Кебістің де кебісі бар. Бірақ нақ мынандай біреуіне екі аяқ бірдей сыятын кебісті Құрымбектің көргені бар ма еді. Ұқыпсыз балықшының күзді күнгі қайырда жатқан қайығындай болып тұрып көлбеуін жүзің құрғырдың. Япырмай аяғы мынадай болғанда иесі қандай болды екен бұлардың, деп Құрымбек галоштардың жанына қайта келді. Оларды аяғымен түртіп-түртіп көрді. Қой қатығын ішкен жас баланың бет-аузы сияқты, қатып қалған лайдан галоштың сау жері көрінбейді. Тіпті ішіне жабыстыра салған жұмсақ, матаның бәрі батпақ қасаңданып қалыпты. Дәуде болса бұл галошты дені сау адам киіп келмеген ғой. Әрине, мұндай кебістер ел қыдырғанда иесі көбіне-ақ шала мастау, тіпті кейде әдейі мастау әдеті болады. Дұрыс, дұрыс! Құрымбек мұндай жерде жаза баспаса керек-ті.
Жаңа ғана бұл галоштарға маңыз бермеп еді. Үйде біреу бар шығар деді. Үйде жан жоқ. Керек десе Жамалдың өзі де болмай шықты. Бірақ осы галоштар неге жылы ұшырайды? Жо-жоқ, әншейін-ақ бұл шатасып тұр. Жұрттың аяғындағы галошын қарап жүруші ме еді, адам. Мұны дәуде болса бұл жоқта біреу киіп келіп, асығыста тастап кеткен шығар. Кім біліпті? Бірақ Жамал қалай-ақ...
Құрымбек қарадан-қарап тұрып терлеп сала берді. Мұрнының ұшына шып етіп шыға келген тер аздан кейін самайынан тамағына, шүйдесінен мойнына құйыла барып, қара бақайына дейін жетті. Не істеу керек? Қап, осыдан келер ме екен, Жамал деп кіжініп те қояды ол. Өзі түскі үзілісте жарты сағат бұрын келген Құрымбек осы бір жан қинар, өтпес уақытты басынан кешіре алмай әуре болды. Ол екі-үш-ақ аттап қайтадан босаға жаққа барды. Галош құрғыр қысылар емес, осы үйдің иесінше екеуі де көсіліп-көсіліп жатыр. Мұны көріп Құрымбектің жүрегі аузына қайта тығылды. Ашу буған қаны көтеріліп шыға келді де, басы зеңгіп кетті. Жүгіре басып телефонға барып, оның тегермегін айналдырды.
— Жамал бар ма?
— Жамалды қайтесіз? Айта беріңіз, мен тыңдап тұрмын.— Еркек дауысы. Гүр-гүр етеді. Тіпті қызық. «Мен тыңдап тұрмыны» қалай? Ол Жамал үшін тыңдайтын кім, сондай-ақ. Мына дүние не болып барады?!
— Алло, Жамалға бер деймін.
— Бере алмаймын. Жина...
Ашуға булыққан Құрымбек трубканы тұғырына тастай салды, сөздің аяғын да тыңдамады. Сәл тұрып, трубканы.! қайта қолға алды. Құрымбекті ашу қысып, енді Жамалдың ағасының үйіне телефон соқты. Ақыры олай болған соң оның ағасын да шақырып алайын деген ой да омы бір соғып өтті. Телефонға ешкім жауап бермеді. Мүмкін әдейі жауап бермей отырған шығар, олар. Қарындасы мынадай болғанда ағасы қандай дейсің. Бәрі де арам туған жандар болар.
— Қап, безірейіп қалғандарын қарашы,— деп ол есікке бір, төрге бір келді.
Нақ, осы кезде сыртқы есікті біреудің тықылдатқаны баяндалды. Неменеге қызнақсып, өтірік қапа есік қағады екен. Кіре бермей ме, Мені есік ашсам мойнымнан құшақтай алмақ қой, тағы да. Ал Құрекең басқа бір іс бастап жіберсе қайтер еді. Құшағын ашып келе жатқанда көкірегін қаздай шулатып, кеудеден бір қойса, кімнен таптым дер еді. Құрымбектің екі жұдырығы тас болып жұмылып кетті. Тіпті оны жұмайын деп әлі ойлаған да жоқ,- Мұнысы несі екен. Бірақ жұдырықты жұмбай ұруға бола ма?
Есік қайта тықылдады. Құрымбек екі жұдырығы түгелі қалпымен есікке келді. Қалың қасты қабағы түксиіп, әшейінде жабылып тұратын ол бұрынғыдан да түнеріп кеткен. Есіктің ілгегін сол қолымен түртіп ашып, он. қолын ұруға ыңғайлап көтере берді. Көзі қарауытып кетті.
— Өй, жын ұрып кеткен бе, сені?— деген еркек даусы гүр ете түсті. Сонан соң барып көзін ашып қараса алдында Ермекбай тұр. Өзінің жасынан бірге өскен жолдасы. Түнде ғана оның үйінде болып, қонақтан кеш қайтқаны Құрымбектің есіне түсті. Құрекеңнің қабағы да жадырағандай болды. Түнде барып үйінен жылы-жұмсағын жеп, ащы-тұщысын ішіп, енді бүгін ол келгенде түнеріп отырса, не болғаны. Бірақ ішінде тас түйін бір пәле тұрып-ақ алды. Ішін тесіп барады.
— Мен отырмаймын, кетем,— деді Ермекбай,— асығыспын. Сен түнде біздің үйден галош киіп кеткен жоқпысың? Көршім зар жылап отыр. 17-галошты фабрикадан арнайы жасатып алып едім дейді. Бүгін жұмысқа бара алмайтын болдым деп боздайды. Ол кісінің аяғы қырық жеті ғой, оған он жетінші галош керек. Ол табылмаса керек.
Құрымбектің беті біреу шапалақпен тартып жібергендей ду ете түсті. Оның көз алдына Ермекбайдың егделеу, неге екенін кім білсін, басқалар «дүбір аяқ» деп атайтын қапсағай көршісі келе кетті. Оның сексеуіл базда қақпашы екені де, айыр сақалы да елестеді. Құрымбек есікке қарай тұра жүгірді:
— Мынау ма,— деді ол итаяқтай-итаяқтай екі галошты тастай беріп.
— Сенен басқалардың үйінің бәрін кезіп шығып едім, жақсы болды ғой,- доп Ермекбай екі галошты газетке асығып-үсігіп орай бастады.
— Ал қош, шал байқұс қуанатын болды.— Ермекбай есіктен шықты. Құрымбек сең соққандай тапжылмай орнында қатып далды. Ол сәлден соң барып қана әлдене есіне түскендей қалтасына қолын салды. Қалтасынан бет орамалын алып шықты. Саусақтардың айғыз-айғыз ізі түскен, батпақ-батпақ. Ол қайтадан терлеп сала берді. Іші у жегендей ашып кетті. Нақ осы кезде күлімсіреп есіктен Жамал да кіріп келе жатты. Ол жүгіріп барып Жамалды құшақтай алды. Ыржиып күліп те қояды. Бірақ Жамал қанша сұрағанымен бұл күлкінің мәнісін оған айтпай қойды.
1966
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі