауылда тап тартысының бар екенін өз көзімен көрген Бүркіт енді өзінің осы уақытқа дейін қандай бағытта келгенін ойлана бастады. Расында, ойланбасқа оған жол қалған ба еді?

Еркебұлан мен Нұржамал секілді тамаша екі жастың ажалына айғақ болған адам бүгін бұрынғысындай өмір сүре ала ма? Өздері қаза тапса да, артына махаббаттарын мәңгі өшпес аңыз етіп қалдырған осы екі жастың тағдыры кімді болса да ойландырмас па? Өмірден тек қуаныш қана тілеген Еркебұлан мен Нұржамалды осындай күйге жеткізген үстем тап қолданып келген ата дәстүрі, қазақтың шылығы халқымызға жат өмір екенін түсінген жан, ескі дүниеге, оның әділетсіз әдет-ғұрпына айтып, лағынет оқымас па?

Бүркіт те лағынет оқыды, қарғыс айтты. Ел дегені әлі ел емес, Әкпар, Бурабайлардың ермегі екенін аңғарған секілді. Жан түршіктірген қиянатты өз көзімен көрген жас ақын енді бұрынғысындай өмір сүре алмайтынына көнгендей. Енді сол әділетсіз дүниеден құтқаратын жол іздеу керек екенін ұққандай. Өмір өзі Бүркітті ойға салды.

Әлі «қазағым», «елім!» деген сарыннан әбден арыла алмаса да, әлі жаңа жолдың қазақ еліне даңғыл жол екеніне мүлдем көзі жете қоймаса да, кедейлерден шыққан Хасен секілді адамдармен қатар жүріп, олардың ойын тереңірек түсінбек болды.

Бұл кезде Бүркіт Ақшатыр қаласындағы жетіжылдық мектепке әдебиет сабағын беруді қызық көрмей, жұмыстан босанып, қазақтың жаңа астанасы Алматыға көшіп келген-ді. Қарлы Алатау саясындағы, сұңғақ бойлы қарағай, қайың, алма ағаштарына бөленген шағын келген жасыл қала Ольга екеуіне бірдей ұнады. Көк шалғынды көше бойын қуалап, тастай суық арықтың мөлдір суы сылдыр қағады. Жұпар аңқыған бау-бақшасында сайраған бұлбұл, әр қораның шарбағынан көшеге қарай сыңси салбыраған жаңа пісіп келе жатқан қызыл алма, сарғылттана бастаған алмұрт... Адамдары да басқа. Бүкіл қазақ жерінен жиналған ақын, әнші, сан қилы оқыған азаматтар... Бәрінің жүзінде де қуаныш, көкіректерінде қазақ халқының жаңа өмірін, жаңа мәдениетін құрамыз деген ұлы арман. Бүркіт секілді көңілі жүдеу, иығын қайғы басқан бір де бір жан жоқ тәрізді, бәрі де өздерінің жолын тапқан, не істерін білетін жандар...

Бұлар қаланың орта шеніндегі бір қарт кемпірдің екі бөлмелі үйін пәтерге жалдап алды. Бүркіт күзден бастап астанада жаңа ашылған мұғалімдер техникуміне сабақ беретін боп келісті. Оқу жылы басталғанша бос жүрмей, енді әдебиетпен шұғылдана тұруды ойлады.

Бүркіт ең алдымен Ақшатырдан көшіп келген таныс жігіттермен кездеспек болды. Әрине Қаражан мен Әкпардың осында екенін ол жақсы біледі және кеше бір жерлес жігіттен олардың қайда тұратынын да, Қаражанның халық ағарту комиссариатында жауапты қызметте екенін де естіген. Бірақ Бүркіт бұл екеуін іздеп барғысы келмеді. Жабағы қылығынан кейін олардан аулақ болуды дұрыс көрді. Ал бөтен ешкімді кездестіре алмай жүргеніңде бір күні бұны іздеп үйіне Хасен келді. Екеуі құшақтасып амандасып, шүйіркелесті де қалды. Хасен өлкелік газеттің бірінде істейді екен. Алматыға келгеніне айдан асып кетіпті. Жақында Қазақстанның солтүстігіне барып қайтыпты. «Жер бөлу» науқанына белсене қатынасыпты. Енді ол сол жаққа қайта жүрмек екен. Қазақ ауылын отырықшы шаруа ету ісіне араласпақ. Жұрт арасында үгіт жұмысын жүргізбек.

Ольга қайнатып әкелген қоңыр шайды ұрттай отырып Бүркіт те осы жазда басынан қандай уақиғалардың еткенін Хасенге тегіс айтып берді. Еркебұлан мен Hұpжамалдың уақиғасына жеткен кезде, Хасен оның сөзін бөліп «Бұл қанды уақиғаға әбден қанықпын, айтпай-ақ қой,— деді күрсініп,— сенің мақалаңды да оқығам: күйіне отырып шын жүректен жазған екенсің, сондай күшті шығыпты. Оқып отырып жылап та алдым. Енді тек осы бетіңнен қайтпа, сен секілді дарын өз халқынан бөлінбес болар»,—деп ақылын айтты.

Екі ақынның бұл шын жүректен алғашқы достасуы еді. Хасен қоштасар алдында: «Оқу маусымы басталғанша әлі біраз уақыт бар. Саған енді қоғамсыз тұруға болмайды, Қазақстан пролетариаттық жазушылар ассоциациясына мүшелікке арыз бер, саяси көзқарасың әбден қалыптасып болған жоқ, ұйым бұл жағынан көп көмек көрсетеді, қиқалақтауыңа жібермейді»,— деді. Және өзі КазАПП бастығына барып жолығып, сөйлесіп кетпек болды.

Хасен жүріп кеткеннен кейін, Бүркіт көп ойланып, толғанып, осы ұйымға кіруді дұрыс деп тапқан. «Бір жағынан алдыңғы қатарлы жазушы-ақындармен кездесіп, үлгі-өнеге алсам, екінші жағынан өзімнің де саяси бағытымды дұрыстауыма көптің көмегі тиер» деп ойлаған. Осындай шешімге келген Бүркіт арызын ҚазАПП-тың төрағасына апарып берген.

Бүркіт барған орта бойлы, дөңгелек жүз, сұлу өңді, байсалды мінезді төраға бұны танитын болып шықты.

— Жақсы келдің, Бүркіт,— деді әлгі кісі,— өлеңдеріңмен бұрыннан танысып, сен секілді әлі жолын дұрыс таба алмай жүрген қазақтың жас дарындары біздің ұйымнан қашпаулары керек. Шын ниетіңмен келген болған, қолымыздан келер көмегімізді аямаспыз. Арызыңды осы жақында болар жиналысымыздың бірінде қарармыз,— деді.

Бүгін Бүркіттің сол арызы қаралып жатыр. Бір кезде саудагерлердің бас қосатын «мәжіліс үйі» қазір баспасөз қызметкерлерінің клубы. Лық тола кісі, дені жастар, іштерінде бүкіл халқына әйгілі, шаштарына ақ кіре бастаған ақын-жазушылар да аз емес. Осыншама көптің ішінде Қаражан да бар. Ол бұрынғы Қаражан емес. Өзін-өзі ұстауы да өзгеше, паң, тәкаппар.

Өйткені жақында ғана кешегі алаш офицері Қаражан Айбасов төңкеріске еңбегі сіңген адал адам деп өлкелік газеттің бетінде жалған мақала берілген.

Ал уақиға шынында былай болған еді:

Ақшатыр қаласына Колчак үкіметі орнап, бір топ сөзден қызметкері қолға түседі. Іштерінде Нұролла деген бір татардың жас жігіті болады. Бұл өзі гимназия бітірген, революцияны шын жүрегімен қарсы алған жігіт екен. Кеңес өкіметі орнасымен, белсене қызмет істейді. Совдеп мүшелігіне өтеді. Колчак үкіметі келгеннен кейін, өлім жазасына бұйырылады. Ал бұның туған ағасы Файзолла сол қаладағы үлкен саудагер, жайшылықта інісін иттің етінен жек көрсе де, оны өлімге қимайды. «Егер ініңді босатып алмасаң емшектегі сүтімді көкке сауамын, саған мәңгі лағынет айтамын» деп бір жағынан кәрі анасы мазасын алады. Саудагер Колчак соғыс трибуналының бастығын айналдырады, қыруар ақша төгіп, інісін өлімнен алып қалар тәсіл іздейді. Бірақ бұның сорына Колчак трибуналының бастығы мейлінше қатыгез, есерсоқ бөтен ұлтты өте жек көретін адам болып шығады. Ақша алып байығаннан гөрі, патша ағзамға қол көтерген ұсақ ұлттың бір баласының қанын ішуді артық көреді. Бай саудагер анда барады, мында барады, қолынан дым келмейді. Ақшаға қызыққан кейбір офицерлер қанды көз бәле — трибунал бастығынан қорқады. Осылай сандалып жүрген Файзолла інісін ертең атады деген күні Қаражанды кездестіреді. Совдеп мүшелерін үкім орындалатын жерге алып баратын отрядтың командирі осы Қаражан болып шығады. Бұлар жылдам тіл табады. Саудагер Қаражанға көп ақша бермек болады. Ал анау совдеп мүшелерін айдап жатқандарында Нұролланы қашырып жіберуді өз міндетіне алды. Уәдесін орындау үшін Қаражан былай етпек болды:

Атылуға тиісті үш тұтқынды үкім орындалатын жерге апара жатқанда қаланың шетіндегі көпірден өте берген кезде, Файзолланың адамы ағаш арасына тығылып тұрып: «Жау келіп қалды деп айқай салады. Бұны естіген Нұролла сол жақтағы қалың тоғайға қаша жөнеледі. Соңынан мылтық атылса оған қарамауы керек, өйткені солдаттардың мылтықтарын күні бұрын ағаш үшті күкірт дәрілі патрондармен оқтап қоюды Қаражан өз міндетіне алады. «Жау келіп қалды!» деген айқай шығысымен, Нұролла тек өз басын құтқаруы керек, қасындағы жолдастарында шаруасы болмауға тиісті. Қаражан Нұролланы құтқарғанмен, қалған екі тұтқынды өз қолымен атып өлтірмек.

Осындай жоспар құрған Қаражан тұтқындарды алып шығарында солдаттың мылтықтарын өз қолымен оқтайды (әрине жалған оқпен) және әрқайсысының патронташына шын атылатын бес оқты салады. Бұның бәрі солдаттардың көзінше істеледі. Олар мылтықтарындағы бес оқтың жалған оқ екенін білмейді.

Тұтқындарды ататын кезден екі сағат бұрын Файзолла ақырғы рет інісімен жолығуға рұқсат алады, Нұролланың жолдастарын тастап қашпайтынын білетін атасы оған «сендерді атуға апаратын солдаттардың командир! қызылдың адамы, қалай «жау келіп қалды» деген дауыс шығысымен қашыңдар, соңдарыңнан қуғын болмайды, оқ атылса одан қорықпаңдар, ол ешкімді де жараламайды» дейді. Зұлым саудагер інісінің екі жолдасын Қаражанның өзі қолымен атып өлтіретінін оған айтпайды. Нұролла ағасының сөзін жанындағы серіктеріне жеткізді. Бұлар көпірден өте дауыс шығысымен қашпақшы болады.

Түн ортасынан ауа, ай шыққан мезгілде, Қаражандар тұтқындарды айдай жөнеледі. Өзінің астында — ат, өзге солдаттар жаяу, тұтқындарды қоршап алған. Уәделескен көпірден өте берген кезде «Жау келіп қалды!» деген айқай шығады. Ештеңені күтпеген солдаттар жерге жата қалысады (Қаражанның әміріменен). Және тұтқындарға да «жатыңдар» деп бұйырады. Бірақ аналар оларды тыңдамайды, қаша жөнеледі. Солдаттар тарсылдатып оқ ата бастайды, тұтқындар тоқтамайды, бір де бірі құламайды... Қалын тоғай екі жүз метрдей жерде. Дәл осы сәтте, күтпеген жерден гүрсілдеген мылтықтың даусынан Қаражанның астындағы аты үркіп, кейін қарай ала жөнеледі. Тіпті бой бермейді. Нұролланың екі жолдасын өз қолымен қуып жүріп атып өлтірмек болған Қаражан, енді үркек аттан секіріп түсіп, көпірдің аузына жүгіріп қайтып келеді. Бірақ бұл арада үш тұтқынның үшеуі де қалың тоғайға кіріп, жоқ болады.

Жанталасқан Қаражан солдаттарын тұрғызып, тұтқындарды енді шындап қуа жөнелген кезінде, тоғайдың арғы жағынан қалаға қаптап қызылдың әскері келіп қалады. Үлкен қан төгіс қырғын атыс болып, таң ата қызылдар қаланы алады. Осы түнгі соғыста інісін тоғай ішінде қос атпен күтіп тұрған Файзолла, екі түйе сүйкенсе ортасында шыбын елердің көбіне ұшырап, екі оттың ортасында жүріп оққа ұшады. Сөйтіп Нұролла мен екі совдеп мүшесінің өлімнен қалай құтылғаны ашылмай алады. Қаражанның ақшаға сатылғанын ешкім білмейді.

Ал ажалдан құтылған совдептің үш мүшесі Файзолланың «сендерді айдап апаратын солдаттардың бастығы Қаражан қызылдардың адамы» деген жалған сөзіне нанып, Қаражанға «рақмет» айтады. Оны өзіміздің жақтың адамы деп сенімдік істейді. Міне, осы Қаражанның ерлік ісін» сондағы өлімнен тірі қалған совдептің бір мүшесі газетке жазады.

Бұған Қаражанның кадет корпусында оқып жүргенде сол қаладағы қазақ жастарының жасырын жиналысына қатысқаны біреулердің есіне түседі. Сөйтіп ойламаған жерден алаш офицері Қаражан Айбасов революцияға қатысқан қызылдың адамы болып шыға келеді. Оның алаш офицері болғаны жай бет бояу болып табылады.

Бұл мақаланы оның іштен тынған серіктері де өте жақсы пайдалана алды. Сөйтіп жалған революционер Қаражанның «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғысқа» айналған. Мұндай жағдайда ол паңданбағанда кім паңдансын. Неге екені белгісіз, Бүркіттің көңілі Қаражаннан күпті. Оның шын революционер болғанына сенбейді. Өйткені Әкпармен Қаражанның шын дос екенін біледі. Ал Әкпармен дос адамның Кеңес өкіметі үшін күресуі екі талай. Сондықтан да ол Қаражанға қауіптене қарайды. Бір қастық істемесе жарар еді дейді.

Бүркіт қазір залда алдыңғы қатарда отыр, өзі туралы сөйлеген сөздерді ықыласын сала тыңдауда.

Мінбеде — оған бұрын таныс емес, тапал бойлы, орта жасқа келіп қалған, семізше келген кісі. Ол дауысын көтере шабыттана сөйлеп тұр.

— Достарым, жаңа құрметті төраға Бүркіт Күнтуаровтың арызын оқып шыққанда,— ол президиумда отырған сұлу өңді, қара торы кісіге бір қарап қойды,— менің көзіме жас келді. Маған Бүркіт арызын сиямен емес, ыстық жүрегінің қанымен жазғандай болып көрінді. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң». Бүркіттей жас дарынның «араларыңа алыңдар» деген жалғыз ауыз жалынды сөзінен менің көңілім мәз-мейрам. Бүркіт өз қатесін өзі біліп, бізге қолын созып отыр. Біз ол қолды кейін қайтармауымыз керек. Аға сыншылардың атынан мен сол қолды бірінші болып қысқым келді. Оған: «Арамызға келген жас дарын, жолың игілікті болсын!» дегім келеді...

— Рақмет, сыншы аға,— деді Бүркіт күбірлей сөйлеп.

Мінбеге енді көзілдірік киген, дударланған шашының алдыңғы жағы түсіп, қасқа бас болып қалған, жұқа ерінді, орта жастан асып бара жатқан кісі шықты. Ол сол қолына ұстаған қағазына қарап сөйлей бастады.

— Жолдастар, өмір біздің әдебиетіміздің алдына үлкен саяси маңызды міндеттер қойды,— деді ол оң қолын жоғары көтеріп,— біз езіміздің бар күшімізді, бар дарынды адамдарымызды шепке тұрғызып, сол міндеттерді орындауға ат салысудамыз...

— Бұл кім? — деп сұрады Бүркіт жанында отырған кекселеу жазушыдан.

— Білмеймін,— деді анау оған жауап қайырып,— әйтеуір жиналыс сайын сөйлейді. Қағазға жазып алып соққанда, машинадан бірде-бір кем емес, зырлай жөнеледі.

— Әрине,— шешен дауысын көтере түсіп, қағазына тағы бір қарап қойды,— ол міндеттерді орындауға біздің әдебиетіміздің алдында қиындықтар аз кездесіп жатқан жоқ... Бірақ біз, қара сөз шеберлері, драматургтер, ақын-жазушылар, әдеби сыншылар, ол қиындықтарды жеңу үшін уақытымызды да, жігер-дарынымызды да аямақ емеспіз.

Шешен кенет:

— Жолдастар!—деді ол кеңірдегін кере бар даусымен.— Біздің қатарымызға келгеннен кейін жолдас...— ол қолындағы қағазына қайта көз тастады,— жолдас Бүркіт Күнтуаров өзінің алдына қойған партия мен халықтың зор міндеттемесін бұлжытпай орындайды деп өз басым өте сенемін...

Шешеннің сезін күле тыңдап арт жақта, есік алдында үш адам тұр. Бұлар: Әкпар, Қаражан және бір көзілдірікті жас жігіт.

— Кезек енді сенікі, Қаражан,— деді Әкпар жанындағы жолдасының жеңінен тартып.

— Өзім де солай деп ойлаймын.

— Бұл «айтысты» бітірмесең болмас...

Әкпардан өзгелердің бәрі залға кірді. Енді мінбеге иығына айқара партупей тартқан, үстінде жастардың сол кездегі галифелі шалбарлы костюмін киген жас жігіт шықты. Ол бірден-ақ пулеметтен оқ жаудырғандай асыға, сөзін борандата жөнелді.

— Біз жастар... Ақын Бүркіттің пролетариат жазушыларының арасына келгеніне өте қуаныштымыз,— деді ол жалындана жұлқынып,— Бүркіт ағадан шеберлікке үйренуге құмармыз. Әрине, Бүркіт аға ақырғы кезге дейін адасып келді. Нені жырлау керек екенін білмеді. Ауылдағы болып жатқан тап тартысын көрмеді. Енді сол қателерімді жөндеймін деп арамызда келіп отыр. Сондықтан мен, жоқ, біз жастар, ақын Күнтуаровты ассоцияциямызға алуға жүз процент дауыс береміз.

— Жолдастар,— деді енді жиналысты басқарып отырған төраға,— азырақ тынышталыңыздар, қазір халық ағарту комиссариатының жауапты қызметкері, біздің ұйымды бақылаушы қайраткерлеріміздің бірі, құрметті жолдасымыз Қаражан Айбасов сөйлейді.

Әр жерден шығып жатқан сыбыр су сепкендей басылды. Самсаған көп мінбеге қарай қалды.

Қаражан әдеттегі мінезіне салып, асықпай-саспай аяғын нық басып, қаққан қазықтай бойын имей, мінбеге шықты. Ол баяу қимылдап, көзіндегі көзілдірігін алып, кіршіксіз таза аппақ орамалымен тәптештеп сүртті де, қайтадан киді. Содан кейін ғана барып жұртқа қарады.

— Осы мінбеден сөйлеген жұрттың бәрі өзінің қуанышын айтып жатыр,— деді ол ақырын бастап,— жаңа Бүркіттің хатын оқығанда менің де көзіме жас келді...

Бүркіт бар ынтасын салып тыңдауда, адам баласына сенгіш ақ көңіл ақын, кешегі бір кемеге мінген-осынау дос-жар адамы Қаражанға өте риза. «Бұ да мен секілді адасып барып үйірін тапқан жан екен»,— дейді ол ішінен.

Енді Қаражан сәл ойлана қалды да, қайтадан сөйледі.

— Ал көңілшектік минуттарым еткеннен кейін, мен өзіме-өзім сұрақ бердім,— деді ол дауысын кенет қатуланта түсіп.— Бүркіт Күнтуаров расымен біздің алдымызда жүрегін жалаңаштап беріп отыр ма? деген күмәнға келдім. Берді делік, сонда ол бұл сөзін несімен дәлелдей алады? Жабағы байдың айуандығы туралы жазған жалғыз мақаласы бұған айғақ бола ала ма? әрине, бола алмайды. Өйткені бір адамының қанішерлігін, озбырлығын жазу бар да, өзің қолшоқпары болған зұлым таптың жан түршігерлік сұмдығын жазу бар. Бүркіт бізге әлі мұндайын білдірген жоқ. Ал ол кеше Кеңес өкіметіне, қала берді қазақ халқының бүкіл пролетариаттық, бауырмалдық идеясына қарсы шыққан ақын...

— Қареке, жолдас,— деді орнынан түрегеліп төраға,— Бүркіт Күнтуаров арызында өзінің қателескенін, көп сенімсіз көзбен қарап, қай жаққа шығарын білмей шатасқанын түсіндірді ғой деймін. Сіз бұнымен санасқыңыз келмей ме?

— Нені түсіндірді?— деді Қаражан көзілдірігін қайтадан шешіп алып, орамалымен сүрте бастап.— Өзінің қателескенін, жол іздеп шатасқанын түсіндіреді демексіз ғой. Ал мен Бүркіттен өзіне-өзі үкім айтқан, өз ісіне өзі адал сот болғанын тілеймін... Өйту тек жүректен қайнап шыққан жалынды жырды кешегі өзінің жаулық әрекетін әшкерелеген поэма, дастандарды керек етеді. Бүркіт Күнтуаров болса оған бара алмай отыр. Барар еді, бірақ әлі де болса көңілі жат. Сондықтан ол халық алдында өзін-өзі әшкерелеуден, қой терісін жамылып, арамызға қасқырлығын бүркеп кіруді жеңіл көреді. Міне осындай себептен, құрметті төраға, «бар күнәңді кештім, келе ғой арамызға» деп сіз жайған құшақты Бүркітке әзір мен жая алмаймын.

— Дұрыс айтады, Қаражан!—деді бірнеше дауыс арт жақтан.

Не дерін білмеген Бүркіт шыдай алмай орнынан ұшып түрегелді.

— Сенің құшағың... Керегі жоқ маған сенің құшағыңның!—деді ол айқайлап.

— Айтқаным келмеді ме?!— деді Қаражан төрағаға қарап, сөйтті де Бүркітке бұрылды.— Әрине менің құшағым, жоқ, біздің құшағымыз саған керек емес. Өйткені сен дарынсың, бірақ... сен қазір сасудасың, барар жерің, басар тауын жоқ. Осынау нөсер өткенше саған паналай тұратын жай керек. Әрине, бұл үшін төраға секілді біздің аңқау ақсақалдарымыздың құшағы ең қауіпсіз жайлы орын. Ал ертең бір ыңғайлы кез туа қалса, білегіңді сыбанып, қайта шыға келмексің. Қойнынан жылы ұя тапқан сұр жылан, ең алдымен төрағаның өзін шағасың! Бұның бәрі түсінікті, тап жауларының бұл айласына біз әбден қанығып болғанбыз.

Өзін-өзі ұстай алмаған Бүркіт Қаражанның қасына қалай жетіп барғанын білмей де қалды.

Қане, әлгі сөзіңді қайта айтшы?!

— Немене, ұрайын деп пе едің?—деді Қаражан сол сазарған қалпында, айылын да жыймай.— Адам айтарға сөз таба алмағанда, қолына ерік береді. Қане, ұрып көр! Жоқ, азамат Күнтуаров, күш жұмсайтын кездерің өткен. Одан да менікі дұрыс болмаса, соны дәлелде.

— Дәлелдеймін!—деп Бүркіт булыға сөйледі,— Өзімнің болашақ еңбегіммен, жазар кітаптарыммен дәлелдеймін!

— Бірақ ол кітаптарыңда кімнің жырын жырлап, жоғын жоқтайтыныңды да ұмытпа! Ақыңды мол төлеп, өзінің жыршысы еткен бай, ишандардың аттарын атауды жадыңнан шығарма! Егер ұмыта бастаған болсаң, есіңе түсіруге мен дайын. Атайын ба есімдерін?

— Зал іші у-шу болды да кетті.

— Қаражан не сөйлеп тұр? Біз Бүркітке сенеміз. Оның түбі кедей, өз табынан кетпейді,— деді бір топ.

— Қаражан дұрыс айтады. Бүркіт бізді алдап тұр!— деді есік жақтағы екінші топ, пәрменінше дауыстап.

Бүркіт залға қарады. Кенет көзі жасқа толып кетті. Ішті өртеген ыза мен күйікке шыдай алмай, есікке қарай жүре берді.

— Тұра тұр, Бүркіт,— деді төраға дауыстап,— қайта кірер есікті қатты жаппас болар.

Бүркіт есікке таяй беріп тоқтады. «Не болса да естіп кетейін» деген оймен президиумға қарап үн-түнсіз қатты да қалды.

— Сенің сөзің, Қаражан, маған ұнаған жоқ,— деді төраға Айбасовқа тесіле көз тастап,— Сен әділ сотша емес, жан алуға дайындалған әзірейіл тәрізді сөйледің.

— Әрине, сіздің сөйдейтініңізді біліп едім.— Қаражан төрағаны мысқылдай күлді.— Бүркітті қорғағың келіп тұр ғой, қорғап көріңіз!

— Жоқ, мен оны қорғайын деп тұрған жоқпын. Ол әлі жас, бар өмірі алда, өзін-өзі қорғайтын талай мүмкіншілігі болады,— Енді төраға Бүркітке бұрылды да, дауысын сәл көтере,— Бүркіт шырақ, сен менің ойымды дұрыс түсінеді деп ойлаймын,— деді бір ағалық ашық пішінмен.— Өзің көріп тұрсың, сенің арызыңды жұрт әр түрлі түсініп отыр... өйткені бұған дейін жазып келген еңбегіңде сен бізден тым алыс жатырсың. Бұны жастықтың қатесі деген күнде де, біреулер сол қатені бетіңе салық етпес үшін ең алдымен халық алдында өзіңді ақтап алуың керек. Менің бұл сөзім саған сенбейміз, сол өткен қатең үшін есігіміз мүлдем жабық деген сөз емес. Өзіңді-өзің көрсете алсаң саған деген есігіміз әрқашан да ашық...

Бүркіт төраға сөзінің ар жағын тыңдаған жоқ. Тыңдауға да күші жетпеді. Кеудесін адал жалаңаштап келгеніңде жұрттың бұны түсінбегеніне жылардай болып өкпелеп, есіктен ата жөнелді.

Қаражан Бүркітті құлатқанына мәз болғанын жасыра алмай, сәл күлімсірей езу тартты да, мінбеден түсе берді.

У-шу болған жұрт, кенет айқайлай түсіп, енді өзара күжілдесе бастады...

...Тағы да түн, тағы да түндей түнек ой. Клубтан шығысымен, үйіне де қайтпай, Бүркіт бетінің ауған жағына жүріп келеді. Ештеңе көрер емес, ештеңе де естір емес, жанын жеген өкініш, ыза, өкпе, ашудың құшағына еніп кеткен.

Жан-жағы тастай қараңғы. Кенет жел тұрып қуара бастаған ағаш жапырағын бұтақтарынан құшақтай жұлып, Бүркіттің бетіне әкеп ұрады. Ақын оны да сезбейді. Әлдеқалай бірен-саран адам қарсы кездессе, оны да көрмейді. Тіпті клубтан шыққаннан бері соңынан бір елі қалмай аңдып келе жатқан Әкпарды да аңғармайды. Тек бар білері — ойға шомып кеткен басын жерден бір көтермей, бетінің ауған жағына тарта беру...

Бүркіт ұзақ жүрді, ақырында ол қаланың күншығыс жағына шыға тоқтады. Күндіз-түні тыным таппай сарылдап ағып жатқан кішкентай Алматы өзенінің жанына жеткен екен. Ол енді бір үлкен қара тасқа барып отырды. Оған таяу келіп, Әкпар да тоқтады. Осы кезде қара бұлттан ай шығып, жер беті ағара түсті. Бүркіт Әкпарды енді ғана көрді. Бірақ екеуінде де үн жоқ. Бүркіт шомып кеткен ой теңізінен әлі де жарға шығар емес.

Әкпар аздан кейін өзен жағасындағы көк шөпке тізерлей отырды да, малта тәрізді бес-алты уақ тасты уыстап алып, қақпақыл етіп ойнай бастады.

Екеуі әлі де үн-түнсіз...

Дегенмен, Әкпар шыдай алмады, бір кезде барып:

— Солай де, Бүркіт,— деді ол тастарын лақтырып жіберіп. Сөйтті де орнынан түрегеліп, Бүркіттің жанына барып отырды.— Ақын деген де бала ғой. Ашуланған баланы үлкендер ертек айтып уатады. Тыңдайсың ба, мен де саған бір ертегі айтайын?

Бүркіт жауап қайтармады.

— Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда бір кішкентай ақын болыпты,— деді Әкпар «ертегісін» бастап, ананың жауап бермегеніне қарамай,— ол ақынның (із бойына біткен ақылы да, ақындығы да бар екен. Бірақ оның қолына түспеген бір қасиет — атақ екен. Күндердің күнінде әлгі кішкентай ақын үлкен атаққа ие болғысы келеді. Өзін қоштайтын жан аяспас азғантай серіктерінің қолында оған ондай атақты алып бере қояр дәл сол кезде күш бола қоймайды. Өздері қашып-пысып күндерін әзер көріп жүреді. Не істеу керек? Әрине ақын, ана серіктеріне қарсы жаққа шығуды дұрыс көреді. Өйткені олар көп. Көп мақтаса, көмір де темірге айналады. Сөйтiп, кешегі ақ ақын, енді қызыл ақынға айналуды арман етеді. Солай ма?

Бүркіт тағы да үндемеді. Оған қарамай Әкпар сөзін жалғай түсті.

— Ақын серіктерін, жолдастарын сатып, жау жағына хат жазады. «Тыңдаңдар,— дейді ол хатында,— мен бұрынғы жолымнан, ойымнан бездім, қазір сондағы ой-арманымнан шоқтай болып қызарып ұялам, мені сендер өздеріңнің тобыңа алыңдар»,— деп жалынады. Әрине ол жолдастарын, идеалын сатқанынан ұялып-қызармайды қызыл болсам деген қызыл тілектен қызарады. «Қараңдар,— дейді ол, кешегі өзінің жау тобына,— менің түрім қазір атам қазақтың көне замандағы жалауындай ақ та емес, Мұхамбет пайғамбардың туындай жасыл да емес, өздеріңнің қолдарыңа ұстаған шүберектеріңдей қып-қызыл, тіпті одан да қызылмын, тезірек қастарыңа ала көріңдер, сендерден де асқан қызыл болуға ант етемін,— дейді.

— Жетеді, тоқтат сөзіңді!—деді шыдай алмаған Бүркіт.

— Сәл шыда, қызығы әлі алда... Біздің ақын оны қызылдар тобы құшағын аша қарсы алып, үстіне қызыл отау тігіп, астына қызыл шайтан арба — машина береді деп ойлаған болатын. Бірақ ол үміті ақталмайды... Қызылдар да ақымақ емес. Қара мысық ақ бола алмайды, кешегі жауы бүгін дос бола алмайды, оны қызылдар да жақсы біледі. Сондықтан олар серіктерін, ұстап келген жолын сатқан ақымақ ақынды орталарына алмайды, масқара-мазақ етіп қуып шығады.

— Істеген жақсылығың болсын, кет қасымнан, көрінбе енді менің көзіме!— деді Бүркіт.

— Неге? Біз екеуіміз бір таудың бұғысы емес пе ек? Дос жылатып айтады...

— Сонда сен болыпсың ба менің досым?

— Ие, менмін. Құр досың емеспін, одан да қымбатыңмын. Есіңде ме, ресторанда екеуден екеуміз қалған күні сен: «Мақсат атты бір шынжырмен тіркескен жандармыз» дегенің? Маған сол теңеуің өте ұнаған.

— Олай болса, өзіңді боспын деп санай бер. Мен ол шынжырды үзуді дұрыс көрдім.

— Оп-оңай ма?

Бүркіт үндемей теріс қарады.

— Жарайды, шынжырды үзе-ақ қой. Сонда қайда бармақсың? Барар тауыңның етегінде сені жоғары көтертпес қарулы қарауыл тұрған жоқ па? Оны бүгін өз көзіңмен көрген жоқсың ба? Әлде Ақан секілді үшінші қабаттан құламақсың ба? Мүмкін суға кетіп өлгің келген болар? Әрине өйту саған лайықтырақ. Өйткені өлік судың ортасымен ағады ғой. Бір жағадан құласаң екінші жағаға жете алмайсың. Сенің жолыңды көрсететін бір символикалық белгі бар. Әттең, не керек, сен бұл тілегіңді орындай алмайсың. Ертіс, Есіл алыс, ал Алматының мына шалшық суына денең де батпайды. Мойнына тас байлап құласаң да, құр жалаңаш денеңді көрсетіп жұртқа күлкі боласың...

Бүркіт тағы аузын ашпады.

— Мүмкін, сен расында суға кетіп өлу үшін осы жағаға келген шығарсың?

— Ал, жарайды, бүйткен өмірден өлім артық делік, сонда маған не істе дейсің?—деді Бүркіт ашудан не дерін білмей.

— Өлімнен өмір артық. Бөтен жол таба алмасаң, менімен бірге көрші елге қаш. Он алтыншы жылы шет елге қашқан қазақ ауылы аз емес. Көбі сонда. Олар әлі туған жерін жоғалтқанмен, туған тілін жоғалтқан жоқ. Сен секілді дарынды кілем жайып қарсы алады. Сенін әрбір шумақ өлеңін жерінен, елінен айырылған бейшараларға медеу болады. Аузыңнан шыққан әр сөзіңді алтындай бағалайды, құрмет, қошамет көрсетеді. Саған бұдан артық не керек? Жүр, қашайық!

— Жоқ, мен еш жаққа қашпаймын!— деді Бүркіт кенет ызадан өзін-өзі әзер ұстап!—Мен қазақтың ата жерінде тудым, осы ата жерінде өлемін! Халқымнан қашып тапқан қызықтың маған керегі жоқ!

— Мейлің. Онда өлмесең — өрем қап!—деді Әкпар үніне суық ызғар беріп. Осы кезде ай қайтадан бұлтқа кіріп, жан-жақтың бәрі тағы да тастай қараңғы бола қалды.— Сен енді тірі өліксің!—деді Әкпар қайта сөйлеп,— сенің сөзіңе енді досың да, қасың да сенбейді, бұдан былай қарай сен ешкімге де керек емессің!

— Жоқ, мен әлі керек болам! Сенің айтып тұрғаның былшыл!— Бүркіт ашудан қалш-қалш етіп кетті, Әкпардың жағасынан ұстап алып, өзіне қарай тартты да, ызалана сөйледі.— Менің әлі керек болғанымды өз көзіңмен көресің! Ал шетке қашсаң, өз құлағыңмен естисің! Естідің бе!

— Жібер...— Әкпар сәл жұлқынып босанды: да — Қора төбесіне жапқан қурайды жұлқылай берген тентек ешкіні қазақтың таяқпен үйрететіні есіңде бар ма?— деді Бүркітке.

— Маған күш көрсеткің келіп тұр ма?

— Жауға сатылған адамға рақым болмайтынын білмейтін бе едің! — Әкпар Бүркіттің жолын кес-кестей тұра қалды.

Анау тосын тұрған Әкпарды ойламаған жерден қос қолымен кеудесінен қатты итеріп жіберді де, жөніне жүре берді. Бүркіттің қимылын абайламай қалып шалқасынан түскен Әкпар жалма-жан тұра келіп, қалтасынан тапаншасын суырып алып, бір дізерлей отыра қалды да, қараңдап кетіп бара жатқан ақынның ту сыртынан көздей бастады. Бірақ Бүркіт шоқ талды айнала беріп, қараңғы түнге еніп жоқ болып кетті.

— Жарайды...— деді ызалы үнмен Әкпар. Ол енді орнынан асыға көтерілді де, тапаншасын қалтасына қайта салды.— Тағы бір оңаша кездесерміз!..

...Бүркіт сол кеткен бетімен енді еш жерге аялдамай, үйіне тікелей тартты. Бұл кезде түн ортасы болып қалған-ды. «Жиналыстан неғып қайтпай жатыр?» деп қобалжып отырған Ольга Павловна үйге кіріп келген күйеуінің жүзіне бір қарады да, ештеңе де сұрамай, ауыз бөлмеге шықты да, суып қалған асты жылытып алып, қайта кірді.

Бүркіт пенжегін шешіп, коридорға шығып, қолын жуып келіп, столдың жанына отырды. Алдына қойған еттен шұқып бір-екі түйірін аузына салды да, ауыр күрсініп, тәрелкені кейін сырғытып қойды.

Ольга Павловна Бүркіттің ішімдікті жек көретінін бұрыннан білетін. Сөйте тұра, ол ерінің көңілі ашылар ма екен деген үмітпен түрегеліп, шкафтан бір бөтелке коньяк әкеліп, жанына хрусталь рюмка қойды.

— Ренжітіп жібергендерін көзіңнен көріп тұрмын,— деді Ольга Павловна Бүркіттің жанына отырып,— мүмкін көңіліңді ашар, бірер рюмка коньяк іш...

Қайғысын айтпай білген келіншегіне іштей риза болған Бүркіт:

— Рақмет, Оля...— деді жүдей сөйлеп.

Бүркіт енді өзі түрегеліп барып, шкафтан сәл кішіректеу рюмка алып келді. Өзінің алдындағы рюмкамен екеуіне толтыра коньякты құйып:

— Қане, Оля, сен де іш,— деді.

Өмірінде аузына коньяк алып көрмеген Ольга ерінің көңілін қалдырғысы келмеді. «Бұрын ішпеген затым еді»,— деп бәлденіп тұрмай, рюмканы алды да:

— Сенімен бірге у ішуге де бармын, Бүркітім, қане, келешек бақытымыз үшін...

Бүркіт сәл ғана езу тартты. «Келешек бақыттың бет алысы дәл бүгінгідей бола берсе, ол бақытқа жетуіміз екі талай-ақ шығар». Бірақ Ольгаға ештеңе деген жоқ. Қолындағы рюмканы жоғары көтерді де, ішіндегі коньягін тауыса ішті.

Бүркітке еліктей Ольга да рюмкасын аузына апарды. Нағыз бір у ішетін адамдай көзін жұмып, ақырын іше бастады. Өткір шарап тамағын қырып жіберсе де, шыдап бақты. Тек коньякті ішіп бітіріп, рюмкасын столға қойғанда ғана барып:

— Түу, қандай ащы еді!— деді аузын орамалымен жауып шашала сөйлеп.

Бүркіт енді шын езу тартып күлді. Кавказ жүзімінен қайнатқан асыл шарап, әрберден соң бойына тарай бастады. Бұрын көп ішіп көрмеген Бүркіттің тамыр-тамырын босатып, денесін балқытып әкетіп барады. Бағанағыдай емес, көңілі де сәл өзгерейін деді. Өзі де білмейді, бұл өзгеру көңілдену ме, әлде қайғыру ма, әйтеуір бойына өзі білмейтін тағы бір жаңа сезім пайда болған тәрізді. Сонда ғана барып Бүркіт Ольга Павловнаға бүгін басынан өткен уақиғаның бәрін тегіс айтып берді. Тіпті Әкпармен кездескенін де, оның шетелге қашайық деген сөзін де жасырмады. Бүркіт енді ғана аңғарды, коньяк көңілін ашпапты, тек аузын ғана ашыпты. Аңғарса, бұрынғы қайғысына қайғы қосқандай. Сөйлеген сайын бұрынғы ызасына қайта ыза қосылып, жүрегін одан сайын тырнай түскендей. Ойын тұмандатып, тек көкіректегі ашуын бұрынғысынан да жаман өршелендіріп алған тәрізді.

Ольга Павловна діріл қаққан қос қолын тізесіне қойып, тапжылмай тыңдап отыр. Бүркіт кенет дауысын қаттырақ шығарып, Қаражанға кіжіне түсер болса, Ольга Павловна одан әрі зәре-құты қашып, он саусағы бұрынғыдан да бетер діріл қағады. Екі көзі жасқа толып, еріне кешегі жолдастарының бүгінгі істеген қиянатынан жаман қиналып, ақырын күбірлеп оларға қарғыс айтады.

Бүркіт сөзін аяқтап болды да, қайтадан коньякты өз бокалына толтыра құйды. Оны бірден жұта салды. Енді ол бұрынғысынан да түнере түсті. Ольга Павловна дәл осы минутта ерінің жүдеп отырған көңілін коньякпен емес, өзінің оған деген ыстық құшағымен жұбату керек екенін түсінді.

Ол енді:

— Біздің өміріміз жаңа басталып келеді ғой, Бүркіт, ондай-ондай жауын-шашын әлі талай кездесер,— деді күйеуінің басынан сипап,— сен біріне де берілме, қара да тұр, әлі бәрін де жеңіп шығамыз. Бізге деген күн жаңа ғана туып келеді, әлі нұрына да бөлейді, тек осы алған жолыңнан жаңылма.— Ол енді еріне еркелей қарады,— Осы бүгінгі шаршағанын жетер, енді деміңді ал, жүрші...

Бүркіт жас емес пе, ал жастық тілектің өзі де бір арман, кейде ол өзінің ыстық жалынымен қайғыға да, қасіретке де қарсы тұра алады. Әйелінің қиыла айтқан сөзіне балқып, ери жөнелген жас ақын енді көзі бөтен тілекпен ұшқынданып орнынан тұра берді...

...Айлы түнде, ақ мамықтың үстінде, сүйген жарының ақ төсін еркінше аймалаған Бүркіт, әрберден соң, бойын бір жағынан коньяк қызуы шарпып, екінші жағынан махаббаттың ыстық құшағы өртеп, жаңа ғана арылмастай болып басына төнген қайғы бұлтын ұмытты. Дүниедегі ең тәтті қызық — жастық қызығы емес пе, ол сол қызықтың ыстық лебімен жаны рақаттана жатып, ұйықтап та кетті.

Ольга Павловна күн көтеріле, Бүркітті оятып алмайын деп, оның құшағынан ақырын сытылып босанды да, аяғын үшінен басып, ауыз үйге шықты. Шкафтың тартпасын ашып, кішкентай бумажнигінің ішін ақтара бастады. Көзіне бар болғаны екі жиырма тиындық күміс ақша ғана түсті. Ольга Павловна ауыр күрсінді. Бұл—Бүркіт екеуінің ең ақырғы қаражаты еді. «Бұл ақша біткеннен кейін қалай күн көреміз? Қарызға ала қоятын бұл арада таныс ешкіміміз жоқ. Жалғыз Хасен еді, о да командировкаға жүріп кетті. Саудагер әйелге күндегісіндей сата қоятын да бағалы еш нәрсе қала қоймапты». Ольга Павловна сәл ойланып, шкафтан ақ кәріс шәлісін алып, қағазға орап қолтығына қысты да, Бүркітті сыртынан бекітіп, үйден шықты. Әдетінше аяғын сәндене басып, екі көше өтіп, кішкентай ағаш үйдің қасына келіп тоқтады. Батылы бармай сәл кідірді де, дегенмен, ақырын әлгі үйдің есігін қақты. Есік сол минутта-ақ ашылды.

— Кіре бер,— деді ар жағынан жуандау келген әйел дауысы.

Ольга ұяла қораға кірді. Ішіндегі үлкен бауда қос жұдырықтай боп піскен қып-қызыл апорт алмалары ағаш бұтақтарын төмен басып, сыңси салбырап тұр. Семізше келген, қызыл шырайлы саудагер әйел Ольганы көрді де, жуып жатқан кірін тастай салып, есікке қарай аяңдады. Есендік жоқ, саулық жоқ:

— Ә, сен екенсің ғой,— деді қолын фартугіне сүртіп,— қане, көрсет, не әкелдің?

Ольганың кәріс шәлісін бір сілкіп, айналдырып көрді де, басына салып, айнаға қарап келді. Шәліні ұнатқаны көрініп тұр, сонда да ол:

— Ұялмай-ақ қой, көгаршыным. Өмірде бәрі де болады. Ал бірақ мына шәліңді мен алмаймын,— деді ол кенет өз шаруасына көшіп,— әр жеріне құрт түсейін деген бе, қалай...

— Құрт түсе қоймаған болар,— деді Ольга қызара, — сандықтан алып әлсін-әлсін қарап тұрғанмын.

— Қарасаң қараған шығарсың, бірақ дұрыс қарамағансың ғой... Қысқасын айтқанда, бұл шәлі маған керек емес...

— Мүмкін арзанға болса да аларсыз, ертеңге ақшамыз жоқ...

— Сендерде ақша жоқ.— Ал алда-жалда шын қысылған болсаң, мына қолыңдағы жүзігіңді сат. Өзі шын алтын ғой деймін. Бұны алуға болады.

— Бұл — ерімнің сыйлығы.

— Тек байың болсын де. Байың болса, оның сыйлығы да болады... Ал мен секілді байсыз қалсаң...— Әйел Ольганың күйеуінің бар екенін қызғанғандай оған тесірейе қарады,— жарайды, сатасың ба, жоқ па?

Ольга Павловна сәл ойланды да, қолынан жүзігін суырып алып, әйелге берді.

— Бағанадан бері сөйтпейсің бе, — деді анау,— енді шәліңді де қоса алуға болады,— әйел юбкасының астына қолын сұғып жіберіп, бір-екі қағаз ақшаны алып Ольгаға берді.— Торгсинге апарсаң да, бұдан артық бермейді.

— Рақмет,— деді Ольга Павловна ақшаны алып жатып.

Ольга Павловна тағы бір көше бұрылып, дүкенге кіріп, бір-екі күндік тамақтарын алып үйге келсе, Бүркіт жаңа тұрып жатыр екен. Ол атып тұрып, әйелін тағы да бауырына қысып сүйді де:

— Таң атпай қайда барып қайттың?— деді.

— Дүкенге.— Ольга Павловна еркелей қарады.

— Дүкен саған осы азық-түлікті жайға бере ме?— деді Бүркіт күлімсірей,— азырақ ақшаның әлдеқашан бітетін уақыты болып еді ғой.

— Ақшаның құны жұмсай білуде емес пе, әлі де бір жетілік қаражатымыз бар...— деп әйелі тағы күлімсіреді.

— О, онда бізден бай адам жоқ, екен ғой.— Бүркіт шын қуанып қалды.— Бір жетінің ішінде «Қызыл ту» маған да гонорар беріп қалар. «Қасқыр ізі» повесімді осы айдың номеріне жібердік деген. Бүгін барып анығын білемін...

Бүркіт шайын ішкеннен кейін жаңағы өзі айтқан журнал редакциясына келді. Көркем әдебиет бөлімінің бастығы — шашына ақ кірген мосқалдау кісі бұрын, Бүркіт келгенде, хал-жайын сұрап, асты-үстіне түсіп қалатын еді. Бүгін неге екені белгісіз, онымен сұлық амандасты. Біреу-міреу жоқ па дегендей есік жаққа бір қарап: «Сау жүрсің бе?» деп кіржің ете қалды да, қоя қойды. Өзіне деген көзқарасты өте тез түсінетін ақын ананың бұл қылығының тегін емес екенін бірден ұқты.

— Менің повесімді осы нөмірге жіберермін деп едіңіз,— деді Бүркіт батыңқырамай.— Соны білгелі келіп едім.

Бөлім бастығы тағы есікке қарады.

— Бұл нөмірге бармайтын болды.

— Сонда келесі нөмірге қалғаны ма?

Кісі ауыр күрсінді.

— Келесі нөмірге де бармайды...

— Неге? Өзіңіз жақсы повесть екен деген жоқ па едіңіз?

Кісі тағы күрсінді.

— Жақсы мен жаманды айыру жалғыз ғана менің міндетім дейсің бе, шырағым,— деді ол қиналып.— Баспаңдар деген жоғарғы жақтан әмір келді.

— Жоғарғы жағыңыз кім?

— Қайдан білейін... Маған солай деп редактордың өзі айтты. Ал біздің журналдың тікелей бағынатын адамы Қаражан ғой... Сол бірдеме деп жүрмесе...

— Сонда повеске қоятын кінәлары не?

Бөлім бастығы енді тіпті сыбырлай сөйледі.

— «Бүркіт Күнтуаров қасқыр деп бізді — коммунистерді — айтып отыр»,— дейді.

— Ау, ағасы-ау, менің әңгімемде ондай ештеңе де жоқ қой.— Бүркіт күйіп кетті.—Өзіңіз оқыған жоқсыз ба, менің қасқырым кәдімгі қасқыр, қойды жейтін қасқыр емес пе?

— Е, шырағым, ол солай ғой. Бірақ қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан...

— Онда қасқыр деп менің өзімді айтатын шығар?

— Өзіңді айтты не, әңгімеңдегі қасқырды айтты не, саған бәрібір емес пе? Жапалақты тасқа ұрсаң да, жапалақ өледі, таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақ өледі... Әйтеуір сылтау тапқан соң не істейсің.

— Жақсы, олай болса, менің «Еркебұлан мен Нұржамал» деген жаңа дастанымды басыңыздар. Жақында ғана бітірдім. Ертең алып келейін. Онда қасқыр да, жылан да, аю да жоқ.

— О да басылмайды...

— Неге?

— Жаңа айттым ғой, жоғарғы жақтан әмір бар деп...

— Сол жоғарғы жаққа өзім барсам қайтеді?

— Кімге? Қаражанға ма? Әлде одан да жоғары отырған әкімге ме? Не бетіңмен барасың? Жоқ, Бүркіт шырағым, Қаражанға, жоғарғыларға барғың келсе, бұрынғы бетіңнен қайтқаныңды көрсететін бір-екі әңгіме-өлеңдеріңді баспа жүзінде шығарып алып бар. Әйтпесе сенбейді. Сенбес етіп Қаражандар құлақтарына құйып қойған...

— Ау, өйтуге мүмкіншілік беріп отырсыңдар ма?.. Егер жазғанымды баспайтын болсаңдар, мен бұрынғы бетімнен қайтқанымды немен дәлелдей аламын?..

— Дүниенің жалғыз жарық-сәулесі біздің «Қызыл ту» ғана ма? Бөтен де газет-журналдар бар емес пе?..

— Оларға да Қаражанның тапсырып қоймағанын қайдан білем.

— Қаражанды тыңдамайтын редакторды ізде...

— Ондай редакторды қайдан табам?

— Іздеген адам қашанда болса табады. Әсіресе жастар жағынан ойлан... Олар біздер секілді өзінен үлкеннен қорқып қалған жандар емес, жас уыттары әлі таралып бітпегендер...

Бүркіт салы суға кетіп үйіне қайтты. Енді ол алдында асуы қиын талай асқар бел бар екенін жақсы ұқты. Егер оларды өтуге күші жетпесе, Әкпар айтқандай, екі жағаның біріне де жете алмай, өмір деген дарияның толқынында тірі өлік болып аға беретінін білді. «Жоқ, Бүркіт тірі өлік бола алмайды. Өмір толқыны қанша қатты болса да, оған қарсы тұра алады. Алдынан өтуі Судан да қиын биік белес кездестірсе, одан да ете алады. Жалғыз қасық қаны қалғанша өзінің бақыты үшін, халқының бақыты үшін қандай сынға болса да шыдайды. Қандай қиындық болса да жеңіп шығады».

Бірақ ол дәл осы минутта жауы жалғыз ғана Қаражан емес екенін түсінбеді. Ең алдымен өзінің бас жауы, әлгі талай қиын кезеңде кездесіп, талай сынға түсетін жауы — ішкі сезімі, өмірге, халыққа деген көзқарасы екенін білмеді. Бұрын жүріп көрмеген адамға даңғыл деген жаңа жолдың өзі де, аяғын дұрыс баспаса қауіп-қатерлі, ойлы-қырлы болатынын аңғармады. Өмірдің осынау бір қисық жолы талай рет басын жарға ұрғызып, нелер шатқалаңға түсіретінін ойламады... Тек оны, бүгінгі таңда қайтсем де жауымды жеңіп шығам деген арман ғана биледі. Сондықтан да ол орынсыз қапаландырмайын деп, үйге келгеннен кейін Ольга Павловнаға еш сыр бермеді... Екі білегін сыбанып жіберіп, жақында ғана бітірген «Еркебұлан мен Нұржамал» деген жаңа дастанына қайта отырды. Жүйрік ат шапқанда ғана қызады. Бүркіт те, дастанына үңілген сайын, өзге өмірді ұмытып, поэзия дүниесіне беріле жөнелді... Оның ойына осы сағаттан бастап поэзиядан бөтен өмір кірмеді. Тек Ольга Павловна ғана, бір жетіден кейін ең ақырғы қаражаттарының бітетінін ойлап, және қайтсем Бүркіттің жазуына жағдай жасай аламын деп қайғырып, көрер таңды көзімен атқызды.

IV

...Биік жартасты, адыр-бұйраты тау бөктерін айнала жіңішке, тар жолмен екі салт атты келе жатыр. Күн екіндіге айналған кез. Күз келіп, жер сарғая бастаған. Бірақ бүгін жайма-шуақ бір сыдырғы жылы. Ұшпалы сұр бұлттар күн көзін кейде жауып, кейде ашып, теңізде жүзген ақ желеңді көп кеме тәрізді, ақырын сырғып оңтүстікке қарай көшіп барады...

Салт аттының бірі — Әкпар Астында өзінің көк жорғасы. Әбден жараған. Басын шұлғи тастап, аяңдайды... Әкпар ерге жантая отырып, жанындағы жолдасына әлденені айтып келеді. Ал жанындағысы — қыз. Басында жасыл барқыт тысты жеңіл түлкі тымақ, үстінде белін, еркектерше күміс белбеумен буған қызыл барқыт күзен ішік... Киімі күздің қара суығына лайық. Бүгін күн жылы болғандықтан ба, қыз тымағының құлағын жоғары көтеріп байлап алыпты... Астындағы жортақылау жүрдек тапал торы байталды тобылғы сапты қамшымен сипай ұрған боп жанындағы жігітке томсара қарап, үн-түнсіз келе жатыр...

Тау бөктерін қиялай, бұлармен қатарласа бір топ жылқы көрінеді, құлындысы, қысыры аралас — әр түстес. Жылқы тобының бұнысына қарағанда, бұл жылқылар бір адамның емес, бар ауылдың малы екені байқалады. Расында да солай. Осы азын-аулақ жылқы Тәкежан ауылыныкі еді...

Тәкежан ауылы жазғы жайлауы Қоңырайғыр көлінен өзінің төменгі жақтағы қыстауларына көшіп бара жатқан беті. Әлгі екі салт аттының соңынан көрінген сонау көш осы ауылдың көші.

Көшіп келе жатқан кедей ауыл екені анандайдан байқалады. Жүк тиеген бес-алты түйе. Алаша, киіз жапқан тең үстерінде ақ жаулықты кемпірлер мен жас балалар. Теңките кебеже, сандық артылған шиқылдаған ырдуан арбалар. Бұлардың да үстерінде қатын-қалаш, бала-шаға. Шидем күпі, түйе жүн шекпен киген жеті-сегіз салт атты кісі көшке бас-көз болып келе жатыр. Біреулері түйе жетектеген, екіншілері жүкті арбаларды жанай бөкен желеді...

Көш тұсындағы жылқыларды, сонау арт жақтарындағы жайыла шұбырған қой, ешкі, қара малды айдап келе жатқан ауыл жастары — қыз, бозбала...

Бұл көш өз әліне қарай қызғылықты, көңілді... Ауық-ауық жас баланың жылаған дауысы мен бойжеткеннің сыңғырлай шыққан күлкісі естіледі, кенет жастар екеу-екеуден қосылып ән де шырқатып жібереді. Бай ауылдардың жастарындай көш-жөнекей жорға салыстырып, жүйрік жарыстырғаны көрінбесе де, қыз бозбаланың ойын-күлкісі, әзілі бірде-бір үзілер емес.

Бұл — Тәкежан ауылының соңғы көшуі. Келесі жылы көл қасына займка салып, біржолата поселка болып орналаспақ. Қазірдің өзінде де ауылдың Қасым-Костя бастаған бір топ жігіті сол қол басында қалған. Жазға сол араға болашақ поселкенің құрылыс ағаштарын, терезе, есік, тағы басқа керек-жарақтарын жеткізбек. Және келесі жылы егін егетін жерді де мөлшерлемек. Шамалары келсе, осы көл маңайын займка сала бастаған орыс мұжықтарымен келісіп, аздаған пар да көтермек.

Сондықтан осынау ақырғы көш ауыл адамдарына бір түрлі қымбатты тәрізді. Әсіресе үлкендерге. Олар жастарынан үйренген әдеттерінен айырылатынына тіпті өкінетіндей ме қалай, ақырын жылжып келе жатқан көшке әлсін-әлсін күрсіне қарап та қояды. Ал жастар жағы келесі жылы болар өзгеріске бәлендей мән бермейтіндей, әдеттегі ойын-күлкілерінен айырылмай, ду-ду етеді. Кенет топтан бөлініп бірін-бірі қуа жөнелген қыз бен жігіт те көрінеді.

Арт жақтарындағы көшке еш көңіл бөлмей, өздерімен өздері болып келе жатқан тек Әкпар мен жанындағы қыз.

Бұл — өзімізге таныс Тәкежан аулына Бүркіт алғашқы келгенінде таңертең көлде су әкелгелі бара жатып ән салатын қыз Шолпан. Әкесі бір кезде әжептәуір ауқатты адам болған, осыдан он жыл бұрын үлкен жұтқа ұшырап, бар малынан айырылып, қазір күн көрерлік қана ауқаты бар кедей. Осы кісінің шаруашылығы күйлемей тұрған кезде, бір жылы Әкпардың әкесі Қарымсақ Айдабол руынан шыққан Шүкір деген баймен болыстыққа таласқанда төменгі ауылда да құдандалым болсын деп, алты жасар Әкпарына жаңа туған Шолпанды айттырған. Бертін келе, Шолпанның әкесі тақыр кедейге айналғанда, Қарымсақ бай құдалығынан айнып кеткен. Берген азын-аулақ малын, әр түрлі сылтау тауып қайтып алған. Бірақ ауыл арасы жақын. Ойын-тойда жиі ұшырасып, Әкпар Шолпанға анда-санда көз қырын салып та қоятын. Тіпті аққудың көгілдіріндей боп сыланып-таранып көзге жаңа түсе бастаған жас сұлу оған ұнап та қалған. Әке қарсылығына қарамастан, Әкпар соңғы кезде осы Шолпанға үйленсем бе деген ойда болатын. Ауыл қыздарына қазақтың оқыған азаматы аса құрметті көрінген сол бір қызық заманда қалада оқып жүрген Әкпар да Шолпанға қол жетпес армандай көрінген...

Сөйтіп жүргендерінде Әкпар екі жылдай ауылға келмей қойды. Ал Шолпан болса әбден бой жетіп, жақты мен жаманға түсіне бастады... Оның үстіне... Ойда жоқ жерден Қасым-Костя кездесті... Қызғалдақтай көгере өсіп, әбден толған жас сұлудың жүрегі енді басқаша соғуға айналды. Махаббат деген де бір піскен жеміс емес пе, дер кезінде оны аңғармасаң күн еткен сайын босаңси бастайды. Әлде бағы ма, әлде соры ма, бірақ осы махаббат әнін Шолпан дер кезінде есітті де, көп кешікпей осы бір сұлу ән өзінің де ермегі, қуанышы болуға айналды. Ақылы, ойы, мінез-құлқы жарасымды, жасынан қазақ болып кеткен Қасым-Костяны қыздың әке-шешесі де, ағайын-туғаны да жат санамады, бәрі де өздеріне ұнаған осы бір «сары қазақты» Шолпанға тең көрді... Осындай ел демеуінің арқасында Қасым мен Шолпан арасындағы жастық сезім ұлғая түсті... Ақырында барып Молдабек шалдың інісі Олжабек, ағасының баласы Қасымға Шолпанды айттырды. Екі жақ бірдей келесі жылы жаңа поселкеге орналасқаннан кейін екі жастың тойын өткізбек болып уәделесті.

Міне, осындай уәдеден кейін Тәкежан ауылы ақырғы рет қыстауына көтерілгелі тұрғанында, қайдан келе жатқаны белгісіз, көк жорғасын бұлаңдатып, ойда жоқ жерден Әкпар жетіп келді.

Бай ұлы келіп түскен Шолпан үйі күтпеген қонағының шай-суын берді де, жұртпен бірге жолға шықты.

Тәкежан ауылының қыстауы қала жақта болатын. «Мен де қалаға қайтып бара жатыр едім, жолымыз бір екен»,— деп, Әкпар көшке ере жүрді.

Қыз-бозбаланың көш-жөнекей қалай ойнап-күлем десе де, қандай сауық-сайран құрам десе де еркі. Бұл — қазақ жастарының ежелден еншісіне тиген еркіншілігі. Сондықтан да болу керек, өзгелерден оқшау көш алдында жеке келе жатқан Әкпар мен Шолпанның бұл қылықтарын ешкім сөкет көрмеді, ерсі санамады.

Ал қатарласа аяңдаған екі салт аттының жолы бір болғанмен, көңілдері бөлек еді.

Екі жылдан бері көрмеген бір кездегі «қалыңдығына» Әкпар әлсін-әлсін сұқтана көз тастауда. Он тоғызға келіп, бой түзеп қалған сұлу қыз оған әбден піскен алма тәрізді болып көрінеді. Қып-қызыл ерніне, бетің тиіп кетсе күйдіріп жіберер ыстық жалын ұялағандай. Мөп-мөлдір қарақат көзі ешкімге әлі әбден ашылмаған тұңғиық сырды жасырғандай. Шолпанның атқа отырысы да бір түрлі сәнді. Аш белі қыналып, көтеріңкі кеудесін сәл кейін тастап, білектей жуан қос бұрымы үзеңгіге тие, ат жүрісінің ырғағымен бар денесі бірге қозғалып, өзінің өзге жанға бітпеген ерекше отырысымен көзді тартады.

Әкпар қызға қараған сайын жүрегінде бір оқыс тілек туып, жан айызын қандырар сезім дүниесіне беріле түседі. Бірақ бұның ойы бір сағаттық ой, әрі кетсе бір түндік ой... Бұған ұялаған ой, ел жұртынан күдер үзгелі тұрған адамның аз уақыт болса да, қызық көріп қалайын деген көрсе қызар, тән құмар, арсыз бозбаланың өткіншек ойы. «Осы уақытқа дейін бұл қызды қалай есіме алмай келгенмін? Енді міне... Алыстан орағытып, тұзағыма түсіруге уақыт тар... Ал түсірмей кетсем, өмір бақи естен қалмас бір арман болады ғой! Еліңнен айырыл, жеріңнен айырыл, бір кезде «кет әрі емес» мұндай қыздан құр қалар құдайға мен сонша не жазып едім? Бұлар қыстауына жеткенше әлі де болса күн жарым уақыт бар. Соған дейін ебін табу керек. Бірақ қалай ебін табам? Әрине, сөйлесу керек. Сөйлескенде де алыстан орағыт, бұлан құйрыққа сал. Оқу, білім, әйел теңдігі деген тәрізді жаңа сөздерге етене бола бастаған қазіргі ауыл қыздары сенің бұрынғы дөрекі әзіліңе құлақ та қоймайды... Қармағыңды терең салып, іліккен кезінде жайлап тарт. Күні бұрын үркітіп алма».

Осындай қызу ойға берілген Әкпар көңіл мүддесін орындағанша шыдар емес. Ол бір кезде атының басын сол тежей түсіп:

— Өткен күнді есіме түсіре бергім келмейді, Шолпан,— деді өз ойынан сөз қозғап,— дегенмен сол бір өткен күннің де ұмытылмас тәтті сағаттары есте қалады екен. Соның бірі біз екеуміздің ақырғы кездесуіміз. Есіңде ме сол бір айлы түн? Мен жазғы демалысқа келіп, хан жайлаудағы алтыбақанда екеуміз кездескен едік қой? Алтыбақанда тербетіле тұрып, шырқата салған әнің әлі есімде.

Қарағым, төмен қарап назданасың,
Кім білсін қуаныштың аз ғанасын.
Қосылса екі ғашық бір жерге егер
Жүректің жазбайды ма сан жарасын,—

деп едің ғой сонда сен. Артынан «ақ сүйек» ойнап жүргенде...— Әкпар ауыр күрсінді.— Уай, дүние-ай, несін айтасың, о да бір қызық заман екен ғой... Сондағы ыстық ерніңнің оты әлі күнге дейін ен бойымды балқытуда. Расымен-ақ сол түнгі қуанышымыз жалған ба еді? Неге үндемейсің? Әлде сондағы:

Қосылса екі ғашық бір жерге егер
Жүректің жазбайды ма сан жарасын,—

деген сөзің де бекер ме? Сол екі ғашық қазір бір жерде кездесіп тұрған жоқпыз ба, жүректің жазылмайтын қандай жарасы бар? Әлде бірімізді-біріміз көрмеген екі жылда маған деген жүрек жарасы жазылып, бөтен біреуді ұнаттың ба?..

Қыз жауап қайырмады.

— Хабарласа алмасам, оған мен айыпты емеспін,— деді Әкпар қайтадан қинала сөйлеген боп.— Оған ер өліп, Ертіс бұзылып жатқан заман айыпты. Туған әкеден айырылғандай басыма күн туғанда, сүйгенін іздейтіндей менде мұрша болды ма? Әлде әкең, аулың бәрі бірдей кеңес өкіметіне табына бас ұрған соң, шет елге қашқан байдың қаңғып қалған баласы маған серік емес деген шешімге келдің бе?— Әкпар төмен қараған қалпында жүдей сөйледі.— Ие, менің қазір қаңғып қалғаным рас. Әке соңынан еруге туған елімді, құрбы-құрдасымды, өзіңді қимадым. Ал бұл жерде мен де бір, сүтке тиген күшік те бір... Қайда барсам да «бай ұлы» деген қара тұмар мойнымнан алынар емес...— Әкпар кенет басын көтеріп алды.— Шолпан, енді жүрегімді күйдірмей, не болса да, шешіміңді айтшы.

— Қандай шешім?

— Мендіксің бе, әлде...

Шолпан тағы да үндемей қалды. Олар қатарласа жүріп келеді. Арттарындағы ауыл көшінен алыс ұзар емес. Әкпар көштен бөліне түскісі келіп, атын бір-екі рет қаттырақ жорғалатып көріп еді, Шолпан кейін қала берді. Қыздың өзімен жеке кетпейтініне енді көзі анық жеткен Әкпар көк жорғаны баяу аяңдатып, қыз астындағы аяңшыл торымен тек үзеңгілесе қатар жүріп келеді....

Шолпан Әкпардың арам ойын сезер емес, оған ол енді шын, көңілімен жауап берді.

— Адамды өзгертетін өмір ғой, Әкпар,— деді ол ерге ыңғайлана отырып,— есіңде ме, өзің қаладан қайтқаныңда, бүкіл ауыл жастары мекеден қажы келгендей бір қуанып қалатын едік. Надан сорлылар білмейді екенбіз ғой, қаладан келген оқыған азаматтардың бәрін де қараңғы ауылға сәуле әкелетіндей көретінбіз... Несіне жасырайын, сені де сол оқығанның бірі санайтынмын... Әкеңнің байлығы, өзіңнің салдығың емес, сол «бір оқыған азамат» деген атағың да көңілімді толқытып, жүрегіме арман салғаны рас... Бірақ есейе келіп тексерсем, сен менің ойлаған адамым болмай шықтың. Бүркіт, Хасендер ауылға өлеңін, өнегесін жеткізсе, сен жастарды шылым тартуға, карта ойнатуға үйреттің... Міне жүрегіме жаңа түсіп келе жатқан жараның тез жазылуына осы қылығың бірінші себеп болды.

— Ал екінші себебің не?

— Онымды да есті, Әкпар. Жаңа айттым ғой: адамды өмір өзгертеді екен деп. Қала қыздарындай орысша оқымағанмен, ауылға кіре бастаған жаңа өмірді, оның жақсы дәстүрін, өнегесін біз де түсіне бастадық қой... Және ауылдың да өмірі өзгеруге айналды. «Қызыл отау» келді, сауатсыздық жою науқаны, жер бөлісі, қалың малды құрту секілді көптің ойлаған жерінен шыққан өкіметтің игілікті істері қазақтың ескі ауылын оятып, бір өзгертіп тастаған жоқ па? Соны көріп отырып, тақа кеще болмасаң, сен де қалай өзгермессің. Әрине жақсылық жаққа өзгересің... Өзіңе тең емес жанды жақсы көру күнә екенін түсінесің...

Әкпар кенет қап-қара боп қабына қалды.

— Кеше біз сендерді тең көрмесек, бүгін сендер бізді тең көрмейтін болған екенсіңдер ғой? Бұ да бір кезең де!..

— Иә, Әкпар, ренжісең де, ренжімесең де солай. Оның үстіне, өзің де айыптысың...

— Қалайша?

— Әкпар деген сөз арабша «ұлы» деген сөз екен. Жақында ғана білдім. Ата-анаң, әрине, жалғыз баласын ұлы адам болсын деп тілейді де... Сондықтан да атыңды Әкпар деп қойған шығар. Бірақ, өз басын ұлы боларлық халқыңа не істедің? Әзір соңыңнан ерген тек жаманат қана... Ондай адамды сүю өте қиын...

Әкпар бұрынғысынан бетер күреңденіп кетті.

— Менің қандай жаманатымды естідің?

— Өзің айтқан жоқсың ба жұрттың бәрі мені сүтке тиген күшіктей көреді деп? Жақсы адам болсаң, ешкім де сені ондай көрмес еді. Әрине, жаман адамсың...

Әкпар кенет бойын билей кеткен ашудан қалш-қалш етті. Дәл осы кезде бұлар бір дөңесті бөктерлей аяңдап, арт жақтарындағы көштен тасалана қалған екен. Әкпар артына жалт қарап, соны байқады. Жасынан ерке өскен бай ұлы, өмірінде өзіне ешбір жан тікелей «сен жаман адамсың» деп көрген емес-ті. Жамандығын бетіне айтқан қыз сөзі жүрегіне қанжардай қадалды. Ыза, қынжылу, ашу, өкініш — бәрі бірдей күйінген жанын жан-жағынан қабаған иттей талап, өз қылығын ақылға салардай мүмкіндік бермеді. Мұндай жағдайда долы мінезді адамның барын күшке салатын әдеті, енді ол өзін-өзі ұстай алмай:

— О, қаншық! Сен де солай дедің бе?!—деп қолындағы төрт таспа қамшымен қызды пәрменінше тартып-тартып жіберді. «Ойбай, өлтірді!» деген Шолпанның құлындағы дауысы құраққа шыққан айқайын естіп, ауып жігіттері тасырлата шауып, төбенің басына шыға келгенде, қашқан қасқырдай ылдимен зымырап бара жатқан Әкпарды көрді.

Жастардың көпшілігі Әкпар ат үстінен жұлқып алып, жерге лақтырып тастап кеткен Шолпанға үймелесе қалды. Астарындағы аттары мен күшіне сенген бес-алты жігіт қарақшыны қуа шаба жөнелді. Бірақ жылқы болып жанына қара ілестірмеген көк жорға, аздан кейін аналарға қарасын да көрсетпей, белес асып, жоқ болып кетті...

Қуғыншылар әрі-бері шауып, аттарын болдыртып, кейін қайтты.

Ал Әкпар сол шапқаннан ұзақ шапты. Күн батып, қас қарая артынан қуғыншылардың жоқ екеніне көзі жеткен кезде ғана атының басын тежеп, аяң жорғаға түсті.

Әлі ай тумаған, көзге түртсең дым көрінбес қараңғы түн... Жол шетіндегі бүдірлі бұталар ғана еміс-еміс қараңдайды. Қу далада жападан-жалғыз Әкпар келе жатыр. Кенет ол еңкілдеп жылап қоя берді. Бұл оның ашудан шыққан көз жасы. Көкірегін қысқан ызаға шыдай алмаған, қолынан бөтен дәрмен келмей қорланған жанның, екі көзіне ғана әлі жеткені. Тарлан көкжалдың жылауы да бір түрлі, ауыл иттерінің талауынан әзер қашып құтылған жас бөрінің жарасын жалап қыңсылағаны тәрізді, өксігін біресе басып, біресе күшейтіп, ішін тарта ыңырси, солқ-солқ етеді.

Бұның жылағанын көретін айдалада тірі пенде жоқ, сондықтан да ішінде көптен бері тұншығып жатқан ашу, кек, ызаны оңашада емін-еркін сыртына шығарған Әкпар кенет ұзақ еңкілдей дауыстайды. Нағыз бір серіктерін шақырған жалғыз қасқырдың ұлығанындай. Бірақ оған жауап берер тірі жан жоқ. «Ұлысаң ұли бер» дегендей қараңғы түн түнере түксиеді...

Әкпар расында да өзін қазір тобынан айырылған жалғыз қасқырмен тең көреді. Барар жер, басар тауы жоқ. Жан-жағында түксиген жартас, қазылған ор. Тірі пенденің жаны ашыр емес. Кеше ғана төрінде алшаңдай басқан осынау кең даласы, бүгін оған өгей анадай тас қабағын түйе қалған. Кеше ғана қара мақпал ашық аспанда, жымың қаққан көп жұлдыздар, бүгін бұған алыстан ғана құр жылтыраған суық сәулелі ақ теңгелер тәрізді. Жер де, көк те, сонау шатқал, сайды қуалай біткен тоғай-ағаш та Әкпарға тітіркене қарап, мұз қабақтарын түкситіп, араларынан тез құртқысы келіп тұрғандай. Қайда барса да, қайда қашса да, бұған деген еш дос жоқ, дүние тегіс Әкпарға қас. «Уа, дүние, осыншама маған үрке қарар не жаздым саған. Ей, қос аяқты малғұн — адамзат мені осыншама қансыратар не бүлік істедім мен саған? Бар жазығым, әкемнің бай болғаны ма? Әлде менің сол байлықты қорғаймын деп сендерді жек көргенім бе? Алыспай, жұлыспай, қолымдағы күшті сендерге оп-оңай бере салғым келмегені ме? Сендер мені сол үшін жек көрсеңдер, мен сендерді жек көремін! Менің айқасым өмір үшін емес, өлім үшін! Жан аяспас қасыңмын! Үстіме алтын отау орнатсаңдар да, бүгінгі төгілген көз жасымды ұмытпаспын! Бұны сендер де біліңдер. Жанға — жан, қанға — қан! Құнымды ала өлемін!»

Өзінің қиянатын көрмеген қара пейіл Әкпар, осы жалғыз қаңғыған жол үстінде келе жатып енді келешек күрес жоспарын құрды. Жалғыз болса да алыспақ болды. Енді ол дәл қазір шетелге қашам деген ойын қорқақтық деп тапты. Жазылмастай боп жараланған бөрінің жауына қарсы шабатын әдеті емес пе, бұқпантайлап, айламен өмір сүруден Әкпар бас тартты. Хасен, Бүркіттерден кек алу оған арманға айналды.

Енді ол бар күшін жеке басының кегін алғызар айқасқа жұмсамақ болды. Осындай қан тегіс шешімге бел буған қайсар Әкпар жолдағы ауылдарға соқпай, түні бойы ат шалдырмастан жүріп отырып Ақшатыр қаласына келіп жетті. Бұл демалыс күні еді. Сол күні-ақ ат базарына апарып көк жорғаны салды. Адамнан малды кем бағаламайтын бай ұлы емес пе, тиінді құнын төлеп, көк жорғаны бір саудагер шылбырынан ала берген кезде, кенет көзіне келіп қалған жасты жұртқа көрсеткісі келмей, атының маңдайынан бір сүйді де, теріс бұрылып жүре берді. Әкпар мұндай құрметті туған әкесі Қарымсаққа да көрсеткен жоқ. Ал айтқанына көнбеген жалғыз қарындасы Ханшайымға істегені анау.

Енді ол сол күні кешке таман Алматыға баратын поезға мініп, Ақшатыр қаласынан жүріп кетті.

Әкпар әнеугүнгі Бүркітпен жанжалдасатын күнінің ертеңіне өзінің туған еліне тартып отырған. Ондағы ойы: бір жағынан, аз уақыт Бүркіт, Хасендердің көзінен таса бола тұру болса, екінші жағынан, баласына арнап ескі қыстауына әкесінің тығып кеткен қаражатын алу еді. Заман қандай, заң қандай, қазір ақшадан мықты серік жоқ деп шешкен.

Қыстаудағы әке аманатын бірден тауып алып, қос қалтасы қағаз ақша мен алтын теңгелерге тола томпиған Әкпардың қалаға қайтып келе жатып Шолпан аулына соғып, тыныштала бастаған көңілі қайта бұзылды. Іште жатқан кек қайтадан өршеленді. Тіпті осы ашу үстінде ол қалтасындағы бар байлығын да өш алу жолына төкпек болды. Өз қолынан ештеңе келмеген күнде Хасен мен Бүркітті жоқ етуге, ақшаны мол төлеп, кісі өлтіргіш бұзықтарды жалдап алуды да ойлады.

Осындай жан түршігерлік ниетпен Әкпар таң ата Алматыға келіп түсті.

Қаладан алыс тұратын станциядан фаэтонды арбакеш жалдап алып, бірден Қаражанның пәтеріне тартты.

Әкпар келгенде Қаражан бақшалы ауласының ішінде кеудесіне дейін жалаңаштанып мұп-мұздай арық суымен рақаттана жуынып жатыр екен. Ол сықырлай ашылған есіктің үніне ақ сабынмен көбіктенген бетін бұрып қарады да, Әкпар екенін көріп, басын изеп амандасты.

— Амансың ба, Әкпар, неғып таң атпай жүрсің?

— Таң атпаса, өзің неге тұрғансың?

Қаражан сол жуынған қалпында бетін бұрмастан даусын шығарып күлді.

— Ерте тұру — ескі әдетім.

— Кадет корпусынан қалған де...

Әкпар кадет корпусын атағанда Қаражан ұнатпай кіржің ете қалды. Бірақ сыр бергісі келмей, дереу:

— Иә, әскери қызметтің үйреткен тәртібі ғой,— деді.

Әкпар әрі қарай қайырып тіл қатпады. Тек ішінен ғана ол: «Бір кезде Қаражан кадет корпусын бітіргеніне мақтаныш ететін еді. Енді міне одан да безуге бар. О, тоба, дүние осы бетімен кете бере ме!»—деп ойлады.

Қаражан енді асыға жуына бастады.

— Ауылға барып қайттым,— деді Әкпар,— қайтадан сөйлесетін сөзім бар...

— Оны өзім де сезіп тұрмын.— Қаражан басын көтеріп жан-жағына қарады.— Сәл шыда, қазір үйге кіреміз... Мен ана турникте бір-екі дене шынықтыру қимылын Істеп жіберейін.

Әкпар күлді.

— Бұ да сол... әскери қызметтен үйренген әдетің болар?..

— Қаражан жауап берудің орнына, үлкен кенеп орамалмен денесін қатты ысқылай сүртіне бастады. Әкпар жаңа ғана байқады, ананың денесі көз тоярлықтай сымбатты екен. Қар еттері бұлшық-бұлшық, кеуде тұсы қыз емшектеніп бөлініп тұр, екі иығына екі кісі мінгендей, қарны тіпті жоқ деуге болады, жаратылған бедеудің қарнындай жіп-жіңішке... Әкпар амалсыз торсықтай болып томпайып шығып келе жатқан өз қарнына қарады. Маған да дене шынықтыру қимылдарымен шұғылдану керек болар. Қарныңның шыққанына қазір мақтанатын кез емес қой».

Қаражан бұл кезде екі ағаштың ортасына тартып қойған жуан темір — турникті екі қолымен шап беріп ұстай алып, алуан түрлі қимыл істей бастады. Біресе темірдің үстіне шығып кетеді, біресе сом темірді солқылдата шыр көбелек айналады. Екі қолы мұндай күшті болар ма, турникке қысқаштай жабысып алып, денесін бір алға, бір кейін лақтырады-ай кеп, лақтырады-ай кеп...

Әкпар досының мұндай өнерін бұрын көрмеген-ді. Енді оның қимылына әбден риза болып тұр. «Кадет корпусы әр нәрсеге-ақ мықтап үйреткен екен. Мен мұның бұрын алты атармен қабырғадағы шыбынға дәл тигізетін мергендік өнерін ғана білетін едім... Тағы да мен білмейтін қандай артықтығы бар екен?»

Қаражан дене шынықтыру ісін бітіріп болды да Әкпарға:

— Жүр, үйге кірейік,— деді.

Өзі есігін ашып, алға Әкпарды жіберді.

— Кіре бер, Мәрукей әлі ұйықтап жатыр,— деді.

Бұлар еден тақтайы әдемілеп сырланған кішкентай сенектен өтіп, ауыз бөлмеге кірді. Кент әдетінше асыл дүниелі мүлікпен жиналған шағын бөлме, тап-таза боп құлпырып тұр. Ортада гүл төккен қызыл барқыт дастарқанмен жабылған дөңгелек стол, стол жанында дастарқан түстес қызыл барқытпен отырар жерін көмкерген алты арқалы орындық. Стол үстінде терезеден құйыла түскен күнмен шағылысып күміс подноста Қытай фарфоры, әшекей суретті шыны аяқ, бірінің үстіне бірін үйіп қойған шеттеріне алтын жалатқан тарелке, күміс қасықтар. Жерде өрнекті, түкті үлкен жасыл кілем. Бір бұрышта үйдің төбесіне дейін жеткен жалпақ сырлы айна...

Әкпар айнаға көзі түсіп кетті де, кенет тандана тұрып қалды. Денесі бір түрлі шымырлап кетті. Айнаға қарама-қарсы есіктен ақ күміс болыскей кең кереует үстіндегі ақ мамық құс төсекте сарғылт шашы ақ жастық үстіне шашыла төгіліп, кеудесіне дейін ашылып, аппақ жұмыртқадай боп Қаражанның әйелі Мәрукей жатыр.

Біріне-бірі көзі түсіп кеткен Мәрукей мен Әкпар амандасарларын да, амандаспастарын да білмей, тек күлімсірей қарайды. Ерке әйелдің Әкпардан ұялатын түрі жоқ, көзімен жас жігітті ішіп-жеп өліп барады. Бір кезде ол:

— Ы-й, Қаражан, бұ синің дружогин ми? — деп үстіндегі көрпесін лақтырып тастады да, екі санын жарқ еткізіп, орнынан атып тұрды.

— Бұл Әкпар мырза ғой...— деді Қаражан, есікті тарс еткізіп жауып.

Аздан кейін әлгі бөлмеден, үстіне қызыл шайы халат киіп, ырғала басып Мәрукей шықты. Ұзын бойлы, толық балтырлы ұзын аяқтары оқтаудай тіп-тік, алшақ кеуделі, сырт пішіні өте сымбатты әйел екен. Жаңағының арасында сары алтындай сап-сары қою шашын желкесіне тоқпақтай етіп түйіп те үлгеріпті. Кішкентай құлағына салған көк меруертті алтын сырғасы, жұп-жұмыр аппақ мойнына таққан, жуандығын шынтақтай етіп, ұсақ, меруерттен ерген моншағы, қолындағы сары алтын жалпақ білезігі, әйелдің бай үйден шыққан жан екенін аңғартады. Жасы отыз бестер шамасында. Дене құрылысы қанша шапсаң да, талмайтын бедеу секілді. Әлі бала таппағаны да өзін қыздай етіп ұстаған кейбір шолжаң қылықтарынан, әсем қимылдарынан сезіліп тұр. Оймақ аузын сәл аша, тостағандай үлкен көгілдір көзін күлімдете, төргі бөлмеден шығысымен, аяғын былқ-сылқ басып Әкпардың қасына келді де, Қаражанның таныстыруын күтпей, өзі қолын ұсынды.

— Знакомый бұлиық, исимім Мәрукей,—деді еркелей сөйлеп.

Әйелдің қолы жұп-жұмсақ, кіп-кішкентай екен, әлденеге Әкпардың бойы кенет тағы да шымырлап кетті.

— Әкпар Қарымсакович,— деді ол сәл сасыңқырап, қай тілде сөйлерін білмей,— Қаражанның ипташы боламын...

— Ипташ, курасіз артығызға типқаш,— деді әйел күліп, еш нәрседен қысылмай. Бұл оның әзілі болу керек. Бірақ Әкпар сасып қалды. Саспай қайтсін, үйге кірмей жатып, артынан тебетін болса... Ал әйел құмар, арам ойлы Әкпардың осы әйелді көргеннен-ақ көңіліне әлденелер түсіп, мазасы кете бастады. Әрине мұндай жерде ол сұлу жеңгесінен құр қалғысы келмейді, «аға өлсе, іні мұра» деп өскен бейпіл мінезді бай баласы, достық, жолдастық-борыш дегенді, сыйласқан серіктің көзіне шөп салмау керек деген ұғымдарды, ыңғайы келген жерде тіпті ойына да алмақ емес.

— Әкпар, сен менің Мәрукейімнің қалжың сөзін теріс түсініп жүрме,— деді күлімсіреген болып Қаражан,— кейде осылай шолжаң сөйлейтін әдеті бар.

Әкпар жауап беріп үлгіргенше, Мәрукей оған тағы бір сиқырлана көз тастады да:

— Прислугаға шай готовить иткизәйін,— деп аяғын бұрала басып үйден шығып кетті.

...Мәрукей бір кезде Ақшатыр қаласындағы аты шыққан сұлу болатын. Әкесі Галиулла, бүкіл Арқаның Қызылжар, Ақмола, Семей, Атбасар секілді кіндік қалаларының бәрінде де дүкен ұстап, сауда жүргізген шоқынды татар байларының бірі еді. Мәрукей осы татар байының ерке-шора жалғыз қызы. Оның шешесі ерте өліп, Галиулла бөтен әйелге үйленген. Бұл Ольга Павловнаның жүзігімен шәлісін сатып алатын сәудегер әйел еді. Әкесі конфискеленіп жер аударылып, әрқайсы өз бетіне кеткенше осындай өгей ананың тәрбиесінде өскен қыз оңар ма, сонда да жас кезінде: «Шіркін-ай, Мәрукейге үйленсем!» демеген Ақшатыр қаласында татар, қазақтың бас көтерер жігіті қалмаған. Бірақ қыз бұлардың біріне де шықпады. Оған ең үлкен себеп өзінің жігіт десе көңілшек мінезі болды... Жұрт «Мәрукей жігіттермен ең алдымен төсегінде танысады екен» деген лақап та таратты, бірақ әкенің байлығы, қызының нелер сөкет қылығына да қорған бола алған. Оның кейбір бозбалашылық әңгімелерін естіп жүріп те: «Шіркін-ай, Мәрукейге үйленер ме еді!» деп аузынан суы құритындар табылатын. Мүмкін олардың кейбіреуін әке байлығы, кейбіреулерін сұлулығы қызықтырған шығар.

Жігіт бола бастаған кезінде Мәрукейді Әкпар да көрген.

Ертіс өзенінің әбден көк мұз боп қатқан кезінде Ақшатыр байларының жорға салыстыратын салты болатын. Осындай бір бәйгіде, қасықтай сұлу қара қашауаға, пастромка шілияларын күмістеп тастаған есік пен төрдей қара арғымақ жеккен, үлде мен бүлдеге бөленген Мәрукей алдынан зымырап өте шыққан.

Міне осы Мәрукейді ойламаған жерден тағы кездестірді. Бірақ бұл жолы ол алдынан қол жетпес бір құйын тәрізді зымырап жеткізбей кеткен жоқ, күлімдей қарап, өзінің жүрегіндегі ыстық жалынының бір ұшқынын Әкпарға да ұшырған тәрізді. Жалт етіп төңкерілген көзқарасымен ол: «Егер де мен тастаған ұшқыннан жүрегіңде өрт тұтанып, жаныңды қоярға жер таппасаң, өзіме кел, сендіретін емін өзім табам» деген ишарат көрсеткендей. Әкпар дәл осы минутта Абайға тағы бас ұрды. «Махаббат тілі — тілсіз тіл» деп қалай тауып айтқан шіркін ақын!»— деді ол ішінен, «мынау көзқарас — махаббат сезімінен туған көзқарас». Бірақ Әкпар өзінің де, Мәрукейдің де көзқарастары махаббаттың көзқарасы емес, нәпсі желігін әлі ауыздықтай алмаған, жүректің таза, тәтті сезімінен гөрі, дене қуанышын арман еткен, көңіл желігінің ауанымен іп-ілезде «ғашық» бола қалатын, көрсе қызар екі адамның еріккендігі екенін ойламады.

— Қосылғанымызға бір айдан асып кетсе де, әлі тойымыз болған жоқ,— деді Қаражан ананың ойын бөліп. — Бұрынғы ері опиум сатамын деп қолға түскеніне жарты жылдай болыпты... Біздің бұрыннан да байланысымыз бар еді. Әйтеуір үйлену керек қой. — Қаражан осы әйелге үйленгенін Әкпар айып көріп отырғандай өзінің халін түсіндіре сөйледі. — Ас-суымыз жарасса, тұрып кетерміз, ал алда-жалда...

Қаражан бәрі де түсінікті ғой дегендей, сезін аяқтамай тоқтады. Әкпар да жұмған аузын ашқан жоқ. Тек ішінен «Алда-жалда Мәрукейің опасыздық істесе, оған опық жейтін түрің жоқ қой. Бұ да еске алатын дүние екен...» — деп ойлады да қойды.

Қаражан енді тікелей екеуінің жаңағы сөйлеспек болған әңгімесіне кірісті.

— Шай қайнағанша шаруаңды айта отыр,— деді ол Әкпарға, бағанадан бергі оның өзінің әйеліне деген қылығын байқамаған адамдай, ашынажай үнмен.

— Менде жыр қыларлық не шаруа бар дейсің, баяғы бір зар да... Еліңнің зары, жеріңнің зары, күйдіріп өртеп әкетіп бара жатқан өзімнің зарым. — Әкпардың беті дәл осы минутта үлкен кектің, ызаның белгісін көрсетіп, бір тамыры бүлк етпес тас мүсінге ұқсай қалды.— Әнеугі жиналыстан кейін, сол түні мен Бүркітке жолықтым,— деді ол сыбырлай сөйлеп,— оның жолы біздікінен біржолата ажырасқан екен, айтқаныма қайырылмай кетті...

— Сыбырламай-ақ айта бер, бұл үйде біздің сөзімізге құлақ қояр адам жоқ. — Қаражан сәл үндемей қалды да, езу тартып күлген секілденді.— Мәрукейдің саясатта шаруасы жоқ... Оған қызылың да, ағың да бәрібір, тек ақша мен жігіт болса болғаны...

Әкпар Қаражанның әйелі жайында айтқан сөздерінен бұл екеуінің арасы ұзаққа бармайтынын тағы да аңғарды. «Мейлің, сенің көңілін оған осындай болса, арамызда ол жайында, өкпе-өштік туа қоймайды екен. Бұл да менің ұпайыма...»

Енді ол өзінің Бүркітке жолыққаннан кейін ауылға барғанын, Шолпанмен кездескенін, оның да өзгеріп кеткенін айта келіп:

— «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас» деуші еді үлкендер... Солары қате ме деп қалдым,— деді ол.— Мен көрген ауыл — жаңа жолға түскен ауыл, бірлесіп ел-жұрт болуға ниеттенген ауыл. Тіпті кешегі шөп желке қыздары да бүгін саған ақыл айта бастапты. Соның бірі — менің қалыңдығым Шолпан... Маған тап жауымсың деген айып тағып, нашар мінез көрсетті. Қорлығына шыдай алмадым, оңаша жер еді, қамшының астына алдым-ау кеп, алдым-ау кеп!..

Қаражанның риза болып қалғаны түрінен сезіліп тұр. Көзінде бір от пайда болып, екі қолын уқалай берді.

— Дұрыс істегенсің. Әйтеуір, ешкім көрген жоқ па?

— Уақиға көш-жөнекей болды. Қыздың айқайлаған дауысын естіп, ауыл жігіттері атой беріп маған лап қойды. Астымдағы көк жорғаның жүйріктігінің арқасында әзер құтылдым.

Қаражан мырс етіп күліп жіберді.

— Қойға тиіп қашқан қасқырдай болған екенсің ғой?

Әкпардың қабағы «несіне кекетесің?» дегендей қосыла түсіп, түксие қалды.

— Біреуге ойын, біреуге өлім керек.

— Ренжімей-ақ қой. Әкпар, мен де қай бір жетісіп жүр дейсің, әшейін көкіректегі ызаның салдары ғой... Айта бер сөзіңді...

Әкпар қалаға келіп көк жорғасын сатқанын, енді өзінің не істеуге білмей дағдарып тұрғанын Қаражанға мұң етіп шақты да:

— Қайыққа бір мінген жан едік, мына заман толқыны аударып кететін түрі бар ғой, ақылыңды айт, не істеуім керек?—деді. — Бүркіт ергенде, шет елге қашам ба деп едім, ол тіпті маңайына жолататын емес... Жалғыз барып не істеймін, мен секілді қаңғығандар аз ба о жақта... Қазақ: «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп бекер айтпаған секілді. Егер Бүркіт ергенде бір сәрі, алыста жүрсең де, айбалтаңды көрсете жүресің ғой... Елімізге өзіміз келе алмасақ та, ақынның өлеңі келетін еді ғой... Бұ да айқастың бір түрі емес пе еді...

— Және қазіргі сатыда ең керек, ең күшті түрі,— деді Қаражан.

Әкпар ауыр күрсінді.

— Амал не, «Қанына тартпағанның қары сынсын» дейді ғой, Бүркіт дәл сын сағатта өз тобына бұрылып кетті. Енді маған қандай ақылың бар?

Қаражан үндемей ұзақ отырды. Әлден уақытта барып:

— Ақылым біреу-ақ,— деді ол Әкпарға жақындай түсіп. — Әзірге бұл арадан көз тасалай тұрған жөн. Бүгіннен қалмай Қазақстан жерінен кетуін керек.

«Бар тапқаның осы ма? — Әйеліңді қызғанып отырсың ғой. Бәсе, не қып ши шығармады деп едім, ойың алыста жатыр екен ғой. Бірақ тым келте қайырған тәріздісің... Мен бұл арадан көзімді жоғалтар болған күнде де, бір күндік болса да арманыма жетіп кетермін...»

Бірақ ол Қаражанға:

— Қашқанда мен қайда барам? — деді.

— Бекер-ақ Шолпанды ұрған екенсің, енді қара да тұр, ел болып үстіңнен сотқа арыз жазады. Және Бүркітке де сырыңды орынсыз көп ашып жібергенің қалай? Әкпар маған қашайық деді деп, заң орнына хабар бермесін қайдан білесің? Бұл заманда адам өз қамы үшін өзгені аямайтын болып кетті ғой,— деді ол сөзің астарлай сөйлеп. — Саған қашудан бөтен қазір жол жоқ. Оның үстіне, жаңа өзің айттың ғой, ауыл өзгеріп бара жатыр деп. Қазір оған сен екеуміз ештеңе де істей алмаймыз. Мекіре балық басын жарға соқпай, тоқтамайды. Қайткен күнде де сені мен маған әзірге бой тасалай тұру қажет.

— Түсіндім. — Әкпар шешімге келгендей қысқа сөйледі. — Қаш десең, қашайын, бұл дұрыс жай тәрізді.

— Жоқ, қашу керек деген сөзді сен дұрыс түсінбеген секілдісің ғой,— деді Қаражан сәл жадырай түсіп,— дұрысын айтсам, сен жылдам Алматыдан кетесің... Бұл арадан кетудің екі жолы бар: бірі — әкең аты Қарымсақты Құрымсақ деп өзгертіп, жаңа ашылып жатқан Қарсақбай, Қарағанды секілді өндіріске жұмысшы болып барасың... Тіпті әке атын өзгертпесең де жарар, әзір дос-жарларыңның арасында «әкесімен ой-тілегі жараспапты, сондықтан да оған ермей қалыпты» деген жақсы лақап тарап кетіпті ғой, соны пайдаланған жөн. Бұндай адамның пролетариат болам дегеніне ешкім де күмәнданбайды. Өзгеге берген қайла-шотты сенен аяй ма?.. Өткір кездік қап түбінде жатпас, оқыған жассың, бір-екі жылда өзің де бір жерден тесіп шыға келесің... Бұл көкейіңе қонбаса, екінші жол тағы бар.

— Ол қандай жол?

— Россияның бір қаласына оқуға кету керек, қазір толып жатқан рабфак, институттар ашылып жатыр, біріне түс те, жатпай-тұрмай тез бітіріп шық. Бұл жол — даңғыл жол.

— Міне, бұл маған ұнайды. Бірақ шет елге қашқан байдың баласын, кім институтқа алады? Осы күні кедейлер мен жұмысшы балаларына ғана жол ашық. Ондай сенім қағаздарды мен қайдан аламын?

— Саған ондай қағазды тауып бере алмайтын болсам, несіне мен халық ағарту комиссариатында жұмыс істеп отырмын? — Қаражан енді күле қарады. — Оның бәрі де дайын болады. Егер шын оқуға барғын келсе, Қазақстанға жіберілген орынның біріне қолыңа арнаулы жолдама да беріледі. Свердловск қаласында биыл ашылатын түсті металл мен алтын кенінің институтына дәл бүгіннің өзінде екі орын бар. Мақұл көрсең, бірін өзіңдікі деп санай бер.

— Тәуекел, мен дайын.

— Онда бүгінгі поезбен жүріп кетесің. Бар қағаздарыңды кешке қызметтің аяқ кезінде кеңсеме келіп өзімнен аласың.

— Жақсы.

— Ал Бүркіттің жазасын тартқызу — менің міндетім...

Осы кезде қартаңдау орыс әйеліне самаурынды көтерткізіп үйге Мәрукей кірді.

Бұлар шүйіркелесіп отырып шай ішіп болды да, Қаражан мен Әкпар шаруаларына кеткелі орындарынан қозғалды.

— Жолыға алмай жүріп кетсем, қош болыңыз,— деді Әкпар Мәрукейдің қолын қатты қысып.

— Жоқ, сыз мині күрәрга обьязансыз,— деді әйел жігіттің көзіне көзін ойнақши қадап, ананың қолын қаттырақ қысып.

Жігіттер шығып кетті. Бір квартал өткеннен соң Әкпар Қаражанның кеңсесіне түс ауа бармақшы боп уәделесіп бөтен шаруаларымды бітірейін деп анадан бөлініп, басқа көшеге бұрылды.

Аздан кейін Қаражанның тікелей кеңсесіне тартқанына көзі жетіп, Әкпар, бір-екі көшені орала өтіп, жаңа ғана өзі шыққан үйіне қайтып келді.

Мәрукей бұны терезеден қарап күтіп тұр екен.

— Сіздің возвращаться итатыныңызды мен чувствовать итіп идім,— деді ол жайнай түсіп, есікті ашып жатып.

— Қойыңызшы.

— Сердце бит любит иткан адамын всегда чувствовать итә...

Әкпар есіктің тиегін сала қойды...

Түс ауа «бар шаруасын бітірген» Әкпар Қаражанның кеңсесіне келіп, өзіне дайындап қойған қағазды алды.

Станция басына оны Қаражан өзі шығарып салды.

— Қош бол, бауырым,— деді Қаражан Әкпарды құшақтап тұрып, поезд жүрер алдында,— жолыққанша сау бол...

— Өзің де аман бол, жан дегенде жалғыз серігім.— Әкпар көзіне келіп қалған жасын көрсетпейін дегендей теріс айналып кетті. — Бүгінгі маған істеген жақсылығыңды тірі жүрсем ұмытпаспын, бір қайырармын...

Поезд қозғала берді.

— Свердловскіге барған соң хат жаз...

— Жеңгейге сәлем де!

Поезд ұзай берді.

V

Арада бір жарым жыл уақыт өтті. Бұл екі ортада қазақ жерінде жер болу, байларды конфискелеу тәрізді халықтың болашағы үшін саяси маңызы зор науқандар аяқталды. Енді ауыл шаруашылығын жалпылай бірлестіру жұмысына дайындық жүргізіле басталды.

Қарағанды, Жезқазған, Риддер, Нілді кен орындарында өндіріс жұмысы қызу жүргізіліп, Алматы үстінен Түркістан — Сібір темір жолы өткізілді.

Ғасырлар бойы жел сарнаған қазақ жерінде енді завод гудогі мен паровоз айқайы естіліп, кешегі мал бағуды ғана білген қазақ шахтадан кен алуды да үйренді. Бүкіл Сарыарқа, Жетісу, Жайық, Сырдария бойында жаңа рух, жаңа күй пайда болды. Қазақтың жаңа талап жас өспірім ұрпағы білім сәулесіне құлаш жайды.

Жаңа өмірді құшағын жая қарсы алған кешегі қазақтың жүзінде шаттық сәулесі ойнады. Шырқап салған жастар әніне, өмірдің тамаша жаңа музыкасы қосылды. Кімнің бетіне қарасаң да, жүзінен аңсаған мақсатына,тілеген арманына жеткенін сездірер қуаныш бейнесін аңғарасың. Бүкіл қазақ жерінде осы қуаныштан құр қалған бір-ақ адам бар секілді. Ол — біздің ежелгі танысымыз, ардагер ақынымыз Бүркіт.

Бүркіт, Әкпар айтқандай, не ескі жағада қала алмады, не жаңа жағаға жете алмады, қанша қарсыласса да басқаруынан айырылған жел қайықтай, өмір толқынының асау екпіні қайда қуса, солай қарай амалсыз аға берді. Кеше ғана «Елім!» деп қуанышты көңілмен дүниенің есігін ашқан жас қыран, бүгін жердегі шалшық суда малтуға мәжбүр болған жемқұсындай, алыс қияға қанат қаға алмады. Оған күші жетпеді.

Заманының қарқынына шабыты шалқып ере алмаған ақын, кісендеулі жылқы тәрізді, қанша жүрдек болса да алысқа бара алмайды. Бүркіт те осындай халде еді. Оның мұндай күйге жетуіне екі жағдай себеп еді.

Бірі — Қаражан. Ол айтқанынан шықты. Әкпар жүріп кеткен күннің ертеңіне, өзінің қарамағындағы газет-журнал редакторларын тегіс жинап алды. Әрі-бері газет-журнал беттерінде шығуға тиісті күрделі тақырыптарды әңгіме етіп келді де, «біздің баспасөзімізде бұдан былай қарай ұлтшылдық сарындар орын алмайтын болсын» деп айтайын деген ойының шетін көрсетіп қойды да, тікелей Бүркіттің шығармаларына көшті. Оның ерте кезде басылған өлеңдерін жұрттың алдына жайып салды.

Отырғандар бұл қағаздармен танысып болған кезде:

— Бүркіттің бұл жазғандарының бәрі ойыншық қой, шығармаларының сорақылары жұртқа қолжазба ретінде тараған,— деді қабағын түйе. — Әсіресе мына бір өлеңін қараңдаршы, — ол Бүркіт өлеңін нәшіне келтіре оқи бастады.

Бұл оның «Аулым да жоқ, бауырым да жоқ» деп басталатын өлеңі еді.

Қаражан бастан аяқ оқып шыққанда, кейбір қорқақ редакторлар:

— Япырмай, мынаның өзі барып тұрған контр екен ғой, тіпті халықты үкіметке қарсы шығуға шақырып тұрған жоқ па,— деп жағаларын ұстасты.

Қаражан оларға:

— Ақшатыр қаласының заң орындары абақтыға отырғызған болатын, неге босатқандарын білмеймін. Мүмкін оны әдейі бос ұстап, кімдермен қарым-қатынасы бар екенін білгілері келген болар,— деп сөзінің ар жағын тіпті тұмандата, аналарды бұрынғысынан жаман қорқыта түскен.

Гаврилов арқылы ара түсіп, Бүркітті Хасеннің босатып алғанын Қаражан жақсы білетін. Бірақ ол бұны жасырып, аналарды шошытқалы әдейі өтірік айтып отыр. Мұндай сөзден кейін кім Бүркітке ара түссін, отырған редактордың бәрі бірдей оның шығармаларын өздері басқарып отырған газет-журналда Қаражанмен ақылдаспай баспаймыз деп уәдесін берген.

Тек жастар газетінде істейтін, Бүркіт КазАПП-қа кірем деп арыз берген жиналыста жақтап сөйлеген жас жігіт:

— Біз өз газетіміздің келесі номеріне Бүркіттің «Еркебұлан мен Нұржамал» дастанын жібермекшіміз. Дастан теріліп қойды,— деді сәл қызына сөйлеп. — Дастан сондай көркем жазылған, оны баспау тек Бүркітке ғана емес, бүкіл әдебиетке істелген зорлық болар еді,— ол Қаражанға түйіле қарады. — Егер Бүркіттің бұл шығармасын басуға қарсы болсаңыз, онда бізді мәселені Өлкелік жастар комитетінің алдына қоюға мәжбүр етесіз. Біз бұндай ескіліктің әдет-ғұрпын, ақсақалдар билеген қазақ ауылының жан түршігерлік шындығын әшкерелейтін шығарманы баспай тұра алмаймыз. Мен өз басым Бүркіттің қателескен кезінде шаруам жоқ, ал мына шығармасын қазақ жастарына үлгі боларлық шығарма,— деп сөзін аяқтады.

— Жарайды, жіберсеңдер жіберіңдер,— деді Қаражан сәл ойлана,— тиісті орындар алдында өзім жауап берермін. Әрине, айып сендерде емес, өзімде. Осы уақытқа дейін Бүркіттің кім екенін айтуым керек еді,— деді ол мойнына бір үлкен кінәні алғанын білдіріп, қинала — бірақ бұдан былай қарай естеріңде болсын, Бүркіттің әр сөзі таразыға салынып, терең тексерілсін.

Қаражанның бұл дастанды баспаға жібермейтін лажы жоқ-ты. Журналдағы әңгімесі алынып қалғаннан кейін, Бүркіттің КазАПП бастығына барғанын білген. КазАПП бастығы Қаражанға телефон соққан, Бүркіттің жақсы шығармаларына кедергі істемеуін өтінген. Егер жоқты сылтау етіп, кедергі істейтін болсаңыз, әңгімені бөтен түрде қоямын»,— деген. Өлкелік партия комитетіне баратынын да жасырмаған. Бұндай жағдайда Қаражан «Еркебұлан мен Нұржамалды» бастырмаймын деп айта алмады. Бүркітті ол бөтен бір істе де құлатқан. Кеше «Сенімсіз адамға жастарды тәрбиелеуге болмайтынына» дәлелдеп, Бүркітті мұғалімдік жұмысқа жібермейтін еткен. Осылай ұпайы түгел Қаражан бұ жолы көнбеймін деп қарыспаған. Дастанын бастырғанмен, жұмыссыз қалған Бүркіт артынан көп қиналған, сабақ беруден бөтен мамандығы болмағандықтан, тек қана рухани түрде емес тұрмыс жағынан да жүдей бастаған.

Бүркіттің орта жолда қалуына екінші себеп болған жағдай: оның осы кезде өз тақырыбын таба алмауы еді. Жүдеп жүрген шағында жастар газетінде шыққан «Еркебұлан мен Нұржамал» дастаны Бүркітті осындай «өтімді» тақырыпқа әлсін-әлсін қайта оралтты. Және бұндай «ғашықтар» өлімін жазған сайын, оның қаламы үшкірлене түсті. Сөйтіп, өзінің жақсы білетін қазақтың ескі ауылының өмірі енді бұның жан азығына айналды. Бүркіттің шығармаларында азаматтық, саяси тақырыптар кейін кетіп, жаратылысты мадақтау, ән, күй, жайлау, махаббат үндері көбірек естілетін болды. Қазақтың ескі ғұрпы, ата дәстүр енді ел-жұртының түсер жолы емес екенін түсінгенмен де, ішіне кіріп өзі біте қайнамаған жаңа өмір бұған жұмбақ бола берді. Сондықтан да оның жаңа өмір жайында жазған өлеңдері нәрсіз, жансыз, құр «Жасасын Совет!» деген ұранның төңірегінен аспады. Бүркіттің бұрынғы идеялық кейбір ұрда-жықтау қас адамдары, оның мұндай сәтсіздігін пайдаланып, жас ақынға жәрдем берудің орнына: «Бүркіттің бар сезімі, жүрегі ескі өмірде. Ал жаңа өмір оған жат, оны Бүркіт қабылдай алмай отыр»,— деп шулай жөнелді. Шын жүрегімен жаңа заманды қарсы аламын деп талпынған Бүркіт, мұндай сыннан кейін алға басқан аяғы кейін кетіп, кәдімгідей абыржуға айналды. Бұл абыржудың аяғы барып Бүркітті өзіне-өзі сенбестікке, «Осы мен жаңа заманға керекпін бе, жоқпын ба?» деген күдікке апарып соқты. Ақын, жазушыға өзінің түскен жолына күдіктену, ол — жүректе жатқан бар дарынын, бойына біткен бар қуанышын тегіс жұмсай алмау деген сөз. Бұндай жағдайда оның шығармасының ойдағыдай талантты шығуы да екіталай. Міне, Бүркіт осындай жағдайға ұрынған-ды. Бірақ бойға біткен дарын, қайтсем де жазсам екен деген тілек оған ерік бермеді, жаздырмай қоймады. Осынау іште жата алмай лықылдап келген күш, жер астында бұрқырап тұншығып жатқан тас бұлақтай, сыртқа шығатын арна іздеді. Әрине тас бұлақ граниттен гөрі осалдау жерді жарып шығады. Бүркіт те сөйтті. Жаңа заман — гранит болса, ескі өмір — қашауын тапса, оңай қопарылар бор тас емес пе? Ойыңдағы мүсінді граниттен гөрі, бор тастан ою жеңіл. Бүркіт те сөйтті. Ал оның бұл әрекеті, кейбір сыншыларға «Ескі заманнан айрылғысы келмеген, жаңа заманның шаттығын көрмеген» деген Бүркітке тікелей саяси кінә тағуға жол ашты. Бұның бәрі Бүркітке әңкір-мүңкірдің күрзісінен кем тимеді.

Адал ниетін арамға шығарғанға, нәзік ойлы, адал жанды ақын түгіл, ары таза жай адам да шыдай алмайды. Бүркіт те қажуға айналды. Енді оның шығармаларында жалғыз ғана ескі өмірдің тақырыбы емес, өкпе, наразылық, күйіну үндері көбірек көріне бастады. Бұны түсінбеген жұрт тағы да бас салды. Енді оған «жаңа заманға көңілі толмайды, налиды. Ескіні көксейді, соны жоқтайды. Сондықтан Бүркіт сары уайымшыл, келешекке сенбейтін жан» деген тұмар тақты.

Бұның бәрі Қаражанның отына май құйды. Ол енді Бүркітті ашық табалауға айналды, жазғандарын газет-журнал беттеріне мүлдем бастырмауға мүмкіндік алды. Ал шығармасы басылмаған ақын, жазушыдан бақытсыз дүниеде кісі бар ма? Бүркіт те енді шын бақытсыз жанға айналды. Жүдеген үстіне жүдей түсті.

Міне, бүгін де осындай сәтсіз күннің бірі еді. Таңертеңнен-ақ күн тымырсықтанып, сонау көкті торлаған қалың мақтадай қою сұрғылт бұлт адамның иығынан басып, көңілді бір көтертпей-ақ қойды. Жайшылықтағы ақ сәлделі Алатау бүтін төбесіне бір қалың көрпе жамылғандай, ұшар басын бұлт торлап, көзге де көріксіз көрінеді. Ағаштар жаңа бүршіктеп, көк шөп енді ғана қылтиып көтеріле бастаған. Көше әлі аласапыран, қар бір күн кетіп, бір күн қайта жауып, әбден жұрттың мазасын алып болған. Онсыз да көңіл ашылмай жүрген Бүркіт бүгін күндегісінен жүдеу. Қолында «Орыс абақтысы тарихының» үлкен томы, анда-санда кітаптан көзін алып, терезеге ойлана қарап қойып, жұмсақ диван үстінде жатыр. Ольга Павловна анадай жерде киім өтектеп жүр. Бұның да жүзі солғын. Аңдап қараған адамға үй іші де жүдей түскен тәрізді. Бұрын көзге бірден түсетін болыскей самаурын, ағашын оюлаған үлкен қабырға сағаты енді көрінбейді. Бәрі де сатылып кеткен. Бір кезде Ольга Павловна қолындағы өтегін жоғары көтеріп: «Енді не сатамыз?» деп үй ішіне шаршай көз тастап, ойлана қалды.

Осы сәтте біреу есік қақты.

— Кіріңіз,— деді Ольга Павловна есікке қарап. Хат тасушы қыз екен. Сірә, ол бұл үйдің әр почтадан бір жақсылық күтетінін сезетін тәрізді. «Тағы да сіздер қуанатын ештеңе жоқ-ау» дегендей Ольга Павловнаға қинала қарап, қолындағы үлкен пакетті берді де:

— Хош болыңыздар,— деп асыға шығып кетті.

Бүркіт орнынан тұрды да, әйелінің қолынан пакетті алып, асыға аша бастады. Өз қолымен жазған жуан дәптерді алып, стол үстіне қойды да, дәптерімен бірге келген машинаға басылған алақандай қағазды оқуға кірісті.

— Не жазыпты?— Ольга Павловна күйеуінің бетіне толқи қарады.

— Өзің оқы...

Ольга Павловна қағазды қолына алып, ақырын ернін қыбырлатып:

— Сіздің «Даладағы ән» әңгімеңіз біздің журналғa...— деп ежелей оқып келе жатты да, кілт тоқтай қалды.

— Жарамайды дейді!— деді Бүркіт әйелінің оқығысы келмеген жеріндегі сөзді кенет ашулана айтып. — Неге жарамайды? Былтырдан бері екі повесть, үш дастан жаздым. Бірі де басылған жоқ. Бәрі де бір жапырақ қағазбен «сіздің бұл қолжазбаңыз біздің журналға басуға келмейді», не болмаса, «жарамайды» деген сөзбен қайтып келді.— Бүркіт сөйлеген сайын ызалана түсті.— Жоқ, менің шығармам емес, менің өзім сендерге «жарамаймын» ғой! Одан да тікелей: «Бүркіт Күнтуаров, сіз бізге қолжазба жіберіп әуре болмаңыз, бәрібір баспаймыз. Өйткені сіз керегіңіз жоқ адамсыз!»—демей ме?— Бүркіт кенет стол үстіндегі дәптерін алып, быт-шытын шығарып жырта бастады.— Жарайды, жазба десеңдер жазбай-ақ қояйын! Сендер-ақ жазушы болыңдар, сендер-ақ ақын болыңдар! Ақын Бүркіт Күнтуаров бүгіннен бастап өлсін, құрысын! Күнін көру үшін, жалғыз әйелін аштан өлтіріп алмас үшін қой бақсын, күл шығарып, от жақсын! Сөйтсін!— Ольга Павловна Бүркіттің қолына жабысты, бірақ анау оған қарамастан, жуан дәптерді бөлшектеп жыртты да, лақтырып жіберді. Үй ішін жапырақ-жапырақ қағаз басып кетті.

Көптен бері іште тұнып жатқан ашуы кенет осылай сыртына шығып, Бүркіт өзін-өзі ұстай алмай, енді адымдай аттап үйді кезе бастады. Ольга Павловна ерінің мұндай халге жеткеніне күйініп, көзіне келген ыстық жасты қолымен сүртіп, теріс бұрылып кетті.

— Жоқ, сен жазасың!—деді бір күшті дауыс дәл осы кезде.

Бүркіт басын көтеріп алды. Ольга Павловна да жалт бұрылды. Есік алдында Хасен тұр екен. Қолында папкасы. Сірә, үйге кіргеніне біраз уақыт болған тәрізді, жерде жатқан қағаздарды неге жырттыңдар деп те сұраған жоқ. Бар болғаны жоғарырақ шығып, папкасын столдың үстіне қойды да, ақырын күлімсіреді.

— Шығармаларыңның не жазығы бар? — деді ол, сөйтті де еңкейіп, жерде шашылып жатқан қағаздарды жинай бастады.

— Хасен,—деді Бүркіт орнынан атып тұрып,— келіп қалғаның ба?

— Кеше келіп түстік. Саған жеткенімше сол болды.

Ольга Павловна да кенет күлімсірей Хасенге қарады:

— Аман-есен келулеріңмен құттықтаймыз! Ханшайым қалай? Ол әбден москвичка болып алған шығар?..

— Әйдәй, несін айтасыңдар. Қазір Ханшайымды танымай қалуларың мүмкін. Бөпеміз де апыл-тапыл жүре бастады.

— Қойшы? Атын кім қойдыңдар?

— Зурә... Ханшайым бірге келем деп еді, Зурәні балалар бақшасына орналастырмақ болып кетті. Өзін Өлкелік партия комитеті командировкеге жүргізбек...

— Солай ма? Құтты болсын, Хасен, құтты болсын!— деді Ольга Павловна Хасеннің екі қолын бірдей қысып,— Ханшайымның саған серіктікке жарағанына қуаныштымын. Ал біз...— Ол өздерінің әлі балаларының жоғына және істерінің жөнделмегеніне қысылғандай сәл кібіртіктеп қалды.— Әзірге... екеуден екеу-ақпыз... және,— деп келе жатты да кенет,— туу, мен неге тұрмын? Қазір шай қайнатып жіберейін, сендер сөйлесе тұрыңдар,— деп ауыз үйге қарай асыға басып шығып кетті.

Хасен осыдан бір жарым жыл бұрын Мәскеудегі баспасөз қызметкерлерін дайындайтын оқуға жіберілгенді. Ол жақта арнаулы пәтер беретін болғандықтан, Ханшайымды өзімен бірге ала кеткен. Барысымен кеп кешікпей әйелі қыз тапқан. Хасен Мәскеуден «Шаруаң қалай?» деп Бүркітке бір-екі мәртебе хат та жазған. Жаратылысынан тәкаппар, біреуге мұңын шағуды қор көретін Бүркіт оған «шаруам жаман емес, жақында повесть бітірдім, басылуын күтіп жүрмін» деп жауап қайырған да қойған. Дегенмен, анау бұның шығармаларының басылмай жатқанын, досының ауыр халге ұшырағанын білетін секілді. Сөз ыңғайы соны аңғартқандай.

Ольга Павловна шығып кеткеннен кейін, Хасен:

— Алдымен мына қағаздарды жинап алайық,— деді де, қайтадан еңкейіп, жердегі қағаздарды жинай бастады. Бүркіт те оған амалсыз қосылды. Екеуі лезде бәрін жинап алды. Хасен бір бүтіндеу параққа көзін салып, жазылған өлеңді жүгіртіп оқи бастады.

Бұлбұл ем сұлу әнді талмай салған,
Байғұспын бүгін жолда жалғыз қалған,
Аямай алдап кетті дүние шіркін,
Атақ, бақ, шаттық бәрі екен жалған.
Қайғыдан ғарып жаным пәрә-пәрә,
Сұм тағдыр жазылмастай салды жара,
Айрылып ел-жұртымнан қалдым қаңғып.
Өлеңім — жан серігім жалғыз ғана...

Арғы жағын Хасен оқи алмады, жыртылып қалған.

— Бұ не? — деді ол Бүркітке қарап.

— Жаңа дастаным. «Қорқыттың көрі» «Ел-жұртынан айрылған, қайда барса да, алдынан тек сәтсіздік қана күткен бейшара ақынның зары.— Бүркіт Хасеннің бетіне қарап, анау көңіліне күдік алып қала ма деп асыға,— уақиға он сегізінші ғасырда болды,— деді.— Бүгінгі күнге қатысы жоқ.

Хасен өлеңнің арғы жағын тағы таба алмады.

— Мынау, сірә, бас жағы болу керек? — дейді. Сөйтті де тағы да даусын шығарып оқыды:

Ойға бай, малға кедей мен бір паңмын,
Кейде түн, кейде атқан алтын таңмын,
Өнердің бойға біткен арқасында
Ел-жұртым ардақтаған тентек жанмын.
Той-думан, құрған сауық талай дүркін.
Бозбала құрбы-құрдас, қыз бен қырқын.
Келеді сендерді іздеп ақын
Аян Арқалап домбырасын — асыл мүлкін.

Хасен өлеңнің арғы жағын тағы таба алмады.

— Қысқасы,— деді ол,— өмірді қуанышпен қарсы алған ақын Аян мыңды айдаған бай қызына ғашық болады, әлде би мен ақсақалдардың бір орынсыз шешіміне қарсы шығады, сол үшін зорлық көреді, опық жейді, әділеттікке жол таба алмайды, жалғыз қалады, қайда барса да алдынан «қорқыттың көрі» Солай ма? — Бүркіт иә дегендей басын изеді. Хасен сөзін жалғай түсті.— Айтайын деген ойың да түсінікті, өлеңің де жаман емес.

— Жаман емес деп жалғыз сен ғана айтып тұрған жоқсың... Бірақ сонда да жол бермей жүр ғой.

— Мұндай қилы кезеңде жол алу оңай емес. Әсіресе сендей адамға... Оны да көрерміз. Бірақ, Бүркіт, шынын айтсам, жұртшылық сенен мұндай шығарма күтіп отырған жоқ.

— Солай дейсің бе? Онда мен мұны дұрыс жыртқан екенмін ғой? Несіне жинап алдың лақтырып таста!

— Лақтырып тастауға асықпа. Одан да қайта көшіріп, салып қой. Бұл шығармаң өзіңе де, халқыңа да керек кезі болады. Өмір деген ұзақ сапар. Оның бұлтарыс-қалтарысы көп. Бүгін аңғармай өткен көріністі, ертең еске қайта түсіру де ықтимал дүние.

— Онда әлгі сөзің не?

— Ол сөзім — осындай жаңа дәуір, жаңа тілек дүниеге келген ұлы кезеңде сен секілді үлкен ақынның ескі тақырыпты ғана жырлауы дұрыс емес деген сөз. Бүгінгі күнмен, халқыңмен бірге өмір сүру абзал. Соны жырлау керек. Мысалы, бұл істеріңнен дым шықпайды деп кейбіреулер сенбеген қазақ аулында жер бөлу, сауатсыздықты жою, байларды конфискелеу, тағы сол секілді көптеген істер жүргізілді. Соның бәрін халық, кешегі жаман тымақ кедей істеді. Және бұл науқанның бәрі сенің көз алдыңда өтті. Осы тамаша жеңістерге арналған халқыңды тебірентетін үлкен шығармаң қайда?

— Бұл істердің бәрі де газеттерде талай жазылған, қалғандарын тарихшылар жазар...

— Россияның Наполеонмен соғысқанын тарихшылар аз жазды ма? Бір ғана Данилевскийдің «1812 жыл» романының өзі не тұрады? Бірақ соған қарамай, Лев Николаевич Толстой өзінің «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясын жарыққа шығарған жоқ па? Жаңа заманға арналған сенің эпопеяң қайда?

— Бір науқан өтсе, бір науқан басталады. Ауылды советтендіру бітіп еді, енді колхоздастыру басталғалы тұр. Бұның бәрін бірдей қамтуға қандай жазушының өмірі жетеді?.. Жоқ, бұның бәрін жазу ақын, жазушының ісі емес, саясатшылардың, тарихшылардың ісі. Әдебиет пен көркем өнер тек адамды ғана жырлайды. Тек адамның ішкі дүниесі ғана олардың азығы.

Хасен кенет орнынан ұшып түрегеліп, үйді кезе бастады. Бүркіттің сөзіне ренжіп қалғаны түрінен көрініп тұр.

— Ақылды адам болсаң да, баланың сөзін айтасың,— деді ол Бүркітке бұрыла қарап,— кешегі жер бөлістің өзі бұқара халықтың Кеңес өкіметіне деген көзқарасын жақсартып тастаған жоқ па? Ертең шаруашылықты жалпы бірлестіру ісі басталғалы тұр. Ол орта шаруаның, ауыл кедейінің дүниеге деген өзімшілдік ниетін, ішкі сезімін біржолата өзгертпей ме? Бұл — адам баласы психологиясының, мінез-құлқының төңкерісі емес пе? Ал адамның мұндай өзгеруі әдебиеттің шаруасы емес деп қалай айта аласың? Білгің келсе, біздің қазақ аулында бұл өзгеріс тіпті айрықша өтуде. Өзбек, тәжіктер тәрізді халықтарға көне замандағы көшпелі өмірінен бүгінгі отырықшыл дәуіріне жету үшін қаншама ғасырлар керек болды? Ал біздің қазаққа қанша уақыт керек? Ертең бірлестік шаруаға айналған күні қазақ ауылы аз жылдың ішінде-ақ отырықшы ел болады. Поселке, аурухана, клуб, дүкендер салады. Мал шаруашылығымен қатар егін егуге кіріседі. Бұның бәрі адамға жаңа көзқарас, жаңа мінез-құлық тудырады. Мұндай жағдайда біздің аулымызда бұрынғы дәстүр, ғұрып, әдет, салт өзгермей қалуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Осы өзгерістің бәрін әдебиетте көрсету сен секілді халқын шын сүйетін ақын ұлының міндеті емес пе? Әрине, міндеті.

— Айтып тұрғаныңның бәрі дұрыс шығар, Хасен. Бірақ мен көтере алмайтын жүк.

— Неге?

— Бұның бәрін өз көзіңмен көру керек қой. Ал мен болсам...

Дәл осы кезде қолына үлкен поднос көтеріп Ольга Павловна кірді. Поднос үсті толған түрлі тамақ, піскен тауық еті, жұмыртқа, майлы шелпек, өрік, мейіз. Мойны сорайған екі бөтелке шарап та көрінеді.

— Қане, қолдарыңды жуыңдар, шай да дайын болып қалды,— деді Ольга Павловна күлімсірей сөйлеп, подносты столға қойып жатып.

— Түу, Ольга Павловна, осыншама, әуре болып...

— Со да сөз бе екен? Сендей сыйлы қонақ келгенде, ауыл әдетімен қой сою керек еді, әттең не керек, біздің отар әлі Бүркіттің ойы мен миында ғана жүр...

— Ой мен мидағы байлық ол бір мәңгі бітпейтін байлық қой, Оля,— деді Хасен де күліп,— байдың малындай оны ешкім де конфескелей алмайды.

Бүркіт әйелінің Хасенді ақ жарқын жүзбен қабылдап, лезде мұншама дәмге бай дастарқан дайындағанына іштей риза болып қалған. Ольга Павловна он алтыға шыққан күні әкесі қолына салған ең ақырғы алтын сағатын саудагер әйелге апарып, арзан бағаға сатқанын Бүркіт қайдан білсін, тек дос-жар адамына құрмет көрсете алғандарына қатты қуанды.

Сол көңілденген бетімен:

— Хасен дұрыс айтады, Оля,— деді ол күлімсірей.— Менің бойымдағы дарынымды ешкім де тартып ала алмайды. Әлі біздің көшеде де мейрам болады.

Ольга Павловна да Бүркіттің көңілінің көтерілгеніне шаттанып, тіпті сергіп кетті. Енді үшеуі стол басына отырып, шай ішуге кірісті. Бір-екі рюмка шарап алғаннан кейін ғана Хасен үзіліп қалған әңгімеге қайта кірісті.

— Дұрыс айтасың, Бүркіт,— деді ол,— Шын оңды шығарма жазу үшін, адам ел-жұрттың өзгеруін өз көзімен көру керек,— енді ол Бүркіттің әйеліне қарады,— Ольга Павловна, Бүркіт екі-үш күннен қалмай жүріп кетеді.

— Қайда?!

— Өлкелік партия комитеті Ханшайымға Москвадан тәлім-тәрбие алып келдің, сендей қазақтың өжет әйелдері бізге керек деп отыр. Ертең өздері жолдама беріп «Түрксиб» бойындағы «Ақтоғай» атты совхоз құрылысына жібермек...

— Зурәні қайтеді?

— Әзірге балалар бақшасына бара тұрады. Өзім де күнде барып тұрамын.— Хасен енді күлімсірей сөйледі,— Бүркіт сол құрылыс ауданына баруы керек. Жұрттың қалай өзгере бастағанын көзімен көрсін...

— Ау, Бүркітті о жаққа кім жібереді!..

— Орталық партия комитеті. Жолдама алып беруді өз міндетіме аламын...

— Сонда поэзияны қайтеді?

— Жаңа өмірді құра жүріп, поэзияның ең көкесін Бүркіт сонда туғызады!—Хасен жас балаша рахаттана күлді,— ондай жерді көру бұған өте керек. Ел-жұртынан кеткелі, байқаймын, иығы түсіп, ақындығы сарқылып бара жатқан секілді. Енді оған дарынның көзін ашар жаңа жағдай, жаңа өмірді көру қажет, солай емес пе, Бүркіт?

— Дұрыс айтасың, Хасен,— деді Бүркіт екі көзі жасаурай.

— Олай болса, әкел қолыңды,—Хасен орнынан ұшып түрегелді.— Қоғамда өз орнын таба алмаған ақын, жазушының жұрт көзінде қадыры болмайды. Сен өз орныңды табуың керек, Бүркіт. Осыменен сенің ақырғы сергелдеңің бітсін!

— Бітсін, Хасен!— деді Бүркіт енді кенет дірілдеп кетіп,— тек өзің жәрдем бер... Бөтен жолға түсіп бара жатсам, бұра жүр... Өзің де ақынсың, түсінесің ғой, екінің бірі ақын бола алмаса, екі ақынның бірі өзге бола алмайды...

Хасен Бүркіттің әлі де өзін таба алмай жүргенін, оның алдында бұл тартыста толып жатқан асулар бар екенін әбден түсінді. Ол Бүркіт пен Ольга Павловнаға кезек қарап:

— Уәде!— деді.

Ольга Павловна көзіне келе қалған қуаныш жасын асыға сүрте бастады.

ӨМІР — ЖЕҢІС

ҮШІНШІ БӨЛIМ

Бұл станцияның атын «Ақтоғай» қойыпты. Неге «Ақтоғай» қойғандарын түсіну қиын. Құлазыған қу дала. Таң атқаннан күн батқанға дейін, өркеш-өркеш төбелердің тақыр басын жұлмалай ызыңдаған суық жел, толарсақтан келер құм топырақ. Жел қаттырақ соқса, алай-түлей болып көкке дейін тұтасқан қиыршық тас боран. Сонда да бұл араны қазақ «Ақтоғай» дейді. Және осы бүкіл Түркістан — Сібір темір жолы бойында тек «Луговая» станциясы орыс тілінде, өзге станциялардың бәрі қазақтың кене байырғы атымен аталған: Аякөз, Шоқпар, Сарыөзек, Шамалған, Отар, Үштөбе...

Қазақ мағына бермей жер атын қоймайды. Мүмкін бұл ара да бір кезде тоғайлы жер болған шығар, сондықтан да оны «Ақтоғай» деп атаған болар.

Ал қазір... Осы Ақтоғайдың құмды өңірінде қайнаған еңбек. Оның солтүстік беті құнарлы сұр топырақ болып шығып, қауын, қарбыз сияқты әр түрлі бақша өсімдіктерін егетін үлкен совхоз орнамақ. Бұл совхоз бүкіл темір жол бойын жеміспен қамтамасыз етуге тиісті. Қазір сол совхоз жеріне баратын үлкен жол үстіндегі Ақтоғай өзінің жазғытұрым таситын жарқабақты ескі арнасына темір көпір салынып жатқан.

Бүркітке осы «Ақтоғай» құрылыс ауданына жүруге тура келді. Хасен онымен уәделескен күнінің ертеңіне Өлкелік партия комитетіне барды. Оған құрылыс бөлімін меңгеретін жас жігіт: «Бұл бір ауыр аудан болып тұр. Құрылысшылардың көпшілігі жастар. Сан ұлттан құрылған. Дені сол маңайдағы ауылдардан келген...

Тегі үгіт-насихат жұмысын жолға қою керек болар. Бүгін астанадан бір топ үгітшілер жүріп кетпек. Соның ішінде сіздің келіншегіңіз де бар»,—деді.

— Сол топқа тағы бір адам қоссаңыз,— деді Хасен.

— Кімді? Өзіңізді ме?—деп күлді меңгеруші. — Сірә, оныңызды реті келмес. Қателеспесем, ертең бюро баспасөз директоры етіп бекітпек қой...

— Өзімді емес, Бүркіт Күнтуаровты.

— Ақын Бүркітті айтасыз ба?— Жас жігіттің көзі жарқ ете қалды.— Е, о кісі біздің жас құрылысымызға барғысы келсе кім қарсы болады?— Енді жас жігіт сәл ойлана сөйледі.— Ондай үлкен дарынға халқының не істеп жатқанын көру — өте қажет дүние. Бүгін келсін, жолдама дайын...

Бүркіт ондай-мұндай шаруасымен он шақты күндей жүріп қалып, ақырында жүк таситын бір машинаға ілесіп Ақтоғайға аттанды. Бұл октябрьдің орта кезі еді. Алматыда әлі де күн райы біркелкі жайма шуақ болғанмен, сырт суық екен. Әсіресе уілдей соққан күздің ызғарлы желі адамның өңменінен етеді. Үстіндегі шолақ былғары тоны құр кеудесін желден сақтағанмен, жылуы жоқ, Бүркіт әбден тоңды. Бір жағынан жол да жаман, ылғи бензин құйған бөшкелер ерсілі-қарсылы домалап маза берер емес. Ал машина кабинетіне отырайын десе, онда орын жоқ. Машина айдаушымен қатарласа тығыршықтай бір жас әйел орналасқан, сірә шофердің көңілдесі болуы керек, көгілдір көздері іштегі қызуымен ұшқынданып, жаураған Бүркітті мазақ еткендей екі беті қызара бөртіп сылқ-сылқ күледі...

Жүк машинасы Ақтоғайға күн бата келді. Жұрттың бәрі жол бойындағы жұмыста екен, Бүркітті тақтайдан жасалған «Қызыл бұрыштың» қасында, басына ескі түбіт шәлі ораған, үстінде жылы фуфайкасы бар, орта бойлы қара торы қазақ әйелі қарсы алды. Бүркіт бірден танымай қалды. Бұл Ханшайым еді. Бұрынғы сылаңдаған сұлу келіншек жұмысшы киімін кигеннен кейін, тіпті өзгеріп кетіпті. Және аз күннің ішінде бетін жел торып қарақошқылдана түсіпті. Жыл жарымдай Ханшайымды кермеген Бүркіт шырамытқандай бетіне қарай берді. Келген адамның кім екенін бірден танып, Ханшайым жарқылдай қол беріп, әзінің келмей жатып комсомол ұйымының хатшысы болып сайланғанын, «қызыл бұрыштағы» көрсеткіш тақтасына бүгінгі жұмыстың ақпарын жазғалы келгенін айтты. «Құрылыстың барысымен таныспақ болсаңыз, қазір жұмыс ауданына ертіп апарайын», — деді. Ханшайым жақ жүні үрпиіп кеткен Бүркіттің бетіне кенет таңдана қарап:

— Түу, Бүркіт аға, сіз әбден тоңып қалыпсыз ғой!—деп әбігер бола түсті.— Жүріңіз, үйге кіріңіз, алдымен жылынып алыңыз...

Бұлар «қызыл бұрышқа» кірді. Үй деген құр аты болмаса, суық жел жөндеп сыланбаған тақтай саңылауларынан гуілдей соғып, ішін аңыратып тұр... Тек от қызуынан қақпағы қызарып кеткен үй ортасындағы дөңгелек темір пештің маңайында ғана аздаған жылылық бар секілді. Толтыра салған тас көмір маздана жанып жатыр. Үстіне қойған қалайы шәйнектің суы бұрқ-сарқ қайнап, буы көкке көтерілген.

Бүркіт пеш жанына барып алақанын тосты. Расында да, әбден жаурап қалған екен, оңай жылынар емес. Бүркіттің мұндай жағдайын көрген Ханшайым, «қызыл бұрыштың» суықтығына кешірім сұрағандай:

— Бұл мына жұмыс істеліп жатқан жерге таяулау салынған барак қой, жөндеп сыланбағандықтан іші суықтау, жақында станция басына көшеміз... Онда керек үйлердің бәрі салынып біткен...

— Станция бұл арадан алыс па?

— Екі шақырымдай жерде... Сізді машина көпір құрылысына әкеп тастады...— Ханшайым сәл кідірді де:— Бұл бір қиын аудан екен, Жері құмайт, жүргізілген жолды комиссия әнеугүні қабылдамай кетіпті. Оның үстіне, көпір салынып жатқан сайдың кемері де жұмсақ топырақты болып, жұмысқа көп кедергі істеуде көрінеді... Қазір бүкіл Түрксиб бойынша осы аудан ғана кейін қалып отыр...

— Бұл өндіріс темір жолға өте керекті көрінеді ғой.

— Иә... Аянып жатқан жоқпыз. Өзіңіз де көресіз ғой мұндағылардың еңбекті қалай істейтінін. Әттең не керек, бәрі де білек күшіне түскен соң, оңай соқпайды екен...

Ханшайым Бүркіттің әлі де жылына қоймағанын байқап, шәйнектен қалайы күрешкеге толтыра қайнаған қара су құйып берді де:

— Ішіп көріңізші, бойыңыз жылынар ма екен?..— деп күлімсіреді.— Алматыдан бүгін қант-шай әкеледі деп күтіп едік, әлгі шофер машинасына бензин тиеп келіпті ғой...— Ол енді сәл дауысын шығарып күлді.— Оқасы жоқ, қазір бізге қант-шайдан гөрі бензин керектеу...

Ханшайым орнынан түрегеліп сыртқа шығып кетті де, қайта оралды. Қайдан алғаны белгісіз, алақандай қара нанды ұсынып:

— Ас пісірушілер жұмысшылардың кешкі тамағын таратуға көпірге кеткен екен, қарыныңыз ашқан шығар, күн суық қой,— деді, бөтен еш тағам тауып бере алмағанына тағы да қысыла.— Қоректеніңіз.

Ол бір кез совет халқының алғашқы бесжылдықты торт жылда орындамақ болып, өндіріске жалпылай бет бұрған Магнитка, Днепрогэс, Беломор каналдары салынып жатқан кез еді. Әлі бірлестік күшке көшпеген жеке меншікті ауыл шаруашылығы өндіріске келген миллиондаған жаңа жұмысшы тобын азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай, жетіспестік әр салада да біліне бастаған уақыт. Сондықтан да Бүркіт Ханшайым әкелген қара нанға риза болып қалды. Шынында да, кешеден бері нәр татпай, қарны әбден ашқан еді. Қайнаған сумен қара нанды жеп болғаннан кейін, бағанағыдай емес, бойы да жылына бастады.

Аздан кейін бұлар жұмыс істеліп жатқан көпір маңына қарай беттеді.Бұл кезде жел саябырлап, ай шыққан. Түнгі шытымыр аязбен бірге құлазыған тыныштық та келген. Ай сәулесі түскен қыземшек сүйір басты төбелер қара көлеңкеленіп алыстан көрінеді. Бүркіт пен Ханшайым қатар келе жатыр. Жұмысшылар жататын ағаш барактар мен березент шатырлардан өтіп барады. Бұлардың ішінде қыбырлаған бірде-бір жан көзге түспеді. Жұрттық бәрі жұмыс басында тәрізді. Бұған таң қалған Бүркіт:

— Жұмысты түнде де істейсіздер ме?—деп сұрады.

Ханшайым байсалды жауап қайырды:

— Қар түспей жоспарды орындауымыз керек. Халық жұмысты күндіз-түні істейді. Тамақты да сол арада ішеді, шаршағаны сол жерде ұйықтайды. Баракқа келмейді...

— Бұндай қиындыққа жұрт шыдай ала ма? Астың түрі болса белгілі...

Ханшайымның дауысы кенет жігерлі шықты.

— Шыдамасқа амал жоқ, шыдауға тиістіміз. Қарын тоймаса, белбеуді бекем буынуымыз керек.

Бүркіт Ханшайымға жалт бұрылып қарады. Байдың кешегі жалғыз ерке қызынан бүгін халық ісіне арналған мұндай жігерлі сөз шыққанына ол таң қалғандай. Расында да Бүркіт таңдануда еді. Оған Түрксиб секілді үлкен құрылыста жастарды басқаратын Ханшайым тәрізді жаңа заман тудырған жаңа адамдардың қалғаны да зор қуаныш... Қазақ жерінде, осындай алып құрылыстың болуы да үлкен бақыт!.. Осыны көре тұрып, жаңа өмірге құлаш жайған кешегі бай қызын көре тұрып, өзінің осы уақытқа дейін жол таба алмай жүргеніне аң-таң. Бұған қандай себеп? Тап жауларының әрекеттері ме? Жоқ, жоқ, жаңа жолға біржолата түсем деп жігерлене күресе алмаған өзінде де айып бар, өзі де кінәлі.

Бұлар көп кешікпей жұмыс істеліп жатқан жерге келді. Бүркіт кілт тоқтады. Ай сәулесі құйыла түскен ылдида екі-екіден зембіл көтерген, жүгіре тәшке айдаған, құмырсқадай қыбырлаған адам. Көк тас пен құмды топырақты қажаған шақыр-шұқыр күрек, қайла дауысы. Әр жерде шоқ-шоқ боп шашырай жағылған оттар. Әрбір оттың басында жұмыстан әбден шаршап келіп құлаған он-он бестен жұмысшы. Бұлар бір-екі сағат көздерінің шырымын алып, қайта тұрмақ. Олардың орнына кезектесіп, ұйқысы келген басқа жұмысшылар жатады. Осылай үзілмей жұмыс істеледі. Тоймаған қарын, ойылған алақан еске алынар емес. Бәрін ғажайып еңбек музыкасы билегендей. Бұл — көнетоз, жаман тымақ қалың топтың еңбек ерлігі. Бұларды билеген енбек романтикасы. Осы романтика сол бір өткен қаһарлы күндерде қалың бұқараны жеңіске шақырған. Кейде аш, кейде жалаңаш жүрсе де сол бұқара халық Магнитогорскіні, Днепрогэсті, Челябі трактор заводын, Қарағанды, Донбастарды тұрғызған!

Қазір, адымдайтын экскаватор, жүздеген тонналарды қуыршақтай көрмейтін ғажайып жүк көтергіш крандар бар кезде бұл табыстар ойыншық көрінуі мүмкін. Ал ол кезде, бұл өнердің бірінің де жоқ кезінде, бәрін істеген, алып өндіріс ошақтарын құрған — сом балға мен сом білектің күші, халық ерлігі.

Бүркіт сол түні кезін ілмей шықты. Түн ортасы бола, суық бараққа келіп, таң атқанша жұмыс істеді. Таң ата соққан ызғырықтан саусақтары қалам ұстауға келмей, екі қолын кезек-кезек қолтығына тығып жылытып, қайтадан қағазына үңілді. Ол сол түні, артынан езіне атақ берген, көптен бері ойлап жүрген «Темір тұлпар мінген қазақ» деген Түрксиб жұмысшыларына арналған жалынды дастанының беттерін жаза бастады... Бұл оның жаңа заманды түсінуге ең алғашқы талпынуы еді.

Бүркіт өлеңін жазып болып, далаға шыққанында күн ұясынан көтеріліп қалған екен. Ол контор алдында тұрған Ханшайымды көрді. Жанында ерттеулі атын жетектеген бір қарт адам бар. Бүркіт конторға қарай аяңдады.

Ханшайым амандасып болғаннан кейін, жанындағы ақсақалды көрсетіп:

— Мына кісі баламды алып кетемін дейді,— деді ол жылармандай болып.— Бізге әрбір адамның қазір аса керекті екенін айтсам да тыңдамайды. «Баламды босат та босат» деп қоймайды. Слесарь жұмысына үйреніп жүр. Мамандық та алып қалды.

Шал Бүркітті бастық көрді білем, жанына таяй түсті.

— Шырағым, баламды босатып бер, биыл қалыңдығын алатын жылы еді, құдаларым қызымыз бұзылмай тұрғанда алып кетсін деп маза бермей жүр...

Бүркіт шалмен ұзақ сөйлесіп, баласын әкетпейтін етіп көндірдің. Ханшайымның: «Бізге әрбір адам керек» деген сөзі себеп болды ма, әлде бүкіл жұрт жұмыла жұмыс істеп жатқанда өзінің өлең жазып отыруын ерсі көрді ме, шал кеткеннен кейін, ол Ханшайымға:

— Ханшайым, қалқам,— деді күбірлеп сөйлеп,— кісі жетпей жатса, мен де қолыма күрек алып, сапқа тұрайын...

Ханшайым жалт қарады.

— О не дегенін.із?!..

Бүркіт ойлана жауап берді.

— Менің жұрттан нем артық?.. Сенен нем артық?— Бүркіт түнде Ханшайымның да қолына күрек алып, жұмыс істегенін көрген.— Бүкіл халық білегін сыбанып еңбек етіп жатқанда, кезге шыққан сүйелдей, менің селтиіп бос жүруім ұят секілді.

— Өлең жазу еңбек емес пе?— Ханшайым оған аяй қарады.— Жоқ, Бүркіт аға, сіз құрылысшыларды күрекпен емес, қаламмен қуантыңыз...

— Күректің қасиетін білмей, қалам жүретін емес. Жаңа поэзия оның жаңа тынысын түсінуді талап ететін тәрізді... Мен өмірдің тек сыртқы қуанышын түсінген ғана жанмын, бұдан былай қарай оның енбектен туатын да қуанышын түсінуге тиістімін. Онысыз, менің поэзияма қанат бітпейтініне көзім жетеді...

Ханшайым қанша айтса да, Бүркіт көнбеді, ақырында барып Ханшайым:

— Жақсы, жүктің салмақты екенін қары ауырған білер дегендей, бір реттен бұныңыз да дұрыс болар, жұмысқа түсіңіз, түсіңіз,— деді.

Сол күні Бүркіт жұмысқа түсті. Оны қуақы мінезді жас прораб бір қарулы жігітпен зембіл көтеруге қойды. Бұнысы оның мүмкін нәзік ойлы ақ саусақ ақынды ауыр жұмыста сынағысы келгені болар, Бүркіт қарсылық етпеді, өзгелердің күлімсірей қарағанына мән бермей, серігіне:

— Қане, жігітім, қимылда,— деп күле зембілдің бір басын ұстады.

Бірақ өмірінде екі шелек су көтеріп көрмеген қол екі күннен кейін қос қары қозғалтпай, алақандары үлбіреп шыға келді. Бір ғажабы, денесі дел-сал болып шаршағанмен, көңілі көтеріле түсті. Ақырғы жылдары түні бойы маза бермейтін уайым ойдан әбден қашқан ұйқысы қайта оралды. Жұмыстан қайтып, келе жастыққа басы тиісімен, пыс етіп ұйықтап кететін болды. Таңертең тұрғанында құр ғана денесі емес, басы да әбден дем алып қалатынына шаттанып, Бүркіттің көңілі күннен-күнге жадырады. Көңілінің қайғыдан айрылуы оған шын қуаныш, шын шаттық еді. Енді Бүркітке күн де жас кездегідей бұлтсыз ашық тәрізді көрінді, өмір де ауыр зілсіз қуаныш үшін жаралған секілденді. Өзгерген жүректе поэзияға деген бір жаңа толқын, таңғажайып бір жаңа сезім пайда бола бастады. Оның сөздерінде де жаңа теңеулер, өлеңге деген жаңа ұйқастар жиі кездесетін болды.

Бүркіт осындай халде жүргенінде, бір күні Алматыдан жұмысшылар арасында әңгіме, ойын-сауық өткізуге бір топ мәдениет қызметкерлері келді. Бүркіт бұл күндерде зембілді тастап, күрек жұмысына түскен. Астана уәкілдері қазылып жатқан жыраны аралап жүріп келеді. Жандарында: жас прораб, Ханшайым... Олар Бүркіт жұмыс істеп жатқан жерге таяғанда бұрылып бөтен жаққа беттеді. Тек біреуі ғана Бүркітке туралап жақындады да, тоқтай қалды. Бұл топты басқарып келген Қаражан еді. Бүркіт оны көптен бері көрмеген, сол бұрынғы қалпында, үстінде қыры сынбаған қара костюм, кіршіксіз, ақ жібек көйлек. Түрі де бұрынғысындай тәкәппар, зілді.

— Жаңа келісіпсің!— деді ол үстіндегі киімі бұл кезде тоза бастаған Бүркітке кекете көз тастай.— Өлеңнен күрекке ауысқансың ба?

— Асықпа, Қаражан,— деді Бүркіт оған тесіле қарап,.— әлі өлеңімді де естірсің!..

Қаражан кілт бұрылып жүріп кетті. Жауының сөзі Бүркітке қанжардай қадалды. Сол күні ол кешке таман, үзіліп қалған «Темір тұлпар мінген қазақ» деп аталатын дастанына қайта кірісті. Халқына деген махаббаты, өз көзімен көрген, өзі үлес қосқан оның сонау қайратты еңбегі поэзиясына қорған болғандай, жауына деген ыза, ашу жүрегіне от жаққандай, Бүркітті бір жаңа алуан күш биледі. Өн бойында көптен бері үндемей жатып: «Сен бұл табысыңды нықтай түс»,— дегеннің қаһарлы дауысын қайтадан шығарды...

Бүркіт қыс бойы осы құрылыс ауданында болып, жазғытұрым Ханшайыммен бірге астанаға қайтқанында өзінің осы жаңа дастанының алғашқы бөлімін бітіріп ала келді. Бұл оның алғашқы табысы еді. Досының еңбегіне Хасен ете қуанып қалды. Оқып шығысымен, өзі басқарып отырған баспасөз редакциясына басуға ұсынды. Сөйткенше жаз да шықты. Кітап жарық көрмей жатып: «Сен бұл табысыңды нықтай түс»,— деп Хасен Бүркітті ертіп, жазғы демалысында өздерінің туған жері — Шығыс өлкесіне жүріп кетті.

Қазір олар кеше поезбен келіп түскен Ақшатыр қаласынан шығып, Қоңырайғыр көлінің жағасында отырған елге қарай беттеп келеді. Күн түстен ауып кетсе де, шыжыған ыстық. Өткен жылдағыдай емес, биыл көктем жауынды-шашынды, жер бетін қалың көгал жапқан. Жұпар иісі мұрынды жарады. Көптен бері елге шықпай даланы аңсап қалған Бүркіт пен Хасеннің екі көзі жан-жағында.

Ауатком берген ләшеңке арбада бұлар үш адам. Үшіншісі — үстінде ескі шинелі бар, мосқал орыс жігіті. Жеккендері арықтау келген қара мәстек. Жүрер алдында берген жемнің күші ме, әлде жаратылысынан мықты жылқы ма, жүрісінен бір танбайды, бүлкілдеп желеді де отырады.

Кең далаға шығысымен-ақ Бүркіттің көңілі көтеріле бастаған. Ал қаланың қарасы үзіліп, бетегелі тау қойнауына кірген кезде ол ыңырси өлең айтуға да кіріскен. Ат айдаушы «неменеңе жетісіп өлең айтасың» дегендей артына бұрылып қарап, жақтырмағандай пішін аңғартты. Бұны байқап қалған Хасен, жай отырғанша әңгімемен жол қысқарсын деген оймен:

— Ағай, атыңыз кім?—деді.

— Петр... Петр Максимович Дьяков,—деп ат айдаушы күңк ете қалды.

— Осы жердікісіз бе?

— Покровкаданмын.

— Ауаткомде көп болды ма жұмыс істегеніңізге?

— Былтыр кірдім.

— Бұрын қандай жұмыста болып едіңіз?

— Әр түрлі жұмыста... Арбакеш те болдым, кооперативте сауда да істедім... Көп жылым әскери қызметте өтіп еді.

— Одан неге кеттіңіз?

— Кет деген соң — кеттім...

Хасен үндемей қалды. Сөзге енді Бүркіт кірісті.

— Ғафу етіңіз... Егер сұрағанымды айып көрмесеңіз...

— Неге кет деп айтты демексіз ғой, оны сұрағанның қанша айыбы бар?—Ат айдаушы жігіттерге бетін бұра қырын отырды.— Жазығым болған соң айтты ғой...

— Әрине, жазықсыз адамды жұмыстан босатпайтын шығар.

— Сіз расымен солай ойлайсыз ба?— Ат айдаушы мысқылдай күлді.— Ал мен жазықсыздан-жазықсыз босандым-ау деймін...

— Сөзіңізге түсінбедік...

— Қазір түсіндірейік,— ат айдаушы божыны бір қолына ұстап, өзі бұларға қырып қарап отырды,— бұдан алты жыл бұрын мен ОГПУ-де күзет қызметінде солдат болып істейтінмін... Әрине бізге де форма беретін, біз де әскери адам болып саналатынбыз. 1 Май мейрамы болады деген күні Сережка Кедрин дейтін жолдасымыз екеуміз түнде қойманы күзеттік те, ертеңіне демалыс алдық... Екеуміздің де семьямыз Покровкада, бірақ жұрттың бәрі тойлап жатқанда, кім бізді онда апарсын. Еш көлік табылмады. Ал қолымыз бос, бөтен істейтін шаруамыз жоқ... Күзеттен келіп көзіміздің шырымын алғанша, парад та бітіп қалыпты. Не керек, уақыт өткізуге Сережка екеуміз ойлап-ойлап, жаңағы өзіміз шыққан қалада тұратын сауда жұмысындағы жерлесіміз Толя Зиминдікіне бармақшы болдық... Ол бізге бір рет үйін сыртынан көрсеткен, тек пәтер нөмірін ұмытып қалыппыз. Қай пәтер екенін сұрастырып тауып алармыз деп, гимнастеркемізге ақ жаға тағып, аяғымыздағы етіктерімізді мейлінше жылтыратып алып, әлгі үйге келдік... Үшінші қабатқа көтеріліп, бір-екі пәтердің есігін тықылдатып көріп едік, ешкім жауап қатпады... Үй нелері мейрамдап кеткен тәрізді. Енді не істерімізді білмей тұрғанымызда, бір пәтердің есігінен саңылау көрінді. Есікті қағып едік, ешкім шыға қоймады, амал жоқ үйге кірдік, жан жоқ ауыз үйі бос тұр. Тағы да «Кім бар?» деп дауыстадық, тағы жауап болмады... Сосын «Бұл қалай?» деп тор үйдің есігін аша беріп едік. Өзімен кетсін, дәл сізге ұқсаған, тек сәл сізден биіктеу, ұзын шашты, өте келбетті бір қазақ жігіті бізді көрді де, ашық тұрған терезеге секіріп мінді. «Осы үйді тонауға келген ұры екен» деп, екеуміз бірдей «Тоқта!» деп ұмтыла түскенімізде, әлгі жігіт терезеден төмен қарай қарғи жөнелді.

— Иә, иә, сосын?—деді Бүркіт демін әзер алып.

— ...Сосын не болсын. Үшінші қабаттан құлаған адамның несі қалсын... Біз жүгіріп далаға шыққанша, бейшара жан тапсырып та үлгіріпті.— Ат айдаушы ақырын күрсінді.— Артынан барып білдік, әлгі адам қазақтың сол кездегі белгілі ақыны Ақан деген кісі екен...

Бүркіт пен Хасенде үн жоқ. Хасен көзінің астымен Бүркітке қарады. Ананың қабағы қарс жабылып, басы төмен салбырап кеткен. Ойын да, бойын да, бір ауыр қайғы билеп, төмен қарап мықшия түскен. Шынында да Бүркіт іштей алай-түлей ауыр жағдайда еді. Өткен күннің қатесінен туған өкініш жүрек-бауырын оттай жалап күйдіріп әкетіп барады. Кенет оның көз алдына сол күнгі сурет теп-тегіс елестей жөнелді... Ерсілі-қарсылы үйді кезіп сұп-сұр болып жүрген Ақан... Мызғымас құлпытастай дөңкиіп отырған Әкпар... Қиялында пайда болған ардақты ақынның жанын алуға келген ажал — қара құзғын. Бүркіт, әрі қарай ойламаймын деп көзін жұмып еді, оның құлағына сол күні қоштасар алдындағы Ақанның «Ал сендер болсаңдар жаңа қанаттанған жас түлексіңдер. Шығатын биіктерің басқа. Ол үшін қандай жолға түсесіңдер, өздерің ойлаңдар» деген сөзі естілді. Беу, Ақан! Өзіңнің қате жолда болып келгеніңді әбден түсінген екенсің ғой. Сондықтан да бізге өз жолдарыңды тап деген екенсің ғой. Қалай өсиетіңді есіме алмай келгенмін? Жігер осы күнге дейін тірі болғаныңда, екеулеп дұрыс жолымызды табады екенбіз ғой! Әттең! Әттең! Совет үкіметінің адал ойын дер кезінде дұрыс түсінбегендіктен, қаншама қайғыға, азапқа душар болдым. Сен болсаң өліп кеттің. Ал мен, әлі күнге дейін өз орнымды өзім таба алмай келемін... Егер Хасен мен Гаврилов болмағанда, мен де сенің жолыңды құшар ма едім, қайтер едім. Тек солар құтқарды ғой мені ажалдан. Ал сені құтқарар ешкім болмады. Саған ақыл берер жан табылмады... Ақырында ол кезде басыңа бәлендей қауіп төнбесе де, халқыңа істеген қиянатыңнан қорқып, сен өзіңді-өзің өлтірдің. Иә, ол кезде түсінбеген екенмін, енді ұқтым. Сендердің жолың шын қиянат жолы екен. Сенің ажалыңды да Совет өкіметінен көрдім Степанович: «Ақанның өліміне біз айыпты емеспіз»,— дегеннің өзінде де мен сенбей қойдым ғой. Қалай осыншама уақыт ақымақ болып келгенмін!»

Бүркіттің қалың ойға шомып кеткенін көрген Хасен:

— Ақан өлімі үшін сіздерді жұмыстан шығарды ма?..— деді ат айдаушыға.— Жазықтарыңның жоқтығын дәлелдей алмадыңдар ма?

— Кісі қаза болып жатқанда ақталу оңайға түспеді ғой.— Ат айдаушы шырт түкіріп қойды.— Оның үстіне... «Ақанды өлтірген — Совет өкіметі» деген қауесет жаланың жұртшылыққа қате екенін көрсеткісі келді ме, әйтеуір тікелей жазығымыз болмаса да, ажалға бізді себепкер деп тауып, босатып жіберді.— Енді ол ақырын күрсінді.— Міне көрдіңіз бе, жазықсыз адам да кейде жазықты болады, азамат... Адам тағдыры саясаттың ойыншығына айналған сәтте оп-оңай жұмыстан да қуыласың, сотталып та кетесің...

— Ал бұл жайды білмеген Ақан өмірмен мүлдем қоштасты,— деді Бүркіт ақырын күрсініп.

— Оған біз айыптымыз ба?

— Жоқ, сіздер айыпты емессіздер,— деді Бүркіт қамыға сөйлеп,— жазығын ақтар жол таба алмаған, берер жауаптан тек өлім арқылы құтылам деген ақынның өзі айыпты. Мен бұны бүгін ғана жақсы ұқтым...

Бұдан кейін бұлар тіл қатыспай ұзақ отырды. Әлден уақытта Бүркіт басын көтеріп, жан-жағына көз жіберді. Күн де еңкейіп қалған екен. Белесті жазық дала, бағанағыдай емес шатқал, бұйратты өңірге айнала бастапты. Батып бара жатқан күн сәулесі жартас басында ойнайды. Бұйрат, құздың басыңдағы қатпар-қатпар қызғылт шақпақ тастар алыстан күн түсіп қан Қызыл болып көрінеді. Ойда жоқта кенет шын басына шыға келген еліктің көлеңкесі ұзара барып, жоқ болады.

Күн ыстығы басылып, аңызақ жел де тынып, әлем тып-тыныш. Шөп басы қимылдамайды. Келе жатқан жолаушылардың да көңілдері дәл осы кешкі әлемдей тынышталған тәрізді. Тек Бүркіттің жаны әлі бұлқан-талқан, бір ұзақ сарын уайымға шомылып кеткені, кіртие қалған қабағынан, тұманданып кеткен көз жанарынан байқалады.

Жолдасынын мұндай халін көрген Хасен енді оның көңілін сергіткісі келді.

— Дүниеде ен қиын бөгет — ол өз жолыңды таба алмау,— деді анаған бұрыла қарап.— Ақан расында үлкен ақын еді, егер халқымен бірге болғанда, артына талай-талай өлмес шығарма қалдырар еді. Ал бүгін... Тек Ақан деген атты сенімен мен ғана білеміз. Ол тарихта өшкен құл. Бұны түсіндің бе, Бүркіт?

Ойға шомған Бүркіт тағы да үндемей қалды. Бұл кезде қас қарайып, ымырт та үйіріле бастады. Жол таудың бір бөктерінен бұрыла бергенде, алдарынан кенет ақ айдын Қоңыр айғыр көлі көрінді. Арғы қамысты жағасынан шара табақтай боп қызара ай шығып келе жатыр... Ай сәулесі көл бетін алыстан жарқыратып тұр.

— Бері қара, Бүркіт,— деді Хасен оның жеңінен тартып.

Бүркіт Хасен көрсеткен жаққа бұрылды да, аң-таң боп ілгері қарай ұмтыла түсті. Бұлар осы кезде басқа бір биік асуға көтеріліп те үлгірген еді. Сол жақтарында, дәл аяқтарының астарында, көл жағасындағы зәулім құздар мен жартастардың арасында быжынаған кішкентай шоқтар көрінеді. Нағыз бір аспандағы қалың жұлдыздар жерге қулап, бүкіл ылдиды алып кеткендей. Алыстан жерде жатқан шоқ секілді болып жылт-жылт етеді...

— Бұл не? — деді тандана Бүркіт.

Ат айдаушы жайбарақат жауап берді.

— Қоңырайғыр руднигі.

Кенет Бүркіттің көз алдына тағы да сонау бір өтіп кеткен кезен елестей қалды. Бұдан алты жыл бұрын болып еді ғой сол уақиға. Әдейілеп шақырған соң, Бүркіт Қарымсақ байдың еліне келе жатқан еді ғой. Түнде Тәкежан қарттың ауылына қонып шыққан емес пе еді. Таңертең, қыр басында тұрғанда, осы жақтан бір жан түршігерлік гүрсіл естіген. Сол бір гүрсілді Бүркіт өзіне әдейілеп атқан мылтықтың гүрсілінен кем көрген жоқ-тын. Астында Қарымсақ байдың көк жорғасы, соңында Әрін деген бай үйіне жақын жүрер пысық жігіт, салып ұрып осы қазіргі рудник тұрған жерге келген. Мұнда оны Алексей Владимирович деген орыс кен зерттеушісі мен инженерлік оқуда жүрген Нұрлан деген жас жігіт құшақтарын жайып қарсы алған... Бірақ Бүркіт бұлардан аулақ қашқан... Ал енді сол жерде қазір мына рудник тұр. Қорғасын қорытатын завод та салынбақ. Бүркіт кенет арбадан секіріп түсіп, жаяу жүрді. Ойын мыңдаған сұрақтар басып кетті. Бұл сұрақтар нағыз бір жан-жағынан шулай үріп қапқалы келе жатқан топ ит тәрізді, жүрегін дүрсілдетіп, көңілін елеңдете жөнелді. «Қайда екен сондағы байға тілектес пысық жігіт Әрін?.. Қарымсақпен Қытайға өтіп кетті деп еді ғой, қандай күйде жүр екен адасқан сорлы?.. Сондағы кен зерттеушілер лагерінде кездескен Нұрлан мен сонау бір кішіпейіл орыс инженерлері қазір не істеп жүр екен?.. Тағы да кен іздеуде шығар. Нұрлан сол инженерлікпен кеткен тәрізді еді ғой... Оның ешбір өлеңін оқыған емеспін. Жас кезінде қай қазақ өлең жазбайды, өз жолын тапқан болар... Ал мынау аяғымның астында жатқан сондағы мен қорыққан рудник, завод қой». Осындай ойға шомған Бүркіт ылдидағы рудниктің дәл төбесінде тұрған дөңнің үстіне қалай шығып кеткендерін білмей қалды.

— Отырыңыз, қазір поселкеге жетеміз,— деді ат айдаушы.

Бүркіт арбаға мінді. Дегенмен, булар тұрған дөң жантая бітеді екен, женіл ләшәңке арба төмен қарай ала жөнелген жоқ, көшір атының басын темен қарай тартып, сар желіспен жүріп келеді. Бірінен-бірі темен екі белесті өткен кезде, жолаушылар рудник поселкесіне де жетті.

Тау етегін қуалай, жазық кең аланда көше етіп салынған елуге таяу кірпіш барақтар тұр. Бұларды қоршай тігілген көп киіз үйлер, кенеп шатырлар. Бірақ бұлар да қазақ ауылындай алқа-қотан емес, жаңағы поселкенің көшесімен қатарласа, ұзыннан-ұзақ тігілген. Төменгі жақтарында тағы да жыбырлаған электр оттары көрінеді. Бүркіттер кең көшені қақ жарып, сонау ылдидағы рудник конторына келе жатыр. Көшені бойлап дабырласқан жұрт. Әр жерде жанған от, ошақ үстінде қайнаған қазан. Кейбір үйлердің жанына жерге алаша не киіз төсеп тастаған... Үстінде жантая жатқан жігіт, не болмаса бес-алтаудан бас қосып әңгімелесіп отырған шал, кемпір... Құр поселке деген аты, әйтпесе нағыз кешке таманғы қазақ ауылы. Тек иттері аз. және үй-үйдің терезелерінен жарқыраған электр жарығы көрінеді.

Кеш тым қапырық, ыстық болғандықтан, жұрт әдеті бойынша далаға шығып отырған секілді. Және бәрі де қазақ. Бүркіт жан-жағына алма-кезек қарап келе жатыр... Әне, ана бір топтың дені жастар, үкілі тақиялы, кестелі шәлілі қыз бен келіншектің жандарында жігіттер... Бойжеткеннің әлденені айтып сыңғырлай күлгені естіледі. Мына бір шай ішіп отырған топ, сірә, бір семья тәрізді, үйме-жүйме болып ынтымақтаса қалған... Анда-санда кейбір жарық терезеден орыс адамдарының да бейнесі байқалады. Бірақ бұлар аз, бірен-саран. Мынау күбір-күбір сөйлескен сөз, әлдеқалай қаттырақ шыққан дауыс, бәрі қазақтікі. Және шетінен көңілді, бәрі де осы бір кешкі өмірге риза секілді. Әлсін-әлсін жастар күлкісі, не болмаса сырнай, домбыра үндері шығады. Бүркіттер конторға таяй бергенде, ұзынша келген барактың жанынан бір топ жастың қосылып салған әні естілді.

Тынық кеште, сырнайға қосылып шырқатқан ән қандай тамаша! Жолаушылар бар ынталарын салып тыңдай қалды. Сәкеннің «Жас қазақ марсельезасы» екен. Бүркіт сонау бір адасып жүрген кездерінде мұндай өлеңдерге маңыз бермейтін. Тіпті кейде оларды жат, қазақ жастарын бұрыс жолға шақыратын өлең деп түсінетін. Сол өлеңдер қазір қазақ, арасына мол тараған. Бұны тек қаладағы оқыған, сана-сезімі өсіп қалған жастар ғана емес, ауылдағы қойшы-қолаң, өндіріс орындарындағы жас жұмысшылар да айтады.

Ән ырғағы тағы да көңілді алыстағы бір жарық сәулелі арманға ала жөнелді. Ол тағы да жан-жағына қарады.

Жаңа ауыл, жаңа ән! Бүркіт күлім-күлім етеді. «Расымен-ақ мен қателескенмін бе? Мынау ән, мынау өнер қуып келген жұрт, бұл кешегі өз баласын өзі малға сатқан бейшара қазақ емес, бұлар бөтен жандар. Мен әлі сырын аша алмаған жаңа жандар».

Көше ұзын екен, өйткенмен көп кешікпей жолаушылар конторға да келіп жетті. Арбадан түсіп, үстеріндегі шаңдарын қағып үлгіргендерінше болған жоқ, тас баспалдақты контор есігінен бір жастау жігіт жүгіре түсті.

— Амансыздар ма, Бүркіт аға, Хасен аға,— деп ол жолаушылардың қолын алып, шаттана амандаса бастады,— сіз де амансыз ба, Петр Максимович,—ат қосшының. да қолын қысып жатыр,—Телеграмма ауаткомнан бағана келді, сіздер кешіккенге бөтен жаққа бұрылып кеткен шығар деп ойлап қалып едім.

Жігіттің дауысы Бүркітке таныс секілді, бірақ кім екенін қараңғыда айыра алмай тұр.

— Бері, бері жүріңіздер,— деді ол жолаушылар жайғасып болғаннан кейін.— Біздің үй де осында...

Бұлар үйге таман жүріп, шамның жарығы түсіп тұрған жерге жеткенде ғана Бүркіт өздерін ертіп келе жатқан жігіттің баяғы жас кен зерттеуші Нұрлан екенін білді. Ұзын бойлы әп-әдемі жігіт болып қалыпты. Өзін-өзі ұстаған түрі де, аяқ басысы да сап-салмақты. Бүркіт қуанып кетті.

— Ау, мынау өзіміздің Нұрлан ғой!—деді не дерін білмей.

— Иә, Нұрлан... Әлі сен естіген жоқ па едің, осы рудниктің директоры...— Хасен Бүркітке таңдана қарады,— мен біледі екен десем...

Нұрланның үйі контордың бір жағында екен. Жұпыны мүлікті, шағын келген үш бөлме. Бір бөлмесінде өзінің кәрі әке-шешесі тұрады екен. Өзі әйелі екеуі бір бөлмеде. Үшінші бөлмесін қонақтарға, келер-кетер кісіге әдейі дайындап қойған сияқты. Бүркіттер осы бөлмеге кірісімен, Нұрланның әке-шешесі, әйелі келіп амандасты. Әйелі жап-жас, қара торы арықтау келген келіншек, есіктің алдында сәл тұрды да, шығып кетті.

Қазақтың үйіне қонақ келсе, көңілінің бір көтеріліп қалатын әдеті емес пе, Нұрланның әкесі қоңырқай өңді, үлкен денелі қара шал төрге төселген ақ киіздің шетіне отырып, жайдары жүзбен қонақтарына қарады.

— Ат-көліктерің аман ба, шырақтарым? Танымадым, қай ауылдың балаларысыңдар?

— Алыстан келеміз, отағасы. Алматыданбыз.— Хасен күлімсіреп жауап берді.— Түбіміз осы араның Айдаболы боламыз.

— Ә, өзіміздің ауылдың балалары екенсіңдер ғой. Алматыдан шыққандарыңа көп болды ма? Ол жақтағы ел-жұрт аман ба?

Хасен де шалмен сөйлескісі келгенін білдіріп, ыңғайланып отырды.

— Шүкіршілік. Алматы астана болғалы құлпырып кетті ғой. Аптасына бір үй салынады десек, өтірікші болмаспыз. Ондағы ағайын-туғанның бәрі аман. Білекті сыбанып, жұмыс істеп жатқан жұрт... Ал өзіңіз бұл араға келгелі көп болды ма? — Жылдан асып кетті ғой деймін,— деді шал, есікке таяу отырған ашаң жүзді, ақ сары кемпіріне қарап.— Біз мына Шұбартау жағының қазағы боламыз. Мына жалғыз баламыз Нұрлан оқуын бітіріп, осында діректр болып сайланысымен, қолына көшіп келдік...

— Діректр емес, көке, директор...— Нұрлан әкесіне еркелей қарады,— және мен болыс емеспін ғой, мені ешкім де сайлаған жоқ, үкімет пен партия бекітті бұл жұмысқа...

— Мен де солай деп отырған жоқпын ба? Баяғыда Төлебай байдың партиясы жеңіп, ол болыс болған. Енді сенің партияң жеңіп, сен діректр болып отырған жоқсың ба?!— Шал қуақылана күлді, енді ол өзінің алғашқы ойына қайта кірісті,— Иә, қартайғанда жалғыз баладан бөлек тұрып, не қызық көреміз дедік мына Алтынай екеуміз... Сосын көшіп келдік. Көшіп келгеніміз сондай дұрыс болған екен. Талай бейшара бұл Қоңырайғыр қорғасынының игілігін көрді ғой...

— Қандай игілігін айтасыз, отағасы?

— Өткен жылы жұрт осында жаман жоқшылыққа ұрына жаздаған жоқ па?..

— Қалайша?..

— Надан қазақ қандай өсектен қорықпаған? Алдыңғы жылы жалпылама колхоздастыру басталғанда, әлгі «асыра сілтеу болмасын, айыр тұяқ қалмасын» дейтін тап дұспандары жұртты не деп қорқытпады? «Колхоз бар малыңды, қатын-қызыңды ортаға салады екен. Бір көрпенің астында жатып, бір ожаудан ас ішеді екенсің» деп лақап таратқан жоқ па... Біреулері білмей сөйлесе, біреулерінікі қастық болып шыққан жоқ па... Мал десе жанын қиятын қазақ, боса да өзімнен кетеді екен деп, колхоз болмай жатып, ең аяғы жалғыз сиырына дейін қыстыгүні сойып алды ғой. Өзге жақты білмеймін, дәл осы өңірде солай болды. Айналайын үкімет қолдан келген жақсылығын аяды ма, тайлы-таяқсыз қалған кілең қызыл шақа кедейді қыс бойы колхоз етіп ұйымдастырып, жаз бола тұқым беріп, егінге шығарды емес пе... Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады дегендей жазда бір тамшы жауып болсайшы... Осы өңір бойының қазағы жаман састы ғой. Кім біледі, апатқа да ұшырар ма еді, қайтер еді, егер осы Қоңыр айғыр қорғасыны ашылмағанда. Уа, елімнің нелер азаматы бар екен-ау, Нілді, Екібастұздан келген орыс жұмысшыларынан кейбіреулері бірде-бір кем соқпады ғой. Сом балғаны алып, темір қашауды көк тасқа тіреп қойып ұрғанда айызы қанады! Тіпті көбі шаршау дегеннің не екенін білмейді!

Әкесінің сөзін қоштай, Нұрлан осы рудник ашылғаннан бергі екі жылдың ішінде қазақтың жүздеген жас жігіттерінің алдыңғы қатарлы шахтер болып алғанын, электр тогымен темір кесу, слесарь, токарь мамандығын игеріп те үлгірген жастардың да аз емес екенін айта келіп, мақтанышты үнмен: «Кешегі қолынан қой бағу ғана келген ауыл жігіттерінің бүгін жаңа өнерді меңгере бастағанының өзі бір ғанибет іс емес пе»,— деді.

Бағанадан бері үндемей отырған Бүркіт енді өзінің көптеген ойын ортаға салды.

— Егер колхоз ісінде «асыра сілтеу» болмаса, осыншама өндіріске келер ме еді?—деді ол томсара,— халықты бұл араға өнерден гөрі, өмір қуалап әкелген тәрізді ғой...

— Жоқ, Бүркіт аға, олай емес.— Нұрлан қабағын сәл шыта ойлана сөйледі.— Көкем айтса, бұл жердің еткен қысылтаяң кезде біраз жұртқа пана болған жақсылығын айтып отыр ғой... Ал біздің рудник колхоздастырудан жарты жылдай бұрын ашылды. Соның өзінде-ақ жан-жақтағы ауылдың жастары қаптап жұмысқа түскен-ді... Жұрттың еңбек құмарлығы соншалық тіпті кейде тан қаласың. Әліпті таяқ деп білмейтін қазақтың алты айдың ішінде мотор жөндеуді бес саусағындай үйренгендері аз емес... Ондай жігіттерді өз көзіңізбен көресіз. Бөтен өндіріс орындарынан келген орыс жолдастар оларға өнеге болып, мамандыққа баулиды.— Нұрлан ақырын күлімсіреді.— Есіңізде ме, Бүркіт аға, біз осы жерді зерттеп жатқанда Әкпардың көк жорғасымен келгеніңіз? Сонда сіз...

Хасен мырс етіп күліп жіберді.

— Үйіне келген қонаққа жігіт адам үйдей өкпесін айтпас болар...

— Жоқ, айтсын, айтсын,— деді Бүркіт те күліп,— қайсымызға болса да бір адамның беделінен гөрі халықтың бақыты қымбат қой...

— Мұндай сөзді, Бүркіт аға, сіз секілді ақ жүрек адам ғана айта алады.— Нұрлан әлденені ойлана қалды.— Ал Әкпар ондай ойдан әлі аулақ секілді.

— Әкпар? Ол қайда?

— Әкпар осында... Свердловск қаласында оқуда екен... Инженерлік жаттығу жұмысына келгеніне бір айдай болды... Байқап жүрмін, жұрттың жете бастағанына күйінбесе, қуанатын түрі жоқ...

Әкпардың атын естігеннен-ақ Хасен елегізіп қалған.

— Өзі қазір қайда?—деді ол дәл табан астында жолыққысы келгендей.

— Алматыға жүріп кеткеніне екі-үш күн болды. Шаруам бар деген соң жіберген едім, енді бір-екі күнде келіп те қалар...

— Дегенмен, бай ұлдарының құрығы әлі де ұзын-ау. Біреудің жәрдемі тиген болар, қарашы, қайдан барып шыққанын!—Хасен кенет қабағын түйе қалды.— Әкпарға қалған жалғыз-ақ жол — бізбен бірге болу. Егер оған көнгісі келмесе, өз обалы өзіне.

Бүркіт тағы да көңілінде жатқан бір сезікті ойын айтты.

— Өмір кімді үйретпеген. Мүмкін Әкпарды да үйреткен болар...

— Ондайлар қазіргі кезеңде көп... Және біз оларға құшағымызды ашпасақ, кеудесінен итермейміз,— деді Хасен қабағын сәл түйе,— бірақ Әкпарға сену қиын. Ол әкесін Қытайға өзі көшірді деген сыбыр бар... Бұнысы рас болса, Әкпар оны тегін істеген жоқ.

Бүркіт оған таңдана қарады.

— Сонда оның қолынан не келеді?

— Жамандық істеу шегіртке екеш шегірткенің де қолынан келеді. Ал Әкпар секілді қаныпезер адам... Қазіргідей күрес шиеленісіп тұрған мезгілінде...

Дәл осы кезде атын жайғастырып болып үйге Петр Максимович кірді.

— Жоғары шық, тамыр,— деді Нұрланның әкесі, өзі сәл есікке қарай шегініп, анаған тор жағынан орын берді. Ат айдаушы көрсеткен жерге таман барып отырды. Шал енді Хасенге бұрылды,— Әкпарын әлгі Қытайға қашып кеткен Қарымсақ байдың баласы ма?— деді.

— Иә, соның өзі.

— Әнеугүні бір көргенім бар еді, япырмай, түсі тым суық екен. Ішінде жылан жатқандай ысқырынып тұр. Оның әкесінің қыстауын Тәкежан аулына берген дей ме? Олар сол жерде завхоз орналастырмақ көрінеді ғой,

Нұрлан қалжыңдай күлді:

— Завхоз емес, совхоз. Завхоз деген, көке, шаруашылықты басқаратын адам, ал совхоз деген советтік шаруа.

— Оныңды кім білген...

— Көкеңе бәрі бір ғой,— деді күліп күндікке үндемей отырған Нұрланның шешесі,— әлі ол сөзге тілі келгеніне тәубе де...

Шал сөзді бөтенге бұрды.

— Қарымсақ байдың қыстауы бір тамаша қыстау болатын. Ана жылы көргенім бар. Күйдірген қызыл кірпішті, темір шатырлы, абажадай-абажадай бес-алты кең сарай үй... Бай оны жұрт қара малайға кететін жылы салдырған десетін. Завхоз болуға лайық-ақ қыстау. Тәкежан аулы кедейінің бағы бар екен. Және сол завхоздың діректрі шолақ Қасым болатын көрінеді. Онда ол ауылдың көзі тіпті ашылатын шығар. Шаруашылықты басқарсаң, сол шолақ қол Қасымдай басқар! Өткен жылы осы маңның бәрі қинала бастағанда, ол өзінің колхозының шиін шығармай алып шықты ғой. Жаңбыр болмасын күні бұрын сезді ме, жаздың басынан-ақ жұртқа көлден су тасытқызып, суартып, картоп, капустасын құрғақшылықтан аман алып қалды. Аман алып қалды деймін-ау, оным бекершілік болар, тіпті бүкіл ауылын капуста, картоппен көміп тастаған жоқ па? Өз ауылы былай тұрсын, жан-жақтағы көрші колхоздардың бәріне де қарасты ғой. Міне жігіт болсаң, осындай бол! Өткен жылы оның жақсылығы жұртқа аз тиген жоқ. Осы маңайдағы қазақ жастарының бәрін басып қосып Қоңырайғырдың балығымен қыруар жұртты жоқшылықтан аман алып қалды емес пе.

— Ол қай Қасым?— деді Бүркіт «Қасым деген атты қайда естіп едім» деп елегізді ойланып.

— Кәдімгі шолақ қол Костя ше?— деді ат айдаушы Петр Максимович,— Сіз оны білмейтін бе едіңіз?

Бүркіт бұлардың қай Қасымды айтып отырғандарын енді түсінді. Оның көз алдында баяғы Тәкежанның ауылындағы таңертеңгі сурет тағы елестеп кетті. Ақ сары жүзі күнге күйіп қошқылданып кеткен шолақ қол жігіт Қасым-Костя. Қасында шашы жерге тиген жас сұлу әнші қыз Шолпан... Екеуінің бір-біріне қуана қараған көз қарастары. «Шолпан, сірә, Қасымға тигені болар» деді Бүркіт ішінен, шамалары солай секілді еді». Сол жолы мен Шолпанды Қасыммен жаман қылған едім ғой... Екеуінің арасындағы сезімді қазақтың ұлттық бірлігін бұзатын сезім деп түсінген емес пе едім? Сөйткен Қасым-Костя кешегі ауыр кезеңде жүздеген, мыңдаған қазақтың кемпір-шалын, жас Саласын ажал құшағынан аман алып қалыпты. Ал мен жанымдай сүйген өз ұлтыма қандай жақсылық істей алдым? Әкпар не істей алды?.. Біздің қазақты жақсы көруіміз құр бос соз болып шыққан жоқ па? Әрине, біздікі құр бос қиқу. Тіпті шынын айтсақ зиянды қиқу іс — Қасымдікі. Шолпан секілді сұлуға үйленуге оның қақы мол».

Бүркіт «Қасым кімге үйленіп еді» деп сұрағанша, Нұрланның әкесі Петр Васильевичке қарап:

— Шырағым, Қасымды Костя деп езіңе тартпай-ақ көн,— деді ананың сезіне шын ренжіп қалғанын жасырмай,— ол біздің Қасым, оның өзі де қазақ әйелі де қазақ баласы да қазақ.

— Шалым-ау, ол орыс болғанда ауылынан бөлініп бір жаққа барады дейсің бе?— деді әйелі күлімсірей сөйлеп,— енді орыс, қазақ деп бөлмесең де болады ғой, бәріміз бір дастарқаннан дәм жеп жатқан жоқпыз ба...

Шал баласына қарап:

— Осы сен маған әлгі... аты не еді... Саяси сауатсыздығымызды жоятын үйірмеге бар деп қоймайсың,—- деді мысқылдай күліп.— Бекер мені қинайсың... Мына шешеңнің маған мұғалім болатын-ақ түрі бар ғой...

Үйдегілер тағы күлісіп алды. Бүркітке де, Хасенге де мына кемпір-шалдың өзара қақтығысқан зілсіз әзілдері де, олардың қасым туралы сөйлеген сездері де әбден ұнауда. «Бұқара ұлттық мәселеге бізден гөрі өзгеше қарайды екен, қай ұлттан болсаң ол ұлттан бол, егер жақсы адам екеніңді білсе, сен жұрттың бауырысың, қымбаттысың. Бұған Қасым туралы айтып отырған мына шалдың сөзі айғақ. Ал менікі не еді?..»

Бүркіттің ойын тағы да Нұрланның әкесі бөліп жіберді.

— «Өзгенікін тартып алсаң өзіңдікі бұйырмайды» деген осы,— деді ол,— Қарымсақ, бай сол қыстауын, болыс кезінде, бағынышты бар еліне салық салып тұрғызған деуші еді, енді міне сол мүлкі бүгін талан-таражға түсіп жатыр.

— Талан-таражға емес, көке, өзінің тиісті иелеріне қайтарылып беріліп жатыр.

— Иә, иә, қалқам, дұрыс айтасың...

Әлденені ойлап үндемей қалған Хасен кенет Нұрланға қарады.

— Әкпар расымен Алматыға жүріп кетті деп ойлайсың ба, Нұрлан?

Хасеннің үнінен жігіт бір түрлі қобалжу естіді, сәл абыржыңқырап қалды.

— Өзі солай деген... Алматыдан бөтен ол қайда барады? Ауданға жақында ғана барып келген. Елде шаруасы жоқ секілді еді...

— Елде шаруасы жоқ екенін қайдан білесің?., Мүмкін...

Осы кезде Нұрланның әйелі кірді де, жерге дөңгелек үстел қойып, дастарқан жая бастады. Барлығы орындарынан түрегеліп, қолдарын жууға ауыз үйге шықты.

Көп кешікпей сары табаққа толы буы бұрқыраған жас ет те келді.Тамақ ішіп болғаннан кейін Нұрлан, Бүркіт, Хасен үшеуі тысқа шықты.Түн ортасы болып қалған екен, дала тым-тырыс. Анда-санда ғана еріне үрген бірен-саран иттің дауысы естіледі. Жарық көрінген терезе некен-саяқ. Жұрт қалың ұйқыға кеткен.

— Нағыз қазақтың ауылы,— деді Бүркіт ұйқыға еніп кеткен киіз үйлі поселкеге көз жіберіп.— Бірақ жаңа ауыл...

— Дұрыс айтасыз, Бүркіт аға,— деді Нұрлан,— кейде маған да осы поселке солай көрінеді. Бірақ бұл қазақтың ауылы емес, кенті. Жаңа өмірінің, жаңа тіршілігінің ошағы.— Кенет ол алыстағы жарқырап тұрған екі шамды көрсетті.— Ертең анау таудың етегінде оқ-дәрі атылады. Қазақ аулы ондай гүрсілден зәресі ұшып қорқар еді, ал мына қала оған мызғымайды да, таңғы ұйқысын да бұзбайды,— Ол жас балаша қуана күлді,— бұрын жалғыз мылтықтың үнінен үркетін қазақ қазір енді жер сілкінгендей гүрсілді құлағына да ілмейді. Міне, жаңа заманның белгісі деген осы...

— Ол оқ-дәрінің атылуына бізге де баруға бола ма? Енді өзімді үйрете бастау керек секілді.

Осы арадан алғашқы рет гүрсіл естігенде Нұрланға Бүркіттің «Жоқ, бұл гүрсіл тау-тасты талқандап жатқан гүрсіл емес, менің жүрегімді талқандауға арналған гүрсіл» деген сөзі есіне түсті.

Нұрлан да Бүркіттің ойын түсінді. Бірақ ондағы сезді ұмытып қалғандай:

— Жарайды, Бүркіт аға, барғыларыңыз келсе, ертіп апарайын,— деді жай ғана.

— Жоқ біз таң ата жүріп кетуіміз керек,— деді Хасен.

Нұрлан да, Бүркіт те таңдана қалды.

— Неге?

— Сенің өндірісінде аз дегенде бес-алты күн болармыз ба деген өзіміздің де ойымыз бар еді. Соғармыз. Қайткен күнде де ертең Тәкежан ауылына жетуіміз керек. Ұмытпасам, ертең онда, жаңағы ездерің сөз еткен Қарымсақ қыстауында жаңа совхоздың ең алғашқы құрылатын күні... Тәкежан ауылы бұрынғы қонысынан сонда көшпек.

Қазақ жұмысшыларымен дұрыстап танысқысы келген Бүркіт:

— Көшсе несі бар, олар бізсіз көше алмай ма? Келіп қалғаннан кейін, мұндағы жұртпен сөйлескен жөн ғой,— деді.

— Менің де осында қалғым келіп-ақ тұр. Бірақ неге екенін білмеймін, Тәкежан аулына тезірек жет деп жүрегім алып-ұшып барады.— Хасен енді қобалжи сөйледі.—Әкпар тым қаныпезер жігіт еді, ата жерін кедейлер басып алып жатқанда үндемей қала қояр ма екен? Және Қасымның келіншегі Шолпан оның бір кездегі қалыңдығы...

— Ондай қаупіңіз болса, ұстамайын,— деді Нұрлан,— бірақ Әкпар Алматыға баратын секілді еді.

Хасеннің сөзінен кейін Бүркіттің де көңілінде адам түсінбес бір қобалжу пайда болды.

— Жарайды, жүрсек жүрейік,— деді ол дауысы дірілдей,— Әкпардан бәрін де күтуге болады...

Бұлар ауаткомның атын кейін қайтарып жіберіп, Нұрланнан басқа көлік алып, таң сәріден Тәкежан ауылына жүріп кетті.

Жалғыз ат жегілген жайдақ ләшеңке арба үй-үйдің арасымен, Қоңырайғыр келінің күнбатыс жағын бөктерлей тауға көтеріле берді. Бұлар поселкеден ұзамай-ақ, шахтыға қарай беттеген лек-лек қазақ жұмысшыларын көрді. Бәрінің де жүздері ақ жарқын, таңертеңгі тыныштықты оята, самбырлап сөйлегендері, күлгендері ап-айқын естіледі.

— Хасен,— деді ол кенет толқып кетіп,— байқайсың ба, мынау кетіп бара жатқан біздің жаңа халқымыз ғой, келесі дастанымды мен осылар туралы жазамын...

Хасен оған шаттана көз тастады.

— Жаз. Дастаныңның жақсы болып шығатынына мен кепіл.

Дәл осы кезде кешегі Нұрлан көрсеткен тау етегінен, бүкіл жер-көкті тітіренте екі-үш гүрсіл естілді.

— Ал мына гүрсіл біздің халқымызды жаңа дүниеге шақырған гүрсіл!—деді Хасен күлімсірей.— Бұны да жаз. Шын жүрегіңмен жазсаң, поэзияның дәл осы гүрсілден айбынды шығатынына менің күмәнім жоқ.

— Сеніміңе рақмет,— деді Бүркіт көзінен домалап кеткен жасын қолының сыртымен сипай сүртіп,— қолымнан келген өнерімді аямаспын.

Жүрдек қара көк айғырды айдап келе жатқан бала жігіт бұлардың сөзіне түсіне қойған жоқ. Бірақ неге екені белгісіз, арбасындағы екі адамға кез тастап, кенет көңілденіп кетті де, атын қамшымен тартып қалды, Қара көк айғыр ала жөнелді.

— Айт, шу!— деді бала жігіт бар даусымен жас қаршығадай желпіне түсіп.

II

Сәске түсте Бүркіттер тап-тақыр қырқаның басына шықты. Дәл қарсы алдарында ылдида, жайқалған жасыл шалғынның ортасында, төңкерілген күміс кеседей боп жарқырап, құрақты шағын көл жатыр. Оның күнгей жақ желке тұсында Қарымсақ байдың қыстауымен алқақотан тігілген бірнеше киіз үйлер көрінді. Бұл — кеше ғана көшіп келген Тәкежан қарттың ауылы. Қарымсақ байдың қыстауы дәл осы қырқаның үстінен кез жібергенде кішігірім поселке тәрізді. Ортасында күйген қызғылт кірпіштен қаланып, төбесі көк темірмен шатырлай жабылған бес-алты үй. Бұлар — Қарымсақ байдың өзінің қыстауы. Қызына, ұлына, бәйбіше, тоқалына деп жеке-жеке салдырған. Бұл үйлерден елу-алпыс метрдей жерде ұзын-ұзын темір шатырлы тас сарайлар тұр. Бұл —- күз түсе Жетісу бойына тебінге айдатылған малынан алып қалған, қыс қысыр сауатын жылқысына, соғымға деген қойына арналған мал қоралары. Бидай, ұн, сұлы сақтайтын азық саралары. Бәрі қаланың бай мұжықтарының тас сарайларындай берік, кен.

Осы қыстауды қоршай қазақтың он-он бестей шымнан қалаған, тұқыл төбе, сығырайған терезелі тапал үйлері көрінеді. Бұлар байдың жалшы, малшы, ілік-шатыс, ауылдас жамағайындарының қоныстары.

Қыстаудың солтүстігі мен күншығысынан күміс кеседей төнкерілген мөлдір сулы шағын көлдің арғы тұсы — елу километрдей жазық дала, қара топырақты шұрайлы жер. Бұл — Қарымсақ байдың ата мекені, жайлаудан қайтып қыстауға кіргенше, бие байлап, күздің сары қымыз сапыра ішетін жайылымы.

Міне, осы араға Тәкежан ауылы көшіп келген.Әзірге осылай отыра тұрмақ жаз бойы көптен бері бос тұрған тас үйлерді жөнге келтіріп, күз келе қыстауды жайламақ. Барлығына бірдей үй жетпейтін болса, осы арадан он шақырымдай жердегі «құлан тастан» тас тасып, үй қаламақ...

Қырқа басына шыққан жолаушылардың будан басқа көргендері көл бетін қаптаған құс болды. Сыңсыған қаз-үйрек у да шу, ауыл маңы қыбырлаған адам, араның ұясындай гу-гу етеді және бәрі қаладан келетін үлкен жолға қарап әлденені күткендей. Жолаушылар таяй берген кезде ауыл адамы тегіс қара жолға лап қойды. Шапқан салт атты, емшектегі баласын көтеріп далбақтай жүгірген әйел, топырласа жарысқан бала... Базардан қалашылар келе жатқандай бәрі де мәз-мейрам.

— Бұларға не болған?— деді таңданған Бүркіт.

Хасен жымия күлді.

— Қазір білеміз.

Сөйткенше болған жоқ, қалаға баратын қара жолдың үстіндегі белестен, гүрілі жер "жара, пәуескелі арбадай екі қара бірдеме шыға келді. Белестің етегіне жетіп қалған жұрт енді кейін қарай жапырыла түсті. Бұрын мұндай «кереметті» көрмеген қазақ, жылқылары осқыра үркіп, үстіндегі кісілерді қу далаға алып қашып барады. Жылаған балалар кенет тоқтап, әлдекімнің таңданған дауысы да естіледі. Жұрт мәз-мейрам, у-шу, біреулер қуанғаннан жаман тымағын жоғары лақтырып, «Алақайлап!» айқайлап жатыр... Ал әлгі «екі керемет» енді гүрілімен жерді жара; көк түтінін соңынан бұрқырата белестен түсіп келеді.

Екеуінің де алдыңғы жағында желпілдеген кішкентай қызыл ту көрінеді.

— Трактор!— деді бар дауысымен қуанып кеткен Хасен,— қазақ ауылына да трактор келді!

Ол кездегі төрт дөңгелекті тек қана сегіз аттық күші бар «Харьков» тракторы бізге қазір «ескінің мұрасы» саналып, машинаның жабайысы болып көрінеді. Әрине, бүгінгі сексен, жүз отыз аттық күші бар «ГТЗ», «X—130»-ға қарағанда, оның «ойыншық» саналуы таң қаларлық іс емес, бірақ дер кезінде бұрын машина көрмеген қазақ аулына ол тракторлар да бір ғажайып керемет болып көрінген. Өзі жүреді, өзі жыртады. Шоп жемейді, жем сұрамайды, халыққа бұдан артық, қандай керемет керек?!

Міне, сол кереметті тамашалаған жұрт. Бұларға Бүркіттер де келіп қосылды. Жайшылықта болса, Хасен сынды қонағын ауыл болып төбесіне көтеріп қарсы алар еді, ал қазір жұрттың кеңілі де, көзі де тракторларда...

Алдыңғы тракторды жүргізіп келе жатқан — Шолпан. Екіншісі де жас келіншек. Екеуінің де басында — қызыл орамал, үстерінде — қыры сынбаған көк комбинезон. Шаштарын тоқпақтай етіп желкелеріне түйіп алған. Екеуі де жақында қаладағы алты айлық трактор жүргізушілердің оқуын бітірген. Жаңа ұйымдасқан совхозға ен алғашқы бөлінген тракторларды қаладан барып алып келу — осы екі жас келіншекке тапсырылған. Бұлардың, сол қаладан келе жатқан беттері.

Қос трактор бірінің соңынан бірі тіркесіп жүріп келеді. Аралары жиырма метрдей. Көк түтіндерін бұрқ-бұрқ еткізіп, гүрілдегенде бүкіл сар даланы басына көтереді.

Соңдарынан ере қаптаған жұрт. Ең алдарында шолақ қол Қасым-Костя. Екі езуі екі құлағында, қисық жаға көйлегінің омырауы ашылып кеткен. Былғары кепкесін сау қолына ұстап, артындағы топқа қарап бірдеме деп күледі. Дауысы естілмейді, тек ашылып-жабылған аузының қимылы ғана көрінеді. Жұрттың бәрінің де жүзінде — қуаныш. Әсіресе, балалар мәз-мейрам. Олар біресе трактордың алдына шығып, біресе қастарына жақындап, бір тынбай шапқыласып жүр. Әлдеқалай жазатайым біреуін басып кетпейік деп тракторшы қос келіншек, қабақтарын түйе түсіп, жол үстінен көздерін бір алмайды. Анда-санда алдарынан жүгіріп шыққан балаларға «Жолдан былай тұр!» деп шаңқ етіп дауыстап, астарындағы болат тұлпарларын бұрынғысынан да гүрілдете айдайды.

Үлкен-кіші, бала-шаға, әсіресе ауыл әйелдері өзінен өзі жүріп келе жатқан темір арбаға бір таң қалса, сол гүрілдеген темір арбаны қорықпай жүргізіп келе жатқан осы қос келіншекке одан әрмен таң қалуда... «Қарай гөр бәтшағарларды, қалай үйреніп алған!» деп кей кемпір бетін шымшиды. «Қашанғы сиыр сауудан бөтен еш нәрсені білмей дүниеден өтеміз? Білсін, үйренсін!»—дейді жастау келген әйел.

Иін тірескен жұрт екі келіншектің өнеріне мәз. Анандай жерге арбаларын тоқтатын қойып, ауыл адамдарының соңынан күле сөйлесіп келе жатқан Бүркіт пен Хасенді жұрттан бұрын әкежан қарт аңғарды. Өзгелерден бөлініп жолаушыларға келіп жолықты. Амандасып болғаннан кейін:

— Мұндай «кереметті» кім көрген, қатын-қалаштың тіпті есі шығып кеткен тәрізді,— деп күлді,— сендерге көңіл қоймады деп өкпелеп жүрмеңдер.

— Оқасы жоқ, біз өз адамдарыңызбыз ғой,— деді Хасен де жылы шыраймен,— қуаныштарыңа ортақпыз, келесі уақытта бұдан да мол байлыққа жетіңіздер...

— Уай, несін айтасың, шырақтарым,— Тәкежан аяндай түсті, бұлар енді жұрттың соңынан ере жүріп сөйлесіп келеді. — Жоқшылық әбден иығымыздан басып алып еді, енді бір кенелетін шығармыз. «Жолда жүрген жеңеді» дегендей, мына қос тұлпар егер күндіз-түні осылай жүре берер болса, не шыдатады? Құдай бұйыртса, жер әбден кеппей-ақ, әлі осы төңіректің өзін қызыл жоса қып жыртып тастар...

— Тұқымдарыңыз бар ма?

— Айналайын өкімет оны да берді ғой.

— Егін егуге кешігіп қалған жоқсыздар ма, қоға қаптап өсіп кетіпті ғой?

— Бұл ара ылди ғой, жердің беті кепкенмен, асты көпке дейін дымқыл жатады. Қасым үкіметтен әдейі соң егіліп, тез пісетін тұқым сұрап алдым, әлі де жер жыртуға кеш емес дейді. Ал ол білмесе айтпайды.— Қарт ананың білетінін мақтаныш ете сөйледі.— Осы жетістіктің бәрі соңын арқасында ғой. Таласып жүріп Қарымсақ байдың қыстауын алған да Қасым.

— Бұл маңда Қарымсақ байдың баласы Әкпар көрінбеді ме?

Тәкежан ойлана қалды.

— Ж-жоқ...— деді ол, сөйтті де, аздан кейін:— Япырмау, маған» осы кім айтты, осыдан бес-алты күн бұрын, көлдің арғы тұсында ат суарып тұрғанын біреу керіпті. Иә, иә Ақылбай қойшы айтқан екен ғой,— Шал енді Хасенге қарады:—Әкесі Қытайға ауғаннан бері баласы бұл жақта көзге түспейтін еді, қайдан пайда болды екен?

— Алыста, Россияда оқуда екен. Биыл мына Қоңырайғыр өндірісіне жұмысқа келіпті...

— Оны бұл арада көрдің бе деп неге сұрадың?

— Нәсілі қатты тұқым ғой. Жерін, қыстауын тал түсте тартып алып жатқанға, өшігіп жүрмесе жарар еді деп қауіптенем.

— Бай тұқымнан оны күтуге болады,— қарттың қабағы түсіп кетті. Ол енді басын шайқады,— жоқ, біз көшіп келгелі бұл маңда көрінген жоқ. Дегенмен сақ, болған жөн. Қора-қопсыға күзетті күшейте түскен дұрыс болар. Сақтықта қорлық жоқ деген...

Тракторлар енді қара жолдан шығып, алқа-қотан тігілген киіз үйлерді айналып, өздеріне арналған қыстау шетіндегі сарайға қарай беттеді. Жұрт топырласа еріп келеді. Бағанағыдай емес, гүріліне де үйрене бастаған тәрізді, кейбіреулері тіпті жақындап келіп, тракторлардың темірін қолымен сипап та қояды.

Қасым жұрттың көңілін әбден тапқысы келді ме, тракторлар қойма тұсына таяған кезде:

— Соқа, соқа әкеліңдер,— деп сарай алдында тұрған жігіттерге айқай салды,— жұрт мына тракторлардың жерді қалай жыртатынын көрсін!..

Әне-міне дегенше он шақты жігіт қоймадан әлі сырына дақ түспеген екі жап-жаңа соқаны әкелді. Соңдарына тіркеулері-ақ мұң екен, болат тұлпарлар ала жөнелді.

Қос трактор бірінің соңынан бірі жүріп келеді. Қара топырақ жер қарыс сүйемнен тереңдеу боп қарс айырылып, бұйра толқындана тракторлардың арттарына түсіп жатыр.

— Па, шіркін, күштеріңе болайын!— дейді қуанып кеткен бір ақсақал.

Жұрт бұрынғысынан да мәз-мейрам, қатын-қалаш, бала-шағада ес жоқ, әбден қуаныш билеп кеткен, өздерінің жоқшылықтан енді мәңгі құтылатындарына мүлдем сенгендіктерін білдіріп, көздері күлім-күлім етеді.

Трактордың өнеріне риза болған бір бала жігіт осы кезде ауылға тарай бастаған Бейімбеттің «Тыр, тыр, трактор» деген өлеңінің бір-екі сөзін тақпақтай жөнелді. Бала жігіттің дауысы да бір түрлі шат, еркін шықты.

Әрине трактор гүрілі басып, жігіттің тақпағын ешкім естіген жоқ. Бірақ ананың өзі мәз. Жаңа өмір үніне, трактор үніне өзінің жүректен шыққан тілегін қосқанына мәз. Дәл осы сәтте осынау дүрліккен шат-шадыман қалың топта мұндайлар аз емес. Кейбіреулері қуанышын қойнына сыйдыра алмай, әлденеге ыржыңдай күбірлеп күле береді.

Бала жігіт тақпағын айтып бітіргенше болған жоқ, екінші келіншек айдап келе жатқан трактор, бір төбешікті айыра жыртып өте берген кезінде, гүр-гүр етіп бір-екі жөтелді де, кенет тоқтай қалды.

Енді әлгі бала жігіт:

«Айт, шу!.. Трактор,

Неге тоқтадың, қане, жүр!»—

деп қалжыңдай Бейімбет өлеңінің аяғын айтып келе жатты да, кенет қоя қойды. «Мұның да осындайы бар ма еді?» деп таңдана қалған жұрт тракторды қоршап алды. Келіншек жерге секіріп түсіп, трактордың алдыңғы жағындағы жұқа темір қақпағын көтеріп, бірдемелерін шұқылауға кірісті. Бұлардың жанына Қасым келіп, үстіндегі пенжегін жанындағы бір балаға ұстата берді де, трактордың о жер, бұ жерін жалғыз қолымен басып, қарай бастады...

Жұртта үн жоқ. Кейбіреулерінің қабағында кейістік те пайда бола қалған.

— Бәсе, не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық деп едім-ау!—деген әлдекімнің шыдамсыз дауысы естіледі.— Неғып құдай бізге бар жақсылығын үйе салсын!..

— Кедейдің тор шолағына не жетсін!..

— Темір де бұзылады екен-ау!

— Темір бір бұзылса мол бұзылады. Оны қамшыменен айдап жүргізе алмайсың...

— Әй, бәрің бірдей көлбақадай неменеге бақылдай қалдыңдар соншама.

— Қасымның өзі қарап жатыр ғой, қаз.ір жүреді, шыдасаңдар қайтеді түге!

Әлдеқандай жарамсақтанған дауыс:

— Қасекеңнің өзі кіріскен соң жүреді де! Шіркіннің білмейтін өнері жоқ шығар!

— Біздің Күлпатша да тегін емес қой деймін, тіпті, астына кіріп бара жатыр ғой, бұзылған жерін көрді білем.

Бұл сөзді айтқан жігітке жанында тұрған қара шал өзгеге естіртпей күңк етті.

— Сонда да Қасымға жетпейді.

— Үйретсе мұндай өнерді біз де тез-ақ біліп алар ек...

Қара шал жақтырмай тыржың етті.

— Сөз емес сөзді айтпас болар, шырағым.Мына мен алпысқа келгенше орыстың бір ауыз сөзін білмеймін, ал орыстың кіп-кішкентай төрт жасар баласы орысша былдырлай жөнелгенде жан шыдатпайды. Несін айтасың олар бір өнер қонған атаның баласы ғой. Сені мен менікі қой бағып, құрт езу ғана...

— Қабеке, жұрттың бәрін өзіңізге теңемеңіз,— деді жігіт те жақтырмай,—сіздің. заманыңыз қой бағу болса, біздің заманымыз мынандай темір атқа міну. Қараңыз да тұрыңыз, биыл жазда бұл өнерді мен біліп аламын.

Қара шал мен жігіттің бұл сездерін құлағы шалып қалған Бүркіт ақырын езу тартып күлді. «Менің заманым басқа дейді мына жігіт. Шынында да солай емес пе? Осындай ақиқатты мен қалай түсінбей келгем? Ел өзгеріп жатқанда, жұрт өзгеріп жатқанда, қалайша бостан бос ата дәстүрін сақтау керек деп дүрліккенмін? Ел-жұртымның жаңа тілегін қалай ұқпағанмын?»

Трактор келумен байланысты той-думан кешке ғана басылды.

Жұрт шам жаңа Бүркіт пен Хасен түскен Тәкежан қарттың үйіне жиналды. Бәрі де орталықтан келген қонақтардың сөзін естімек. Кедейге деген қандай жақсылық бар, соны білмек. Жұрт жиналған кезде, тыстағы ауыл шаруасын бітіріп, мұнда Қасым да келді. Әңгіме енді бірден жаңадан ашылатын совхоз жайына көшті. Қасым өзінің жаңа шаруашылықты қалай ұйымдастырғысы келетінін, келесі көктемде қанша тын көтеріп, қаншама мал басын өсіруді жоспарлап отырғандарын қонақтар мен ауыл адамдарына айтып берді. Бұған әлдекімдер өздерінің ой-пікірлерін қосып, болашақ өмір жайындағы сөз ұзаққа созылды. Гу-гу әңгімемен отырып, жұрт түн ортасының ауып кеткенін аңғармай қалды. Сөзге әбден айыздары қанды. Ауыл адамдары мен қонақтар Тәкежан қарттың арнап сойған марқа тоқтысының етін де жеп болды. Жұрт енді тарауға ыңғайланып жатқан кезде, кенет әлдекімнің ащы айқайы шықты.

— Өрт! Өрт!—деп қара түнді қақ жарды ашынған еркек дауысы.

Үйдегілер сыртқа ата жөнелді. Түнгі өрт қандай қорқынышты! Кәресін мен бензин бөшкелері тұрған үлкен сарайдың үстіндегі лаулаған қызыл жалын қыстаудың бүкіл күншығыс жағын ал қызыл сәулеге бөлеп, аспанға дейін тұтасып алған. Қара түнді үркітіп, сүйір ұшты Қызыл көрпе өрт әлсін-әлсін көкке лап-лап етеді.

Жаңа ғана ұйықтап кеткен ауыл тайлы-таяғына дейін қалмай тік тұрды. Жылаған бала, кісінеген жылқы, үрген ит дауыстары қараңғы түнді бұрынғысынан да үрейлендіре түсті.

Сарайға қарайлап қойған көп жұрттың алдында Қасым... Қайдан алғаны белгісіз, қолында кеспелтек қаратаяқ. Пәрменінше жүгіріп келеді. Өзге жұрт оған ілесе алар емес. Қасым жанып жатқан сарайға жетіп те қалды. Кенет өрт шыққан қоймамен іргелес тұрған тракторлар қойылған тас сарайдың бұрышынан бір адам оған қарама-қарсы тап келді. Қасымнан бұрыла қашпақшы болып, сәл жүгіре түсті де, одан құтыла алмасын сезіп, қолындағы кішкентай тапаншасын кезей тұра қалды. Қасым таяғын көтеріп үлгіргенше, шаңқ еткен мылтық даусы естілді... Қасым шалқалай барып жерге сылқ құлады. Қара түнде пайда болған адам қара түнге қайта сүңгіп жоқ болды. Аздан кейін барып, көл жағасын қуалай шап шапқан жалғыз аттың дүбірі естілді.

Сарайға жетіп қалған жұрт құлап жатқан Қасымның үстіне үймелей қалды. Оқ дәл жүрек тұсынан тиген екен, бейшара тіл қатуға да келмей, бірден жан тапсырды. Жұртта үн жоқ. Тек қарақшыны қуып кеткен жігіттердің көл жағалай айқайлаған дауыстары естіледі. Жиналған жұрт Қасымның ақ көйлегінің кеудесіне шыққан алақандай қаннан кездерін алар емес. Өрт алғалы тұрған сарайдағы есіл мүліктің қайғысынан, осынау бір аяулы жанның өлімі оларға анағұрлым батып тұр. Жиналған жұрт не дерін білмей, әлі сол мелшиген қалпында.

— Уа, бұл қай тұрыс?!—деді кенет Тәкежан қарт жан-жағына қарап,— көтеріңдер бастарыңды! Бір-екеуің Қасымның жанында қалып, өзгелерің ана өртті сөндіріңдер! Алдымен бағанағы машиналарды құтқарыңдар. Жаудың да бізге қимайтындары солар болар.

Екі кәрі шал Қасымның жанында қалды да, өзге жұрт, қайтадан өртке қарай лап қойды. Қазақ аулында ерт сендірерлік ешбір аспап болмайды, әйтеуір бәрінікі де құр далбаса тәрізді, біреу жанып жатқан сарайдың жан-жағына ұшқын түсіп тұтана бастаған шөпті қаппен ұрғылап, біреу таяу тұрған көлден шелекпен су тасып кек жалынға шашып жатыр. Лаулай көтерілген қабырғадай тұтасын алған қалың отқа бұл не болсын, аласұрған көк жалын күшейе түсті.

Хасен мен Бүркіт өртке жетісімен-ақ, тракторлар тұрған сарайдың есігіне жармасты. Қарымсақ байдың ұры түспесін деп әдейілеп істелген тас сарайының темір есігі, бұл екеуі қанша қимылдаса да болар емес. Алақандай қара құлып салынған белдеу темір, бұлар таспен ұрса да мызғымады. Әйтеуір, абырой болғанда, бір жігіт жуан сүмбі тауып әкелді. Оны есіктің белдеу теміріне кіргізіп жіберіп, бес-алты адам белдеу темірді құлпы-мұлпымен бірге қопарып түсірді.

Содан кейін ауылдың жиырма шақты қарулы жігіттері, екі тракторды, арт жақтарынан діңгек ағашпен итеріп, жаңа бастаған сарайдан алып шықты.

Әйел-еркек демей жұрт болып өртке қарсы тұрды. Біреу су тасып жүр, біреу жалынға күректеп топырақ шашып жатыр... Бұл арпалыста Бүркіт пен Хасен де жан аяған жоқ, жұртты басқарып қияпат апаттың ортасында болды.

Өрт таң ата барып сөнді. Кеше ғана халық қорына алынған, темір шатырлы бес кең сарайдың екеуі апатқа ұшырады. Тек орындарында есік, терезесі үңірейіп, төбесі жоқ, тас қабырғалары ғана қалды...

Хасен мен Бүркіт өрт сөндіріп болғаннан кейін, өзгелерге еріп ауылға қайтпай, көл жағасына қарай кетті. Болған уақиғадан жапа жеп бұлар о жақта ұзақ жүрді.

Бұл кезде күн де шығып, қол үстіндегі құстар да оянды. Бүгін де қазақ жері ежелгі әдетіндей көрікті еді. Жасыл кілем тәрізді жайқалған, көгі қаулап есіп келе жатқан жазғытұрымғы кең дала жұпар иісін аңқытып адамды мас еткендей, қол үстінде жоғары-төмен ұшып жүрген құс шуы, сыңси салған аққудың сұлу әні көңілге бір қиял туғызғандай... Бірақ екі ақын жігіт бүгін бұларға назар да аударар емес, түндегі өрт, Қасымның өлімі иықтарынан зілдей басып, қабақтары түсіп кеткен.

— Иә, — деді әлден уақытта барып Бүркіт, — қазақ ауылы жаңа өмірге шын беттеген екен. Түндегі қанды уақиға сол оянған ауылда туған ұлы күрестің, тап күресінің салдары ғой. — Ол ауыл жаққа қолын көтерді. — Сенің осы күресте жеңіп шығуың үшін қолымнан келген өнерімді аямаспын, қымбатты халқым....

Хасен кенет көзіне келген жасын көрсеткісі келмей теріс бұрылып кетті. Бұлар ауылға қайтқанда сәске де болып қалған еді. Түнімен ұйқы көрмегелі жұрттың екі иіні түсіп кеткен.

Жоқтау .айтып шыққан қатын-қалаштың беттері білеудей боп ісініп алған. Шапқыншылар жіберіліп, хабарланған көрші ауылдардың адамдары да келе бастаған екен... Кейбір үйдің есігінің алдында мал сойылып, қазан көтеріліп жатқаны да байқалады.

Ауыл сыртында жүз қадамдай жерде жеке тіккен қараша үй тұр. Жан-жағында топырлаған адам. Есігінің он, жағына ұзын құрыққа тоқпақтай етіп ат құйрығын байлап қойған. Анандайдан көрінеді. Үйдің белдеуінде, үстінде қара жабуы бар, жал-құйрығы кесілген Қасымның көк бесті аты байлаулы. Бұл белгінің бәрі қаза болған адамды қоярдағы қазақтың ескі дәстүрі. Шамасы Тәкежан ауылы Қасымды осы көне ғұрыппен қоймақ тәрізді.

Бүркіт пен Хасен көңіл айтып шықпақ болып, бірден осы қаралы үйге беттеді. Бұлар жақындай берген кезде, солтүстік жақтағы белестен үш салт атты көрінді. Олар ылдиға түссе, ауылға қарай «Ой баурымдап!» аттарының басын қоя берді. Бұл да ескі дәстүр. Шауып келе жатқандар үйге елу қадамдай жер қалғанда аттарынан түсті. Көрші ауылдың адамдары екен. Бүркіт пен Хасен бұлармен амандасып, бәрі енді үйге қарай жүрді.

Бұлар табалдырықты аттар-аттамастан, үйдің оң жағында отырған түнімен жоқтау айтып шыққан үш әйел көздері жасқа тола, қайғылы қарлыққан дауыстарымен қайтадан зарлап қоя берді. Үш әйелдің біреуі кешегі қызыл орамалды Шолпан. Бүгін оның мөлдір көзінен парлап аққан жас көрінеді, екі беті суалып, ерні кезеріп кеткен, басына қара жамылған. Қасындағы екі әйелдің де қайғыдан қан жұтқан жандар екені бірден сезіліп тұр. Бұлар да бастарына қара бүркеніп алған. Қасіретке булыққан үш әйел, қолдарымен мықындарын таянып, солқылдай зарлағанда, адамның сай сүйегін сырқыратады.

Жоқтаудың алғашқы шумағы біте бергенде, Шолпан жаңа шумақты бастай жөнеледі де, ана екеуі оған қосыла кетеді. Құлақ салсаң, бұлардың жоқтаулары да ескі жоқтаулардан өзгеше, қайғылы сарнауларында да жаңа үн естіледі:

Сарқылғандай бұлағым,
Қурағандай құрағым,
Сәуле әкелге аулыма
Күнім еді-ау шырағым...

Үй іші лық толы адам. Сол жақ ағаш кереует үстінде кебінге оралған Қасымның денесі. Үстін ақ шүберекпен көлегейлете жауып қойыпты. Бас жағында, керегеге марқұмның таза деген киімдері ілінген. Пұшпақ бөрік, кереге барқыт пенжек-шалбар, жағасын сырған мауыты шапан! Бәрі де қазақы киім үлгісімен тігілген. Бұл киімдерді Қасым еш уақытта да емес, сірә бір күні болмаса, бір күні киермін деп тіккізген болуы керек. Бұлармен қатар өзінің үстінен үнемі тастамайтын, шолақ былғары тоны, тозығы Жетіп қалған ескі кепкесі, қисық жаға қара сәтен көйлегі ілінген.

Бүркіттер келіп тер жаққа орналасқанда да әйелдер жоқтауын бітірген жоқ.Дауыстары қарлыға, олар әлі зарлауда:

Ұлтың бөтен демедің,
Болдың қазақ баласы.
Жұрттың қамын жеп едің,
Ақылгөйі, панасы.
Жау қолынан оққа ұшты
Сөйткен алғыр ақ сұңқар.
Арысынан айырылды
Жетім-жесір, кемпір-шал.

Әйелдер көңілдегі зарларын әбден айтып болып, жоқтауларын тоқтатты. Сонда ғана барып Бүркіттермен бірге кірген, жаңа ғана «Ой бауырымдап!» осы ауылға шауып келген үш адамның кәрісі, бұжыр бет шал Тәкежанға қарап:

— Қастың қолынан қаза тапқан Қасымжанның қайғысынан жүдеп отырған жалғыз сендер ғана емес, қаржас тұқымы, бәріміздің де қабырғамыз қайысулы, — деді салмақты үнменен,— қайғырғанмен, алыс сапарға аттанған арыстарын, қайтып оралмайды. Кездеріңнің жасын сүртіп, белдеріңді бекем буыңдар. Артын тілеңдер...

— Иә, Сәке, дұрыс айтасың,— деді Тәкежан төмен қарап отырған қалпынан басын жоғары көтеріп.— Жылағанмен сабазымыздың қайта оралмайтынын біз де білеміз. Тек, жұрт үшін бәйек болып келген осынау бір аяулы жанның жау қолынан оққа ұшқанына жан күйеді. Жай елім болса бір сәрі ғой, кезіміздің қарашығындай керіп жүрген қымбатымызды жау оғынан сақтай алмағанымызға өкінеміз.— Сөйтті де қарт ақырын үфледі.— Ал, ағайын, Сәкенді күтіп едік, бұ кісі де келді, басымыз тегіс жиналған тәрізді, енді Қасымжанды ақырғы сапарына жүргізу жайын кеңеселік...

Жаңағы бұжыр шал сәл қозғала түсіп:

— Дұрыс айтасың, Тәкежан,— деді,— ең алдымен қай дәстүрде демексің ғой?..

— Иә, Сәке, Қасымжан болшайбек еді ғой.

— Болшайбек бол, болшайбек болма — бәріміз де құдайдың пендесіміз. Біз секілді надан халыққа жақсылық істеген адам кәпір болмайды. Және дозаққа да баруға тиісті емес. Ұжмаққа, шолақ молданың айтуы бойынша, тек мұсылмандар ғана баратын көрінеді ғой, сондықтан мұсылманша қою керек.

— Онда құран оқытып, жаназа шығартамыз ба?

— Әлбетте.

...Екінді әлетінде ғана жұрт Қасымның денесін қоюға зиратқа алып келді. Бұл Қарымсақ байдың арғы бабалары қойылған қазақтың ескі моласы болатын. Күмбезді, тастан қалаған екі-үш мазар көрінеді. Кейбір қабырлардың құлпытастары қисайып кеткен. Өліктердің басына ағаштай жонып орнатылған айшықтардың да көбі әбден тозығы жетіп, сырлары түсіп қуарып қалған.

Көшпелі қазақ өлігін әр жерге бір қойып дағдыланғандығынан ба, әйтеуір, бөтен жұрттай зиратқа бәлендей зер салмайды. Тек өліктің басына келіп құран оқығанда ғана қабыры бұзылған болса сонда ғана зейін аударып, жөндейді.

Ал мына бейітке де, бай ауылы көшіп кеткеннен бері ешкім көңіл аудармаған екен. Мұнда да бетін жапқан ағаштары шіріп түсіп, құлап жатқан зираттар аз емес. Тек тұрған жері ғана жақсы. Көшкен елге анадайдан көрінеді. Қазір сол бетегелі адырды төскейлеп жыбырлай басқан қабірлер. Адырдың ең жоғары жерінде қазылған жас қабір. Бұл Қасымға арналған. Құбыла жағында ақ киізге оранған — Қасымның денесі. Ақырғы рет батар күнді көрсін дегендей, бетін сәл ашып қойыпты. Бейітті қоршай отырған ауыл адамдары. Хасен мен Бүркіт те осында. Бір-екі жігіт зиратты тереңдетіп жатыр, бәрінде де үн жоқ. Тек Тәкежан қарт қана Қасымның жатар жері жұмсақ болсын дегендей, бейіттің үстінен бір уыс топырақ алып, кәрі, күсті саусақтарымен түйіршіктерін уқалап отыр. Жұрттан бұрын өлікпен қоштасқысы келгендей көгілдір аспан биігінде қалықтай ұшқан қара торғай шырылдап сайрап қоя берді...

— Ал, балалар, Қасымның денесін қабіріне түсіріңдер,— деді Тәкежан, қабір дайын болған кезде, сөйтті де бағанадан бері уқалап, әбден уатқан бір уыс топырағын бейіттің ішіне тастады.— Қасымжан, топырағың торқа, жатар жерің мынандай жұмсақ болсын. Қош, боздағым.

Қасым зиратының үстіне жаңа төмпешік пайда болған кезде ғана барып, жұрт қабырды қоршалан қайтадан отырды. Бағанағы шұбар шал құран оқуға кірісті.

— Ағузу билляһи, мінә, шайтан...

...Жерлеушілер ауыл шетіне жеткен кезде бұларға қарсы екі милиционер кездесті. Бүркіт пен Хасенді танып, олар сәл кідірді.

Милиция қызметкерлері Қасымның өлімін тексеруге көлігі, енді шаруаларын бітіріп, ауданға қайтып бара жатыр екен.

— Дәйекті ештеңе таба алдыңдар ма?—деп сұрады Хасен, әрі-бері сөйлескеннен кейін.

— Жоқ, өлтірген кісіні таба алмадық,— деді жауап қайырып ұзын-тұра милиционер.— Тек... мына бір тапаншасын тауып алдық,- Сірә атының тұсауын шешемін деп жүргенде түсіріп алған болуы керек...

Милиционер қол басындай қап-қара тапаншаны көрсетті. Бұны көргенде Бүркіттің есіне Әкпардың баяғы өзіне ұсынған тапаншасы түсе қалды. О да осындай қап-қара, түсі сұп-суық болатын. Қасымды Әкпардың өлтіргеніне онсыз да сеніп тұрған Бүркіт енді тіпті күмән келтірмеді.

Милиционерлерден айырылып, былай оңаша шыққан соң, ол Хасенге:

— Иә, бұл іс — Әкпардың ісі,— деді Бүркіт тұнжырап кеткен қабағын сәл көтеріп.

Жоқ жерден көсемсіз қалған жаңа шаруашылық бірлестігіне жұмысты қалай ұйымдастыру керек екенін айтып, Хасен мен Бүркіт бұл ауылда тағы да екі-үш күн аялдады.

Іс беті жөнделген кезде ғана бұлар Алматыға жүріп кетті. Әлі де болса қала тұруға болатын еді. Неге екені белгісіз, Хасеннің жүрегі алып-ұшып қобалжи берді — Ызаланған аш қасқыр құр ғана Қасымға шабуылмен тына қоймас деген күдік бар-ды.

ІІІ

Ханшайым Ақтоғайдан көп өмірді көріп қайтты. Халықтың сонау қайнаған ұлы еңбегі, жаңа өмірге деген алуан әрекеті бұны да анадан жаңа туғандай жаңа бір қуанышты сезімге бөлеген. Сана-сезімі де, өзі де бұрынғы ескі өмірмен мәңгі қоштасқанын анық түсінген. Ескі дағдыдан тек әлі де болса сырт бейнесін сақтау ғана қалған. Ол құрылыстан келісімен, сиқын алып тұрған қалың фуфайканы тастап, сымбатты денесінің көркін ашар жібек көйлек киген. Ұзын саусақты жұмыр білегінде алтын сағат, сұңғақтау келген ақ тамақ мойнына жібекке тізілген меруерт моншағын таққан. Қою қалың шашын тоқпақтай етіп желкесіне түйіп тастаған. Үстіндегі ақырғы үлгімен тіккен қысқа етек көйлегі де екі мықынын қынап жарасып тұр. Тек қала әйелдерінің әдеті бойынша ақшыл бетіне, қиыла біткен қас-қабағына, жас баланың ерніндей үлбіреген дәнді ерніне әзір опа, далап, сүрме дегендердің бір де бірі тимеген. Бет-әлпеті сол өзінің ауылдан келген уыз қалпына қайта енген. Енді ойнақы қара кездерінде терең ойлардың көлеңкесі пайда болып, ақ жүзі азырақ сола түскен.

Баяғы ерке-шора бай қызының шолжың қылығы әлдеқашан ұмытылған. Мінезі де салмақты, жүріс-тұрысы да байсалды. Нәсілі әдемілікті сүйетін жаны сұлу әйел әрқашан да ойын қандай таза ұстаса, сырт бейнесін де сондай таза, сәнді ұстауға тырысатын. Көпшілік арасында болуды жақсы көретін. Ол Ақтоғайдан Алматыға келген соң да, құр үйде бала бағып, бойын күтіп отырып қалмай, газет-журнал қарап, әйелдер жиналысына қатысып, қоғам жұмысына ат салысты. Әйелінің бұл мінезіне риза болған Хасен ақырында кішкентай Зурәсін жақында ғана ашылған балалар бақшасына бергіздіріп, Ханшайымды «Әйел теңдігі» журналына әдеби қызметшісі етін орналастырды.

Хасен ауылға кеткеннен бері Ханшайым редакциядан ертерек қайтып жүрген. Бұрын Зурәні балалар бақшасынан Хасен әкелетін-ді. Күйеуі жүріп кеткелі өзі баратын. Бүгін де Ханшайым жұмысынан ертерек қайтты. Түнде істейтін ісін үстелінің үстіне қойды да, Зурәні алып қайтайын деп жұмыс киімін тастап, көшеге лайық деген басқа әдемілеу көйлегін киді.

Кейінгі кезде Хасеннің үй ішінін жағдайы әжептәуір өзгеріп қалған. Жұртшылық өте жоғары бағалаған Хасеннің өткен уақытта жазған өлеңдері екі жинақ болып шығып, үш бөлмелік пәтерлеріне айналы шкаф, болыскей кірәуат, құстөсек, түкті кілем секілді көзге түсерлік мүлік те пайда болған. Өздері де дұрыстап киіне бастаған.

Осындай жұрт қатарлы жағдайға қолы жеткен Ханшайым аздап сәндене киінуді де теріс көрмейтін. Қазір де сол әдетіне салып, далаға шығар алдында тағы да бір рет айнаға қарамақ болып, көгілдір көйлегін көлеңдете төргі бөлмеге қарай бара жатты. Дәл осы кезде тарс етіп сыртқы есік ашылды. Ханшайым жалт бұрылды. Үйге Әкпар кіріп келді. Түрі сұп-сұр болып кеткен, соңынан біреу қуғандай демін әзер алады...

— Әкпар? Қайдан жүрсің? — деді сасып қалған Ханшайым не айтарын білмей.

— Үйіңде ешкім жоқ па?— деді Әкпар қарындасының сұрағына жауап берудің орнына. Оның жасқана қараған көзінен Ханшайым ағасының әлденеден қорқып тұрғанын сезді.— Егер үйіңде ешкім жоқ болса... Тезірек мені жасыра гөр... Соңымнан қуғыншы бар...

— Бәсе, құритыныңды өзім де сезіп едім-ау!—Ханшайым терезеге бұрылып сазара қалды.

Әкпар есіктің тиегін сала қойды да, қарындасына жақындай түсті.

— Қалқам... Сенен бөтен менің кімім бар? Бір жолға жасыр. Мені сенің үйіңе тығылды деп ешкім де ойламайды.

Кенет біреу есікті қақты. Ханшайым барып есікті ашқанша, Әкпар екінші бөлмеге еніп те кетті.

Үйге қора сыпырушы шалмен бірге екі жас жігіт кірді. Екеуінің де үстінде жасыл фуражкалы әскери киім, белдерінде былғары қапты алты атар.

— Ғафу етіңіз,— деді жігіттің жасы үлкендеу қара торысы.— Бұл үйге Әкпар Қарымсақов келген жоқ па?

— Сіздің ағаңыз, — деді тапал сары екінші жігіт.

— Бұл үй коммунист ақын Хасендікі,— деді Ханшайым өзін-өзі тәкәппәрлау ұстап, сәл қабағын шытып,— Әкпар Қарымсақовтың мұнда шаруасы жоқ. Бөтен жерден іздеңіздер.

— Келмеген болып шықты ғой... Бізге жаңағы жігіт дұрыс сілтемеген екен. Ғафу етіңіз...

Әскери адамдар шығып кетті. Ханшайым қайтадан терезенің алдына барып, сыртқа қарап мелшиді де қалды. Қабағы түйіліп кеткен. Бірдемені шеше алмай қиналуда... Әлде Әкпарды жасырғанына өкініп тұр ма — адам біліп болар емес. Қанша жау санағанмен де, жалғыз ағасын өз қолымен ұстап беру оңай ма, Ханшайым расында да сасуда еді... Әкпарға деген жиіркеніш, ыза және бір туған бауырға деген аяныш, қарындастық сезім бәрі қат-қабат араласып, жүрегін өртеп әкетіп барады. Ақыл-ойы алай-түлей...

Әлден уақытта барып, Әкпар төргі үйден шықты.

— Айналайын, көп жаса,—деді ол дауысы сәл дірілдеп. Енді маған тамақ бер... Екі күн болды аузыма нәр татқан жоқпын...

— Сен жаңағы әскерлерге менің не айтқанымды естіген жоқсың ба?

— Естідім.

— Естісең, неге тұрсың? Бұл үйде Әкпар Қарымсақовтың шаруасы жоқ дедім ғой.

— Өзім де кетемін. Тек түн болсын. Мені бұдан былай қарай енді мәңгі көрмейсің. Қытайға кетем.

Ханшайым сәл кідіріп қалды. Қанша көңілі қалғанмен де, туған ағасына: «Қайда кетсең онда кет, менің онда шаруам жоқ. Бірақ қазір кет! Шық үйден!» дей алар ма? Үйден кеткізбесе, тағы болмайды. Әбден сасқан Ханшайым не айтарын білмей, тәсілге шапты.

— Қазір Хасен келеді...

— Келсе ше?

— Қылмыс істеген адамды ол үйіне жасырып қала ала ма?

— Мен қылмыс істеген жоқпын...

— Онда сені неге іздейді?

— Тап жауы санайды. Халқым үшін Кеңес өкіметіне ала көз болғанымды кешірмейді.

— Сөз емес сөзді айтпа. Біріміздің сырымыз бірімізге бала жастан мәлім емес пе, несіне шатыстырып әуре боласың. Кеңес өкіметіне сен ашық жау болған жоқсың, ал іштегі наразылығың ғана үшін бұдан тал-түсте іздемейді. Не болса да, бір сұмдық істеп келіп тұрсың. Қолыңның қанды екені бірден көрініп тұр!.. Қанды болмаса, неге артына тыға бересің?

— Ханшайым, байқа,— деді Әкпар демін әзер алып,— қолымды артыма ұстасам өзіме-өзім сенбей тұрғаным. Бұлай сөйлеуіңді қоймасаң, тамағыңнан ала түсем бе деп қорқам.

— Сөйтіп тұрып менен бауырмалдық тілейсің Әкпар, ә?—Ханшайым ызалана күлді.— Жоқ, аға, сен бастаған керуенге мен ермей қалған жанмын. Енді екеуміздің жолымыз екі басқа. Есің барда жөніңді тап...

— Ал кетпеймін, сонда не істейсің? Өз қолыңмен ұстап бересің бе?

— Не айтарын білмеген Ханшайым сасқанынан жанында тұрған телефонның трубкасына шап берді. Әкпар қарындасы Хасенге телефон соқпақшы болған екен деп шошып кетті. О да трубкаға жармасты.

— Жақсы, кетейін,—деді Әкпар ашудан қара күреңдене өзгеріп,— бірақ өкініп жүрме!..

Ол үн-түнсіз үйден шыға жөнелді. Ханшайым терезе алдында тұрып қалды. Аздан кейін терезеден жан-жағына ұрлана қаранып, арғы көшеге өтіп кеткен ағасын көрді. Бірақ селт етпеді. Сол мелшиген қалпынан қозғалмады. Осы кезде ауыз үйге сөйлей тағы біреу кірді. Сыбдыры Ханшайымның көңілін бөлді. Ол қобалжи есікке қарады. Хасен екен. Әйелін керіп қуана күлімсіреді.

— Ханшайым!

— Ту, өзің бе едің?!— Әйелі күйеуінің құшағына кіре беріп, солқылдап жылап қоя берді.— Зәрем зәр түбіне кетті ғой...

— Неге?

— Жаңа осы үйге Әкпар келіп еді.

— Әкпар дейсің бе? Неге милицияға телефон соқпадың? Істеген қылмысын естісең, төбе шашың тік тұрады.

— Өзім де солай шығар деп ойлап едім,— Ханшайым әлі де көзінен парлаған жасын тыя алар емес.— Мен оны соңынан іздеп келген солдаттардан жасырып қалдым. Жаман болса да, бауыр емес пе, ұстап беруге дәтім бармады... Дұрыс болмаса, кешір...

— Оқасы жоқ... Жасыңды тый. Қылмысы болса, өкімет құрығы ұзын, қайда қашып құтылар дейсің...— Әкпардың не істегенін бірден айтуға батылы бармады, онысыз да қиналып тұрған Ханшайымын аяды.— Әттең, не керек, сондай адам сенімен бір туар ма! Бірақ оған сен айыпты емессің,— Хасен әйелінің шашынан сипап, маңдайынан сүйді.— Бір анадан ала да туады, құла да туады деген осы. Тек өзіңді-өзің берік ұста, бірге туған екен деп орынсыз қайғырма. Өзі күнәқар болса, оған қалай араша түсе аласың?..

— Қайтейін, жалғыз бауырым болған соң... Әйтпесе...

Енді ол әйелінің жасын сүртіп, жөнделе бастағанын көрді де, көңілі сәл көтеріліп:

— Зурәтай қайда?—деді бағанадан бері Әкпардың әлегімен кішкентай қызын сұрауға да ұмытып кеткені есіне түсіп.

— Балалар бақшасында. Енді барайын деп тұр едім:.. Әлгі Әкпар келіп...

— Жүр, екеуміз бірге барайық.

Бұлар балалар бақшасына барып Зурәны алып келгендерінше, қас та қарайып, шам да жағылды. Ханшайымның аузынан түскендей әп-әдемі, әке-шешесін сағынып қалған, тілі жаңа шыға бастаған жас баланың былдырлай сөйлеген қызығына кенеліп, бұл екеуінің көңілі, бағанағыдай емес, әжептәуір көтеріліп қалды.

Зурәні жатқызып, шанға отырысымен Хасен Ханшайымға ауылда не көргендерін, қандай өзгеріске кездескендерін тегіс айтып берді. Ханшайым қуана тыңдаумен болды. Тек Хасен Тәкежан ауылы кешіп келгеннен кейін, Ханшайымдардың қыстауында болған қанды уақиғаны жыр ете бастағанда ғана әйелі кенет боп-боз болып кетіп:

— Өзім де сезіп едім сондай бір сұмдықтың болғанын!—деді дауысы діріл қағып. Енді ол аяғын ширақ басып телефонның қасына барды. Өзіне керек милиция кеңсесін сұрады.— Алло! Бұл сөйлеп тұрған ақын Хасеннің әйелі,— деді үні үзіле шығып,— иә, иә... Айтайын дегенім... Қоңырайғыр совхозынан кісі өлтіріп қашып келген менің ағам Әкпар Қарымсақов осы қалада... Қайда екенін анық білмеймін, бірақ, осында... Бүгін біздің үйде болып кетті.— Ханшайым трубканы орнына қойды. Жүзінде үлкен қайғының ізі бар. Ол енді тұнжырай Хасенге қарады.— Қолымен істеген күнәсінің айыбын мойнымен көтерсін!—деді қатулана, сөйтті де кенет екі бетін қолымен басып жылап қоя берді...

Ханшайымның осынау бір ерлік қимылына риза болып тұрған Хасен іштегі кеселін көзінің жасымен шығарсын дегендей, дәл осы минутта жұбатып ештеңе деген жоқ. Тек:—Қандай құдіретті жан едің!—деп теріс бұрылып кетті.

Жау қылығынан үріккен көңілдерін орнықтыра алмай бұлар түн ортасы ауа төсектеріне жатты. Бірақ көпке дейін кездері ілінбеді. Тек таң алдында ғана қасіретті, қорқынышты ойлардан қажыған қос зайып кенет ұйықтап кетті.

Әкпар Ханшайым қуып жібергеннен кейін қайда, барарын білмей, қаланың шетіне шығып ұзақ жүрді. Біреу тікелей қараса да, өзінен-өзі қуыстанатын қылмысты жанның әдеті емес пе, ол көрінгеннен үрікті. Оған бүкіл дүние, жер мен кек, орман мен тау-тас, жанды-жансыздың бәрі «Сен қара бет қан ішерсің» деп тұрғандай көрінді. Қайда барып тығыларын білмеді. Әкпар мұндай күйге қалай түскенін тағы да ойына алды. «Өрт салсам, ол өшпендіктің салдары еді ғой. Бірақ дәл сол минутқа дейін Қасымды өлтірем деп ойлап па едім? Жоқ, ойлағам жоқ. Өлтіретін адамым ол емес еді, оның ажалы жоқ жерден болды. Енді міне соның салдарынан жанымды қоярға жер таппай тұрғам жоқ па! Өштескен көңіл қылмыс жолына өзі апарды. Енді бұдан қалай құтыларсың? Жоқ, кейін шегінер жол қалған жоқ, бәрібір сен қылмыстысың, сен кісі өлтірген жансың. Өлтірмедім дегеніңе ешкім де сенбейді. Орнында куәң — тапаншаң қалды. Оны Бүркіт те, Қаражан да таниды... Ертең тексеру жүреді, бірі болмаса бірі ұстап береді. Әкпар енді дір-дір қақты. Тағы да жанталаса ойға шомды. «Жеткен жерің осы болды, Әкпар! Әділ сот жазасынан құтыла алмайсың! Сені де өлім күтіп тұр». Ол кенет тоқтай қалды. «Боса да өледі екем, олай болса кегімді неге ала өлмеймін? Иә, иә, кек алу менің ежелгі арманым емес пе еді? Қыс бойы Свердловскіде оқу оқығандай болдым ба? Қай күні әшкереленем деп әбден құтым қашты ғой. Содан «Қоңырайғыр» руднигіне өзім тіленіп кел¬ген жоқпын ба? Ондағы ойым — ош алу, жасырын айқас емес пе еді? Бірақ рудниктегі ойлаған мақсатымды істей алмай кеттім. Кедей тобырына ауысып бара жатқан әке мүлкі жанымды шыдатпады. Өзіме де жоқ, оларға да жоқ еткім келді... Бұның бәрі әбден ойланған іс еді ғой. Тек Қасымның өлімі күтпеген жерден болды. Мен оған өкінбеймін. Сол керек еді оған!.. Бүкіл кедейді дүрліктіріп жүрген сол шолақ қол!.. Әттең! Әттең! Егер тапаншам түсіп қалмағанда... Өш алынған болар еді! Ал қазір жанымды қоярға жер таппай тұрмын. Бәсе, енді қайда барам? Қайда тығыламын? Барар жер, басар тауым қалмағаны ма? Иә, солай секілді ғой... Мейлі солай-ақ болсын? Бәрібір менің күнім біткен екен, олай болса мен де қолдарына оңай берілмеймін, өлсем де жастығымды ала өлем».

Осындай шешімге келген Әкпар, не болса да, тағы да жауына бір шауып қалмақ болды. Ал жау дегенде оның ең қасы кім? Суға кеткен тал қармайды, оған шын кек алатын қасы — ежелгі тап жауы Хасен болып көрінді. Ауылда жұртты бүлдірген Қасым болса, қалада Хасен. Қазақ жастарын жаңа өмірге бастап, Бүркіт пен Ханшайымды да ата жолынан тайдырған осы Хасен! Қасымнан өшін алды. Енді Хасеннен өшін алса болғаны, жастығын ала өлгені! Ол енді қолын бір-ақ сілтеді. «Мейлі одан кейін атса да, шапса да — өз еріктері, қолыммен істегенімді мойныммен көтеруге бармын... Ал шамам келсе... қолдарына түспеуге тырысам... Жалғыз жаққам қалғанша күресем. Мүмкін Қытайға өтіп кетермін...»

Тәуекелге бел буған Әкпардың көңілі орныққандай болды. Оның есіне тағы да өзінің екі күннен бері нәр, татпағаны түсті. Әрі ойлап, бері ойлап Қаражанның үйіне баруды ұйғарды. «Кемеге бірге мінген жан едік, егер менің қылмысымды естімеген болса, менен шошына қоймас».

Әкпар қалаға қайта оралғанында қас қарайып, түн де болды. Ол қараңғы көшелермен ұрлана жүріп өзіне таныс Қаражанның үйіне жетті. Аңдып тұрған біреу жоқ па екен деп, жан-жағына қарап еді, қатарласа қалған күзетші солдаттардай, серейген, сұңғақ бойлы, қарағай ағаштарынан бөтен ештеңе көзіне түспеді. Қаражанның ауыз үйінде шам жанып тұр. Өзге бөлмелерінде жарық жоқ. Азырақ саңылауы бар терезеден қанша үңілсе де, ештеңе көре алмады. Тек әлдекімдердің күбір-күбір сөйлескендері күңгірт естіледі. Ұрыдай біреудің терезесінен сығалап жүрудің өзі қауіпті, біреу-міреу көріп қалса... Әкпар не болса да тәуекел деп терезені тықылдатты. Сөйткенше болған жоқ, сенек бөлменің шамы жанды да, ауыз үй қараңғылана қалды. Көп кешікпей есіктің алдына көйлегі көлеңдеп, ырғала басып Мәрукей шықты.

— Кім стучит иткән?— деді ол дауысын соза.

Әкпар үн-түнсіз жақын таянды. Әйел жанына келген жігітке үңіліп қарады да, Әкпар екенін танып қуанын кетті.

— Ой, алла, Әкпар мырзамисің?— Мәрукей екі қолын бірдей беріп амандасты. Дауысынан қуанып қалғаны сезіліп тұр.

— Иурігіз комнатыға, бик шәп килдігіз,— ол жан-жағына жалт-жұлт қарады да, ақырын бетін таяп,— мин сізні сонэи сағиним. Пойдемте, үйде Қаражан йоқ... Ол бүгин қияш бата командировкаға йурип китти,— деді сыбырлай түсіп. Мәрукейдің дауысы сыңқ-сыңқ етеді. Әкпарды қолынан жетектеп сенекке қарай сүйрей түсті де, кенет тұра қалды,— йок, сіз мына забордың артында тура тұрыңыз. Үйдә Қаражанның бір ипгашы бар иді... Мин аны проводит итиіп ибәрайын...

Анау жауап қайырғанша болған жоқ, Мәрукей оны қолынан ұстап, қораның ішіне кіргізіп жіберді де, өзі үйге кіріп кетті.

Әкпар Қаражанның үйде болмағанына іштей қатты қуанса да, оның үйінде «ипташы отырғанына» сәл ренжіп те қалды... «Ол қандай ипташ екен, көрейінші?» — деп өзі тұрған қабырғадан сенекке сығалай қарады.

Бұл кезде Мәрукей үйден сыртқа бір аласа бойлы сары жігітті ертіп шықты.

— Васек, скорее уходи, мне только что сообщили, муж возвращается...— Мәрукейдің жігітке сыбырлап айтқан сөзін Әкпар анық естіді.

Васек жан-жағына алаңдай қарап, қараңғы түнге еніп жоқ болды. «Қаражанның шын ипташы екен!» деді Әкпар ішінен мысқылдай күліп. «Бұдан кейін сеніп көр әйелге! Маған оны «Қаражанның ипташы»,— деді, ал мені оған күйеуінің қайтып келе жатқанын хабарлаған кісі етіп көрсетті. Бұлар қандай айлашыл келеді...» дегенмен Әкпар Мәрукейдің өзі үшін ана жігітті қуып шыққанына өте риза болды. Риза болатын да реті бар еді, өйткені Мәрукей жаңағы жас жігітпен қас пен көздің арасында, кешке таман күйеуін вокзалға шығарып салып келе жатып танысқан-ды, енді «ескі таныс» үшін оны қуып шығуы Мәрукейге оңай тимесе керек-ті. Жеңіл мінезді әйелдің бұл қылығы тек Әкпарға деген құмар көңілін көрсетеді. Бұны жігіт те сезді. Сондықтан да оған дән риза.

Мәрукей Васектің біржолата кеткеніне көзі жеткеннен кейін кілт бұрылып қораға енді де, Әкпарды құшақтай үйіне алып кірді. Жаңа ғана өзі сөндірген шамды жағайын деп еді, жігіт қолынан шап беріп ұстай алып, жақтырмады. Өзінің қашып жүргенін сездірмей:

— Я хочу посидеть с тобой в темноте...— деді күле сөйлеп.

— Но я хочу поглядеть на тебя!— әйел қылықтана сылқ-сылқ күлді.

— А ты постарайся увидеть меня не глазами, а сердцем.

— Вон ты какой!

— Какой?

— Хороший...

Қараңғыда әйелдің шолп етіп сүйіп алғаны естілді.

Адам баласы қызық қой, қандай жағдайда жүрсе де, ең ақырғы демі біткенше өмірден рақат іздейді, рақаттанып өтуді арман етеді. Жиырма екі жасар Эрнест Галуа басының кесілуіне қалған он үш сағат уақытын, бүкіл дүние жүзіне әйгілі «Галуа қатары» атты математикалық еңбегіне жұмсаса, дарға асылуына бір түн қалған Сфендр патша «ақырғы тілегіңді айт» деп сұраған жауына «осы ақырғы түнімді бір сұлу қызбен өткізуге рұқсат етіңдер» деп өтінеді. Қайғыдан, ажалдан, қуаныштың жоғары тұруы өмір заңы ма, әлде бұл арсыз көңілдің қызыққа тоймаған құмарлығы ма?..

Жаңа ғана барар жері, басар тауы болмай, өмірден, түңіліп, қанды жорыққа аттануға бел буған Әкпар, сұлу әйелдің осынау бір ақ жарқын қарсы алуынан, жүрегіне бір ыстық сезім тарап, бойы жылып сала берді. Мәрукей алдына қойған тағамды жеп, бір бокал коньякті ішкеннен кейін бұл қуаныш енді тіпті күшейе түсті.

...Айлы түн, ақ мамық төсек, құшағында ақ төсінде ай сәулесі ойнаған, ақ сазандай аппақ ару... Дәл осы сәтте Әкпарда еш арман жоқ тәрізді. Алдағы мақсат та, ақырғы күннің азабы да бәрі ұмытылған. Оның өмірден бар тілегені осы, өмірбақи тек осындай ғана рақатта өтсем екен дейді. Бірақ оның бұл тілегі орындалар ма? Бір түндік қуаныштан кейін, оны күтіп тұрған қанша жүрсе де бітпейтін, созылған ұзақ мехнат жолы бар емес пе? Иә, оны күтіп тұрған қиындық бар, азап бар. Ол — үстем таптың бұған арнаған үлесі. Бар дәулетінен, билігінен, өзгеден артықтығынан айырылған тас көңілдің қорланған үлесі.

Сол үлес алдында тұрғанда, бір түндік қызық, рақат үшін жүректі торлаған өмір қайғысын ұмытуға бола ма? Жауына деген өшпенділігінен бас тарта алар ма?..

Ол кербез әйелдің ақ мамық төсін қия алмай қайтадан қысып сүйді... «Қош бол, ен ақырғы қызығым» дегендей Әкпар Мәрукейді әлсін-әлсін бауырына басты... Дегенмен, бір сәттік құмарлықтан мақсат қымбат, ол әлден уақытта барып төсектен созыла түрегелді. Сағатына қарап еді, төрт екен. Дәл ойлаған кезі. Әкпар енді киіне бастады.

Бұйыққан мысықтай, мамық төсекте ұйқылы-ояу маужыраған Мәрукей Әкпардың киініп жатқанын көріп, тандана ыңырсыды:

— Далаға шығасызми, ведро синакта...

— Жоқ, Мәрукей ханум, кетем.

— Қайда?..

— Рудникке... Бір сағаттан кейін поезд жүреді.

Әйел басын жастықтан көтеріп алды.

— Ну?.. Ведь Қаражан командировкада әлі бір неделя булады бит...

— Әкпар өзін-өзі мысқылдап іштей күлді. «Бұған қуаныш керек, ал маған...»

— Көп кешікпей қайта ораламын,— деді ол Мәрукейді алдап.— Бүгінгі дос-жарлығыңа көп рақмет...

— Ну и упасіз бит әлі син... Разве рахматны шули айтами?..

Еріккен келіншектің көңілін аулайтын енді Әкпардың құлқы болмады. Бар ойын, көңілін алдағы мақсат билеп алды.

— Бөтен жолы...— дей салды да, ол есіктің алдына барды. Ойына бірдеме түсіп, сәл кідірді,— Мәрукей, Қаражанға сәлем дерсің. Бірақ менің мұнда болғанымды айтпа...

— Айтса не итәді? Ол ревнавыйт итмәс...

— Мейлің. Ал қош бол.

— Қош болыңыз... Тез киліңіз... Мин сині с нетерпением күтем.

Әкпар далаға шықты. Түн сүттей жарық екен. Қала маужыраған шырт ұйқыда. Селт еткен тірі пенде көрінбейді. Тек аспанда жұлдыздар жымыңдайды, күміс табақ сұлу ай ақырын жылжиды. Тыныш көшені бойлай мүлгіген биік терек, қайыңдар тұр! Әкпар жан-жағына қарап, ұрлана демін алды да, төс қалтасына қолын салып, шүберекке оралған бірдемені шығарып, сыртындағысын шеше бастады. Сүйек сапты кішкентай болат кездік екен. Әкпар бармағымен жүзін ақырын басып, өткір екенін байқады да, оң жақ қалтасына қайта салып, жүріп кетті.

Бағанағыдай емес, оның қазіргі аяқ басысы нық. Айқаса түйілген қабағынан, тістене жұмған жіңішке ернінен, тайсалмас бір шешімге келгені сезіледі. Бұл шешімде Хасенге деген үкім ғана емес, үйінен қуып шыққан Ханшайымға арнаған ыза, кек, ашу да бар.

Аздан кейін Әкпар Хасеннің үйінін жанына келіп тоқтады. Тағы да жан-жағына қарады. Бүкіл әлем бейне бір өлік тәрізді, мызғымайды. Әкпар бұл үйдің бар жағдайын күні бұрын тегіс зерттеген. Ол кішкентай тесіктен сыммен есіктің тиегін босатып, аяғын мысықтай еппен басып, сенек үйге кірді. Ол ауыз үйдің есігін ашып әуре болған жоқ. Өзі алып келген қашау темірді есік үстіндегі терезенің тақтайына кіргізіп жіберіп, сәл босатты да, терезені ақырын жұлып алды. Содан кейін Әкпар қолымен тартылып кеудесін тесіктен өткізді де, нағыз бір қораға енген қасқырдай, еш сыбдыр шығармай, еппен бөлменің ар жағынан бір-ақ түсті.

Бұл кезде таң жаңа білініп келе жатқан-ды. Үй іші: қара көлеңке. Әкпар аяғын үшімен басып, есігі сәл ашулы тор үйге кірді. Болыскей кірәуаттың үстінде қаннен-қаперсіз ұйықтаған Хасен мен Ханшайым. Бірінің беті біріне тиіп жатыр. Ханшайым оң қолын күйеуінің көкірегіне қойып, сәл қырындай түскен. Анадай жерде жас баланың ағаш кереуетінде — Зурә... Әкпар кеудесінің дүрсілдегенін басып, сәл тұрды. Хасенді құшақтап жатқан Ханшайымды көргенде, ол түнеріп кетті. Бұрынғы қарындасына деген ыза, ашуға енді қызғаншақтық, қорлану қосылып, морт мінезді Әкпар аяғын бір басып, бір тоқтап, ерлі-зайыптының кірәуатының бас жағына таяды. Саспай оң қалтасына қолын салып, болат кездігін алды. Ана екеуі бастарына төнген ажалды сезер емес, ақырын ғана пыс-пыс етеді. Ханшайым жаман түс көріп жатыр ма, дауысы шығар-шықпас болып бірдеме деп ыңырсиды.

Әкпар білегін сыбанып, кездігін қыса ұстап сәл тұрды да, кенет еңкейе түсіп қатар жатқан қос кеңірдекті бірдей орып-орып жіберді...

Аспанға атқан қанмен бірге, Хасеннің «Ах» деуге дауысы әзер шықты. Ал Ханшайым бұлқына атылып кірәуаттан жерге құлады да, бір-екі рет дөңбекши көтеріліп, кенет бірден тына қалды.

Әкпар артына бұрылып та қарамастан, кездігінің қаны мен қолын стол үстіндегі дастарқанға тәптештеп сүртті де, есікке қарай таяды. Үйдің есігін аузында тұрған кілтімен ақырын ашты да, сыртқа шықты. Жайбарақат жандай жан-жағына қарады. Далада ешкімнің жоқ екенін көріп, аяғын асықпай басып, өз бетіне жүре берді.

Бірер сағаттан кейін Хасеннің үйіне келген сүт сатушы әйел, күндегі жабық тұратын есіктің бүгін ашық жатқанына тан қалып: «Ханшайым! Ханшайым!»—деп дауыстады. Ешкім жауап бермегеннен кейін, үйге кірді. Қан-қан боп өліп жатқан ерлі-зайыптыны көрігі, атып сыртқа шықты. Ойбайын салып, көрші үйдегі адамдарды шақырды. Жұрт жиналды. Милиция келді. Мұндай сұмдықты көрмеген жұрт айран-асыр болды. Бір кәртаң әйел әлі ұйқысынан оянбаған Зурәні, әке-шешесінің қан болып жатқанын көрсетпей, үйден алып шығып, әдеттегі уақытынан қалдырмай, балалар бақшасына алып кетті.

Түс болмай Хасен мен Ханшайымның өлімі бүкіл қалаға тарады. Жазықсыз кеткен аяулы жандарды аямаған, мүсіркемеген жан қалмады. Кемпір-шалдар жағасын ұстап, бұларды өлтірген қан ішерге лағынет айтты. Орыс, қазақ жиналып, бұрын-соңды болмаған осынау қанды уақиғадан тасыған судай толқыды, ашуына мініп, бұрқ-сарқ қайнаған қазандай, астан-кестен болды, заң орындарынан қылмыстыны тезірек тауын, қанды қанмен жууын талап етті.

Бірақ Әкпар қолға түспей кетті. Жұрт тіпті ешкімге зияны тимеген, осы бір ардақты екі адамды кім өлтіргенін де білмей қалды. Ал Әкпар таңертеңгі поезбен Сарыөзек станциясына жүріп кеткен. Егер жолай қолға түспесе, Алакөл шекарасы арқылы Қытайға өтпек...

Осы бір жан түршігер суық хабар жетер алдында, Бүркіт таңертеңгі шайын ішіп болып, кеше ғана баспадан келген өзінің жинағының гранкасын қарағалы жаңа ғана қора ішіндегі бақшаға шығып отырған-ды.

— Бүркіт аға,— деді оған таяп көзі жасқа толған газет тасушы жас сары бала,— түнде бір бұзық Хасен ағай мен Ханшайым апайды өлтіріп кетіпті.

— Не дейсің?!—деді жөндеп түсіне алмай қалған Бүркіт.

— Хасен аға мен әйелін біреу бауыздап кетіпті.

— Қашан? Қайда?—деуге ғана мұршасы келді Бүркіттің.

Мына хабар оның төбесіне жай түсіргендей болды. Бүркіт сол сыртқа шығып отырған қалпында, көйлекшең, Хасеннің үйіне қарай ата жөнелді.

Бұл келген уақытта прокурор мен милиция қызметкерлері үйдегі жұртты тегіс сыртқа шығарып, тиісті тексеру жұмысын жүргізіп жатқан. Ауланы қоршаған милиция қызметкерлері. Көше бойы иін тірескен жұрт.

Бүркіт ентелей басын қораға кірді, тоқтатпақ болған милицияға бой бермей, үй ішіне қарай ұмтыла түсті.

Кенет сырттағы жұрт оның:

— Хасенім, боздағым! Қос бауырым!—деп өкіре жылаған дауысын естіді.

Ертеңіне бүкіл қала болып Хасен мен Ханшайымды ардақтап жерледі. Тап күресінің құрбаны болған ерлі-зайыптының басына ескерткіш орнатылып «Ардақты ұл-қызымыз, аттарың мәңгі есімізде сақталады» деген сөз алтын әріппен жазылды.

Хасен мен Ханшайымды қойып келгеннен кейін, қасіреттен Бүркіт төсек тартып жатып қалды. Бұл қанды уақиға Әкпардың ісі екені көп кешікпей анықталды. Шет елге қашып бара жатқан жерінен қолға түсіп, айыбы мойнына қойылып, жетінші август заңымен, атылу жазасына бұйырылды. Жау жазасын тартты. Бірақ одан қаза болған екі дос қайта оралар ма! Бүркітті енді бір үлкен ыза, зұлымдыққа қарсы жанын күйіндірген дүлей күш биледі.

Бұрын «осы мен тағы қателесіп жүрген жоқпын ба, мен білетін қазақ бір қазақ емес пе еді, оған таптық күресті совет өкіметі күшпен енгізбеді ме?» деген сенімсіз ой. да пайда болатын. Ал мына дос өлімі, оған қазақ елі де тапқа бөліктен, таптық күресте бірін-бірі аямас ел екенін әбден ұқтырды.

Осыны түсінген Бүркіт дос ажалына арналған өлең жазды. Бұл өлеңі ақын Бүркіттің ең алғашқы таптық сезімінің шын оянуы болатын. Сондықтан да оны өлкелік партия газеті үлкен әріппен бірінші бетінде басып шығарды.

Бүркіттің бұл жыры шын жүректен шыққан адал сыры, қайтпас шешімі еді. Кезден шыққан жас пен жүректе ойнаған кек бірдей орын алған, күйзелген ақынның жүрегінен шыққан осы бір отты өлең былай деп басталған:

Жау қолынан қаза тапты,
Қаза тапты жолдасым.
Көзден ыстық қан боп ақты,
Қан боп ақты көз жасым.
Өмірден тек елес іздеп,
Кейде білмей шоқ бастым,
Жол таба алмай, жаным жүдеп,
Ашық күнде адастым.
Сұм тағдырдың ауыр жүгін
Көтере алмай қысылдым.
Дос ажалы ашты бүгін,
Ашты көзді, түсіндім.
Хасен сенген жақсы заман
Болсын енді арманым.
Қидым бәрін, бердім соған
Өмірімнің қалғанын!
Қайта бұрап домбырамның,
Босап кеткен қос ішегін
Қайтарармын қос қыранның,
Жауда кеткен өш кегін.

Біртіндеп қайғылы уақиғаның шуы да басыла бастады... Тек Зурә ғана әлі еш нәрсеге түсінбей, шешесін «әне келеді, міне келеді» деп күнде күтуде болды. Ол қазір балалар бақшасында емес, бөтен жерде. Үкімет оны әке-шешесі қаза болысымен-ақ кішкентай балаларға арналған жетімханаға берген.

Ханшайым мен Хасенді жерлегендеріне бір ай толған шақта қара киінген Ольга Павловна мен қасіреттен жаңа ғана басын көтерген Бүркіт Зурәні іздеп осы жетімханаға келді.

Баланың аты бала емес пе, біртіндеп Зурә да әке-шешесін ұмыта бастаған-ды. Бұлар келген кезде ол өзіңдей кішкентай қыздармен бақшада ойнап жүр екен. Ольга шақырып еді, бірден танып жандарына келді. Көзінен жасы мөлдіреп, ана екеуіне кезек-кезек жаутаңдай құшақтады. Кенет Зурәнің көзі Ольганың мойнындағы моншақтарға түсіп кетті. Бұны Бүркіттің әйеліне Москвадан Ханшайым әкеп берген. Шешесінің де мойнына тағып жүретін осындай моншағы болатын. Сол ойына түсті ме, Зурә әлсін-әлсін Ольга Павловнаның мойнына қарай берді.

Кенет ол:

— Мама!—деп қалды.

Ольга Павловнаның көзінен жас ыршып кетті. Ол Зурәні бауырына қысып, аймалап сүйе бастады.

— Айналайын, Зурәшым...— деді егілген жасын тыя алмай,— жыламашы, жыламашы... Бүгіннен бастап мен сенің мамаңмын... Иә, менмін сенің мамаң...

Бүгінге дейін бала көрмеген Бүркіт пен Ольга Павловна біріне-бірі қарады. Олар бірінің ойын бірі тіл қатыспай-ақ түсінді. Хасен мен Ханшайымның жалғыз қызын өздері бала етпек болды.

Жүдеп келген ерлі-зайыпты енді үйлеріне қуанып қайтты.

Бүркіт пен Ольга Павловна алма-кезек құшақтап көтеріп келе жатқан Зурә шын бақытты еді. Жаңа әке-шешесіне әлденені айтып, былдырлай сөйлеп келе жатты...

IV

Өмір жолы көшкен керуен жол тәрізді. Оның бұлтарысы да, жазығы да көп. Асуы қиын асқарымен қатар, төмен қарай құлдырап өтер ылдиы да болады. Керуен жолы кейде ұзақ, кейде қысқа келеді. Бірақ қауіп-қатерсіз, қиындықсыз болмайды. Ойламаған жерден жел тұрып, сұрапыл дауыл соғады, қалың жауын нөсерлей құйып, бұрын суы толарсақтан келер тайыз жыра кенет сарылдай аққан, өткел бермес, долы өзенге айналады, көшті бөгейді.

Бұндай бөгеттен тек шаршамайтын, талмайтын керуен ғана өте алады. Тоқтамай көшіп өзінің деген жеріне жетеді.

Қараңғы түн. Жұрттың бәрі алдақашан ұйықтап қалған. Жақында ғана алған жаңа пәтеріндегі жұмыс бөлмесінде, столға сүйеніп Бүркіт отыр. Алдында әлі әріп түспеген бірнеше тарақ, ақ қағаз, беті ашулы жатқан Алексей Толстойдың: «Қыл көпір, қиямет кешу» романы. Бұл кітаптың аударам деген бетін Бүркіт бірнеше рет оқып шықты. Бірақ бүгін күндегісіндей емес, бір де жолын аудара алмады... Қолына қаламын алып бірнеше рет оқталса да, есіне бағана күндіз өзін шақырған мекемедегі сөз түсе берді. Ол сөз Бүркітке жыландай суық тиген. Сол сөзден кейін Бүркіт өзінің тағдырын оқтаулы мылтықтың аузында тұрғандай көрді. Тек біреу сол мылтықтың шүріппесін басса болғаны, ар жағында алдағы тіршілігі де, күткен бақыты да, бәрі де быт-шыт болмақ... Жан алқымға түскелі тұрған қыл арқаннан құтылар жол бар ма? Жоқ сынды...

Көп мезгілден бері Кеңес өкіметіне істеп жүрген зиянкестік қылмысы ашылып, жақында Қаражан ұсталған болатын. Біреуге қан құстыру оған жақсылық істеуден жеңіл. Қаражан өзі кеткенімен қоймай, ұзыннан өш қысқадан кегі бар Бүркітті де ала кетпек болған. Өзінін шын серіктерінің атын атамай, баяғы Ақанның қырқын берер күндегі кеңестен бастап, Бүркітпен қастық ісім де, пікірім де бір болды деген жалған жауап берген.

Тергеуші Бүркітті шақырып алып, біраз қыса жауап алған. Бүркіт өзінің адасқанын, қалай дұрыс жолға түскенін бірін қалдырмай, оған ақтарған. Тергеуші бұның сөзіне сенді ме, сенбеді ме, белгісіз, әйтеуір Бүркіттен «қаладан еш жаққа кетпеймін» деген қолхат алып, әзірге босатқан.

Бүркіттің қазіргі қобалжуы осыдан туған. Өзінің Қаражан секілді көрсетушісі барында, аман қалам деп ол тақа дәмеленбейді. Сондықтан да, Бүркіт қараңғы түнге сескене қарайды, көңілін алдындағы жұмысына қанша аударам десе де, ақыл шіркін тұнып қалған қара судай бір селт етпейді, бар ойын күткен қауіп билеп алған.

Бүркіт ауыр күрсінді. Кенет оның көз алдына бүгін көрген бөтен бір сурет елестеп кетті.

Бағана тергеушіні күтіп, құлазыған тып-тыныш коридорда жалғыз отырғанында, жанына былқ-былқ басып, сұңғақ бойлы, бір кербез әйел келген. Онысыз да көрікті бетін әдемілеп бояп алған, үстінен жұпар иісі аңқиды. Жүдеп отырған Бүркітке ол «Қандай келбетті жігіт едің!» дегендей, көзін сынай бір тастап, ақырын күлімсіреген. Жүзінде қуаныш ойнайды. Осынау түксиген коридорда қайғысыз адамды көргеніне ақын таң қалып, оның бетіне дұрыстап қараған. Бірден тани кеткен. Баяғыда Ақшатыр қаласында бірер көргені бар, атақты сұлу Мәрукей екен. Сол қыз күніндегісінен тіпті өзгермегендей. Сол ойнақшыған көз, сол сүюге жаратылған қып-қызыл бүлдіршін ерін... Әйел Бүркітпен танысқанша болған жоқ, коридордың бір қалтарысынан тергеуші көрінген.

Ол Бүркітпен амандасып:

— Қазір,— деп Мәрукейге қарады,—ұмытпасам, сіз Қаражан Айбасовтың әйелі боласыз ғой... Неге келдіңіз?

Мәрукей тергеушіге күле жауап берді.

— Заявление әкилдім...

— Не жайында? — Тергеуші әйелдің қолындағы қағазын алды...

— Понимайте...— Мәрукей қалай деп айтуын білмей сәл кідірді,— мин враг народаның невистасы болып нура алмимынбит. Одан бизнім... Ботен игітке ергә шығам...

Тергеуші әйелге тесіле қарады. Оның шаршаған жансыз сұрғылт көзінің түбінде кенет бір қатал сезім жарқ ете қалды.

— Тым ерте екен!—Ол бұл сөзді айтуын айтса да, бір секунд өтпей, біреу естіп қалды ма дегендей, жан-жағына қарап:

— Мейліңіз,— деді.— Бірақ сіз арызыңызды мұнда емес, сотқа апарыңыз... Еріңізден безгеніңізді тек сот қана растап үкім шығара алады.

— Извините в таком случае,— әйел жымың ете қалды,— Қош болыңыз...

— Қош...

Кетіп бара жатқан әйелдің соңынан тергеуші тағы да көз тастап, неге екені белгісіз, басын шайқаған. Содан кейін өзінің қатал пішініне қайта көшіп:

— Жүріңіз,— деді.

Бүркіт Қаражанды қаншама жек көрсе де, әйелінің осынау жексұрын мінезіне таң қалып, жауын аяп кетті. Қазір де сол ойдан шыға алмай тұр... «Тәңірім, ондай опасыздығыңнан сақта».

Бүркіт шамды жағып, қайтадан келіп столының қасына отырды. Кітаптың бетін ашып, қолына қаламын алды. Бірақ, қобалжыған көңіл тағы да жұмыс істетпеді. Тағыда қайғы, тағы да қобалжу... Бойын билеп алған бір тұрақсыз сенбестік сезім бар ақыл-ойын өзімен бірге жетектеп әкетіп барады. «Бүйте берсе, ел-жұрт не болады? Келешегіміз не болады? Мұндай темір тегеурінді өмірден өлім артық емес пе?»

Бүркіт осы бір ауыр ойда ұзақ отырды. Әлден уақытта үйге майыса кірген сары қыздай, күн де шыға бастады. Қара көлеңке үй іші аздан кейін тіпті жарық болды.Ағаш бастарында алтын сәуле ойнады. Көшеде жүрген адам, жүгірген машинаның үні құлаққа келді.

Келесі бөлмеден Ольга Павловнаның тұра бастаған сыбдыры естілді.Бүркіт кенет кітапқа үңіліп, өліп-талып жұмыс істеп жатқан адамдай еңкейе қалды.

Үстінде желең шапан, шашын жөндей, жанына Ольга Павловна келді.

— Немене, түні бойы көз іліктірмегенсің бе,— ол ерінің шашынан сипап ақырын езу тартты,— бүйте берсең, мен жесір қалармын...

Бүркіт әйелінің белінен құшақтай өзіне тартты.

— Ұйқы қайда кетер дейсің... Өмір деген бір зулап өте шығар от арба емес пе, дер кезінде одан орын ала алмасаң, айдалаға қаңғып қаласың... Мүмкіндік барында енбек ету жөн...

Ольга Павловна ерінің алдындағы бір ауыз сөз жазылмаған ақ қағаздарға қарады. Бүркіттің тағы да қандай түн өткізгенін айтпай түсінді. Оны өте аяп кетті.

— Дегенмен, саған азырақ дем алу керек болар. Мұндай қалпында...— деп әйел сөзін аяқтамай тоқтады.

— Оқасы жоқ... Бүгінгі түн есеп емес...— Бүркіт ақырын езу тартты.— Ақын деген бір беймаза адам ғой, кейде өзіне де тыныштық бермейді. Әлденені ойлап, өз жүрегіне өзі әлек салады.— Кенет ол алдында жатқан кітапты ақтара бастады.— Жақсы кітап... Шын жүректен жазылған... Мұндай кітапты аудармау күнә... Тезірек аудар деп әр беті өзі тіленіп тұрғандай... Оның үстіне сен де маған көп жәрдем бердің... Ленинградқа алып барғаның қандай жақсы болған... Қаласы да, адамдары да — бәрі көз алдымнан кетпейді. Жазыла аударуыма бұ да зор көмек...

Ольга Павловна стол үстіндегі Алексей Толстойдың кітабын қолына алды.

— «Қыл көпір, қиямет кешу». Иә, бұл кейбір адасқан орыс интеллигенттерінің революцияға бет бұрудағы ауыр жолы...

— Біздің жолымыз орыс интеллигенциясының жолынан да қиын болды ғой.

Бүркіт алыстағы, тау бастарына қарады.

— Қаңдай әдемі таулар... Әсіресе таңертеңгі кезде... Көгілдір басын күн шалып, қалаға таяй түскендей болады. Қарағым келеді де тұрады.

Ол кенет терезеден кілт бұрылып столдың жанына келді, Ольгадан кітапты алды.

— Орыс интеллигенциясына бізден анағұрлым жеңіл болды ғой, Ольга, сен бұны түсінесің бе? Оларға тек екі таптың қайсысына қосылу қиындығы ғана бөгет болса, біздің алдымызда бұдан басқа да төтенше қиындықтар көп болды ғой. Ең алдымен бізге кімге еруге тиістіміз деген сұрақты шешу керек болды. Бір жағымызда әдет-ғұрпы, діні, мәдениеті, тілі бізге жақын Шығыс тұрса, екінші жағымызда кеше ғана отаршылық саясатын жүргізген Россия тұрды. Кімге еру керек еді? Халық таңдауын өзі тапты. Шын жүрегімен тапты. Ал біз болсақ... адастық. «Оқыған азамат» деп жүргендердің көбі адасты. Артынан дұрыс жол таба алмай, тағы қиналдық...

— Бүркіт, сен қазақ интеллигенциясының осы төтенше ауыр жолы туралы кітап жазуың керек.

— Шіркін-ай, жаза алсам сол бір кітапты!.. Өзің де білесің ғой, бұл — менің көптен бергі арманым... Енді міне...

— «Енді міне...» деп нені айтасың?

— Сенің таңдағаның да бір дұрыс адам болмады ғой, Оля... Қайда барса алдынан «қорқыттың көрін» көретін бір сары уайымшыл жанға неге шықтың?.. Ақын біткеннің бәрі осындай ма, әлде тек мен ғана осындаймын ба?.. Жоқ тек мен осындай секілдімін... Қөңіліме титтей күдік түссе, бүкіл бойымдағы дарыным суалып қалғандай сезінем. Өзің білесің ғой, мен аз шатысқам жоқ. Кеше большевиктердің сөзіне мүлдем сенбедім. Ал бүгін сол қатемді түсініп, қалған өмірімді халқыммен бірге өткізейін деп шын жүрегіммен жаңа жолға шығып едім, көріп тұрсың ғой, көңіліме тағы да қара түн орнай бастады. Тағы да еш нәрсеге түсінбей шатысуға айналдым.

Бүркіт тоқтап қалды, жанына жақын келген Ольга Павловна:

— Сондықтан да, Бүркіт, саған жазу керек,— деді,— жүректегі зіл көздегі жаспен тең, төгіп-төгіп алмасаң, көңілің жеңілденбейді...

— Сонда нені жазуым керек? Қай жаққа қарасан да, ғажайып табысқа көзін түседі. Анау Қарағанды, Ембі, Жезқазған... Адам айтып жеткізе алмас табыс! Халықтың қайратты еңбегінің нәтижесі! Ал сонымен қатар, күнде «халық жауы» болып ұсталған азамат... Бұл бір жалпы интеллигенция атаулыға, әсіресе жаңа қылтанақтап көктеп, көтеріліп келе жатқан қазақ интеллигенциясына төтенше нәубет болды... Неге былай? Түсінбеймін... Қаражан секілділердің сазайын тартқаны сауап. Ал тіпті кейде... Түнде он үшінші пәтерде тұратын қарт археолог Павел Димитриевичті әкетті. Мен терезеден көріп тұрдым. «Бұл шалдың қандай жазығы бар?» деп сұрауға батылым бармады... Неден қорықтым? Біреу атып тастайды деп сескендім бе? Жоқ, Оля, мен ажалдан қорықпаймын. Адал іс үшін, кеудемді оққа тосуға бармын. Ал түнде...— Бүркіт кенет үйді кезіп жүре бастады,— аяғымды аттауға құдіретім жетпеді. Неге? Мұндай рухани күйзеліске ұшыраған қазір жалғыз мен емес... Бүркітті мен жақсы білемін. Дәл мұндай жағдайда жүріп, қандай шығарма жаза аласың? Жазған күнде ол қандай болып шығады?.. Шын жүректен тумаған шығарма дүниеге шала-жансар келген бала тәрізді, ұзақ өмір сүре алмайды. Ондай туынды кімге керек?

Бүркіт тағы да үндемей қалды. Ольга да тіл қатпады. Бұлар осылай үн-түнсіз ұзақ тұрды.

— Шай қояйыншы,— деді әлден уақытта барып Ольга Павловна.

Ол ауыз үйге шығып кетіп, аздан кейін қайта оралды.

— Бүгінгі газеттер...

Бүркіт сылбыр қимылдап, газеттерді қарай бастады. Ас үйде примус жағып жүрген Ольга Павловна кенет Бүркіттің столды қолымен тарс еткізіп ұрып қалып, «Айуан!» деген қатты дауысын естіді. Әйелі жүгіріп үйге қайта кірді.

Бүркіттің қолында газет, жүзі ашудан қара күреңденіп кеткен, не істерін білмеген адамдай, кітап шкафына сүйеніп тұр. Көзінде үлкен қайғы...

— Көрдің бе мына мақаланы?—деді ол әйелі кіргеннен кейін газетті көрсетіп.— Неткен қан шелек жан еді мына Жолыбеков!..

— Жолыбековың кім? Әнеугүнгі жиналыста саған қарсы шыққан қара сүр жігіт пе? Не жазыпты?

— Иә, сол. Көрінгенді «халық жауы» деп өлкелік газет бетіне күнде бір мақала жазады. Міне «Қаражан Айбасовтың ауыз жаласы» деп, мені де жазып қойыпты. Қаражан ұсталғанда, бұл неге қалды дейді...

— Сонда сенің орныңа егін екпек пе?

— Қазіргі жағдай өсек-аяңға, пәле-жалаға жол беріп тұрған жоқ па? Қастасқан өшін алар, көре алмаған қақпан құрар ауыр күн туды ғой. Біреудің көз жасы арқылы езінің осу жолын көздейтіндер де аз емес. Жолыбеков та соның бірі. Көр де тұр, ол жақында өзінің директорын құртып, соның орнына отырады...

Бірақ бір күні болмаса бір күні қара жүзділігі бетіне басылмай ма? Соны да ойламағаны ма оның? Иә, солай секілді. Демек сенде не шаруасы бар? Сен директор емессің ғой?.. Жоқ, Бүркіт, мұндай пәледен тез құтылу үшін сен қазір баруың керек.

— Қайда? Кімге?

— Өлкелік партия комитетіне, не болмаса ішкі істер халық комиссариатындағы Сергей Степановичқа... Ол сені жақсы біледі ғой.

— Мынандай мақаладан кейін, өлкелік партия комитеті не мен не бетіммен барам? Мен секілді кешегі ұлтшыл, партияда жоқ жанмен кім сөйлеседі? Жоқ, мен онда бармаймын. Барғанмен, ештеңе шықпайды.— Бүркіт ақырын уһледі.— Сергей Степановичқа жолығуға болар еді, бірақ ол көптен бері ауру көрінеді.

Сергей Степанович Гаврилов Ақшатыр қаласында Хасеннің өтініші бойынша Бүркітті абақтыдан босатқан кісі, қазір ол Қазақстан ішкі істер халық комиссарының орынбасары. Алматыға көшіп келгеніне екі жылдан асқан. Бүркітті бірнеше рет үйіне шақырып, өзі де бір-екі рет оның үйінде болған. Ақынмен өте достасып кеткен. Кеше Бүркіт тергеушіге жауап беріп шыққаннан кейін, Гавриловтың қабылдау бөлмесіне барған. Оның ауырып ішкі істер халық комиссариатының ауруханасында жатқанын естіп, үйге ренжіп қайтқан. Ауруханаға барып, жұрт көзінше жолығуға, қаралы болып жүргендіктен, батылы жетпеген. Бір кесірім тиер деп те сескенген.

Бүркіт кеше өзін тергеуші шақырғанын Ольга Павловнаға айтпаған еді. Бәрібір қолынан не келеді, әлі мені ұстар-ұстамасы белгісіз ғой, күні бұрын несіне шошытам деп ойлаған. Сондықтан да Ольга Павловна ерінің неге мұнша түңіле қалғанын толық түсініп тұрған жоқ. Ол мына жала мақаладан құтылатын жол бар деп ойлайды. «Әділет» деген сөзге иманыңдай сенеді.

Ал Бүркіт болса, бұл мақаланың жай мақала емес екенін бірден ұқты. Мойнына қыл арқанның түскелі тұрғанын енді әбден түсінді. Сөйтсе де, Ольга Павловнаны күні бұрын қамықтырмайын деген ниетпен:

— Көрінген былшылға көңіл бөліп қайтеміз, Олечка?— деді күлімсірей қарап.— Аққа қара жаққанмен, дым да шықпайды... Одан да шайыңды дайындашы, баспаханаға баруым керек еді.

— Қазір...

Осы кезде ауыз үйге ұйқысынан оянған Зурә шықты.

Күн сайын Ханшайымға ұқсай түскен. Мінезі де шешесінің жас кезіндегісіндей ерке шолжаң. Ол бөлмесінен шыға жүгіріп кеп Ольга мен Бүркітті құшақтап кезек-кезек сүйді.

— Папа,— деді екі көзі кенет жайнай түсіп,— кеше мен класта өлең айттым, мұғалім апай маған бес қойды.

— Қандай өлең айттың, қалқам?

— Сенің өлеңіңді. «Бесік жыры» деген ана кітаптың ішінде бар. Әнін өзім шығардым.

— Қойшы?!.

— Нанбасаң тыңдашы... Апам да әлі естіген жоқ. Екеуің де тыңдаңдар... Қазір мен айтып беремін.

Зурә әке-шешесін қолдарынан жетектеп, өзінің бөлмесіне алып барды, үлкен қара күйсандықтың пернелерін екі қолымен бірдей басып, кішкентай күміс қоңыраудай сыңғырлаған дауысымен өлеңді шырқап қоя берді:

Ұйықташы, қалқам, ұйықтай ғой,
Емдің ғой апаң емшегін.
Ұйықташы енді ұйықтай ғой,
Уілдемей, тентегім...
Балбырап жылы жатсын деп,
Жабайын қымтап көрпеңді.
Ұйқыға тәтті батсын деп,
Тербетейін еркемді!..

Бүркіт тағы қуанды. Сол минутта ол Зурәні өлең-күйге көбірек әуестендіріп, өзіне жеке мұғалім әпермек боп шешті.

Шайларын ішіп болып, Бүркіт қызын мектепке апарып салды да, баспаға барып өзінің ақырғы шыққалы жатқан кітаптарының жаңа ғана басылын біткен беттерін алып, үйіне қайтты. Көңілі сәл көтеріле түсті. Кітабын тоқтатпағандарына қарағанда, Бүркітке ешкім тимейтін тәрізді... Осы сағаттан бастап сары аурудай созылған күндер өте бастады. «Керек болсаңыз, тағы да шақырармын» деген әнеугі тергеушіден еш дерек болмады. Не ол «енді сіз боссыз» деген хабар бермеді. Жалғанда келешегіңе көзің жетпей, күпті болудан жаман не бар, Бүркіт әбден жүдеп кетті. Үйінің жанына машина келіп тоқтай қалса да, «мені әкетуге келген екен» деп, түн ұйқысынан шошып оянатынды шығарды. Аударып жатқан жұмысы да өнбеді. Қайғылы қатерлі сезімге булыққан, «қашан әкетеді» деп секем алған көңілден не шықсын, алға басқан аяғы кейін кетіп, Бүркіт күр іштей тұншығып жүре берді...

Күйеуінің мұндай жағдайын керген Ольга Павловна да не істеуге білмей әбден дағдарды. Оның да көңіліне «Бүркітке шын тимес пе екен?» деген бір қауіпті күмән пайда болды. Қолдан келер дәрмен жоқ, бұ да артын күтіп, жан күйігін сабырлыққа жеңгізуге тырысты.

Әнеугүні Мәрукей сыланып-таранып тергеушіге текке келмеген екен, тап тартысына «қырағы» жас жігіт махаббатқа келгенде судай соқыр болып шықты, көп кешікпей Мәрукейдей сұлу әйелге үйленгенін езі де білмей қалды. Бүркіттің ісін «тексеріп» болып, оны ұстауға арналғам бар материалын халық комиссарына берген күннің ертеңіне, «халық жауының» әйеліне үйленгені үшін жұмыстан босатылды.

Халық комиссары Бүркіттің ісін өзінің орынбасары Гавриловна жіберді. Соңынан қадағалап отырған тергеушісі жоқ іс Сергей Степанович ауруханадан шыққанша жатып қалды. Бұл кезде Қаражан да өзінің жазасын алып, сонау қиыр күншығысқа айдалып кетті. Бүркітке енді ешкім түйіле қоймады. Міне осы кезде Гаврилов та ауруханадан шықты. Бүркіт үйіне барып жолығып, онымен ұзақ сөйлесті.

...Ішкі істер Халық Комиссары орынбасарының ауызғы қабылдау бөлмесі. Шағын ғана столда жасы қырықтар шамасындағы әйел машинка басып отыр. Қабылдау бөлмесі мен кабинетті жылытатын орасан үлкен пеш қабырғаға қабысып, төбеге тіреледі.

Қабылдау бөлмесіне Халық Комиссариатының орынбасары Гаврилов кеп кірді. Ауруынан бөтен, сірә, ісі де қиын болу керек, жүзі солғын, әбден жүдеп кеткен.

— Сәлеметпісіз, Полина Гавриловна!

— Ой, есенсіз бе, Сергей Степанович... Кіргеніңізді де абайламай қалыппын... Сауығып шығуыңызбен құттықтаймын.

— Рахмет.

— Әлі де емделіп жата тұрмадыңыз ба?

— Торт ай бойы дөңбекшідім. Жетер. Сар жұрт болған ескі жара, Бұдан артық. жата беруге болмайды. Жұмыс бастан асып жатыр... Полина Гавриловна, маған келген хат-хабар бар ма?

— Аз да болса бар. Сіз жоқ, болған соң, келген хабар-ошардың бәрін дереу бөлім-бөлімге таратып берем. Сіздің емханадан шығатыныңызды естісімен кейбір жекелеген істерді бөлек сақтап жүр едім.

— Рақмет... Маған әкеле қойыңызшы соларды.

Сергей Степанович кабинетіне өткен кезде, секретарь әйел сейфті ашып, қағаздарды ала бастады.

Сергей Степанович стол жанына барып отыра берген кезде секретарь әйел кеп кірді, қолында шағын ғана бір топ іс қағазы. Солардың үстіңгі жағында бір кітапша бар. Сергей Степанович таңғажайып «документке» түнере қарады.

— Маған сақтап қойған бұл өзі қандай кітап?

— Өлеңдер.

— Өлеңдер дейсіз бе? Бізге қашаннан бері жыр жіберетін болған?

— Сізге деп халық комиссарының өзінен кеп түсті. Ақын Бүркіт Күнтуаровтың ісі. Ішінде айыптау қорытындысы да бар.

Сергей Степанович істі қолына алды. Ішінде Бүркіттің бұрынғы кезде ұлтшылдықпен жазған өлеңдерімен бірге Хасен тірі кезде шыққан алғашқы кітабы да бар. Тергеуші айыптау қорытындысын мықтап жазыпты. Көбіне Қаражанның сөзіне сүйеніпті. Халық Комиссары орынбасарының өңі сұрлана қалды.

— Прокурор бұған не депті?—деді ол аз-кем үнсіз тұрғаннан кейін.

Секретарь әйел бір топ қағаздың жоғарғы жағындағысын алып, документке көз жүгіртті.

— Тұтқынға алынып, жауапқа тартылуына қарсылығым жоқ депті.

— Солай деңіз? Қарап көрейінші!

Сергей Степанович алдындағы істі тағы да бір шолып өтті.

— Бүркіт тамаша жігіт. Мен ол жөнінде қателеспеген екем. Ал Қаражанның мына көрсетуі... жала. Егер бұл іс менен бөтен кісінің қолына түссе...

Ол істі тағыда қолына алды да, тергеушінің қорытындысының үстіне «Дұрыс тексерілмеген. Бүркіт дұрыс адам. Іс қысқартылсын» деп жазды да, қол қойды.

— Мұныңыз не, Сергей Степанович?

— Полина Гавриловна, сіз екеуміз қызметтес болғанымызға қанша уақыт өтті.

— Тоғыз жылдай...

— Сондықтан да мен сізге сенуге дағдыланғам. Менімше, сіз 1924 жылдан партия мүшесі болсаңыз керек?

— Иә, он үш жылдан асты. Ленин ұранымен үндес келем.

— Ал менің партия қатарына өткеніме ширек ғасыр. Революцияға анық, дұшпан, қаскөй жауларға қарсы күрестің мән-жайын көптен білетін де сияқты едім, сол күресті жүргізіп келе жатқан чекистердің бірімін деп білемін. Сөйте тұра қазіргі қимылымызда мен түсінбейтін жайлар бар-ау деп ойлаймын. Басында оңынан тұрған жел бара-бара дүлей дауылға айналып, азалы насырға шапқандай көрінеді. Осы сұрапыл астан-кестен ішінде біреулер лауазымға көл созды, біреулер бір-бірінен өш алудың жолына түсті, ал енді біреулер шүбәлану ауруына шалдықты. Соның ақыры бұрқыраған арыз, тау-төбе жала-пәле жазуға әкеп соққан түрі бар. Байқайсыз ба?

Полина Гавриловна тыңдапты да қапты.

— Солай болғанда тым болмаса мұндағы біздер, өмірі партия жолын аяққа таптамайтын чекистер, бір жағынан, бұрынғыша жауға мейрімсіз, ымырасыз болайық, екінші жағынан, анық адал жандарға жабылған жаланы тани білейік; революция ардагері Феликс Эдмундовичтің өсиеті солай еді ғой. Кәне, тағы қандай іс бар? Беріңіз!..

Сергей Степанович орнына отырды да, кезекті істі қарай бастады. Міне, ол қағаздан көз қиығын аударып, әлі де түрегеп тұрған секретарь әйелге қарады.

— Сіз неге түрегеп тұрсыз, отырыңыз...

Ол Полина Гавриловнаға жұмсақ орындықты нұсқап, өзі тағы да алдындағы қағазға іждиһаттана үңілді.

Ертеңіне Сергей Степанович Бүркітті шақырып алып, бүгіннен бастап оның бос екенін, істің қысқартылғанын айтты. Қуанғанынан Бүркіт үйден қалай шыққанын да білмей қалды. Бірақ оның бұл қуанышы ұзаққа бармады. Кенет жүрегі удай ашып, көзіне жас келді. Өзінің ісі қысқартылғаннан он күн өткеннен кейін, ол Сергей Степановичтың ұсталғанын естіді. «Халық жауы» деген сөз кейбіреуге күр тағылған жала; екеніне Бүркіттің көзі енді анық жетті. Бірақ қолдан келер амал жоқ, күр күйінген; үстіне күйіне түсті. Егер Бүркіт Гаврилов не үшін ұсталғанын білсе, қазіргі күйінуі тіпті ойыншық болып қалар еді. Тек әйтеуір білген жоқ.

Ал Сергей Степановичтың ұсталуына себеп болғанның бірі Бүркіттің ісі еді. Мені көрсеткен Бүркіт деп қате түсінген Қаражан сонау күншығысқа айдалып бара жатып, ақынның аман қалғанын естіген. Өштескен жау аянып қалмады. Бүркіт үстінен арыз үстіне арыз жазды. Бір қағазында Гавриловтың оны Ақшатыр қаласында бір рет тұтқыннан босатқанын айта келіп, өзінің тергеушіге берген жауабына қоса, Сергей Степановичтың Бүркіттің ісін қысқартқан күні Алматыға келіп түскен. Бүркіт пен Гавриловтың бір тілектегі адам екені енді ешкімді. де күмандандырмаған. Оған Гавриловтың басқа да «халық жауларына жеңіл қараған» істері қосылып, ол он жылға сотталды. Ал Бүркіт Күнтуаров жөнінде жаңадан тергеуші тағайындалып, ісі қайта қаралуға ұйғарылды.

Бірақ осы кезде Орталық партия комитетінің февраль март Пленумының қаулысы шығып үлгіріп, Бүркіттің ісі енді біржолата қысқартылды.

Бұның бірін де ақын білген жоқ. Қаралы көңілін қайтсем ашамын деп, Бүркіт қайтадан қаламын қолға алды.

V

Бүркіттің басынан өткен соңғы үш жыл он жылға татырлық болды. Ол осы бір қызық та, қиын да кезеңде халқының жаңа өміріне өзінің үлесін қосамын деп нелер түнді ұйқысыз өткізді, айлап үйінен шықпай кітап жазды. Бүркіттің бағына бұл мезгілде Ольга балалар бақшасына тәрбиелеуші болып қызметке кіріп, енді ол аз уақытқа қаннен-қаперсіз әдебиетпен шұғылдануына мүмкіндік алды.

Ақынның бұл кезде жазған дастан, пьеса, повестерінде жаңа бір күй, жаңа бір арман барды. Оның халқыммен бірге болсам деген тілегі енді жұртшылыққа айқын естіле бастады.

Демек, адасып келіп үйірін тапқан дарын иесінің бұл кезеңі әлі де болса іздену кезеңі еді.

Сөйтіп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталды. Тасыған судай қарқындап, жұтуға келе жатқан аждаһадай, аранын аша ұмтылған сонау жау ниеті ақынның да жанын түршіктірді. Ол бірден енді жеке адамның тағдыры емес, бүкіл Отан тағдыры, халықтар тағдыры сын сағатта тұрғанын түсінді. Дарын дариясы қайта толқыды. Бүркіт қолына найза орнына қалам алды, жауға оқтап өткір сөз атты. Жалынды ақынның бұл кезде жазған дастаны да, өткір үнді мақалалары да халқын ерлікке, жауға қарсы шабуылға шақырды.

Соғыс басталысымен, Бүркіт қаһарман жерлестері жайында кітап жазбақ боп, Ленинградқа келді. Әрбір адам қымбат сонау бір қырық бірінші жылдың күзінде оған керек жұмыс тез табылды. Солтүстік майданның саяси Басқармасы Бүркітті өзінің қарамағындағы соғыс газетінің тілшісі етіп бекітті.

Бүркіт осы қызметте Шаулайдан бастап Ленинградқа дейін шегінді. Бірақ қолындағы қаламын мылтықтап берік ұстады. Көп ұлтты совет әскерінің ерлігін өз көзімен көрді. Өзі де суарылған көк құрыштай, жауға деген кекке шынығып, әбден мызғымас тас жүрек ер болып алды.

Сөйтіп жүргенде Сталинград түбіндегі айқаста неміс фашист басқыншыларының жеңілген қыстың көктемі шықты. Қазір Бүркіт жеңіл машинамен, газет тапсырмасы бойынша, Ленинград түбіндегі бір бекініс деревняға келе жатты. Кешкі мезгіл. Жақында ғана осы арада соғыс болып еткен. Қираған танкі, зеңбіректер. Быт-шыт болған самолет сынықтары. Снаряд, бомбы түсіп күлі көкке ұшқан, мыжырая құлаған үйлер, кейбіреулерінің орындарында тек қираған пештері ғана қалған. Жер мен көк әлем-тапырық, астан-кестең. Тамырымен қопарылып құлаған қарағай, емен, бір тал шөбі қалмай күйіп кеткен тоғайлы алаңдар, әлем біткен қара құйқалана өртенген нағыз бір дүниені дозақ отына ұстап үйтіп алғандай... Бірақ, осыншама жан түршігер түрсіз әлемде көз тоқтатарлық ойдым-ойдым жасыл шөптер де көрінеді. Көктемнің аты көктем емес пе, кеше ғана соғыс жалыны шарпып өткен кейбір алаңда жасыл көгал ду ете қалған.

Бүркіттің есіне осыдан он бес жылдай бұрын еткен бір сурет түсіп кетті. Онда да осындай өртенген дала болатын. Онда да дәл қазіргідей көңілі әлем-тапырық еді. Сол жолы еді ғой өзінің алғашқы рет таяқ жегені. Сол жолы еді ғой Еркебұлан мен Нұржамалдан айырылын, өмірде жазылмастай жаралы болып қалаға қайтқаны. Бірақ ұмытылмайтын қайғы жоқ деп халық бекер айтпайды екен, ол қайғы да ұмытылған жоқ па, мына қайғы да ұмытылар, Еркебұлан мен Нұржамал өртенген түбектей, келесі жылы бұл араны да жасыл шалғын, қызылды-жасылды бәйшешек гүл жабар. Жүректегі жара жазылып, кезде қуаныш сәулесі де ойнар, жамандық көрген түс секілді, ұмытылар, күн өтер, ай өтер, жыл өтер, көрген қиянат, зорлық, қиындық — бәрі де естен шығар. Адам баласы кешірімпаз келеді ғой, бәрін де кешірер, бәрін де ұмытуға тырысар. Осындай ойда келе жатқан Бүркіт бір шағын тоғайды жанай ете бергенде, машина айдап келе жатқан жас әскерге кенет:

— Тоқта!—деп әмір етті.

Машина тоқтағанша болған жоқ. Бүркіт секіріп жерге түсіп, жүгіріп тоғай шетіне барды.Машина айдаушы автоматын қолына алып жанына келгенде, көзінде жасы мөлтілдеп, жуандау біткен қайың басына қарап тұрған майор тілшіні керді. Әскер жігіт те жоғары қарады да, түсі бұзылып, сәл кейін шегінді.

— Айуандар!—деді машина айдаушы ақырын күбірлей сөйлеп.

Қайың бұтағына асулы орыстың сегіз-тоғыз жасар баласы тұр. Үстіндегі киімі алба-жұлба, жалаң аяқ, көптен бері алынбаған ұзын сарғылт шашы ұйыса жағасына түскен. Көгілдір көзі шарасынан шыға, нағыз бір көк шыны тәрізді тапжылмай қатып қалған. Баланың асулы тұрған бейнесінде «Не жазығым бар еді?» дегендей бір аяныш қалып сезіледі. Мойнына байлаған үйеңкі тақтайда «партизан» деген жазу бар.

Жаңа бұзыла бастаған баланың денесін Бүркіт пен жас әскер ағаштан шешіп алып, сол қайыңның түбіне қабір қазып, шамалары келгенше құрметтеп қойды. Екеуінде де үн жоқ. Машиналарына мінді. Ойдым-ойдым тоғайлы жолсыз жазық кен далада жүріп келеді. Кей жерлерде тіпті қар да кетпеген, қырқаның солтүстік жақтарын тегіс алып, аппақ боп тұтасып жатыр. Бүркіт қалың ойда. «Жоқ, жоқ,— дейді ол кенет өзінен-өзі қызына сөйлеп,— бұны ұмытуға болмайды! Бұл — Еркебұлан мен Нұржамалды өлтірген өзімшіл Жабағы байдың дөрекі қанды намысы емес, бұл бүкіл адам баласын құлдыққа айналдырғысы келген қан ішер топтың жан аямас шабуылы. Сондықтан да олар баланы да, кемпір-шалды да мүсіркемейді, кімде-кім көнгісі келмесе, жаңағы нәрестедей ағашқа асады, отқа өртейді.

Бұлардың бүгінгісін ұмыту — өзіңнің ертеңіңді ұмыту».

Бүркіт көңілі алай-түлей. Оның көз алдында әлгі асылған бала әлі тұр. Нағыз өз баласындай, көкірегінен, ой-санасынан бір шықпайды. Сол баланың жазықсыз төгілген қаны үшін Бүркіт өз қанын аямауға бар, өштескен жауымен жекпе-жекке шығуға дайын.

Бүркіт бір сәтте осы әділетті жолға қалай түскенін ойлай қалды. «Иә, иә,— деді ол тағы да күбірлей сөйлеп.— Дер кезінде бұрылдым. Көп рақмет саған, Хасен, Гаврилов, халқым... Егер сендер болмасаңдар, не болар еді менің күнім?.. Бүгін қай жақта жүрер едім? Гитлер құр ғана өзінің қару-жарағына сенді ме? Ол қарсы жағының арасында ала ауыздық, сенімсіздік туғызып, оның күшін осалдатам деп ойлаған жоқ па? Сөйтіп жеңіске жетуді мақсат етті емес пе?

Әрине, сенімсіздік идея жағынан берік емес адамдардан шығады. Осы уақытқа дейін дұрыс жолға түсе алмасам не болар едім? Әкпар мен Қаражанның жолын құшар едім... Иә, онда мен дәл бүгінгідей өзімді-өзім таба алмас едім...»

Машина солтүстікке қарай жүрген сайын, күн суыта бастады, қар да қалыңдай түсті. Сірә, алдыңғы шеп жақындап қалған болу керек, ауық-ауық атылған зеңбірек дауысы жиірек естіле бастады. Майданға бара жатқан саптар да жиі кездесе түсті. Түн ортасы бола Бүркіттер өздері бет алған бекініс пунктіне келіп кетті. Бұл жерде бір топ ер жүрек қазақ жігіттері бар деп естіген. Газет солар жайында мақала жазуға жіберген. Бүркіт түнде батальон штабында қонып қалды да, таңертең қасына ақсары капитан жігітті ертіп, далаға шықты.

Аспан ашық. Шағырмақ таң. Жалт-жұлт еткен күмістей қар үстінде көлбең-көлбең еткен көлеңкелер. Төңіректің бәрін әлі кете қоймаған қар басып жатса да, ауада көңілді көктем желі есіп тұр... Артиллерия атқылағаннан кейін құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған.

Тақау арадан шаңқ еткен темір шынылы естіліп, қарды шықырлата басқан жүріс тына қалды...

Міне, бұл қорғаныс шебінің алдынғы окобы. Екі пулемет үясы атқыштар орнына мұқият орнатылған. Оларға жуық жерде, окоп қабырғасынан сөрелер қазылып жасалған. Онда солдаттардың оны-мұнылары жатыр.

Капитан Бүркітті қазылған жер арқылы окоптан кейін қарай ерте шығып, өртенген бөренемен жабылған жертөлеге апарды, одан қазақтың бір халық әнінің әуезі естілді.

— Темекілеріңді тарта беріңдер,— деді капитан өзі келгенде қалшиып тұра қалған окоптағы солдаттарға:

— Сау-сәлеметсіздер ме, інішектерім... жағдайларыңыз қалай?— деді Бүркіт солдаттарға қарап.

— Рақмет. Жағдай жаман емес. Сталинградтағы жеңіс шабуылынан кейін көңілді боп тұрмыз.

Бүркіт жан-жағына қарап күлді.

— Жақсылап орналасқан екенсіздер. Тастап кетуге қиналмайсыздар ма?

— Кейін шегінгенде, әрине, қиналамыз, ал біз енді алға, алға тартпақпыз, алға!

Бүркіттің кім екенін білген жастар иін тіресе ақынды қоршап алды. Ананы-мынаны сұрап, босатар емес. Бүркіт те сұңғақ бойлы, келбетті қазақ солдаттарына сұқтана қарап:

— Өздерің қай жердікісіңдер?— деді.

— Ертіс бойынан,— қара торы солдат жауап берді.— Естуіңіз бар ма, Тәкежан деген қартымыз бар, бәріміз соның ауылынанбыз...

Бүркіт қуанып қалды. «Ризамын, қартым, түлектеріңді дұрыстап-ақ дайындаған екенсің?»

Бүркіт ілгеріге бой соза қарады. Оның көз алдында ор жерде ойдым-ойдым тоғай қараңдап, көк жиекпен астасқан орманды бел, белесті алқап жатты. Окоптан бір шақырымдай қашықтықта тастан соғылған үйдің тамтығы көрініп, әріде, орман тұсында шағын деревняның төбелері дес берді.

Ысқыра ызыңдаған оқ сыбысы естілді. Бүркіт еңкейе қалды...

— Абайлаңыз, жолдас жазушы,— деді егде тартқан орыс солдаты.— Бұл арада, олардың Тұрымтайы жоқ, сөйтсе де, сақтықта қорлық болмас.

— Қайдағы Тұрымтай?— деді Бүркіт.

— Біздің бір бала жігіт... Балақан, жазушы жолдасқа өзіңнің винтовкаңды көрсетші.

— Сөйт, көрсете ғой, көрсет, жолдас Жұматов,— деп сөзге капитан араласты.

Зор денелі, ашық-жарқын жүзді жас қазақ алға шықты. Ол дүмі жырық-жырық болған снайпер винтовкасын Бүркітке ұсынды.

— Бір кезде аңшы болғансың-ау өзің, ә?—деді Бүркіт винтовканы айналдыра қарап тұрып.

— Әкем мерген адам,— деді Тұрымтай.— Мылтық атуды маған да үйреткен...

— Сен де нашар аңшы болмаған сияқтысың?

— Жоқ... Мен аң аулауды жек көретінмін. Қасқыр болмаса, басқасын ату обал ғой...

— Ал мұнда ше?

— «Мұндасы» қалай?

Бүркіт винтовканың дүмін көрсетті.

— Мұнда мен өз елімді қорғап жүрмін.

— Әз елімді...— деп баяу қайталады Бүркіт.

Бәрі тына қалды. Тек жертөледен баяу қалықтаған қазақ әні естіледі.

— Тұрымтай, сен қай жерліксің?— деді Бүркіт.

— Түлкібастікімін.

Қазір Оңтүстік Қазақстанда күн жылы. Барлық жерде гүлдер шешек атуда ғой...

Төңірекке көз жіберіп, үнсіз тұрысты олар. Тек ән ғана естіледі.

— Тамылжытып айтуын-ай әнді,— деді Бүркіт.

— Үйін сағынған ғой. Өзі соғыс басталардан бір апта бұрын ғана үйленіпті. Баласы әкесіз өсіп жатса керек. Екі жаста... Былдырлап сөйлеп, жүгіріп жүр ғой, ал әкесін әлі көрген жоқ... Мүмкін, жертөлеге кірерсіз, үйден келген күрт бар. Алматының темекісі де жоқ емес. Мұнда қой сойып бере алмаймыз. Ал соғыс біткен соң Түлкібасқа келіңіз. Онда, әрине, балбырап піскен ет қашан да болса дайын...

— Рақмет, барам,— деп езу тартты Бүркіт.— Соғыс бітсін.

Дәл осы кезде жертөлеге асыға екі жігіт кірді. Бірі сұңғақ бойлы, жұқа өңді, тегеуірінді. Екіншісі екі ұртына су толтырып алғандай томпақ ұртты, төртбақ жас қазақ. Қолдарында ұстаған автоматтарынан бөтен, мойындарына іліп алған дүрбілері.

— Жолдас лейтенант, рұқсат етіңіз,— деді.

— Сөйле, Жақып.

Екі жігіт айтайын дегендерін қимағандай жат пішінді Бүркітке қарады.

— Айта беріңдер,— деді лейтенант.— Бұл кісі біздің қонағымыз... Газеттен.

— Бізге жол бермей тұрған алтыншы белгідегі төбешіктер жерге көміп тастаған танкілер секілді. Өзіңіз қараңызшы,— деді әлгі солдат.

— Шын ба?

Бүркіт пен лейтенант сыртқа шықты. Солдаттар меңзеген жаққа дүрбімен қарай бастады. Бүркіттің қарсы алдында кішкентай қарлы орман. Дүние жүзі ақ теңбіл. Төбеде ақ таңдақ селдір бұлттар. Ағаш арасынан дұрыстап қарасаң, ойдым-ойдым қара көлеңке төбешіктер көрінеді. Нағыз бір қар аралас топырақ үйілген зираттар тәрізді. Дәл осы сәтте бүкіл әлем біткен де иесіз қалған моладан аусайшы, үн-түнсіз.

— Құлаққа ұрған танадай неткен тыныштық еді,—- деді таңданған Бүркіт.

— Бұл дауыл алдындағы тылсым ғой. Кеше көрсеңіз, дал осы жерде ақыр заман орнаған ба дер едіңіз. Аз шығынымыз болған жоқ,— лейтенант шаршаған адамдай сылбыр сөйлеп тұр.— Бес күннен бері сонау бір неміс бекінісін ала алмай жан таласудамыз,— дүрбіні көзінен алмаған қалпында жанындағы солдаттарға:—Рас көмілген танктер,— деді.

Дәл осы мезгілде жүгіріп жанына бір солдат жетті.

— Жолдас лейтенант, жаңа ғана штабтан телефон соғылды, 12.00-де артиллерия дайындығы, 12.20-да шабуыл,— деді.

Лейтенант үн-түнсіз қолындағы сағатына қарады да, Бүркітті ертіп кейін жүрді.

...Жертөле іші кенет бұрынғыдай көңілді болмай қалған. Тамылжыған ән де естілмейді, әзіл-оспақ, думанды күлкі де жоқ. Іші кенет күңгірт тартқандай.

Тек асыға киініп жатқан жұрт. Бағзы біреулері киініп болып автоматтарын тексеріп, кейбірі белдеріне гранаттарын тағып жатыр. Үй іші сарт-сұрт шапшаң қимыл, баяу шыққан металл үні. Кенет әлдекімнің «бүгін фрицтерді қорғасынға мықтап тойдырмасам болмас» деген күлкісі естілді. Әлдекім оған «кешеден бері қарны ашып қалды дейсің бе? Кешегі тойғанынан әлі де ықылық атып жатқан шығар» деп қалжыңдай қошеметтейді.

Лейтенант жан-жағына ұмсына қарап тұр. Кенет ол бағанағы «Тәкежан аулыныкіміз» деген тонының сыртынан ақ халат киген қара торы жігітке қарап:

— Жансай, дайынсың ба?— деді.

Жігіт сол қолындағы қызыл шүберек шиыршықтала оралған қысқалау құрық ағашты көрсетті.

— Дайынмын, лейтенант жолдас.

— Онда жөнел! Тек күні бұрын оқ шығармауға тырыс.

— Құп, лейтенант жолдас.

Жансай жертөледен шыға берді. Лейтенант Бүркіттің ештеңеге түсінбегенін сезіп:

— Жау бекінісі біздің екі полктың тең ортасында тұр. Қай полктың солдаттары жау бекінісін бұрын алса, басына қызыл туын тігеді. Бұл — солдаттар арасында ерлік бәсекеге арналған әдет... Біздің рота бұл жолы бірінші боп жау шебіне жетуге уәде берген. Жансай сол туды әкетті.

— Мұндай істе ылғи Жансай жүреді,— деп күңк ете қалды бағанағы Жақып деген Тәкежан ауылының сары жігіті,— бізге де кезек тиер күн бар ма екен, сірә осы...

Лейтенант күлді.

— Жансай секілді айлакер болсаң, саған әлдеқашан-ақ кезек тиер еді, өзіңнен көр құр ерлікке сүйенген.

Бүркіт мырс етіп күлді. «Ерліктің де кесірі тиеді екен-ау!» Дәл осы сәтте ол кептен бері майдандағы қазақ солдаттары жайында жазбақ болып ойлап жүрген романының атын тапты. «Тәкежан ауылының жігіттері!» Ол тағы жымың етті. «Қандай тамаша ат! Қарт қыран ұшырған жас түлектер!.. Қар жамылған жалпақ дала... Жауға шүйілген жас қазақ».

Кенет оның ойын лейтенант бөліп жіберді.

— Болдыңдар ма?—деді дауыстап, сөйтті де әлі де ойынан айырыла алмай жайбарақат тұрған Бүркітке қарап::—Жолдас жазушы, айқас басталмай тұрып, сізге. кейін қайтуға тура келеді.

— Сонда мен қайда баруым керек?

— Арт жақтағы штабқа.

Бүркіт сасыңқырай жауап берді.

— Жоқ, лейтенант жолдас, сіз ғафу етіңіз, мен осы арада қалуым керек. Тәкежан ауылының жігіттерінің шабуылын өз көзіммен көруге тиістімін...

— Кімнің? Кімнің дейсіз?

— Тәкежан қарттың,— лейтенанттың Тәкежанның кім екенін білмейтіні есіне түсіп Бүркіт езу тартты.— Қазақстанда Тәкежан деген белгілі қарт бар... Сіздің солдаттарыңыздың көбі сол қарттың аулынан. Мен олар туралы кітап жазбақпын.

— Ә.;. ә!

— Сонда соғыста тек Шығыс Қазақстан жігіттері ғана болғаны ма...— деп Тұрымтай өкпелегендей күңк ете қалды.

— Неге?—Бүркіт алпамсадай зор денелі Тұрымтайдың иығынан қақты.— Бәріңді де ұмытпаймын.

Лейтенант Бүркітті жаңа көргендей тандана қарады.

— Ең болмаса алты атарыңыз да жоқ екен...

— Адам баласына қол көтеріп көрген емеспін.

— Адам баласы —өз алдына. Фашистер адам баласы емес. Олар нағыз жыртқыштар!..

Бүркіт не дерін білмей сасып қалды. «Расында мұным қалай, бүкіл халық қан ішер жауымен жан қиып айқасып жатқанда, мен қолыма қан жұқтырмай өтпекпін? Тек қалам қайратым ел-жұртымның алдындағы борышымды өтеу үшін жеткілікті төлеуім бе?» Кенет екі алдына кеше осы майданға келе жатқанда керген ағашқа асулы тұрған сары шашты жас бала елестеп кетті. Бүркіттің маңдайынан тер бұрқ ете қалды. Бойын қажыр білмес жойқын ашу билей жөнелді.

— Андағылардың бір-екеуін маған да беріңдер,— деді ол қолын созып, лейтенанттың беліндегі гранаттарды көрсетіп.

Лейтенант үн-түнсіз белінен қос гранатты босатып алды да, Бүркітке ұсынды.

— Тек жауға ғана лақтырыңыз,—деді әзілдей, сөйтті де, қасында тұрған томпақ үрт жігітке:— Сабыр, сен бүгін шабуылға қатынаспайсың, жазушы жолдастың қасында боласың.— Кенет ол Сабырға түксие қарады,— байқа, бұл кісіні сау сақтауға басыңмен жауап бересің,— деді. Солдат бірдеме айтпақшы болып келе жатыр еді, лейтенант қолын көтеріп ренжи қарады.— Жә, жә, білем. «Фрицтерден ешкімді ала алмай қалам» демексің ғой. Сенің ұпайыңды өзгеміз жібермейміз. Жазушы жолдастың жанында боласың ғой, уәде ме?

— Уәде, лейтенант жолдас...

— Сабырдың фрицтерде ерекше өші бар,— деді лейтенант Бүркітке күле қарап,— кеше кезегі келіп алдыңғы шепке ас әкеле жатқанында ботқа бағына фрицтердің снаряды тиіп, бүкіл рота аш қалды. Жолдастарының алдында айыпты,— солдаттар күлісіп қалды.— Сол айыбын жолдастарының алдында ерлік істеп жұмақ еді, амал жоқ, бұл жолы сізді қорғауға қалып тұр.— Лейтенант Бүркітке қайта қарады,— сізден өтініш, кейін қайтқыңыз келмесе, осы жертөле маңайынан алыс кетпеңіз. Оқ ешкімді де таңдамайды.

— Құп болады.

Лейтенант қолындағы сағатына көз тастады да, дауыстап:

— Артиллериялық дайындыққа. бес минут қалды. Кәне, жігіттер, орындарыңа барыңдар!

Солдаттар топырласа шыға бастады.

Бүркіт пен Сабыр жертөленің дәл есік алдындағы окоптан орын алды. Алдарың бәрі ап-айқын көрінеді. Күн жоғары көтерілген. Азырақ жел тұрып, бетке әлі де болса сап-салқын көктемнің дымқыл әуенін ақырын сипай ұрады...

Кенет Сабыр:

— Ағай, сіздің фотоаппаратыңыз бар ма?—деді.

— Жоқ оны қайтесің?

— Қап! Үйге тірі фрицтерді тұтқынға алып жатқан суретімді жіберейін деп едім.

Бүркіт үндеген жоқ, ішінен күлді де қойды. «Бүгін неміс солдаттарын тұтқынға алатындарына Сабырдың көзі жетеді. Ерлік істерін алыстағы құрбы-құрдасына мақтан етпек. Өкінбе, Сабыр, фотоаппаратпен суретіңді түсіре алмасам да, қаламымның ұшымен бейнеңді халқыңа жеткізермін».

Бүркіттің көзі ойламаған жерден дәл қарсы алдында, қырқа етегіндегі омбы қардың үстінде, зеңбіректің аузы секілді болып, қарайып тұрған алақандай екі нүктеге түсті. Окоптан жүз метрдей жерде, ақ қар үстінде ап-айқын болып көрінеді. Ар жағында үш жүз метрден жерде жау шебі...

— Анау не?—деді Бүркіт әлгі қарайған екі нүктені көрсетіп.

Сабыр күліп жіберді.

— Жансайдың қос табаны ғой...

Бүркіт те күлді. Сабыр майдандас жолдасын мадақтай жөнелді.

— Ол сондай қу... Жермен-жексен болып, тек қарлы жерді ғана қуалай жау шебіне жылжи береді. Ақ халаты ақ қар үстінен жауға байқатпайды. Соңыра «уралап» жауынгерлер шабуылға шыққанда, жау шебінің дәл тұмсығынан шыға келеді. Желбіреген қызыл туды көріп біздің жауынгерлер оған жеткенше асығады, бойларына күш үстіне күш қосылады. Ал жау шебі дәл қасынан пайда болған жалауды көріп, біздерді келіп қалған екен деп сасып қалады, кейде окоптарын тастай қашады.

Бүркіт Сабырдан бірдемені сұрамақ болып аузын аша бергенде, ең алдымен күн күркірегендей бір сұрапыл қатты дыбыстар пайда болды да, жер мен көкті гүрс-гүрс етіп тұтаса шыққан жақын жерге қойылған зеңбіректердің үні бөлей жөнелді. Оларға ауқын-ауқын атылған алыстағы ауыр гаубицалардың күмпілі қосылады. Жан түршігерлік әлем-тапырық сұрапыл. Әнкүр-мәңкүр жер бетін гүрзімен сабалап жатқандай, қарлы топырақ бұрқ-бұрқ етігі көкке көтеріліп, жуан-жуан ағаштар шыбықтай аспанға атылып жатыр. Бүркіт осы сұрапыл үстіне орнаған жау шебінен көзін алмай табылмай қалған. Оған дүние біткен дем ала алмай тұншығып бара жатқандай. Жау шебі дәл осы кезде біржолата жер бетінен жоқ болып кеткендей. Жан-жағына көз тастап еді, окоп біткеннен бүкіл солдаттар бастарын шығара қарап тұр екен. Жүздерінде қуаныш. «Ура!» салып айқайлаған дауыстар да естіледі. Кейбіреулері каскаларын бастарынан жұлып алып «Алақайлап!» көкке лақтырып жатыр. Жауды енді мәңгі құртқандай, айқара құшақтасып бірін-бірі құттықтағандар да аз емес.

— Мұндай ғажайып бұрын болған емес.— Сабырдың екі көзі оттай жайнап кеткен.— Жарайсың артиллеристер! Бәлем, фрицтер сазайларыңды тарттыңдар ма!

Артиллерия дайындығы бір мезетте пышақпен кескендей басыла қалды. Дәл сол минутта біздің окоптың әр жерінен көкке көгілдір ракеталар атылды. Ракеталардың ұшқындары кек жүзінде сөнбей-ақ командирлардың: «Алға!» деген дауыстары естілді.

Тосыннан асау өзен бөгетті бұза жөнелгендей, Бүркіттің оң жағынан, сол жағынан, осы уақытқа дейін тынып жатқан сонау көкжиекке дейін созылған окоп біткеннен қалың қол жау шебіне қарай лап қойды. «Уралап!» айқайлаған қаһарман үннен ауа тынады. Оған тынбай атылған автомат, мылтық үні қосылған. Шабуылға шыққан қаптаған қалың солдаттар қандай қамал болса да алмай қояр емес. Лек-легімен бір жатып, бір тұрып, бірінің соңынан бірі көтерілген дауылды күнгі теңіздің бұрқыраған толқыны тәрізді, алға қарай ұмтылып барады. Бұған шыдар бөгет болмас.

Осынау ғажайып көрініске мәз болған Бүркіт өзін-өзі ұстай алмай:

— Қарашы, Сабыр, қандай айбынды күш!— деді дауыстап,— Қазір-ақ жау шебінің күл-талқанын шығарады!

Оған ешкім жауап бермеді. Бүркіт бұрылып жанына қарап еді, қасында Сабыр жоқ екен. Ол бағана алғашқы «Ура!» шыққанда-ақ окоптан ата жөнелген.

Бүркіт басын қайта көтергенде, автоматын тарсылдата атып оң жақтарынан шабуылға шыққан Тәкежан ауылының солдаттарына қосылып жау шебіне қарай жүгіріп бара жатқан Сабырды көрді.

— Жарайсың, жігітім!—деді риза болып кетіп.— Тапсырманы орындасаң осылай орында!

Көп қарқыны деген ұлы күш, кімді болса да асау екпінімен бірге ала кетеді. Өз «күзетшісі» Сабырды енді алдыңғы қатардағы шабуылшылармен бірге керген Бүркіт окопта жалғыз қалуды дұрыс көрмеді, не болса да, жұртпен бірге болғысы келді. Мұндай шешімге қалай келгенін өзі де білмей қалды. Оң қолына будыр қабырғалы дөңгелек гранатты қыса ұстап «Уралай!» айқай салып жау шебіне жүгіріп бара жатқанын бір-ақ сезді. Бүркіттің де ойы Тәкежан ауылының жігіттерімен сын сағатта қатар болу. Ұлы жеңіске тек қаламымен ғана емес, жауға лақтырған ажал терімен де үлес қосу.

Адамда қысылғанда пайда болатын жасырын күш болуы мүмкін. Өзгелерден кейін қалмаймын деп жанталаса жүгірген Бүркіт алдында жүз метрдей жерде келе жатқан Сабырға да жетіп қалды. Тек бір мезетте әлдекімнің:

— Жат!—деп зекіре берген бұйрығын естіді. Бұйрыққа түсінді ме, түсінбеді ме, жан-жағындағы солдаттардың жер бауырлап жата бастағанын көріп, Бүркіт те бір ойпаттағы қалың қарға күмп етті. Сол сәтте дәл қасынан топырақты кекке көтере зеңбіректің оғының, жарылғанын құлағы шалды. Кезінде жай оғындай жарқ етіп бір жарық пайда болды да, сөне қалды. Бүркіт үстіне құлап келе жатқан қалың топырақты көргенде, ең алдымен ойына келгені—«шіркін-ай. Тәкежан ауылының жігіттері жайындағы кітабымды жаза алмай кеттім-ау» деген өкініші, арманы болды. Кекке көтерілген қою топырақ үстіне баса түсті. Осы оқтың жарылуымен қатар, бүкіл әлемге қайтадан ақыр заман туғандай жер мен көк алай-түлей болды да кетті. Бұл жолы оқ пен бомбы немістер жағынан борады. Неміс бекіністерін совет жауынгерлері бірнеше күннен бері босқа ала алмай жүрмеген екен, әр ағаштың түбінен, әр жерге жермен-жексен болып бекітілген танк-дзоттан қорғасынмен бірге ажал жауды. Қиғаштай түскен пулемет оқтары нағыз бір жерді сабаумен сабап жатқандай, топырақ аралас қарды бұрқ-бұрқ еткізеді. Совет артиллериясының жиырма минуттық сұрапыл атысы, болат пен бетон киген неміс бекінісін мүлдем құртып жібере алмағаны енді айқын болды.

Бүркіттің аздан кейін есі кіріп, көзін ашқанда, ең алдымен сезгені тірі қалғаны болды. Еш жеріне оқ тимеген екен, тек тарылған снарядтың ауа толқыны есін тандыра жерге қатты ұрғанын білді. Ол сәл қимылдай, үстін басқан қалың топырақтан қозғала-қозғала босатып, басын сәл көтеріп жан-жағына парады. Жатқан орны снаряд түсіп шұңқыр болып қалған жердің ернеуі екен. Он жағы төмпешік. Бұл — снарядтың қопарған топырағы. Оң жақтан тынбай атқан пулеметтің оғынан Бүркітті сау сақтап тұрған да осы төмпешік секілді. Әр жерде қарға жабыса жатқан солдаттар. Кейбіреулері қаза тапқан. Жараланған солдаттардың ыңырсыған үні еміс-еміс естіледі. Оқ борап тұр. Жан-жағындағы алаңның қар мен топырағын бұрқ-бұрқ еткізеді. Бас көтертер емес. Соған қарамай, совет жауынгерлері де жерге жабыса түсіп, жау шебіне қарай автоматтарынан оқ жаудыруда. Бетпе-бет келген ажал. Қай жағы жеңбек. Бүркіт енді бір қарағанында өзінен елу метр жерде, жау шебінің дәл тұмсық алдындағы жалпия созылған белестің қарлы ылдиында шоқия отырған ақ халатты жауынгерді көрді. Нағыз бір атыла жөнелуге ыңғайланған ор қоян тәрізді. Жанында жатқан ұзын құрықтан оның Жансай екенін Бүркіт бірден таныды. Тіпті жау шебінің дәл түбінде тұр. Енді бір ырғыса, белес үстіне шыға келетін. Бірақ сол ырғу оңайға түсер емес. Жансайдың басынан аса бораған жау оғы. Бүркіт енді жан-жағындағы ұрысты ұмытып кеткендей сонау жалғыз жауынгерден көзін алар емес. Оның ол жерге қалай барып қалғанын да түсінбейді. Осы бір ер жүрек жауынгер тірі қалады ма, оған да көзі жетпейді. Тек «бұдан әрі не болар екен» деп, Жансайдан көзін алмай қатты да қалды. Оқ әлі борап тұр. Бір мезетте он жақтағы пулеметтердің біреуі қақалған адамдай күркілдей түсіп тұншыға қалды. Сол секундте жарылған гранаттардың даусы естілді. Сірә пулемет ұясына совет жауынгерлері гранат лақтырған секілді. Осы бір болмашы тылсымды күткендей, дәл сол секундте Жансай белеске қарай ата жөнелді. Бүркіт ар жағында не болғанын тағы түсінбей қалды. Тек, көзін ашып-жұмғанша жау шебінің дәл ортасында белес үстінде желбіреген қызыл туды көрді. Сол-ақ екен қайтадан жер жара гуілдеген, уралаған дауыстар естілді. Бағанадан бері әзер жатқан совет жауынгерлері сонау желбіреген қызыл жалау магнитіменен тарта жөнелгендей, нағыз бір бөгет бұзған тасқындай жау шебіне қарсы лап қойды. Қаптап келе жатқан совет солдаттары мен дәл өздерінің үстінде желбіреген қызыл туды көріп, фашистер кенет сасып қалды. Кейбіреулері окоптарын тастай қашты. Дәл сол сәтте неміс шебін баса көктей совет жауынгерлері де жетті.

Белдескен айқас шапшаң бітті. Жау жеңіліп, бірнеше күннен бері бет қараттырмай тұрған неміс бекінісі алынды. Кешке таман қаза тапқан солдаттарды жерлеп болғаннан кейін, лейтенант өзінің жауынгерлерін тегіс жинап алып, қатарға тұрғызып, сан ұлтты солдаттарының алдында Бүркітке бағанағы неміс бекінісінің басына Жансай тіккен қызыл туды берді.

Бүркіт желбіреген жалауды қолына алып, оған сия қарындашпен баттита асығыс жазылған «Ұлы Отанын қорғау үшін қан майданға ер жүрек ұл-қызын жіберген қадірлі қазақ халқына Ленинградты қорғаған 131-ші гвардиялық полкінің жауынгерлерінен ескерткіш» деген жазуды оқып шықты.

Нелер қыршын жас қаза тапқан, табан тірескен айқаста жау шебінің үстіне тігілген, қабығы алынбаған жай қисық құрыққа байланған осынау ескі қызыл шүберек Бүркітке дүние жүзіндегі ен қымбатты зат болып көрінді. Ол кенет көзіне келген жасты биалайымен сүртіп:

— Рақмет достар,— деді толқи сөйлеп.

Сол күні түнде, тар, ыстық жертөледе, сықсиған май шамның қасында отырып, өзінің майданға келгеннен бері арманы болып жүрген «Тәкежан ауылының жігіттері» романын алғашқы рет бастады.

* * *

Арада көп жыл өтті. Қазақ оқығандарының біразының басында болған адасу, толқу, жол таба алмай шатысу Бүркітті де аз қинаған жоқ. Бірақ халық пен партия берген мүмкіншілікті Бүркіт ақтап шықты.

Бүркіттің Алматыдағы кабинеті. Төңірегі тола кітап. Еденнен үйдің төбесіне дейін жететін кітап шкафтары Солардың ішінде Маркс, Энгельс, Лениннің томдары да бар. Ашық терезенің алдында, жазу столында, Хасен — Ханшайымға аумай ұқсаған Зурә отыр.

Бүркіттің өңі егде тартқан. Маңдайы қыртыстанып, бет ажарына әжім үймелеген. Шашы да сиреп, ағарған. Тек көзі ғана бұрынғыша жалындап шоқ шашады.

Стол үстінде аумағы қалың қолжазба жатыр.

— Бұл кітапты жиырма жыл бойы жаздым,— деді Бүркіт баяу сөйлеп— Мен бұл еңбегімді «Замана перзентінің табысуы» деп атадым. Менің ақыл-ой, асыл арманым да, аяғымды шалыс басқан қате-кемшілігім де, болашақ сенімім де — бәрі де осы қолжазбада. Енді кітабымның да, өз өмірімнің де үкімін оқушыларымнан күтем.

— Мен сіздің бұл еңбегіңізді де жұрт қуана қарсы алатынына сенем...

— Солай ойлайсың ба, қалқам? Олай болса, мен тек мен өмір сүрмеген жан екенмін.

Біреу есік қағып еді. Бүркіт оған:

— Кіріңіз,—деді.

Үйге үстінде қыры сынбаған судай жаңа қара костюмы бар, таяққа сүйенген аппақ қудай кәртаң адам кіріп келді. Бұл Гаврилов еді. Осыдан үш ай бұрын сонау Қиыр Шығыстан қайтқан. Бүркіт Оңтүстік Қазақстанға саяхатқа барар алдында, осыдан екі ай бұрын екеуі кездескен. Бастарынан өткендерін айтып бір күн, бір түн шер тарқатып әңгімелескен.

— Сергей Степанович!—деді Бүркіт орынан ұшын түрегеп.

Екеуі құшақтаса амандасты.

— Қашан келдің оңтүстіктен?— деді Гаврилов құшағын жайып.

— Бір жетідей болып қалды.

— Содан бері менімен хабарласпай жатқаныңа жол болсын?— Сергей Степанович күлді.— Қалай барып қайттың? Ел-жұрттың халі қалай екен?

Ой, несін айтасыз!—деді Бүркіт жайнай түсіп.— Гүл жайнаған қазақ даласы!.. Салынған завод-фабриктер. Сонау Қызылқұмға дейін созылған жалпақ далада қаптаған мал, құлпырған бау-бақша.— Бүркіт тағы күлді,— бір ғажабы, менің «Тәкежан ауылының жігіттері», «Болат мінген қазақ» секілді кітаптарым жоқ бір үй көрмедім. Жазғанымды оқитын елім барына төбем көкке тигендей боп қуанып қайттым.

Гаврилов жымия күлді.

— Ал «Ауылым да жоқ, бауырым да жоқ» деп еңіреген кім еді?

Бүркіт Сергей Степанович қалжыңына алдымен түсінбей, сәл ойлана қалды да, есіне баяғы өзінің жазған өлеңі түсіп кетіп:

— Жоқ, жоқ, онымның бәрі қате екен! Ауылым да көп, бауырым да көп екен!— деді шаттана.

Дәл осы кезде үйге Ольга Павловна кірді. Біріне-бірі ғашық жандай қарама-қарсы қуана қарап тұрған Бүркіт пен Гавриловты көріп, бұ да жымия езу тартты.

— Ескі достар кездескен екен ғой,— деді ол анандай жерде үн-түнсіз отырған Зурәға қарап.— Зурә, дос болсаң осылардай бол! Бұлардың достығы орыс, қазақ халқының бұзылмас достығы тәрізді мәңгі берік, адал достық.

Зурә қызыққандай осынау бір өмірдің сан қатерлі өткелінен талас-тартыспен қажымай өткен екі адамға күлімдей көз тастады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар