Өлең, жыр, ақындар

Қисық ауыз стол

Нұрым, Бұқаш үшеуміз оқуды бір бітіріп, қызметке де бір заводқа келдік. Үшеуімізді завод директоры бір-ақ қабылдап, осыларды бөлмей-ақ қояйын дегендей бәрімізді қатардағы жобалаушы инженер етіп белгіледі. Сонымен енді біз Алмалық қаласындағы ауыр машина жасайтын алып заводтың дырдай қызметкері болып шыға бердік.

Директор кабинетінен шынын айтсам, үшеуміз үш түрлі оймен шықтық. Ол ойын ен алдымен Нұрым білдірді:

Үшеуімізді бірге қалдырғаны қандай жақсы болды, жұмысты ақылдасып істейтін болдық,— деді. Оның қызыл сарғыш өңі жайнап кетіпті, үлкен қап-қара көздері от шашып, қуанышын білдірін тұр. Бірақ Бұқаш нұрланып, қабағын шытып:

Немене, қатардағы инженерлік қызмет бермейді ғой деп қорқып па едің? Дипломы жоқ Нарын да инженерлік қызмет істеп жүр емес пе,— деді. Мен алдымен осы екеуінің сөзін де селсоқ тыңдадым. Өйткені менің жүрексініп келе жатқан жайым бар еді. Бірақ Бұқаштың сөзін естіген соң, оның сөзі қамшы болғандай мен де жаңағы қобалжуымды қойып, үлкенірек нәрсе дәметтім.

Үшеуміз оншақты адам отыратын кең бөлмедегі бос орындарға жайғастық. Арада шамалы күн өтпей жатып-ақ Нұрым көзге түсе бастады. Өйткені ол чертеждегі кейбір қателерді тауып, оны тіпті теориялық жағынан дәлелдеп берді. Мұны көрген бастықтар оған үнемі көңіл бөліп, келгенде одан әр нәрселерді сұрап жүретін болды. Кейде мен Нұрымның осындай дәрежеге не болғанына мақтанып та қаламын. Бірақ мұным Бұқашқа ұнай қоймайды.

Осы сенің намысын қайда? Өзіңді мақтағандай боласың дейді маған Бұқаш. Шынында да «менің мұным не? деп ойланып қаламын да, расында Бұқаш айтқандай намысым жоқ, па, артын ала беріп-ақ ұмытып кетіп, Нұрымды мақтай жөнелемін. Сөйтіп жүргенімізде Нұрымды аға инженер етіп тағайындады. Ол Бұқашқа жалғас жоғары орынға отырды. Енді Нұрымның төр жағында бір-ақ стол бар. Ол барлық он шақты адамның бастығы Николай Петровичтің орыны.

Үшеуміз қызметтен үнемі бірге қайтып жүрміз. Біраз жер жүрген соң, Бұқаш екеуміз бір кетеміз де, Нұрым бізден бөлініп өзінің қала ортасындағы үйіне тартады. Соңғы күндері сол екі айрылар жерге келгенде мен үнемі жалғыз қаламын да, Бұқаш Нұрыммен кетіп жүрді. Мен оған маңыз бере қойған жоқпын. Кім біледі; мүмкін Бұқаштың Нұрымның үйінде бір шаруасы бар шығар, әлде бойдақ адам қала ортасындағы киноға, театрға барып жүрген шығар. Үшеуміз қатарласып келе жаттық. Айрылар жерге келгенде менімен бірге жүрмес пе екен деп Бұқашқа қарап мен жалтақтай бердім. Жоқ, Бұқаш кәдімгі қала ортасында Нұрыммен бірге тұратындай сеніммен барады. Тіпті дүниеде менің бар екенімді ұмытқан ба қалай?

— Бұқаш, сен пәтер айырбастап па едің?— деп сұрадым мен. Бұқаш маған жауап бермеді. Жөніме кете бердім.

Соңғы күндері бірге жүрмеген соң ба, әлде сол күні ұмытып кеттім бе, мен айрылар жерге келгенде қоштасып бұрыла бергенімде Нұрым Бұқашқа қарап:

— Бұқаш, сен Балбақпен бара берсең де болады ғой,— деді. Мен ол жүрер ме екен деген үмітпен тұрып едім. Жоқ ол бұрылмады. Бұқаш менен біржола алыстап бара жатқандай болды.

Неге екені белгісіз соңғы күндері Бұқаш менімен сирек сөйлесетін болды. Оның есесін әдейі Нұрымнан алайын дегендей ол қызмет уақытысында да жыбырлап оған тыныштық бермейді. Ал керісінше, Нұрым менімен сөйлескіш. Кішкентай қолы босай кетсе болды, біздің үйдің ішін, әртүрлі әңгімені сұрап жалпылдап жаны қалмайды, Қызмет уақтысында мен жұмыс бабымен Бұқаштан әлдебірдемені сұрай қалсам, ол қантүленіп, тұнжырап кететін-ді. Қателесетіндей ештеме таба алмай, бес жыл бірге оқыран жолдасыма таңданып қаламын. Мүмкін бұл басқалар алдындағы бір тактикалық ойдан туған шығар, оны мен шолақ басым түсіне алмайтын шығармын деп те жорамалдаймын.

Жаздың жайдары күні кең бөлменің ішін нұрға бөлеп тұр. Үй тола отырған инженерлер бірімен бірі сыбырласып қана сөйлеседі. Қайтар күннің қызуы күн кешкірген сайын азайып бара жатқандай бөлме іші бірден бірге қоңырқай тарта бастады. Дәлізде үш-төрт адамның дуылдап сөйлеген дауысы естілді де, сәлден кейін біздің бөлмеге Николай Петрович, Нұрым, Бұқаш үшеуі кірді. Алғашқы екеуі жай басып келеді. Неге екені белгісіз Бұқаштың түрі өзгеріп кеткен. Оның қоңырқай өңі қарауытыңқырап, қабағы түксиіп, мойнын ішіне алып, мөңкитін жылқыша желкесін көрсетеді. Мен оған бастықтардың бірі ұрысқан екен деп сескеніңкіреп қалдым. Бірақ жай олай болмай шықты. Бөлмеге кірісімен Николай Петрович:

— Сендерді енді Нұрым басқарады. Ол конструктор болып тағайындалды, ал Бұқаш оның орнында аға инженерлік қызмет атқарады. Жұмыстарыңды жақсылап істеңдер,— деді. Мен қуанғанымнан айғайлап жібере жаздадым. Қызметкерлердің бәрі де «құтты болсын» айтысты. Мен Нұрымды құттықтаған соң Бұқашқа келіп қолымды соза беріп едім:

— Қоя тұршы, жұмысыңды істей берсеңші,— деп қолымды алмады. Көңілі құрғыр бір атым насыбайдан қалады деген емес пе, көңілім шиткіп қалды. Дегенмен білдірмеген болдым.

— Ал Николай Петрович ше,— деп сұрап едім, «ол бас инженер болды» деп жауап берді, Нұрым. Нұрымды Николай Петрович шақырып кетті де, бөлмеде Бұқаш екеуміз қалдық. Басқалар үйге кетті. Мен Бұқашқа «бірге кетеміз бе?» деп едім, «жүре берсеңші», деп ол бұрынғы Нұрым отырған столға жақындай берді...

Таңертең келгенде Нұрым отырған орында Бұқаш отыр. Бірақ бір қызығы ол стол бұрынғыдай ұзынынан тұрған жоқ, не Николай Петрович отыратын столша көлденең де емес, елік ауызданып, қиғаш қойылыпты. Бізбен қызметке бір мезгілде келген Нина дейтін инженер қыз кіре беріп, Бұқашқа, Бұқаш отырған столға қарап мырс етіп күліп жіберіп, аузын баса қойды. Онысын артық көргендей өзі қызарып кетті.

— Біздің завхоз да қызық, мына столды нағып қисайтып қойған?— деп едім мен:

— Балбақ бос сөзбен әуестенбей жұмысыңды істесеңші,— деп маған Бұқаш дүрсе қоя берді. Өзгеріс Бұқаштың тек столында ғана емес, оның мінезінде де болғандай көрініп кетті маған. Ол дүрдиіп ешкіммен сөйлеспеді. Бір кезде Нина орнынан тұрып Бұқаш жанына келді:

— Бұқаш, кеше бастаған жұмысты бітіріп тастайық, деуі мұң. екен, Бұқаш түтеп тұрған лестондай бұрқ ете қалды.

— Во первых, мен сізге Бұқаш емес, Бұқаш Шыбышовичпін во вторых, оны анау Балбақ екеуің бітіріңдер, мен сонан соң, қараймын деп ол кірпідей дүрдиіп, қабағын түйіп алды. Нинаның орнына қайта барып отыруы киын болды. Мұндай тұрпайы сөзді нәзік қыз түгіл, күнде бірге жүрген мен де көтере алмас едім. Бұқаштың қылығы көңіліне сыймады ма, әлде Нинаны жұбатқысы келді ме Нұрым:

— Нина, бері кел, екеуміз қарап тастайық,— деді. Дауылдан ыққан көбелектей пана таба алмай тұрып қалған қыз Нұрым жанына отыра берді. Сол кезде Бұқаш:

Нұреке, мен-ақ қарап тастайын,— деп орнынан атып тұрды. Нұрым оның сөзін елемеді.

Кешке Бұқаш екеуміз кеңседен бір шықтық. Бірақ, оң жақта кетіп бара жатқан Николай Петровичті көрген соң ол тағы бояудай бұзыла қалды. Ол маған қарал:

— Балбақ, сен жүре бер, өзің бастық бола тұрып, бастықтармен бірге жүрмедің дер,— деп, бұрыла берді. Маған оның бет бейнесі де, мінезі де кеңседе отыратын столынша қисайып бара жатқандай көрінді. Бірақ ол қисық, ауыз столды түзетіп қоя салу киын емес қой, дегенмен жанындағы жолдасыңның бет-аузының қисайып бара жатқанын көру ауыр да, аянышты да екен.

1961


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз