Өлең, жыр, ақындар

Бекберген мектебі

...Ауылдың қотанындағы дөңеске ұзыншалау салынған ағаш үй бірден көзге түседі. Ағашы жаңа. Төрт терезесі бар. Маңында қоқырсыған қора-қопсы жоқ. Бірақ, бала көп: бықып жатыр, қайнап жатыр, біреу кіріп, біреуі шығып жатыр. Мәз-мейрам боп ойнап жатыр; өздерінше қуанышты, шаттық тойын тойлап жатыр...

— Бұл не қылған үй? — деп сұрасаң, сельсовет мүшесі Қали желбейін көтере түсіп, көкірегін жоғары көтеріп:

— Бұл "Бекберген мектебі!"— дейді.

Қалиды жаныңа ертіп, қатарласа отырып, мектепке барсаң, жас балалар ойынын тоқтатып, алдыңнан шығады. Көздері жаудырап тесіле қарайды. Кім екеніңді білгісі келген секілденеді. Айтқаныңды ынтамен тыңдағысы келген секілденеді. Жан-жағыңнан қаумалаған, жаудыраған көз, өзіңді де ерітпей қоймайды; ерисің, тұла-бойың шалқиды, көңілің көтеріледі, ыржыңдап күле бересің... Әрі-бері тұрған соң, неге айтқаныңды өзің де білмей:

— Жаса, балалар, жаса! — дейсің.

Мектепке кіріп келсең, алдында қатарлаған парта тұр. Мұғалімнің столы тұр. Үйдің керегесін қаптап қара тақта тұр. Бәрінен де жоғары, мектептің төргі қабырғасында ілулі суреттер тұр: Лениннің суреттері... Солардан бәлкім төмен, "Кеспе әліппемен" қатарласа бір қазақтың суреті ілулі: басында сеңсең бөркі бар, аяғында бастамалы етік, үстінде шолақ тон. Жақын келіп, олай өтіп, былай өтіп, қанша үңіліп қарасаң да еш өзгешелігі жоқ, ауылдың жабайы қазағы. Әрі-бері қараған соң Қалиға бұрылып:

— Бұл кімнің суреті? — деп сұрасаң:

— Бұл Бекберген отағасының суреті ғой,— дейді.

Мектеп Бекберген атында. Мектеп үйінде Бекбергеннің суреті ілулі. Мұнша ардақталған бұл не қылған Бекберген деген ойға қаласың.

Мектептен шыға келгенде, алдыңнан өзеннің қабағы кездеседі. Қабаққа келіп қарасаң, көз ұшындай жердің бәрі көрінеді, еріп жатқан қар, ойдым-ойдым қара жер, көлкіп жатқан су, қардан қарды сағалап, итініп бара жатқан жүргінші, андағайлап жайылып жатқан мал, асыр салып асық ойнап жатқан жас балалар, суат басына алқа-қотан тұра қалып әңгіме соғып жатқан қыз-келіншек, екеу-үшеу бас қосып ел қыдырған қыдырма — бәрі де көз алдыңда, бәрін де көзіңнен өткізіп кенелесің, қарайсың...

Ауыл адамдары біртіндеп жинала бастайды. Алдымен жазды әңгіме қылып өтеді.

— Қардың еруін көрдің бе, жақсы еріп жатыр-ау өзі, ойпаң жердің бәрі су болып кетіпті,— деп Әбіш бастайды.

— Қар суынан қайыр шамалы ғой, жазғы жаңбырды айтсайшы, жаз жаңбыр болсын деп тіле.

— Жыл басының ырымы жақсы, егін-пішен бітік болғай да.

— Биыл бітсе керек...

— Қайырбек, осы сенің болжайтының болатын еді ғой, соныңды қойып кеттің бе?— деп, бір жігіт Қайырбекті қажауға кіріседі.

— Молда молдалығын, бақсы бақсылығын тастап жатқанда Қайырбек тастамай қайтсін,— деп екінші біреуі Қайырбекті жақтауы бекер, былтыр Шоңбай бақсыны милиция ұстайтында Қайырбек жаман сасыпты ғой. Жібектің үйіне барып: "Ойбай, жеңеше, мені жасыра көр", деп айтады,— дейді...

Жұрт ха-ха-лап күліседі.

— Рас па, Қайырбек?

— Уай, қойшы, қайдағы жоқты айтатындарың не? Мен бақсы болып бал ашқаным жоқ, молда болып садақа алғаным жоқ. Шоңбайға ұқсап, алмасты дәрі деп беріп, ешкімнің қатынын өлтіргенім жоқ, милицияның менде несі бар?.. Бас қосқанда қысыр сөзбен уақыт алдырғанша, орталықтан келген мына жігіт те тұр, шаруашылықтарыңның жайын сөйлесіп, білісіп, білмегендерің болса сұрап алсаңдаршы,— деп Қайырбек салмақпен сөйлеп, жұрттың бетін екінші әңгімеге аударады.

Жұрт әңгімесі екіншіге бұрылады. Шаруашылық жайын қолға алады. Артель аты керек, коллектив болу керек. Қалай ашады?

— Бекберген бишараның өліп қалғандығы ғой, әйтпесе артельді де, коллективіңді де әлдеқашан ашып тастамас па еді деп біреуі күрсінген тәрізденеді.

Тағы Бекберген? Бекберген кім? Жұмбақ. Енді сұрамай, анығын білмей не ғып шыдарсың?

"Бекберген дегендерің кім еді?" десең жұрт бетіңе ажырая қалады. Бет әлпеттері: "Бекбергенді білмей жүрген бұл кім өзі?"— дегендей болады. Қали ортаға таман келіп, шалжия отырады. Сақалын тұтамдай түсіп, басын жоғарырақ көтеріп, байсалды дауыспен Бекберген жайын жырлауға кіріседі:

— Шетте жүрген баласыз ғой, білмессіз, Бекберген дейтін отағасымыз болған,— деп бір бастап қояды.

— Бұл бала қайдан білсін, біздің елге бұрын келген жоқ қой,— деп екінші біреуі қостап қояды.

— Бекберген деген отағасымыз болған. Осы ауылдікі. Аталаспыз, жақын ағаларымыз еді. Кедей еді. Бірақ пысық еді. Көрмегені жоқ. Кісі есігінде өмірі өткен. Осы совет келгеннен былай ғана көзін ашқан. Содан былай ептеп сөзге кіре бастады. Сайлау болғанда Бекберген сельсоветке ілікті. Заемпомощқа сайланды. Одан ауылнай болды. Одан болыстың орынбасары болды. Одан уездің, губернияның съездеріне де сайланып барып жүрді... Жүре-жүре мүлде ысылды Жаңалықтармен танысты. Сол жаңалықты елге әкеліп орнатам деп тырысты...

Жұрт баста ұнатпай қарады. "Құлқыны үшін жүр",— деушілер де болды. Бірақ сол жүрісінде Бекберген қыл шайнап, дән жұтқан жоқ, обалы неге керек, ол дүниеге кетті ғой, мақтағаным емес, шыныңның өзі осы. Күндіз-түні жүрсе де, біреуден "расходым" деп, "шығыным" деп сабақты ине алған адам емес, не көрсе де өзі көреді... Өзі қауқылдақ адам еді, бишара: "Бұдан жаманымда да тойға барғам. Қазір — атым бар, сиырым бар, бұдан артық маған не керек? Ендігі еңбегімді, ел, сендер үшін сіңірем",— деуші еді...

Үшінші жыл болып барады. Болыстың қызметінде жүргенде губернияға барып келді. Келген ыңғайында осы отырған бәрімізді жинап алып: "Артель ашыңдар, коллектив болыңдар? Мектеп салыңдар!" деп үгіт айтып еді келіп... Ыңқ ете алмадық, айтқанын істемекші болдық. Артель аштық. Осы ауылдағы "Қайыңдысай артелі" сондағы Бекбергеннің ашып берген артелі. "Осы күні уез қол астында бірінші артель", деп бізге мақтау беріп отыр ғой...

Мынау тұрған мектеп — Бекберген атында. Мектеп ішінде ілулі тұрған Бекбергеннің суретін де көрдіңіз ғой... Осы мектепті салуға Бекбергеннен көп еңбек сіңірген адам жоқ Бекберген болмаса бұл мектеп бізге жоқ еді.

Төртінші ауылнайға қарайтын он ауыл бармыз, он ауыл төрт атаға бөлінеді. Таңсық деген атаның баласы бес ауыл. Соңғылары бір ауыл, екі ауылдан. Таңсық белді ата, бай ауылдар. Төртіншінің тағдыры солардың қолында болып келген. Оларға қарсы келіп сөз айтатын адам төртіншіден шыққан емес... Оқығандар да сол Таңсық тобында болды Ауылдық, болыстық кеңесінің қай жерінде болса да, Таңсық тұқымы отыратын болды. Сосын, өз тобының тілегін үске шығармасын ба?! Таңсық тұқымы бұрынғы күйінде дәуірлеп жүре берді...

Айналайын совет кедейді қолтықтады. Арқа сүйер советі болған соң кедей де бұрынғы жасқаншақтығын қояды екен. Бұрын Таңсық тұқымының жел жағынан жүре алмайтын болсақ, совет келгеннен былай санға кіріп, қақ төріне барып отыратын болдық. Әңгіме билігін Таңсық тұқымына ғана беріп қоймай, кеңесіп шешетінді шығардық.

Бірақ аузы тұшып қалған тұқым оңайлықпен басылмақшы емес қой, Таңсық тобы да көпке шейін қарсыласты. Оқыған балаларын кеңсе біткенге жауып жіберді. Болыста да, губернияда да адамдары отырды. Солар арқылы жұмыстарын астыртын бітіретінді шығарды. Біз даурығып далада қалып та жүрдік. Тауымыз қайтып, тоқтап қала жаздаған күндеріміз де болды...

Бекберген бишараның ерекше жұмысын айтпақшы болып келем-ау. Бекберген солармен салғыласуға жарады. Байлар жұмысты астыртын бітірсе, Бекберген солардың соңына түсіп, ұрлықтарын ашып отырды. Көптің алдына салып, талқыға беріп отырды. Бекбергеннің бастауымен көп өзінің қаулысын шығарып, тиісті орындарына беріп отырды.

Төртіншідегі ыңыршағы айналған кедей біздің ауыл. Біздің ауылға өмірде шыр біткен емес. Кедейліктің кесірінен тамақ үшін тозып, осы ауылдың орнында жан қалмаған кездер де болды. Ауыл болсақ, бас қоссақ, өз керегіміз өзімізден табылса — осы кеңес тұсында болып отыр...

Сол кезде Жакен дейтін біреу ауылнай болды. Кедейдің баласы еді. Бірақ, оңбаған шіркін, сайланып алған соң, көпшігі қисайып кетті. Кедей намысын аяққа басып, аталық жолына тартты. Таңсық тұқымының тілегін үстем қылуға тырысатын болды. Үкімет жәрдемі болса, алдымен соларға беретінді шығарды. Елмен кеңеспей өз бетімен іс істеп кететін де болды... Сол кездегі жұмысының бірі мектеп еді. Үкімет төртінші ауылға бір мектеп берсе, Жакен ауылнай көптің қаулысын жиын қағаз түсіріп, мектепті Тұрсынның ауылына орнатыпты. Тұрсын дейтін Таңсықтың тұқымындағы бірінші бай. Биыл өзін конфискелеп, жер аударып жібердік. Сол Тұрсын мектепке ас үйін беріп, үйіне айлап ақы алатынды шығармасын ба?!

Мектептің ашылғанын біз бір-ақ білдік. Аң-таңбыз. "Үкімет кедейдікі. Мектеп те кедейдікі болу керек емес пе еді? Тұрсынның үйінен мектеп ашқаны несі? Кедей баласы оқымасын, көзі ашылмасын дегені ме?.." дейміз. Құр өзара күңкілдескеніміз болмаса, ашып ешнәрсе айта алған жоқпыз. Сабақ бастайын деп жатыр дегенді есіткен соң, балаларымызды жетелеп алып барған болдық...

Тобақабыл дейтін бар. О да Таңсық тұқымы. Тобақабыл тоғыз жыл би болған. Соның Сәлім дейтін баласы болушы еді. Ишанның медресесінен оқып шыққан молда еді. Ауылында мешіт бар, сол мешітте "мешіт молдасы" болып та жүрегін. Сол Сәлім жаңағы ашылған мектепке мұғалім болыпты!.. Балаларды алып барғанда өзіміз шошып кеттік... "Мектеп дегені қате шығар, дін оқуын оқытатын орын болар" деп те дүдамалдандық. Бірақ сұрай келе шын мектеп екенін білдік...

Сіз абайладыңыз ба, жаңа мектепке кіре бергенімізде бір қара домалақ бала кездесті ғой. Сол менің балам. Биыл он екіде. Мектепті биыл бітіріп отыр... Сол баламды Сәлім мұғалімге мен алып барған болатынмын. Ыбырай дейтіннің үйінде баламды жатқызбақшы болып, жетектеп мектепке алып бардым. Үй толған бала жерді тізерлеп отыр екен. Отырыстары бұрынғы молдаға жиналған балалар сияқты. Бұрынғы молданың алдын өзіміз де талай көрген адамбыз ғой. Бұрынғыдан өзгешелігі болмаған соң, мектеп болғандығы қайсы деймін ішімнен.

— Сәлім, шырағым, мына бір баламды әкеліп едім,— деп едім, менің кім екенімді танымайтын да шығар деймін, қабағын түксите қарады. Терезенің алдындағы орындықта далаға қарап отыр екен.

— Орын жоқ, балалар толып қалды, енді бала алынбайды,— деді.

Мен шошып кеттім. Апалақтап қалдым. Түсіне алмадым. Мектеп төртіншіге арнап ашылған. Төртіншінің баласы түгел оқымағанмен, жақын ауылдардың балалары оқу керек емес пе? Мұнда оқымаса, бұған кіре алмаса, қайда барып оқымақшы?..

— Шырағым, оның қалай, көрші ауылмыз, біздің балаларымыз оқымағанда, бұған кімнің баласы келіп оқымақшы,— деп бастай беріп едім:

— Отағасы, законыңды қой, айтқанға түсін,— деп шырт кесті де тастады.

Өзім ызақор, ашуланшақ адаммын. Ашуланғаным сондай, тұла бойым қалшылдап, өзімді-өзім ұстай алмай қала жаздадым. Сәлімді бара жағадан алып, үйден сүйреп шығарып, төпегім де келді...

Баламды алып ауылға келсем, Бекберген марқұм келіп тұр екен. Жүгіріп соған барып, Сәлімнің өшін содан алмаймын ба:

— Совет адамымын дейсің, советтің басында жүрмін дейсің, бітіргенің қайсы? Ең арғысы мектеп те ашып бере алмайсың...— деп.

Бишараның мінезінің жақсылығы-ай, кеңкілдеп күле берді. Менің қарқыным басылған кезде, жайлап сөзін айтты.

— Қали,— деді,— өзің де көріп жүрсің, біздің мекемелеріміз әлі күнге қолайсыз адамдардан арылмай жүр.

Байды жақтаушылар, байдың тілегін орындаушылар мекеме адамдарының ішінде әлі де болса бар... Бірақ күн санап өсіп келеміз, оларды ысырып, билікті қолға алып келеміз...— деді. Сондай оңбаған біреудің шылығымен болып отырған жұмыс қой, оқа жоқ, ертең елді жинатып, кеңесіп көрерміз,— деді.

Ертеңіне елді жинатты. Мектеп жайын кеңесті. Мектептің орынсыз жерде тұрғандығы, мұғалімнің қолайсыздығы айтылды. Біз кедей табы деп жүрміз-ау, кедейлердің кейде беталды лағып кететіні бар, сол жиылыста біздің төртіншінің кедейі бет алды лақты.

— Мектептің тұрған жері дұрыс. Басқа жерден аша алмаймын, мектепке беретін үйіміз жоқ,—деді.

Бекбергеннің мүлде күйіп кеткені ғой:

— Оңбайсың, кедей, осыны сөз деп айтып тұрсыңдар ма? Бізді адам қылып жүрген бай ма екен? Байсыз біз өле ме екеміз?.. Сөз емес. Үй керек болса, өз үйімді тегін берем, әйда, қаулыңды істе, көшір мектепті! — деді.

Мектеп көшпейтін болды. Балаларымыз кіре алмады. Бекберген тиісті орындарға жолығып, ізденіп жүрді. Не бітіргенін бізге айтқан емес... Бір күні жазғытұрға салым, Бекберген ауылға келді де, бәрімізді жинап алды:

— Мектеп керек пе? — деді.

— Керек! — деп шу ете қалдық.

— Керек болса,— деді,— мектеп осы ауылға орнайтын болды. Сәлімді мұғалімдіктен шығарттым. Мектеп салдыру үшін үкімет ақша берді,— деді.

Ойпырм-ай, мұндай қуанбаспыз. Айқай-ұйқаймен ауылды басымызға көтердік... Жұмысқа кірістік. Қазан басына ағаш тасыдық. Бір жыл дамыл көрмей жүріп, осы мектеп үйін қалқиттық. Сонда салынған мектеп еді-ау,— деп Қали сөзін аяқтағандай болып, кідіріп тоқтады.

— Несін айтасың, біздің басымызды құрап, ел қылу туралы Бекберген бишараның еңбегі елеусіз еді ғой,— деп сыншы біреуі күрсінді.

— Біздің ячейка сол мектеп салынатын жылы ашылды-ау...

— Иә, сол жылы ашылды... Мектеп ашылардан бір жеті бұрын ячейканың бірінші жиылысы болып, Бекбергенді хатшы қылып сайлап едік қой...

Мектеп жайы, артель-коллектив жайы, партия, кеңес, комсомол жұмысы бірінен соң бірі айтылып, еске салынып жатыр. Отырғандардың көбі партия мүшесі. Өздерінше айтса, Бекбергеннің шәкірті! Бекберген өлген. Бекбергенге ескерткіш қылып, мектепті соның атына атапты.

Ауыл — жаңарған ауыл. Жаңа өмірдің табалдырығын аттаған ауыл. Мынау отырған қаудыр тон, сеңсең тымақтар — жаңа ауылдың ұйтқысы, жаңа өмірдің ұстасы. Талай кедергіні, қиын-қыстауды бастан өткізіп, енді күрделі жұмысқа бетті шындап бұрып отырғандар...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз