Жаз күні ғой шіркін. Ойда жоқта қымыз есімізге түсіп, аңсап, діңкеміз құрып, шелдеп жүріп бергеніміз бар емес пе. Осындай сусап тұрған кезінде сары қымызды тартып жіберсең, сүйсінетіндігің сонша, маңдайыңнан суық тер шып-шып шыға келмес пе еді?
— Қымыз қайда бар?— деп сұрайды жолдасым.
— Көк базарда бар.
Қымыз іздеп жүріп кеп кеттік. Ойлаған сайын аңсай түсеміз. Базардың бас жағынан аралап келеміз. Қымыз іздеген біз ғана емес, қаланы қыдырып, оны аңсағандар көп екен. Сататын столда азды-көпті қымыз дегеніңіз бар болып шықты. Қымызшының бірінің жанына жақындадық. Ішейік дестік. Ішіп те салдық.
Енді маңдайымыздан теріміз бұрқ ете түсер деп ойлап тұрмыз. Былай шыға бере жолдасым «ойбай, ішім» деді... Менің де жүрегім шаншып қоя берді.
— Жүрегіңнің шаншитыны бұрыннан бар ма еді?— деп сұрайды жолдасым.
— Е, жоқ, бірінші рет ауырып тұр. Өзіңнің ішіңнің ауыратыны бар шығар.
— Атай көрме, ішім мықты болатын.
— Шынын айту керек, екеуміздің де көңілімізде бір күдік тұр. Бірақ айтайық десек екеуміз де оны жаман атқа қимаймыз. Ол — қымыз. Ішіміз осы қымыздан ауырған жоқ па екен деген сұрақ ойымызда тұрса да, ең ардақты сусын болғандықтан оны атағымыз келмейді. Қинамағанмен амал не, көрініп тұрған нәрсені айтпасқа бола ма?!
...Қатарласа тұрған сатушы. Қымыздарын бірі шелекке, бірі кастрюльге, бірі қаңылтыр шөңкеге құйып алған. Байқап тұрсақ біздің ішкеніміз мұндағы қымыздың бір-ақ түрі екен. Қайта көкесіне көріспеген екенбіз. Жақсыны көрмек үшін, шетінен бірін татып көрдік. Қымыранды көбірек қосқан болуы керек, ақырып ашып кетіпті. Бір ұрттап дәмін көргеннің өзінде шық етіп шекемізге тиді. Бұл қымызды әйнек ыдысқа құйып қарасаңыз, үш бөлек болып тұрады екен. Үсті сылдыр су, одан кейін тұнбасы, сонан соң ерпі. Бағасы тым қымбаттау, а мал не, иесі өзі болғандықтан оған біз шек қойып отырғанымыз жоқ. Бірақ, әншейін, алған ақшасын адалдап алмағандары өтіп барады.
Енді бір қымызды көрдік. Илеген қайыс татиды. Ерін тиіп кеткенде-ақ тамағыңызды қырнап жүріп береді. Тағы бірін қаңылтыр ыдысқа құйып алып келгендіктен темір татып кетіпті. Әлгі жолдасым ішкен қымызды қайта тұтып көріп едік, суды қосып-қосып, тым сұйық болып кеткем соң, үн шалып қойған екен. Бетінде кебегі қалқиды, ішті ауыртып жүріп бергені де осы екен.
Тағы бір қоймалжың қымызға тап бола кеттік. Шайқап қарасаң стаканға жұғады, ұрттап татып ек, кәдімгі сиырдың айраны. Айырмасы аздап саумал араластырған. Нағыз көк шалап болып шығыпты...
Апыр-ау, осыны да қымыз деп сатқызып отыр ма екен десеміз. Қымызды тексеріп рұқсат етер адам медицина дәрігері С. Покровская. Оның қымызға ешқандай ықласы жоқ, су қосып әкеле ме, сүт қосып әкеле ме, үн шалып әкеле ме, оған ол көңіл аудара-қоймайды, сапасына қарамайды. Оның қолында базарға түсетін сүт тағамдары жөнінде арнаулы нұсқау бар деседі. Онысын біз көрген жоқпыз. Білетініміз-ақ сол қымызға тең жартысындай су құйсаңыз оның нұсқауына сыя беретін көрінеді.
Бұл нұсқауды Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен деседі. Осыған біз нанарымызды да, нанбасымызды да білмей отырмыз. Өйткені министрліктегі мамандар қандай сүтті бұзылған деп есептеуге болатынын, қандайының іш бұзатынын білуге тиіс еді. Әлде базарды бақылаушы дәрігерлер «қымыз ішетіндердің іші сондай мықты, қымыздың сапасын бақыламасақ та болады» дей ме екен?! Міне, осы жағын тез анықтау керек. Әйтпесе анау көк базардағы шалаптың талайды жығатын түрі бар.
...Көк базардағы көк шалаптарға осылай ренжіп шығып келе жатқанымызда алдымыздан Иванов жолдас шыға келді. Бұл кәдімгі Алматы қалалық совет атқару комитетінің сауда бөлімінің меңгерушісі Иванов.
— Қайдан келе жатырсыңдар?— деді ол бізге.
— Қымыз іздеп...
— Қалада сыра толып тұрғанда қымыз іздеп қызық екенсіңдер.
Сөйтіп ол бізге қымызға не сыраға қанатын жерді көрсетпек болды. Мақұл дедік.
Ивановпен бірге сыра іздеп келеміз, сөйтсек, қалада қымыз ғана емес, сыра да жоқ болып шықты. «Апыр-ау мынау бірінші дәрежелі ресторан еді» деп ол бізді «Алатау» мен «Алматыға» сүйреді. Не де болса бастықпен бірге жүріп, қымыз не сыра ішіп қанып алайық дестік. Қайнардың көзін осы табар дейміз. Ақыры 1940 жылдары осы жерде «қымызхана» болып еді деп бір бұрышқа әкеліп еді, үй бұзылып, кеспегі қурап қалыпты.
— Ештеме таба алмадық. Шөлдеп барамыз.
Иванов жолдасқа таңдана, үміттене қараймыз. Ол ақтала бастады:
— Қалада қымыз саудасы ұйымдастырылмағанына Алматы облыстық совет атқару комитетінің сауда бөлімінің меңгерушісі Макаров кінәлі,— деп шықты ол.
Онысын біз қайдан білейік. Қымыз іздесек қымыз табылмайды, сыра іздесек — ол да жеткіліксіз. Ақыры біз қорытындыға келдік, әділін айттық:
— Ол кімнің кінәсі екенін сауда қызметкерлері өздеріңіз білесіздер, біздің білуімізше жаз шыққалы осы қаладан сусын тауып ішу қиындап кетті.
Ол қабағын түйді.
Оқушыны жаңылдырмайық. Шынында біз Иванов жолдаспен кездескеніміз жоқ, қалада дұрыс қымыз саудасының жоқтығы көк базардағы көк шалап сатушыларға жақсы болып тұр. Шыңдап шөлдесең соны ішпей нені ішесің!
1954
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі