«Есек пен ыстық нанның пайдасын қазаққа айтпа»,— деген екен Ташкенбай деген кісі. Сол айтқандай-ақ, Әмет екен, көргенде пайданы қара есектен көрсін. Есекке көп күтім керек емес, есекке маған десең есекше қара, оған бәрібір. Ол өз күнін атқорадан шығарған кәшекпен, тіпті екі үйдің арасына шығатын бүрге жусанмен-ақ көре береді. Ол ат емес, оған ат сияқты арнаулы қора, алдына атақыр жасап, бүрі түспеген көк тотияйындай жоңышқаны салып, сылап-сипап бағудың қажеті жоқ. Ертелі кеш ақ сұлы салынған атдорба ілуді тілейтін де ол емес. Арнап барып есек суарып жүрмін деген адамды да ешкім естіген жоқ, оған көктемде жауған жаңбырдан тұрған қақ күзде жарай береді, суды балдыр басып кеткен бе, борсыған ба оның шөлі соған да қанады. Қысқасын айтқанда жанға жайлы, шаруаға қырлы есектей жануарды Әмет көрген емес.
Қазақ та қызық дейді Әмет, есек сияқты отты да, суды да тілемейтін жануар тұрғанда ерекше күтім, ерекше бап тілейтін жылқыға қызығады. Ең жай ғана мысал: атқа мінгенде де күшеніп жатып, секіріп зорға мінесің. Одан да тұрған жерімде бұтымды арта салатын есегіме не жетсін. Ол қора сұрамайды, ит жатағынан аз-ақ биік күрке болса жетеді. Керек десең қамшыныңда керегі жоқ, қолыңда бір қарыс ағаш болса болды, сауырына шоқиып отырып ал да, жаңағы үш тұтам ағашпен «қықылап» шоқтығына шұқы да отыр, атша арындап баспағанымен бақайшағы майысып, митыңдап жорғалайды да отырады. Сөйтіп от-су тілемей-ақ аттың, әлде тіпті атанның күшін береді.
Қашан да қара есекпен Әметтің қарекеті бір. Екеуінің ойлағаны да құлқыны. Бірақ есек есек болса да есектікпен болса да Әметке көмек көрсетеді. Ал Әмет болса, делбе ұстаған қолымен есекті езулеп отырғаны болмаса, оған есектей қамқорлық көрсете алмайды. Қара есек — есек, ал Әмет — адам. Сонда қалай болғаны? Егер қара есек адамша ойлар болса не дер еді? Сіздер соны да бір ойладыңыздар ма?
...Адамдар ездеріне де бір сын көзімен қараса қайтер еді. Олар бірімен-бірі ұрысыса қалса, «ой есек, көк есек» деп тілдеседі. Ал шынында да есек соншалықты жаман ба? Егер соншалықты жаман болса, адам баласы кедейленіп, ыңыршағы айнала бастағанда неге есекті іздеп табады? Егер адамдар еңсесі түсіп, ері мойнына кетіп, қызыл иті қыңырт басқанда есекке үйір болса, онда олар ең қайырымды жануар болғаны да. Есектер адамның жанына жалау, көңіліне медеу болып, адал қызмет етеді. Ерекше күтім де тілемейді, жоқтан өзгені тамақ етіп жүре береді. Адамдар өздерінің ең жақсы қасиетін «адамгершілік» дейді. Мысалы Әметті қара, демес пе, қара есек, мұны бағанаға байлай салып өзі тамағын тойдырады. Сонда бұл «адамгершілік» болса, ол есектің адамда қызмет еткен есеккершілігінен көп темен тұрған жоқ па? Олар есектің күшін еркін пайдалана тұрып, «күші адал, сүті арам» есек деп кемітетінін қайтерсің.
Оның үстіне есектің де есегі бар. Әметтің қара есегі қара нардың күшін беретінін қо я тұрғанда, таңертең алғашқы рет ақырғанда тура сағат алтыны соғады, сөйтіп Әметті жылы төсегінен сопаң еткізіп тұрғызады. Ол шайын ішіп болғанда, есек тағы ақырады. Демек сағат ертеңгі жеті болды деген сез. Сонда сағатыңыз керек бола ма? Содан кейін-ақ қара есекке де, Әметке де тыныштық жоқ, күн батқанша қарекет үстінде болады. Әмет қара есекке лайықтап соққандай бір жетекті, жатаған есек арбаны жегіп алып есік алдына шығады, Беті қашанда Көк базар. Ол жол-жөнекей солай қарай бет түзегендердің жүгі болса ала кетеді, содан базар төңіректей жүріп жұрттың жеңіл-желпі жаны барар жеріне жеткізіп береді. Сөйтіп пенсиясының үстіне осылай сорпа суын айырып тұрады. «Түйеге әйт-шу деген де сеп» дегендей, бұл бала-шағасының жібіне қосымша нәпақа болады.
Сонымен айтпағымыз есек, есектің, оның ішіңде Әметтің қара есегінің қалай милиционер болғаны туралы еді ғой. Адамның қолынан келмеген нәрсені есек істесе оның несі айыл. Қайта ол есекті адам дәрежесіне көтеріп тастамас па?
...Есек дегенің, есек арба дегенің көктемгі сиыр жапасына түскен қара қоңыздай көп, елуінші жылдың басы болатын. Соның бірі — қара есек бір құя Көк базардан арбасымен жоғалып кетсін. Түсте жоғалған есегін Әмет кешке дейін іздеп, кеш алдында Ұйғыр көшесіндегі базардағы милиция бөлімшесінен тауып алған-ды.
Әмет келсе, ойында құдай да, Әмет те жоқ қара есек милиция бөлімшесінің шағындау албарында қауын-қарбыздың қабығын күрт-күрт шайнап тұр. Отқа айдасаң жоққа қашатын қара есектің әлімсақтан ашылмай келе жатқан қабағы жарқын. «Сендегіден гөрі мұнда күтімім күштірек болды»,— дегендей иесіне сәлдеу қабақпен бір қарап қойып, алдына салынған, аузына күнде тие бермейтін мол жемді өліп-өшіп соғып жатыр. Таңдайына татып бара жатқан болса керек-ті. Сөйтсе Көк базарға бір колхоздан келген помидорды бір саудагер түп көтере арзанға сатып алып, оны Әмет арбасына тиеп, енді оны екінші базарға екі бағасына сатып, шаш етектен пайда көрмек екен. Осында ұсталыпты...
Ертеңіне-ақ Әметтің де, қара есектің де қалыпты өмірі қайта басталып кеткен-ді. Арада үш күн еткенде қара есек қайта жоғалды.
Биыл ерекше ыстық болды. Тіпті қыркүйек орталанып қалғанда да күннің аптабы басынан қойды. Бүгінде таң атпай күйген күн шекеден өтіп, Әметті қатты сусатып жіберген еді. Жұрт сияқты шөлін қауын-қарбызбен қандыратын бұл емес. Өйткені олар қан қысымын көтереді. Ал мұның қан айналысында аздаған нұқыс бар болатын. Сондықтан аңсағанда ғана бірер тілімін аузына салмаса, тоя жеуді қойғалы қашан. Сөйтіп ол шай ішуге асханаға кірді.
Әмет асханаға кірген заматта қара есек жегілген жатаған арба жанына біреу келді. Сақал-мұрты өскен, алпамсадай жігіт. Үстіндегі киімі көнетоз болғанымен тап-таза. Ол арба жанына келді де, шұңғыл кек көздерін алақтатып, жан-жақтың бәріне бір-бір тастап шықты. Арба үстін тастай салған Әметтің ескі қара былпық қалпағын қолына алды. Басындағы кепкасын жұлып алып, анадай жерге лақтырып тастай салды. Басы тап-тақыр, ұстарамен қырғызып қойыпты. Ол қалпақтың тер сіңген, кірі баттасқан жағына мұрнын тыжыра қарады да, жерге бір түкірді. Бұған қарағанда ол бұл шайырлы, қалалы жердің майлы-күйелі шаңын мол жұтқан қалпақты да жерге бір соғардай еді. Бірақ олай етпеді. Тыжырына тұрып, басына баса киіп алды. Сонан соң қара есектің телеграф бағанасына байланған делбесін асықпай-аптықпай шешіп алды.
Бұл кезде қара есек сауырынан қайтар күннің қызуы өтіп, басын бағанаға сағалап, мүлгіп тұр еді. Делбені қолына алған алпамса сары жүгі де, түгі де жоқ болса да, жадағай арбаға отырып, делбені қағып есекті жолға салды. Сонан соң қара есектің сауырына шыбыртқы үсті-үстіне тиді. «Әттең, бақайшағым жіңішке болмаса, мойныма тауды тесіп ілсе де сүйрер едім», деген өсек-қашыр тұқымы — қара есек екі салпан құлағын жымырып, барынша-ақ жерді тесірлей басты. Бір шамадан кейін алғаш есектің біресе оң, біресе сол езуін созған ауыздық бос қалды. Қара есектің сауырына жауған қамшы да саябырсып барып, бірте-бірте ұруы әлсіреп, мүлдем тыйылды. Есек басқан ауыздық тартылып, бағыт бағдар бермеген соң ол есекше ойлап, кешенің біресе сол жағына, біресе оң жағына шығып, өзі сүйреп келе жатқан артындағы жадағай ғана жақтау-жабақысы бар, тәпелтек арбаны отызыншы жылдарғы соқалардан алып салған темір доңғалақтарын шиқылдатып, шықырлатып-сықырлатып, еркімен ілбіп бара жатты. Тіпті бір-екі жерде тоқтап та көріп еді. делбені қаққан, ауыздықты тарқан, қамшы салған ешкім болмады. Жон терісін тілгілеп өтетін Әметтің қолы жоқ екенін қара есек жақсы сөзіңді. Арбадан әлдеқандай қорыл естілді. Делбе сүйретіліп бос келе жатты да, арбаның алдыңғы жабағысындағы бір шегеге ілініп қалды. Есек мимырттап кетіп бара жатты. Есекше басып барады.
Көшеде есек арбаны ешкім тоқтатпады. Машиналар жол беріп, орағытып етті. Трамвайлар тоқтап, есек өткен соң барып қозғалды. Арба үстіндегі алпамса сарының екі аяғы салбырап, арбаның оң жағында жатты. Жаяу адамдар ол кезде жиі бола беретін мастың бірі шығар деп күлісіп кете барды. Қысқасы қара есекпен ешкімнің жұмысы болмады.
Зығыр көшесінен ете бергенде қара есек қалт тұра қалды. Ұзын екі құлақты кезек қағып, әлденеден иіс тартты. Алпыс көше, таныс бұрылыс. Сонау көк қақпа десеңізші! Оның арғы жағында милиция қызметкерлерінің жазды күні шөлдеп жеген қауын-қарбызының қабығы, помидордың шала піскен жағы, қиярдың екі сүйір басы... тағы тағылар. Шіркін, осындай ыстықта қауын-қарбыздың қалдығының өзі де есекке азық та, сусын да... Қара есек шұғыл бұрылып, милиция қақпасына қарай тартты.
...Екі құлағының ұшын кескен қара есекті милиция қызметкерлері жазбай тани кетті.
— Әмет ақаның есегі,— деді Ерлан. Есек арбаны қарсы алған жастау қызметкер Ерлан сол жағына қисайып, әкесінің үйінде жатқандай, ұйқыдағы қалпақты сарыны көрді. Әмет ақаң жоқ. Оның омырауы ашық. Үстіндегі қара сұр бешпенттің түймесі ағытылып кетіпті. Милиция қызметкерінің көзі ішкі төс қалтадан аузы көрініп тұрған тапаншаға түсіп, ішке қарай үнсіз тұра жүгірді. Іштен үш-төрт милиционер шықты. Ұйқы құшағындағы алпамса сары басын кесіп әкетсе де білетін емес. Қаннен-қаперсіз, нағашысына келген жиендей. Оның жатқан жерінде қойнынан тылтық тапанша алынды да жүнді, көк жазулы екі білекке кісен салынды. Ол кезін милиция кезекшісінің алдында бір-ақ ашты. Алпамса сарының қалпағын жұлып алғанда кім екені айқын бола кетті. Ол түрмені өз үйіндей көретін, үй тонап, қалтаға түсіп күн көретін, «миллионер» аталатын жанбақы болып шықты.
Қара есек бұдан кейін Әметті де мас күйінде милицияның осы бөлімшесіне екі рет әкелді. Қара есек осылай милиционер қызметін атқарды. Бір жақсы жері Әмет кейін арақ ішпейтін де, арбада ұйықтамайтын да болды...
1987
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі