Таң қылаң бере бағып жүрген бар сиырын жинап келген Әзірбай көшетін болғандықтан ба, әлде сар-сайғақ тартқан жайлаудың көңілі қалғандықтан ба, әйтеуір ойы бір нәрседен дүдамалданып, қуыс кеудеге бір күдік ұялап алды. Бұл кезде оқыра жоқ, шыбын-шіркей азайған тау жайлауының таңертеңгі салқыны сиыр екеш сиырды да манауратып тастаған. Күн ыстықта құйрығымен сапалақтап, тыныш таппайтын тана-торпақ, үш-төрт бұзаулап денесі ауырлаған, мүйізіне жеті-сегіз сақина салған сақа сиырлар иірген жерде тыпыр етпей қатып қалған. Тіпті қарап тұрған аша мүйіз сиырларды түрткілеп тыныштық бермейтін, пәлекетті бастайтын қара тана да бір орнында көл ортасына жалғыз біткен жартастай қаңқайып қатып қалыпты.
Тұрысын қарашы, тұрысын. «Сыпыр келгір», «қарасан келгір», «топалаң тигір» деп оқыра келгенде құйрығын шаншып алып, кезі аларып, тырағайлап, сай-сайда өрлеп тұра қашқанда, осы Әзірбайдың өзі талай қарғаған қара
тана. Енді қара жібектей «Қара тана емес, қара пәле деп талай сүдігей сөз айтқан едің, енді қарашы, сап-салауатты сиыр болған жоқпын ба» дегендей бір орнынан тапжылмайды. Бірақ... Бірақ"осы көңілі құрғыр нағып дұнған болып тұр? Неге мұны дәлелдік баса береді? Мүмкін таудағы ойқиған-шойқиған қара тастардың түбінде бірер сиыры қалып қойып, жүрек сорлы соны сезіп тұр ма екен.
— Қой,— деді Әзірбай,— күдігімді күшейтпей, одан да жоқ болса, іздеуіме де жақсы, сиырымды санап түгендеп алайын. Басқа жұртқа барғанда қайта іздеп әуре болармын.
— Тұрсын, Тұрсын!— деді Әзірбай жаппа ішіндегі әйеліне айқайлап.— Анау сиырларды бері қайтарысып жіберші. Топалаң келгірлер қайта өре бастағанын қарашы! Бағанадан бері тып-тыныш еді. Менің санамақ болғанымды біліп қойғандай. Ой әкеңнің... Ана қара пәлені қайыр бермен!
Әзірбай демнің арасында іркіттей іріп, бір-ақ сәтте кәдімгі боқтампаз, бейауыз сиыршы қалпына түсе кетті. Сиыршы байғұс жібектей болып жүрейін деп ойламайды дейсің бе, бола ма оған мына еңкей сиыр деген сасық немелер, сандары сап-сары ала, сатал-сатал болып алып, жерден отты бір үзбей мәңіреп-мәңіреп жүріп кететінін қайтерсің. Қазақ байқұс білмей айтты дейсің бе? «Жылқы бақтым,— жылмаң қақтым, түйе бақтым,— түйме тақтым, қой бақтым — қоңырау тақтым, ешкі бақтым,— еңіреп бақтым, сиыр бақтым,— сидаң қақтым» деп. О, сиыр болғаныңды...
Нақ осы жерде Әзірбай сиырдың жеті ата, жеті пұстысы — Зеңгі бабадан бастап түк қалдырмай қайта сыбап өтті.
— Талайды сидаң қақтырған пәлелерді қайыр бері, Тұрсын!
Тұрсын қайта өрістей бастаған сиырдың алдына шықпақ болып, уықтан ғана тіккен жаппашақтың есігі көзінде жатқан көп кек шыбықтың бірін ала ұмтылды. Оның келе жатқанын көріп, шеттеп бара жатқан қызыл сиыр кезі алара әрі қарай жөңки жөнелді. Әзірбай әйеліне бой бермей бара жатқан қызыл сиырға қоса түк жазығы жоқ Тұрсынды бейауыздылықпен қоса бастырмалатып жіберіп, қора шетінде қаңтарулы тұрған көкшолақ атқа қарай жүрді. Қысқа, сары сақалы ашудан булыққандықтан тұштаң-тұштаң етіп кетті. Ал Тұрсын болса, қызыл сиыр қайтару бермеген соң, бері қайтты. Мені сыпыртып Әзірбай боқтады-ау деген ойы тұрмақ таназарына да кірген жоқ, Әзірбай әлдебіреуді тілдеп, бұл соның куәсі ғана болғандай. Әзірбайдың аузынан шыққан бейауыз сөз «айналайыннан» айырмасы жоқ сияқты. Ол байпаң басып келіп жаппаның үстіндегі үзігін сыпырып өз шаруасымен айналыса берді.
Сақалы тұштаңдап жанына жүгіре басып барған Әзірбайды көкшолақ күндегі әдетімен ернін қымқырып, құлағын жымырып қарсы алды. Бұл да кәдімгі сиыр бағуға мініп ерқашты болған көп аттың мінезі. Ат мені тістейді-ау, әлде тебеді-ау, маған айбат көрсетіп тұр-ау деген Әзірбайдың ойына келген жоқ. Сыры өзіне мәлім көкию лақтың үзеңгісіне сол аяғы тиісімен үстіне дік ете түсті. Бірақ бұл тез мініп, асығыс жұмысы бар-ау деген көкшолақ жоқ, шабына бұзаутіс, сегіз өрме қамшы тигенше, тебінгенге қарамай тұрып алды. Тебініп, бір-екі итең-итең етіп, болмай бара жатқан соң, борбайлап қамшымен осып-осып жібергенде, көкшолақ артқы екі аяғын көтеріп шоқаң етті. Құйрығын сипақтатып, шыжбың қақты да, еріне желіп кетті. Көкшолақтың ат екенін анық сезінетін қызыл сиыр Тұрсынды менсінбегендей бұра тартқан жоқ, қайта бұрылып еңкілдеп табынға тығылды.
— Жан керек екен, сасық, әкеңнің...— деп Әзірбай қолындағы сырықпен қызыл сиырды бірер рет жондатып өтті. Қайқаң-қайқаң еткен шаңғалақ мүйізді қызыл көп сиырдың арасына кіріп, жоқ болды.
Енді Әзірбай көкшолақпен сиырды жолға бейімдеп шұбатты да, санауға кірісті.
— Бір, екі, үш... тоқсан тоғыз, жүз. Бір, екі, үш... Жүз тоқсан екі. Ә, әкең... түгел екен!
Ол ат үстінде тұрып айғай салды.
— Тұрсын, сиыр түгел. Арт жүгінді!
Жайлауға жеңілдеп жаппамен ғана шыққан Тұрсын негізгі жүкті шомдап, қомдап қойған бір түйеге артып болып, енді екі қызыл өгізді ұстап әкеліп, үстіне ыңыршақ салды. Екі қызыл өгізге үйдегі су таситын темір ыдыстар, үйдің сынбайтын мүлкі — жаппаға жабатын екі үзік, текемет, төсеніш дегендер артылды. Екі өгіздің де бас жібі жоқ басы бос. Бұл олар көп сиырмен бірге еркінше айдалады деген сөз. Балалар ауылға кеткелі қашан! Оқу жақындағанда-ақ жіберілген. Тұрсын екеуі қалғалы бері Әзірбайдың аузы тым бейпілдеу болып кетті, бірақ оны Тұрсын сезбейтіндей.
— Қап, әкең... балалардың біреуін сиыр айдасуға алып қалмаған екенмін,— деп өз балаларын да тағы бір сыпыртып алды. Әйтеуір тұяғы қимылдаса, аузынан шығары әкенің ауызы.
Жүк артылып болған соң, құлынды көк биеге мінген Тұрсын мұрындықтаған түйенің бас жібін алып тартып кетті.
Тау бауырлаған шұбырынды жол ізбіндеріне ең алдымен түйе жетектеген Тұрсын түскен соң-ақ, кәдімгі біреу үйретіп қойғандай жүк артқан екі қызыл егіз түйе артынан шұбап маңа берді. Жан-жағын қайырмалап, тұрған көп сиырды Әзірбай көштің артынан салды. Әншейінде бірін-бірі сүзгілеп тыныш таппайтын сиырлар жайыла түсіп, аяндай басты. Бірақ Әзірбайдың жүрегі құрғыры орнында тұрмай-ақ қойды. Біресе лүпілдеп, біресе бұлқынып тыншымады. Бір пәле болмаса жарар еді деп ойлады ол.
Нақ осы бір сәтте оң жақ шетте кетіп бара жатқан бүйірлі тарғыл сиыр жерді бір-екі иіскеп алды да, өкіріп-өкіріп жіберіп еді, бар сиыр өкіріп-бақырып дүниені күңірентіп тарғыл сиырға қарай жөңкіді. Тана-торпақ, бұзау-баспағына дейін қалмай тарғыл сиыр кіскеген жерді олар да бір-екі иіскеп, жерді тарпып, мүйіздеп өкіре берді. Жүз тоқсан сызар өкіргенде, Алатау күңіренгендей болды. Сиырлар айдауға бой бермей, бір жағын қайырса, екінші жағы тағы жаңағы жерге жүгіріп, жөңкіліп жүр. Көкшолағымен шоқаңдатқан Әзірбай құнажын-қусағының әрқайсысын бір қуып әбден шаршап қажыды. Сонан соң барып есіне түсіріп, әлдекімді тағы сыбады. «Өгіз өлген жеріне» дегенді білмей ме екен, өлген баспақтың қан-жынын кеміп тастау керек екенін қалай ұмытқан оңбаған Ортақбай»,— деп біреудің ішін әбден кептірді. Ақыры, өлгенде әрең сиырды қуып әлгі жерден былай таман шығарып еді, сиыры тағы азайып қалғандай көрінді. Баспақ өлген жерден тай шаптырым жерге айдап шыққан соң, сиырдың алдын қайырып, Әзірбай қайта санады.
— Бір, екі, үш. Жүз. Бір, екі, үш, сексен тоғыз, тоқсан. Жүз тоқсан!— Екі сиыр жоқ болып шықты.— Жүз тоқсан екі болуы керек еді. Екеуі қайда кетті? Ой, әке-бабаңның... сиыр болған! Тіпті жаңа ескі жұрттан көшкенде ғана бәрі түгел еді ғой. Ой, топалаң тиген... Жаңа өкіріп жүргенде бір-екеуі қайта қашып кеткен ғой, топалаңның.
Әзірбай, сыртқы бешпентін шешіп, артына бөктеріп қойды да, түйе жетектеп бара жатқан Тұрсынды айғай салып тоқтатты:
— Тоқта, ойбай, тоқта! Екі сиыр жоқ! Қайта санаймын.
Әзірбай шоқша сақалы тұштаңдап, қолындағы сиыр айдайтын сырығымен әрбір сиырды, құнажынды, қусақты, бұқаны, тананы, торпақты, баспақты басқа ұрып тұрып санады.
—...Жүз ...Тоқсан. Жүз тоқсан! Жер жұтты ма, ей, жер жұтқырларды? Топалаң келіп, тып-типыл болғарларды!
— Қайт кейін!— деді Тұрсынға зекіп. Әзірбайдың шынымен айтқанын біліп, әйелі ат басын кейін бұрды. Жетектегі сары атан бық-бық етіп, зорға бұрылды. Бақырып ол да пәле салды. Далаға енді беттегенде, тауға қайта бұрғанын жақтырмағандай. Даланың топырағын, ауызды толтыра қарпи асайтын ащы түйетікенін, алаботасын аңсағандай. Міне, ескі жұртқа қайта келді.
— Шөгер түйені, түсір жүкті!..
Түйе шөгеріліп, екі егіздегі жүк түсіріліп, ол екеуі табынға қайта қосылды, Екі егіз аштан өліп бара жатқандай жерге қайта жабысты. Жайылып бара жатқан сиырды көкшолақпен қайырып, қайта санады. «Әлгі көк бұқа бар ма? Бар. Көк бұқа болған соң бәрі болуы керек қой».
— Бір, екі, үш... Тоқсан тоғыз, жүз. Бір, екі, үш... тоқсан, тоқсан бір, тоқсан екі! Я, түгел сияқты. Алақай, Тұрсын, жүгіңді арт. Түгел! Ой, әкеңнің...
Әзірбай көңілденіп, аузы үйренген «әдемі» сездерді бір — сыпыра жерге апарып тастап, сиырды қайта санады.
—...Жүз. Тоқсан. Тоқсан бір, тоқсан екі! Түп-түгел!
Енді екі қызыл өгізді әкеліп жүкті өзі артты. Тұп-тура алғашқы көрініспен бақташы көші ілгері тартты.
Бағана баспақ өлген жерден ете беріп Әзірбай көкшолақтың тізгінін тарта қалды.
— Тұра тұр, Тұрсын! Сиырды тағы бір санап алалық. Ой, сыпыр көлгір, былай!
Әзірбай алдындағы сиырды тағы санап кетті.. Енді өзінің санағанына өзі сенбеді. Тағы да... Қайта санады.
— Жүз. Сексен тоғыз, тоқсан. Екеуін жер жұтты ма, ей? Қазір ғана түгел еді ғой.— Қайта-қайта санады. Сиыр жүз тоқсаннан біреуі де артпай қойды. Бірнеше қайталап санады. Цифр міз бақпады. Жүз тоқсан!
Әзірбай көшті ескі жұртқа әкеліп, түйедегі, егіздегі жүкті өзі түсірді. Енді бүгін көшпеуге бекінді. Ертең сейсенбі күні көшкен деген не сұмдық деп ойлады ол. Ертең көшетін күн емес. Дүйсенбі күні-ақ кешіп едім ғой, қалай болды, бұл?! Не де болса деп, ол құлынды кек биені, көкшолақты ер-тоқымдарын алып, тұсап жіберді де, сиырды жаяу жүгіріп жүріп қайта санауға көшті.
— Бір... Жүз тоқсан екі! Япыр-ай! Түп-түгел!— Тағы да бір қайталады. Тағы түгел. Тағы да сиырлардың әкесін, тұқымын тұп-тұяғын сыпыра келістіріп сыбады.
— Сайтан жасырып тұрған болды ма жаңа! Кім біледі, дүниенің шындығына кім жетіпті. Сол сайтаны құрғыр бар болса, бар шығар. Әйтпесе неге бүйте береді?!
Ертеңіне Әзірбай күн сейсенбі болғандықтан көшкісі келмеді. Оған енді Тұрсын болмады. Балаларын сағынды. Жүк артылмай тұрып, сиыр санау басталды. Дін аман. Тана-торпағына дейін. Түстеп-түгендеп көріп еді, бәрі де бар сияқты. Жүз тоқсан екі!
— Ал кеттік,— деді Әзірбай зорға көніп. Жүк артылып болған соң, Әзірбай тағы бір есеп жүргізгісі келіп тұрды да, тағы кем болып қала ма деп қорықты. Өйткені бүгін күн сейсенбі еді. Бірақ дүйсенбіден қай бір барқадар шегіп, жақсылық көріп еді.
Кэш кешегі қалыппен тартты. Нақ кешегі кеш қайтқан жерге барғанда Әзірбайдың жүрегі тулап, сиырды санағысы келді. Тұра қалып, иіріп жіберіп санады. Міне, пәле керек болса! Тағы екі сиыр кем. Тағы санады, өзіне өзі сенбеді. Жүз тоқсан.
Кеш ошарылып қалды. Сиырды да, көкшолақты да, Тұрсынды да жеті пұстыдан әлденеше жіберіп алды. Тұрсын:
— Жүре берейік!— деп еді.
— Колхоз малына жаның ашымайды,— деп әкесінің үйіне ғана апарып тастаған жоқ, одан басқаның бәрін қалдырмай айтып шықты. Не істеу керек? Әзірбай шаршап, дал болып, атынан түсті де, дал болып жүресінен отырып, бір сәт жер шұқып қалды. Көк биенің үстінде Тұрсын отыр. Ол бүгін күн сейсенбі түгіл қан жауса да көшпей қоймайтын.
Япыр-ай, бұл не сұмдық! Жолға шықса екі сиыр жоқ. Ескі жұртқа қайта барса мал түгел. Не ғаламат?!
Төменнен екі атты көрінді. Ферма меңгерушісі Айтбай екен.
— Кеше келмеген соң не болып қалды деп шығып едім,— деді ол амандықтан соң.
— Не болып қалды?!— деді кекеп Әзірбай, арасына бейауыз сөздерді қат-қабатымен араластыра.— Не болып қалмады? Екі сиыр жоқ! Сейсенбі күні...
— Екі сиыр?— Айтбай сұрланып кетті.— Тауда мал азайған соң' ит-құс сіздің малды аңдымай, не істеуші еді. Түнеугі күннен бері далаға көш деп құдайдың зарын қылдым. Сонда да санайықшы!
Айтбай санақшы жігіт еді. Мың қойды айдағанда сол қолының саусақтарын бүгіп, қамшы ұстаған оң қолымен сегізден-оннан бір-ақ жіберіп, бір сілтеп қалатын да, бір қойға қателеспейтін. Қой санауға да машықтану керек. Санады. Рас-ақ жүз тоқсан. Айтбай цифрды жатқа айта бастады.
— Бұзау он тоғыз. Тана жүз. Бұқа — екеу, сиыр алпыс тоғыз. Өгіз...
Нақ осы бір сәтте Әзірбайдың жан даусы шықты. Айғай салып:
— Өгіз екеу, ой әкеңнің...— деп ішек-сілесі қата күліп кекке құлай кетті.
Әлі де ұзақ сыпыртып жатты...
1981
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі