Өлең, жыр, ақындар

Зейнештің серті

Ұзын бойлы, ат жақты, қатпар бет, үрпек бас сары жігіт: аты Асылбек, мінезі ауыр, сөйлегеннен ойлауы көп. Бірақ, кейде қызып кетсе көпірініп те сөйлейтін әдеті бар. Кейде өзі мінезінен ұялыс тауып, құлағына шейін қызарады. Ұялыс тапқандығын есінде сақтайды білем, кейде орынды жерінде үндемей қалатыны да болады.

Өлке бойындағы елде Асылбекті білмейтін адам сирек. Өйткені Асылбек алғашқы кезде ашық пікірлі мұғалім болып елдің көзіне іліксе, кеңес үкіметі жаңа кезде ауылдық кеңестің хатшысы болып қызмет атқарды. Бармаған ауылы жоқ. Кірмеген үйі жоқ. Қатындардың тірнектеп жинаған майын қадақтап өлшеп, жиып қойған күндері болған. Асылбек май жинаса жоғарғы орындардың бұйрығымен жинайды, оны қатындар қайдан білсін. Білмегендіктен майы аз қатыңдар Асылбекті ит етінен жек керіп кеткен. Асылбектің өз атын қалдырып «собал» атандырып жіберген.

Aта дәулетінің арқасында сыланып ерке өскен Зейнеш еді. Шешесі Биқасап Күрдебайдың бәйбішесі. Бес биенің сабасындай тұлға бітісінде өзгеше адам. Зейнеш шешесіндей етженді емес, талдырмаш нәзік; бірақ ажары шешесіне тартқан ақ құбаның әдемісі. Мінезі бәйбішеге тартқан жеңіл деп Зейнешке кінә тағатындар да бар.

Күрдекеме кешегі алалы жылқы бітіп, алаптың бәрін малымен толтырып тасқан кезінде, кімдер қызықпады дейсің. Байға қол артуды екінің бірі мақсат қылатын заман ғой. Талайдан талайды сынай келіп Күрдекең Зейнешті Мақаңның баласына бермек болған. Онда Зейнеш төрт-бес жасар ғана кезі. Одан бері не болмады. Мақаңның алғашқы баласы өліп, Зейнешті кіші баласына атастырды. Кіші баласы Зейнештен бес жас кіші. Оның артынан Күрдекеңнің өзі ол дүниеге жөнелді. Жетім бала, жесір қатын болып Биқасап бәйбіше, Зейнеш, жас балалар қалды. Өзгеріс болды. Аударыспақ, тең керіспек болып ел іші сапырылысты.

Шұбырған әскердің шалығы елге де тиіп жүрді, бой жеткен қыз, сұлу келіншектерді іздейді екен деген өсекпен Биқасап Зейнештің үстіне тәуір киімін ілдірмей қойды...

Асылбектің Зейнешті бірінші көруі 1920 жылдың жазы еді. Болыстан тығыз бұйрық келіп, ел аралап май жия шыққан. Үстінде тоқыған шекпеннен орысша тіккен, арты жырық пальтосы бар. Баяғы болып жүрген кезінде алған ескі шляпасын жарбитып басып киіп алған Талдыкөл ауылынан лау мініп, Күрдекең ауылының қотанына келген кезде, талдырмаш жас қыз алдынан кес-кестеп өте берді. Асылбек қарап тұра қалды. Арт жағында лаушы жас жігіт келе жатыр еді. Асылбектің ойын сезді білем, жанына қатарласа беріп:

— Көрдіңіз бе — деп, күлімсіреді.

— Бұл кім?

— Зейнеш сұлу. Биқасап бәйбішенің қызы осы. Ерке қыз, кербез қыз...

Асылбек аттан түсіп жатқанда, Зейнеш сықырлауықтың арасынан көзін қадап қарап түр еді. Зейнештің қарағанын Асылбек сезді. Сұлу қыздың өткір көзі қанжардай қадалып, жүрекке таңба салатын сезім секілденді.

Лаушы — жас жігіт, жылмаң, судыр. Кешке жақын Асылбекті тысқа шығарып алып:

— Барасың ба, алып барайын, деді.

— Қой, болар ма екен, көргенімнің өзі бүгін емес пе?! деп Асылбек қашырыс салды.

— Ойбай, сен бала екенсің той. Ол бойжеткен қыз болса, сен жас жігітсің. Көңіл білдіргеннің несі айып болсын, сендей оқыған жігіттің қолын бұл кыз қаға алмайды, деп лаушы жеңсік бермеді.

Әйел туралы жеме-жемге келгенде Асылбектің күйі өзгеріп кететін әдеті бар: тұла бойы қалтырайды, жүрегі алқынып аузына тығылады. Көзі бұлдырап, құлағы шыңылдап жыш-жыш болып кетеді.

Асылбек едәуір толқыды. Көрмеген, сөйлеспеген қызға сөз

салудың қанша жөні бар? «Мырза» адам болса, өз алдына, бірақ, жап-жас басынан не көрініпті ? — деп Асылбек ол жағынан айнып шыға береді.

Лаушы жігіт қоймаған соң Асылбек рұқсат берді. Өзі меңірейіп, бұзау байлаған арбаның жел жағына таман жатыр. Түн түнере түскендей. Ауыл үйдің арасы жылтыңдаған от. Алаулаған жер ошақ отына ісініп бір әйел біреуді қарғап жатыр, май сұрайды деп Асылбекті қарғап жатыр ма, кім білсін.

— Қазір шығамын дейді, күте тұрсын дейді, деп аптығып лаушы жігіт келді.

Бір ауыз сөзге келмеген кене крлды дегенге Асылбек нанарын да, нанбасын да білмеді.

Үйден біреу шықса Асылбек бүктеліп, көріп қала ма деп қысылады. Көйлегі көлеңдеп аяқ сыбдырын білдірмей басып біреу жүріп келді де, Асылбекке төне тұрды.

— Қош келдіңіз, отырыңыз! деп, Асылбек үшін сөзді лаушы жігіт бастады.

Сөздің неден басталғанын өздері де білмейді, бірақ дегенше болмай екеуінің құшақтасып, шөпілдесіп сүйісуі анық... Асылбектің айтуына қарағанда, сол түннен бастап «ғашық» болған секілді. Зейнештің ғашық болғаны, болмағаны мәлімсіз. Бірақ алқынған жүрек, айқасқан білек пен екеуінің ақтық айтқан сөздері мынау еді:

Сертке жету керек!

— Жету керек!

— Солай ғой?

— Ия!

Әкел қолыңды!

— Мә!..

* * *

Бесіннен темен түскен кез. Аптап ыстық бәсеңдеген, көлеңке басын ұзартып, самал есе бастаған. Биқасап бәйбіше көлеңкеге бөстекті төсеп жіберіп, қамзолын желегейлеп жүн түтіп отыр. Мыжырайған қара кемпір жүн шүйкелеп, аяғына орап шүйкені есіп отыр. Оқта-санда алақанға бір түкіріп, бәйбішеге көзінің қырымен қарап қояды.

Зейнешжан, неғып жатырсың, тұрсайшы, күн кешке айнал

ды ғой.

— Басым ауырып жатыр, — деген жіңішке, нәзік, сыңсыған дауыс естілді.

— Ауырып қалып жүрмесе жарар еді! — деп Биқасап күрсіңді.

Қара кемпір үйдің сырт жағына көзін қадап қарай қалды.

— Неге қарадың, жай ма?

— Мына арбалы осында ентелеп келе жатыр.

— Құдайға жаздық-ау, қонақ та қонақ, көз ашар күніміз болмас білем. Жетім бала, жесір қатын еді деп аяуды да білмейді. Қонақасы бермесең көздерін алартып кетеді, — деп Биқасап кейіп, бірталай сөз айтты.

— Біреуі орыс білем.

— Милиция болмасын...

— Ат жеккізе жүрген шығар.

— Аты жоқ болса үйінде отырса қайтеді екен? Жүрген құрлы. міндетсіп болатындығы несі екен? »

Қылышын сүйретіп милиция, боқшасын сүйретіп ауылнай екеуі қатарласып көлеңкеге келіп отырды.

— Сабалақ қайнымбысың, орысың кім?

— Орыс милиция, жұмысы осында көрінеді.

— Лау жегетін шығар.

— Жоқ.

Бәйбіше селк ежендей болып, ауылнайға қарады. Ауылнайдың ұйысқан сақалын, тарғылданған бетін, аларған көзін. көргенде ашуы келіп кетті білем, кейіп сөйледі:

— Лау мінбейтін болса менің көркімді көріп, қызымды айттыра келді дейсің бе ?!

— Қызыңды айпырмай әкететін шытар.

— Қой, сандалмашы, жөнімен ойнасайшы! — деп бәйбіше сілкініп сала берді.

Ауылнай жөнін айтты.

Бәйбіше ойбайын салды. Бара Зейнеті құшақтады.

— Қалқам Зейнешжан, байым өлгенде де күйігімді басқан сен едің. Інілерің болса жас. Мені өлтіресің ғой. Мені өлтіріп кет! Тілімді алмасаң емшегімді көкке сауам, қолымды теріс жайып қарғыс берем!..

Ауыл адамдары үй ішіне сығылыса толды. Бастарын шайқап төр алдына ақсақалдар отырды. Бәйбішені есіркеп бәрі де көздерін жаспен шашады. Зейнеш көпке шейін үн шығармай бедірейіп отырса да, өзін-өзі ұстай алмады, көзі жыпыпықтай, жас мөлдірей бастады.

— Қане, қаткам, не айтасың? деді шешесі жылап.

— Алданған екем, деп Зейнеш те жылап жіберді.

* * *

Домаланған қара жігіт жазу столына отырып, омырау қалтасынан тарағын алып, шашын тарады. Мойнындағы ақжағасын қолымен дұрыстап сипап қойды. Алдында жатқан қатазды біртіндеп ақтарып отырып, көзінің астымен қарсы отырған Зейнеш пен шешесіне қарады. Зейнеш ойында дәнеме де жоқ, шешесі үрейленген тәрізді отыр.

— Кіруге мүмкін бе? — деп қаба сақалды жуан қара есіктен басын сұқты. Көзі түксиіп өтіп барады.

— Болмайды, рұқсат жоқ! — деп, қара жігіт, милиция бастығы, жауапты қысқа берді.

Бір елдің айбынды ақсақалына, қаршадай болып отырып секіріп жауап бергендігін Биқасап ұнатпады. «Азған бала ғой» деп ойлады.

— Бәйбіше, сіз де тысқа шыға тұрыңыз! деді милиция бастығы.

— Көтек, онысы несі?.. Қызымды тастап мен қайда бармақпын.

— Қызыңыз ешқайда кетпейді. Жауап алғанда бөтен адамның болмауы керек...

Биқасап жесірлігін айтып жыламсырай бастады. Сөзге түсінбеген бәйбішеге милиция бастығының ашуы да келді. Әйтсе де қатаңдыққа бармай, жайлап түсіндіріп, бәйбішені алдыңғы үйге шығарды. Шығарды деген аты болмаса, Биқасап есіктің алдынан кеткен жоқ, әлсін-әлі басын сұғып қызына қарады. Көзінен таса болды дегенше, қызын кетіп қалғандай көреді.

Милиция бастығы қыздан жауап алып отыр.

— Мынау арызды өзіңіз жаздыңыз ба?

— Жоқ, мен ешкімге арыз бергенім жоқ...

— Асылбекке уәде бергеніңіз рас па еді?

— Жоқ... деп Зейнеш күрмеліп жауап берді.

Милиция бастығы аң-таң болып, Зейнештің қысылып қызарғанын бақылап отырды.

— Асылбекке мына хатты жазған сіз емес пе?

Зейнеш басын көтеріп, тігуді істің арасындағы жалбыраған бір жапырақ қағазға қарады. Таныды. Бетінің қызылы бұрынғыдан да артты. Бұдан бір ай бұрын Асылбекке «сағындым», «бір көруге ынтықпын!», «сенсіз өмірдің қызығы жоқ!» — деп өлердегі сөзін айтып жазған хаты осы еді. Хатының ішінде «...қайтсең де мені жаныңа ал! Баяғы сертті орында!.. Сені күте-күте екі көзім төрт болды... әжем менің ажарыма қарайтын емес, ақсақалдармен бірігіп, бір жауызға беріп жібергелі отыр...» деген сөздері де бар еді. Осы хатын негіз қып, Зейнештің атынан арыз жазып Асылбек ізденіп еді. Милиция елге шыққанда «тұтқында отырған» Зейнешті құтқарғалы барған. Милиция бастығының ойы қызды сүйгеніне қосып, әйел бостандығына қарсы келгендер болса, сотқа тарту еді, Зейнештен оңаша жауап алғанда осының бәрінің анығына қанармын деп еді...

— Ия, бұл хат туралы не айтасыз? — деп милиция бастығы Зейнешке күлімсіреп қарады. Зейнеш бір қызарды, бір бозарды. Ерні қалтырап не айтарын білмей састы...

Милиция бастығы қоңырауын шылдырлатып еді, қылышын салақтатып бір милиция кіріп келді. Зейнеш апалақтап қалды Биқасап сұрланып есіктен басын сұқты.

— Бар, Асылбекті шақыр.

Милиция бастығының даусында ашу білінді.

Ербиіп Асылбек кірді. Зейнешке қарап күлімсіреді.

— Зейнешжан, аман ба?

Зейнеш тұқырайып төмен қарап, қолымен ілгегін ұстай берді. Есіктен Биқасап кіріп келіп, Асылбек пен Зейнештің арасына кесе тұрып, Асылбекке шаптыға сөйледі.

— He қылған иттің баласысың. Ашылмаған уызым, жарылмаған қауыным еді... Өтіріктен өтірік бәле салып, осы қалаға шұбыртқандай не жазып едік?

Милиция бастығы әрі-бері айтып көріп еді, бәйбіше тоқтайтын болмаған соң, ашуланып жанына келді:

— Бәйбіше, манадан бері қазақшылық қылып сыйлап едім, ол қадірімді білмедің. Бұл тұрған жерің ауылдың қотаны емес, кеңсе, малайға секіріп әдеттеніп қалған шығарсыз, назыңызды ауылыңыз көтергенмен, біз көтере алмаймыз. Тіл алсаңыз, мына алдыңғы үйге шыға тұрыңыз, әйтпесе жауап біткенше қаматып қоямын!..

— Ойбай-ау, қалқамды тастап, қайда бармақшымын?! — деп Биқасап бәйбіше жыламсыраса да, милиция итермелеп алдыңғы үйге шығарды...

Серттескен екі жасты бетпе-бет қойып, милиция бастығы арасында төреші сықылданып отырды...

Зейнеш үндемеген соң, Зейнеш басын көтермеген соң Асылбек қызараңдап қысыла берді. Мен айыпсызбын, қайтейін дегендей болып жалтақтап милиция бастығына қарай береді. Сөйле дегендей болып милиция бастығы Асылбекке ым қақты.

— Зейнешжан, саған не болды?.. Уәде осылай ма еді?!

— Қане, сөйлеңіз, қарындас! — деді милиция бастығы.

Зейнеш тұқырайған күйі омырауындағы ілгегін, алқым бауын ұстап, бар ынтасын соған аударған адам секілденіп, отырды да қойды. Асылбектің, милиция бастығының сұрауын есітпей отырған жоқ, соған не жауап берерін білмей отыр. Асылбекті бір уақыттарда жақсы көрген секілді еді, ауылы болып ортаға алып, бәрі бірдей жамандаған соң, солай шығар-ау деп, Зейнеш те қосылып, Асылбекке тимеймін деп еліне серт беріп еді. Ауылынан шығарда Асылбекті жек көрген секілді еді... Қазір бетпе-бет көрген соң, ол қалып өзгерді. Мынау солбырайып тұрған Асылбек. Адам қызығатын түрі де жоқ. Әйткенмен о баста бір ұнатқан кеңілі тез суи қоя ма, бетіне тура қараса, Зейнештің еркі кететін секілді. Еркі кетсе шешесін жылатып, Асылбектің соңына еру керек!.. Елдің сөзіне қарағанда, ата-ананың ризалығын алмай кеткен қыз барған жерінде де оңбайтын көрінеді. «Пәленшенің қызы қашып кеткен екен, барған жерінде пері соғып, аузы-мұрны қисайып кетіпті...» деген секілді өсекті ел көп айтады...

Ілгегін шұқылап отырып, көзінің астымен Зейнеш Асылбек тұрған жаққа қарады. Асылбектің өкшесі қисайған орыс етігі, тізесі қалталанған жамаулы шалбары, арбиған тарамыс қолы көрінді. Оң қолында Зейнештің «өзімдей көріп жүр!» деп берген балдағы салулы тұр...

— Қане, қарындас, уақыт оздырмаңыз, бірдеме айтыңыз!

— Маған не айт дейсіз!

Милиция бастығы сұрауларын бейнелеп тағы бір айтып кетті.

— Бірінші — арызды берген мен емес деп отырсыз; екінші — мына хатты кімнің жазғанын айтпайсыз, үшінші — Асылбекке уәде беруіңіз рас па? Осыған ашып жауап берсеңіз екен!..

Зейнеш тұқырайып отырған күйі:

— Еш нәрсе білмеймін, — деді. Даусы естілер-естілмес болып шықты.

Асылбек көзі жыпылықтап жыларманға келді. Милиция бастығы күрсінді.

— Асылбек, қынжылма! Сенде жазық жоқ. Қыз сүйем деген соң, сен аламын дедің. Мені құтқар деп хат жазған соң, сенің ізденуің рас. Мұның үшін біз сені айыптамаймыз. Қазақ әйелінің қолын тендікке жеткізу бәріміздің борышымыз. Осы борышты біз өтейміз дегенде, әйелдер бізге серік болуы керек... Әйтпесе бүгін жылап мұңын айтып, ертеңіне ел сөзінен шыға алмай, түк білмеймін деп отырса, өмірге ісіміз оңбайды... Қарындас, қаталасып отырсың. Ата-ана ешкімге жолдас болмайтын. Ағайын азғырса мал үшін, сені сатып олжа түсіру үшін қызығады... Асылбекті о баста сүюің рас болса, бұл жерге келгенде бұлтақтауыңның жөні жоқ еді. Бірақ қайтпек керек, амал жоқ, барыңыз, жолыңыз болсын! — деді.

Маңдайынан тер бұршақтап, сүйреліп Зейнеш шығып кетті. Асылбек сөз қатпастан тұрған орнында болбырайып қатты да қалды...

* * *

Сот мекемесінің алдында он шақты арбалы тұр. Жүлделері шыққан, ыстықпен быршып терлеген. Ылғи жуан шоң желкелер үйдің көлеңкесінде, көшенің тақырында ауылдағы секілденіп алқа-қотан отыр.

— Қане, арызды жазып болдыңыз ба?

— Жазып болдым.

— Не жаздыңыз, оқыңызшы!

«Сотқа Қаратау болысы, 3-ауыл, Зейнеш Күрдебай қызынан.

Арыз

Жасым 15-те, күйеуге шығу дегенді әзір ойлағандай болғам жоқ еді... Жұлдыздың 10 күні милиция келіп, «сені қалаға алып барамын» деді. Ықтиярсыз келдім. Келген соң анықталды. Мені алдырушы Асылбек Қалақбасұлы екен. Мен Қалақбасұлына тиемін деп еш уақытта сөз берген емеспін. Милицияға менің атымнан беріліп отырған қағазды подлог деп тануларыңыз керек.

Кеңес өкіметінің әйел бостандығы туралы шығарған заңға сүйеніп, байға тию-тимеуде мен өзімді ерікті деп санаймын. Оның үшін соттан өтінемін: менің сыртымнан подлог арыз берген және мені машақатқа салып, абыройымның ашылуына себепші болған Асылбек Қалақбас баласын заң бойынша жазаласаңыздар екен.

Арыз иесі: Зейнеш Күрдебай қызы».

— Бәрекелде, қалдырмай-ақ жазған екенсің, деп отырғандар мақтасты. Арыз жазушы көтеріліп, жымыңдап қойды.

— Мә, шырағым, арызды өз қолыңнан бер! — деп қағазды Зейнешке ұсынды.

— Құдай-ау, сәтін бере гөр, қызымды алмақ түгіл, босағамда отырып бір аяқ саумал ішуге жарамайтын Қалақбастың баласының-ақ ызасы өтті, — деп бәйбіше шіміркенді.

— Сәтін сұра, бәйбіше, осы күннің ыстығына шыжып, бәріміз бір намыс үшін келіп отырған жоқпыз ба? Әруақ жар болса, енді, ол бала құтылып кете алмас. Одан да үлкенмен шекісіп көргеміз! — деп шеткі жуан көтеріле сөйлеп, бес батпан кір орамалмен бетінің айғызданған кірін сүртті.

Зейнеш сұрғылданып, талдырмаш саусағымен бүктелген қағазды ұстап, соттың есігіне қарай майда басып жөнелді...

1933.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз