Өлең, жыр, ақындар

Әкесінің өкіл баласы

— Не ғып тұрсың?

— Өкіл әке іздеп жүрмін.

— Ойбай-ау, ЗАГС бар емес пе?!

— ЗАГС-ің куәлікке егіз бен текемет қосып бере алмайды ғой. Өгіз бен текемет куәлікпен бірге келсе, неке дегеніңіз тас болып, с дүниеге дейін қатып қалады екен.

— Япыр-ай, ә!?

— Әйтпесе Айдаболов неге өкіл әкелі болды?!

— Иә, Айдаболовың кім? Өкіл әкесі несі?

— Керек десеңіз қайтейік, қиналсақ та сізге айтып берейік. «Естіген құлақта жазық жоқ» дейтін естіген нәрсе емес. Егер керек ете қалсаңыз, айы, күнін айтып документпен дәлелдеп сөйлесеміз.

Сонау алпыс алтыншы жылдың июль айында Айдаболов жүдеген көңілі жұбанып ©кіл әкелі болды. Әуелі бұған сенгендер де, сенбегендер де бар еді, факт деген құрғыр мойныңа қиып салмай тұра ма, ақыры әмбеге белгілі болып, Менкі ауданының әр жерінен-ақ өкіл әке іздеушілер көбейе бастады. Аудан бастығының бәрі өзі өкіл әкелі болса, ол ЗАГС-ке сенбей, неке куәлігіне сақалы сапсиған шал, аузы омырайған кемпір іздесе, пәлен жыл тұрған әйеліне сенбей, енді сары аяқтан су ішіп, қайта сақина алысса, басқа қарапайым адамдарға не жорық.

Сонымен мәртебелі өкіл бала бір күні Тепекбаевтар үйіне келіп, қона-түстеніп, қозының жылы-жұмсағын жеп жатып, әлеміштеп оюлап басқан текеметті машинасына тиеді де, өгізді кейін аламын деп жүріп кетті. «Текемет» деген немене, екі-үш шилі киіз, ол ер-азаматтың арынан садаға деп Тепекбаевтар күлісіп қойды.

Бәрі ұмыт болғандай еді, келесі жылдың күзі түсе Айдаболовтың сөзі шынға айналып, қайта-қайта өгізге кісі жіберіп лаң салды. Араға елші-жаушы түсіп, көк өгіздің басына қауіп төнді. Әуелі қайкы тос қарпықты машинамен жіберген екен, өгіз деген үш-төрт жылғы еңбек. Тепекбаевтар қия алмады. Қалай қисын, тірнектеп жинаған мал, табан ет, маңдай тер деген осы, ақсақ қыздың қайыр сәлеміне қалай жолдай салмақ. Өктемдік жасағанымен өте кеткені жоқ адам еді ғой десті ерлі-зайыптылар. Аудан бастығының қылқылдаған сөзіне қиналса да. мал ашуы қиын, қия алмады.

Көк өгізге келген қауіп үш рет кейін серпілген соң ерлі-зайыптылар енді еркін дем ала бергенде қоңыр күзде қадалған жерден қан алар Қабден жетіп келді. Анау-мынау адам емес, ауданда әжептәуір мансабы бар адам. Келе ол қағаз ұсынды: «Өгіздей өкірейін демесеңдер, тез сиыр беріңдер. Қабденнен қалдырсаңдар қаһарыма ұшырайсыңдар. Ағаң Айдаболов» депті бір жапырақ, өгізді алып кетпек өктем қағазда.

— Ойбай-ау, бұл өкіл бала деген өктем пәле болды ғой,— деп өгізін қимаған Тепекбаевтар сасып-салбырап, етегін басты. Бәрін біліп жүрген жұрт: «Қозы Көрпеш қандай жан деп жүруші едім талтайған таз екенсің өзімдей-ақ-!» деп Қозымен оңашада кездескен тазша айтқандай Айдаболов дегеніміз айтулы қызметкер деп жүрсек, құдайдың қазақ даласындағы өкілі екен ғой десіп гу-гу егісті.

— Қиын жері сол болды, қимаса да, қиналса да «тіпті осы өгізді беріп құтылалық» десті Тепекбаевтар. Енді қайтсін, «басқа келген пәледен бастан құлақ садаға» деген емес пе! Сонымен көк өгізді көк жазулы бір жапырақ қағаз сүйреп ала жөнелді. Қағаз құдіреті деген жаман екен.

Тепекбаевтарға алпыс жетінші жыл қатал келді. Олардың қызыл иті қыңыр кетіп, декабрьдің он бірі күні ауданға аяқ астынан шақырылды. Бір тәуір жері шақырған өз ағасы — әкесінің өкіл баласы болып шықты. Бірақ бұл кезде көк өгіз «Заготскотқа» өткізіліп, ақшасы балдай батып, судай сіңіп, мүйіз тұяғына дейін түйме түйіліп, іске жарап кеткендіктен ағасы қаттырақ келді, Сусамырдың суық желіндей ызғарлы отырды.

— Сізді ауыл активтері жұмыс істемейді деп жүр,— деп зіл тастап жарылар шиқандай біраз сыздаусыды. Арада үнсіз минуттар өтіп, Тепекбаевтардың көз алдынан көк өгіздің қайқы мүйізі, сыртылдаған буындары, аймышты текеметтің түрі елестеп кетті. Осы бір сәтте ағасының да түсі жылып, демалысқа шығатынын, курортқа баратынын ескертіп өтті. Аяқ астынан асығыс қаржысыз шығып бара жатқан ағасына олар үнсіз ырым білдірмей ернінің емеурінін түсінбей кетті. «Түлейді түртпесең білмейді» деген осы деп ернін тістеп, кіжіне-кіжіне ағасы қалды.

Бірақ олар көп ұзамай-ақ ауданға неге шақырылғанын түсінді. Ағасы алысқа аттанып бара жатып інісіне өктемдік жасап «жалақысы берілмесін» деп кетіпті. Заңға шағынып көрген Тепекбаевқа ешкім ағасынан батып көмек көрсетпеді. Сегіз айдың жалақысын ала алмай сенделіп жүрді.

Көріңде өкіргір, мүйізің біреудің ішін тескір көк өгіз Тепекбаевтарға пәле болып жабысты. Алпыс сегізінші жылдың авгусында Айдаболовты арқаланған селолық совет председателі Қабатаев кітапхананың құлпын бұзып кіріп, емеурінді түсінбейтін ерлі-зайыптыны жұмыстан сыпырып шықты. Ерлі-зайыпты екеуі қол ұстасып қызметсіз қалып, өгіз алған өкіл ағасынын арқасында бос жүрді. Он сегіз жыл істеген кітапхана жұмысы, әлденеше грамота, қаптаған алғыстан қайыр болмады. Ағаның тегеуіріні олардың бәрінен басымдау шықты. Еңбек мүгедегі жалақысының азырағын арызданып жүріп алғанымен, біразы берілмей сөзбұйдаға түсіп, аяғы сиыр құйымшақтанып жоқ болды.

Былтыр қарызданып-қауғаланып, Алматы, Мерке, Жамбыл арасын шиырлап жүріп, қол жеткен жерге шағынып, көк өгіздің иелері өкіл інілік борышын өтей алмай, ақыры арызқой атанды. Оның жан жаққа жолдаған арызын тексеруге келгенде қағып алып Айдаболов ағасы «қамқорлық» жасады. Осы кезде Тепекбаевтар да қол ұшын беріп әділеттік айтқан адамға өкіл бала бола кеткісі келгендей жайы бар. Бірақ қызметіне орналаса алмай, жүдеп жүрген адамға кім жең ұшынан жалғаса қойсын. Оның үстіне аудандағыларда Айдаболовтың атын атап, жөнін жөндеп жүрген жерден көш-құлаш қашады.

Сонымен әкесінің өкіл баласы көк өгіздің мүйізі ішімді жарады демей-ақ енбек мүгедегінің артына түсіп алды. Баласын қудалағаным өкіл әкемнің көңіліне келер деп ойламайды да. Шамасы ол жақта енді алатын текемет, «Заготскот» таразысын қайыстыратын қырыстай көк өгіз жоқ екенін білетін болса керек. Шіркін, періштені де жолдан шығарған қу дүние десеңізші. Бірақ, кім біледі, өкіл баланың өктемдігін де, діндарлығын да қойғызатын уақыт болар. Тіпті ол уақыт жеткен де шығар!

1970


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз