Өлең, жыр, ақындар

Жетекшіл адам

Қызулы темір пештей ешкімді бет қаратпай ойдағыны орып, қырдағыны қырып отырған шойқара төрдегі телефон шыр ете түскенде орнынан ұшып кете жаздады. Өмірінде жібімейтін, иілмейтін, бүгілмейтін денесі ішіне жел қарысқан адамша телефон трубкасы алдында үш бүктеліп кетті. «Әрине бұл ауданнан, бірақ кім болды екен, бюроға шақырып жатпаса игі еді. Әлгі құрығыр, құйрығыңды қасқыр тартқыр қозы иттің қырыла бастағанын қайтерсің. Не десем екен? Қисынын қалай тапсам екен?!».

Шойқара трубканы қолына ала беріп, жан-жағына қарап, мұным қалай дегендей бетін тыржитып, жымиған болды. Онысы татып кеткен айран ұрттаған адамның жиіркенгеніндей бірдеңе болып шықты.

— Ay, ау, «Жайтөбе» колхозының председателі Шоңбаев тыңдап тұр. Ел аман, жұрт тыныш. Мал қонды. Қозы қошқардай, құлын айғырдай... Ой айналайын, басқа біреу ме деп есім кетіп, зықпыртып жатыр едім, өзің екенсің ғой. Өзің болмасаң кімім бар, миятым да, қуатым да бір өзің емессің бе? Аты кім дейсің? Е, е. Еһе! Әбеке десем болады ғой! Алда айналайын-ай! Қош!

Осы сөздерді сөйлеп тұрған Шоңбаев телефон трубкасын тұғырына қойғанша жүз құбылды. «Жөні келген жерге түйе де шөгеді» дегендей мынау мың жұдырық тисе мыңқ демес Шоңбаевтың шоң денесі сөзді бүгіліп бастап, қипақтап-қипақтап тұрып, ақыры жоталанып, тышқан ұстаған мысықша жауырынын күржитіп аяқтады. Қара өңі қошқылданып, бетіне қан жүгіріп қалды.

— Ал сөзге шешен, іске мешел немелер не дер екенсіңдер. Сендер мені жамандағанмен аудан жамандамайды. Тіпті сонау облыстан келген тілшінің өзі, тіліне тиек етуге мені қалапты. Өңкей шуылдақ, енді қайтер екенсіңдер. Ал іштерің күйсе түз жала!..

Шонбаевтың мінезі нөсер жаңбырдан кейін көрінген күндей жайдары да, жадыраңқы да тартып, көтеріле бастады. Бағанадан бері ұсақ-түйек сұрап келгендердің бухгалтер жазып берген бұйрықтарына қол қоймай қырсығып отыр еді, енді бырбық саусақпен үш иректі барлық қағаздың үстінен сыпыртып шықты. Ол жанындағы көккөз шикіл сарыға, маймұрынды қараға, шоколад қоңырға келте-келте, кесіп-кесіп бұйрық беріп жатты:

— Ал Мәжнүн, Ләйланы қызыл отауға әкеліп, қыздарды жинап қыздырыңдар думанды. Әбірақ, Зәйтүнді бақшаға жібер, Пердеш, Ғибашты клубқа жөнелт!

Нақ осы кезде есік алдына машина тоқтады да, одан ішін алған торанғыдай, сылыңғыр қара түсті. Машина сылыңғыр қарадан зорға құтылғандай етіп сырғанап жөнелді. Сылыңғыр қара ың жоқ, дың жоқ көшеге біраз көлбей қарап алып, бері бұрылып шания басып кеңсеге тартты. Кеңседен асыға шыққан төртеудің ортасынан оза жүрген Шонбаев бұл адамды қарсы алуға жүріп емес, допша домалап келе жатқандай еді. Қызыл қырманның, астықты дағарындай бүйірлі, ебедейсіз зор дене бұл жолы тіпті жібектей есіліп, қайыстай созылды. Қонаққа жайылып жастық, иіліп төсек болғандай түрі бар. Пай-пай, шіркін Шоңбаев мінезін қойсаңшы, жыл мезгілі сайын түгін өзгерткен жабайы қоянша мың құбылады, бастық алдына қайқаң, бағыныштыларға сойқан. Шоңбаевтың әншейінде қалтасынан шықпайтын екі қолы ербеңдеп, өкілдің білегін тас қылып ұстап, біразға дейін жібермей қатып қалды.

— Сәламатсыз ба? Танымасақ та амансыз ба? Амандықтың артығы болмас деп үйден үдере шыққанымыз емес пе, баяғы. Қырықтың бірі қыдыр, ауылға келген адамды адамша. қарсы алмасақ біздің кім болғанымыз. Жолыңыз болсын! — Соның арасында ол ойына әлде не түсіп сіресе қалды. Тым жылпылдап, артымның қуыстығын көрсетіп қалдым ба деп көкірегін кере түсті. Бірақ іш жағы құрығыр ауыл адамдарымен сөйлескендегі салмағынан айырылып қылп-қылп ете берді.

— Тілшімін. Тәлиев!

— О, Әбеке! Сіздің атыңызға қанықпыз. Жүздің жүзін танығанша, бірдің атын біл дегендей, көріскеніміз қандай жақсы болды. Сіздің жазғаныңызды көп оқыдық, жазғаныңыздан көп үйрендік,— деп жұптаған сөзін сыртқа шығарып епелектеп, жеңілейіп қалды. Мұнысына өзі де риза болды.

Шіркін, мақтағанды кім жек көрсін. Шоңбаевтың жылпылдақ сөзі ішін жылытып салып жүре берді. Әсіресе оның «көп оқыдық» дегенімен «көп үйрендік» Тәлиевке қаттырақ ұнап кетті. Мұндай жерде оқыған шіркінге дауа бар ма, ол да есесін жіберген жоқ. «Аудан басшылары аузынан суы құрып мақтаған колхозыңызға келіп қалдық» деп Шоңбаевты ол төбеден тауға шығарып тастады...

Осы арада Шоңбаевтың «көк дөнені» көшені қақ жарып келіп тоқтай қалды да Шоңбаев Тәлиевті қолтықтап ала жөнелді. Машина кабинасына Тәлиев тәлтиіп отыра бергенде Шоңбаев ол отыратын орынды шаңы жоқ болса да, он, қолының жеңімен сүйкеп-сүйкеп жіберді. Тілшіге председательдің мұндай тақуалығы ұнап кетіп, машина үстінде оны блокнотқа бір түртіп алған болды.

— Япыр-ай, деп ойлады Тәлиев,— шіркін осындайда оқымағандығымның орны көрініп-ақ қалады. Әлгі дипломды журналистер мұндайда қайтеді екен?—Ол өз аузының жыбырлағанынан даусым шығып кетті ме деп өзі қатты қорқып қалды. Соның арасында «Көк дөнен» де гүрілге басып желіп жөнелді. Шоңбаев танауы астынан келте бұйрық берілді.

— № 2 ферманың сиыр қорасына!

Көк шығып, тебіндеп келе жатқан колхоз даласы сағымдай бұлдырап қалып жатыр. Шоңбаев әлі көрінбеген егілген егіндікті, әлдеқайда бір фермада сауылып жатқан жебіндікті, мал жайылып жүрген тебіндікті әсірелеп айтып, Тәлиевтің көз алдынан тізіп өткізді. Көктемнің жаңа өскен раңы, көтерілген көденің шырайы, бәрі де Шоңбаевтар егіп шығарған егін болып, жер-дүние көк-жасылға бөленді, ойда-қырда мыңғырған мал, қой барып жүріп ән салған шал... тағы тағылар.

Машина № 2 фермаға келіп тоқтады. Ферма болғанда бұл бұқасы күжілдеп, сиыры мөңіреп, айран-сүт ақтарылып, ит басына іркіт төгіліп жатқан жер емес еді. Малы қора-қора болып қырылып, адамы ақ таяғын ұстап қалғандай қаңырап тұрған құр қыстау болатын. «Көк дөнен» төңірегі көк суымен көтеріліп, көкшіл бу тартқан жерге төбесін қамыспен жапқан дуалдың сыртына бір қырын келіп тоқтады. Машинаның артқы есігінен бұрын шыққан Шоңбаев қонағын қолтықтап түсіріп алды. Бұлар қораның қарасын көріп тұрып, сыртынан сөз бастады. Бір жақсысы тілші де ішін көруге ынтықпады. Өйткені оның ойы алыста қалған редакцияда еді. Өзі сын мерзімімен уақытша алынған адам, қалай сыннан мүдірмей өтсем екен деп көңілінде ұялаған күдік кеудесін бір көтертпей қойып еді.

— Ішіне бармай-ақ қойыңыз, аяғыңыз былғанар,— деп Шоңбаев жып ете түскенде, Тәлиев басын бүгелектеген жылқыша шұлғып қалды. Шоңбаев сөзі әр жерден бір бүрк етіп жүйрік тұяғынан шыққан шаңдай жеткізер болмады.—№ 2 фермамыз осында қыстайды, танасы бір бөлек, торпағы бір бөлек, буырқанған бұқасы, күйі аз жұқасы, астапыралла, дүмді, дилы өгізіміз бір бөлек. Іші спорт сарайындай бұлың-бұлың қорамыздан оқыралаған бір сиыр кірсе ішінен апталап-айлап іздеп таба алмайсыз...

Шоңбаев қолын оң жаққа сілтеп, мына жақта қаптаған қойымыз, мына көк өзекте өтетін тойымыз болады. Жазда жайлауымыз бар, қыста байлауымыз бар. Құйрық-жалы төгілген жылқы деген жануар ішсең қымыз, жесең ет!

— Мұндайда дипломды журналист не дейді екен, ә? Білсем шіркін!

Шоңбаев сапыртып айтып тұр, Тәлиев сыпыртып жазып жатыр. Аздан кейін тағы да «көк дөнен» жүйткіп жөнелді.

Шоңбаев Тәлиевті қыз-келіншек сызылтып ән салған, біразы мүлгіп кітап оқыған, бір жағы азан-қазан, ойын-күлкі думанның ішіне әкеліп қойып қалды. Бекер обалы не, тілші де жетекшіл жылқыдай елпең қақты. Мұнда басқаны бағдарлау түгіл, басыңды жоғалтып алмасаң жарар! Өз басыңа өзің ие болуың екіталай,

— Дипломдылар мұны көргенде қайтеді екен, ә?..— Әрине Тәлиев оны ішінен айтты.

— Miнe, біздің қойшылар өмірі! Қызыл отауда күнде қызық, тамаша! — деп Шоңбаев қылқылдаған күлкісін тыя алмады... Тілші блокнотқа тағы да үңіле түсті... «Жайтөбе» колхозында болған екі күн «көк дөненнің» кабинасында, көк шалғынды жерде, қымызды үйдегі төрде тербелумен осылай өтті. Тілші өмірі жаман емес сияқты.

— Атан өлсе сойылар, атаң өлсе қойылар, асықпа, — деп жайлы қонақты Шоңбаев өз үйіне бір күн ұстады. Тәлиев төртінші күн колхозда отырып, «Жайтөбенің жайдары жандарын» жазып, қойнына тығып алып, бара басқызып жіберу мақсатымен «көк дөнен» ішінде тербеліп кете барды. Машинаның ізіне қарап тұрған Шоңбаев:

— Тілшіміз мұрнын тескен тайлақтай, бас білген құнандай жетекшіл жақсы адам екен, ұзағынан сүйіндіргей...— деп жайлы қонаққа да, есебін тауып жіберген өзіне де қатты риза болып, «уһ!» деп демін бір алды.

Қалаға келген Тәлиев аяғы үзеңгіден түсе, асығып-үсігіп «Жайтөбенін» жайдары жандарын» редакторға ала кірді. Ол асықпай мақаланы оқып шығып, аға газеттің төрт бүктелген кешегі номерін алып, «Жылбысқа» деген фельетонды Тәлиевке қарай ұсына берді...

1971


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз