Өлең, жыр, ақындар

Бақай есеп

Алматыда есепке жүйрік адам көп болғанымен, бақай есепке келгенде соның барлығы да «Кілемші» артелінің ағасы Пекарьға жете алмайды. Жеткеніңіз не, жақын да келмейді. Оның өз айтуына қарағанда студент атаулыны аузына қаратқан жоғары математиканың Алматыдағы, Алматыдағы емес-ау, Қазақстандағы дөйлері Оразбаев, Персидский, Жәутіковтер де оның жанында жіп есе алмайтын болса керек.

Бірақ соңғы кездері өткір қырғышымен қазанның түбін тесіп алды ма, әлде жас келейін деген соң есебінен жаңылды ма, Пекарьдің қызыл иті қыңырттап, ісі бір оңға баспай-ақ қойды. Бір кездегі тықыр кілем, түкті кілем, жібек кілем, қалы кілем дегендеріңді артель тоқып, одан іс оңалмай кері кеткен соң әр түрлі бұйымдарды істеуге әуестеніп еді. Алғашқы кезді қойсаңшы, шіркін. Пайда шаш етектен болды. Жартысы боялып, жартысы боялмаған бір тартар қиық орамалдар да, бір-бір жапырақ бөкебайлар да Алматы магазиндеріне түсіп, қаздай қалқып жұрт қолында кете барып еді. Магазиндерге ала теңбілденіп, әлеукеш шұбарлап тек не апармап еді, бәрі де әп-сәтте сатылып кетіп жатты. Біреудің басынан, біреудің қолынан, біреудің мойнынан бір-ақ көрініп қалды. Дәндеген жаман екен, аздан кейін екі бұрышына бояуды екі сүйкеп, ортасына бір сүйкеп, орамалдарды алабажақтандырып жөнелте берді. Женіл еңбек,. арзан қолдан шыққан бұл орамалдардан түскен олжаны айтқаның. Басы Пекарьдің өзі болып «прогрессивканың» астында қалды.

Бұл олжа апта бітіп, ай өткен сайын көбейіп, шамадан тыс шарықтап кетті. Мұнын да өзінше сыры бар-ды. Сыры болғанда ол баяғы бақай есептен келіп шықты. Мысалы, артикульдің цифрын бір санға қысқартса болды, оның бағасы үш сомға, не бес сомға, кейде келісіп кетсе, одан да көп артып кетеді. Мұны сонан соң мыңдаған бұйымға шағып көріңіз. Ақша дегеніңіз аяқ астында туып, шытыр-шытыр еткен көкала қағаздар өз-өзінен алдыңызға көлденен тарта береді. Бірақ үш-төрт жылдан бергі осы бір арзан олжа соңғы кезде ашыған сүттей іріп, бояуы бұзылып жүріп берді.

Я, алдымен бояу бұзылды. Өйткені шығарған өнімді сатып алып кеткендер екі-үш күннен кейін қараса, түрі өзгеріп, көнетоз тарта береді. Қызыл орамал сарғайып, сарысы бозарып, бозы ағарып, талдың күзгі жапырағындай түрінен айырылып қалады. Әсіресе мұндай орамалмен бет-аузыныздың терін сүртуші болмаңыз. Терді сүрттіңіз — бітті. Цирктердегі масқарапаздардай қызыл мұрын, көкала бет болып, тотыша құбылып шыға келесіз.

— Кеше мынаны жасыл деп алып едім, бүгіп көгеріп кетті.

— Кеше қызыл деп алып едім, бүгін ағарып кетті,— деушілер магазинге келіп дау шығара бастады. «Казгалантерейторгтың» Алматы базасы мұнда не пәле бар деп мемлекеттік сауда ииспекциясынан адам шақырып, тексеріп кеп қалды. Базардағы жалпы сомасы миллион сомның бірінші сортпен шығарылған он жеті мың бұйымы түп-түгел брак болып шықты. Мемлекеттік стандарт бұзылып, оның есесіне бағасы артық қойылып отырыпты. 707 артикулді жібек бөкебайға 706 артикул қойылып, әрқайсысының бағасы 3 сом 30 тиыннан 4 сом 20 тиынға дейін артып кеткен. Осы жолмен қиық орамалдардың бағасы да қисая көбейген.

Август айында бұл тексеру Алматы универмагында да жүргізілді. Үш жүз мың сомның алты мың бұйымы бадырайған брагымен магазинге жөнелтілген. Лабораторияға салып, бояудың анализін алып жібергенде, «батик» деген әдіспен боялған бұйымдардың бәрі жарамсыздығы ашылып қалды. Бұл кемшілік кілем мен кілемшелерден де табылды. Мұны шығарған да баяғы «Кілемші» артелі. Байқасақ, мұның бәрі бағанағы Пекарь мен төңірегіндегі бояушылардың ісі екен. Зерттей келгенде мұнын, өзі бояушылық емес, көзбояушылық екен.

Мемлекеттік сауда инспекциясы бұл брактарды сатуға тыйым салды. Осы жерде көзбояушыларға да бір адвокат табылды. Ол қалалық кәсіпшілік советі басқармасының председателі Пахомов болатын. Пахомов Пекарь сияқты көзбояушыға тыйым салудың орнына, оның сөзін сөйлеп, сойылын соғып, мемлекеттік инспекцияға хат жазды: олар бояудың басытқысын баса-баса салатын болды, енді шығарған бұйымдарының бояуы бір жыл түгіл, бір ғасыр тұрса да кетпейтін болды дейді. Тіпті аяғын ұшынан басып талай мекеменің есігін де ашты. Бекер обалы не, бұл кезде бақай есептің өзі де тыныш қарап жатқан жоқ. Инспекцияға, басқаға кіріп, ол да мазасын ала берді. Көз жасы көлдей ағып, өзі бордай езілді. Мүләйімсіді. Ақыры январьдың ортасында тексеру қайта келді. Сапаны сараптау қалыс мекемеге жүктелді. Ұзын сөздің қысқасы бояу да, басқасы да баяғы қаз қалпында. Зерттей келсе көгі жасыл, жасылы сары, сарысы сатпақ-сатпақ бірдеме... 645 шаршы метр кілем, кілемше, алашаны алып қарағанда, оның бояуы сумен жуғанды былай қойғанда, құрғақ сүрткенді де көтере алмайды.

Бәрін айтып жеткізу қиын, әйтеуір бұл артельдің өнімі бықыған былық, бояуы бұзылған, басы Пекарь көзбояушы. Айналдырып келгенде осының бәрі де баяғы бақай есептен туған.

Япыр-ай, бақай есептің пәлесі-ай! Қазақстан кәсіпшілік кооперациясының басқармасы бұл кемшіліктерді өзінің қаулысында Пекарьға да, Пахомовқа да талай көрсеткен. Бірақ ақпа құлақтарға айтқан сөз он құлағынан кіріп, сол құлағынан шыққан. Енді ол көзбояушы бақай есептін ақпа құлағына бір-ақ ем бар. Ол ем —ақпа құлақты жұлып тастау!

1960


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз