Өлең, жыр, ақындар

Бөдененің үйі жоқ...

Әңгіменің арасында «бөдененің үйі жоқ, қайда барса бытпылдық» деген біреуіне тыңдап отырған екіншісі тарпа бас салып, таласа кетті:

— Апырай, сен де ойламай айтады екенсің, бөдененің де үйі болады, бұтаның түбі сайын бөдененің үйі емес пе?

— Жоқ, олай емес. Бөденеде үй болса, Шәпейде күй болмай ма?

Осыны бірінші адам айта бергенде екіншісі бастырмалатып кеп жөнелді:

— Бөдененің бұта сайын ұясы бар, ал Шәпей Рысқұловтың село сайын үйі бар.

— Қой, мен олай дей алмаймын.

— Дей алмасаң онда міне, тыңдай бер,— деп анау тіпті аузы-аузына жұқпай шұбыртып жөнелді.

— Алдымен, ол ауылдағы әдемі жігіттердің бірі болып жүрді. Арымыз алты батпан, ұяттың ұйтқысын ішкен, дәретсіз жер баспайтын пақырыңыз мына біз боламыз, деп жүрді,— деді әлгі сөйлей түсіп.—Бірақ қызы құрғырлар халық арасындағы қарапайым адамдарға қарай қоя ма, тақиямды тықырайтып, қырық құбылып, тоқсан өзгертіп қай шекеме кисем де көз қырын салмай-ақ қойды.

Сөйтіп қапалықтан қан жұтып, санамен сарғайып жүргенде тастаған тұзағына бір қыз ілініпті. Алғаны адалынан жолығыпты. Қыздың аты Тәлімай екен, ол Шәпейдің ығына жүгіре беріпті. Қыз алдына менің де беделім бар екен ғой деп Шәпей бір желпініп алыпты. Содан кейін осы Тәлімайға үйленіп, оны үйіне әкелген соң: әйел деген артыңыздан еріп жүреді екен, біз де үйлі-жайлы болдық деп бір мақтанып қойыпты. Сөйтіп мақтанышпен біраз уақыты өтіп жүргенде үйінде қуаныш пайда болып ұл туыпты. Атын әдемілеп-ақ Тілеу деп қойған екен. Осы кезде Шәпей мақтанудан бөспе сөзге көшіп, кеуіп-басылып отыратынды шығарыпты:

— Қыз деген қызық қой, қосақтастырып қолтықтап жүреміз,— деп кеуіпті.

— Апырай,— депті Тәлімай,— сенің кеуіп-басылуын көбейіп кетті, жарылып кетпегей едің.

Ақыры оның жарылар күні де жақындап, жар көңілін қалдырыпты. Өткен-кеткенді, артық-ауыстың бәрін есіне алыпты, Әуелгі көрген шырағым деген Тілеуді де ұмытып, бip кездегі тәтті болған Тәлімай, енді оған кеспекке тұз салып ашытқан бұрыштай тиіпті. Екі сөзінің бірі ажырасу болыпты. Аздан кейін үй ішінде ұрыс-керіс орын алып, Тәлімайға күн көрсетер болмапты. Ақыры баланы алып қалып, Тәлімайды қуып жіберіпті.

Шәпей әйелін қуған соң бойдақ атқа қонуы онша қиын болмапты. Көктұқыл иегін күнде қырыпты. Ол сақалы құрғыр да қас қылғандай кешке қырса таңертең, таңертең қырса кешке қаудиып шыға беретінді шығарыпты. Біраз күн бойдақ болып бұлықсып жүріп көрген екен, ақыры жылы төсекті аңсай беріпті.

Өстіп жүргенде «мал келдіге дәл келді» болып жігіт іздеп қылаң қаққан біреуге кез бола кетіпті. Оның аты Құрбанай екен. Қосыла салысымен-ақ Шәпей Құрбанайдан құтылуға асығыпты. Құрбанай деген құрыған екен, құрдан құйысқан тіге алмайды екен деп өсекке қондырыпты, қу бастан қуырдақ ала алмайды екен депті. Tөpiне төрт кісі, есігіне екі кісі отыра алатын дәрежеге жетіп, тұрмысы түгенделе бастағанда Құрбанайды да қуып үлгіріпті. Тағы қандай «Құрбанай» кездеседі, деп тілек тілеген болыпты.

— Miнe, көрдің бе, Шәпейдің екі үйі болды,— десіпті көргендер.

Шәпейдің мазасы тағы кеткенде Тұйғын Тоялисваны тауыпты. Аты Тұйғын екен, тұйғындай жақсы шығар деп жабысты оған Шәпей. Бірақ басқаны қанша таңдап, жақсыны іздегенде өзінің қаншалықты жақсы-жамандығын еске ала қоймапты. Жанымдай сүйемін деп жата жабысып үйленіпті де, бас-аяғы екі ай отасып, екі рет сойылға жығып шығарып салыпты. Шығарып салу сонша қиын дейсің бе, екі ай тұрған ол түгіл, екі бес жыл тұрған Тәлімайды да тайғызып жібермеп пе еді?!

Мұнымен Шәпей үш үйлі деңіз. Үйлі болуды, көбеюді кім жек көреді дейсің. Сонда да бұл жағына келгенде Шәпейге ешкім жете алар ма екен? Оның үстіне оның үйлі болуы басқалардан өзгеше емес пе? Міне кейбіреулер бір рет бас қусырып үлгіргенше бұл үш рет үйленеді. Бірақ ойыңызға келмесін, ол осы қалпымен дүниеден өткен жоқ.

Арада аз уақыт өтпей жатып-ақ ол Ұлайымға қол артып, қолқа салды. «Қалқам, қорықпа» деді ол, мен жұрт айтқандай тұрақсыз емеспін, шындап кетсе, тап қозғалмайтынның өзі менмін.. Арыммен алдыңда ант бере аламын депті. Ұлайым Келебаева да көсілте көпіргенді тәуір көреді екен, екеуі қосылып та қалыпты. Бұл жолғы татулық екі аптаға ғана барыпты. Арды былай қойып, ажырасу басталды. Одан «ейін баяғы бұлдыр жолына тағы түсіп, ескі сүрлеуімен кете беріпті.

Тағы бірде, Шәпей үйленді деген хабар тағы дүңк ете түсіпті.

— Е, сол да жаңалық па, күнде төсек жаңғыртатын Шәпей емес пе?— десіпті естігендер.

— Жоқ бұл жолы, Шәпей уәдесі берік көрінеді. Өйткені бұл жолы араға кісі салыпты.

Бір күні Ерқайымды апасы Мырзайым шақыртты. Ол басын майдалап бастап, аяғын қатал аяқтапты.

— Осы еті тірі жігітке қосылмасаң, қонысыңды аулақ сал, туысқан болмаймын,— депті.

Мырзайымды улаған Шәпейдің шешендік сөздері Ерқайымның да бойын билепті. Көптен келгіштеп жүретін күйеудің көңілін тындыруды ойлапты. Осымен Шәпей Рысқұлов бесінші рет некеленіп, Ерқайым отпен кіріп, күлмен шығыпты. Тіпті қасқа биені арбаға жегіп, өріске тұсайтын да сол болды. Белшесінен балшық айдап, үй де салып беріпті. Сөйтіп жүргенде арада алты жыл өтіп те кетіпті. Бұл жолғы керіс Шәпейдің шешесі Ханымқыздан басталыпты. Келінді жақтырмайтын кемпірлер де бола береді емес пе, Ханымқыз оны ұнатыңқырамапты. Мұндай пікірді естіген Шәпей жолға шығарып салыпты.

Енді әйел іздеген Шәпейге ешкім жоламапты. Айналадағының бәрі сырын алып, ол тақиясын қай шекесіне салса да қарай қоймапты. Оның үстіне сақалы құрғырдың үш күн қырмаса қаудиып шыға келетінін былай қойғанда, еңбегінің шашы да түсіп, қасқаланып жүріп беріпті.

Амал не, бұл айналадан амалдайтын ешкім табылмаған соң Шәпей Ақсайдан Манкентке сырғып кетіпті. Айдағаны арба болып жүріп Талбикемен танысқан екен, екінші күні әйелді боп шыға келіпті. Аз тұрған соң әйелдерін сағынатын болыпты. Арақ ішіп ішінің күйігін басыпты. Ал кейін арақ ауруға айналып, ол жоқ болса ауыратынды шығарыпты. Арақ жүрген жерде шатақ жүреді. Үйде күнде қып-қызыл төбелес, сап-сары жағалас болатын болыпты. Сөйтіп Түлкібасқа көше жөнеліпті. Мұнда келген соң ескі қояншығы кеудесін қысып кетіп «кеше қосылып едік осы уақта, бүгін айрылғалы отырмыз күн шуақта» деп, Талбикені де қуыпты. Ол Георгиев ауданындағы халық сотына арыз берген екен, арызы аяқсыз қала беріпті. Өйткені онда отырған жиені Жаңабаев нағашысын қанатының астына алып, қорғай түсіпті.

Ақыры октябрь айында Қызылжалауда тұратын Құрбанкүл Асанбаеваға үйленіп, бұл заңды некесін санағанда жетінші әйелі екен. Онымен де тайыншасы жараспай, і,үр құйысқаны босап, қырқылжыңы, кикілжіңі біліне бастапты. Мұның бәрін халық соты Кәрімов біліпті де, бөдененің үйі жоқ, қайда барса бытпылдық» деген мақал ойына түсіп, аяп кетіпті. «Бөдененің үйі жоқ, Шәпейдің күйі жоқ, қайтеміз» деген екен, «қайткені несі, соттаңыз» деп жұрт бір ауыздан шу ете түсіпті. «Бұған Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуроры Федоренко, облыстық соттың председателі Жаңабаев жолдастар да аралассын» деген дауыстар да естіліпті.,

1955


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз