Өлең, жыр, ақындар

Қапас құрсауы

1925 жылдың шамасында бүкіл жарық дүниеге сүйкімді қызық бір тіршілік иесінің бейнесі кеңінен тарады, — ол тіршілік иесі қазір ұмыт болды деуге болады, бірақ ол кезде, яғни үш-төрт жыл қатарынан Аляскадан Патогонияға, Маньчжуриядан Жаңа Зеландияға, Лапландиядан қайырымды Үміт мүйісіне дейін, біз сөзбен айтқанда, қай жерде гүлді открыткалар шықса, сол жердің бәрінде әдемі Сһееру' деген аты бар тіршілік иесі тарап жатты.

Оның шығу тегі вивисекция (тірі жәндікті сүю) мәселесімен байланысты дейді. Нью-Йоркте тұратын суретші Роберт Горн бірде өзінің кездейсоқ танысы жас физиологпен бірге тамақтанып отырады. Әңгіме желісі тірі аңдарға келіп тіреледі. Әлі лабораториялық зұлымдықтарға бой үйрете қоймаған, әсершіл физиолог, бұл ғылым адам баласының бойында өзінің болмыс-бітімімен, жан жылуымен, еркелігімен сүйіспеншілік тудыратын хайуанаттарға да зымиян қаталдықтар көрсетіп қана қоймайды, сол бір сәтте ашкөз есірік құмарлыққа түседі, — тірідей теуіп-соғып, қажеті жоқ болса да, кескілеп-турап тастайды деген ой айтты. "Сіз білесіз бе, — деді ол Горнге, — журналдарға әдемі, әсерлі суреттер салып жүрсіз; одан да сіз, азапты өмір сүріп жүрген бір құйтақандай аң туралы, мәселен, теңіз шошқасы туралы сурет салыңыз да, оны модалар толқынына қоя беріңіз. Ол картинаға шошқа мен лаборатория арасындағы қасіретті байланысты ишаралап болсын жеткізетін сөз ойлап табыңыз. Менің ойымша, өте бір қызық, айрықша бейне дүниеге келген болар еді, оған қоса шошқаны моданың үлдесі мен бүлдесіне орап көрсетсе, онда сол бір сүйкімді мақұлықтың басына төнген қауіп жұрттың көңілін аударған болар еді". "Білмеймін, — деп жауап берді Горн, — олар маған егеуқұйрықты еске түсіреді. Оларды қояйық. Қандауыр астында шыңғырып жата берсін". Бірақ осы әңгімеден соң бір айдан кейін Горн түрлі-түсті журнал баспасының өтінішімен сериялық картиналар үшін тақырып іздеп жүріп сезімтал физиологтың кеңесін есіне түсірді, — сол кеште оп-оңай, өте тез Чипи деген теңіз шошқасы дүниеге келе қалды. Ол сурет жұрттың көңілін бірден аударды, тек көңілін аударып қана қойған жоқ, — оның жылтыраған моншақ көзі, домаланған түрі, толық бөксесі мен жылмағай маңдайы, саршұнақ құсап артқы екі аяғымен тұрғаны, қара, қоңыр, айқынды секпілдері, — ең бастысы — көзге көріне бермейтін тартымдылығы — тұрысымен-ақ күлкі шақыратын, фантастикалық, бірақ қарапайым бейнесі жұртты жаулап алып еді, — өйткені Горн ол мақұлықтың болмысынан карикатуралық сызықтар таба білген-ді, ол сызықтар оның бойындағы ойнақылықты, айрықша бөліп көрсетіп қана қоймай, адам бейнесіне жақындатқан еді. Басталды да кетті: кеміргіштің бас сүйегін алақанына сап көтеpiп тұрған Чипи (этикеткасында Cavia cobaia' деген жазу бар) және "Байғұс Йорк" деп айқайлап тұр; Чипи гимнастика жасамақ боп қарнымен лаборатория үстелінің үстінде жатыр, — аяқтарын желкесіне жіберген (оның артқы аяқтары қаншама жетістіктерге жеткенін байқап көр)\ Чипи тік тұрған қалпы өте бір жіңішке қайшымен тырнақтарын алуда, — ал айналасында ланцет, мақта, инелер, таспалар... жатыр. Көп ұзамай-ақ операциялық ишаралар мүлде айналыстан шығып қалды да, Чипи басқа ортада, мүлде басқа жағдайда пайда бола бастады — чарльстон билеп жүр, рақаттанып күнге күйіп жатыр т.т. Горн репродукциялардан, гүлді открыткалардан, фильмдік суреттерден, сондай-ақ Чипидің үш өлшемдік бейнелерінен шұғыл байи бастады, өйткені Чипи сияқты пүліш, шүберек, ағаш, саз балшықты мақұлықтар қаптап кетті. Бір жыл ішінде оны бүкіл әлем танып болды. Физиолог жұртқа теңіз шошқасы туралы бұл идеяны Горнға мен бердім деп жүрді, бірақ оған ешкім сенген жоқ, сонан кейін ол бұл әңгімені айтуды доғарды.

1928 жылдын басында Берлиндегі кескіндеме өнерінің білгірі, дүние жаңалығына құлағы түрік, бірақ көп көзге түсе қоймаған Бруно Кречмарға түкке алғысыз, дәлірек айтқанда ақымақтық бір іске эксперт болуға тура келді. Жұрт аузынан түспей жүрген суретші Көк фильм артисі Дорианна Каренинаның портретін салды. Жеке кремдер фирмасы одан өзінің ерін помадасы үшін жарнамаға оның портретінің көшірмесін пайдалану құқығына ие болды.

Портретте Дорианна өзінің жалаңаш иығына үлкен пүліш Чипиді қыса құшақтап тұр. Горн Нью-Йоркте оны бірден сотқа берді.

Бұл істің, шынын айтқанда, маңыздылығы бір-ақ нәрсе еді — көбірек шу шығару: картина мен актриса туралы жазып, помаданы сатып алып жатты, бұл іс жұрт көңілі бәсеңси бастаған Чипиге деген ынтызарлықты қайта қоздырып, енді Горн оны қолына гүл ұстатып, көзін төмен сап мұңайған кейіпте, "Noli me tangepe" (Маған тиіспе) деген жазумен салатын болды. "Бұл Горн өзінің аңын қатты жақсы көретін болу керек", — деді Кречмар жағасының астындағы терісі қатпарланып жүретін, толық денелі, мейірімді жан Макс балдызына. "Сен не, оны жақын білесің бе?" — деді Макс. "Жоқ, мен оны қайдан білейін. Ол Америкада тұрады. Егер ол жарнамаға қарайтын жандардың жанары әйелден гөрі аңға көбірек қадалатынын дәлелдей алса, онда ол бұл істе жеңіп шығады", — деді. — "Қандай істі?" — деп сұрады Кречмардың әйелі Аннелиза.

Әбден иі қанған іс туралы бөстекі сұрақ қоя салу ол әйелдің қанына сіңген әдет, ол әдет көңіл аудармаудан емес, ақыл-ойдың тозғанынан пайда болған. Мұндай алаңғасар сұрақ бере тұрып, Аннелиза оның жауабын біліп тұрады. Күйеуі әйелінің ол әдетін жақсы білетіндіктен, оған онша көп ренжи қоймайтын да, жауап берместен тек сәл ғана күлген боп сөзін жалғастыра беретін, ақырында күткендегідей боп шығады, — әйелі өз сұрағына өзі жауап береді. Бірақ бұл жолы, сол бір наурыз күні, бір апта бойы азапқа сап, біртүрлі құпия қиналысқа түскенінен бе, Кречмар шарт кетті. "Сен немене, айдан түстің бе?" — деп айқай салды, ал әйелі қолын бір сілтеп: "Иә, есіме түсті. Асықпау керек, балам, асықпау керек", — деп, шоколад кремін бұралақтап соғып жатқан сегіз жасар қызымен болып кетті. "Заң тұрғысынан қарасақ...", — деді Макс сигарасын бұрқ еткізіп. Кречмар ойланып қалды: "Горнда, Макстың ой-пікірінде, шоколад кремінде менің не шаруам бар. Мен осы әлдененің ығында кетіп бара жатқандаймын. Тоқтау керек, өзімді қолға алуым керек..."

Адам сенбестей оқиға, — үйленгелі тоғыз жыл ішінде Кречмар бір де бір рет әйелінің көзіне шөп салған емес, дәлірек айтқанда тән қатынасына бармаған. "Шынына келсек, — деп ойлады ол, — Аннелизаға айту керек пе, әлде ештеңе айтпау керек пе, онымен бірге Берлиннен уақытша кеткен дұрыс па, жоқ әлде гипнотизерге барамыз ба, не болғанда да жоқ ету керек, тамырынан қию керек..." Бірақ бұл түкке тұрмайтын ой еді. Саған ұнағаны үшін ғана "браунинги" алып, оны атып жіберуге болмайды ғой.

Өзінің ажарлы түр-тұрпатына, ақжарқын мінезіне, көгілдір томпақ жанарындағы отты ұшқынға, бейнелеп сөйлейтіндігіне (сәл-пәл тұтығатын да, онысы оның сөздерін тіпті тартымды етіп жіберетін), тіпті әкесінен мұраға қалған жер мен ақшаға қарамастан Кречмардың махаббаттан жолы болмады. Студент жылдарында ол кексе бір әйелмен көңіл қосып жүрді, кейіннен соғыс жылдарында ол әйел майдандағы оған шұлықтар, күпәйке және бұжыр-сары қағазға жазылған түсінуі қиындау ұзақ, ындын-ықыласты хаттар салып тұратын. Сонан кейін бір дәрігердің әп-әдемі, нәзік, томаға-тұйық әйелімен байланыста болды, бірақ оның жүйке ауруы болып шықты. Сонан кейін Бад-Гамбургте тістері аппақ бір орыс әйелімен таныс-біліс болды да, бір күні кеште ол кенет "менің тістерім алмалы-салмалы, оны мен түнде алып тастаймын. Сенбесеңіз қазір көрсете алам", — деді. "Керегі жоқ, не үшін", — деп күбірлеген Кречмар, келесі күні кетіп қалды. Ақырында, Берлинде, оған аптасына үш рет келіп түнеп кететін, жабысқақ, ажарсыз бір әйел болды. Ол өзінің өткен өмір туралы бүге-шігесіне дейін қалдырмай, бір оқиғаға қайта-қайта оралып, оның құшағына кіріп ап, француздың "С' est la vie", — деген сөзін жиі-жиі аузына aп, күрсіне түсіп ұзақ әңгіме соғатын.

Осы бір сәтсіз, солғын романдардың арасында өзі армандаған, бірақ танысуға жолы түспеген, орны толмайтын азапты әсер қалдырып әйелдердің қаншасы өтіп кетті десеңші!

Ол үйленгенде оған деген махаббат түгілі, кішкентай бір толқыныс та болған жоқ: ол бір көрмекке әп-әжептәуір, ақшыл шашты, нұрсыз жанарлы, мұрнының дәл үстінде безеуі бар театр антрепренерінің қызы еді, — терісінің нәзіктігі сонша, сәл ғана тиіп кетсең-ақ онда қанталаған із қалатын. Қалай үйленіп қалғанына өзі де жөнді түсінбейді — оған, сөз жоқ, онымен, ағасымен, Понтрезинада аяғын сындырып алған палуан денелі оның әпкесімен бірге тауға жиі-жиі шығып тұрғаны ықпал етті. Аннелизаның бойынан сылқ-сылқ күлген кезде сүйкімді бір қылық өзіне тартып тұратын. Берлиндегі таныстардың көптігінен қашып, олардың некесі Мюнхенде қиылды. Талшын гүлдеген кез. Қонақ үйдегі бір малай сегіз тілде сөйлей алады екен. Әйелінің жіңішке сызаты бар — соқыр ішектің орны.Ол мінезі жұмсак, көнбіс, момын еді, тек анда-санда ұстамасы ұстап кететіндей ала құйын ындын құштарлығы басталатын да, Кречмар басқа әйелдерге көз салмай қоятын. Көп ұзамай ол екіқабат болды да, жерігін баса алмай, ешкім жоқ кезде бақтағы шарбақтардың үстінде скамейкалардың арқалығына қонған ақ қарды уыстап қарпып асап-асап алатын. Ол оған ыстық ықылас көрсетіп, асты-үстіне түсіп бақты, — ертерек жатуын, шалт қимылдап қалмауын қадағалады, — түнемелікке оның түсіне жап-жас жартылай жалаңаш әйелдер мен қаңырап жатқан жағажайлар кіріп, әйелі үстіме түсіп қала ма деген қорқыныштан оянып кетеді. Таңертең Аннелиза айна алдында өзінің томпайған қарнына қарап, көңілі тоғайып, жұмбақ күлімдеп қоятын. Ақырында, оны емханаға алып кетті де Кречмер үш апта бойы жалғыз қап, өзін қоярға жер таппай аласұрып, екі нәрседен өлгенше қорықты, — әйелім өліп қалады-ау деген ойдан, егер осыншалықты қорқақ болмасам, бір бардан әйел алып кеп жатын бөлмеме кіргізер едім деген ойдан.

Оның толғағы ауыр болды. Кречмер аурухананың ұзын ақ дәлізінің бойымен әрі-бері жүрді де қойды, кейде темекі тартуға дәретханаға барады да, кілең оны ығыстырып тастағысы келетін, қасынан сусылдап олай-бұлай өтетін медбикелерге ызаланып тағы тұрып кетеді. Ақырында әйелінің палатасынан бір медбике шықты да: "Бәрі бітті", — деді. Кречмардың көз алдына әбден тозған кинематографис ленталарындағы алабажақ сызықтар сияқты, қара жаңбыр пайда болды. Ол палатаға кіріп барды. Сөйтсе, Аннелиза сәтімен босаныпты. Алғашқы кезде нәресте, желі шыға бастаған, ауа үрленген шар сияқты қып-қызыл әжім-әжім болды. Көп ұзамай ол ет алып, бір жылдан кейін тілі шыға бастады.

Енді сегіз жыл өткен соң ол шешесінің момындығына тартып әлдеқайда аз сөйлейтін болды, — көңілденсе де шешесі сияқты көңілденеді, — айрықша, адамды ығыр етпейтін көңілділік, бейне бір адам өз қуанышы өзінде боп, өзінің тіршілігін қанағат етіп көңіл көтеретіндей.

Осы жылдар ішінде Кречмар әйеліне адал болды. Ол адамды қаншалықты сүю керек болса, әйелімді де сол сияқты берік және іңкәрлікпен сүйем дей тұра, өзінің екіжүзділігіне таңғалды, кейде нақты әрекетке бармаса да, жас сұлу аруларды құшағына ап құшырлана құшқысы кеп кететін-ді. Кречмар әйелімен ашық сөйлесетін: әйелі оның жіберетін де, келетін де хаттарын түгел оқитын, өйткені ол сондай көрсеқызар еді, аукциондық картиналармен, экспертизалармен, көрмелермен байланысты оның кездейсоқ істерінің бәрін сұрап-біліп отыратын, — сонан кейін өзі жауап беретін сұрақтар қоятын. Шетелдерге, Италияға, Францияға шықкан сәтті сапарлар, Ирманың ауырып қалған сәттері болды. Сондай- ақ әйелі екеуі балконда отырып күтіп алатын қоңыржай кештер де болды, сондай кездерде ол осындай бақытқа лайықтымын ба деп ойлайтын. Үстіне шаң қондырмаған, кемеліне келген тыныш, бірқалыпты жылдар ішінде, қырықты алқымдап қалған тұста, Кречмар кенет өзіне қарай айрықша, бас айналдырып есті шығаратын, сонау бір жасөспірім кезінде қалып қойган сезім толқыны келе жатқанын байқады.

Бірде наурызда (теңіз шошқасы туралы әңгімеге дейін бір апта бұрын) Кречмар бір шаруамен танысына сағат онда жолығу үшін жаяулап дәмханаға бара жатты да, сағаттың әлі сегіз жарым екенін байқады. Қаланың бір шетіндегі үйіне қайту мүмкін емес, дәмханада бір жарым сағат бойы отырып, айқай-шулы музыка тыңдау да, көзінің астымен біреулердің нақсүйерлерін аңду да оған онша ұнай қоймады. Көшенің қарсы бетінде ақ қарға қызыл жарығын төгіп шағын ғана кинематографтың қызыл шамдары жанып тұр. Кречмар жарнаманы шолып өтті де (сары шашты әйелді көтерген өрт сөндіруші) билет алды. Кинематографты ол қатты құрметтейтін, тіпті кезінде осы салада өзі де бірдеңе атқарып тастағысы келген, — Рембранд, немесе Гойя негізінде фильмдер түсіру. Барқыттай жұмсақ қараңғы залға кірген бойда (бір сеанс аяқталуға жақын қалыпы) оған қарай электр қол шамы тез жылжып келді де, оны қараңғы бір түпкірге апарып жайғастырды. Оның қолындағы билетке жарық түскен сәтте, шам ұстаған қыздың жүзін аңлап қалды да, сонан кейін оның соңынан ерген кезде сыртқы тұлғасын еміс-еміс қана байқап, жүрісінен самал желдің лебін сезінгендей болды. Ортадағы қатарлардың шетіне отырып жатып, ол қызға тағы қарап, арбалды да қалды, — шам жарығы түскен жанардағы жарқ-жұрқ еткен ұшқын, өте ұлы шеберлер ғана дүниеге келтіретін қара фонда балқып, еріп тұратын келісті келбет. Ол кейін шегініп қараңғылыққа сіңіп кетті де, Кречмардың көңілі аңылжып қоя берді. Экранға қарау өзінің мәнін жоғалтты — бұл білмейтін бір оқиғаның түсініксіз түйіні шешілейін деп жатыр екен (иықты келген біреу шегініп бара жатқан әйелге төніп қапты). Егер картинаны басынан бастап қараса, осы бір түсініксіз персонаждар мен осы бір түсініксіз әрекеттер әрі түсінікті, әрі мүлде басқаша қабылданар еді деп ойлаудың өзі қызық еді.

Рояль ойнауын тоқтатып, залға жарық түскенде ол оны тағы көрді: жаңа ғана өзі ысырып тастаған пердеге тиер-тимес боп шығар есіктің алдында тұр екен, айран түстес жарыққа тоғайған адамдар оның қасынан өтіп бара жатты. Бір қолын оюлы алжапқышының қалтасына салып алыпты. Кречмар оның жүзіне бір түрлі үрейлене қарады. Азапқа түсіретін ғажап жүз. Шаршап-шалдыққан тұр. Он бес, он алтылар шамасындағы қыз.

Сонан кейін зал босап, басқа адамдар кіре бастады, ол оның жанынан тағы да бірнеше рет өтті, жақыннан тіпті әдемі боп көрінеді. Ол жүзін бұрып жан-жағына қарады, өйткені оған көз тігіп отыру тым ауыр еді, ғұмырында оның қасынан қаншама сұлулықтар өтіп, ізі-қайым жоғалғанын есіне алып отыр.

Экранға қадала қарап қараңғыда жарты сағаттай отырды. Оған перденің етегін түрді. "Қарап ал!" — деді ол өзіне-өзі ызалана. Қыздың ерні сәл ғана дір ете түскендей болды. Ол пердені түсірді. Кречмар сыртқа шығып қызыл шалшықты басып қалды, — қар еріп жатыр, жып-жылы жел соққан сұрғылт түн.

Үш күннен кейін ол шыдай алмастан ұяла қысылып, сонымен бірге кеудесін бұлыңғыр бір мақтаныш көріп, ол тағы да "Аргусқа" бет алды, тағы да сеанстың соңына таман барыпты. Бәрі де алғашқыдай болды: ұзынша жанар, жел, қараңғылық, пердені сілкіп ашатын қолдың қылықты қимылы. "Нағыз Донжуан онымен бүгін танысар еді", — деп ойлады Кречмар. Экранда теңіз шошқасы Чипи орыс балетін ойнаған боп бұраң-бұраң етеді. Сонан кейін "Шие гүлдегенде" деген жапон картинасы басталды. Кречмар шығып бара жатып, мені білесің бе, деп сұрағысы келді.

Көзімен көзі кездеспеді. Жаңбыр жауып, асфальт қып-қызыл боп жарқырайды.

Егер ол бұрын жасамаған нәрсесін жасаса, — жарқ ете қалған сұлулықты ұстап қалуға әрекет етіп, тағдырдың өзіне күш көрсетпесе, — онда ол "Аргусқа" бармас еді де, өзін дер кезінде ауыздықтаған болар еді.

Енді бәрі кеш. Үшінші барғанында ол оған күлімсіреп қарағысы келді де, бірақ жүрегінің алып-ұшып кеткені сонша, өзін-өзі игере алмай, сол сәтті өткізіп алды. Келесі күні түскі тамаққа балдызы келіп, Горнның ісі сөз боп, қызы шоколад кремін бұралақтап жеп, әйелі орынсыз сұрақ қойды. "Сен немене, аспаннан түстің бе?" — деп дүңк ете түсіп, ашуын сылап-сипап жіберу үшін күлімсіреген болды. Түскі тамақтан кейін ол кең диванда әйелімен қатар отырып aп, өзінің қайта-қайта сүюімен оған "Die Damerei" қарауға кесір жасап, іштей ойлап қояды: "Бос былжырақ... Мен бақыттымын ғой... Маған тағы не керек? Енді мен ол жаққа бармаймын".

Оны Магда Петере деп атайтын, шынында да ол бар болғаны он алты жаста еді. Әке-шешесі швейцар ісімен айналысатын. Соғыста контузия алған шашы аппақ әкесі, басы қалтаң-қалтаң етіп, болмайтын нәрсеге шат-шәлекей ашуланатын. Әлі жап-жас, бірақ толысып кеткен, қай уақытта да қолы шапалақ жұмсауға әзір тұратын салқын, дөрекі мінезді шешесі сыпырып, қағып — сіліккен кезде шашым шаң боп қалмасын деп орамалын шарт байлап алатын, ал жұмыстан кейін боянып-таранып көшеден өтіп қонақтыққа тартатын. Тұрғындар оның көкіректігін, келген адамдарға аяғыңды сүрт, мраморды (олар онсыз да көп емес еді) баспа деп талап ететінін жақтырмайтын. Ол әйелдің түнемелікке түсіне қанттай аппақ ертегідей басқышпен жоғары шығып кеткен, бірақ әр текпешекке табанының бадырайған оң аяқ, сол аяқ, оң аяқ, сол аяқ, — қара іздері қалған, кішкентай адамның тұлғасы кіреді... Бұл ол үшін азапты түс еді.

Қазір велосипед фабрикасында жұмыс істейтін, әкесінің бюргерлік республикашылдығына күдікпен қарайтын, одан үш жас үлкен ағасы Отто жақын қабақтардың бірінде отырып aп саясат туралы әңгіме айтып, жуан жұдырығымен үстелді қойып қап: "Адам алдымен тамақ жеуі керек" — деп айқай салатын. Оның ең басты аксиомасы осы — өте әділ аксиома.

Магда бала кезінде мектепке барды, онда, қит етсе сойып салатын анасынан сәл қимыл көрсе сол қолымен басын қорғап шыға келетін әдет тапқан, — үйден гөрі анағұрлым жақсы еді. Солай бола тұра ол, көңілді, өжет қыз боп өсті. Ол сегізге келген кезде, оны ешқандай себеп-салдарсыз, көрші тұратын қадірлі бір шал оңдырмай шымшып алды. Ол кезде Магда көшенің қақ ортасында өтетін у-шуы, алыс-жұлысы көп футбол ойынына қатысуға әуес еді. Ол он жасында ағасының велосипедін айдауды үйреніп ап, шашы желбіреп, өзінің көшесінде айқайды салып олай-бұлай заулап жүретін, сонан кейін тоқтап, бір аяғымен жер тіреп ойланып қалатын-ды. Он екі жасқа шыққанда желігі шамалы басылып, есіктің жақтауына сүйеніп ап көміршінің қызымен, осы үйдегі тұрғындарға келіп-кетіп тұратын әйелдер туралы сыбырласып, немесе өткен-кеткеннің көйлектері мен қалпақтарына қарайтын. Бірде ол басқыштан мыж-мыжы шыққан сөмке тауып алды, оның ішінен шаш жабысып қалған сабын мен әдепсіз суреттері бар открыткалар шықты. Сонан кейін күні кеше ғана, ойын кезінде оны шалып құлатпақ болатын бір гимназист ашық мойнынан сүйіп алмақ болды. Тағы бірде ол түн ортасында жын ұрғандай аласұрып кетті де, оны су бүркіп, ұрып-соқты.

Бір жылдан кейін ол моп-момақан қалыпқа түсті, ашық қызыл қысқа көйлегін киіп, кинематографты өлгенше жақсы көрді. Қарсы үйде бұйра шашты, шұбар күпәйкелі, кешке қарай терезеден басын шығарып оған күлімсіреп қарап тұратын бір жас жігіт пайда болды да, көп ұзамай олар көшіп кетті.

Кейінірек ол сол бір өмірін аңсары ауа есіне алатын, — сол бір жарқын, жып-жылы, тып-тыныш кештер, сарт-сұрт етіп жабылып жатқан дүңгіршектер, бір нәрсені жоққа шығарардай басы қалтаң-қалтаң етіп орындыққа кері отырып aп трубка тартатын әкесі, корил әйелмен тұрғындардың түсініксіз қатынастарын айтып ("Мен сол кезде оған айтқам... ол маған айтқан") бұрқылдап жүретін шешесі, тор дорбасын толтырып үйге оралатын Брон ханым, сәлден кейін келетін қызметші әйел Лизбет... Қызыліңір түседі. Міне, екі-үш достарымен ағасы келді, олар оны жайлап ығыстырып, жалаңаш қолынан ұстайды, біреуінің жанары Файттың жанарындай. Күннің шұғыласы түсіп тұрған көше тым-тырыс болады. Қарсыдағы балконда екі жалтырбас карта ойнап отыр, — олардың өp қимылы естіледі.

Ол он төртке шығып бұрыштағы жазу қағазын сататын дүңгіршекте істейтін қызбен достасып, оның сіңлісі натурашы боп істейтінін, тіпті құйтақандай бола тұра, оның әп-әжептеуір табыс табатынын білді. Магда да армандар пайда болды. Натурашы қыздар мен фильмдегі қыздардың арасы қол созым-ақ боп көрінді. Сол тұста ол би үйреніп, құрбы қызымен бірге "Парадиз" бал залына барып көрді, джаз ойналып жататын ол жерде жер ортасына келіп қалған еркектер оған тосын ұсыныстар жасады.

Бірде ол өзінің шешесінің бұрышында тұрған; жолдың шетіне мотоциклін кілт тоқтатып, бұрын бірнеше рет көрген, сұрғылт шашын шалқайта қайырған, ерек былғары куртка киген бозбала қыдыртып қайтайын деді. Магда күлді де, артына отырып юбкасын жөндеді, келесі сәтте ол қатты жылдамдықтан тұншығып қала жаздады. Ол оны қаладан алып шығып кетті де, тоқтады. Күн батар алдындағы кеш болатын, шыбын-шіркей шыға бастады. Айнала қарағайлар мен емендер. Мотоциклист түсіп, жолдың жиегіндегі оның қасына келіп отырды. Ол оған жақында Испанияға барып қайтқанын, парашютпен әлденеше секіргенін айтты. Сонан кейін ол оны құшақтап, қатты сүйе бастады, оның ішіне әлдене еріп құйылып кеткендей болды. Кенет тұла бойы біртүрлі боп кетті де, боп-боз боп жылап жіберді: "Сүюге болады, — деді ол, — бірақ жұлқып-сілкуге болмайды, менің бүгін басым ауырып тұр". Мотоциклист ашуланды да, Магданы мінгізіп ап бір көшенің басына тоқтап түсіріп кетті. Ол үйіне жаяу оралды. Оның қайда кеткенін көріп қалған ағасы мойнынан бір ұрып, аяғымен тепкен кезде шалқалай құлап тігін машинасына соғылды.

Қыста ол ақыры құрбы қызының сіңлісімен және түрі маңғаз, бір жақ бетін түгел дерлік алқызыл қал басқан кексе бір әйелмен танысты. Оның аты-жөні Левандовская екен. Магда сол Левандовскаяға қызметке орналасты. Оны көптен бері масыл деп сөгетін әке-шешесі де, одан құтылып мәз боп қалды. Шешесі табыс әкелетін кез келген іс адал дейтін. Кедейлердің қызын сатып алатын капиталистер туралы қатал сөздер айтатын ағасы, ол кезде Бресловлде уақытша жұмыс істеп жүрді де Левандовскаяға тым кеш, тым кеш келіп тиісті.

Ол алғашқыда бір қыздар мектебіндегі үлкен сынып бөлмесінде қақшиып тұрып, сонан кейін нағыз ательеге ауысты, онда оның суретін тек әйелдер ғана емес, еркектер де, тіпті жап-жас жігіттер де салатын болды. Бәрі де бір қалыпта өтіп жатты.

Қысқа шашты, тыржалаңаш ол, алға созылған қолына сүйеніп, кілем үстінде бір қырындап отыр, — содан оның шынтағының орнына елжіреген әжімді көзі көрінеді, — әбден діңкелеген ойлы қалыпта ашаң денесімен алға иілген, көздерін бір көтеріп, бір түсіріп тұрған суретшілер сияқты. Қабағының астымен қарайды да қарындаш сызықтарының жеңіл сыбдыры мен көмірдің сыбысын есітеді, — сәлден кейін-ақ оған қайсысы санын, қайсысы басын салып жатқанын ойлау оның ішін пыстырып жіберді де, қашан басқа қалыпта отырам деген ойға ойысады. Жалығып кеткені сонша, енді ол көзін сығырайтып суретшілердің ішіндегі көрікті біреуіне жанарын тоқтатты, ал, ол аузын сәл түріп, жүзін көтерді. Бірақ Магда оған қанша қараса да, ол тіпті де қысылы-қымтырылар емес, бұл жағдай оның ептеп ызасын тудырды. Ол бұрын осыншама қадалған көздердің астында жападан жалғыз отыру ұят сияқты көрінетін, енді қазір жылы ваннада отырғандай емін-еркін отыр. Сөйтсе, тіпті де ұят емес екен, тек шаршатып, жалықтырып жібереді екен. Ақырында ол өзінің көңілін алдарқату үшін әртүрлі нәрселер ойлап таба бастады, мойнынан моншағын алмады, ернін бояды, басқа да әртүрлі нәрселер жасады. Мұны біреуден естіген Левандовская оны жерден алып, жерге салды.

Бұдан қандай нәтижеге жететінін білмеген Магданың ойы бұлыңғыр еді. Фильмдегі қыздардың бейнесі алыс қиырлардан қол бұлғағандай болады. Сусар жағалы сәнді пальто киген мырза лакталған автомобильге отырғызды. Қымбат дүкеннің витринасынан көз арбап тұратын, құйылып құбылған, жүргенде сусылдап қоя беретін көйлек сатып алды. Сағаттар бойы тыржалаңаш отырып, одан ең болмаса өзінің бір портретін де алмау, оған бос әуре боп көрінді. Оның тағдырының қолбасшысы — кинематография деп білді. Левандовская "ғашық боп қалған провинциал" туралы алғаш айтқан сол көктемгі кеште де ол оған назар сала қойған жоқ.

"Саған серіксіз өмір сүруге болмайды, — деді Левандовская сабырмен, кофе ішіп отырып. —Сен өжетсің, сен ойнақысың, сен серіксіз құрып кетесің. Ол сондай қарапайым адам, қаладан алыс тұрады, оған да қарапайым жан керек".

Магда тізесінің үстіне Левандовскаяның итін ұстап отырған — тұмсығына ақ кірген, мойнында сүйелі бар толық сары тазы. Ол иттің жібектей жұмсақ құлағын уыстап, түкке түсінбей:

"Әлі уақыт бар. Мен әлі он бесте ғанамын. Не керек? Оның бәрі бос әңгіме, мен ол мырзаларды білемін", — деді.

"Сен ақымақсың", — деді Левандовская ренжи сөйлеп, — мен саған бір бозынбай туралы айтып отырғам жоқ, сені көшеде көріп қап, тек сен туралы ойлап басы қатып жүрген қайырымы мол, жомарт адам туралы айтып отырмын".

"Бір шал—сауан шығар", — деп Магда, иттің маңдайынан сүйіп алды.

"Ақымақ, — деп қайталады Левандовская. — Ол отызда, сақал— шашы алулы, сән—салтанатты — жібек галстук, алтын мүштек. Оның тек жаны ғана қарапайым".

"Қыдырып қайт", — деді Магда итке, — ит еденге сырғып түсіп, дәлізге шықты да, әлденеден қорқып, барлық қартайған тазылардай, бүкшиіп тұра қалды.

Әңгіме болып отырған мырза провинциал да емес, қарапайым да емес, Мюллер де емес еді (сол аты-жөнімен танысқан). Левандовскаямен ол Гамбургтен Парижге барар жолда покер ойнаған қызу қанды екі коммивояжер арқылы танысып еді. Алдын ала бағасы айтылған жоқ: оған күліп тұрған қыздың суретін көрсеткен, Мюллер енді өзін көрсетіңдер деген-ді. Белгіленген күні Левандовская самса сатып ап, көп кофе қайнатып, бүгінде тозып баланың киіміндей тар боп қалған қызыл көйлегіңді ки деп кеңес берген, алтылар шамасында күткен қоңырау да шалынды. "Немен тәуекел етем, — деп ойлады ақырғы рет Магда. — Егер ол бір жексұрын болса, онда оған дол солай деп айтам, ондай болмаса бір шешімге келуге әлі үлгерем".

Өкінішке орай, Мюллердің жексұрын ба, жақсы ма онысын айыра қою оңай боп шықпады. Бір түрлі өзгеше бет әлпет. Қалың қара шашы қалай болса солай айырылып таралған, суалып тұрған жағына жұқа күріш тозаңы қонғандай бозарып көрінеді. Жалт-жұлт еткен күзен көзі мен үшбұрышты танауы бір сәт тыным таппайды, солай бола тұра, аузының қапталында жұмсақ екі қатпары бар жүзінің төменгі жағы селт етпейді, — тек анда-санда ғана дүрдік еріндерін жалап қояды. Үстінде тропикалық аспан түстес көгілдір көйлек, галстук және сұрғылт көк костюм. Қайратты кең иықтарын қозғап маңғаз жүреді екен, — ол ұзын бойлы сымбатты еркек еді. Магда мұндайды күтпеген еді, ол қолын айқастырып орындыққа жайғасты да тісінің арасымен ғана Левандовскаямен Берлиннің көрнекті жерлері туралы әңгімелесіп отырды. Ол енді Магданы көзімен ішіп—жей бастады; кенет өзінің сөзін өзі кілт үзіп, тікесінен есімін сұрады. Атын айтты. "Ә-о, Магдалина", — деді ол күлген боп, сонан кейін одан көзін аударып өзінің Левандовскаямен күңкілдескен әңгімесін одан әрі жалғастыра берді.

Сәлден кейін ол үн-түнсіз қап темекісін тартты да, ісініп кеткендей дүрдиген ерніне жабысып қалған папиростың жұқа қағазын сыдырып алып жатып: "Левандовская ханым, идея бар. Менің есебімнен автомобиль алыңыз да операға барыңыз — менде артық билет бар, дәл уақытында үлгересіз", — деді.

Левандовская алғысын айтып, бүгін шаршап отырмын, үйде боламын деп сыпайы ғана бас тартты. "Сізге екі ауыз сөз айтуға бола ма?" — деп Мюллер ренжіңкіреп орынан тұрды. "Тағы бір шынаяқ ішіңіз", — деді Левандовская байсалды қалыппен. Ол иығып бір қозғап Магдаға орып жіберердей жалт қарады да, кенет ақжарқын қалыппен күлімсіреп онымен диванға қатар отырып, "Лоэн гринада" аққуға отыра алмай, келесісін күтуге бел байлаған өзінің бір таныс әншісі туралы бірқатар анекдоттар айтуға кірісті. Магда еріндерін тістелеп, басын бұрып күлкіден өліп қалыпты. Левандовскаяның омырауы селк-селк етеді.

Алдын ала шамалы ғана ақша алған, бірақ көп ақша дәметкен Левандовская оның қасынан бір адым кетер емес. Соның келісімі мен Магда суретшілерге бармай, көп күн қатарынан кесте тігіп отыратын болған. Кейде ол итті қыдыртуға шығарғанда Мюллер ымырт ішінен шыға кеп, онымен қатарласып жүреді, бұл қысылып қалады да, жүрісін шапшаңдатады, ал қартайған тазы бір бүйірлей ілесе алмай кейін қалып қояды. Левандовская бұл кездесулерді біліп қап, итті өзі қыдыртатын болды.

Танысқандарынан бері осылай бір апта өтті. Бірде Мюллер ерекше шара қолданбақ боп шешті. Іс өзінен-өзі шешілейін деп тұрғанда, жеңгетайға аса көп ақшаны ұстата салу ақымақтық болар еді. Кешкілік келіп ол көп күлкілі сөздер айтты, үш шыныаяқ кофе ішті, сонан кейін бір оңтайлы сәтті пайдаланып Левандовскаяға жетіп барды да, оны орнынан тік көтеріп aп шұғыл түрде ванна бөлмесіне кіргізіп, есігін жауып, құлыптап тастады. Левандовская абдырап қалғаны сонша, алғашқы сәтте дауыс шығара алмай қалды, сонан кейін айқайлап, соққылап, бүкіл денесімен есікті итеріп жанталасып бақты. "Өзіңнің заттарыңды алып, тайып тұр" — деді қонақ бөлменің ортасында басын ұстап қалшиып қатып қалған Магдаға дауыстап.

Олар осының қарсаңында ғана жалдап алынған жақсы бір бөлмеге орналасты, Магда табалдырықтан аттар-аттамастан-ақ оны біраз уақыттан бері соңынан қалмай ізіне түскен тағдырға бүкіл болмыс-бітімімен, ындынды құштарлықпен, тіпті ызалы ықыласпен берілді. Шынын айтқанда, Мюллер оған мүлде өзгеше ұнаған еді, — оның көзінде, даусында, құшағында, екі жауырының ортасын дүрдиген ыстық еріндерімен әрі-бері жүргізетін амал-әрекетінде өрен өжеттік жататын. Ол онымен көп сөйлеспейтін, күліп немесе, әлдене ойлап, оны тізесінің үстіне отырғызып сағаттар бойы отыратын. Оның Берлиндегі ісі жайлы да, жалпы оның кім екенін де білген жоқ, — әр шығып кеткен сайын, ол енді қайтып оралмайтындай, қорқатын. Осы қорқыныш болмаса, ол өзін өте бақытты сезінді де, онымен бірге тұру мәңгілікке созылса екен деп армандады. Сый—сияпат та жасады, — Париж қалпағын, сағат, — шындығында, ол онша жомарт емес еді, оның есесіне ол оны жақсы мейманханалар мен Чипидің жүріс—тұрысын көріп көзінен жас аққанша күлген үлкен кинемотографқа алып баратын. Оның Магдаға құштар болғаны сонша, кейде есіктен шығып бара жатып, қалпағын бұрышқа бір-ақ атып (қымбат қалпақты осылай етуі оны таңқалдыратын), үйде қалатын. Мұның бәрі тұп-тура бір айға созылды. Бірде таңертең ол әдеттегіден ерте тұрып кетті де, жол жүретінін айтты. Ұзақ уақытқа ма, деп сұрады. Ол оған шаншыла қарап, өзінің жарқ-жұрқ еткен алқызыл пижамымен бөлмені әрі-бері кезіп, бейне бір сабындап жатқандай қолын қайта-қайта ысқылап жүріп алды. "Біржола, біржола", — деді ол кенет, сонан кейін оған қарамастан киіне бастады. Ол, бәлкім, әзілдеп айтқан шығар — деп ойлап, артын күтті — бөлме пысынап кеткендей, көрпені серпіп тастап, керіліп-созылды да, қабырғаға қарап жатты. "Менде сенің фотографияң жоқ", — деді ол аяқкимін киіп жатып. Содан кейін ол шабаданын жинастырып, оны сырт еткізіп жапқанын есітгі. Бірнеше минөттан кейін: "Қимылдама, менің не істеп жатқаныма қарама". "Атып тастамақ па", — деп ойлап, бірақ қимылдаған жоқ. Не істемек? Тыныштық. Жалаңаш иығын болар—болмас қимылдатты. "Қозғалма", — деп қайталады ол. "Дәлдеп тұр", — деп ойлады Магда ешқандай қорқынышсыз. Тыныштық бес минөтке созылды. Осы бір тыныштықта бір сыбдырлаған дыбыс олай-бұлай көшті де жүрді, — ол дыбыс таныс сияқты, қалай таныс? "Бері қарауыңа болады", — деді ол мұңлы дауыспен, бірақ Магда қимылсыз жата берді. Ол жақындап кеп, бетінен сүйде де, шығып кетті. Ол төсекте күні бойы жатты. Ол қайтып оралған жоқ.

Келесі күні ол таңертең Гамбургтен телегармма алды: "Бөлмеге шілдеге дейін төленген, қош боп тұр". "Құдай-ау, мен онсыз қалай өмір сүрем?" — деген Магданың даусы шығып кетті. Ол секіріп кетіп өзін-өзі өлтіре салмақ боп, терезені жұлқып ашып кеп жіберді. Қарсы беттегі үйге қып—қызыл өрт сөндіру машинасы келіп, адамдар жиналып, жоғарыдағы бір терезеден қалың түтін шығып, қара қағаздар ұшып, абыр-сабыр боп жатыр екен Өртке көз алмай қарап қалған ол, өзінің әлгі ойын кейінге қалдырды.

Ақшаның да түбі көрініп қап еді; жақсы фильмдерге көрсетілетіндей, қайғыға шыдай алмастан би домханаларын кезіп жүретін болды. Көп ұзамай ол екі жапондықпен танысты да, ептеп қызу болғаннан ба, оларда қонып шығуға келісім берді; таңертең ол екі жүз марка сұрап еді, олар оған тиын-тебен ұстатты да, қуып шықты, — содан кейін-ақ байқау керек екен деп ойлады.

Бірде оның қасына мұрны шіріп кеткен алмұрт сияқты, жалтыр басының бәрін қоңырқай дақ басқан ырсылдаған толық бір қарт адам кеп отырды: "Тағы кездескенімізге қуаныштымын, есіңде ме, бойжеткен Герингсдорф жаға-жайында көңіл көтеріп ек қой". Ол оның қателесіп отырғанын айтты. Қарт кісі не ішесіз деп сұрады. Сонан кейін ол оны шығарып салмақ болды да, таксоматордың ішінде ол өзінің нағыз сұмпайы екенін көрсетті. Ол түсіп қалды. Ол да шығып шоферден ұялмай, кездесейік деп жалына бастады. Ол оған өзінің телефон нөмірін берді. Сонан кейін ол қарашаға дейін бөлменің ақшасын төлеп, сусар пальто алып берді, ол оның үйінде қонып қалды. Басында онымен жату оп-оңай болды, тез басталып, тез бітетін құшақтасудан кейін ол бірден ұйқыға кетіп таң атқанға дейін оянбайды екен. Бара-бара ол әртүрлі құйтырқы жаңа нәрселерді талап ете бастады. Гардеробы екі көйлекпен толықты. Кенет ол уәделескен кездесуге келмей қалды да, бірнеше күннен кейін ол істейтін кеңсеге телефон соғып, оның қайтыс боп кеткенін есітті. Ол шал туралы ойлау қиы-ақ болды. Ондай тәжірибені енді қайталамаспын деп шешті. Тонын сатып, ақпанға дейін күн көрді. Оны сатпас бұрын әке-шешесіне көрінгісі келді. Ол үйіне таксомотор мініп келді. Сенбі күні еді, шешесі кірер есіктің тұтқасын бояп жатыр екен. Қызын көріп, қатты да қалды. "Құдай- ау" — деп айқайлап жіберді. Магда үн-түнсіз жымиды да қойды; қайтадан таксомоторға отырып, тек терезеден ғана ағасын көріп қалды, ол көшеге жүгіріп шығып оның соңынан әлдене деп айқайлап жатты — қорқытпақ болған болу керек.

Ол арзандау бөлмеге көшіп, кешке қарай қоюланып келе жатқан қараңғылықта кушетканың шетіне қозғалмастан отырып aп, вискиді қолынан түсірмей папиросты бұрқыратып отыратын да қоятын. Не істейтіні белгісіз үй иесі кексе әйел, оған анда-санда бас сұғып әр нәрсені бір сұрап, бір туысы кинематограф боп істейтінін, табысы жаман емес екенін айтатын. Қыс қатты болды да, ақшасының да түбі көрініп қалды. "Мұнан әрі не болады?" — деп ойлады Магда. Бір күні ол өзін-өзі қайрап жақсылап боянып, опаланып алды да Фридрихштрасстағы кинематографиялық кеңсеге барып директорды өзін жұмысқа алуға көндірді. Ол, оң көзін қара шүберекпен таңып койған, сол көзімен шаншыла қарайтын орта жасқа кеп қалған мырза екен. Магда оған провинцияда көп ойнағанын, жаксы рөлдер алғанын айтты... "Кинода ма?" — деді ол, оның толқып тұрған жүзіне жұмсара қарап. Ол әлдеқандай бір фирманы, әйтеуір бір картинаны атады — өте сенімді, өте маңғаз қалыпта — өзіне-өзі іштей қайталап та қояды: "Ол мені қалай білмейді, неге ол маған күдікпен қарайды..." Үнсіздік орнады. Директор жалғыз көзін сығырайтып: "Білесіз бе, менің алдыма кеп, жолыңыз боп тұр. Менің кез келген әріптесім сіздің жастығыңызға қызығып, уәдені үйіп-төгіп, сізден сол белгілі нәрсені талап етіп, сонан кейін сізді тастап кетер еді. Мен жас емеспін, көпті көрген адаммын, менің қызым, бәлкім, сізден үлкен болуы, — мен сізге бірден айтайын: сіз ешуақытта актриса болған емессіз, мүмкін, болмайтын да шығарсыз. Үйіңізге қайтыңыз да, жақсылап ойланыңыз, әке—шешеңізбен ақылдасыңыз..."

Магда биялайымен үстелдің шетін салып қалды да жүзі бұлан — талан боп шығып кетті. Сол үйде тағы бір фирма бар екен. Ол тіпті оны маңына жолатқан жоқ. Үшінші жерде одан тезірек құтылу үшін "Телефоныңызды қалдырыңыз" — деді. Ол үйіне жынданардай боп келді. Қожайын әйел оған екі жұмыртқа қуырып беріп, Магда оны апыл-ғұпыл ызылана жеп жатқанда, арқасынан сипап, сонан кейін бір бөтелке коньяк әкеліп екі рюмкаға шүпілдете құйды да, бөтелкені қайта алып кетті. "Денсаулығыңыз үшін, — деді ол, қайта кеп отырып жатып. — Бәрі дұрыс болады. Менің ертең қайныммен кездесетін күнім, онымен сөйлесейін..."

Алғашкы кезде Магдаға жаңа жұмыс қызықты боп көрінді. Әрине кинематографияға барар жолды актриса да емес, тіпті статист те емес, осылай бастағанына қорланды да. Алғашқы аптаның соңына таман, ол өмір бақи адамдарға орын көрсетумен ғана шұғылданып келгендей әсерде болды. Жұмада бағдарлама өзгерді де, ол ширап қалды. Қараңғыда қабырғаға сүйеніп тұрып, ол Грета Гарбоны қарайтын. Екі-үш сеанстан кейін әбден жалығып кететін. Тағы бір апта өтті. Бір көрермен есік аузында абдырап, оған бір түрлі қарады — қиылып-қымтырылған, жалынышты көзқарас. Екі-үш күннен кейін кешке ол тағы келді. Ол жастау болып көрінді, әдемі киінген, көгілдір көзімен ішіп-жеп тесірейе қарады. "Өте сыпайы адам, бірақ ашық ауыз", — деп ойлады Магда. Ол төртінші ме, бесінші ме келгенінде, онын әйтеуір дәм болсын келгені көрініп тұрды, өйткені бұл фильмді ол бұрын көрген. Магданың ішкі дүниесінде әлдеқандай толқыныс пайда болды. Сонымен бірге қожайынның да ескертпесі есінен шығар емес; "Біреуге көз салсаң, — кетесің". Бірақ ол көрермен соншама ұяң боп шықты. Кинематографиядан шығып үйіне бет алған кезде, көшенің арғы бетінде оның тапжылмай тұрғанын көрді. Ол көшені кесіп өтіп, оның соңына түсетін шығар деген есеппен Магда арт жағына бұрылмастан, жүрісін баяулатты. Бірақ олай болған жоқ: ол жоқ болды. Ол тағы да екі күннен кейін "Аргусқа" келген кезде, оның жүзі дертті, абыржулы, сонымен бірге ажарлы боп көрінді. Соңғы сеанс біткеннен кейін Магда қолшатырын ашып сыртқа шықты. "Тұр екен", — деді өзіне-өзі, сөйтті де көшенің сол тұрған жағына шықты. Магданың жақындап келе жатқанын байқаған бойда ол, одан алыстай берді. Оның жүрегі алқымына тығылып, дем жетпей, ерні кезеріп кетті. Ол соңынан әлгі қыздың келе жатқанын сезіп, бақытынан айрылып қалмау үшін жүрісін жылдамдатпады да, бақыты басып озып кетер деп, жүрісін баяулатпады да. Көше қиылысына жеткен кезде Кречмар амалсыз тоқтады: автомобильдер тобы өтті. Автомобиль астына түсе жаздап, кері секіріп түсті де, оның жеңінен ұстай алды. Жасыл көз жанды, ол қыздың шынтағынан ұстап көшеден өтті. "Басталды", — деп ойлады Кречмар, — ессіздік басталды.

"Сіз малмандай сусыз ғой", — деді қыз күлімсіреп, ол қыздың қолындағы қолшатырды алды, қыз оған жақындай түсіп еді, қолшатыр төбесі қуаныштан сатырлап қоя берді. Оның жүрегі жарылып кетердей болды, — бірақ кенет жеңілдеп сала берді де, кеудесін керіп жіберген мақтаныш ауасына бойын үйіретіп, сәлден кейін қиналмай емін-еркін сөйлеп бара жатты.

Жаңбыр толастады, бірақ олар әлі қолшатыр астында келеді. Қыздың есігінің алдына тоқтады да, ол оған қолшатырын жауып, қолына ұстатты. "Кетпей тұра тұрыңызшы", — деді жалбарынған үнмен Кречмар, қолын қалтасына салып тұрып, ортан қолымен сұқ саусағындағы жүзікті, сақтық үшін алып тастамақ боп. "Кідіре тұрыңыз, кетпеңіз", — деп қайталады ол, ақырында жүзіктен жанталаса құтылып. "Кеш боп қалды, — деді қыз, — әпкем ашуланып қалады". Кречмар оған жақындап, саусағынан ұстап, оны сүймек болып еді, ерні бас киімін тапты. "Қойыңыз, — деп күбірледі ол басын алып қашып. — Қойыңыз, бұл дұрыс емес". — "Бірақ сіз кетпеңізші, менің бұл өмірде сізден басқа ешкімім жоқ". "Болмайды, болмайды" — деп жауап берді ол, кілтін шығарып, есікті итеріп жатып. "Мен сізді ертең тағы күтем" — деді Кречмар. Ол оған шынының арғы жағынан күлімсіреп қарады.

Кречмар жалғыз қалды да, демін алып, пальтосының түймелерін ағытып, кенет сол қолының босап қалғанын сезініп, әлі жып-жылы жүзігін салып, таксомотор аялдамасына беттеді.

4

Үйде ештеңенің өзгермегеніне таңғалды:

Әйелі, қызы, Макстер ертедегі итальяндықтардың пейзаждары сияқты әрі тымық, әрі жарық басқа бір дәуірдің адамдары іспетті. Өзінің театр кеңсесінде күні бойы жұмыс істейтін Макс қарындасының үйіне кеп демалғанды жақсы көретін де, жиен қарындасымен ойнап, Кречмардың ақыл-ойын ықыласпен құрметтеп, қабырғалардағы күңгірт картиналарға, асханадағы төбелеңге қарап отыруды ұнататын.

Кречмар өзінің есігін ашып жатып, ішкі жан дүниесі астан-кестең боп, қазір әйелімен, Макспен кездесетінін ойлаған, — көзге шөп салғанын біліп қояр ма екен (өйткені жаңбыр астындағы бұл қыдырыстың өзі опасыздық — бұрынғылардың бәрі ойдан шығарылған, немесе түс қана болатын), бәлкім, оны байқап, ізіне де түскен шығар, — содан да ол есікті ашып жатып, жас суретші қыз туралы, оның жадау өмірі мен таланты жайында, оған көрме ұйымдастыруға қол ұшын беру жайлы асығыс түрде күрделі оқиғаны құрастыра бастады... Бір дәуірден екінші дәуірге ауысқанын бүкіл болмыс-бітімімен сезінген ол сабырға түсті, — сол қалпындағы дәлізден, арғы жағында қызы ұйықтап жатқан түкпірдегі аппақ есіктен, ілулі тұрған Макс пальтосынан, бүкіл осы үй ішіндегі таныс заттардан оның бойына байсалды сабырлылық кірді: бәрі орнында, ешкім ештеңе білмейді. Ол қонақ бөлмеге өтті: шаршы көйлек киген Аннелиза, сигара тартқан Макс пен инфляция кезінде кедейленіп қалған, енді кілемдер мен картиналарды сатып күн көріп жүрген, баронның жесірі, ежелгі таныс әйел отыр екен Аннелиза мызғымас ықыласын көрсетіп жатып, ол өзінің екіжүзділігіне таңғалып қалды, — басында бір ой найзағайдай жарқ ете түсті, мүмкін ертең, ертең, иә-иә, ертең.

Бірақ бұл оп-оңай емес екен. Екінші, одан кейінгі кездесуде де Магда сүйісуден есебін тауып құтылып кете берді. Ол өзі туралы көп айтпайды, — тек жетім екенін, әкесі суретші болғанын, қазір жиен әпкесінің қолында екенін, таршылық көріп жүргенін, әбден діңкелетіп жіберетін жұмыстан кеткісі келетінін ғана білдірді. Кречмар өзін Шиффермюллермін деп таныстырды да, Магда ызалана ойлады: "Диірменшілерден жолым болып тұр", — деп, — сонан кейін "өтірік айтасың" — деп ішіне түйіп қойды. Наурыз жаңбырлы болды да, қолшатыр астындағы түнгі қыдырыстар Кречмардың берекесін кетірді, ол оған дәмханаға барайық деп ұсыныс жасады. Ол көп көзге түсе қоймайтын, тасада тұрған бір дәмхананы таңдады. Дәмханаға немесе мейрамханаға жайғасқан бойда үстел үстіне портсигар мен оттықты шығарып қоятын әдеті бар болатын. Магда портсигар бетінен "Б.К." деген ойық белгіні көрді. Ол үн-түнсіз отырып ойланып қалды да, телефон кітапшасын алып келуді өтінді. Ол өзінің қолапайсыздау жүрісімен телефонға барғанша, ол онын үстел үстінде жатқан қалпағының жібек астарына қарап, оның аты-жөнін біліп алды (бас киімдерін таба алмай жататын суретшілер аңғалдығына қарсы қолданылатын тиісті шара). Күлімсіреген қалпы кітапты алып келген Кречмардың енді оның мойны мен жүзіне қарап тұрғанын біліп, Магда оның адресі мен телефонын тапты да, әбден тозығы жеткен, жұлма-жұлма томды үндемей жаба салды. "Пальтоңды шешсейші", — деді Кречмар оған алғаш рет "сен" деп. Ол орнынан тұрмастан иығын бірде оңға, бірде солға бұрып, басын еңкейтіп макинтошының жеңінен қолын шығарып жатты, оған көмектесіп жатып, оның жауырындарының қозғалысына, сегіз көзінің үстіндегі жиырылып жайылған қатпарларға қарап тұрған Кречмардан әтір иісі шығады. Бұл бір-ақ сәтке созылды. Ол қалпағын алып, айнаға қарады да, саусағын түкіріктеп самайындағы қара қоңыр шашын түзеп қойды. Кречмар оның қасына отырып aп, ажарынан көз тұнатындай одан көзін алар емес: жүзіндегі алаулы рең, шиедей қызыл еріндер, құйрығы ұзарып бітетін көзіндегі аңғалдық, жақ сүйегі үстіндегі ноқат қал. "Егер маған осы үшін ертең жазаға кесілесің десе де, — деп ойлады ол, — мен бәрі бір оған қараған болар ем". Берлиндік екпінмен сөйлеген кездегі дөрекілігі, еркетотай күлкісі, бәрі-бәрі оның даусымен, аппақ тістерімен үндесіп жатты, — күле отырып, ындынды қоздырып көзін жұматынын қайтерсің. Ол оның қолын ұстағысы келіп еді, бірақ ол оған да рұқсат етпеді. "Сен мені жындандыратын шығарсың", — деп күбірледі Кречмар. Магда оның саусақтарына салып қап "сенге" көшті де: "Өзіңді дұрыс ұста, көнбіс бол", — деді.

Келесі күні таңертең Кречмардың басына келген бірінші ой: "одан әрі төзу мүмкін емес. Ол үшін бөлме жалдау керек шығар — жиен әпкесінсіз. Жұмыс істемейтіндей етіп орналастыру керек. Біз жеке шығамыз, біз жеке шығамыз. Ол әлі жап-жас қой. Көзін ашу керек. Оның әлі атастырылған жігітінің де, жүретін жігітінің де болмауы қызық..."

"Ұйықтап жатырсың ба?" — деп сұрады Аннелиза баяу ғана. Ол өтірік есінеп, көзін ашты. Түнгі көгілдір көйлек киген Аннелиза төсектің шетіне отырып aп, хат оқып отыр.

"Не қызық бар екен?" — деп сұрады Кречмар, оның аппақ жалаңаш иығына қарап отырып .

"Ол сенен тағы да ақша сұрайды. Әйелім мен енем ауру, маған қарсы құйтырқы әрекеттер жасалынуда, дейді".

"Иә, иә, солай болу керек" — деп тіл қатты Кречмар, Магданың марқұм әкесін көз алдына әкеп, — ол да қарт, дарынсыз, өмірден тәшпіш көрген суретші болса керек.

"Ал мынау — "Палитраға" шақырады, баруға тура келер. Ал мынау — Америкадан".

"Дауыстап оқы", — деп өтінді.

"Аса қымбатты Кречмар мырза. Менің сенімді өкілім менің құқымның бұзылғаны туралы іске шын ілтипат, шын ықыласпен көңіл бөлгеніңіз жайында хабардар етті. Менің ойымша..."

Түнгі үстел үстіндегі телефон безілдеп қоя берді. Аннелиза таңдайын тақ еткізіп, тұтқаны алды. Кречмар қара тұтқаны қыса ұстаған оның толық саусақтарына дегбірсіздене қарап отырып, алыстан еміс-еміс естілген үнге құлақ тосты.

"Сәлеметсіз бе? — деді Аннелиза көтеріңкі дауыспен, сөйтті де әдеттегідей көзін алайтып, бетін тыржитып, ол үнемі адамдардың даусынан түрін ажыратам дейтін. Ол жастық үстінде жатқан Америкадан келген хатқа қол созды. Әдеттегідей таңертең әке-шешесімен сәлемдесу үшін Ирма кірді. Ол үн-түнсіз әкесін сүйді, бірде тыңдап, бірде әлдене деп, кейде тұтқамен бірге басын изеп отырған шешесін де үн-түнсіз сүйді. "Күтуші әйелге бүгін ешқандай да мінез көрсетпе", — деді Кречмар қызына, жақында ғана болған кінәсін ескертіп. Ирма жымиды. Ол кірпіктері аппақ, қасының үстін секпіл баскан, тылтиған арық, ажарсыз еді.

"Сау болыңыз, рахмет, сау болыңыз", — деп жеңілдеп қалған Аннелиза тұтқаны тарс еткізіп орнына қойды. Кречмар хатты оқуға кірісті. Аннелиза қызын қолынан ұстап тұрып, бірде күліп, бірде сүйіп, әр сөз айтқан сайын қолын тигізіп әлдене айтып жатты. Ирма жымия түсіп, аяғымен еденді түрте берді.

Телефон тағы безілдеді. Кречмар телефонды құлағына апарды.

"Саламатсыз ба, Бруно Кречмар", — деді бөгде әйел дауысы. "Бұл кім?" — деп сұраған Кречмар, өте жедел жүретін лифтімен төмен түсіп бара жатқандай болды. "Мені алдағаның дұрыс болмады, — деп жалғастырды әлгі дауыс, — бірақ мен сені кешірем. Сен тыңдап тұрсың ба? Менің саған айтайын дегенім..." "— Қателестіңіз, бұл басқа, деп Кречмар қырылдап жауап берді де, тұтқаны жаба салды. Ол, әйелі сөйлесіп отырғанда еміс-еміс болсын дауыс естігенін, енді әйелі де солай есітсе қайтем деп үрейі ұшып кетті. "Не болды?" — деді әйелі. — Неге сонша қызарып кеттің?"

"Бір көкқұтан! Ирма, бар, бұл жерде неғып тұрсың. Барып тұрған көкұтан. Қателесіп, маған он рет түсті. Ол, қыста Берлинге келіп, менімен танысам деп жазады".

"Кім жазады?"

"Ой, құдай—ай, ешуақытта ештеңені бірден түсінбейсің. Америкадағы карикатурист, басқа кім болсын. Сол Горн..."

"Қандай Горн?" — деді Аннелиза жылыұшырай сұрап.

5

Кешкі кездесу шартпа-шұрт айқаспен басталды. Магда тағы да телефон соғып қалар деп, Кречмар күні бойы үйден шықпады. Мұны түбірінен қырқу керек. Қыз "Аргустан" шыққан бойда, ол бірден осыдан бастады: "Магда, сен тыңда, маған телефон соғуға тыйым салам. Бұл өзі не нәрсе. Егер мен саған аты-жөнімді айтпасам, оның өзінің себеп-салдары бар". — "Жақсылықта болыңыз" — деді Магда байыппен, сөйтті де артына бұрылмастан жүре берді. Ол оның соңынан дәрменсіз қалыпта қарап тұрды да қойды. Мүлт жібергенімді қарашы — үндемеуім керек еді де, ол шынында да қателескен екенмін деп ойлаған болар еді... Оны қуып жетіп, Кречмар онымен қатарласты. "Кешір мені, — деді ол. — Маған ашуланудың қажеті жоқ, Магда. Мен сенсіз өмір сүре алмаймын. Менің ойымша, сен бұл жұмысты таста, ол сені әбден діңкелетеді. Мен баймын. Сенің бөлмең де, пәтерің де, не қаласаң соның бәрі болады".

"Мен мұны түсінем, — деді Магда салқын ғана. — Бұрын мен ойлағандай, сенің, әрине, әйелің бар. Әйтпесе телефонмен менімен өйтіп дөрекі сөйлеспес едің".

"Менің әйелім болса, — деп сұрады Кречмар, — сен менімен енді кездеспейсің бе?"

"Менің не ісім бар? Алдасаң соны алда, бәлкім, оған ол пайдалы шығар".

"Магда, олай деме!" — деп дауыстап жіберді Кречмар асыға-үсіге.

"Сен мені оқытпа".

"Магда, тыңда, шынында да менің әйелім мен балам бар, бірақ сенен өтінем, мазақ етудің қажеті жоқ... Тоқтай тұр, Магда!" — деді ол қолын бір соғып.

"Сені сайтан алсын" — деп айқайлаған ол, есікті тарс жапты.

"Мені күте тұрыңыз" — деді Магда қожайын әйелге. Қожайын әйел жәшіктен, сорпа қайнатып ішердей май-май боп қалған карталар алып жатыр. Бай мырза пайда болды, сонан кейін ренжісу, абыр-сабыр, әлдеқандай той-томалақ... "Оның қалай өмір сүретінін білу керек, — деп ойлады Магда үстелге қолын қойып отырып. — Мүмкін, ол бір жүрген жексұрын шығар, онда әрірек болған жөн. Келісім берсем бе екен? Ертерек емес пе?"

Бір күннен кейін ол тағы телефон соқты. Аннелиза ваннада еді. Кречмар есікке қайта-қайта қарап қойып сыбырлап сөйлесті. Қанша қорықса да, Магданың кешіргеніне ол өзін соншалықты бақытты сезінді. "Мен бақыттымын, — деді ол ернін түріп, — мен бақыттымын". — Сенің әйелің қай уақытта үйде болмайды?" — деді ол күліп. "Білмеймін, — деп жауап берді Кречмар, салқын ғана, — ол неге керек?" — "Менің саған бір минөтке кіріп шыккым келеді". Ол үндемей қалды. Бір тұстан есік қағылды. "Мен ұзақ сөйлесуден қорқам" — деп міңгірледі Кречмар. "Қандай қорқақсың. Есіңде болсын, егер мен барсам, сүйіп алам". — "Бүгін ештеңе де шықпайды, — деді ол бар күшін жиып, — егер мен тұтқаны іле салсам, таңданба, кешке көрісерміз, онда біз..." Ол түтқаны ілді де біраз уақыт, жүрегінің дүрсілін тыңдап, мелшиіп отырып қалды. "Мен шынында да қорқақпын, — деп ойлады ол. — Ол ваннада әлі жарты сағат болады..." "Менің кішкентай ғана өтінішім бар, — деді Кречмар кездескен кездерінде. — Автомобильге отырып қыдырайықшы". "Ашығына ма" — деді Магда. "Жоқ, ол қауіпті. Дұрыс жүрем деп саған уәде берем", — деп қосып қойды ол, жарық астында оған аңтарыла қарап тұрған оның балғын жүзіне көз сап.

"Былай болсын, — деді ол, таксомоторға жайғасқаннан кейін. — Сенің маған телефон соққаныңнан ешқандай кінәрат іздемеймін, бірақ сенен өтінем, тіпті жалынам, бірақ бұдан былай олай етпе, менің жаным, менің қазына байлығым ("Баяғыда осылай ету керек еді" — деп ойлады Магда); екіншіден, сен менің аты-жөнімді қалай білгеніңді түсіндірші". Ол ешқандай қысылып-қымтырылмай, олардың көшемен кетіп бара жатқандарын бір таныс қызы көріпті де, сені таныпты, деп өтірік соқты. "Ол кім?" — деді Кречмар шошынып. "Бір қарапайым әйел, сендерде, ертеректе, аспазшы ма, қызметші әйел ме боп істеген". Кречмар азапқа түсіп ойланып қалды. "Мен оған, сен оны біреумен шатастырып отырсың, дедім, — мен ақылды қызбын ғой".

Автомобиль іші алашұбар қараңғылық, денеге дене қауышардай жақын отырған одан сондай жұғымды, үй жануарындай жылылық шығады, терезеден сырғып қалып жатқан түнгі Тигартеннің шулы ымырты көрінеді. "Мен оны көндіре алмасам өлем, немесе жынданам", — деп ойлады да Кречмар. — Үшінші, сенің көшуің туралы. Сен өзіңе кухнясы бар екі-үш бөлмелі пәтер тап. Мен өзім төлеймін. Бір-ақ шартым бар, мен оған кіріп тұратын болам" — "Бруно, сен біздің таңертеңгі әңгімемізді ұмытып кеттің ғой деймін". "Бірақ ол қауіпті ғой, — деді дауыстап Кречмар. — Мәселен, мен ертең төрт пен алтылар шамасында жалғыз өзім болам. Бірақ бірдеңе бола қалуы мүмкін ғой..." Ол әйелінің аяқ астынан келе қалуын ойлап отыр. Жас суретші қыз, оның көрмесін ұйымдастыруға көмектесу керек. "Мен сені сүйіп алам дедім ғой, — деді баяу ғана Магда. — Өмірде бәрін басқаша түсіндіріп жіберуге болатынын білесің ғой".

Магда туралы барлық ой, оның шыбықтай солқылдаған бойы мен жібектей жұмсақ тәні оның есін шығарып, есірік етіп жібере жаздайды. Сүйіп алам деген сөзге тұсалды да қалды. Сондай-ақ оның арғы жағынан жаңа қиыр, жаңа өріс ашылмақ: ол жақта оның көзі, жақында ғана көп—көп суретшілер, көздерін бір көтеріп, бір түсіріп енжар және нашар салған бейнені көрмек. Бірақ ол бір студиядағы жалықтырып жіберетін сәттер жайлы Кречмар ештеңе білген жоқ. Одан басқа, жақында қарт доктор Ламперт оған соңғы кезде баласы көмірмен салған бір бума суреттер көрсеткен, ал оның арасындағы мойнында моншағы бар, жүзіне бұйра шашы құлаған жалаңаш сымбатты қыздың портреті де болған. "Бүкір жақсы шыққан екен", — деген Кречмар әжімдері қатпар-қатпар бір сақалды кемтардың суреті салынған параққа қайта оралып. "Ия, талантты екен" — деп, папканы жауып еді. Болған біткені осы. Ол ештеңе түсінбеді.

Енді міне ол, тұла бойы қалшылдап, кабинетті кезіп терезеге бір, сағатқа екі қарайды. Магда жиырма минөтқа кешігіп жатыр. Тағы да он минөт күтем, сонан кейін көшеге шығам, — деді ол, — сонан кейін кеш болады, кеш, — біздің уақытымыз онсыз да аз ғой...

Терезе ашық еді. Көктемнің дымқыл күні, қарсы беттегі үйдің саржағал қабырғасынан жылу тұрбасынан шыққан түтіннің көлеңкесі ағып жатыр. Кречмар денесін терезеден белуарына дейін шығарып карады. "Әй, құдай-ай, маған келуге болмайды деп, кесіп айту керек еді". Осы сәтте ол оны көрді — бейне бір дәл іргеде тұратындай пальтосыз қалпақсыз көшеден өтіп келе жатыр.

"Әлі де оны кіргізбей қоятын амал бар" — деп ойлады да, бірақ оның орнына ауыз бөлмеге шығып оның тып-тып басқан аяқ дыбысын тыңдап, жайлап қана есік ашты.

Қысқа ашық қызыл көйлек киген Магда, күлімсіреген қалпы айнаға қарап, сонан кейін бір жағына бұрылып желкесін түзеді. "Сен сән-салтанатты тұрады екенсің", — деді ол кең ауыз бөлмеге, қабырғадағы пистолеттер мен қылыштарға, әдемі күңгірт картинаға қарап. "Мұнда ма?" — деп ол есікті итеріп ішке еніп жан-жағына қарауын жалғастыра берді.

Ол оны бір қолымен белінен құшақтап, бейне бір өзі де бөгде адам сияқты екеуі бірге люстраға, жібекпен көмкерілген жиһаздарға қарап жүр, — бірақ ол бір жаққа ағып өтіп жатқан тұманды күнді ғана көріп тұр еді, қол астындағы әлдене бүлк ете қалғандай болды, сөйтсе, оның бөксесі серпіліп қап, Магда орнынан қозғалыпты. "Алайда, — деді ол, келесі бөлмеге өтіп, — сенің мұндай бай екеніңді білгем жоқ, қандай кілемдер..."

Асханадағы буфет, хрустальдар мен күмістер оған әсер еткені сондай, Кречмар оның қабырға тұсын — одан жоғарырақ — ып-ыстық, жұп-жұмсақ қолтығын ұстауға мүмкіндік алды. "Одан әрі" — деді ол ернін жалап. Айнадан қызыл көйлекті қыздың жанында келе жатқан боп-боз ересек мырза көрінді. Ол жайлап қана оның жып-жылы, жұп-жұмыр жалаңаш қолын сипады, — айна бұлыңғыр тартты. "Әрі кеттік", — деді Магда.

Ол оны тезірек кабинетке алып барғысы келді, диванда онымен қатар отырмақ; әйелі келе қалса айтар уәж дайын: жұмыспен келген.

"Ал анда не?" — деп сұрады Магда.

"Онда балалар бөлмесі. Бәрін қарадың ғой, енді кабинетке барайық".

"Қоя бер" — деді ол иығын қозғап.

Ол, бейне бір, оны ұстап келе жатқанда дем алмағандай, кеудесін толтыра демін алды. "Балалар бөлмесі, Магда, — мен саған айтып тұрмын ғой, балалар бөлмесі".

Ол сонда кірді. Оның оған кенет айқайлап жібергісі келді: өтінем, ештеңеге тиіспе. Бірақ ол пүліштен жасалған теңіз шошқасын ұстап тұр еді. Ол оны одан алып, бұрышқа лақтырып жіберді. Магда күлді. "Сенің қызың жақсы тұрады екен", — деді де, екінші есікті ашты.

"Магда, жетеді, — деді Кречмар жалынғандай боп. — бұлай етпе. Біреу-міреу келе қалса, бұл жерден естілмейді. Бүйтіп тәуекелге баруға болмайды".

Бірақ ол еркетотай бала құсап, шалт бұрылып, дәліз арқылы жатын бөлмеге кірді. Ол онда айна алдында отырып aп, аяғын айқастырып күміс тарақты олай-бұлай аударыстырып, флаконның мойнын иіскеді.

"Өтінем, қой енді" — деді Кречмар. Ал ол болса орнынан атып тұрып екі адамдық кереуетке жүгіріп барды да, оның шетіне отырып aп, желкесін түзеп, тілін шығарды.

"...Сонан кейін атылып өлем..." — деді Кречмар шұғыл ойға кеп.

Бірақ ол тағы да атып тұрып, оның қолынан сусып шығып, бөлмеден шығып кетті. Ол оның соңынан кетті. Магда есікті тарс жауып, сақылдап күле жүріп, сыртынан құлыптады да тастады (байғұс Левандовская есікті қалай соғып еді).

"Магда, аш", — деді баяу ғана Кречмар. Ол оның тез-тез басып кетіп бара жатқан аяғының дыбысын есітіп тұр. "Аш", — деді ол қаттырақ. Үнсіздік. Жым-жырт үнсіздік. "Қауіпті жан, — деп ойлады ол — Қандай, өрескел жайт". Ол үрей, опыну, алданған құштарлықтың азабын сезінді. Шынымен кетіп қалды ма? Жоқ, пәтерде біреу жүрген сияқты. Кречмар жұдырығымен жайлап қақтыда, айқай салды: "Аш дедім ғой!" Аяқ дыбысы жақындап келеді. Бірақ ол Магда емес еді.

"Не болды? — деген Макстің даусы шықты. — Не болды? Сен құлыптанып қалғансың ба?" (Құдай—ау, Максте де кілт бар екен ғой!). Есік ашылды. Макс қып-қызыл боп кетіпті. "Не болды Бруно?" — деді ол шошынып.

"Ақымақтық жағдай... Мен саған қазір айтам... Кабинетке барып, бір—бір рюмка ішейік".

"Мен қорқып кеттім, — деді Макс. — Не боп қалды деп ойладым. Келе қалғаным қандай жақсы болған. Аннелиза алтылар шамасында келем деген. Келе қалғаным қандай жақсы болған. Қандай жақсы болған Менің есім шығып кетті. Сені кім жауып кетті?"

Кречмар оған сыртын беріп, шкаптан коньяк алып жатты. "Сен басқыштан ешкімді кездестірген жоқсың ба?" — деп сұрады ол сабыр сақтауға тырысып.

"Жоқ, лифтімен жүргенді жақсы көрем", — деп жауап берді Макс.

"Жол табылды", — деп ойлады Кречмар, көңілденіп сала берді.

"Былай болды, — деді ол коньяк құйып жатып, — ұры түсті. Әрине, мұны Аннелизаға айтуға болмайды, бірақ ұры түсті. Ол, сөз жоқ, қызметшілердің кеткенін білген де, үйде ешкім жоқ деп ойлаған. Кенет бір шу есіттім. Дәлізге шығып қарасам, жұмысшы сияқты бір адам жүгіріп барады. Мен тұра қудым. Ұстамақ болып ем, бірақ ол менен гөрі айлалы болып шықты да, құлыптай қойды. Сонан кейін есікті тарс еткенін есіттім, — сен оны кездестірген шығарсың деп ойлап ем".

"Қалжыңдасып тұрсың ба?" — деді Макс үрейленіп.

"Жоқ, шын айтып тұрмын..."

"Ол бірдеңе алып кеткен шығар. Тексеру керек. Полицияға хабарлайық".

"Жоқ, ол үлгерген жоқ, — деді Кречмар. — Мұның бәрі көзді ашып жұмғандай сәтте болды, қорқып қашты".

"Бірақ ол қалай кірген. Ашатын құралы болған ғой. Апыр-ай! Жүр, қарайық"

Олар барлық бөлмелерді аралап, есіктердің, шкаптардың құлыптарын тексеріп шықты. Түгел орнында тұр. Бәрін қарап болдық — ау деп кітапхана арқылы өткен кезде Кречмардың көзі қарайып бара жатты, өйткені айналатын этажарканың шкаптар арасынан ашық қызыл көйлектің шеті көрініп тұр еді. Әйтеуір, құдай сақтап, жан—жағын тінте қарап келе жатса да, Макс ештеңе байқаған жоқ. Асханада ол буфеттің есігін ашып қарады.

"Макс, жетеді, — деді Кречмар қырылдап. — Оның ештеңе алмағаны белгілі болды".

"Түрің қалай бұзылып кеткен, — деді Макс. Байғұс-ай! Мұндай нәрсенің жүйкеге тиетінін түсінем".

Дауыстар естілді. Аннелиза, Бонна, Ирманың құрбысы Ирма келді, — толық, тымпиып тұратын, бірақ барып тұрған шәлкес. Кречмар өзін, бейне бір, ұйықтап отырғандай сезінді, көріп жатқан түсі, құдай-ау, бітер емес. Магданың үйде болуы қандай азапты, қандай қатерлі. Ол бәріміз театрға барайық деп ұсыныс жасап еді, бірақ Аннелиза шаршап отырмын деді. Тамақ жеп отырғанда да құлағын тігумен болды. Макс жан-жағына қарағыштай берді, — әрі-бері жүріп кетпей, тек орнында отырса екен. Ең жаманы, балалардың бөлмеден бөлмеге кіріп ойнауы. Бірақ, бір жақсысы, Ирманың құрбысы көп ұзамай кетіп қалды. Ол үшін, мына отырғандардың бәрі — Макс те, әйелі де, қызметші әйелдер де, өзі де, — бөлме-бөлмеге тарап өріп кетіп, сөйтіп Магданың шығып кетуіне, егер оның ойында шығып кету бар болса — мүмкіндік бермей тұрғандай. Сағат ондарда, әйтеуір, Макс кетті. Қызметші әйел есіктің шынжырын салып, болат тегершікті итеріп, бақылаушы қоңырауды қосып қойды, — енді Магда шыға алмайды, тас құлыптанды. Ұйықтау керек, ұйықтау керек — деді Кречмар әйеліне, ызалана есінеп. Олар жатты. Үй іші жым-жырт. Аннелиза жарықты сөндірмек болды. "Сен ұйықта, — деді ол, — ал мен оқи тұрайын. Ұйқым қашып кетті". Ол марғау күлімсіреді. "Мені кейін оятып жүрме", — деп күбірледі. Жатын бөлмені қараңғылық басты.

Айнала тып-тыныш, тып-тыныш болғаны сонша, ол тыныштыққа шыдай алмастан қарқылдап күліп жіберердей. Үстіне пижамын, аяғына жұмсақ туфлиін ілген Кречмар дәлізді бойлап бара жатты. Қорқыныш сейілді деп айту қиын; сұмдық үрейлі шақ еркінірек күнәға батуға болатын адасқақ, рақатты жағдайға ауысқандай еді, өйткені өмір деген түс қой. Кречмар жүріп келе жатып пижамының омырауын ағытып жіберді: тұла бойы қалшылдап кетті, — сен дәл қазір менікі боласың. Ол кітапхана есігін жайлап ашты да, шам жақты. "Жын қаққан, Магда" — деді ол деміге сыбырлап. Ол қызыл шүберек жақында ғана төменгі қатардағы ауыр кітаптарды еденде жатып ап қарау үшін өзі сатып алған қосетекті алқызыл жібек жастық еді.

6

Магда қожайын әйелге жақында көшетінін айтты. Бәрі ретімен келеді, — ол Кречмарды осыншалықты бай деп ойламаған еді. Оның байлығының сәулетін де, салмағын да көзімен көріп сезінді. Суретіне қарасаң, әйелі соншалықты, бұрын көзіне елестеткендей, билеп-төстейтін әйелге ұқсамайды; керісінше, кейін оп-оңай ығыстырып жіберуге болатын момақан, жуас әйел сияқты. Ал Кречмардың өзі оған тіпті ұнай бастады. Оның жұмсақ, байсалды жүзі де, әтір мен темек иісі де өзіне тартып тұрады. Әрине, оған молынан бақыт сыйлаған алғашқы махаббатының орны бөлек. Ол, бордай аппақ жүзді, ыстық дүрдиген ауызды, ұзын сезімтал қолды Мюллерді еске алуға өзіне-өзі тыйым салды. Бірақ солай бола тұра, оның тастап кеткені есіне түскен кезде, әлі де Магданың терезені ашып секіріп кеткісі, немесе газды ашып қойғысы келеді. Кречмар белгілі бір уақытқа дейін оның көңілін тауып, мейірін қандырар, — ушығып бара жатқан жерге дәрілік шөптің салқын жапырағын басқандай болар. Одан басқа — Кречмар тек бай ғана емес, ол сахнаға, кинематографқа еркін кіріп шыға алатын жан екен. Кейде Магда есікті жауып, айна алдында тұрып ап бірде көзін алартып, бірде жымия күліп көреді, немесе самайына револьвер тақалып тұрғанда қандай күйге түскен сәтті ойнаған болады да, олардың бәрі Голливудтан бірде кем түспейді деп ойлайды.

Арғы-бергі жағы әбден ойластырылған іздеулерден кейін ол қымбат ауданнан жақсы бір потер тапты. Оның сол бір оқиғадан кейін соншалықты абыржып, жүнжіп кеткенін көріп, оған жаны ашып, кезекті бір қыдырыстан кейін ол берген ақшаны пәлсінбей бірден қабылдап, қоштасар кезде сүйіп алған-ды. Ол сүйістің жалыны тұла бойына өрт боп кіріп, айналасына шұғыла шашып тұрып алып еді, ол сол қалпында үйге келді, бірақ ол шұғыланы қалпақ сияқты ауыз бөлмеге тастап кете алмайсың ғой, сондықтан ол жатын бөлмеге кірген кезде әйелі оның көзінен не болғанын біліп қоймас па екен деп қатты састы.

Бірақ Аннелиза, отыз бес жастағы момақан Аннелиза, күйеуі оның көзіне шөп салады деп бірде бір ойлаған емес. Ол, Кречмардың үйленгенге дейін аз-мұз олай-бұлай жүрістері болғанын білетін, ол өзі де кішкентай қыз кезінде әкесіне қонаққа кеп, сақсондықтың сөйлеу мәнерін көрсететін қарт актерға құпия ғашық болған; еркек пен әйел бір-бірінің көзіне мәңгі бақи шөп салумен өтетіндерін естіп те жүр, оқыған да, — олар туралы өсектер де, дастандар да, анекдоттар да, опералар да жетерлік. Бірақ ол, біздің некеміз анекдот айтуға да, опера жазуға болмайтын, аса қымбат, аса таза, ерекше неке деген мүлде мызғымайтын сенімде болатын. Күйеуінің ашушаң, ызақор боп кеткенін ауа райынан көрді, — маусым біртүрлі боп басталды бірде күйіп кетеді де, енді бірде терезелерді жарып кетердей боп бұршақ жауады. "Бір жаққа сапарлап қайтсақ қайтеді? — деді ол сөз арасында, — Тирольға, немесе Римге?" — "Барғың келсе, барып қайт, — деді Кречмар. — Менің жұмысым бастан асып жатыр, оны өзің жақсы білесің". — "Жоқ, жай айтып жатқаным ғой", — деді Аннелиза бейбіт дауыспен, сөйтті де, қызын ертіп зоологиялық бақтағы пілдің баласын көруге кетті.

Макс болса басқа. Құлыптанып қалған есікпен байланысты оқиға оның көңіліне күдікті дақ салып кетті. Кречмар полицияға хабарламағаны былай тұрсын, Макс ол туралы тағы бір әңгіме қозғай бергенде, тіпті ренжіп қалды. Есік бұзып кірген ұрымен жағаласпақ болған адам, оп-оңай қайта қоймайды. Макс еріксіз ойға қалды, — үйге кіріп, лифтіге бет алған кезде байқамай қалған жоқпын ба деп, бәрін қайтадан есіне түсіре бастады. Ол өте қырағы болатын, — ол бақтан секіріп түскен мысықты, оған есік ашып тұрған қызыл көйлекті қызды көрді, сондай-ақ швейцар бөлмесінен естілген радио үні. Әлде, лифт жоғары көтеріліп кеткенше, ұры тығылып тұрды ма екен. Бірақ неге осы бір жымысқы күдік ойынан кетер емес?

Жас кезінде ол үйленуге уақыт өткізіп алды да, қазір оның кексе тартқан, солай бола тұра әлі де ретін тауып оның көзіне шөп сап қоятын, содан кейін кешірім сұрап аяғына жығылатын, сөніп бара жатқан актрисамен байланысы бар; театр кеңсесін іскерлікпен меңгеріп алған ол, тамақты да дәмді пісіретін, сонысы үшін мақтанатын да; өзінің семіздігіне қарамай өлең жазатын, бірақ оны ешкімге көрсеткен емес, сондай-ақ жануарларды қорғау қоғамында мүше. Кречмардын ерлі-зайыпты тіршілігі өздері үшін арбап аларлықтай қастерлі болатын. Ұры оқиғасынан кейін бірнеше күннен соң телефон Паркі оны, біреумен сөйлесіп жатқан Кречмармен жалғай қойды, Макстың ойын еріксіз тыңдауға мәжбүр еткен сөз оны айран-асыр еткені сонша, ол тісін шұқып тұрған шырпыны жұтып қойды. Ол сөздер мынандай еді. "Сұрама, не сатып алғың келсе, оны сатып ал, тек маған телефон соқпа..." — "Сен білмейсің гой, Бруно..." — деді ындыны құрып елжірей сөйлеген әйел даусы. Макс бейне бір байқамай жылан ұстап алғандай, тұла бойы дуылдап тұтқаны іле қойды.

Кешке қоңырқай ғана жарық түсіп тұрған қонақ бөлмеде қарындасы мен күйеу баласымен бірге отырып Макс өзін қалай ұстау керек екенін де, не туралы айту керек екенін де білмеді. Ол өзі түгіл, өзге біреулердің өрескел қимыл—әрекеті үшін құлағына дейін қызарып кететін әсершіл жан еді. Енді бұл олардан жүз есе сорақы іс боп шыкты.

"Жоқ, жоқ, бұл қателік, бұл білместік" — деді ол, журнал оқып отырған Кречмардың байсалды жүзіне, оның үйде киетін жұмсақ туфлиіне, піл сүйегінен жасалынған кездікпен парақтарды қиып отырған оның мұқияттылығына қарап отырып, өзін-өзі жұбатты. "Мүмкін емес... Мені бұл ойға сол оқиға итермелеп отыр. Ауадан алып отырған бұл сөздерді түсіну онша қиын емес. Аннелизаны алдау мүмкін бе?" Аннелиза диванның бұрышында, жақында көрген пьесаның мазмұнын айтып отыр. Оның көзі жарқын, ашық. Макс басын изеп, күлімсіреп қояды. Ол оның бір сөзін ұқпақ түгілі, оның орысша ма, испанша ма қай тілде сөйлеп отырғанын да айыра алмады.

7

Бұл кезде Магда өзіне ұнаған пәтер тауып, аспазшы жалдап, сервизден бастап, дәретхана қағазына дейінгі көп-көп қажетті заттарды сатып ап, аты-жөні мекен-жай қағазына тапсырыс беріп, бөлмені ажарландыруға кіріеті. Бір қызығы, Кречмар молынан жомарттық жасады, тіпті көз жұмып жомарттық жасады деуге болады, өйткені ол әлі жалдап алынған пәтерді көрмек түгілі, оның адресін де білмейді. Магда оны осылай еткені әрі қызық, әрі сюрприз болады, бірнеше күн кездеспей-ақ қойғаннан дүние төңкеріліп кетпес, бәрі біткен соң өзім айтам, сонда ғана келетін боласың деп үгіттеп көндірген. Бір апта өтті, бейсенбі күні телефон соқпақшы еді, сондықтан ол күні бойы телефонды күзетті де отырды. Бірақ телефон бүк түсіп жатты да қойды. Жұма күні ол Магда оның аузын аңқитып тастап кетті деп шешті. Кешке карай Макс келді (ол үшін енді Макстың келуі тозаққа айналды). Аннелиза үйде жоқ еді. Макс кабинете оған қарсы жайғасып, оған не айтарын білмей тосылып отыр. Макс өзін-өзі бір түрлі ұстайтынын Кречмар көптен байқап жүр. "Бәлкім, жұмысында бірдеңе боп қалған шығар", — деп ойлады онша мән бермей. Макс темекі тартып, сигарасының ұшына қарады. Ол тіпті кейінгі кезде жүдеп кеткендей көрінді. "Ізіме түсті ме екен, — деп ойлады Кречмар үркесоқтап. — Мейлі. Ол еркек емес пе, түсінер". (Бқл өте бір жалған ой болатын). Ирма келіп Макс көңілденіп сала бастады, оны тізесіне отырғызып жатқан кезде, ол байқамай оның толық қарнына жұдырығымен қойып қап, Макс ыңқ ете түсті. Аннелиза келді. Кречмарға кешкі астың ұзаққа созылатынына жыны келе бастады. Ол бүгін кешкі асқа қарай алмайтынын айтқанда, әйелі оған неге ертерек ескертпедің деді, ол қызының маңдайынан сүйіп, асыға сыртқа беттеді.

Онда бір-ақ ой болды: қалай болғанда да Магданы табу керек — осындай олжа сыйлап тұрған тағдыр одан енді сырт айналып кетпеу керек. Оны бір күштің жаулап алғаны сондай, дәл қазір қандай бір болмасын қауіп-қатерге де бас тігуге бар еді. Оның бұрынғы әпкесімен тұрған бөлмесі аула жаққа қарайтынын білетін. Ол сол жаққа бет алды. Ауладан өтіп бара жатып, ашық тұрған терезеден, төменгі бөлмелердің бірінде төсек жинап жатқан қызметші әйелді көріп қалды. "Фрейлен Петере?" — деп қайталап сұрады ол. — Көшіп кетті ғой деймін. Өзіңіз көз жеткізгеніңіз дұрыс қой. Бесінші қабат, сол жақтағы есік.

Кречмарға есікті көзі қып-қызыл, ұйқы-тұйқы бір әйел ашқанмен шынжырды ағытқан жоқ, тек саңылау арқылы ғана сөйлесті. "Мен Фрейлен Петерстің жаңа мекен-жайын білгім келеді, — деді Кречмар. — Ол осында өзінің әпкесімен бірге тұрған". — "Әпкесімен?" —деп елең ете түскен әйел, шынжырды ағытты. Ол оны сәл қимыл-қозғалыстан айналадағы заттары сылдырлап қоя беретін, шұбар дастарханының үстінде картофель пюресі, жыртық қапшықтағы тұз, сырадан босаған үш бөтелке тұрған құйтақандай бөлмеге кіргізді де, жұмбақ күлімсіреп, отыруын өтінді.

"Егер мен оның жиен әпкееі болсам да, — деді ол көзін жыпылық еткізіп, — мен оның мекен-жайын білмес ем. Оның, — деп қосып қойды ол, — ешқандай да әпкесі жоқ". — "Мас", — деп ойлады Кречмар. "Сіз құлақ салыңыз, — деді ол — мен сізден өтінем, ол қайда көшіп кетті". —"Ол менің бір бөлмемді жалдап тұрды", — деді ол, өзінің бай серігін жасырып, жаңа мекенін айтпай кеткен, бірақ бәрібір соңынан білініп қалған, жақсылықты білмейтін Магданы күйіне еске aп. "Не істеу керек? — деді Кречмар қаттырақ. — Мен оны қалай табам?" Қожайын әйел оны аяп кетті. Ол мына сәнді киінген, қатты толқып тұрған, көгілдір көзді мырзаға оның мекен-жайын айтқаннан, Магдаға жақсы бола ма, жаман бола ма, соны білмей абдырап тұрды да, — ақырында мырзаның соншалықты қиылғанына жаны ашып, оған қажетті анықтаманы берді. "Кезінде менің де соңымнан жүгірген, менің де, — деп күбірледі ол, оны шығарып сап тұрып, — иә, но, менің де..."

Сағат сегіздер шамасы еді, ымыртты түрткілеп оттар ояна бастады, ал аспан бас айналдырардай көкпеңбек. "Қазір жұмысқа кірісем", — деп ойлады Кречмар таксомотордың ішінде түтін түстес асфальтпен ұшып келе жатып.

Есікте оның аты-жөні жазылыпты. Қолдары шикі ет сияқты қып-ызыл, қабағы салбыраңқы бір әйел хабар беруге кетті. "Аспазшы жалдап үлгеріпті, — деп ойлады көңілі көтеріліп. — Міне, біз қандаймыз". "Кіріңіз", — деді қайта оралып. Ол шашын бір сипап, ішке енді. Кимоно киген Магда жалаңаш қолдарын айқастырып гүлді кушеткада жатыр еді; қарнының үстінде айқара ашылған кітап. Бөлме соншалықты талғампаз жасақталыпты, оған кәдімгідей налып калды.

"Сәлем", — деді Магда, өзіне тән емес енжарлықпен оған қолын созып.

"Менің бүгін келетінімді білген сияқтысың ғой, — деді ол күлкісін зорға тиып. — Одан да сенің тұратын жеріңді қалай тапқанымды сұра".

"Мен саған адресімді жазып жібергем", — деді ол оның саусағынан ұстап.

"Бұл бір қызығы да, шыжығы да көп оқиға болды, — деп жалғастыра түсті Кречмар, оған құлақ қоймастан, қазір сүйетін оның еліктіріп есті шығарып бара жатқан еріндеріне қарап. — Қызығы да, шыжығы да көп... Әпке дегенді ойлап тапқан сен, қандай оңбағансың".

"Сен ол жаққа неменеге бардың? — деді Магда ренжіп. — Мен саған адресімді жазып едім ғой. Анық етіп, жоғарыдағы оң жаққа жазғам".

"Жоғарыға? Анық етіп? — Кречмар таңғала сұрады.

"Сен нені айтып тұрсың?"

Ол кітапты тарс жауып, шынтақтап жатты.

"Сен хатты алдың ба?"

"Қандай хат?" — деп сұраған Кречмар, кенет алақанымен аузын басты, көзі ұясынан шығып бара жатты.

"Мен саған таңертең хат жібергем, — деді Магда оған қызыға қарап. — Сен оны кешкі поштамен аласың да, бірден келесің деп ойладым".

"Мүмкін емес" — деді Кречмар.

"Мен саған оны айтып бере алам. Қымбатты, сүйікті Бруно, ұя салынды, мен сені күтіп отырмын. Тек қатты сүйе көрме, қызыңның басы шыр көбелек айналып кетер... Болды".

"Магда, — деді ол баяу ғана. — Магда, сен не істегеніңді білесің бе?.. Мен ерте кетіп қалдым ғой. Пошта сегізге он бес минет қалғанда келеді. Ал қазір..."

"Тағы мен айыптымын, — деді ол. — Маған ашуланушы болма. Мен оған әдемілеп хат жазам, ал ол... Ренжідім".

Ол иығын қиқаң еткізіп, кітапты алып, бір қырындап жатты. Сол жақ бетінде сурет бар екен: айна алдында гримденіп жатқан Грета Гарбо.

Кречмардың басына бір ой жылт ете қалды: "Апатты жағдай, ал ол сурет қарап жатыр, қызық-ай". Сағат сегізге жиырма минөт қалғанын көрсетті. Магда кесіртке құсап бүктетіліп, қимылсыз жатыр.

"Сен мені құрттың ғой... Сен мені..." — деп сөзін аяқтамастан шыға жөнелді де, басқыштардан қарғып-қарғып төменге бір-ақ түсіп, өтіп бара жатқан таксомоторға қол бұлғап тоқтатып, қалай болса солай отыра салды да, еңсесімен алға ұмтылып, шофердің дәл желкесінде күбірлеп келеді: "Құдай-ау, не боп кетті... үлгермеймін... үлгермеймін..."

Автомобиль тоқтады. Ол атып шықты. Бақтың жанында таныс пошташы аяғын талтайтып толық швейцармен сөйлесіп тұр екен. "Маған хат бар ма?" — деп сұрады ентігін баса алмай Кречмар. "Жаңа ғана жоғарыға апарып бердім", — деді ол достық көңілмен күлімсіреп.

Кречмар жоғары қарады. Оның пәтерінің терезелері жайбарақат жарық шашып тұр. Ол өзіне-өзі ие болар емес, әйтеуір бір орында тұрып қалмас үшін, ол үйге кіріп, жоғары көтеріле берді. Бір алаңқай. Екінші. Жас суретшінің көрмесін ұйымдастыру керек. Білесің бе, ұрыны ұстағым келді. Жер сілкінді, тұңғиық... Ол оқыды, бәрін біледі. Кречмар өзінің есігіне жетпестен, кенет кілт бұрылды да, төмен қарай жүгіре жөнелді. Жалт ете қалған мысық темір тордың арасынан зып етіп өтіп кетті.

Бес минөттен кейін ол, жақында ғана бақыттан жайраңдап кірген бөлмеге қайта енді. Магда қатып қалған кесіртке құсап кушеткада жатыр екен. Кітап сол ашылған қалпында, — гримденіп жатқан Грета. Ол алысырақ орындыққа отырып aп, саусақтарын сыртылдатып үзе бастады.

"Тоқтат, — деді Магда, басын көтерместен. — Қалай хат барып па?"

"Әй, Магда-ай... — деп баяу ғана, тамағын кенеді. Сонан кейін тамағын тағы да қаттырақ кенеп әтеш дауыспен: — Кеш боп қалды, пошташы болып кетіпті".

Ол орнынан тұрып, бөлмеде әрі-бері жүрді де, қайтадан сол орынға отырды.

"Ол менің бүкіл хатымды оқиды, сен оны білесің ғой..." деді ол, көз алдын кіреукелеп алған тұман арасынан өзінің аяқ киімінің тұмсығына қарап.

"Сен оған тиым салуың керек еді".

"Әй, Магда-ай, сен бұдан не түсінесің... Осылай болған, осылай болып келген... Әсіресе, кеше. Әртүрлі күлкілі хаттар болған... Сен не істедің... Оның не істейтінін мен білмеймін. Ғажайып бола қоймас... Тек осы жолы ғана, тек осы жолы, — басқа іспен қолы тимей, ұмытып кетсе ғой... Сен түсінесің бе, Магда, бұның бәрі бос сөз, — ғажайып болмайды".

"Сен тек ол келген кезде дәлізге шықпа. Өзім шығам".

"Кім? Қашан?" — деп сұрады ол, неге екені белгісіз, манағы бір масаң әйелді көз алдына келтіріп.

"Қашан? Дәл қазір. Оның қолында қазір менің адресім бар ғой".

Кречмар әлі түсінер емес.

"Ә, сен соны айтып тұрсың ба? — деді ол ақыры, — сол туралы ма... Құдай—ау, қандай ақымақсың, Магда. Ешуақытта да ондай жағдай болмайды. Бәрі болуы мүмкін, бірақ ол болмайды..."

"Тіпті жақсы", — деп ойлады Магда, кенет ол көңілденіп сала берді. Хат салып тұрып ол басқаша ойлап еді: күйеуі көрсетпейді, әйелі жер тепкілеп ашуланып, қолынан жұлып алғысы келеді... Алғашқы күдік түскен жерін үңірейтіп кетсе, Кречмардың одан кейінгі жолын жеңілдетер еді. Кездейсоқтық борін бір-ақ шешіп берді. Ол кітапты былай қойып оның дірілдеп тұрған ерніне күлімсіреп қарады. Ол бір кесапатқа душар болды, — аса бір айрықша маңызды сот туды, — егер тиісті шара қолданбаса... Магда керіліп, иығын қозғап, өзінің сымбатты тұла бойына құйылып бара жатқан құштарлық сезініп, жоғары қарады да:

"Бері келші, Бруно", — деді.

Ол келді; басын шайқап-шайқап жіберіп, кушетканың шетіне кеп отырды.

"Құшақташы мені", — деді ол көзін жұмып, — мен сенің көңілінді табайын.

8

Берлиндегі мамыр айының таң сәрісі. Шырмауық үстінде қараторғайлар секең-секең етеді. Сүт тарататын жуан автомобиль дөңгелектері жібек матаның үстімен жүгіріп бара жатқандай сыр-сыр стеді. Қыш шатырда күн нұры жалт-жұлт ойнайды. Дауыстар мен гудоктарға үйрене қоймаған ауа ол дыбыстарды аса бір қымбат, жаңа, қадірлі нәрселердей алысқа алып кетіп жатыр. Бауда сирень гүлдеп тұр: ақ көбелектер, деревнядағы бақтардағыдай, таңертеңгі салқынға қарамай ұшып-қонып жүр. Олардың бөрі түнеген үйінен шыға келген Кречмарды қоршап алды.

Оның тұла бойы тоңазып қоя берді — тамақтанғысы келді, сонымен бірге жүрегі лоблыды, өзінен шаттық сезінді, тән мен тәннің тосырқап жақындасуы, қырынбағанның жағымсыз әсері. Оның осыншалықты сарқылып қалуына таңғалуға болмайды: осы бір түн туралы, шынын айтқанда, бүкіл ғұмыр бойы еліге, желіге ойлап келген жоқ па еді. Осы бір он алты жастағы қыздың ауыздық көрмеген албаты бұлқыныстары оның ындынын бұрынғыдан да өршітіп жібергендей болды, — ернімен қытықтап, шешіндіруге кірісе бастағанынан оның басын шалқайта ұстап, ыңырсып, жауырындарын құтыра құбылтқанының өзі неге тұрады?! Кречмарға әлі етегі түрілмеген қыздың салқын әрекетінен гөрі, дәл осындай табиғи асаулық керек еді. Ол бірден әдеттегі ұяң, ебедейсіз тартынуын ысырып тастап, әдепсіз түстерінде көретін әрекеттерге кірісті. Көптен бері қайта-қайта кіретін ол түстерінде Кречмар жартастардың арасынан қаңырап бос жатқан жағажайға шығатын да, суға түсіп жүрген жас қыз оған қарсы жолығатын. Магда да түсіне енетін дәл сол қыз сияқты еді, — оның түсіндегі жағалаумен тыржалаңаш жүгіруге әбден еті үйренген сол қыз құсап, ол да тыржалаңаш қалпынан аса именбей еркін қимылдайды екен Ол шаршап—шалдығуды білмейтін болып шықты, — өрттей ыстық дем, акробатикалық еркелік, сәл ғана дамылдап қайтадан құтырып шыға келетіні, — төсекке шығып секіреді, сақылдап күледі, кереуеттен секіріп түседі, бөксесін ойнатып бөлмені кезіп кетеді, айна алдына барады, кешегіден қалған токашты қашыр—құшыр шайнайды.

Кенет Магда ұйықтап кетті — бейне бір сөйлеп отырып мүдіріп қалғандай — ол кезде бөлмедегі шам жарығы да сұйылып, ал терезе түтін түстес көгілдір тартқан—ды. Кречмар тар ваннаға бет алды, бірақ краннан таттанып кеткен екі-үш тамшы тамды да тоқтап қалды, ол күрсінді де екі саусағымен мочалка алып шықты, түсі күмән туғызатын қызыл сабынға қарап тұрды да, Магданы, ең алдымен, тазалыққа үйрету керек екен деп ойлады. Атүсті киініп, үстел үстіне қағаз қалдырып, Магданың ұйықтап жатқанына қарап тұрды да, оны көрпемен қымтап, ұйпа—тұйпа болған шашынан сүйіп, сыртқа шықты.

Ол енді қаңырап жатқан көшемен келе жатып, тап-таза таңғы ауаны құныға жұтып зауал тартатынын білді — әйелі мен қызы туралы ойлардың ауыр толқындары оны көме бастады. Аннелизаның ұзақ уақыт бірге тұрған үйді көріп, осыдан тоғыз жыл бұрын бауырына баласын басқан әйелімен бірге көтерілген лифті орнынан қозғалған кезде; оның аты-жөні маңдайынан жарқырап жазулы тұрған есік алдына тоқтаған кезде; өткен түннің қайталануынан бас тартуға дайын еді, — тек құдай оңғарса болды. Ол өзіне-өзі, егер Аннелиза, құдай қалуымен, хатты оқымай қалған болса, өзінің қонбағанын бірдеңе деп түсіндірер еді — тіпті өзінің арақ ішпейтінін құрбандыққа шалып жіберуге бар — көп ішіп қойыппын, шатақ шығардым, тағы—тағылар... Алайда әлі мынау есікті ашу, кіру және көру керек... Нені көру керек? Мұны көз алдыңа келтіру қиын. "Бәлкім, кірмей қою керек шығар, бәрінен қол үзіп, жасырынып қалса қайтеді". Кенет ол соғыста паналап жатқан жерді тастап кету сәтін есіне алды.

Ауыз бөлмеде тың-тыңдап тұрып қалды. Тып—тыныш. Әдетте, таңертеңгі мұндай сәтте үйдің іші абыр-сабыр боп жататын — судың сарқыраған даусы шығып, Бонна Ирмамен дауыстап сөйлесіп, қызметші әйел асханада ыдыс сылдырлатып... Тып-тыныш. Бұрышқа көзі түсіп, әйелінің қолшатырын көрді. Аяқ астынан Фрида пайда болды — алжапқышы жоқ — даусы дірілдеп: "Ханым кішкене қызымен кеше кешке кетіп қалған". — "Қайда?" — деп сұрады Кречмар бұрышқа қарап. Фрида асығыс-үсігіс, айқайлап түсіндіріп жатты да, кенет еңіреп жылап жіберді, еңіреп жүріп оның қолынан қалпағы мен таяғын алды. "Сіз кофе ішесіз бе?" — деді ол жылап жүріп. "Кофе болса, кофе болсын..."

Жатын бөлме астан-кестең бопты. Әйелінің сары көйлегі төсекте жатыр. Шкаптың бір тартпасы тартылған қалпы. Үстелден қайын атасы мен қызының портреті ғайып болыпты. Кілем шеті қыстырылып қалған.

Ол кілемді жөндеп, жайлап кабинетке кірді. Онда бірнеше ашылған хаттар жатыр. Магданың балаға тән қолын таныды. Драйерлер балға шақырып жатыр. Горн — мұхиттың арғы жағынан ілтипатын білдіреді. Tic дәрігерінің есептесу қағазы.

Екі сағаттан кейін Макс келді. Қырынып жатып мүлт кеткен болу керек: торсықтай бетіне айқастырып дәке жапсырыпты. "Мен оның заттарын алып кетуге келдім", — деді ол кірген бойда. Кречмар оның соңынан еріп барып, Фрида мен оның, бейне бір, поезға кешігіп бара жатқандай асығып сандықты толтырып жатқандарына үнсіз қарап тұрды. "Қолшатырды ұмытпаңдар" — деді Кречмар селсоқ қана. Балалар бөлмесінде де сол әбігер қайталанды. Боннаның бөлмесінде мұқият жабылған шабадан тұр еді — оны да алды.

"Макс, екі ауыз сөзім бар" — деп міңгірлеген Кречмар, жөткірініп кабинетке беттеді. Макс оның соңынан ілесіп, терезенің алдына барды. "Бұл апат", — деді Кречмар. Үнсіздік.

"Мен саған бір—ақ нәрсе айтам, — деді Макс ақырында, терезеге қарап тұрып, — Аннелиза мұны көтере алмауы мүмкін. Сіз... ол..." Макс мүдіріп қалды, бетіндегі айқастырылған дәке әлденеше рет бұлт-бұлт ете түсті.

"Оны енді өлгенмен бірдей деуге болады. Сіз оны... Сіз онымен... Шынын айтқанда, сіз қандай оңбағансыз, сендейлерді..."

"Сен сондай дөрекісің" — деп Кречмар күлген болды.

"Бұл енді сұмдық қой! — кенет Макс айқайлап жіберіп, келгеннен бері оған алғаш көз тастады. — Сен оны қай жерде жабыстырып алдың? Ол жезөкше саған неге хат жазады?"

"Жарайды, жайырақ", — деді Кречмар ешқандай қауқары жоқ доқ көрсетіп.

"Мен сені періп жіберейін бе, періп жіберейін бе!" — деді Макс одан сайын өршеленіп.

"Фридадан ұялсаң нетті, — деп міңгірледі Кречмар. — Ол бәрін естіп тұр ғой. Бұл апат".

"Сен жауап бересің бе, жоқ па?" — деп Маке оның жеңінен тартпақ болып еді, Кречмар оның қолынан салып қалды.

"Мен саған жауап бермеймін, — деді ол, — мұның бәрі мені қорлайды. Бұл бәлкім, біртүрлі түсініспеушілік... Мүмкін, анау айтқандай ештеңе болмаған шығар..."

"Сен өтірік айтасың! — деп айқайлады Маке орындықпен еденді салып қап. — Сен өтірік айтасың. Мен жаңа ғана онда болдым. Емделетін үйге жіберетін жезөкше. Сенің өтірік айтқаныңды мен білем. Қалай осыған бардың, жексұрын! Бұл енді азғындық қана емес, бұл..." "Жетеді, жетеді", — деді Кречмар алқынып.

Жүк машинасы өтті де, терезелер шынысы сылдырлады.

"Әй, сені ме, — деді Маке кенет байсалданып, мұңлы дауыспен — Осылай деп кім ойлаған..."

Ол шығып кетті. Фрида пысылдап жылап жүр. Біреу сандықты алып кетті. Сонан кейін бәрі тына қалды.

9

Түс әлетінде Кречмар бір шабаданымен Магдаға көшіп алды. Фриданы қаңырап қалған үйде қалуға зорға көндірді. Ақырында ол, Боннаның бұрынғы бөлмесіне жүретін жігітіңді орналастыр деп айтқаннан кейін ғана келісімін берді. Ол барлық телефон қоңырауларына Кречмар өзінің отбасымен Италияға жүріп кетті деп жауап беруге тиіс болды.

Магда оны салқын қабылдады. Таңертең оны құтырған бір семіз адам оятты да, Кречмарды іздеп, оны екі рет жезөкше деп атады. Қайратты аспазшы оны итеріп шығарып жіберді. "Бұл пәтер, дәлірек айтқанда, бір-ақ адамға арналған", — деді ол Кречмардың шабаданына қарап. "Мен сенен өтінем..." — деді ол салғырт қана. "Жалпы айтқанда, мен сенің оңбаған жақындарыңнан былапыт сөздер естігім келмейді" — деді ол қызыл жібек киіп ап, папиросын будақтатып бөлмеде әрі-бері жүріп. Маңдайына түсіп кеткен қою шашы, оны сыған қызына ұқсатып жіберген.

Түстен кейін Магда грамафон сатып алуға кетті, — грамафонды неге осы күні сатып алу керек. Кречмар басы ауырып, дел-сал қалыпта, жаман-жәутік қонақ бөлмеде, кушетканың үстінде сол қалпында жатыр: "Құлақ есітіп, көз көрмеген оқиға болды, ал мен түк болмағандай жатырмын. Аннелиза жиырма минөттай есінен танып қап, сонан кейін айқайға басқан шығар, — оны есту мүмкін емес қой, — ал мен түк болмағандай... Мен онымен ажырасып кете алмаймын, өйткені ол менің әйелім, оның үстіне онымен ажырасуға құқым жоқ, — мен Аннелизаны сүйем, әрине ол менің кесірімнен өлетін болса, онда мен атылып өлем. Макстың пәтеріне көшу керектігін Ирмаға қалай түсіндіреді екен. Асығыстық. Үстірттік. Ол туралы Фрида: "Ол айқайлады, ол айқайлады" деп "о" дыбысына нықтап екпін түсіріп айтты. Ал, Аннелиза ғұмыры дауысын көтеріп көрмеп еді.

Келесі күні, Магданың күйтабақтар сатып алуға кеткен сәтін пайдаланып, Кречмар әйеліне, оны, "біздің отбасымыздын шаңырағын ортасына түсірген" желбастығына карамай, әлі де сүйетіндігін шын көңілмен, бірақ тым тәтті сөздермен ұзын хат жазды. Ол жылап отырып, анда — санда Магда келе жатқан жоқ па деп тың — тыңдап қойып, көзінен жас сорғалап, күбірлеп сөйлеп отырып хатын жалғастыра берді. Ол әйелінен кешірім сұрады, қызына қарауын, оған лайықты, бірақ бақытсыз әкесін жек көріп кетпеудің амалын табуды өтінді, — алайда ол хатта, егер әйелі кешірім жасаса, онда желбастықтан бас тартатыны туралы бірауыз сөз жоқ еді. Жауап болмады.

Егер азапқа түспеймін десе, онда ол ештеңеге алаңдамастан жексұрын жолға түсіп, отбасын миынан біржола аластап, Магданың көз суырар сұлулығы қоздыратын сұмпайы, сорақы, тіпті кеселді ындын құштарлығына мүлде берілу керек. Магда қай кезде де, күндіз де, түнде де, қанша рет болса сонша рет, мақұлықтық жыныс құштарлығына дайын еді, ол қайта бұрынғыдан да құтырып, бұрынғыдан да құлпырып бара жататын тарпан асау, —былтыр дәрігердің оған бала көтеруге қабілетсіз екенін айтқаны, ол үшін басына қонған бақыттай көрінді. Кречмар оны күнде таңертең сабынданып ванна қабылдауға үйретті, бұрын ол мойны мен қолын жуып жүре беретін. Тек қолының ғана емес, башпайларының да тырнақтары тап-тұйнақтай боп, тазарып, боялып-сырланатын болды. Қолтығының астындағы жүнді қырып тастаймын деп, қанатып алды. Қанның түсі оның жүрегін лоблытып, басын айналдырды. Кречмар дәріханаға жүгіріп барып сары мата, йод, тағы бірдеңелер алып келді.

Егер басқа біреулердің бойынан көрсе нағыз тұрпайылық, тіпті барып тұрған ұятсыздық боп көрінетін қылықтар, Магданың бойынан көрінгенде сондай жарасымды боп шыға келеді. Оның талшықтай балғын денесі мен ашық жынысқұмарлығы — театр залындағы ақырындап бәсең тартатын жарық құсап жабылатын сол бір үш жағы қиылып біткен көзі оның есін шығарып жіберетін, ақырында ол тән сыпайылығынан мүлде айырылып тынды, — ұяң әйелін құшақтаған кездегі бұрынғы ұстамдылық жоқ болды.

Таныс біреулер жолығып қала ма деп ол көшеге шығудан калды, Магданы қасынан, онда да тек таңертең ғана, қинала жіберетің, — ол шұлықтар мен жібек киім-кешек сатып алуға тырысатын. Магданың әр нәрсені бір қазып сұрай бермейтініне таңғалатын, — ол оның өткен өмірінен ештеңе сұрамайтын, жақын адамын белгілі жүйе бойынша көз алдына елестететін де, сол жүйеге толығынан сенетін адамдар сойынан еді. Ол, кейде, өзінің өткен өмірі туралы, балалык шағы хақында, еміс—еміс қана білетін шешесі мен өзінің аттарын, иттерін, емендерін, поместьесіндегі астығын өлердей жақсы көретін, аяқ астынан қайтыс боп кеткен әкесі жөнінде әңгіме айтады, — иә, иә әкесі, — бір сөзуар—қонағы, қолын қайта—қайта аузына апарып, әдепсіз бір анекдотті айтқан кезде ішегі қатқанша күлем деп өліп кеткен-ді.

"Қандай? Айтшы?" — деп Магда өтінгенмен Кречмар ол анекдотты білмейтін.

Ол өзінің ертеректе сурет салуға құштар болғанын, өзінің жұмысы туралы картиналарды қалай тазалайтын бағалы жаңалық жайында айтады — тозған лак тозаңға айналып кетеді, скипидарға малынған шүберекпен сүрткен кезде дөрекі, қара көлеңке жоғалады да, бұрын—соңды көрмеген сұлулық қалқып шығады — көгілдір жоталар, балауыз түстес соқпақтар, бөкене бойлы жат жерлік діндарлар...

Магданы, негізінен ондай картиналардың қанша тұратыны ғана қызықтыратын.

Ол соғыс туралы, окоптарда қалай азаптанғаны жайында айтқан кезде, Магда, оған бай бола тұра неге тылда жұмыс істемегенсің деп таңғалатын. "Сен қандай қызықсың, — деп дауыстап жіберетін Кречмар, оның мойнынан сүйіп, — құдай-ау, қандай қызықсың!.."

Магданың кешке қарай іші пыстатын — оның кинематографқа, салтанатты қабақтарға барып, негритян музыкасын тыңдағысы келетін. "Бәрі болады, бәрі болады, — дейді ол. —Сен тек шыда, менің оң-солыма қарауыма, демалуыма мұрсат бер. Менің әр түрлі жоспарларым бар... Көр де тұр, бір жаққа тартамыз да кетеміз..."

Ол қонақ бөлмеге қарап отырып заттарға деген талғампаздыққа мүлде төзе алмайтын оның, мына үйме-жүйме боп жатқан дүниелерді, мына жоқты—барды жинай берген Магда құрастырған ортаны сүйе бастады.

"Біз өте жайлы орналастық, Магда солай ма?" Ол бірден келісе кетті. Мұның бәрінің уақытша екенін ол білді. Кречмардың бай пәтері туралы ой басынан шығар емес, бірақ, әрине, оған асықпау керек.

Бірде маусымның басында Магда модалар үйінен жаяу шығып, үйіне жақындап қалған кезде, арт жағынан біреу кеп, оның қарынан ұстай алды. Ол жалт қарады. Ол ағасы Отто еді. Жағымсыз түрмен мырс етті. Әрірек те, оның екі жолдасы да езулерін қисайта күліп қарап тұр.

"Сәлем, балақай, — деді ол. — Туысқандарды ұмытып кету жақсы емес".

"Қолымды жібер", — деді баяу ғана Магда, көзін төмен түсіріп.

Отто бұлғақ-бұлғақ етеді. "Қандай әдемі киініп алғансың, — деді ол оның басынан аяғына дейін көз жүгіртіп, — ханым деуге болады".

Магда бұрылды да жүре берді. Бірақ ол оны тағы да саусақтарын батырыңқырап ұстай алды. "Ай-ай", — деп айқайлап жіберді ол бала кезіндегідей.

"Сен, — деді Отто. — Мен сені үш күннен бері бақылап жүрмін. Қалай тұрып жатқаныңды білем. Дегенмен біз былайырақ шығайықшы..."

"Жібер, жібер", — деп сыбырлады Магда, оның саусақтарын ажыратпақ боп. Өтіп бара жатқандардың кейбіреулері айқай—шу шыға қалса екен деп, тоқтап қарап тұр. Үйі тіпті жақын еді. Кречмардың терезеге көзі түсуі мүмкін ғой. Оның арты жақсы болмайды.

Оның қысқанына көніп, амал жоқ орнынан қозғалды. Тістерін ақситып, қолдарын бос тастап екеуі жақындады, — Каспар мен Курт. "Менен саған не керек?" — деді Магда ағасының мыж-мыж бас киміне, құлағына қыстырған папиросына, бұқа мойнына қарап. Ол басын шайқады. "Жүр, анау қабаққа барайық".

"Қоя бер", — деп айқайлады ол. Анау екеуі де жақындап оны ығыстырып алып бара жатты. Ол шоши бастады.

Ол төртеуі күңгірт трактирге кірді. Бірнеше адам қырылдап-айқайлап әлденені әңгіме етіп жатты. "Мынау бұрышқа отырайық", — деді Отто.

Отырды. Магда, ағасымен және мына күнге тотыққан жігіттермен бірге суға түсуге барғандарын есіне алды. Олар оны жүзуге үйретпек боп, санын қысатын-ды. Олардың бірінің, Каспардың саусақтары мен төсінде татуировка бар болатын. Жағада жатып aп, бір-біріне майлы құм шашып, етпетінен жатқан оның су-су арқасынан қағып—қағып қойған еді. Оның бәрі тамаша, жақсы еді. Әсіресе бұлшық етті, ақшыл шашты Каспар жағалауға жүгіріп барып, тоңған адамдай, қолын сермеп жүріп алатын. Шалқалап жүзіп бара жатып, ол итбалықтың даусын салатын. Судан шыққан бойда ол бірден шашын тарап, бас киімін киіп алатын Доп ойнағандары да есінде, сонан кейін ол жата қалатын да, олар оның бетін ғана қалдырып құммен көміп тастайтын.

"Енді тыңда, — деді Отто үстел үстіне төрт саптыаяқ мөлдір түсті сыра қойылғаннан кейін. — Сенің бай досың болғаны үшін ғана, өзіңнің жақындарыңнан безіп кетпеуің керек. Керісінше, отбасыңа көмектесуің керек". Ол сырадан бір ұрттап алды, басқалары да сөйтті. Ол екеуі Магдаға кекесінмен, жек көре қарайды.

"Сен мұны тисе терекке, тимесе бұтаққа деп айтып отырсың, — деді Магда кеудесін көтеріңкіреп. — Сен ойлағандай емес, мүлде басқа. Біз ерлі-зайыптымыз, біліп қой".

Үшеуі де қарқылдап күліп жіберді. Үшеуін де Магданың жек көргені сондай, олардан бұрылып сөмкесінің құлпымен болып кетті. Отто оның қолынан сөмкені алып ашты да, одан опа қорабын, кілт және үш марка мен ұсақ тиындарды алып шықты. Ақшаны өзіне қалдырып, басын иіп сөмкені оның алдына қойды.

Тағы да сыра сұратты. Магда да өзін-өзі зорлағандай боп бір жұтты, — ол сыраны жек көретін, — әйтпесе олар мұны да ішіп қоятын түрі бар. "Маған енді кетуге бола ма?" — деп сұрады ол.

"Қалай? Қабақта ағаң мен оның достарымен отыру ыңғайсыз ба? — деп таңырқады Отто. — Сен, Магда, қатты өзгеріп кеткенсің. Бірақ біз, әлі ең басты мәселені айтқан жоқпыз..."

"Сен мені тонап алдың, енді мен кетем".

Үшеуі тағы күңгір-күңгір дауыс шығарды, бұл шошиын деді.

"Тонау туралы әңгіме болмау керек", — деді Отто ашулы кейіппен. — Бұл ақша сенің ақшаң емес, біздің ағайындардың қанынан сорып алынған ақша. Сен ондай сиқыршылығыңды қой. Тонау туралы айтып отырмын. Сен.. "— Ол өзін басып, жайырақ сөйледі. "Магда, тыңда. Сен бүгін өзіңнің досыңнан маған, отбасымызға деп шамалы ақша аласың. Елу марка.Түсіндің бе?"

"Мен оны істемесем ше?" — деп сұрады Магда.

"Онда өш аламыз, — деді Отто байыппен. — Біз сен туралы бәрін білеміз... Қалыңдық — қарай гөр!"

Магда кенет күлімсіреді де, көзін төмен түсіріп, сыбырлап қана:

"Жақсы табайын. Осымен болды ма? Кетуіме бола ма?" — деді.

"Тоқтай тұр, тоқта, қайда асығасың? Жалпы біз кездесіп тұруымыз керек, қала сыртына шығамыз, білдің бе? — достарына қарап қойды. — Керемет болып еді ғой. Мұрныңды шүйіре берме, Магда".

Бірақ ол орнынан тұрып кетіп еді өзінің сырасын ішіп қойған — ды.

"Ертең түсте сол бұрышта, — деді Отто, — сонан кейін күні бойы Вайзейде боламыз. Жақсы ма?.."

"Жақсы", — деп Магда күлімсіреп басын изеп сыртқа беттеді.

Ол үйге кірді, Кречмар газетін тастап оның жанына келді. Магда есінен айырылған жандай қаңғалақтап, өтірік бүгіліп бара жатты. Өте сәтті шықты. Ол қорқып кетті де, кушеткаға жатқызып, коньяк әкелді. "Не боп қалды? Не боп қалды?" — деп сұрады ол, шашынан сипап. "Сен мені енді тастап кетесің", — деді Магда ыңырси сөйлеп. Ол жұтынып—жұтынып жіберіп ең сұмдықты ойына алды: көзге шөп салу. "Олай болса, атып тастаймын", — деді іштей өзіне—өзі, сонан кейін сабырлы үнмен: "Не боп қалды, Магда?" —"Мен саған өтірік айттым", — деді де, үндемей қалды. "Ажал" — деп ойлады Кречмар. "Мен сені алдадым, Бруно, — деп жалғастырды ол. — Менің әкем, тіпті де суретші емес, бұрынғы слесарь, қазір швейцар, шешем басқыш жуады, ағам жай ғана жұмысшы. Менің балалық шағым өте қиын болды, мені ұрып—соқты, мені азаптады..."

Кречмарды басқа сезім биледі — жұмсарып босап сала берді, сонан кейін аяушылық пайда болды.

"Жоқ, сүюді қоя тұр, Бруно. Сен бәрін білуің керек. Мен үйімнен қашып кеткем. Мен алдымен натурашы болып істедім: Мені бір кәрі қақпас кемпір пайдаланды. Сонан кейін бақытсыз махаббаттың құрбаны болдым — сен сияқты оның да әйелі болды, әйелі ажырасуға рұқсат бермей қойды да, оны өлгенше сүйе тұра, одан мен кетіп қалдым. Сонан кейін менің соңыма қарт банкир түсті, бүкіл дүние-мүлкімді саған берем деп соқты, сол тұста лас өсек-аяңдар өріп кетті, — бірақ ол ештеңе де жасай алған жоқ. Оның жүрегі жарылып өлді. "Аргусқа" кіріп, жұмыс істей бастадым. Түсінесің бе, ол мені экранның жұлдызы еткісі келді, — ал мен болсам адал жолды таңдадым..."

"Бақытым менің, бақытым", — деді Кречмар күбірлеп.

"Сен мені сұмпайы көріп тұрған шығарсың? — деді ол жылап жатып күлмек болып еді, бірақ жас құрғырың көзінен шыға қоймады. — Жек көрмеуің қандай жақсы. Бірақ енді сен ең сұмдығын тыңда: ағам менің ізіме түсті, ол менен ақша талап етті, енді ол бопсаға барады... Мен оны көрген бойда, сені ойладым: байғұс, аңғал көжегім, менің отбасымды білмейді ғой, — мен сонда, білесің бе, мен сонда ұяттан өлердей болдым — саған бар шынымды айтпағаннан, — сондай ұялдым, Бруно..."

Ол оны құшақтап, елжірей еркелетіп қытықтады, ол сылқ—сылқ күлді (ағасын ақымақ қып кетті ғой).

Білесің бе, — деді Кречмар, — мен сені енді жалғыз жіберуден қорқып тұрмын. Не істеу керек? Полицияға шағым жасасақ па екен?

"Жоқ, тек бұл емес" — деді Магда кесімді түрде. Ол, неге екені белгісіз, полиция мен полицейлерден қатты қорқатын.

10

Таңертең ол Кречмармен бірге шықты — жеңіл жазғы заттар мен күнге қарсы кремдер сатып алу керек еді: Адриатиядағы Сольфи курорты өзінің күн сәулесінің молдығымен аты шыққан. Таксомоторға отырып жатып, көшенің арғы бетінде тұрған ағасын байқады, бірақ оны Кречмарға көрсеткен жоқ.

Көшеге Магдамен бірге шығу, онымен бірге бір дүкеннен екінші дүкенге бару Кречмарды толассыз алаң етумен болды: таныс біреулер кездесіп қала ма деп қорықты, ол өзінің жағдайына әлі үйрене қоймап еді. Олар үйге қайтқанда, іздеріне ешкім түскен жоқ; Магда ағасының қорланғанын, енді бір шара қолданатынын түсінді. Солай болды да шықты. Жол жүрерден екі күн бұрын Кречмар іс қағаздарын жазып отырған. Магда келесі бөлмеде жаңа сандыққа заттарды реттеп салып жатқан; Кречмар қағаздың сыбдыры мен үздіксіз ыңылдап ән салып жүрген оның даусын тыңдап отырған. "Қандай құбылған дүние, — деп ойлады Кречмар. — Егер балгер жаңа Жылдың алдында, бірер айдың ішінде менің өмірімнің осылай шалт өзгеретінін айтса ғой..." Магда келесі бөлмеде әлденені қолынан түсіріп алды, әуен кілт үзілді, содан кейін қайта жалғасты. "Бес ай бұрын ғана мен үлгілі еркек болдым ғой, Магданың ол кезде елесі де жоқ еді. Осының бәрі қалай шұғыл болды. Басқа адамдар отбасы бақытын сырттағы көңіл көтерумен әдемі үйлестіре алады, ал менікі шатысып-бытысты да кетті, мен қазір де өзімнің мүлт жіберген жерімді біле алмай дал болам; мен дәл осы отырысымда не нәрсені де анық ақылға сала алам, ал өмірде бәрі қырын келіп, айдалаға лағып барады..."

Ол күрсініп алып, қайтадан хатқа төнді. Кенет қоңырау. Кречмардың ауыз бөлмесіне әр есіктен бір-бір адам шыға келді. Магда мен аспазшы. "Бруно, — деді Магда сыбырлап. Мен біліп тұрмын, бұл Отто". — "Өзіңе бар, — деп жауап берді Кречмар. — Оны өзім ретке келтірем".

Ол есік ашты. Табалдырықта дөрекі топас жас жігіт тұрды — солай бола тұра Магдаға өте ұқсас. Үстінде жып—жинақы көгілдір костюм, сұр галстүгі жіңішкеріп барып көйлегінің астына кетіпті.

"Сізге кім керек? — деп сұрады Кречмар.

Отто жөткірініп, тұрпайылау түрмен: "Менің сізбен қарындасым туралы сөйлескім келеді, мен — Магданың ағасымын", — деді.

"Неліктен менімен?"

"Сіз мырза... — деп тосылыңқырап бастады Отто, — мырза..."

"Шиффермюллер" — деп айтып жіберді Кречмар жеңілдеп.

"Былай, Шиффермюллер мырза, мен сізді қарындасыммен бірге көрдім де, егер мен... егер сіз..."

"Есік көзінде неге тұрсыз? Кіріңіз".

Ол кіріп, тағы жөткірініп қойды.

"Тыңдаңыз, Шиффермюллер мырза. Менің қарындасым тым жас, тәжірибесіз. Менің шешем, Шиффермюллер мырза, Магда үйден кеткелі бері түнімен ұйықтамай шығады. Ия, Шиффермюллер, ол әлі бар-жоғы он бес жаста ғана — одан үлкенмін десе, сенбеңіз. Өте ыңғайсыз жағдай, Шиффермюллер мырза. Мұның не болғаны, сонда, сударь, біз — адал адамдармыз, әкеміз — қарт жауынгер, бұл істі қалай жөнге келтіруді мен білмей тұрмын..."

Отто өзін-өзі ширата сөйлеп,өз сөзіне тіпті өзі сеніп қалғандай.

"Не боларын білмеймін, — деп жалғастырды ол еліге түсіп. — Бұл жарамайды ғой, Шиффермюллер мырза. Өзіңіз ойлаңызшы, сіздің етегін жел ашпаған қарындасыңызды ақшаға көндіріп, азғындық жолға түсірді дейік..."

"Сен тыңда, қарағым, — Кречмар бөліп жіберді. — Бұл жерде бір білместік бар ғой деймін. Қалыңдығым маған айтқан, оның отбасы одан құтылғанша асық болған".

"Сударь, — деді Отто, көзін сығырайта қарап, басын шайқап — Оған үйленем деп, сіз мені сендіргіңіз келе ме. Адал қызға үйленер кезде, адам ең алдымен, оның ата-анасымен, ағасымен кеңесіп, солардан кепілдік алмайтын ба еді, — көбірек көңіл, азырақ астамшылдық, сударь".

Кречмар Оттоға секем ала қарады да, Макс Аннелиза үшін қалай күйіп-піссе, ол да Магда үшін солай күйіп-пісуге құқы бар екенін, бұл жерде ол дұрыс айтып отыр деп ойлады.

"Тоқта, тоқта, — Кречмар кесіп тастады. — Мұның бәрін мен жақсы білем, бірақ бұл мәселелер сізге қатысты емес. Кетуіңізге болады".

"Ә, солай ма, — деп Отто тығылып қалды. — Солай ма. Жақсы онда".

Ол қалпағын сипап, еденге қарап үн-түнсіз отырып қалды. Ойланып aп, енді ол мәселенің басқа жағынан келді.

"Сіз, бәлкім, көп ақша төлейтін болуыңыз керек, сударь. Мен қарындасымды басынан башпайына дейін жақсы білем. Мен оны адал деп, тек ағасы болғаннан кейін ғана айттым. Бірақ, Шиффермюллер мырза, сіз тым аңғал, ақкөңіл екенсіз, сіздің оны қалыңдығым дегеніңіз біртүрлі күлкілі естіледі. Керек болса, мен сізге ол туралы айтып берейін".

"Қажеті жоқ, — деген Кречмар қып-қызыл боп кетті. — Ол маған бәрін өзі айтқан. Отбасы қамқор бола алмаған бақытсыз қыз. Ал енді, кетіңіз", — деп Кречмар есік ашты.

"Әлі өкінесіз", — деді Отто доғал сөйлеп.

"Кетіңіз", — деді қайталап Кречмар.

Отто орнынан зорға қозғалды. Дәулетті адамдардың бәрінде бола беретін сезімталдықпен Кречмар да, бұл жас жігіттің өмірі жадау, тұрпайы боп өтеді-ау деп ойлады. Есікті жаппай тұрып ол, шиланын шұғыл шығарып, бас бармағын тіліне тигізіп, Оттоның қолына он марка ұстатты. Есік тарс жабылды. Отто ақшаға қарап тұрып қалды да, қоңырау соқты.

"Тағы да сіз бе!" — деп айқайлап жіберді Кречмар.

Отто ақшалы қолын созды. "Мен қайыр сұрап келгем жоқ, деді ол ызалы кейіппен. — Егер ақшаңыз сыймай бара жатса, онда оны жұмыссыздарға беріңіз".

"Қарағым, неғыласыз, алыңыз", — деді Кречмар қысылып қап.

Отто иығын қиқаң еткізді. "Мен бай мырзалардан қайыр сұрамаймын. Мен ешкімге кеудемді таптатпаймын. Мен..."

"Мен, тек ойлап ем..." — деді Кречмар.

Отто тағы да әлдене деп, бүгежектеп тұрды да, қабағын қарс жапқан қалпы ақшаны қалтасына сап, жүріп кетті. Әлеуметтік қажеттілік қанағаттанды, енді пенделік төбеттің аранын басу керек.

"Аздау, — деді ол, — әй, жарайды".

11

Аннелиза Магданың хатын оқығалы бері, ол бір ұзаққа созылған түстің ішінде жүргендей хал кешуде, бірде өзі жынданып ксі кендей, бірде күйеуі өліп қалғандай, бейне бір ол саған опасыздық жасады деп, өтірік айтатындай. Оның кетер кезінде маңдайынан сүйгені есінде — сол бір алыста қалған кеште, — маңдайынан сүйді, сонан кейін ол: "Ертең дәрігерден бұл туралы сұрау керек. Ол әлі қышынып жүр", — деді. Ол оның соңғы сөзі болды, — қызының қолы мен мойнына болар-болмас бөрткен шыққан, — осыдан кейін ол жоқ болды, бірнеше күннен кейін бөрткен цинк майынан жазылып кетті, — бірақ дүниеде адам жадын сүртіп тастайтын крем де, май да жоқ қой: оның кең, жып—жылы маңдайы, есікке қарай беттеген салқам жүрісі, мойнын бұрғаны, "ертең дәрігерден бұл туралы..."

Алғашқы күндері оның ағыл-тегіл жылағаны сонша, адамның көз жасы соншалықты сарқылмайтынына таңғалды, — адам баласы өзінің жанарынан қаншама тұзды су төгілетінін физиологтар біле ме екен? Бірде Аббация террасында теңіз суы құйылған ваннаға үш жасар Ирманы күйеуімен бірге түсіргендері есіне түсті, — кенет, елі де көл-көсір көз жасы бар екенін білді, — дәл сондай ваннаны көз жасына толтырып, оған баланы шомылдырып ап, сонан кейін оны фотоаппаратпен суретке түсіріп, Ирманың балалық шағына арналған альбомға жапсырып қою керек: террас, ванна, балпанақтай бала, күйеуінің көлеңкесі — өйткені суретке түсіргенде ол күнге ту сыртын беріп тұрған, —қолдары арбаң-арбаң еткен ұзын көлеңке.

Өрекпіген көңілін басқан кезде ол өзіне-өзі, ал, жақсы мені тас-тасын, бірақ Ирма туралы қалай ойламайды, дейтін. Ирманы Боннамен бірге Мисдраға жібергенім дұрыс болды ма деп, Аннелиза ағасының құлағының құрыш етін жейді, ал оны дұрыс деп қана қоймай, сол жаққа сен де барып қайт дейді, бірақ ол оның бұл сөзін құлағына да ілгісі келмейді. Осыншалықты қорлыққа, осыншалықты азапқа, осыншалықты сұмдық пен орны толмас оқиғаға қарамай, Аннелиза әp күн сайын, неге екені белгісіз, есіктен боп-боз боп, өксігін баса алмай оған қолын созып күйеуі кіріп келе жатқандай болады.

Ол күнінің көбін алдында тұрған бір бос креслоға отыра салып өткізеді — кейде тіпті ауыз бөлмеде — ойдың қалың туманы басқан кез келген жерде, — ерлі-зайыпты өмірде күйеуі осы тоғыз жыл бойы, алғашқы күннен бастап, оның көзіне шөп салып келген деп ойлайды.

Макс Аннелизаның көңілін аулағысы кеп, оған журналдар, жаңа кітаптар әкеп береді, балалық шақтары туралы, әке-шешелері жайында соғыста опат болған ағалары хақында әңгіме айтады.

Бірде ол оны Тиргаршенге алып барды, олар онда көп қыдырып, өзінің қожайынынан сытылып қашып барып биік ағаштың басына шығып кеткен маймылға жарты сағат бойы қарап тұрды, маймылды қожайыны ағаштан алдарқатып түсіргісі кеп, бірде ысқырады, бірде айнаны күн көзіне шағылыстырып жалт—жұлт ойнатады, бірде үлкен банан көрсетеді. "Ол оны түсіре алмайды, ешқандай үміт жоқ, ол енді оралмайды", — деді Аннелиза ақырында, сөйтті де жылап жіберді. Олар үйге жаяу кайтты, күн ыстық еді, Макс тартпалы баумен болса да, пиджагын шешіп алды. "Бұның дұрыс емес қой, — деді Аннелиза күрсініп. — Белдік тағу керек". — "Ол ұстамайды ғой — деп қарсыласты Макс. —Менің қарным қырын өскен". Осы сәтте қарындасы оның қолын қатты қысып жіберді. Аннелиза өтіп бара жатқан таксомоторға қарап тұр екен. Таксомотор бапылдап, оң жағына қызыл тілін шығарып, бұрыштан айналып кетті.

12

Өзінің суға түсетін қысқа қара трикосымен жатқан ол, аяғын созып жіберіп шалқасынан жатқан Магдадан көз алар емес. Магда өзінің сұмдық әсем сымбаттылығымен, сонадай жерде жатқан қалпақ киген қып-қызыл ағылшынның екі жасөспірім қызынан мүлде айрықша көрінеді. Кречмар құмға жатып ап күннің тұтас қоңыр бояуы жағынан оның қолы мен аяғына, оның қызарып кеткен жүзі мен жаңа ғана боялған аузына көз алмай қарауда. Кері серпіліп тасталған қоңыр шашы төгіліп, кішкентай құлағының қалқанына кіріп кеткен құм қиыршықтары жылт-жылт етеді, омырауын тырсылдаған қос анары керіп тұр, — осы бір денемен дене боп жабысып қалған қара костюмінің тек бір жерін қырқып жіберсең, қалған жерлері түгел сыпырылып түсер еді.

Кречмар алақанындағы сусып тұрған құмды оның қабысып жатқан қарнының үстіне құйды. Магда көзін ашып күннен көзін аша алмай күлімсіреп, нақсүйеріне бір көз тастап, қайтадан көзін жұмды.

Сәлден кейін ол кеудесін көтеріп, тізесін құшақтап қимылдамай отырды."Енді ол оның жалаңаш арқасын, омыртқаларын, жабысып қалған құм қиыршыктарының жылт-жылт еткенін көрді. "Тоқта, мен қағып жіберейін" — деді ол. Оның терісі ыстық, әрі жібектей екен. "Құдай-ай, — деді Магда. — Қандай көкпеңбек теңіз!".

Шынында да теңіз көкпеңбек еді. Толқындар көтерілген кезде, оның құлама жотасынан суға түсіп жатқан жандардың тұлғасы қараң-қараң ете қалады. Алқызыл халатты ер адам су жағасында тұрып көзілдірігін сүртіп тұр. Бір тұстан алабажақ киінген масқарапаз секілді, әлеміш бояулы үлкен бір доп ұшып келді де, секіріп — секіріп түсті, Магда оны созылып ұстап алды да, орнынан тұрып біреуге лақтырып жіберді. Енді Кречмар, күннің жарығы молынан түскен алашұбар жағажай ортасында тұрған оны, басқа жаққа көңіл бөлместен, тұтас қарады. Құлағының айналасына шашы бұйраланған жеп-жеңіл, құп-қунақ, қолымен созылып лақтырған кезде сырғасының жалт-жұлт еткені көз арбайды. Магда, оған енді бүкіл өмірінің төрінде тұрған сурет сияқты боп көрінді.

Ол етпетінен жатып, оның бері басып келе жатқан аяғына қарап тұр. Магда оған еңкейіп, әлдене деп даусын кенеп, берлиндік қылықты әдетпен оның бөксесінен шапалақпен салып қалды. "Суға кеттік!" — деп айқайлаған ол, аяғының ұшымен, бір жақ аяғына көбірек салмақ сап жүгіре жөнелді, — сонан кейін қолын жайып, суды шапаттап, жайлап басып жүріп барады, жүріп барады, бұйра — бұйра көбіктер аяғын аймалайды. Ол суға тізерлеп отырып, сонан кейін созылып жүзбек болып еді, шашалып қалды да, Кречмардан күле қашып тез тұрып кетті. Денемен дене боп жабысып қалған қара костюмінің дәл ортасына тостағандай ойық сурет пайда бопты. "Ах, ах", — деп демге дем алды ол, шашала—машала көзін көлегейлеген дымқыл шашын серпіп жатып. Кенет ол алақанымен Кречмарға су шашты, ол да солай етті, олар біршама уақыт бойы айқай салып бір-біріне су шашумен болды, қол шатыр көтерген кексе ағылшын әйелі салғырт қана күйеуіне: "Қызымен ойнап жүрген анау неміске қарашы. Бойкүйезденбе, бар да балалармен суға түс", — деді.

13

Сонан кейін олар гүлді халаттарын киіп жақпар тастарға өскен сарғылт бұталардың арасындағы тасты соқпақпен жоғары көтеріліп бара жатты. Шап-шағын, бірақ қымбат ақшаға жалдап алынған вилла қара кипаристердің арасынан қанаттай аппақ боп көрінеді. Ұсақ тастардың үстімен көк қанатты шегірткелер ұшып өтеді. Магда оларды ұстағысы келді. Жүрелеп отыра қап ол, жайлап қана қолын шегірткеге жақындатты, бірақ оның жиырып алған аяғы дір ете түсті де, қанатын желпуіштей жайып жіберіп үш адым жерге бір-ақ секірді, қараусыз қалған бақтың ішіне сіңіп жоқ болды.

Жалюзден жолақ-жолақ боп сәуле түсіп тұрған салқын бөлмеге кірген бойда Магда, түлеген жылан құсап, суға түсетін костюмінің қара қабыршағынан босап шығып, биік өкшелі туфлиін киіп ап, бөлмені бойлап жүріп еді, жалюзден түскен сәуле жолақтары оның денесін шұбарала етті.

Кешке қарай казинода би болды. Теңіз айнадай боп жарқырап жатыр, шамдарын жағып алған пароход Рагуза жаққа бет алыпты. Кречмар онымен беріле биледі, оның мұқият таралған шашы иығынан ғана келеді.

Көп ұзамай келген адамдардың ішінен жаңа таныстар пайда болды, — итальяндықтар, ағылшындар, австриялықтар, — Кречмар бірден қызғаныштың қызыл итіне таланды да қалды, — оның басқалармен жабыса билегенін көріп отырып, көйлегінің астында бір жапырақ лыпа да жоқ екені есіне түсіп күйіп кете жаздады. Кейде ол оны көз алдынан жоғалтып алады да, папиросын темекі құтысына қағып-қағып қап, беталды жүріп барып карта ойналып жатқан залға, террасқа, сонан кейін бильярд ойналып жатқан жерге барады да, ол бір жерде оның көзіне шөп салып жатыр деген күдіктен әбден ызаланып, топан адамдардың ара-арасымен өзінің үстеліне оралады, сол кезде кенет, өзін бұрынғыдан да ажарлы етіп көрсететін, жарықтан құбылып тұратын көйлегімен ол жетіп келеді, ал Кречмар өзінің күдігін айтпастан, үстел астынан оның жалаңаш тізесін сипалайды, Магда денесін шалқайта созып, австриялықтың әлде бір сөздерін айтып қарқылдап күледі.

Шынын айтқанда, Магда өзінің бүкіл болмыс-бітімімен Кречмарға барынша адал болғысы келді. Солай бола тұра, Кречмар оны беріле, елжірей еркелетуді сирексітіп барады. Магда, көптен бері бір түрлі сезім селкеулігін, құштарлықтың сабыр табуын байқап, бұл оның жынына тиіп, алғашқы кездегі оның сәл ғана тиіп кететінінен тұла бойы дір-дір етіп, жанып бара жататынын есіне түсірді. Ең өкініштісі, Сольфидағы ең үздік биші, жас австриялық алғашқы ғашығына бір жерлерімен қатты ұқсайтып боп шықты — оның ұқсастығы былайша көзге ұрып тұрған жоқ, оның ұқсастығы жалпақ алақанымен ұстағанында, кекесін аралас күлімсіреп қарағанында, танауының желп ете түсетінінде еді. Бірде екі биден кейін ол онымен бақтың қараңғы мүйісінен бір-ақ шыққанын білді, мұндай кезде алыстан естілген музыка мен айдың бозаң жарығы адам жанына қалай әсер ететіні айтпаса да белгілі. Теңіз үстінде қабыршықтанған сәуле ойнайды, кипаристердің көлеңкелері аппақ қабырғада ырғала теңселіп тұр. "Ой, болмайды" — деді Магда оны құшқан қалпы үндемей қалған жігіттің ерні онын мойнын, жүзін еміне аймалап бара жатқанын, ал ыстық, ақылды қолдары, астында лыпа жоқ көйлегінің астына жылжып бара жатқанын білді. "Жоқ, болмайды", — деп қайталады ол, оның сүйісіне ессіз сүйіспен жауап беріп, ал жігіттің оны соншалықты еліктіріп алып бара жатқаны сондай, Магда одан зор құштарлықтың таяп кеп қалғанын байқады, — алайда есін тез жиып жұлқына босап шығып, галереяның бойымен алыста жарық түсіп тұрған есікке қарай жүгіре жөнелді.

Сонан кейін мұндай қайталанған жоқ. Кречмар сыйлаған өмірдің, пальма желпіген самал мен күн шуағының бриллианты құйылып тұратын бірінші класты фильмдердің салтанатында өмірдің дәмін татып қалған Магда, — мұның бәрін көзді ашып-жұмғандай сәтте жоғалтып алуы мүмкін екенін білді де, тәуекелге барудан бас тартып, өзінің бойындағы ең басты нәрседен, бәлкім, басты қасиетінен — тәкаппарлығынан да —айырылғанын білді. Бірақ тәкаппарлық, олар күзде Берлинге қайта оралғаннан кейін бірден қайта пайда болды. "Иә, бұл, әрине, тамаша, — деді ол қатқыл үнмен, керемет қонақ үйдің керемет нөмірін көзімен бір шолып шықты. — Бірақ, Бруно, сен түсін, бұл осылай жалғаса бермеу керек қой".

Кречмар пәтер жалдауға шара алғанын асыға жеткізді.

"Не, ол мені ақымақ көре ме", — деп ойлады ол, оған аса бір жеккөрінішті түрмен қарап. "Бруно, — деді ол баяу ғана. — Сенің түсінбейтінің не..." Ол терең күрсініп, сонан кейін отырды да, қолымен бетін басты.

"Сен мені өзіңе тең санамайсың ғой, содан ұяласың", — деді ол Кречмарға саусақтарының арасынан қарап.

Ол оны құшақтамақ болды. "Тиіспе! — деп айқайлап жіберді ол, секіріп түсіп. — Мен әр есіктің алдында сенімен бірге тоңып, сонан кейін менімен бірге көшеге шығуға қорқатыныңды күні бойы қарап тұрғым келмейді. Жоқ, маған жолама... Егер сен менімен бірге жүргеніңді ұят санайтын болсаң, онда сенің Лисхеніңе оралуыңа болады, бар, бара ғой..."

"Магда, тоқташы", — деді Кречмар дәрменсіз үнмен.

Магда диванға құлай кетті. Өкіріп жылады. Кречмар тізерлеп отыра қап, жайлап қана, бүлкілдеп жатқан иығына саусақтарын тигізді.

"Сенің тілегің не сонда? — деп сұрады ол. — А, Магда?"

"Мен ашық түрде сенің үйіңде өмір сүргім келеді — деді ол тұншыға сөйлеп. — Сенің өзіңнің меншікті пәтеріңде, — адамдар көрсін, еркін өмір..."

"Жақсы" — деді ол, бойын тікейтіп.

"Ал бір жылдан кейін сен маған үйленесің, — деді Магда іштей, әлі де өксігін баса алмай. —Үйленесің, егер мен ол кезде Голливудке кетіп қалмасам, — егер кетсем онда сенің маған көк тиынға қажетің жоқ".

"Тек жылай көрмеші, — деді Кречмар даусын көтеріп, — әйтпесе, мен де жылап жіберемін".

Магда тіктеліп отырып, самарқау күлген болды. Көз жасы оны тіпті ажарландырып жіберіпті. Беті алаулап, дымқыл жанары от шашып, жүзінде мөлдір жас дірілдеп тұр.

14

"А"—ны "б" деп білмейтін Магдаға өнер туралы бір сөз қалай айтпаса, Кречмар дәл солай әйелімен он жыл бірге тұрған бөлмеге кірген кездегі алғашқы күндері қандай азапты сәттерді басынан өткізіп жатқанында айтқан жоқ. Бар тұста Аннелизаны еске салатын заттар андыздап тұр, — ол бұған сыйлаған, бұл оған сыйлаған. Фриданың көзінен қатал айыптау көрді, ол бір аптадан кейін, жаңа ханымға бір нәрсесімен жақпай қалды да, Магданың айқай-сүреңді ұрысын есітіп, үн-түнсіз кетіп қалды. Жатын, балалар бөлмесі, әсіресе. жатын бөлмесі Кречмардың өзінің тазалығымен жанын тебірентіп жіберетін, ал балалар бөлмесін Магда көп ұзамай пинг-понг бөлмесіне айналдырып жіберген-ді. Бірақ жатын бөлме... Алғашқы түні Кречмар әйелінің әтірінің жұмсақ иісін сезгендей болды да, ол содан қысылып-қымтырылып қалды, Магда сол түні оның сезімінің селкеу тартып қалғанын мазақ етті.

Алғашқы соғылған телефонды алу қандай ауыр еді, ежелгі бір танысы екен, Италияда көңілді болды ма, Аннелиза қалай деп сұрап, сәрсенбі күнгі премьераға келесіздер ме? — деді. "Біз уақытша бөлек тұрамыз" — деді қинала Кречмар ("уақытша... О" — деп мырс етті Магда, айнаға қарап тұрып).

Бірте-бірте таныс адамдары әйелі туралы сұрақтарды азайтқанын ол мұңая байқады. Біреулерге қалыңдығы бар екенін жеткізген болды: ал ол Магдаға еш уақытта да қалыңдығымсың деп айтқан емес. Оның өміріндегі өзгеріс туралы сөз шұғыл тарады, — біреулер келіп-кетуін кілт үзді, біреулер Магда екеуімен де жарасты тіл табысты, ал басқа біреулер ештеңе болмағандай қалыпта жүрді. Тіпті мынандай да болды, біреулер оны көргеніне шексіз қуанышты екенін білдіре тұрып, әйелдерінсіз келетін болды, бұл жағдай оның жанына қатты батты.

Ол көп ұзамай, Магданың бұл үйде болғанына әбден еті үйреніп, қай бөлмеге кірсең де, жан-жағынан естелік аңыздап қоя беретін көңіл-күйден арыла бастады, өйткені Магда, тіпті елеусіз затқа дейін орнын ауыстырып, содан ол бөлме бұрынғы таныс бейнесін түбегейлі жоғалтып тынған-ды. Қысқа қарай бұл он екі бөлмедегі өткен уақыт ақи-тақи семіп тынды, — пәтер, бәлкім, жақсы-ақ шығар, бірақ ол Аннелизамен бірге өмір сүрген пәтерден мүлде басқа пәтер еді.

Бірде ол, түннің бір уағында, Магданы суға түсіріп жаткан (олар осылай әдеттенген), Магда буланып кеткен ваннада отырып aп, жұмсақ ысқышты аяғының ұшымен көтеріп тұрып, менен фильм актрисасы шыға ма деді. Ол күлді де, болашақта бұл сөздің алдынан шығатынына оншалықты мән бермей: "Әрине, шыққанда қандай" — деді, — Магда жуынып болды да, ол оны асыға-үсіге түкті ақ жаймаға орап сүртіп, жатын бөлмеге көтеріп алып кетті.

Бірнеше күннен кейін ол бұл тақырыпқа, Кречмар ештеңеге алаңдамай отырған сәтті таңдап, қайта оралды. Ол оның кинематографқа деген қызығушылығына қуанып, мылқау және сөйлейтін фильмдер жайлы өзінің сүйікті теориясын оның алдына жайып салуға кірісті. "Қалай түседі?" — деп сұрады ол, оның сөзін бөліп. Ол оны бір реті келгенде ательге алып барып бәрін көрсетіп, бәрін түсіндіріп беретін болды. Бәрі осыдан басталды.

"Мен не істеп барам, тоқта, тоқта" — деді ол, егер күйеуі талақ еткен, фильмдегі екінші рөл болып саналатын қалыңдықтың рөлін Магда ойнайтын болса, онда фильміңді қаржыландырам деп ортақол бір режиссерге шарт қойған. "Жақсы емес, — деді ол ойын жалғастырып. Онда былапыт сөйлейтін актерлер, әйелқұмар әулекілер болады, ал мен Магданың басқан ізін аңдып жүрсем қандай ыңғайсыз. Ал бір жағынан оған бір айналысатын іс те керек, сонда таң ала кеуімнен тұратын ол қабақтарды кезіп кетуін азайтады".

Ойлау кеш еді — келісім-шарт жасалынды, — көп ұзамай репетиция басталды. Магда алғашқы күндері ашуланып, күйіп-пісіп келетін, бір әрекетті жүз рет қайталатады, режиссер дікеңдеп ұрсады, үлкен-үлкен шамдардан соқыр боп қалармын деп шағым айтатын. Басты рөлде ойнайтын Дорианна Каренина (бір жыл бұрын Чипиді қолына көтеріп суретке түскен әйелдің өзі) онымен жақсы қарым-қатынас жасайтынын айтып тағы да әр түрлі кереметтерді соғатын болды ("жақсы белгі емес" — деп ойлады Кречмар).

Ол, оның фильм түсіріліп жатқан жеріне келмеуін, өйткені одан қысылатынын, егер алдын-ала бәрі белгілі боп қалса, онда сюрприз болмайтынын айтып қояды. Солай бола тұра ол, үйде шарайнаның алдына тұрып aп оның қалың қасіретті образға түсетінін қызыға қадағалайды. Оның қарағанын көріп қап, Магда жерді теуіп қалады да, Кречмар ештеңе де көргем жок деп ақтала бастайды. Ол оны ательге алып барып, алып қайтады, бірде Магда оған екі сағат кешігетінін айтты да, ол жай қыдырып жүріп Макс тұратын ауданнан бір-ақ шыққанын байқамай қалды, ол алыстан болса да қызын көргісі келді, — қызы мектептен оралатын кез еді, оған құрбыларымен келе жатқан бір қыз, сол сияқты боп көрінді де, бойын үрей билеп, ол жерден тайып тұрды.

Сол күні Магда ательден алабұртып, гүл—гүл жайнап шықты; кино түсіру аяқталып келе жатты; — бұл жолы оған бірде бір ескерту жасалынған жоқ, оның үстіне өзі де айрықша ойнады. "Білесің бе? — деді Кречмар, — мен Дорианнаны қонаққа шақырдым. Үлкен бас қосу, қадірлі қонақтар болады. Бүгін маған таңертең бір белгілі суретші телефон соқты, дәлірек айтсам, карикатурист, яғни карикатура салатын адам. Сен сүйетін Чипиді сол ойлап тапқан. Ол жақында ғана Америкадан келді, оның жұмысы басынан асып жатыр. Мен сонда да шақырдым".

"Мен сенің қасыңда отырам, — деді Магда — әйтпесе өткен жолы..."

"Жақсы, бірақ есіңде болсын, жаным, сенің менімен бірге тұратынынды ешкім білмей-ақ қойсын".

"Оны бәрі біледі ғой", — деп Магда, кенет қабағын түйе қойды.

"Сен түсін, — деп жалғастырды Кречмар, — бұл маған емес саған ыңғайсыз. Мен үшін бәрібір, мен шарттылықты жек көрем, ал сен, Магдочка, тағы да өткен жолғыдай өзің үшін жаса..."

"Бірақ ол ақымақтық қой... Ең бастысы, ол ыңғайсыздықтан қашуға болатын еді.

"Қалай қашуға болатын еді?"

"Егер сен түсінбесең..." — деп бастады ол ("ол енді қашан ажырасу туралы әңгіме қозғайды").

"Ақылды бол, — деді Кречмар бейбіт үнмен. — Сен біліп ал, мен сенің айтқаныңның бәрін істеймін — енді мына фильмде, қымбатты Магда..."

15

Бәрі қалай тұру керек болса, солай тұр: ауыз бөлмедегі жапон подносында бірнеше жазу қағаздары жатыр: доктор Ламперт — Марго Денис, Роберт Горн — Магда Петере, Фон Коровин — Ольга Вальдгейм т.т. Жақында ғана буфетші боп орналасқан, орта жастағы ұзын бойлы бет—әлпеті ағылшын лордына келетін ер адам (өзін ойлы қалыпта ұстайтын, оған кейде көзін тоқтатып, қарайтын Магда оны осылай атап кеткен) қонақтарды маңғаз қарсы алып тұр. Қоңыраулар бірінен соң бірі қағылды. Түпкі қонақ бөлмеде, Магданы қоспағанда, қазірдің өзінде бес қонақ отыр. Міне, Коровин де келді — фон Коровин. Ол ашаң бойлы, монокольді, немісше ағып тұрған адам. Тағы да қонақ — көнелеу смокинг киген,қызыл шырайлы толық денелі жазушы Брюк бір кезде қолға үйретілген итбалықтардың арасында шынылы бассейінде жүзген, дене бітімі келбетті, бірақ кексе тарта бастаған әйелімен келді. Қонақ бөлмеде әңгіме әбден қызып алған. Толық омыраулы, шашы абрикос түстес Ольга Вальдгейм, өзінің қаптаған ангор мысықтары туралы таңдайын қағып тамсана әңгіме соғуда. Бір бүйірлеп тұрған Кречмар қарт Ламперттің (дәрігер және әнге әуесқой) қысқа қырқылған шашының арасынан Магдаға қарап тұр: үстіндегі қара көйлек: өзіне құйып қойғандай, кеудесінде барқыт түстес гүл, ол байыппен жұмбақ қана күлімсірейді, жүзінде айрықша бір таңқалыс бар — ол, Ламперттің Гиндемит музыкасы туралы айтқан сөзінен ештеңе ұқпағанның белгісі. Кенет Кречмар оның қып—қызыл боп, орнынан тұрып кеткенін көрді. "Құдай-ау, қандай топастық... Орнынан атып тұрғаны несі". Бірден бірнеше адам кірді — Дорианна Каренина, Горн, актер Штаудингер, екі жас жазушы... Дорианна көзі жалт-жұлт еткен Магданы құшақтады. "Қандай топастық, — деді ол тағы да, — осы бір дарынсыз биенің алдында соншама құрақ ұшқаны несі". Шынын айтқанда, өзінің қарлығыңқы даусымен, Джокандалық күлкісімен, жұп-жұмыр иығымен аты шыққан Дорианна әдемі-ақ еді.

Кречмар, мұнда кімнің қожайын екенін аңғара алмай, қолын жуып жатқан адам құсап ысқылап тұрған Горнге қарсы жүрді. "Мен сізді өз үйімде көргеніме өте қуаныштымын, — деді Кречмар. — Шынын айтсам, мен сізді осындай деп ойлағам жоқ, мен сізді толық, мүйізді көзілдірік киетін адам деп ойлайтынмын. Мырзалар, бұл кісі Чипиді дүниеге келтірген адам. Бізге Америкадан келіп тұр". Горн қолын әлі ысқылап сабындап тұр, басын сәл гана изеп қояды. "Отырыңыз, — деді Кречмар. — Сізді Берлинде көп болмайды дейді ғой?". "Әттеген-ай, — деді қарлығыңқы дауыспен Дорианна Каренина. — Сіз неге мені сүйікті ойыншығыммен жұрт алдына шығуға рұқсат бермей қойдыңыз!" — "Иә, қараймын кеп, қараймын, соншалықты таныс жүз" — деді Горн Магданың жанындағы орындыққа жайғасып жатып.

Кречмар оған тағы қарады. Ол балалық қылықпен көршісіне еңкейді, — суретші Марго Дениске — көзінен жас аққанша күліп, әлденені шапшаң айтып жатты. Ол жоғарыдан оның кішкетай құлағын, мойнындағы адырайған сіңірін, кеудесіндегі томпайып тұрған екі алманы көрді. "Құдай-ау, ол не айтып тұр!" Бейне бір біреуді дуалап жатқандай асыға аптығып сөйлеп, бір мылжың әңгіме соғып тұрған Магда, алаулап қызарып кеткен жүзін алақанымен басып алған. "Еркек қызметшілер көп ұрламайды, — деді ол былдырлап. — Әрине, картинаны алып кете алмайды. Дей тұрғанмен... Бұрын мен салт атты картиналарды жақсы көретінмін, бірақ картиналардың шектен тыс көптігін көргенде..."

"Фрейлен Петере, — деді оған Кречмар күлімсірей қарап, — мен сізге атақты аңды дүниеге келтірген жаратушыны таныстырғым келеді".

Магда жиырыла жалт қарады да: "Ой, саламатсыз ба", деді (бұл жерде "ойдың не керегі бар еді) Горн басын иіп, байыпты қалпында Кречмарға: "Мен сіздің Себастиано дель Пиамба туралы мақалаңызды оқыдым. Сіз оның сонеттерін мысалға келтірмепсіз — түкке тұрмайтын дүниелер, — келтірмегеніңіз сыпайылық".

Магда атып тұрып, тіпті жүгіруге сәл-ақ қап, ең соңғы қонақты — ұзын бойлы, жүні жұлынған құзғын сияқты қатып-семіп қалған ханымды қарсы алуға кетті. Магда ол әйелмен манежге барып қайтқан.

Оның орындығы бос қап, оған армян тақылеттес, қара қасты Марго Дербис отырып, Горнге: "Мен сізге Чипи туралы ештеңе айтпаймын, — Чипи сізді әбден жалықтырған болу керек, мен оны жақсы түсінем. Менің білгім келгені, сіз Кумминің жұмыстарына қалай қарайсыз, мен бұл жерде оның соңғы сериясын айтып тұрмын, — дарға асу, фабрикалар, оларды өзіңіз де біліп тұрсыз ғой".

Асхананың есігі ашылды. Еркектер өздерінің әйелдерін көздерімен іздей бастады. Жұрт соңында қалып қойған Горн, жан-жағына қарады. Кречмар Дорианнаны қолынан ұстап бара жатып, ол да Магданы көзімен іздей бастады. Ол, асханаға қарай жылжып бара жатқан жұптардың арасында, алдыңғы жақта кетіп бара жатыр екен.

Теңіз шаяны қойылған үстелдің басқа басындағы Дорианна, Горн, Магда Кречмар, Марго Денис отырған тұста самбырлаған біржақты қызу әңгіме басталып кетті. Магда бірден әжептеуір ақ шарап ішіп алды да, енді отты көздерімен тура алдына қарап, қақшиып қалыпты. Горн, оған да, есімінің өзі-ақ оның жынына тиіп отырған Дорианнаға да қарамай, үстелдің қарсы бетіндегі Брюкпен бейнелеу өнерінің әдіс-айлалары туралы пікір таласына түсіп кетті. Ол: "Мәселен беллетрист, мен өзім ғұмыры болып көрмеген үнді елі туралы жазғанда, тек соның қаламы арқылы үнді храмдарындағы бишілер, жолбарыстарды аулау, факир бетеле, жыландарды білеміз. — Мұның бәрі шым-шытырық, әрі ашық, бір сөзбен айтқанда, тұтастай алғанда Шығыстың құпиясы, — сонымен қорытындысы не боп шығады? Шығатын қорытындысы, ешқандай да мен көз алдыма үнді елін келтіре алмаймын, тек ұғатыным, сол шығыс әлеміштерінен жұғатын сүйек қабығының талаурауы, басқа ештеңе де емес. Басқа бір беллетрист үнді жайында екі-ақ сөз айтады: Менің түнде қоя салған етігімнен ертеңіне тұтас көгілдір орман өсіп шығыпты дейді (өңездену, сударыня — деп түсіндірді ол, бір қабағын көтере қараған Дорианнаға) — маған үнді елі бірден жанданып шыға келеді — қалғандарын мен өзім қиялдан жасап алам".

"Иогтар, — деді Дорианна, — кереметтер жасайды ғой. Олар дем алғанда".

"Айтуға мұрсат беріңіз, Горн мырза, — деді, жақында ғана бүкіл оқиғасы Цейлонда өтетін роман жазып шыққан Брюк даусын жырта айқайлап, — әpбір оқырман түсінетіндей етіп жан—-жақты, молынан қамтып көрсету керек қой. Егер мен, мәселен, плантацияны суреттеп жазатын болсам, мен онда, әрине, ақ отарлаушының қанауы мен қатыгездігінің ең басты тұстарынан келуім керек қой".

"Бұл енді жиіркенішті", — деді Горн.

Магда алдына тура қарап отырып жымың ете түсті. Бұл енді екі ме, үш пе қайталанды. Кречмар Марго Дениспен бірге соңғы көрмені талқылай отырып, Магданы, көбірек ішіп қоймаса екен деп, көзінің қиығымен бақылап отыр. Сәлден кейін ол оның бокалынан ұрттап қойып отырғанын көрді. "Бүгін өзі бала сияқты боп отыр ғой" — деп ойлап, үстел астынан оның тізесін ұстады.

Магда ретсіз күліп жіберді де, Ламперт қартқа үстел үстінен гүл лақтырды.

"Мырзалар, сіздердің Зегелькранцқа қалай қарайтындарыңызды білмеймін, — деді Кречмар Горн мен Брюк арасындағы әңгімеге араласып. — Меніңше, оның кейбір новеллалары кейде күрделі шым-шытырық психология ішінде беталды лағып кетсе де, тамаша дер едім. Бір кезде, оның жас кезінде мен онымен кездесіп тұратынмын, ол сол кезде балауыз шамның жарығында жазғанды ұнататын, менің ойымша, оның жазу мәнері..."

Тамақтан кейін олар жұмсақ креслоға отырып aп, бастары айналғанша темекі тартты. Магда анда да, мұнда да бой көрсетіп жүр, оның соңынан жас жазушылардың бірі ілесіп жүрді де, бір кезде Магда оның қолын папиросқа күйдіріп алды, ол жері үлбіреп шыға келсе де барынша шыдамдылық танытқан жігіт күлді де, тағы да қайталауын өтінді. Бір бұрышта Брюкпен баяу ғана пікір таластырып отырған Горн, кенет Кречмардың қасына кеп отырды да Берлинді зор сүйіспеншілікпен суреттеп айта бастады, Кречмар ұйып тыңдап отырды. "Мен сізді бала кезіңізден бері болмаған шығар деп ойлап ем. — Біздің ертерек кездеспегеніміз өкінішті".

Ақырында қонақтарды сол белгілі толқын аралап өтті — алдымен уілдеп басталды да гуілдеп көтеріліп бара жатты, — енді бірер минөттің ішінде-ақ қоштасып абыр-сабыр дауыстармен үйде ешкімді қалдырмай ағызып алып кетеді. Кречмар мүлде жалғыз қалды. Ауа темекі түтінінен қою көгілдір реңге бөгіп тұр. Ол терезені ашып қалып еді, қап-қара аязды түн лап қойды. Ол сонау төмендегі тротуар үстінде қонақтардың бір-бірімен қоштасқанын, Брюк автомобилінің жүріп кеткенін көрді, — Магданың көмейінен шығатын даусын есітті... "Өте бір сәтсіз кеш болды", — деді Кречмар, неге екені белгісіз, сөйтті де, есінеп терезе алдынан кетті.

16

"Алайда" — деді Горн, Магдамен мүйістен айнала бере. "Алайда" — деп қайталады ол. "Шынымды айтсам, — деді ол сол мүдіріп, — сені осылай тез тауып алам ғой деп ойламап ем".

Сусар пальтосына қымтанып алған Магда оның қасында келеді. Горн оның қолтығынан ұстап тоқтатты.

"Мен өз көзіме өзім сенгем жоқ. Сен мұнда қалай пайда болдың? Сен маған қарашы. Қандай сұлу болып кеткенсің..."

Магда кенет жылап жіберді де, сырт айналды. Ол оның жеңінен тартты — ол одан сайын қаттырақ айналды да, олар бір жерді шиырлай бастады.

"Таста, — деді ол. — Жауап бер маған! Саған қайсысы ыңғайлы — сен маған ба, мен саған ба? Не болды саған, тілің байланып қалды ма?"

Ол жұлқынып босап шықты да артта қалған бұрышқа қарай тез-тез басып жүріп кетті. Горн оның соңынан ілесті.

"Өзің қандай оңбағансың" — деді ол мән-мағынасыз.

Магда адымын жиілетті. Ол тағы қуып жетті.

"Жүр маған кеттік, ақымақ — деді Горн. — Міне, қара..." — ол шиланын көрсетті.

Магда бар күшімен оның жағынан шапалақпен тартып жіберді.

"Жүзігің тікенекті екен", — деді ол сабырлы қалпын бұзбастан, шиланын асыға ақтара жүріп, соңынан қалмастан еріп келеді.

Магда подьезге дейін жүгіріп барып, есік аша бастады. Горн қолымен бірдеңе үсына берді де, басын көтерді.

"А, солай ма", — деді ол таңырқап, жаңа ғана подьезді танып.

Магда оның жүзіне қарамастан есікті итеріп жатыр. "Мә, ал" — деді ол дөрекі дауыспен. Ол алмағаннан кейін ақшаны оның құндыз жағасының астына тыға салды. Есік оның бетіне сарт ете түсті. Ол астыңғы ернін жұдырығымен басып тұрып қалды да, сәлден кейін ол жерден тайып тұрды.

Магда қараңғылықпен бірінші алаңқайға жетті де, ары қарай жүре бергісі келіп еді, бірақ мүлде діңкелеп қалды, басқышқа отыра қап өкіріп кеп жылады, ол ешуақта да өкіріп жылаған емес еді, — тіпті ол оны тастап кеткенде де. Оның мойнын бірдеңе жыбырлата бергендей болды да, ол оны суырып тастамақ боп, қолын желкесіне апарып еді, қағазға тиді. Ол басқыштан тұрып, ызалы дыбыс шығарып, жарық жақты. — Магда қолындағы тіпті де америкалық ассигнация емес, сия қарындашпен салынған суреті бір парақ ватман қағазы болып шықты — көйлекшең бір қырындап арқасын беріп, етегі түріліп, саны жарқырап төсекте жатқан қыз екен. Ол оның астындағы жазуды қарап еді, сиямен жазылған датаны көрді. Бұл — оны тастап кеткен күн, ай және жыл еді. Сөйтсе, сол күні әлденені сыбдырлатып, бұрылып қаратпағаны сол екен. Содан бері тек төрт ай ғана өтті ме?

Сол сәтте әлдене тарс ете түсті де, шам сөніп қалды, ал Магда лифтінің қабырғасына сүйеніп өксіп-өксіп жылады. Магда, егер ол сол кезде тастап кетпегенде, оны жібермей қалғанда, онымен бір жылдан астам уақыт бойы бақытты өмір сүрер едім, онда мен жапондықтардан да, сол бір шалдан да, Кречмардан да аулақ болар едім деп жылады, тағы да ол, тамақ ішіп отырған кезде Горн оның оң тізесін, ал Кречмар сол тізесін ұстаған кезде — оң жағы жұмақ, сол жағы тозақ болғанын есіне түсіріп жылады.

Ол сіңбірініп, қараңғылықта тағы да түймені басты. Шам оны шамалы сабырға келтірді. Магда тағы да суретке қарап, ол қаншалықты оған бағалы болса да, оны сақтау өте қауіпті екенін ұғып қиқалап жыртты да, тор көздің арасынан лифтінің құдығына лақтырып жіберді, оның бұл қылығы, неге екені белгісіз, бала кезін есіне түсірді. Сонан кейін ол айнаны алып, жоғары ернін барынша тартып бетін айнала опалап, сөмкесіне бояу-сояуын салып, жоғары қарай жүгіре жөнелді.

"Сен неге сонша кешіктің?" — деп сүрады Кречмар. Ол бұл кезде пижам киіп алған еді.

Магда, өзінің автомобильге отырғызам деп әуреге түсірген Ламперт қарттан құтыла алмай қойғанын айтты.

"Менің ғашығымның көзі қалай жайнап тұр, — деді ол оны шарап лебімен шарпып. — Неге екен соншалықты шаршаңқы, көңіл— көзің..."

"Жоқ, бүгін ештеңе болмайды, — деді Магда баяу ғана қарсылық көрсетіп, — қойшы, мен бүгін діңкелеп тұрмын".

"Магда, өтінем, — деді Кречмар.

— Мен саған жалынам, мен жаңа ғана армандап отырғам, сен келген бойда... Мен сенің ептеп масаң қалпыңды жақсы көрем".

"Жақсы, көреміз: Алдымен мен сенен бір нәрсе сұрағым келіп тұр, Бруно. Сен ажырасу туралы әрекет жасадың ба, соны айтшы?"

"Ажырасу туралы?", — деді ол аңғырт дауыспен.

"Мен сені ешуақта түсінбеймін, Бруно. Енді оны бір ретке келтіру керек қой. Әлде сен, біршама уақыт өткеннен кейін мені тастап, қайтадан Лисхенге оралғың келе ме?"

"Сені тастап?"

"Сен не, оңбаған, менің сөзімді қайталай бересің? Мені құшағына алмақ бұрын, сен маған осыны түсіндіріп бер".

"Жақсы, жақсы, — деді ол. — Мен дүйсенбіде өзімнің сенімді өкілдеріммен бұл туралы сөйлесіп көрермін".

"Көрермін бе? Жоқ әлде уәде бересің бе?"

Ол басын изеп, оны қапсыра құшақтады. Магда, өзін-өзі зорлап, оған берілгісі келді де, бірақ еркінен тыс, бейне бір, біреу оны қытықтап жатқандай, қарқылдап күліп жіберді, ол күлкі бара-бара қояншық ұстамасы сияқты болып кетті.

"Сен көріп тұрсың ғой, мен бүгін ештеңе істей алмаймын", — деді ол айқайлап, қорқып кеткен Кречмар аузына тосқан стаканның шетіне тиген тісі сақ-сақ ете түсті.

17

Роберт Горн бір түрлі халде болды. Талантты карикатурист, әлемге бейнесі жайылған аңды дүниеге келтірген, соның арқасында әбден байып шыға келген, ал қазір біртіндеп қайыршылыққа дейін болмаса да, ортақол деңгейге дейін сырғып төменге түскен еді. Ол өзінің талант қуатын тіпті де жоғалтқан жоқ еді — қайта бұрынғыдан да шебер, бұрынғыдан да айқын сурет сала бастаған, — бірақ солай бола тұра, көрермендер тарапынан көзге көрінбейтін салқындық сезе бастады — Америка мен Англияны Чипи жалықтырып бітті, оның орнын басқа әріптестері дүниеге келтірген мақұлықтар басты. Ол мақұлықтар — қуыршақтар еді.

Егер, шынын айтқанда, Горнның дарыны беки түскен сайын, оның Чипиге деген қатынасы сарқыда бастаған еді. Онын теңіз шошқасын салған соңғы портреті әлсіз еді. Онда ол, айлы түн, қабір мен шағын ғана эпитафия жазылған құлпытас салған болатын. Чипидің құрдымға кетіп бара жатқанынан хабарсыз шетелдік басылымдардың кейбіреулері одан осы бағытта жалғастыра беруін өтінді. Енді оның бойында өзі дүниеге келтірген перзентіне деген жеккөрініш пайда бола бастап еді. Чипи, құрдымға кетіп бара жатқан Чипи, оның бүкіл басқа шығармаларын көлегейлеп алған-ды, сол үшін де ол оны кешірер емес.

Оған ағылып келіп жатқан ақша, ағылып кетіп жатты. Табиғатынан құмарпаз ол, карта ойындарының ішінен покерді ерекше жақсы көрді де, ол оны жиырма төрт сағат бойы, тіпті одан да көп ойнай беретін. Түс көрудің шебері оған (өйткені түс көру де өнер ғой) көбінесе мынадай түстер кіретін: ол өзіне тартылған бес картаны алады да қарай бастайды, біріншісінде — қалпағында қоңыраулары бар сайқымазақ, сиқырлы джокер; сонан кейін аса сақтықпен бас бармағымен жайлап қана басып келесі картаның шетін, тек шетін ғана ашады — бұрышында "А" әрпі және қызыл жүрек; енді келесісінің шеті ашылады — тағы да "А", қара жапырақ; сонан кейін сол әріп және қызыл ромбик (алайда, алайда'.); саусақ сығымдап отырып бесіншісін жылжытады, құдай-ау! Тұз. Бұл бір сиқырлы сәт еді. Ол басын көтеріп алады, үстелдің дәл ортасында ірі ұтыс жатыр, ол қолын созып фишкаларды сыпырып жинайды да, тәкаппар қалыппен оянып кетеді.

Кречмардың үйіндегі бас қосудан кейін ертеңіне ол дәл солай оянды. Басына кірген бірінші ой Магда туралы болды, екіншісі, ақша керек. Қазір оның көңіл-күйі Америкадан шыққан кездегіден керісінше мәнге ие болып тұр еді. Ол жақта бірінші кезекте төленбеген, төленетін борыштарды әрірек ысырып қою еді де, екінші кезекте қысқа мерзімге ғана барып қайтатын отанынан сол берлиндік қызды табу еді.

Горн, әдетте, өзінің махаббаттық жүріс-тұрыстарын елжіреп еске ала бермейтін. Ол он бес жылдан бері, яғни соғыс қарсаңындағы жасөспірім кезінен (өте сәтті қашып кету) Гамбургтен Америкаға келді де, сол он бес жылдан бері Горн ешуақта да өзінің әйелқұмарлық болмысына тежеу салып көрген емес. Бірақ солай бола тұра, солардың ішіндегі ең таза, ең ғажабы Магда туралы естелік боп шықты — оның бойында жанға сондай жақын қарапайымдылық бар еді, ол оны осы соңғы жылы қайта-қайта мұңая есіне алып, бір кезде асығыс-үсігіс салынып сақталып қалған эскизге қарап қоятын. Бұл бір таңғаларлық жағдай еді, өйткені ол талантты карикатурист болғанмен өте бір жан жылуы жоқ, қыдырымпаз, арсыз жан боп келеді. Оның сондай жан екенін, Гамбургте қайыршылық күн кешіп, есінен алжасып кеткен шешесін тастап кеткенінен-ақ көруге болады. Шешесі ол Америкаға қашып кеткеннен кейін көп ұзамай басқыштың қанатынан ұшып кетіп, бірден жан тапсырған-ды. Ол бала кезінде-ақ қатыгез болып өсті, тірі тышқандарға керосин құйып от жағып жібергенде, олардың метеор ұқсап заулағанын қызықтап тұратын. Горн есейген кезінде де өзінің сол озбыр құмарын қандыратын қылықтардан бас тартып көрген емес — олар, негізінен, қағаз шетіне салынған суреттер, өз өнеріне деген түсініктемелер болып келетін. Оған өмірді карикатура қалпында көру ұнайтын — мәселен, ол төсекте жатып қылымсыған әйелдің ұйқысынан енді ғана оянып наздана күлімсіреп ол алып келген иістеніп кеткен паштетті оның қалай жеп жатқанына іштей мәз болып қарап тұратын, — ол паштет, ауладағы қоқыстан жинап жасалынған паштет болатын. Сондай—ақ ол шығыс маталары сатылатын дүкенге кіріп, бұрышта қатталып жиналған жібек тауарларға тұтанып тұрған темекі тұқылын тастай салатын да, оның алдына дәмелі үмітпен маталарды жайып сап тұрған еврей қартына бір көзін сап, екінші көзімен сұмпайы тұқылдың жібек маталарды шетінен ойып жеп жатқанына қарап тұрушы еді. Бұлар — оның бойындағы карикатуралық жаратылыстың көрініс табуы болатын. Оған анекдотқа лайық шәкіртті салу қызықты болатын, қолына қылқалам ұстаған қалпы кері шегініп бара жатады, енді ол, міне, қазір салынып жатқан храмның ернеуіне жетіп, құрдымға құлап кетуге тиіс ұлы шеберді құтқарып қалу үшін ол шәкірт жаңа ғана салынып біткен фрескаға бір шелек су құйып жіберді, — ең бастысы, шабыт үстінде шегініп бара жатқан ұлы шебердің бейнесін күлкілі етіп көрсету керек. Журналдағы ең күлкілі суреттер, бір жағынан алғыр қатыгездікке, екінші жағынан аңғал сенімділікке негізделген: Горн, өз өнерінде, бейне бір, соқыр адамның жаңа ғана сырланған скамейкаға отырайын деп жатқанын көріп тұрып, оған ешқандай әрекет етпейтін жан сияқты еді.

Бірақ мұның бәрі Магдаға деген ынтызар құштарлығына салқын түсірген жоқ. Ол туралы ойласа-ақ, дөрекі, доғал Горн жібектей есілген Горнға айналып шыға келетін Ол тіпті оған деген ынта-ықыласынан қысылып-қымтырылатын, шынын айтқанда, ол Магданы, оған мүлде байланып қалмас үшін тастап кеткен-ді.

Ең алдымен ол, Магда Кречмармен бірге тұра ма, жоқ әлде оған түнеуге ғана бара ма, соны біліп алу керек. Горн сағатына қарады. Тал түс. Горн шиланына қарады. Бос. Горн киініп, қымбат жеке нөмірінен шығып, Кречмарға жаяу тартты. Қиғаштап мамық қар жауып тұр.

Кречмардың өзі есік ашып, аппақ қар жамылып алған оны, алғашқыда танымай қалды. Бірақ ол есік алдындағы төсенішке аяғын сүртіп, басын көтерген кезде, Кречмар қатты қуанып кетті. Оған кеше Горнның өткір пікірлері мен күрт ойлары ғана емес — оған Горнның сырт пішіні де ұнап қалған еді — оның қара қасы, күріш тозаңындай аппақ жүзі, пышақ жанығандай кескекті жағы, қып-қызыл ерні, қобырап тұрған қара шашы, тіп-тік тұлғасы, емін-ркін американдық сән-салтанаты. "Бөлекше жаратылыс", — деп ойлаған Кречмар, кешегі бас қосуды талқылап отырып Магданың ол туралы айтқанын есіне түсірді: "Сенің анау суретшіңнің бет — әлпеті адам шошырлық қой, — мен ондай адамды алтын берсе де сүймес едім". Ол туралы Дорианнаның да айтқаны қызық еді.

Горн өзінің шақырылмай келгеніне кешірім сұрады, Кречмар күле жүріп оны креслоға жайғастырды. "Шынымды айтсам, — деді сөзін жалғастырып Горн, — сіз, менің танысқым келетін, Берлиндегі азғантай ғана адамдардың бірісіз. Америкада еркектер, бұл жерге қарағанда, тез танысып, тез ұғысады, — мен ол жақта қысылып — қымтырылу дегенді білмеймін, егер мен сіздің мазаңызды алсам, кешірім өтінем... Бірақ өтінем, — деді сөзін жалғастырып, — тек мынау... мынау... теңіз шошқасын алып тастап, оны тығып қойыңыз, немесе көзін жойыңыз, сіздің үйіңіздегі менің көңіліме қонбайтын жалғыз зат болса, ол зат, осы. Айтпақшы, сіздің картиналарыңызды жақынырақ көруге рұқсат етіңіз — сонау тұрған картина жақсы сияқты".

Кречмар оған бөлмелерді көрсетті: әр бөлмеде бір-бірден тамаша полотно тұр еді. Горн, картиналарды көрген сайын, кеудесін шалқайтып, қолын, бейне бір, қылқалам ұстап тұрғандай қарнына көтеріп алады. Олардың бұл саяхаты дәліз арқылы өтті. Бір кезде шұбар халат киген Магда ванна бөлмесінен шыға келді. Ол дәліздің түкпіріне жүгіріп бара жатып, туфлиін түсіріп ала жаздады. "Мұнда" — деді Кречмар қысыла күлімсіреп, Горн оған ілесіп кітапханаға кірді. "Егер мен қателеспесем, — деді ол жымиып, — әлгі кісі Фрейлин Петере болу керек — ол сіздің туысыңыз ба?"

"Бұлғақтатудың керегі не, — деп ойлады Кречмар. — Бұл тесірейген адамға анау—мынау шарттылықтың түкке де қажеті жоқ".

"Менің нақсүйерім ғой" — деді ол алғаш рет Магданы бөгде адаммен сөйлескен кезде осылай атап.

Ол Горнді тамаққа шақырып еді, ол тез келісе кетті. Магда үстел басына моп-момақан байсалды қалыпта келді — кеше іші алай-дүлей болып, оны зорға ауыздықтаған-ды, енді, міне, бүгін ұяң кейіпте, тіпті бақытты қалыпта отыр. Осы екі еркектің ортасында отырған ол өзін құпиялық пен құштарлыққа толы фильмдегі драманың басты рөлінде ойнаушы ретінде сезінді де, енді сәл ғана жымия түсіп, кірпігін төмен түсіріп Кречмардың жеңіне алақанын қойып одан жеміс алып беруін өтініп, өзінің бұрынғы нақсүйеріне көзін тоқтатпай "енжар" ғана қарап қояды. "Енді мен оны жібермеймін" — деп ойлаған ол, иығын бір қомдап қойды.

Горн, Америка туралы, оның тып-тыныш көне дәстүрлі провинциялары жайлы, үлкен көлдер мен үндістердің кісі жерлегендегі әдеп—ғұрыптары хақында әңгімелер айтты. Ол анда-санда ғана Магдаға қарап қояды, ал ол болса барлық әйелдердей, оның көзі түскен жерін көзімен, тіпті қолын апарып тексеріп қояды. "Ал біз көп ұзамай экраннан бір нәрсе көретін боламыз" — деді Кречмар көзін қысып, ал Магда өзінің қып-қызыл еріндерін томпайтып, оның қолын жайлап салып қалды. "Сіз актрисасыз ба? — деді Горн. — Солай деңіз. Сіз қай жерде түсіп жатырсыз".

Ол оған көз салмастан-ақ түсіндіріп жатып, оның белгілі суретші, ал өзі фильм актрисасы екенін, екеуі де қазір бір деңгейде тұрғанын есіне ап мақтаныштан марқайып отыр.

Горн тамақтанған бойда кетіп қалды да бірден немен шұғылдану керектігін таразылап, құмарпаздар клубына жөнелді. Бір күннен кейін ол Кречмарға телефон соғып, ол екеуі картиналардың көрмесіне барды. Тағы бір күннен кейін кешкі тамақ ішті, Магда үйде болмай шықты да, оның тек Кречмармен түсіністік әңгімемен қанағаттануына тура келді. Горн ызалана бастады. Ақырында тағдыр оған қабағын ашты. Бұл Спорт-Паласта өткен хоккей матчында болып еді.

Олар үшеуі Ложаға көтерілген кезде, он шақты адым жерден Макстың желкесі мен қызының тұлымын көріп қалды. Ол мұндайды күтпеген еді, тұла бойын үрей жайлап бара жатты; ол алғашқы сәтте абдырап қалды да, кілт бұрылам деп Магданың бүйір тұсынан қатты итеріп қалды. "Байқасаң қайтеді!" — деді Магда қатаң дауыспен.

"Былай болсын, — деді Кречмар, — сіздер бірдеңелер алдырып осында отырыңыздар, менің бір жерге телефон соғуым керек — мүлде басымнан шығып кетіпті". — "Өтінем, кете көрме", — деп Магда орнынан тұрды. "Кейінге қалдыруға болмайды, — деді ол, бойын жасырғысы келгендей бүкшиіп, жанын қинаған сұрақ астына ап: Ирма көрді ме екен, көрмеді ме екен? — Кейінге қалдыруға болмайды. Егер мен кешігіп жатсам, күтпеңіздер.

"Кешірім өтінем, Горн мырза".

"Мен сенің кетпегеніңді қалар едім", — деді баяу ғана Магда.

Бірақ ол, оның жанарындағы әлемтапырақ құбылысқа, жүзінің алабұртқанына, еріндерінің діріліне мән берместен, одан сайын еңкіш тартып шығар есікке бет алды.

"Күніміз туды-ау" — деді салтанатты үнмен Горн.

Олар тап-таза дастарқан жайылған үстел басында қатар отыр, ал төменде, қоршаудың арғы жағында, үлкен мұз аренасы созылып жатыр. Музыка ойнап тұр. Мұз айдыны майлы-көгілдір жарықпен көмкерілген.

"Сен енді түсіндің бе?" — деді Магда, өзі не туралы сұрап отырғанын білместен.

Горн жауап бермек болып еді, бүкіл алып зал дүрліге қол шапалақтап жіберді. Ол үстел астымен оның ыстық қолын ұстай алды. Магданың, сол түнгі көшедегідей, көзінен жас құйылып кетті, бірақ қолын тартып алған жоқ.

Мұз үстіне қызыл көйлекті әйел шыға келіп, бір әсерлі шеңбер орындап, пируэт жасады. Оның үлкен конькилері найзағайлардай жарқылдап, көк мұзды дыбыссыз тіліп бара жатты.

"Сен мені тастап кеткенсің", — деді Магда сөзді бастап.

"Иә, мен бірақ оралдым ғой. Жылама. Одан да қалай билеп жатқанын қара. Сен онымен көптен бері тұрасың ба?"

Магда сөйлей бастағанда айнала тағы дүрілдеп кетті де, ол үстелге шынтағын тіреп, қолымен бетін басып, ернін тістелеп біршама отырып қалды.

"Олар да көрінді" — деді Горн ойлы қалыппен.

Шулы толқыныс пайда болды. Мұзға ойыншылар сырғып шыға бастады, алдымен шведтер, сонан кейін немістер. Қалың свитер киген, тізелерінде үлкен былғары қалқандары бар қақпашы өзгелерден ерек көрінеді.

"...Ол онымен ажырасқалы жүр. Сенің келуің ретсіз-ақ болды..."

"Болмайтын әңгіме ғой. Ол саған шынымен үйленеді деп ойлайсың ба!"

"Сен кесір жасасаң, әрине, үйленбейді".

"Жоқ, Магда, ол ондайға ешуақта бармайды".

"Мен айтып тұрмын ғой, ол соған барады".

Олар сөз таластырып жатты, бірақ айнала у-шу болып кеткендіктен, олардың тек еріндері ғана жыбырлайды, — қылғына гуілдеген адамдардың қуанышты үруі. Ал мұз үстінде басы қайқы таяқтар дөңгелек шайбаны іліп алды да біріне бірі береді, құлаштап ұрады, немесе алдына сап қуа жөнеледі, — ойыншылар бірде үйме-жүйме боп, бірде шашырай бөлініп, жандарын салып заулап жүр, — ал қақпашы аяқтарын жинап шұғыл жиырылып, қай жақтан келсе, сол жаққа қалқандарын қатар тосып, бір сәтте бір уыс бола қалады.

"...Сенін оралғаның бәле болды. Сен онымен салыстырғанда қайыршысың. Құдай-ай, енді мен білем, бәрінің тас-талқаны шығады".

"Ештеңе етпейді, ештеңе етпейді, біз аса сақ боламыз".

"Тоқтай тұршы, — деді Магда, — мені мына жерден алып кетші. Мына у-шудан басым сынып барады. Ол енді қайтып оралмайды, оралса да мейлі".

"Ақымақ болма, бізге барайық. Бір-ақ сағатқа".

"Сені жын ұрған шығар. Мен тәуекел ете алмаймын. Мен оны бір жылдан бері арбап келемін. Тек енді ғана ажырасу туралы келістік. Осыдан кейін мені тәуекелге барады деп ойлайсың ба?"

"Ол саған үйленбейді", — деді Горн сенімді түрде.

"Сен мені үйіме жеткізіп саласың ба, жоқ па? — деді де, басына бір ой келді". "Автомобильде сүйем".

"Менің ақшамның жоқ екенін сен қайдан біле қойдың?"

"Ол сенің көзіңнен көрініп тұр ғой, — деді ол оның құлағына алақанымен қоршап айқайлап, өйткені айқай-шу шектен шығып кетіп еді — гол соғылды, швед қақпашысы мұз үстінде жатыр, ал қолдан шығып кеткен таяқ, бейне бір иесіз ескектей, жайлап айналып бір жаққа сырғып барады".

"Түкке түсінбеймін, оны неменеге кейінге қалдырасың? Ол қалайда орындалады ғой, — алтын уақытты босқа жібермейік".

Олар ложадан шықты. Магда кенет қып—қызыл боп кетті де, қабағын көтерді. Оған семіз қара көзді бір мырза қарап тұр екен — оған шаншыла, жиіркене қарайды. Онымен бірге отырған кішкентай қыз үлкен қара дүрбіге жабысып aп, қайта басталған ойынға қадалып қапты.

"Жүзіңді бұр, — деді Магда өзінің серігіне. — Сонау семіз кісі мен қызды көріп тұрсың ба, әне, көрдің бе? Олар оның қайнағасы мен қызы. Оның қорқып қашқанын енді түсініп тұрмын, қап, ертерек көрмегенімді қарашы. Анау семіз мені жезөкше деп сөккен. Егер соны біреу сойып салса ғой..."

"Ал сен үйлену туралы әңгіме айтасың, — деді Горн, оның соңынан басқыштан түсіп бара жатып. — Ол ешуақта да саған үйленбейді. Одан да қазір бізге барайық, ең болмаса жарты сағатқа. Барғың келмей ме? Жақсы, жақсы. Жай айтып тұрмын. Мен сені апарып салам, бірақ менің қалтамда ұсақ жоқ екенін ескертем".

18

Макс оны көзімен шығарып салды: сол бір мінезі жұмсақ адамның жұдырығы еріксіз жұмыла берді. Ол оның қасындағы серігін көріп, Кречмар қайда екен деп ойлады да, тек Магданы ғана емес, Кречмарды да көріп қалар ма екем деген қауіппен айналасына ұзақ қарап тұрды. Ол, ақырында ойынның аяқталып, Ирманы үйге алып кететін мүмкіндік туғанына қуанды. "Аннелизаға ештеңе айтпаймын", — деп шешті ол, үйге келгеннен кейін. Ирма тұйық қыз еді — шешесінің сұрақтарына басын изеп, күлді де қойды.

"Ең таңғаларлығы, олардың мұз үстіне сонша жүгіргенде шаршап-шалдықпайтындары" — деді Макс.

Аннелиза оған ойлана қарап тұрды да, сонан кейін қызына: "Ұйықта, ұйықта" — деді.

"Жоқ" — деді Ирма. "Түн жарымы болды ғой. Мұның болмайды!"

"Макс, айтшы, — деді Аннелиза, қызын жатқызғаннан кейін, — ол жақта бірдеңе болғанын жүрегім сезіп тұр, үйге сыймай кеттім. Макс айтшы".

Ол қысылып қалды. Күйеуімен бөлек тұрғалы бері Аннелизаның болмысында телепатиялық әсерлену пайда болған еді.

"Ешкімді көрген жоқсың ба, — деп қояр емес. — Бәлкім?"

"Қойшы. Қайдағыны қайдан шығарып тұрсың?"

"Мен кездесіп қала ма деп қорқам да жүрем", — деді ол баяу ғана.

Келесі күні таңертең Аннелиза, Боннаның қолына градусник ұстап кіргенінен оянып кетті. "Ирма, ауырып қапты, сударыня, — деді ол күлімсіреп. — Міне, отыз сегіз де бес".

"Отыз сегіз де бес", — деп қайталаған Аннелизаның, басында бір ой жылт ете түсті: "Бостан—бос мазасызданбаған екем".

Ол төсектен жалма—жан атып тұрып, балалар бөлмесіне жөнелді. Магда шалқасынан төбеге тесіле қарап жатыр екен. "Анда балықшы мен қайық" — деді ол, шамның жарығы салған ою—өрнектерді қабағымен нұсқап. "Тамағың ауырмай—ма?" — деді Аннелиза төсегін жөндеп, қызының жұқа өңіне мазасыздана қарап. "Құдай—ау маңдайы қандай ыстық", —деді ол, Ирманың маңдайынан жеп — жеңіл ақ сұр шашын кері серпіп жатып. "Тростниктер де бар" — деді Ирма бәсең дауыспен, жоғарыға қарап жатып.

"Дәрігер шақыру керек", — деді Аннелиза Боннаға қарап. "Сударыня, соның қажеті жоқ, —деді ол сол күлімсіреген қалпында, — мен оған лимонмен шай, аспирин берем де, қымтап жауып қоям. Қазір жұрттың бәрі грип".

Аннелиза қырынып жатқан Макстың есігін қақты. Ол сол сабынданған қалпында Ирмаға кірді. Макс қырынған сайын бетін орып алатын, қазір де сабын көпіршіктерінің арасынан ашық—қызыл дақ көрінеді. "Кілегей құйылған бүлдірген", — деді ол баяу ғана, Макс оған еңкейген кезде. "Ол сандырақтап жатыр", — деді Макс шошынып, сөйтті де Боннаға қарады. "Қажеті не, — деді ол жайбарақат қана. — Ол сіздің иегіңіз туралы айтып тұр".

Ирма туғаннан оны емдейтін дәрігер жол жүріп кетіпті, Аннелиза оның орынбасарына ештеңе деместен, бір кезде олардың үйінде қонақта болып жүретін, жұрт аузында керемет интернист аталатын басқа дәрігерді шақырды. Дәрігер кешке қарай келді де, Ирманың төсегінің шетіне отырып, бұрышқа қарап, тамырын тыңдауға кірісті. Ирма оның қысқа қырқылған шашына, маймыл құлағына, самайындағы адырайған тамырларына қарап жатты. "Солай", — деді ол, оған көзілдірігінің жоғары жағынан қарап. Ол одан отыруды сұрады. Аннелиза көйлегін шешуге көмектесті. Ирма аппақ, өте жүдеу болатын. Дәрігер оның арқасына стетоскоп басып, дем алдырып көрді. "Солай", — деді тағы да. Тағы да біраз қарап болғаннан кейін ол бойын жазды, Аннелиза оны кабинетке кіргізді, ол рецепт жазуға отырды. "Иә, грипп, — деді ол. — Барлық жерде солай. Кеше тіпті концертті кейінге қалдырды. Әнші мен оның сүйемелдеушісі ауырып қалыпты".

Келесі күні таңертең қызуы шамалы түсті. Оның есесіне Макстың бет—жүзі албырап, қайта—қайта сіңбірініп жүрді де, бірақ жатпай қойғаны былай тұрсын, кеңсесіне кетті. Бонна да түшкіре бастады.

Кешке қарай Аннелиза қызының қолтығының астынан жып — жылы градусникті алып қараған кезде, ондағы сынап ыстықтың қызыл белдеуінен көтеріліп тұрғанын көріп қуанып кетті. Көзіне ұрып тұрған шамның жарығынан қашып, Ирма теріс қарап жатты. Бөлмеге қараңғы кіре бастады. Бөлме әрі жылы, әрі мұнтаздай жинақы еді. Ол көп ұзамай ұйықтап кетті де, түн жарымында шошына оянып кетті. Таңдайы кеуіп қалыпты. Ирма қолымен сипалап үстел үстіндегі лимонад құйылған стақанды тауып ап ішті де, қайтадан дыбысын шығармай орнына қойды. Жатын бөлме әдеттегіден қараңғы боп кеткендей. Қабырғаның ар жағынан Боннаның бейқам қорылдағаны естіледі. Ирма ол қорылға құлақ сала тұрып, жердің астынан шыққандай пайда бола кететін электр пойызының дүрсілін күтіп жатты. Бірақ дүрсіл естілер емес. Әлде, пойыздардың жүретін мезгілі бола қойған жоқ па. Ол көзін бақырайтып ашып жатыр, кенет көшеден төрт ноталы таныс ысқырық естілді. Әкесі үйіне оралғанда осылай ысқыратын — мен келе жатырмын, дастарқан дайындай беріңдер деген белгі. Ирма бұл ысқырып тұрған әкесі емес екенін біліп жатыр, екі аптадан бері танымайтын бір кісі пайда боп, жоғарыда тұратын әйелге осылай ысқырады, — Ирмаға бұл туралы швейцардың қызы айтқан. Бұл ысқырықтың ең таңғаларлығы мен сиқырлылығы сонда, оның әкесінің ысқырығынан мүлде аумайтындығында еді, бірақ оны жұртқа айтуға болмайды: әкесі қазір өзінің пәкене бойлы серігімен тұрады, — ол туралы Ирма басқыштан төмен түсіп бара жатқан екі әйелдің әкесі туралы әңгімесінен естіген. Ысқырық тағы қайталанды. Ирма ойлап жатыр: Кім білсін, бұл әкем шығар, оны әдейі ішке кіргізбейтін шығар". Ол көрпені серпіп тастап терезеге жақындады. Ол жол — жөнекей үстелге соқтығысып қалды, бірақ Бонна, ештеңе болмағандай, сол қалпында қорылдап алаңсыз ұйықтай берді. Ол терезені ашып қалғанда аязды ауа ішке лап қойды. Көшедегі адам жоғарыға қарап тұр. Ол оған біршама уақыт көз сап, тұрды, — өкінішке орай, ол оның әкесі емес еді. Ол кісі тұрып—тұрып, бұрылды да, кетіп қалды. Ирма оны аяп кетті, — оған есік ашу керек еді, — бірақ оның тоңып қалғаны сондай, терезені жабуға күші зорға жетті. Төсекке келіп жатқаннан кейін жылына алмай—ақ қойды, ақырында ұйықтап кеткеннен кейін, ол түсінде әкесімен хоккей ойнап жүр екен, оны әкесі күліп жүріп итеріп қалды да, ол мұздың үстіне шалқасынан құлап түсті; мұз қарып барады, бірақ ол тұра алар емес.

Таңертең оның қызуы қырықтан асып кетіпті, сол сәтінде дәрігер шақырылды да ол тығыз компрес жасау керек деп шешті.

Аннелиза, тағдырдың мені осыншалықты тәлкек етуге хақысы жоқ қой деп жынданып кетердей болды да, шұғыл өзін—өзі қолына ап, дәрігермен тіпті күлімсіреп қоштасатын болды. Дәрігер кетер алдында Боннаға да кіріп шықты, ол да күйіп жатыр екен, бірақ денсаулығы берік ол әйелге ешқандай да қауіп төніп тұрған жоқ еді. Макс дәрігерді есік аузына дейін шығарып сап тұрып, қырылдаған даусымен сыбырлап қана, Ирманың өміріне келер қатер жоқ па, деп сұрады. Дәрігер Ламперт есік жаққа қарап, ернін жымқырды. "Ертең тағы қараймыз, — деді ол — Шынын айтқанда, бүгін келіп кетуім керек еді". "Әлі сол қалпында, — деп ойлады ол, басқыштан түсіп бара жатып. — Сол сұрақтар, сол жалбарынышты көздер. Ол жазу кітапшасына қарап, автомобильге отырды да, бес минөттан кейін басқа пәтерге кіріп бара жатты. Кречмар оны жібек курткамен қарсы алды. "Ол кешелі бері бір түрлі салғырт, — деді ол. Тұла бойым сырқырап барады дейді". "Қызуы бар ма?" — деді Ламперт, сөйтті де осы бір ақымақ адамға қызының аса қатерлі жағдайда жатқанын айтсам ба, айтпасам ба, деп ойлады. "Қызуы жоқ сияқты, — деді Кречмар мазасызданған үнмен. — Бірақ мен, қызуы жоқ грип өте қауіпті деп естігем". "Оны несіне айтам, — деп ойлады Ламперт. — Өзінің отбасын барып тұрған ессіздікпен тастап кетті. Керек болса — өздері айтар. Тұмсығымды тығып нем бар".

"Ал, — деді Ламперт, — қадірлі ауруды маған көрсетіңізші".

Ызалана тістеніп, жібек киімдерге малынып алған Магда кушеткада жатыр еді, суретші Горн папирос қорабының сыртына қарындашпен оның жүзін беріле салып жатқан. "Сұлу екені сұлу, айтатыны жоқ, — деп ойлады Ламперт. — Солай бола тұра, бұл әйелде улы жыланның зәрі бар".

Горн ысқыра жүріп, келесі бөлмеге кетті де, Ламперт ауруды қарауға кірісті.

Шамалы ғана салқын тиген — басқа ештеңесі жоқ.

"Екі—үш күн үйде болсын, — деді Ламперт. — Кинематограф қалай? Түсіруді аяқтадыңыздар ма?"

"Құдай қаласа, аяқталады! — деп жауап берді Магда демін жиірек алып. Жақында фильмді бізге көрсететін болады, оған дейін қалай да жазылып алуым керек!"

"Бір жағынан қарағанда, — деп ойлады Ламперт, — Кречмар бұл әйелмен ақыры бір бәлеге ұшырайды".

Дәрігер кеткеннен кейін Горн қонақ бөлмеге қайта оралып, тісінің арасымен ысқырған қалпы, сурет салуын жалғастыра берді. Кречмар қасында тұрып оның ырғақты аппақ қолынан көз алар емес. Сонан кейін ол, көп шу көтеріп жатқан көрме туралы мақаласын аяқтауға кабинетке кетті.

"Отбасының досы", — деді Горн күлімсіреп.

Магда оған қарап, ашулана:

"Иә, мен сен сияқты кеспірсіз жанды сүйем, — ол сезімге енді ештеңе істей алмайсың", —деді.

Ол қорапты әрі—бері бұлғап, сонан кейін оны үстел үстіне тастай салды.

"Магда, сен тыңда, өзіңнің маған келем деген ойың бар ма? Менің мұнда келгенім, көңілді—ақ дейік, бірақ одан әрі не болады?"

"Біріншіден, жайырақ сөйле, екіншіден, бүкіл сақтық дегеннің бәрін ұмытып кеткенде ғана сен риза болатын сияқтысың, онда ол мені өлтіреді, немесе мені үйден қуып шығады, біз көк тиынсыз қаламыз".

"Өлтіреді... — деп мырс етті Горн. — Сен де айтасың—ау".

"Сен шамалы сабыр ет, мен сенен өтінем. Сен түсінемісің, — ол маған үйленгеннен кейін мен еркінірек болам ғой. Әйеліңді үйден оп—оңай қуып жібере алмайсың. Оның үстіне кинематограф тағы бар, — менің жоспарым көп".

"Кинематограф" — мырс етті Горн.

"Көр де тұр, фильмнің қызық боп шығатынына мен сенімдімін. Күту керек. Сен сияқты мен де шыдай алар емеспін".

Ол кушеткаға барып отырды да, оның иығынан құшақтады. "Жоқ, жоқ", — деді ол дір—дір етіп, қабағын түйіп. "Бір—ақ рет сүйейін, бір—ақ рет". "Тек ұзақ болмасын", — деді ол ақырын.

Ол еңкейе беріп еді, кенет арғы есік ашылды да, аяқ жүрісі естілді.

Горн бойын түземек болып еді, сонда ғана байқады, Магданың иығындағы жібек тоқыма оның түймесін іліп ұстап қалыпты. Магда ағытып жібермек боп жанталасып жатыр, —бірақ аяқ дыбысы тіпті жақын кеп қалып еді. Горн қатты тартынып қалды, бірақ жібек тоқыма берік екен, түйме босамады. Магда түйінді тырнағымен тырмалап пысылдап жатыр, — сол кезде Кречмар кіріп келді.

"Мен Фрейлейн Петерсті құшақтағам жоқ, — деді Горн саңқылдап. — Мен тек жастығын түземек болып ем, шатыстым да қалдым".

Магда, кірпігін көтермеген қалпы тоқыманы әлі тырналап жатыр, — бұл бір карикатуралық жағдай еді, Горн оны ойша атап өтті.

Кречмар қаламұш бәкісін шығарып, оны сырт еткізіп ашты. Карикатура жалғасып жатты. "Тек оны бауыздап жібермеңіз", — деді Горн саңқ—саңқ етіп, сөйтті де күліп жіберді. "Қолыңды тарт", — деді Кречмар, бірақ Магда айқайлап жіберді: "Кесе көрме, одан да түймені қырқып жібер" (Солай—ақ болсын! — деді қуана қабылдап Горн). Екі еркек бірдей Магданың үстіне опыр—топыр құлаған сот болды. Горн тағы да жұлқынып қалып еді, әлдене дар ете түсті де, ол босап шықты.

"Кабинетке барайық", — деді Кречмар, Горнға қарамастан.

"Сауысқаннан да сақ болу керек", — деп ойлады Горн, өзінің қарсыласының көңілін басқа жаққа аударып жіберетін, бұрын екі рет қолданған әдіс—айланы дәл кезінде есіне түсіріп.

"Отырыңыз, — деді Кречмар. Былай болып тұр. Мен сіздің бірнеше сурет жасап беруіңізді қалар едім — жақында осында көрме болды, — мен өзімнің мақаламда итсілікпесін шығарған бірнеше картинаға карикатура салып берсеңіз, — мақалаға иллюстрация үшін керек. Мақала өте күрделі, зәрлі..."

"Ә—ә, — деп ойлады Горн, — оның қабағының қарс жабылғаны фантазиясының азабы болды ғой. Тамаша!"

"Қызметіңізге әзірмін, — деді ол. — Қуана жасап берем. Менің де сізге азғантай өтінішім бар. Бірнеше жерден қаламақы күтіп отырмын, бірақ қазір қиналыңқырап тұрмын, — маған қарыз бере тұрмайсыз ба, — арзымайтын нәрсе, бар болғаны мың марка?"

"Әрине, әрине. Одан да көбірек берейін. Сіз маған иллюстрацияның бағасын айтсаңыз болды, бәрі орындалады".

"Мынау каталог па? — деп сұрады Горн. — Қарап көрейінші?"

"Тек әйелдер, әйелдер, — деді Горн жақтырмаған үнмен, репродукцияларды қарап жатып. —Балаларды мүлде салмайды".

"Олар сізге не керек?" — деді Кречмар құйтырқы сұрақ қойып.

Горн қарапайым түрде түсіндіре бастады.

"Бұл енді талғамға байланысты, — деді Кречмар сөйтті де өзінің дүниетанымының кендігін көрсеткісі кеп жалғастыра түсті: — Әрине, мен сізді кінәламаймын. Бұл өнер адамдарының арасында жиі кездеседі. Мұндай жағдай шенеуніктер мен дүкеншілердің арасынан кездессе менің ызамды келтірер еді, — бірақ суретші, музыкант, — басқа мәселе. Тек, менің сізге айтарым, сіз көп нәрсе жоғалтқансыз".

"Мен үшін әйел деген, бар болғаны, сүт қоректенушілер ғана, — шыны солай!"

Кречмар күліп жіберді. "Егер әңгіме осыған дейін жетсе, онда мен сізге бір нәрсені мойындауға тиіспін. Дорианна сізді көрген бойда, бұл адам — әйелдерге салғырт адам деп айтып еді".

19

Үш күн өтті. Магданың жөтелі басылған жоқ, жаратылысы өте кіді болғандықтан да, күтініп сыртқа шыққан жоқ, — кимоноға қымтанып кушеткада жатты да қойды. Кречмар өзінің кабинетінде жұмыс істеп отырды. Еріккеннен ол Горн үйреткен бір нәрселермен көңіл көтерді: жастықтардың арасына көміліп отырып aп таныстығы жоқ бөгде адамдарға, фирмаларға, дүкендерге телефон соғады, телефон кітапшасындағы адрестер бойынша заттарға тапсырыс береді, әп—әжептеуір адамдардың басын қатырады, іспен шұғылданып отырған адамға қатарынан он рет телефон соғып жындандырып жібере жаздайды — кейде махаббат туралы қызық—қызық әңгімелер айтылып, кейде ұрыс—керіске кірісіп кетеді. Кречмар кіріп келіп, оның біреуге табытқа тапсырыс беріп жатқанын естіп күле қарап тұрды. Кимоносының омырауы ашылып кетіпті де, тұла бойын шалдуар еркелік билеп көздері жайнап, жарқылдап алыпты. Кречмар оған құштар құмарлықпен қарап (оның үстіне ол кейінгі аптада, ауырып жүрмін деп маңына жолатпай қойып еді) оған жақындауға, оның қызық ойынын бұзып алуға қорқып үн—түнсіз қарап тұр.

Енді ол бір Груневальд дейтін профессорға өзінің ойдан шығарған тарихын айтып, зоология бағының қарсысындағы атақты вокзал сағатының жанында, түн жарымында күтіп алыңыз деп жалынып жатыр — ал байланыстың екінші ұшында тұрған профессор бұл мазақ па, жоқ әлде оның атағын құрметтейтін экономист, немесе философтың оған көрсеткен ілтипаты ма, — соған көзі жетпей, басы қатып азапқа түсуде.

Магданың сайқымазақ ойынының салдарынан Макс жарты сағат бойы Кречмар пәтерімен жалғаса алмай—ақ қойды. Ол тағы, тағы, тоқтаусыз телефон соғумен болды, бірақ кілең —біркелкі ызың. Ақырында ол орнынан тұрды, басы айналып кетті де қайтадан отыра қалды: бұл түні ол көз ілмей шықты, бірақ оның қазіргі борышы — Кречмарды шақыру. Ол аяғының ұшымен әрі күңгірт, әрі үн—түнсіз тұрған балалар бөлмесіне өтті де, қабаржып тұрған бірқатар адамдарды елер—елемес халде Аннелизаның желкесін, түбіт шәлісін көріп, — кенет бірдеңеге бекем бел буғандай, бұрылды да, кеудесіне өксік кептеліп, көзінен жас құйылып, пальтосын иығына іле сап Кречмарды шақыруға жөнелді.

"Күте тұрыңыз", — деді ол шоферге, таныс үйдің жанынан түсіп жатып.

Үлкен кірер есікті итеріп жатқан кезде, оның соңынан іле—шала Горн да жетіп, екеуі ішке бірге кірді. Басқышта олар бір—біріне қарап, бірден хоккей ойынын еске алды. "Сіз Кречмар мырзаға бара жатырсыз ба?" — деді Макс. Горн күлімсіреп, басын изеді. "Мәселе былай: ол қазір қонақ күтуді ұмытатын шығар, мен оның әйелінің ағасымын, көңілсіз хабар алып келе жатырмын".

"Оған сөзіңізді жеткізейін" — деді оған Горн ұсыныс жасап.

Макстың демікпесі бар еді; ол бірінші алаңқайда—ақ, Горнға, бұқа құсап, көзінің астымен қарап тоқтап қалды. Ал ол болса жылап—жылап көзі ісіп кеткен, қып—қызыл, семіз кісіге қадала қарап қатып қалыпты.

"Мен сізге қонақтығыңызды кейінге шегере тұрыңыз деп кеңес берер едім, — деді Макс ентіге дем алып. — Күйеу баламның қызы өлім халінде жатыр".

Ол жүрісін жалғастырды. Горн оның соңынан жайлап қана ілесіп келеді ("қызық оқиға, мұны жіберіп алуға болмайды...") Макс өзінің артындағы аяқ дыбысын естіп келеді, бірақ ызалы ашу оны әбден буып алып еді, демім жетпей қала ма деп қорыққан ол, өзін соңына дейін сақтауға тырысты. Олар пәтердің есігіне дейін жеткен кезде, ол Горнге бұрылып: "мен сізден кім екеніңізді де, не екенінізді де білмеймін, бірақ сіздің бір беткейлігіңізді түсінбеймін", — деді.

"Мен — осы үйдің досымын", — деп жауап берді Горн даусын жұмсартып, сонан кейін ұзын аппақ сұқ саусағын көтеріп, түймені басты.

"Таяқпен салып кеп жіберсем бе екен? — деп ойлады Макс. — Бірақ бәрібір емес пе?... Тек тезірек оралсам екен".

Қызметші еркек есік ашты (Магданың айтуынша лордқа ұқсайды).

"Хабар беріңізші, — деді Горн сабырмен, — мына мырза..."

"Сіз араласпаңыз, — деді Макс ашудан жарылып кетердей боп, сонан кейін ауыз бөлменің қақ ортасында тұрып ап, бар даусымен айқай салды: — Бруно! — тағы да — Бруно!" — деді.

Кречмар қайнағасының бұзылып кеткен түрін, ісінген көзін көріп, шапшаң жүрем деп сырғанап кетті де қайта тіктелді. "Ирма қатты ауру, — деді Макс, таяғымен еденді салып қап. — Қазір жүруіңе кеңес берем..."

Қысқа ғана үнсіздік. Горн екеуіне жалт—жұлт қарады. Кенет қонақ бөлмеден Магданың сыңғырлаған ашық даусы шықты: "Бруно бір минөтке".

"Біз қазір кетеміз", — деп тұтыға сөйлеген Кречмар, қонақ бөлмеге кіріп кетті.

Магда қолдарын кеудесіне қойып тұр екен.

"Менің қызым қатты ауру екен, — деді Кречмар. Мен сонда кетем".

"Бұл өтірік, — деді ол ызалана. — Сені тұзаққа түсіргісі келеді".

"Есіңді жи Магда... құдай үшін".

Магда оның қолын ұстай алды: "Егер мен сенімен бірге барсам ше?"

"Магда, сен түсін, мені күтіп тұр".

"...Алдап—арбамақшы ғой. Мен сені жібермеймін".

"Мені күтіп тұр, мені күтіп тұр", — деді Кречмар тұтыға сөйлеп, көзі алайып кетті.

"Егер сен кетер болсаң..."

Макс таяғымен еденді соғып ауыз бөлмеде тұр. Горн портсигарын алды. Қонақ бөлмеден айқайласқан дауыстар шығып жатыр. Горн Макске папирос ұсынды. Макс оған қарамастан портсигарды шынтағымен қағып жіберді, папирос шашылып қалды. Горн күлді. Тағы да айқай—сүрең. "Ой, қандай сұмпайылық..." — деп Макс, есікті жұлқып ашып, беті дір—дір етіп төмен түсіп бара жатты.

"Не болды?" — деді Бонна сыбырлап, Макс қайта оралған кезде.

"Жоқ, келмейді" — деп тіл қатқан ол, алақанымен бетін басып, тамағын кенеп алып, тағы да, аяғының ұшымен басып балалар бөлмесіне өтті.

Онда бәрі бұрынғыдай еді. Ирма басын олай бір, бұлай бір шайқап аласұруда, сәл ғана ашық жанары шам жарығын сезбейтін секілді. Баяу ғана ыңырсиды. Аннелиза оның иығындағы көрпені сипап қояды. Ирма кенет бойын созып, жүзін жастыққа шалқайтты. Үстел үстінен қасық құлап түсті; — оның сыңғыры жұрттың құлағында ұзақ уақыт тұрып алды. Медбике тамырын ұстады да, сонан кейін, әлденені бүлдіріп алмайын дегендей, оны жайлап қана төсек үстіне қойды. "Оның, бәлкім, су ішкісі келетін шығар" — деп сыбырлады Аннелиза. Медбике басын шайқады. Бөлмеде біреу баяу ғана жөткерінді. Ирма әлі аласұрып, көрпе астындағы тізесін бірде көтеріп, бірде созып жатыр.

Есік сықыр етті де, ішке Бонна кіріп Макстың құлағына әлдене деп сыбырлады, ол басын изеді де, Бонна шығып кетті. Есік тағы сықырлады, Аннелиза бұрылған жоқ...

Кречмар әйелінің түбіт орамалы мен ақшыл шашын еміс—еміс қана байқап төсектен екі адым жерде тұр, бірақ оның есесіне, ол қызының жүзін, кішкентай ғана танауын, дөңгелек маңдайындағы сарғылт дақты анық көріп тұр. Ол сол қалыпта ұзақ тұрды, сонан кейін оның қолтығынан біреу кеп ұстады.

Ол кабинеттегі үстелдің жанына ауырлап барып отырды. Бұрыштағы үстел үстінде жөнді тани қоймайтын екі әйел отыр, орындықтан алысырақ жерде Бонна жылап жатыр. Кім екені белгісіз, терезе алдында денелі келген бір қарт темекі тартып тұр. Үстел үстіне апельсин салынған ваза мен темекі тұқылы толып қалған күлсалғыш қойылыпты.

"Мені неге ертерек шақырмаған?" — деді Кречмар бәсең дауыспен, қабағын көтеріп, бірақ ол сол қабағын көтерген қалпында отырып қалды, сонан кейін басын шайқап, саусақтарын сыртылдатып үзе бастады. Бәрі үнсіз. Сағаттар сырт—сырт етеді. Ламперт пайда болды да, қайта шығып, қайта келді.

"Не боп жатыр?" — деп қырылдай сұрады Кречмар.

Ламперт денелі қартқа камфора туралы айтып, қайта шығып кетті.

Біраз уақыт өтті. Терезе сыртын қараңғылық тұмшалапты. Кречмар екі рет балалар бөлмесіне кіріп, әр кірген сайын тамағына әлдене шоқ боп кептеліп қалады да, қайтып кеп үстел жанына отырады. Сәлден кейін апельсин алып, оны тазалауға кірісті. Бұрынғыдан да өлі тыныштық орнады, сыртта қар жауып тұрған секілді. Көшеден сирек күңгірт дауыстар жетеді, анда—санда бу қазандығынан бірдеңенің тарсылдағаны естіледі. Төменнен біреудің төрт ноталы ысқырғаны шықты, — тағы да тыныштық. Кречмар апельсинді асықпай жеп отыр. Апельсин өте қышқыл екен. Кенет Макс кіріп келді де, ешкімнің жүзіне қарамастан, қолын жайды.

Баласы жатқан бөлмеде Кречмар әйелінің кереуетке төніп, қимылсыз, қатып қалған арқасын көрді, — медбике оның иығынан ұстап, басқа бөлмеге алып кетті. Ол кереуетке жақындап келді, оның көз алды бұлдырап, әлденелер көлбеңдеп кеткендей болды, — бір сәтке ғана оның алақандай өлі жүзі, боп—боз ерні, біреуі жоқ (сүт тісі, сүт) қасқа тістері жүзіп шыққандай болды да, қайтадан тұманданып кетті, сонан кейін Кречмар бұрылып, ешкімді соғып кетпейін деп, ақырын бөлмеден шықты. Төмендегі есік жабық екен, бірақ шамалыдан кейін шәлі оранған бір әйел шықты да қарға көміліп, тоңып қалған бір кісіні ішке кіргізіп алды, ол әлгі ысқырған адам болуы керек. Кречмар көшеге шыққан бойда, неге екені белгісіз, сағатына қарады. Түн жарымы екен. Оның мұнда бес сағат болғаны ма?

Ол ақ кар жатқан көшемен келе жатып, не болғанын әлі жөнді ұқпайтын халде. "Өлді" —деп әлденеше рет қайталай тұра, Макстың тізесіне шығып бара жатқан, немесе қабырғаға доп лақтырған Ирманың жанды бейнесі көз алдынан кетпей қойды. Солай бола тұра, дүниеде ештеңе болмағандай, таксомоторлар бапылдауын тоқтатар емес, аспан әлі қап—қараңғы, тек анау алыста, Гедехтиискирха жақта, қараңғылық жұмсақ қошқыл реңкке кіріп, шұғыланың қуаты сес бергендей.

Ақырында ол үйіне де жетті. Магда жартылай жалаңаш қалпы кушеткеде темекі шегіп жатыр екен. Үйден шығарда онымен ұрсысқаны Кречмардың бір сәт есіне түсті, бірақ ол ұрыс қазір мәнін жойған еді. Магда, оның қардан суланып қалған жүзін сүрткілеп, бөлмелерді үн—түнсіз кезіп жүргенін көзімен бақылап жатыр. Ол қазір оған сұлқ, енжар қарайды, — бойында ләззатты шаршау ғана бар. Әбден діңкелеп шаршаған, бірақ көңілі тоғайған Горн да жақында ғана кеткен.

20

Кречмар біраз уақыт бойы тұйық жүрді. Жанын аңсар сағыныш жеп барады. Магдамен бірге тұрғаннан бері, бәлкім, алғаш рет оның өмірін жайлап алған жексұрындықты сезінгендей болды. Енді, міне, тағдырдың өзі оны шапалақпен тартып жіберіп есін жиғызып, күркіреп ақырған сол тағдырдың даусын естіп, өмірін бұрынғы биікке шұғыл көтеру үшін сирек мүмкіндік беріліп тұрғанын түсінді. Егер ол дәл қазір әйеліне оралатын болса, оның қасынан шықпастан, көңілін аулап отыратынын да түсінді, — ондай жағдайда түсінісу де, жақындасу да өзінен—өзі іске асар еді. Сол бір қасіретті түнгі кейбір көріністер оған тыныштық берер емес, — Макстың кенет оған дымқыл көзімен жалбарына қарағаны, сонан кейін бұрылып бара жатып оның қарынан қысқаны, — сондай—ақ әйелінің айнадан көрінген аянышты, жаншылып—езілген түрін көргені қайта — қайта есіне түседі. Ол, сонымен бірге, оған оралуға дәл осы мүмкіндікті пайдаланбаса, онда қызы өлгенге дейінгі Аннелизамен кездесу қандай қиын боп келсе, кейіннен дәл сондай қиын боп қалмақ. Ол осының бәрін азаптана, жан—жүрегімен езіле ой елегінен өткізіп, егер ол қызын жерлеуге баратын болса, онда ол әйелімен мәңгі бірге қалатынын сезді. Макске телефон соғып, қызметші әйелден жерлеудің қай жер, қай сағатта өтетінін біліп, таңертең, Магда ұйықтап жатқан кезде, қызметшіге оның қара пальтосы мен цилиндрін дайындауды тапсырды. Кофені асығыс—үсігіс ішіп, қазір пинг—понг үшін үстел қойылған, Ирманың бұрынғы бөлмесіне кірді. Целлулоид шарын алақанына секіртіп ойнап тұрған ол, өз ойын Ирманың тіпті құйтақандай кезіне бағыттай алмай—ақ қойды, одан да оның ойына бұл жерде бүгінде пинг—понг күрегін созып, үстел үстіне ұзынынан сұлай кететін, сонан кейін айқайлап, секіріп ойнайтын сергек, сымбатты, бірақ азғын қыз қайта—қайта түсе берді.

Ол сағатына қарады. Жүретін уақыт болды. Ол шарды үстел үстіне тастай салды да, Магданың ұйықтап жатқанын ақырғы рет көрмек боп жатын бөлмеге кірді. Сонан кейін төсек жанында екі беті албырап жатқан, боямаса да қып—қызыл ерінді осы бір балғын жүзге қарап тұрып, Кречмар ертеңнен бастап өңінде қан—сөл жоқ, сөніп—семіп бара жатқан, бәсең ғана әтір иісі шығатын әйелімен бірге тұратынын шошына ойлады, ойлады да ол өмір, — үсті шегеленіп жабылған жәшік, немесе бала бесігі қойылған, одан арғы түкпірі тіпті қараңғы күңгірт, ұзақ және шаң басқан дәліз сияқты боп көрінді.

Магданың жүзі мен иығынан көзін зорға алып бас бармағының тырнағын тістелеген қалпы, ол терезе алдына барды. Көше жылымық екен, автомобильдер шалшықты екі жағына шашып өтеді де бұрышта гүл сататын ашық көгілдір дүкен көрінеді, қызметші әйел көңілді қалыпта жуып жатқан оның терезесіне күн сәулесі молынан құйылып тұр. "Қалай ерте тұрғансың. Бір жаққа кетпекпісің", — деді Магда.

Ол бұрылмастан басын шайқады.

21

"Бруно, еңсеңді көтер, — деді ол бір аптадан кейін. — Мұның өте қиын екенін, мен әрине, түсінем, — бірақ олар саған не болғанда да алыстап кетті ғой, оны өзің де сезесің, олар сенің қызыңа сені жек көру ұрығын екті ғой. Менің әрине, сенің қайғыңа ортақтасып езіліп бара жатпағанымды білесің, егер мен бала тапсам оның ұл болғанын қалар ем..."

"Сен өзің де баласың ғой", — деді ол оның шашынан сипап.

"Бүгін, әрине, сергек болу керек, — деді Магда ернін томпайтып. — Әсіресе, бүгін. Өзің ойлап қарашы, бұл менің карьерамның басы, мен даңқты болам".

"Ия, мен ұмытып кетіппін ғой. Ол қашан еді? Бүгін бе?"

Горн келді. Ол кейінгі кезде күнде келетін де Кречмар оған әлденеше рет жүрегін жайып сап, Магдаға айта алмайтын, айтуға да болмайтын сырларын ашатын. Горн оны құлақ қоя тыңдап, оған ақылды сөздер айтып, жанының жарасына ойлана жанашырлық білдіріп отыратын, сондай кездерде Кречмарға олардың жақында ғана басталған таныстығы ішкі, —жанның түкпіріндегі — уақытпен ешқандай байланысы жоқ шартты ғана боп көрінетін. "Өмірді бақытсыздықтың сусыма құмының үстіне салуға болмайды, — дейтін Горн. — Ол күнә. Менің мүсінші танысым болды, — ол аяғандықтан бір кексе жастағы, кеспірсіз бүкір әйелге үйленді. Олардың араларында дәл не болғанын анық білмеймін, бірақ бір жылдан кейін әйелі у ішіп өлмек болды да, ал еркегін жындыханаға салды. Менің ойымша, нағыз суретші сұлулықты сезіну арқылы өмір сүру керек, — ол ешуақта да алдамайды".

"Ажал, — деді ол тағы да, — менің ойымша, кәдімгі ессіз әдет сияқты боп көрінеді, енді оны табиғат өзінің бойынан жұлып алып тастай алмайды. Менің бір періште жүзді, қабыландай қайратты, өмірге өте құштар жас танысым болды, — ол бөтелкені ашып жатып қолын кесіп алды да, бірнеше күннен кейін қайтыс боп кетті. Одан өткен орынсыз ажалды мен біле бермеймін, солай бола тұра айтуға ауыз бармайды, бірақ ол қартайғанға дейін өмір сүрсе, ажарлы көркем қалыпта ойда қалмас еді... Өмірдің иірімді биі мен күйі ажалда жатыр ма деп ойлаймын".

Горн мұндай сәттерде толассыз сөйлеп кететін — сөздерге күмәнді нәзіктік енгізіп, ойын сұрыптап, тыңдаушының ақыл—ойын айран—асыр етпестен, бұрын—соңды таныс болмаған адамдар басынан өткен оқиғалар соңынан оқиғаларды ойынан жайбарақат отырып шығара беретін. Білімі ала—құла бола тұра, оның ақылы ұғымтал, сергек еді де, жақын —жуықтарын шатастыруға сондай құмар еді. Оның бойындағы жалғыз—ақ, сонымен бірге толыққанды сенімі, — ол өнер мен ғылым саласындағы адамдар жасаған дүниелердің бәрі, бар болғаны көзді арбайтын фокус, әлеміш алаяқтық қана деп ойлайтынында еді. Қандай бір болмасын белгілі бір мәселе туралы маңызды сөз айтыла басталса—ақ, ол оған мейлі күлкілі, мейлі жексұрын сөз болсын әйтеуір, тыңдаушысының құлағына майдай жағатын бір тосын пікірін қоса қоятын қабілетке ие болатын. Ол кітап, немесе картина туралы сабырлы сөз айта бастаса—ақ, Горн өзін әлдеқандай бір қаскүнемдік істің қатысушысындай, — бейне бір сол картинаны дүниеге келтіруші, немесе сол кітаптың авторындай сезінетін. Кречмарды бақылап қарап жүріп (оның ойынша, ол ауыр мінезді, иектеулі, сүлесоқ, ықыласты, соған қарамай кескіндеме өнері саласында көп білетін, тіпті шамадан тыс көп білетін жан болатын), өзін азапты жанмын, тіпті адамзат баласының басынан өткен азаптың шырқау биігіне шыққанмын деп ойлайтын жан деп білді, — осылай бақылай жүріп, Горн мұның бәрі бергі жағы, тек бұл мюзикхоллдың алғашқы нөмірлері ғана, әлі арғы жағы басталды деп ойлап, Горн өзін директорлық ложада отырғандай сезінетін. Ол мекеменің директоры құдай да емес, дию да емес еді. Алғашқысы, яғни құдай, жаңа өнерден ештеңе түсінбейтін тым қарт еді де, екіншісі яғни дию, бөгде жұрттың күнәларымен семіріп кеткен, қалғып—мүлгіген ібіліс еді, ол туысын бауыздаған топас қылмыскердің өлер алдында есінегеніндей адамды жалықтырып жіберетін.

Горнды ложаға жайғастырған директор көзге көрінбейтін, өзінен бөлініп шыққан екі текті, үш текті құбылыс — құбылып тұрған магиялық елес, әр түсті шардың көлеңкесі, жарық түсіп тұрған қабырғадағы сұлба болып шықты... Горн, не болғанда да философиялық ойға шомған сәттерінде осындай тұжырымға келетін.

Содан да ол, Магдаға деген өзінің қылыштай өткір құштарлығын түсінбей—ақ қойды. Ол оны өзіне, Магданың терісінің ерек иісінен, денесінің температурасынан, көзінің ұзара біткенінен, ернінің айрықша үйірімділігінен, яғни оның тән ерекшелігімен түсіндірмек болды. Бірақ ол бұдан емес. Олардың бір—біріне деген құштарлығы екеуінің жан туыстығында еді — Горнның талантты суретші, космополит, ойыншы болғаны тектен тек емес болатын...

Алғаш рет экраннан Магда көрінетін сол күні оған келген Горн, оған (палътосын әперіп тұрып) анда да, мұнда да бөлме жалдағанын, енді емін—еркін кездесуге толық мүмкіндік бар екенін айтты. Магда оған ызалана қарады, өйткені Кречмар олардан он шақты— ақ адым жерде тұр еді. Горн күлді де, ешқандай даусын бәсеңдетпестен, оны күн сайын мынандай сағат пен мынандай сағаттың аралығында күтетінін қосып қойды.

"Мен Фрейлен Петерсті кездесуге шақырсам, ал ол бас тартады", — деді Горн, олар төмен түсіп бара жатқанда.

"Бас тартпай көрсін, қане, — деп күлді Кречмар Магданың бетінен шамалы ғана шымшып. —Қазір сенің қалай ойнағаныңды көреміз", — деп сөзін жалғастырды ол биялайын тартып.

"Ертең сағат бесте, Фрейлен Петере", — деді Горн.

"Ертең ол автомобиль таңдауға барады, сондықтан ешқандай да кездесудің реті жоқ", —деді Кречмар.

"Автомобиль ешқайда қашпайды, солай емес пе Фрейлен Петере?"

Магда кенет ренжіп қалды. "Түкке тұрғысыз қалжың", — деді ол қатал үнмен.

Еркектер бір—біріне қарап күлді. Кречмар көзін қысты.

Почтальонмен сөйлесіп тұрған швейцар Кречмарға қадала қарап тұрды.

"Сенгің келмейді, — деді швейцар, олар өтіп кеткеннен кейін, — жақында ғана оның қызы өлді дегенге сенгің келмейді".

"Екіншісі кім?" — деп сұрады почтальон.

"Қайдан білейін. Егер білгің келсе, айтайын, егер басқа тұрғындар мынаған... (әдепсіз сөз) қараған кезде... Ал өзі сыпайы адам, өзі бай адам, ірірек, маңғаз әйелді таңдауына болар еді ғой".

"Махаббатта көз жоқ қой", — деді почтальон ойға батып.

Актерлар мен қонақтарға "Азри" фильмі көрсетілген шағын залда адамдар аз еді, сонда да Магданың жон арқасын әлдене буып тұрғандай болды. Одан қол созым жерде, бір кезде алдына барып беті қайтып қалған режиссер отыр. Ол Кречмарға келді. Кречмар оны Магдаға таныстырды. Оның оң көзінің үлкен ағы бар екен. Оның бірден танымағанына Магданың ызасы келді. "Мен сіздің кеңсеңізде ертеректе болғам", — деді ол оның шамына тиіп (енді өкінсін). "Иә, сударыня, — деді ол сыпайы ғана, — есімде, есімде". Ал, шынында, оның есінде ештеңе де жоқ еді.

Шам сөнген бойда, оны мен Кречмардың ортасында отырған Горн Магданың қолын ұстады. Алдарында, зал іші ыстық болса да, тонға оранып Дорианна Каренина отыр. Оның қасында көзінде ағы бар режиссер, Дорианна оған бәйек боп отыр. Шаңсорғыш құсап, аппарат бірқалыпты жұмыс істеп тұр. Музыка естілмейді.

Магда экраннан бірден көрінді: ол оқып отырған кітабын тастай сап, терезе алдына жүгіріп барды. Салт атқа мініп сөз салған жігіті келді. Жүрегі тоқтап қалардай болған ол , Горнның қолынан қолын жұлып алды, (оның есесіне ол оның юбкасын сипалап, тіпті түймесін ағытып алды). Экрандағы Магда кеспірсіз түрге еніп, ерні дүрдиіп, аузы бір түрлі өзгеріп кеткен, қастары сүлік сияқты қап—қара, көйлектері мыж—мыж қалыңдық сыртқа жабайы көргендей үрейлене қарап, жұртқа арт жағын беріп омырауымен терезе жақтауына жата кетті.

Магда ары—бері кезіп жүрген Горнның қолын итеріп тастады — кенет оның біреуді қыршып тістеп алғысы, немесе жата қап жер тепкілеп айқайлағысы келді. Экрандағы қолапайсыз қыз онымен үш қайнаса сорпасы қосылмайды, — кейіпсіздігі сондай, швейцар— шешесінің тұрмысқа шыққан кездегі фотографиясынан аумай қалыпты. Бәлкім, ары қарай дұрыс болар. Кречмар, жолай Горнды да құшағымен қамтып оған еңкейіп "тамаша", керемет, мен мұндайды күткен жоқ едім... — деп күбірледі. Ол шынында да толқып отыр еді. Оның есіне "Аргус" түсті, Магданың осыншама нашар ойнайтыны оны толқытты, — солай бола тұра, оның бойында бір әдемілік, құттықтау өлең оқитын жасөспірімге тән тырысушылық бар. Горн іштей рақаттанып отыр: Магданың экранда жолы болмайтыны ол үшін күмәнсіз еді де, ертең таяқтың бір ұшы Кречмарға тиетінін білген—ді. Мұның бәрі өте қызық қой. Оның қолы тағы да Магданың аяғы мен көйлегін аралап кетті. Магда оны оңдырмай шымшып алды.

Біршама өткеннен кейін қалыңдық тағы көрінді: ол қабырғаға тығылып, бұқпантайлап келді де, ешкімге көрінбей дәмханаға келіп, қансорғыштар әулетінің (Дорианна Каренина) арасында отырған жігітін көрді. Қабырға жағалап жүріп бара жатқаны да сенімсіздеу, арқа жағы ебедейсіз толысып кеткендей. "Мен қазір айқайлап жіберем" — деп ойлады Магда. Бақытына орай, экран жыпылық ете түсті де дәмханадағы үстел жанында Дорианнаның темекісін тұтатып берген (интимдік) кейіпкер пайда болды. Дорианна басын шалқайтып, түтінін будақтатып, бір езуімен ғана күлімсірейді. Залдағы біреу қол соғып жіберіп еді, қалғандары қоштай жөнелді. Қалыңдық кірді. Қол шапалақтау кілт тоқтады. Қалыңдық аузын ашты. Магда аузын өйтіп ғұмыры ашқан емес. Дорианна, дәл алдында отырған Дорианнаның нағыз өзі оған бұрылып жылыұшырап қарағандай болды. "Жарайсың, қызым", — деді ол қырылдап, Магда оның бетін тырнап алғысы келді.

Енді ол өзінің экраннан әрбір пайда болуын қорқып күтетін болды да, Горнның ашқарақ қолын сілкіп, шымшып алуға құлқы болмай, сағы сынып қауқарсыз халде отырды. Ол оның құлағына деміге сыбырлады: "Өтінем, тоқташы, әйтпесе басқа жерге барып отырам". Ол оның тізесін қақты да, сонан кейін қолы тыным тапты.

Қалыңдық қайта—қайта пайда боп, оның әр қимыл—қарекеті Магданы азапқа салады, бейне бір оның жанын тозаққа тастап, жын—шайтандар оның тірліктегі күнәсін көрсетіп жатқандай. Қарабайырлық, доғалдық, қысылып—қымтырылған қозғалыс... Осы бір торсиып кеткен жүзімен ол өзінің шешесіне көбірек ұқсайтындай... "Өте сәтті сәт", — деп сыбырлады Кречмар Горн арқылы созылып. Қараңғы жерде отырып aп түкке арзымайтын фильмді қарап отыру Горнды әбден жалықтырып жіберіп еді. Ол көзін жұмып кинематогроф үшін Чипидің қимыл—қозғалысын салу қандай қиын, сонымен бірге қандай көңілді болғанын есіне алды, — мыңдаған қимыл — қозғалыс. "Жаңа бірдеңе ойлап табу керек, — қалайда ойлап табу керек".

Драма аяқталып келе жатты. Қансорғыш тастап кеткен кейіпкер шелектеп жауған жаңбыр астында келе жатып, у сатып алуға дәріханаға кіреді. Деревнядағы қалыңдық заңсыз туып алған сәбиімен ойнап отырады, — нәресте оған еркелеп қояды. Қалыңдық қолының сыртымен көйлегін сипайды. Бұл қимыл алғашқыда жоқ болатын, — бейне бір ол қолын сүртінгендей, ал сәби оған көзінің астымен қарап отыр. Залда күлкі естілді. Магда шыдай алмастан дыбысын шығармай жылап жіберді.

Шам жанған бойда ол шығар есікке тартты. "Оған не болды, оған не болды" — деп күбірлеген Кречмар оның соңына ілесті. Горн иығын қомдап, орнынан тұрды. Дорианна оның жеңінен тартты. Олардың қасында тұрған көзінің ағы бар мырза есінеп керілді.

"Құлады, — деді Дорианна, көзін қысып. — Байғұс қыз—ай".

"Ал, сіз өзіңізге ризасыз ба?" — деді Горн елең ете түсіп.

Дорианна мырс ете түсті: "Жоқ, нағыз актриса ешуақта да өзіне риза болмайды".

"Суретшілер де, — деді Горн. — Бірақ сіз айыпты емессіз. Рөл түкке алғысыз болды. Айтыңызшы, өзіңіздің лақап атыңызды қалай ойлап таптыңыз? Көптен сұрағым кеп жүр еді?"

"Ол өзі ұзақ тарих" — деді ол күлімсіреп.

"Жоқ, сіз мені түсінбей тұрсыз. Менің білгім келеді. Сіз Толстойды оқып па едіңіз?"

"Толстойды? — Дорианна қайталап сұрады. — Дорианна Каренина. — Жоқ, білмеймін. Сізді не қызықтырып тұр?"

23

Кречмардың үйінде дауыл соғып, еңіреп жылау, шаң—шұң айқай, өксу болып жатты. Кречмар оның соңынан әйтеуір еріп жүр: ол бірде кушеткаға, бірде төсекке, бірде еденге құлайды. Көзі ызадан жарқ—жұрқ етеді, бір шұлығы сыпырылып қалыпты. Көз жасы көл боп төгілді. Кречмар оны, баяғыда, қызы көзін көгертіп алған кезде, айтқан жылы, әдемі сөздермен жұбатпақ боп, айналып—толғанып жүр, — ол сөздер енді Ирма өлімінен кейін бостандыққа шығып еді.

Магда алдымен өзінің бүкіл ашуын Кречмарға төкті, сонан кейін Дорианнаны қарғап—сіледі, ақырында режиссердің жер—жебіріне жетті (ешқандай қатысы жоқ, көзінде ағы бар Гроссениннің де сыбағасы берілді). "Жақсы, — деді Кречмар. — Мен түбегейлі шешім табайын. Тек сен біліп ал, мұны құлау деп ойлама, — керісінше, сен кейбір тұстарда тәп—тәуір ойнадың, — мәселен, бірінші сценаны білесің бе..."

"Тоқтат!" — деп айқайлап жіберген Магда оған жастықты жіберіп кеп қалды. "Сабыр ет, Магда, тыңда. Бәрін де істейін, тек риза болсаң болды. Мені не істейді дейсің ғой? Мен сол бір түкке тұрмайтын фильм үшін төледім ғой. Мен оны еш жаққа шығармаймын, тек өзіме естелікке қалдырам: "Жоқ, жағып жібер", — деді Магда өкси түсіп — немесе, жағып жіберем".

Ол әлі өксіп отыр, бірақ бұрынғыдай емес, бәсең. "Мен саған бірдеңе айтайын. Ертең сен автомобиль таңдауға барасың, — қандай, тамаша! Сонан кейін сен оны маған көрсетесің, бәлкім, (ол күліп, "бәлкім" деген сөзді қуақылана созыңқырап айтты), сатып алармын. Біз сапарға шығамыз. Оңтүстіктің көктемін көресің... А, Магда?"

"Ең бастысы ол емес" — деді ол бүрісе түсіп.

"Ең бастысы сен бақытты боласың, менімен бірге бақытты боласың. Күзде қайтып оралғаннан кейін кинематогрофиялық курсқа барасың, немесе мен саған талантты режиссер, оқытушы тауып беремін... Мәселен Гроссман..."

"Жоқ, тек Гроссман емес", — деп айқайлап жіберді Магда қалшылдап.

"...Басқа біреуді. Табамыз, табамыз. Сен жасыңды сүрт — тамақтанып ал, биге барайық... Магда!"

"Мен сонда ғана бакытты болам, — деді Магда, ауыр күрсініп, — сен онымен ажырасқан кезде ғана. Бірақ сен өзің көрдің ғой, әлгі сұмпайы фильмде менің жолым болған жоқ қой, сондағыдай тастап кетесің. Жоқ, тоқта, сүюдің қажеті жоқ. Айтшы, әңгіме жүріп жатыр ма, жоқ әлде бәрі бітті ме?"

"Бұл жерде бір мәніс бар, — Кречмар сөзін бөліп—бөліп, — бір мәніс бар... Әй, Магда, қазір біз, яғни ол, бір сөзбен айтқанда қайғы үстінде, — маған дәл қазір ол туралы сөз қозғау өте ыңғайсыз..."

"Мұнымен сенің не айтқың келді? — деді Магда орнынан көтеріле беріп. — Сенің ажырасқың келетінін ол әлі күнге білмейді ме?"

"Әңгіме онда емес қой, — деп Кречмар жұтынып, тоқтап қалды. — Әрине, ол... ол мұны сезінеді, дәлірек айтсам, біледі".

Ол мүлде абдырап қалды.

Магда орауынан жазылып келе жатқан жылан сияқты көтеріліп бара жатты.

"Ол маған ажырасуға рұқсат бермей отыр", — деді ол, алғаш рет Аннелизаға жала жауып.

"Бермейді?" — деді Магда, ернін тістелеп, көзін сығырайтып, оған жақындай түсіп.

"Қазір енді төбелес шығады", — деп ойлады Кречмар шаршап.

"Жоқ, жоқ, әрине, береді, — деді ол, — сен тек ашуланбашы".

Магда оған тіпті жақын кеп, оның мойнынан құшақтай алды.

"Мен енді бұдан былай сенің нақсүйерің ғана болғым келмейді, — деді ол, оның галстугіне бетін төсеп. — Болғым келмейді. Бірдеңе жасашы. Ертең айтшы, мен үшін осыны жасаймын деп. Адвокаттар бар емес пе, құлық болса, бәрін жасауға болады".

"Мен саған уәде берем".

Магда жеңіл ғана күрсініп, айна алдына барды да, өзінің жүзіне үңіле бастады.

"Апыр—ау? — деп ойлады Кречмар. — Жоқ, жоқ, бұл ақылға сыймайды".

24

Магдамен кездесу үшін жалдап алған бөлмені Горн шеберханаға айналдырып алған еді де, Магда оны келген сайын жұмыс үстінде көретін. Ол сурет салып, құйқылжыта ысқырып отыратын. Магда оның бордай аппақ жүзіне, ысқырғанда оймақтай болып кететін дөңгеленген дүрдиген ерніне, құрғақ, жеп—жеңіл жұмсақ қара шашына қарап тұратын да, бұл адам ақыры менің түбіме жетеді деп ойлайтын. Ол үстіне жағасы айқара ашық жібек көйлек, әдемі белбеулі шалбар киіп отырушы еді. Ол қытай тушымен ғажайып суреттер салып жатады.

Олар күн сайын кездесетін; көктем басталып, автомобиль сатып алынып қойса да, Магда сапарды кейінге қалдыра берді. "Сізге кеңес беруге рұқсат етіңіз, — деді Горн Кречмарға бірде. — Сізге шофер жалдап не керек? Мен жиырма сағат бойы рөлде отыра алам, оның үстіне автомобиль деген мен айдағанда жылпып жүре береді". — "Сіздің тарапыңыздан бұл бір таптырмайтын ұсыныс, — деді Кречмар бірден шешімге келе алмай. — Бірақ біле алмай тұрмын... Сізді мен жұмысыңыздан қалдырғым келмейді, біз тым алыс жаққа кетіп қалғымыз келеді..." — "Әй, қайдағы жұмыс дейсіз. Мен өзім де оңтүстікке тартып кеткім келіп жүр еді". — "Олай болса, біз өте қуаныштымыз" — деді Кречмар, Магданың бұған қалай қарайтынын ойлап тұрып. Магда, шамалы бұлғақтады да, келісті. "Мейлі жүрсін, —деді ол. — Кейінгі кезде ол маған жүрек сырын айтып, сонымен мені жалықтыра бастады, —бір әйелге ғашық болып қалған ғой деймін, ол әңгімелерін күрсініп тұрып айтатын болды. Ал шынын айтсақ..."

Жүретін сапар да жақындаған. Дүкендерден келе жатып, ол жол— жөнекей Горнге соқты да оның мойнына асылып тұрған еді. Терезе алдындағы шағын мольберт пен бөлмеге түсіп тұрған тозаңды күн жарығы, сондай—ақ көйлегін асығыс—үсігіс шешіп жатып, оның есіне сонау бір кездерде, суық болса да перденің тасасынан тыржалаңаш қалпында суретшілердің алдына шыға келетіні түсті.

Сонан кейін ол, бір аяғымен секіре жүріп сондай шапшаң киіне бастайтын "Соншалықты неге асығасың? — деді Горн марғау ғана. — Бұның, әзірше, соңғы рет екенін ойла. Сапар кезінде қалай болатыны белгісіз". — "Біз екеуміз ақылдымыз ғой", — деді ол сықылықтап күліп.

Ол көшеге жылдам шығып, таксомотор қараймын деп жүрісін еріксіз баяулатты, бірақ күн шұғыласы молынан түсіп тұрған көше бос еді. Горннан қайтқан кездегі әдетімен алаңға дейін барды да, ойланып қалды, егер оңға, сонан кейін скверді кесіп өтіп, әрі қарай тағы да оңға бұрылса... Сол жерден оның балалық шағының көшесі басталады. (Бақытты кезі, айы оңынан туған, барлық жерде жолы болған... Неге ол жерді көріп кетпеске?)

Көше өзгермепті. Міне, бұрыштағы тоқаш сататын дүкен, міне ет сататын дүкеннің терезесіне алтын түстес бұқаның суреті салынған. Міне, ағасы шықпайтын қабақ. Міне, жамбастаңқырап қалған, ол туған үй. Оған жақындап баруға, неге екені белгісіз жүрексінді. Бұрылды да, кері қарай жүрді. Скверден өте бергенде оны таныс дауыс шақырды.

Саусақтарына татуировка салынған, ағасының досы Каспар екен. Ол рөлінің алдына кәрзіңке қондырылған көгілдір велосипедпен жүр екен. "Сәлем, Магда", — деді ол басын изеп, сонан кейін онымен қапталдаса жүрді.

Соңғы көрген кезінде ол өзін тым дөрекі ұстап еді: ол онда достарымен тізе қосып оған қарсы әрекет етті. Онда олар ұйымдасқан бұзақы топ еді, қазір енді ежелгі таныс.

"Хал қалай, Магда?"

Ол мырс ете түсті де: "тамаша, ал, сенің ше?" — деді.

"Жаман емес жүріп жатырмыз. Сендердің үйлерің көшіп кетті. Олар қазір тастанды кварталда. Оларға кіріп шығуың керек, Магда. Сый—сияпатпен. Сірә, әкең ұзаққа бармас..."

"Ал, Отто қайда?" — деді ол.

"Отто сыртта, Билефельдте жұмыс істейді ғой деймін".

"Сен өзің білесің ғой, — деді ол, — сен білесің ғой, мені үйде қалай жақсы көргенін. Шапалақтан жағым ісіп кететін еді. Сонан кейін де олар менің өлі—тірімді білгісі кеп, іздеген жоқ қой. Мені олар жұмысқа жегуге ғана қарсы емес".

Каспар жөткірініп: "Не болғанда да, ол сенің отбасың ғой. Сенің шешеңді бұл жерден шығарып жіберді, жаңа жерде оның ісі оңып тұрған жоқ".

"Бұл жерде мен туралы не айтады?" — деді ол білгісі кеп.

"Әй, түкке тұрмайтын сөздер... Өсектейді. Ол түсінікті ғой. Әйел өзінің өмірін қалай құрғысы келсе солай құру керек деп ойлаймын. Қалай, өзін серігіңмен тіл табысып жүрсің бе?"

"Әзірше жаман емес. Ол жақында маған үйленеді".

"Бұл жақсы, — деді Каспар. — Мен өте қуаныштымын. Әрине, сенің ханым болып, бұрынғыдай қыдырып тұра алмайтынымыз өкінішті. Өте өкінішті".

"Жүретін қызың бар ма? — деді ол күлімсіреп.

"Жоқ, қазір жоқ, біз Гретамен ұрсысып қалдық. Кейде өмір сүру қиын, Магда. Мен қазір кондитерде жұмыс істеймін. Жеке өзім кондитер дүкенін ашқым келеді, — оның қашан болатыны белгісіз..."

"Иә, өмір", — деді ойлана жауап берді Магда, сөйтті де таксомотор шақырды.

"Бәлкім, реті келген кезде бір кезде" — деп бастаған Каспар, ұялды да тоқтай қалды.

"Байғұс қыз түбі құриды ғой" — деді ол, автомобильге отырып жатқан оған қарап. — Сөзсіз құриды. Жай бір қарапайым адамға тұрмысқа шығу керек еді. Мен оған, үйленбес ем, —дамыл таппайтын құйын ғой..."

Ол велосипедке қарғып мінді де алдағы бұрышқа дейін автомобиль соңынан қалмастан қатты жүріп барды. Магда оған қолын бұлғады, ал ол құстай қалқып бұрылды да, қапталдағы көшеге түсті.

25

Қонақ үйде түнегеннен басқасының бәрі жақсы, бәрі көңілді болды. Кречмардың ындыны ашылып кеткендей. Магда шаршап отырмын деп сылтауратса да, ол оны күні бойы бір рет сүйген жоқпын деп жыларман болады да, ең болмаса сүйші деп жалбарынады — сонан кейін біртіндеп өз дегеніне жетеді. Қапталдас бөлмеде жатқан Горнның кейде жүріп—тұрғаны мен оның ысқырғаны естіледі, — ал Кречмарлар бақыттан ышқына өкіреді, — Горн ол өкіруді естуі әбден мүмкін. Дыбысын шығармайтын автомобильмен одан әрі кетеді, —жолдың екі қапталы алма ағаштары, жарқыраған ауа райы, кешке қарай радиатордың болат торы өлі ара мен шегірткелерге толып қалады. Горн шынында да автомобильді жақсы жүргізеді екен: арқалығы жұп—жұмсақ пәкене орынға шалқайыңқырап отырып aп, оп—оңай, жеп—жеңіл айдап бара жатады. Арттағы терезеге ілінген Чипи сырғып қалып бара жатқан теріскейге үн—түнсіз қарап тұрады.

Францияда жолдың екі қапталы теректер болып келеді екен, қонақ үйлерде Магданы қызметші әйелдер түсінбейді, ал бұл оның жынына тиеді. Олар көктемді Ривьерада, сонан кейін Швейцария немее Италия көлдерінде өткізгісі келді. Гиерга кіретін соңғы аялдаманың алдында олар Ружинар қаласынан келіп шықты. Бұл жерге олар күн бата жеткен еді, оның іргесіндегі жолға шыққалы бері Магда түнге қарай шаршап, қабағы бір ашылмай қойды, яғни екі апта бойы, (олар асықпай, әдемі қалаларда аялдап жүріп келеді), ол бірде бір рет Горнмен бетпе—бет жеке қалған жоқ — бұл азаптың азабы еді. Горнның оның көзіне көзі түскенде, ет дүкеннің алдына байлап қойған ит сияқты тілімен ернін жалайтын. Сондықтан олар Ружинарға кірген кезде Кречмар таулардың өркеш—өркеш шыңдарына, шынарлар арасынан көрінген оттарға, астанаға қызыға қарады да, ал Магда оған ызалана көз салды. "Қызыға түс, қызыға түс", — ол тістене, жанары жасқа толып кетті. Олар үлкен қонақ үйге жақындады. Кречмар бөлмені білуге кетті. "Егер осылай жалғаса берсе, жынданып кететін шығармын", — деді Магда, холда тұрып Горнға көз салмастан. "Ұйықтататын дәрі бер" — деп ұсыныс жасады Горн. — "Мен дәріханадан алып келейін". —"Оны жасап көргем, — деді Магда ызалы қалыпта. — Әсер етпейді".

Кречмар оларға абыржыған қалыпта қайтып оралды. "Бос орын жоқ — деді ол қолын жайып. Өкінішті—ақ. Шаршадың ғой, жаным". Магда, сол тістенген қалпында шығар есікке беттеді. Ол үш қонақ үйге барды, бірақ еш жерде бос орын болмай шықты. Магданың түрінің бұзылып кеткені сонша, Кречмар оған қараудан қорықты. Ақырында, бесінші қонақ үйде лифтімен көтеріліп, қарауларын өтінді. "Қараңызшы, қандай сұлулық, қандай кірпіктер", — деді Горн, Кречмарды иығымен қағып. "Қылымсуды қойыңыздар", —деді Магда ызалана.

Екі адамдық нөмір тіпті де жаман емес екен, бірақ Магда өкшесімен еденді тық—тық қаққылап: "Мен мұнда қалмаймын, мен мұнда қалмаймын" — дей берді. — "Тамаша бөлме", — деді Кречмар нығарлап. Нөмір көрсеткен бала кенет ішкі есікті ашты, — ванна бөлмесі екен, оған кіріп тағы бір есікті ашып еді, — оның арғы жағы тағы бір жатын бөлме болып шықты.

Горн мен Магда кенет бір—біріне қарады.

"Сізге қолайсыз болмас па екен, ортақ ванна — деді Кречмар. — Магда суға үйрек сияқты түседі".

"Ештеңе етпейді, ештеңе етпейді, — деп күлді Горн. — Мен өйтіп — бүйтіп қалтарыста күн көремін".

"Бәлкім, сізде басқа бірдеңе табылар"— деді Кречмар балаға. Бірақ Магда асыға—үсіге қосыла кетті.

"Бос әурешілік, — деді ол, — бос әурешілік. Қашанғы сандаламыз".

Шабадандарды кіргізгенше, ол терезе алдына барып тұрды. Көк аспан, оттар, шоқ—шоқ ағаштар, шегірткелер шырылы... Бірақ ол ештеңе көрген де жоқ, естіген де жоқ, — тұла бойын құштарлық жайлап алып еді. Ақырында Кречмар екеуі—ақ қалды, Кречмар жуынуға керекті заттарды шығарып жатты. "Ваннаға мен бірінші барам", — деді Магда асыға шешініп жатып. "Жарайды, — деп тіл қатты ол жайдары қалыппен. — Мен мұнда қырынып алайын. Тезірек жуынып шық, тамақтануға бару керек". Ол айнадан жемпірдің, юбканың тағы бір нәрсенің, тағы бір нәрсенің, шұлықтың, тағы бір шұлықтың лақтырылып жатқанын көріп тұр...

"Неткен салақтық" — деді ол, жұтқыншағын сабындап жатып.

Ол есіктің қалай жабылғанын, ілмектің қалай ілінгенін, судың қалай сарқырап аққанын естіп тұр.

"Есікті бекер жауып жатырсың, мен бәрібір сені суға түсірмес едім", — деп айқайлады ол, саусағымен жағын кере түсіп.

Есіктің арғы жағында су құйылып жатыр. Ол сарқырап, үздіксіз құйылуда. Кречмар ұстараны жағына мұқият жүргізе бастады. Су бұрынғыдан да қатты сарқырап кетті. Кенет Кречмар айнадан есіктің астынан су жылжып ағып келе жатқанын көрді, бұл кезде судың сарқырағаны әбден шырқау шегіне жетіп еді.

"Мынау не боп кетті... су асып кетті ғой... — деп ол есікке жетіп барды да, қатты қаға бастады. — Магда, сен суға кетіп қалған жоқсың ба, Жынданған шығарсың!"

Ешқандай жауап жоқ. "Магда! Магда!" — деп айқайлайды, бетіндегі кебе бастаған сабын көпіршіктері қырау сияқты жапырақ жапырақ боп ұшады.

Магда ындын құштарлығынан құтылды, Горнның құлағынан сүйіп ваннаға дыбыс білдірмей кіріп кетті. Ол бумен суға толып кетіпті, бірден кранды жауып тастады.

"Мен ваннада ұйықтап кетіппін, — деді есіктің арғы жағынан жалбарынған үнмен.

Едендегі судың аққаны тоқтады. Кречмар айнаға қайта оралып, бетін тағы да сабындауға кірісті.

Магда ваннадан сергек шықты. Кречмар өз кезегінде суға түсуге кетті, — барлық жер ылжыраған су. Ол Горнның есігін қақты. "Мен сізді көп күттірмеймін, — деді ол есіктің бергі жағынан. — Көп ұзамай босатам". — "Жарайды, жарайды", — деді Горн айрықша көңілді үнмен.

Тамақ үстінде Магда ерекше қунақ отырды, олар террасқа жайғасып еді, шам айналасында түнгі көбелектер үйіріледі, күйіп қалғандары дастарқан үстіне құлап түседі.

"Біз бұл жерде ұзақ уақытқа қаламыз, — деді Магда. — Маған бұл жер өте ұнап тұр". Шындығын айтқанда оған бөлмелердің орналасуы қатты ұнап еді.

Екі апта өтті. Бұлтсыз ашық күндер — аптап, гүлдер, шетелдіктер, қайталанбас қыдырыстар. Магда бақытты еді, Горн да іштей мәз. Ол таңертең, кешке ванна қабылдайды, енді тек судың асып кетуін қадағалайды. Көрші үстелге келіп отыратын қарт француз полковнигі, Магданы көрсе—ақ алабұртып қызарып кетеді де, одан көзін алмай қарайды — қолы күнге күйген, атжақты атақты американдық теннисші, оған басқа алаңда сабақ берейін деп ұсыныс жасады. Бірақ оған кім қараса да, кім билесе де Кречмар ешқандай қызғаныш сезінген жоқ, кейде Сольфиді есіне алса өзіне—өзі таң қалатын: неге ол сол оқиға оның жанын қоярға жер тапқызбай жіберді де, енді оған сенімділік, сабырлылық пайда бола қалды? Ал Магданың басқалардың көзіне түсіп, оларға ұнау үшін жан салып жүрмегенін, ол үшін тек Горн ғана керектігін, Кречмар байқай алмады.

Мамыр күндерінің бірінде, олар үшеуі курорттан бірнеше шақырым жердегі тауға жаяу тартты. Кешке қарай Магда шаршап қалды да, Ружинарға пойызбен қайтпақ болды. Ол үшін бұралаң, тастақ соқпақпен түсу керек болды, Магданың аяғы қажалып қалды. Кречмар мен Горн екеуі оны кезектесіп көтерді. Станцияға келді. Кешке қарай платформада туристер тіпті көп екен. Пойыз шағын вагонды, дәлізсіз жұпыны екен. Отырды. Сонан кейін Кречмар тағы да платформаға шығып сыра ішкісі келді. Буфетте ол есептесіп бұрыла берген бір мырзамен бетпе—бет кездесіп қалды. Олар бір—біріне қарады. "Құдайым—ау, Дитрихпісің! — деп дауыстап жіберді Кречмар. — Күткем жоқ!" Ол Дитрих Зегелькранц еді. Беллетрист. "Сен жалғызсың ба? — деді Зегелькранц. — Қасыңда әйелің жоқ па?" — "Иә, әйелім жоқ", — деді Кречмар сәл қысылып. "Пойыз жүріп барады", — деді ол. "Мен қазір, — деді Кречмар стаканды ұстай беріп. — Сен барып отыр. Анау екінші вагон, бірінші бөлім, мен қазір. Мен қазір, мына тиындар..."

Зегелькранц пойызға есіктер жабылып жатқанда жетіп үлгерді. Вагон іші ыстық, күңгірт, оның үстіне лық толы екен. Пойыз қозғалып кетті. "Қалып қойды", — деп ойлады Зегелькранц іштей қуанып. Ол Кречмарды сегіз жылдан бері көрмеп еді, содан да онымен кездескенде айтылар сөз де жоқ болатын. Зегелькранц кісікиік еді, өзінің сол жалғыздығын жақсы көретін, оның үстіне дәл қазір жазу үстінде еді, — бұрынғы бір танысының кездесе қалуы оған онша ұнай қойған жоқ.

Терезеден бастарын шығарып тұрған Горн мен Магда Кречмардың соңғы вагонға қарай жанталаса жүгіріп, әйтеуір ілінгенін көрді.

Горн Магданың белінен құшақтап алған. "Жас жұбайлар, — деп жылады Зегелькранц. — Қыз шарап жасаушының қызы, ал жігіт — Пиццадағы көйлек сататын дүкеннің қожасы..."

Жас жұбайлар бір—біріне қарап масаттана күлімсіреді.

Зегелькранц қалтасынан қара жазу кітапшасын шығарды.

"Аяғың ауырмай ма", — деп сұрады Горн.

"Сен қасымда болсаң, менің еш жерім де ауырмайды, — деді Магда жұмбақтап. — Бүгін кешке не болатынын ойласам..."

Горн оның қолын қысты. Ол уһілеп отыр, іштегі ыстық оны әбден пысынатып жіберіп еді. Сонан кейін Магда басын оның иығына қойып әңгімесін жалғастыра берді, — купедегі француздар бұларды бәрібір түсінбейді. Терезе алдында қара киінген мұртты әйел отыр, оның қасындағы бала қайта—қайта қыңқылдайды: "апельсин берші, апельсин берші!" —"Қане, қой енді", — дейді шешесі. Ол шамалы үндемей отырады да, қайтадан қыңқылдайды. Екі жас француз автомобиль ісінің тиімділігін талқылауда: біреуінің тісі қатты ауырып отырған болу керек ыс—пыс етеді, қисайып кеткен аузын таңып алыпты. Магданың тап қарсы алдында көзілдірікті кішкентай жалтырбас мырза отыр, қолында қара жазу кітапшасы — провинцальдағы нотариус болса керек.

Соңғы вагонда келе жатқан Кречмар Зегелькранцты ойлап отыр. Бұлар университетте бірге оқыған, сонан кейін сирек кездесіп жүрді, Дитрих оны мен Аннелиза туралы түптің түбінде "жас ерлі— зайыптылардың музыкалық тыныштығы" туралы жазам деп жүретін. Сегіз жыл бұрын Дитрих өте әдемі жігіт болатын, — сырықтай , иісі бұрқыраған қалың шашты, түбіт мұртты. Солай бола тұра сондай әлжуаз, ашушаң, кіді дімкәс жан еді. Соңғы жылдары ол Францияның оңтүстігінде өмір сүрді. Оның есімі әдеби ортада кеңінен таныс еді, бірақ кітабы оңай өте қоймайтын. Ол марқұм боп кеткен Марсель Прустпен жақсы таныс болатын. Ол оған және Гшека да жаңашылдарға еліктеп жазатын да, сондықтан оның шығармалары оқуға ауыр, күрделі, бір түрлі болып келетін. Ол көп байқағыш, бірақ ерсілеу қылықты, бақытсыздау жан еді.

Жиырма минөттен кейін Ружинардың оттары көріне бастады. Пойыз тоқтады. Кречмар вагоннан асығыс шықты. Ол күтпеген жайдан абыржыңқырап қалған еді, енді Дитрихтың алдында ақталуға тура келеді. Платформада адам көп болатын, ол тек шығар есік алдында ғана Магда мен Горнды кездестірді.

"Сіздер Зегелькранцпен таныстыңыздар ма?" — деп сұрады күлімсіреп.

Екі апта өтті. Бұлтсыз ашық күндер — аптап, гүлдер, шетелдіктер, қайталанбас қыдырыстар. Магда бақытты еді, Горн да іштей мәз. Ол таңертең, кешке ванна қабылдайды, енді тек судың асып кетуін қадағалайды. Көрші үстелге келіп отыратын қарт француз полковнигі, Магданы көрсе—ақ алабұртып қызарып кетеді де, одан көзін алмай қарайды — қолы күнге күйген, атжақты атақты американдық теннисші, оған басқа алаңда сабақ берейін деп ұсыныс жасады. Бірақ оған кім қараса да, кім билесе де Кречмар ешқандай қызғаныш сезінген жоқ, кейде Сольфиді есіне алса өзіне—өзі таң қалатын: неге ол сол оқиға оның жанын қоярға жер тапқызбай жіберді де, енді оған сенімділік, сабырлылық пайда бола қалды? Ал Магданың басқалардың көзіне түсіп, оларға ұнау үшін жан салып жүрмегенін, ол үшін тек Горн ғана керектігін, Кречмар байқай алмады.

Мамыр күндерінің бірінде, олар үшеуі курорттан бірнеше шақырым жердегі тауға жаяу тартты. Кешке қарай Магда шаршап қалды да, Ружинарға пойызбен қайтпақ болды. Ол үшін бұралаң, тастақ соқпақпен түсу керек болды, Магданың аяғы қажалып қалды. Кречмар мен Горн екеуі оны кезектесіп көтерді. Станцияға келді. Кешке қарай платформада туристер тіпті көп екен. Пойыз шағын вагонды, дәлізсіз жұпыны екен. Отырды. Сонан кейін Кречмар тағы да платформаға шығып сыра ішкісі келді. Буфетте ол есептесіп бұрыла берген бір мырзамен бетпе—бет кездесіп қалды. Олар бір—біріне қарады. "Құдайым—ау, Дитрихпісің! — деп дауыстап жіберді Кречмар. — Күткем жоқ!" Ол Дитрих Зегелькранц еді. Беллетрист. "Сен жалғызсың ба? — деді Зегелькранц. — Қасыңда әйелің жоқ па?" — "Иә, әйелім жоқ", — деді Кречмар сәл қысылып. "Пойыз жүріп барады", — деді ол. "Мен қазір, — деді Кречмар стаканды ұстай беріп. — Сен барып отыр. Анау екінші вагон, бірінші бөлім, мен қазір. Мен қазір, мына тиындар..."

27

Таңертең ол неміс пансионына барып іздеу салды, бірақ ондағылар Зегелькранцты білмейтін болып шықты. "Өкінішті, — деп ойлады Кречмар. — Бәлкім, кездеспегеніміз дұрыс та шығар, бір—бірімізді көрмегенімізге көп болды ғой. Бірнеше күн өткеннен кейін ол әдеттегідей ерте оянды да, терезеден күн нұрын молынан төгіп жатқан, көгілдір аспанды күн райын, алыстағы жұмсақ—жасыл жоталарды көрді де, оның далаға шығып ұзақ қыдырғысы, тасты соқпақтармен жүріп, шөп иісін жұтқысы келді" Магда оянды. "Әлі ерте емес пе?" — деді ол ұйқысын аша алмаған қалпы. Ол оған тезірек киінуін, сөйтіп күні бойы екеуі, тек екеуі ғана қыдыратынын айтты... "Жалғыз өзің бара бер", — деді ол былдырлап, бір бүйірінен екінші бүйіріне аунап түсіп. "Ұйқысоғарым—ай", — деді Кречмар мұңайып.

Ол сыртқа шыққанда таңғы жеті еді, қала енді ғана ұйқыдан оянып жатқан. Шие бақтары мен көгілдір саяжайлардың қасынан тауға көтерілетін соқпаққа түсті де, бір үйдің шатыры астындағы құмға суғарғышпен су сеуіп тұрған адамға талдар арасынан көзі түсті. "Дитрих, сен осында екенсің ғой!" — деп айқайлап жіберді Кречмар. Зегелькранц жалаңбас еді. Кенет абдырап қалды — жалтырбас, күн қоңырайтқан жалтырбас, қызарып кеткен, жыпылықтаған көз.

"Біз бір бірімізді жоқ жерден жоғалтып алдық қой", — деді Кречмар күліп.

"Бірақ тағы да кездестік", — деді Зегелькранц, құмға су себуін тоқтатпай.

"Сен... сен кілең осылай ерте тұрасың ба, Дитрих?"

"Ұйқысыздық. Мен шектен тыс көп жазам. Ал сен қайда барасың? Тауға ма?"

"Менімен бірге жүр, — деді Кречмар. — Оқитын бірдеңе ала шық. Маған өте қызық. Сенің соңғы кітабың қатты ұнады".

"Қажеті не, — деді Зегелькранц, көз алдына қолжазбасын, моншақтай тізілген әріптерді, көңілді беттерді келтіріп, — мен кейінгі кезде көп жазып тастадым. Егер тыңдаймын десең..."

Ол бөлмесіне бірден бақ арқылы кіріп кетті де, дәптермен қайта оралды.

"Мен сені жап—жасыл әдемі жерге апарайын, — деді ол. — Сылдырап аққан су жанында отырып оқиық. Әйелің қалай, неге сен жалғыз жүрсің?"

Кречмар көзін сығырайтып:

"Менің басымнан көп жайсыз нәрселер өтті, Дитрих. Әйеліммен ажырастым, ал қызым қайтыс болды".

Зегелькранц ойланып қалды: байғұс—ай, оған оқудың керегі бар ма, ол бәрібір жөнді тыңдамайды ғой.

Олар иістері бұрқырап тұрған бұталардың арасымен жоғары өрледі. Сонан кейін оларды жас қарағайлар қоршап, олардың бұтақтарына қонған әлдеқандай бір жәндіктер, бір ол жақтан, бір бұл жақтан шырылдап жатты.

"Осы бір жерді жақсы көрем, — деп күрсінді Зегелькранц, — бұл жер сондай тымық, сондай таза. Мен де бақытсыз жағдайға душар болдым. Бірақ ол алыста қалды. Менің кітаптарым, менің күнім — маған басқа не керек?"

"Мен қазір өмірдің нағыз иіріміндемін, — деді Кречмар, — бәлкім сен білетін шығарсың, әйеліммен жақсы өмір сүрдім ғой. Сен бірде айтқансың... Бірақ оны несіне еске алайын! Қазір сүйген адамым, бәрін ұмыттырып бара жатқандай. Әлі аптабы жоқ осындай ертеңгілікте басым ап—ашық боп тұрады да, өзімді адам сияқты сезінем!"

"Бекер мазасызданған екем, — деп түйді Зегелькранц. Ол жөндеп тыңдайтын болды".

Олар жота үстіндегі тоғайдың ішіне ендеп кірді. Ондағы темір тұрбадан құйылып жатқан мұп—мұздай су науа бойымен ағып, оған сары, көгілдір гүлдер иіліп тұр. Кречмар шалқасынан жатып ап жаймен ғана теңселіп тұрған қайың жапырақтарының арасынан көгілдір аспанға қарап жатыр.

"Ғажап емес пе? — деді Дитрих, көзіне көзілдірігін қондырып жатып. — Қазір оқиық та, сонан кейін жазыққа түсіп, одан еңіске құлап, сол жерде аялдап, тағы оқиық. Мен жақсы бір ферманы білем, сол жерде тамақтанармыз. Ол жерден әрі қарай кетеміз де, сонан кейін тағы да демалыс пен оқу".

"Жарайды, мен тыңдап отырмын", — деді Кречмар, аспанға қарап, сонан кейін басынан оқиға ойлап табатын жазушыдан көрі, өзі әлдеқайда көп нәрсені білетінін Дитрихқа айтар ма еді деп ойлады.

Зегелькранц мырс—мырс күліп алды. "Бұл роман да емес, хикаят та емес, — деді ол. —Жанрын айтып бере алмаймын... Тақырыбы мынандай: өте бір әсершіл адам тіс дәрігеріне барады. Шынын айтқанда, бары осы".

"Ұзаққа созыла ма?"

"Үш жүз беттей — әлі аяқталған жоқ".

"Оһо", — деді Кречмар.

Зегелькранц дәптердің керекті жерін ашты да, тамағын кенеп алды. "Бас жағын көп жөндеу керек болғандықтан ортасынан бастайын. Оны мен кеше ғана жазғам, оның әлі сиясы кеппегендіктен жақсы боп көрінеді, — әрине, күні ертең—ақ оны саған оқып бергенім үшін өкінем, — көп—көп осал тұстарын, иі қанбаған ойларды көрем..."

Ол тағы да жөткерініп алып, оқуға кірісті:

"Герман не туралы ойласа да, бір нәрсені байқады, өз ісін меңгермеген доғал дәрігер тек тозып—шіріген тістер ғана көретін жерден, ол баратын тіс дәрігерінің асқан шебер екенін есіне алып, яғни ол дәрігер аспан әлемінің күмбезді жарығы түсіп тұрған қирап—бүлінген тіс қорғандарынан Эректон мен Парфенон қорғандарын көре білетін суреткер деп қабылдайтынын ойласа да; немесе есік орнына моншақты перде ілінген бұрыштағы аспаздық дүкеніндегі оған кеше күлімсіреп қараған, ашыған қамырдай топ—толық сатушыны, (қара шыбын қырылып жатқан аппақ тозақ, ішінде өмір сүріп жатқан) егер оны қатты құшақтаса жаншылған өріктей болар еді деп ойласа да; немесе, ең ақырында, жарнамаңды оқып "Mac Кеменің" бір жолы есіне түсті — екі пальманың бұйра—бұйра дөңгелектері арасындағы "левиафон" сөзі париждік сөйлеу мәнеріндей естіледі, — солай бола тұра, барлық ойлардың қабығы секілді тіс ауруы қатысады да тұрады, өйткені қандай бір ой да аурудың бесігінде жатады, сол аурумен жылжиды, сол аурумен өмір сүреді, ақырында қабыршақсыз өмір сүре алмайтын ұлу сияқты, аурусыз өмір сүре алмайтын халге жететінін ойлады. Ол ақыл—ойының ультракөгілдір сәулесімен нервті өлтіргісі кеп өзінің бүкіл сана — сезімін сол ауруға бағыттаған кезде ол бірнеше секунд бойы, шамалы болса да, жеңілдеп қалды да, бірақ сәулені басқарудан айырылып, оның әсерін ғана ойлап кетіп, өз ойынан алыстап қалған кезде, сыздаған ауруы қайтадан өршіп шыға келді, өйткені ол ауруға уақыт болмысының өзінен шығып ұзара түсетін, дәлірек айтқанда, Генриетта тас қараңғы студент бөлмесінде өшіре алмай әбден әлекке түсетін қоңыраулы сағаттың шырылы немесе күзгі шыбынның ызыңы сияқты уақыттың өзімен байланысты еді. Сондықтан Герман кейбір сәттерде заттар туралы ойға қалып..."

"Алайда", — деп ойлаған Кречмардың көңілі басқа жаққа ауып кетіп еді. Зегелькранцтың даусы біркелкі шығады екен. Ұзақ сөйлемдер таусылмастай көрінді. Кречмардың ұққаны —Герман бульвармен тіс дәрігеріне бара жатыр. Бульвар таусылып бітпейтіндей. Оқиға Ниццеде болған. Ақырында Герман барар жеріне жетті де әңгіме шамалы жанданды, егер дәрігер Германның жанына бататындай етіп жұмыс істесе, онда дәрігердің онысын ақтауға болады деп ойлады Кречмар.

"Герман қабылдау бөлмесіне кіріп, үстінде қарындары аппақ боп жарқыраған өлі журналдардың салқын желбезектері салбырап жатқан үстел жанына отырды, бөлмедегі камин төбесінде, тік бұрышты, терезе бейнесі майысып түсіп тұрған шыны қалпақ астында алтын сағат тұр, ал терезе сыртында қапырықты күн, Жерорта теңізінің жалт—жұлт еткен сәулесі, ұсақ тастарды шықыр—шықыр басқан адамдар аяғының дыбысы естіледі, — кезекте алты адам тұр. Терезе алдындағы пүлішпен қапталған орындықта, әлдеқашан тісі шығып кеткен, қазір, бәлкім, Герман секілді азапқа түсіп отырған балпанақтай—балпанақтай алып балаларды тамақтандыратын шығар деп еріксіз ойға қалдыратын аса зор үлкен әйел отыр. Ол әйелдің қасында салбыраған аяғын әрі—бері қозғап отырған сарғыш өңді ап—арық бала: "Маған апельсин бер, бір тілім апельсин бер", —деп қыңқылдап отыр, — өзі қып—қышқыл, өзі сұп—суық апельсиннің ауру тіске тиіп кеткенін көзге елестетудің өзі сұмдық емес не?! Сондай жерде қоңыр өңді, алабажақ шұлық киген екі жас жігіт өздерінің істері жөнінде әңгімелесіп тұр, біреуі қара шүберекпен жағын таңып алыпты. Бәрінен де Германның назары, өзінен кейін іле—шала, бейне бір, оның тісінің үстімен келгендей боп кіріп, тұрқы қысқа жасыл диванға жайғасқан еркек пен қызға ауа берді. Еркек әдемі шұбарала костюм киген, мұқият қырынған, түрі маймылға көбірек келетін, ұшы бұрыштанып біткен ұзын құлақты, езуіне улы мысқыл жымқырған, сырықтай ұзын, бірақ иықты екен. Оның қасындағы жап—жас қыз қысқа жең ақ жемпір киіпті, ашық білегі күнге тотыққан, ал күн тимеген аппақ тәнінің әр жер—әр жерінен көгілдір тамыр көрінеді, аяғын бауырына тартып отырған ол қыздың жүзінен балғын балалықтың нышанын байқауға болады, оның тізесіне жетпейтін қысқа ақ юбкасы, нәзік томпайған бөксесі, талдырмаш денесі еріксіз көз тартады. Міне, енді ол бір қырындап отырды — жүзінің шұңқыры бар екен, самайына желімдеп қойғандай орақтай иілген қоңыр шашы ұзынша көзін орып жіберердей жанап өтіпті. Оның жүзінің сұлулығымен қоса, ол қозғалған сайын ауаны әдемі бір жұпар иісі аралап кетеді, Герман оны сыған қызы деп шешті де сол сәтте оның жұп—жұмсақ, қып—қызыл аузы айқара ашылып тіс дәрігерінің буланған айнасы оған еніп бара жатқанын әрі қобалжи, әрі шошына ойлады. Ол қыз кенет немісше сөйлей жөнелгенде, ол бір тосын оқиғадай көрінді де, Герман бірден Берлиннің теріскей жағында дүниеге келген, он жыл бұрын азын — аулақ байланыста болған, сұлу, бірақ жеңіл жүрісті бишіні есіне алды. Бұл екеуі түр—түстеріне қарағанда, қадірлі бюргер отбасынан шыққан болулары керек деп ойлай тұра, Герман, неге екені белгісіз, олардың бойынан күмәнді ертеңгілік пен табысты түндерден тұратын барлар мен мюзик—холдарға тән нышан байқағандай болды. Бірақ, ең бастысы, олардан үш адым жерде ескі "LLL ustzation" журналын аударыстырып отырған Герман, адам жанына беріле, толассыз сүңгуші құсап, олардың әр сөзін қалт жібермей қағып отырғанын, әрине, ол екеуі аңғара қойған жоқ, ал ол сөздерде өліп—өшкен махаббаттың үні, мода тігіншісімен телефонмен сөйлескенін тыңдап отырып—ақ аса қымбат, бұлыңғыр ноталары сес беріп жататын, бүкіл әлемге белгілі контральто әншісі сияқты даусын ұстап қалу да, жасырып қалу да мүмкін емес тынымсыз алапат сарын еді, — Герман құлақ қойып отырып, олардың кім екенін ұққысы келді, — үйленген жастар ма, жоқ әлде жасырынып қашып жүрген нақсүйерлер ме, — бір тоқтамға келе алмады. Қыз қасындағы еркекке, жаңа ғана оны қолына көтеріп ап бұралаң соқпақпен жүрген кезде қандай бір рақат сезімге батқаны туралы, оның нөміріне өтіп кететін кешті зарыға күтетіні жайында айтты — бұл жерде Германның дәл аңғара алмай қалған бір нәрсесі, қайдағы бір ванна, ағып кеткен су туралы, бірақ арты қайырлы болған әңгімелер еді. Герман ол ғашықтық әңгімелерді қан қақсатып сырқыраған аурудың орган музыкасы арасынан естіп отырды да, журнал аударыстырып отырған мұны оларды тыңдап отыр деп мәңгі ойламайтынын білді. Кенет есік ашылды да, одан тозақтан шыққан пациент шықты, ал табалдырықта тұрған ұзын бойлы, көзінің айналасы көлкілдеп қарайып кеткен терісі сүйегіне жабысып қалғандай арық дәрігер жиналғандарды көзімен бір шолып өтіп, шақырған ишара жасады — азаптау сәті. Кезегінің әлі келмегенін біле тұра, әлдекімдердің айқай—ұйқайына қарамай, Герман оған қарай асыға ұмтылды да кабинеттен бір—ақ шықты, онда шам жарығымен шағылысып жарқ—жұрқ еткен аспаптар жатыр еді..."

Ол әлі де ұзақ оқыды, бірақ босқа оқып отыр еді — әлдеқандай шу бір алыстап, бір жақындап тұрды да, үнсіздік, үнсіздік басты — ол оқуын аяқтап еді.

"Қалай, саған ұнай ма, Бруно?" — деді ол көзілдірігін алып жатып.

Кречмар көзін жұмып шалқасынан жатыр. Зегелькранцтің басында бір ой жылт ете түсті: "Мен оны ұйықтатып тастаған жоқпын ба?" — бірақ дәл сол кезде Кречмар орнынан көтерілді.

"Бруно, саған не болды? Ауырып тұрсың ба?"

"Жоқ, — деп жауап берді Кречмар. — Қазір жақсы болады".

"Су ішіп жібер, — деді Зегелькранц. — Ол өте дәмді".

"Сен көргеніңді сол қалпында жаздың ба? — деп сұрады Кречмар түсініксіздеу.

"Сен нені айтып тұрсың?"

"Сен көргеніңді сол қалпында жаздың ба?"

"Ой, ол өзі күрделі. Мәселен, баяғыдағы бір тіс дәрігерін алдым. Ол, бірақ тіс дәрігері емес, сүйек операторы болатын. Ал қабылдау бөлмесіне пойызда көрген адамдардың бәрін отырғыздым. Мен олармен бірге бір купеде отырдым, оларды асықпай әңгімеге кіргіздім де — сол қалпында дәлме—дәл көшірдім, ең бастысы дәлдікте".

"Купедегі бұл оқиға қашан болып еді?"

"Сен не айтып тұрсың?"

"Сен қашан жүріп едің?"

"Онша ойымда жоқ, дегенмен, сенімен кездескен күні ғой деймін, мен ол жолмен жиі жүрем. Әне бір екеудің бірін—бірі жалап— жұқтағаны енді керемет..."

Ол кенет сөзін үзіп мүдіріп қалды, өйткені түсініксіз бір халдің пайда болғанын тұла бойымен сезінген еді де, көзінің алды тұманданып, өз—өзінен қып—қызыл боп кеткен—ді.

"Сен оларды білесің бе? — деп күбірледі ол. — Бруно, тоқта, қайда кеттің..."

Ол Кречмардың соңынан жүгіріп, оның бетіне қарағысы келді. "Жолама, жолама", — деп Кречмар сыбырлай береді. Зегелькранц қалып қойды. Кречмар соқпаққа түсіп бұрылды да, бұталардың тасасына түсіп көрінбей кетті.

28

Ол жүрісін баяулатпастан қалаға түсті, шынарлы аллеяны кесіп өтті де, хол арқылы қонақ үйге кірді. Басқыштан көтеріліп бара жатқанда таныс ағылшын әйелін кездестірді, әйел оған күлімсіреп қарады. "Сәлеметсіз бе?" — деп сыбырлай сәлемдескен Кречмар әрі өтіп кетті. Ол ұзын дәлізбен жүріп отырып, нөмірге келді. Бөлмеде ешкім жоқ екен. Төсек жанындағы кілемге кофе төгіліпті де, оның қасында түсіп қалған қасық жылтырайды. Ол қабағының астымен ваннаның есігіне қарап тұрды. Осы кезде бақтан Магданың сыңғырлаған күлкісі естілді. Кречмар терезеден басын шығарып қарады. Ол күн нұрына шағылысқан ракеткасын бұлғап американдық тенисшімен қатар келеді екен. Американдық үшінші қабаттағы Кречмарды көрді. Магда бұрылып, жоғары қарады. Кречмар даусын шығармай ернін жыбырлатып, бауырына әлдене жинап жатқандай қолын өзіне тартты. Магда басын изеп, үйге қарай жүгірді. Кречмар бірден терезе алдынан кетіп, тізерлеп отыра қап шабаданды ашып, қақпағын көтерді де, бірақ іздеп жатқаны онда емес екені есіне түсіп, шкапқа барды, автомобиль пальтосының қалтасына қолын салды. Обойманың салынған—салынбағанын тексерді. Сонан кейін шкапты жауып, есік жанына барды. Ол есікті ашқан бойда... (Ешқандай жылтыраған сәулесіз қалған мезетте де қолынан кеп тартатын үміттің әлсіз періштесі кірпігін зорға қимылдатып жатыр еді, — енді неменеге үміттенуге болады? Бірден бітіру керек, сонан кейін ойлана жатармыз). Ол ойлап тұр: міне, ол бақ жақтан қонақ үйге кірді, енді лифтімен көтеріліп келеді, он бес секундтан өтер өтпесте, егер ол басқышпен көтерілген болса, оның дәлізден жүрген аяғының дыбысы шығу керек. Бірақ оның ойын қиялы басып озып тұр еді де, енді ол бәрін қайтадан бастауға кірісті. Ол қолына браунинг ұстап, қолын көтерді, оның дәл қазір сана—сезімі де, ақыл—ойы да қару—жараққа айналып кеткен еді, тек шүріппені басып қалса болғаны.

Оның дәлізден жеңіл жүрісі естілген бойда, ол сәл болмаса әлі ашылмаған есікке қарай атып жібере жаздады, — әрине, ол теннис туфлиін киген. Қазір, қазір... Тағы да аяқ дыбысы.

"Ғапу етіңіз, сударыня, поднос алып шығайын", — деді есік сыртынан французша. Магда қызметші әйелмен бірге кірді, ол браунинги қалтасына сала қойды.

"Не боп қалды? Не нәрсе?" — деді Магда. — Неге сен мені жоғарыға жүгіріп шығуға мәжбүр етесің?

Ол ештеңе деп жауап берместен, көзінің астымен, қызметші әйелдің ыдыс—аяқты падносқа қалай алып жатқанына, еденнен қасықты қалай көтергеніне қарап тұрды. Ол, міне, бәрін жиып— теріп ап шығып кетті.

"Бруно не боп қалды?"

Ол қолын қалтасына салды. Магда қабағын түйіп, кереует жанында тұрған орындыққа отыра кетті де, еңкейіп ақ туфлиінің жібін ағыта бастады. Ол оның желкесі мен күнге тотыққан мойнын көріп тұр. Аяқ киімін шешіп болғанша атып тастау мүмкін емес. Өкшесінде қызыл дақ көрінеді, ақ шұлық қан—қан. "Қалай қажатып алғам, — деп Кречмарға қарап еді, қара мылқау пистолетті көрді. — Ақымақ, — деді ол түк болмағандай сабырмен. —Мұнымен ойнама".

"Тұр қане! Тыңдап тұрсың ба?" — деп тістене сөйлеген Кречмар, оның саусағынан тартты.

"Мен тұрмаймын, — деді Магда, бос қолымен аяғынан шұлықты шешіп жатып. — Сонан кейін, әрі тұр, — қатты ауырып тұр, таңдайым да кеуіп қалды".

Ол оны сілкіп қалғаны сонша, орындық сықырлап кетті. Магда кереуеттің торларынан ұстап ап, күле бастады.

"Ал, өлтір, өлтір, — деді ол. — Бірақ біліп ал, сол бір пьесада қара нәсілдінің, жастықтың оқиғасындай боп шығады..."

"Сен өтірік айтасың, — деп күбірледі Кречмар. — Сен өтірік айтасың, бәрі былғанды, бәрі быт—шыт болды... Сен және сол оңбаған..." Оның жоғарғы ерні көтеріліп, тісі ақсиып кетті, — аузына қажетті сөз түспей тұтығып қалды.

"Қане, мынауыңды тарт. Бұныңды тартпасаң саған ештеңе де айтпаймын. Мен не болғанын біліп тұрғаным жоқ, бірақ білетінім — мен саған адалмын, мен саған адалмын..."

"Жақсы, — деді Кречмар. — Сен айтатыныңды айт, сонан кейін атып тастаймын".

"Мені өлтірудің қажеті жоқ, маған сен, Бруно".

"Сонан кейін, сонан кейін, тезірек!"

("... Егер мен тез тұра алсам, — деп ойлады ол, — онда дәлізге шығып кете алам. Ол мені атып үлгере алмай қалуы мүмкін, бірден айқай салсам, адамдар жүгіріп келеді. Бірақ онда бәрі де әдіре қалады, бәрі де... ")

"Сенің пистолетің тұрған кезде, мен сөйлей алмаймын. Өтінем, оны көрсетпеші".

(Егер оны қолынан қағып жіберсем ше?)

"Жоқ, — деді Кречмар. — Сен алдымен мойындауың керек... Маған бәрін жеткізді, мен бәрін білем..."

"Мен бәрін білем, — деді ол қырылдап, бөлмені әрі—бері кезіп жиһаздардың шетін алақанымен салып—салып қап. — Мен бәрін білем. Таңғаларлық күлкілі емес пе: бір кісі сендерді көрген, ал сендер өздеріңді әуейі сияқты ұстағансыңдар. Ванна бөлмесі қандай ыңғайлы, —құлыптап, әрі қарай өтіп кетесің, мен сені әрине, өлтірем".

"Мен де дәл осылай ойлағам, — деді Магда. — Мен сенің түсінбейтініңді білгем. Құдайы үшін, мына бәлеңді тартшы, Бруно!"

"Не түсіну керек! — деп айқайлады Кречмар. — Нені түсіндіру керек!"

"Оның әйелдерге немқұрайлы қарайтынын, сен, Бруно, өте жақсы білесің..."

"Аузыңды жап! — деп айқайлап жіберді Кречмар. — Бұл о бастан — ақ түкке арзымайтын өтірік, зымиян сиқырлық"!.

(Оның айқайға басқаны жақсы, — деп ойлады Магда).

"Жоқ, дәл осылай, — деді Магда. — Бірақ мен оған бірде әзілдегенім рас. Не деп айтқанымды білесің бе? Мен сенің еркектігіңді оятайын дедім. Бір—бірімізге сезімге тиер сөз айтайық, сонан кейін сен бала—бәтшағарларыңды ұмытасың дедім. Бірақ одан түк шықпайтынын екеуміз де білгенбіз. Міне, бәрі осы, бәрі осы, Бруно!"

"Сұмпайы өтірік. Мен сенбеймін. Оған айтыпсың ғой, су құйылып жатқан кезде өтіп кеткенмін деп. Ал мұны маған жазушы, қадірлі адам айтып отыр..."

"Біз кілең осылай ойнайтынбыз — деді Магда самарқау ғана. — Шынын айтқанда, одан ештеңе де шыққан жоқ, бірақ қызық болғаны рас. Мен ваннаны жоққа шығармаймын. Мен мұны оған өзім айтқам: Егер біз бір—бірімізге ғашық болсақ, онда ванна керемет ыңғайлы болар еді деп, ал сенің жазушың — барып тұрған ақымақ".

"Сен сонда қалжыңдасып онымен бірге жаттың ба? — Сұмпайылықта бет жоқ екен ғой?"

"Әрине, жатқам жоқ. Не айтып тұрсың? Онда еркектік жоқ қой. Мен онымен тіпті сүйіскем жоқ, қандай жиіркенішті".

"Ал егер мен одан, сені қатыстырмай жеке сұрасам ше?"

"Сұра! Ол да осыны айтады. Тек қана, әрине ыңғайсыз—ақ болады".

Осы ырғақта олар бір сағат бойы сөйлесті. Магда барған сайын беки түсті де, ақырында шыдай алмастан тұла бойын долылық буды. Ол өзінің тенниске киетін ақ көйлегімен төсекке құлап түсті де біртіндеп солығы басылып, жастыққа басын тығып үнсіз жылап жатты. Кречмар ту сыртынан күн нұрын төгіп тұрған терезе жанындағы креслоға жайғасып, сырттан теннис ойнап жүрген көңілді ағылшын даусын естіп, Горнмен алғаш танысқан уақытты, ешқандай ұсақ—түйегіне дейін қалдырмай есіне түсіре бастады, солардың арасында қазір көп нәрсеге өлі сәуленің жарығы түсіп көзін ашып берген жағдайлар да бар еді: ішінде әлдене үзіліп, әлдене келмеске кетті, — Магда оған бәрін жайып сап, бәрін дәлел — дәйегімен айтып бергендей болса да, енді ол бұдан былай күдік—күмәннің уын татып өтпек. Ақырында ол орнынан тұрып, оған жақындап, желім шүберекпен крестеп жапсырып қойған оның қып — қызыл өкшесіне қарады, — қай уақытта жапсырып үлгерген, — оның жуан емес, бірақ жұмыр балтырына қарап оны өлтіре салу киын емес екенін, бірақ оны өлімге қия алмайтынын ойлап тұрды. "Жақсы, Магда, — деді ол қабағын ашпаған қалпы. — Мен саған сенем. Бірақ сен қазір орыныңнан тұрасың да, киінесің, заттарды салып, бұл жерден кетеміз. Мен оны қазір адам ретінде көргім келмейді, өзімді—өзім ұстай алмай қалуым мүмкін, әрине, сен менің көзіме шөп салдың деп тұрғаным жоқ, бірақ, бір сөзбен айтқанда, оны көргім келмейді, — Зегелькранц оқып берген жерлер көз алдымнан кетер емес, бәрі қолмен ұстатқандай. Ал тұра ғой..."

"Мені сүйші", — деді Магда баяу ғана.

"Жоқ, қазір емес, менің бұл жерден тезірек кетуім керек... Мен сені осы бөлмеде, сәл болмаса өлтіріп ала жаздадым, егер заттарды қазір жинамасаң әлі де өлтіріп жіберуім мүмкін".

"Айтқаның болсын, — деді Магда. — Сен қазір менің қандай күйде екенімді біліп тұрған шығарсың, — мен саған да, сенің сүйікті Розенкранцыңа да реніштімін. Ал, жарайды, жарайды, жиналайық".

Олар үн—түнсіз, тіпті бір—біріне қарамастан шабадандарын шұғыл толтырып жатты, қызметші әйел есептесу қағазын әкелді, жүк көтеретін бала да келді.

Горн шынар ағашының көлеңкесінде, терраста покер ойнап отыр еді. Қолы жүрмей—ақ қойды. Ол картаны тастап, американдық ойыншыдан мұқият дәріс алып жатқан Магдаға барсам ба екен деп екі ойлы болып отыр еді, — енді ол тұрып кетуге бел буа бастаған кезде, кенет бұталардың арасынан гараж маңындағы жол бойымен кетіп бара жатқан Кречмардың машинасын көрді; автомобиль қолапайсыздау бұрылып, көрінбей кетті. "Не боп қалды, не боп қалды..." — деп күбірлеген Горн, есептесті де (ол аз ұтылған жоқ), Магданы іздеуге кетті. Теннисте жоқ боп шықты. Ол жоғары көтерілді. Кречмардың нөмірінің есігі ашық тұр екен. Қаңырап бос қалыпты, екі адамдық кереуеттегі қызыл матрац жалаңаш, еденде қобыраған газет.

Ол өзінің жағымсыз әдетіне сап екі саусағымен төменгі ернін тартып тұрды да, бәлкім, бір жапырақ қағаз қалдырған шығар деп өзінің бөлмесіне өтті. Ешқандай қағаз жоқ. Дел—сал қалпында төменгі холға түсті. Магдамен талай рет билеген құс мұрынды, қара шашты жас француз жігіті Monsieuz Maftin Горнға газет үстінен күлімсіреп қарап: "Оның кетіп қалғаны өкінішті. Неге сонша аяқ астынан? Германияға ма?" Горн тиянақсыздау етіп бас изеген болды.

Дүниеде арнайы білімдері болмаса да, "қысқа тұйықтау" деп аталатын құпия бір оқиғадан кейін де электр шамын іске қосып жіберетін, тоқтап қалған сағаттарды пышақпен—ақ жөндей салатын, керек болса, котлет қуыра алатын адамдар аз емес. Кречмар ондай адамдардың тегінен емес еді. Ол бала кезінің өзінде басқа балалардай ешқандай құрылыс та салған емес, шеберлік те танытқан емес, ешнәрсе желімдеген де емес. Жасөспірім шағында да велосипедінің дөңгелегі жарылып қалған кезде оны жыртық калош құсатып, жөндеу шеберханасына сүйретіп апара салатын. Ал соғыста ол өзінің қолынан ештеңе келмейтін орашолақтығымен аты шыққан еді. Қайта қалпына келтіру өнерін зерттеп жүрсе де, картиналарға қолын тигізуге қорқатын. Сондықтан да оның автомобильді жөнді жүргізе алмайтынына тіпті де таңғалуға болмайды.

Ружинардан асықпай, ештеңеге ұрынып—соғылып қалмай аман — есен шықты да жүрісін шамалы жылдамдатты, жол да әрі түп— түзу, әрі бос екен. Машинаның ішкі құрылысы, айталық, дөңгелек неге қозғалады деген мәселе оның миына мүлде қонбайтын, тек білетіні, тұтқалардың не үшін керектігі ғана.

"Біз қайда бара жатырмыз?" — деді қасында отырған Магда.

Ружинардан шығып кеткенше, көшедегі қаптап жүрген адамдардың арасынан өтем деп, машинаны бірде бапылдатып, бірде олай бір, бұлай бір бұрып біраз әлекке түскен, айдау жолға шыққаннан кейін тұнжырап отырған Кречмардың басы әр түрлі ойдан әлем—жәлем боп келе жатқан: біртіндеп тауға көтеріліп бара жатқан жолдың, қазір бұрылатыны туралы, Горнның Магданың тоқымасына түймесінен ілініп қалғаны жайында, бұрын ешуақта оның жаны дәл қазіргідей ауыр, бұлыңғыр болып көрмегені туралы.

"Қайда барсақ та маған бәрібір, — деді Магда, — бірақ білген де жақсы ғой. Оң жағыңа қара, қайда бара жатырсың".

Ол шұғыл тежегішті басты, өйткені алдында автобус келе жатыр екен.

"Сен не істеп кеттің, Бруно? Тек он қапталмен жүр".

Туристер тиеген автобус өте шықты. Кречмар тежегішті босатты.

"Қайда барсақ та бәрібір емес пе? — деп ойлады ол. — Қалай жүрсең де, бәрібір азаптан құтылмайсың. Мына лағнет атқыр жоталардың жап—жасыл боп жатқанын қарашы. Екеуі бірін—бірі қалай аймалағандарын құдайым білсін..."

"Мен сенен енді ештеңе де сұрамаймын, — деді Магда, — құдай үшін тек бұрылыстарда бапылдатып белгі берші. Менің басым ауырып кетті. Бір жерге тезірек жетіп аялдағанды қалап келем".

"Сен маған ештеңе болған жоқ деп ант—су іше аласың ба?" — деп бастады Кречмар қарлығыңқы үнмен, сол сәтте жанарына ып— ыстық жас құйылып бара жатқанын байқады.

"Ант—су іше алам, — деді Магда. — Мен ант—су іше—іше шаршадым. Мені бүйтіп азаптай бергенше, өлтір. Мен ыстықтап кеттім, пальтомды шешейінші".

Олар тоқтады.

"Тек осы үшін тоқтаудың қажеті жоқ еді ғой, — деп күлді Магда, — Бруно—ай..."

Ол оған былғары пальтосының шешуге ынты—шынтысымен көмектесіп жатып, баяғыда, бір жаман дәмханада олар алғаш рет кездескенде, ол пальтосын жеңінен қолын шығарып жатып жауырынын, иығын қозғап, сұңғақ мойнын игенін есіне алды.

Енді, міне, оның жанарынан жас құйылып келеді. Магда оның мойнынан құшақтап, оның иілген басына жағын басып жабысып қалды.

Автомобиль тас жақтаудың қасына тоқтаған еді, ол тас жақтаудың арғы жағы қалың бүлдірген өскен де, ал түбінде ағып жатқан су жылтырайды; сол жақта жоғары жағына қарағай өскен жартасты құлама көрінеді. Күн күйдіріп, шегірткелер шырылдайды; сонадай жерден тарсылдаған дауыс шығады — қаракөзілдірік киген бір адам жол шетіне отырып aп тас соғып жатыр. Үстін шаң басқан, төбесі ашық "рольс—ройс" өтті, оның бапылдаған даусы басқа бір жақтан жаңғырығып естілді.

— Мен сені сондай сүйем, — деді Кречмар өксігін баса алмай. — Мен сені сондай, сондай сүйем. Ол оның қолын айырылып қалардай қысып, арқасын сипалап тұр, ал Магда дыбыс шығармай үнсіз күледі. Сонан кейін ол оның ернін ұзақ сүйіп тұрып алды.

"Машинаны енді мен жүргізейін, — деді Магда. — Мен сенен жақсы жүргізем ғой".

"Жоқ, мен қорқам, — деді ол, жасын сүртіп күлімсіреп. — Шынын айтқанда, мен қайда бара жатқанымызды білмеймін, кейде беталды кеткен де қызық қой".

Ол моторды оталдырып, тағы да жүріп кетті. Машина бұрынғыдан еркінірек, оның еркімен жүріп келе жатқандай болып көрінді, рөлді де бұрынғыдай сығымдап ұстамайтын сияқты. Жолдың бұралаңы бұрынғыдан жиілеп барады — оның бір жағында жартасты қабырға, енді бір жағында тасты жақтау, тіке түскен күн сәулесі көз аштырар емес, жылдамдықтың тілі дір—дір етіп құлап, қайта көтеріледі.

Шұғыл бұрылыстар басталды да, Кречмар одан асықпай өтпек болды. Жолдың үстінде жатқан биікте жұпар шөптер жинап жүрген бір кемпір жартастың оң жағында осы бір кішкентай қара автомобильдің бұрылысқа жақындап келе жатқанын, ал сол жағында, әлі белгісіз кездесуді бетке алған, бүкшиген екі велосипедшіні көріп тұр.

30

Жота басында жұпар иісті шөптер жинап жүрген кемпір, сол бір кілт бұрылысқа автомобиль мен велосипедшілердің қалай жақындағанынан көз алар емес. Тулонның көгілдір аспанында қалқып ұшып жүрген жұмыртқаның уызындай сары пошта дирижаблінің бесігінен қарап тұрған ұшқыш бұралаңдаған шоссені, күн нұры түсіп тұрған жоталар бетімен сырғып жылжыған дирижабль көлеңкесін, бір—бірінен қашықтығы жиырма шақырым болатын екі деревняны көріп келеді. Егер одан да биікке көтерілсең онда, бәлкім, бірден Провансаль жоталарын, тіпті дәл қазір күні қайнап тұрған Берлинді көруге болатын сияқты, — өйткені сол күні Гибралтар мен Стокгольм арасын ашық күннің емен—жарқын күлкісі аймалап тұрғандай еді. Берлинде, негізінде, балмұздақ саудасы қызып тұр; мәселен, көп сөйлемейтін сатушы дүкеннің жанында тұрып ап Ирманың қолындағы вафлиге қалың етіп қаймақ түстес балмұздақ жағып беретін—ді, содан оның қасқа тістері сәл—пәл сырқырағандай болатын да, тілі әрі—бері жүріп ойнай жөнелетін. Аннелиза таңертең балконға шығып дәл сондай балмұздақ сатушыны көрді, ол — аппақ боп киініпті, ал бұл — қап—қара. Сол күні Аннелиза қатты мазасызданып оянды да, балконда тұрып өзінің, кейінгі кезде әбден мойнына мініп алған, езіп еңсесін басқан ауыр халден босап шыққанын алғаш рет сезінді, бірақ бүгін өзінің осыншалықты неге толқып тұрғанының сырын ұға алмады. Ол, айрықша ештеңе болмаған кешегі күнді есіне алды, —әдеттегідей қабір басына бару, өзі алып барған гүлдерге қонған аралар, темір қоршаудың дымқыл әлсіз жарқылы, самал—жел, тыныштық, жұп — жұмсақ майда шөп. "Не боп қалды екен? — деп сұрады ол өзінен— өзі. — Бір түрлі". Балконнан балмұздақ сатушының ақ қалпағы көрінеді. Күн нұры шатырларға молынан түсіп тұр, — Берлинде де, Парижде де, одан әрі оңтүстіктің бәріне де, сары дирижабль Тулонға ұшып барады. Кемпір шатқалдардан жұпар иісті шөптер жинап жүрді, енді ол жыл бойы әңгіме айтатын болады: "Мен көрдім... Мен көрдім..."

31

Бұл мәліметтердің бәрін қашан білді, оларды қалай орналастырды, қашан қорытты —мұның бәрі Кречмарға түсініксіз еді: сол бұрылыстан бері қанша уақыт өтті (бірнеше апта), қазіргі жатқан жері (Ментон ауруханасы), қай жеріне операция жасалынды (бас сүйегіне), ұзақ уақыт есіне келе алмау себебі (миына қан құйылған). Осы мәліметтердің бәрі бір жерге жиналып қалатын сәттер де болады, ең алдымен, ол тірі, Магда мен күтуші француз әйелі жақын маңда екенін анық біледі, сондай—ақ ол соңғы кезде жайлы ұйықтағанын енді, міне, оянғанын да біледі... ал сағат қанша — білмейді, мүмкін таңсәрі. Маңдайымен көзін дәкемен таңып тастаған, ұстасаң былқ—былқ етеді; самайы ашық екен, өсіп келе жатқан шашқа қолы бір түрлі тиеді. Жадына шыны түстес мөлдір түрлі—түсті фотографиялық сурет түскендей болады: аппақ жолдың бұрылысы, сол жақта — қара, жасыл жартас, оң жақта көгілдір тас қоршау, алда — кенет шыға келген велосипедшілер —қызыл—сары күпәйке киген шаң—шаң екі маймыл; автомобильді шұғыл бұру, ұсақ тастар үстімен автомобильдің тік шаншылуы, көзі ашып — жұмғандай сәтте телеграф бағанасының пайда болуы, Магданың арбиған саусақтары, сонан кейін сиқырлы шам кілт сөніп қалды. Бұл еске алуы кеше, немесе үшінші күні, немесе одан ертерек — қай уақытта екені дәл белгілі емес — Магданың даусы, дәлірек айтқанда Магданың әңгімесі толықтырды, неге оны мен оны көптен бері көре алмай жатырмын, көп ұзамай таңылған дәкеден құтылатын шығармын... Магданың даусы не айтып еді? "...Егер бағана болмаса тас жақтаудан асып шыңырауға кетер ек. Зәрем зәр түбіне кетті. Менің бір жақ бүйірім әлі күнге көкпеңбек. Автомобиль аударылып қалды — күл талқаны шыққан. Не болғанда да ол жиырма мың марка тұратын. Avto... mille, be aucovp mille maz Ks — мұны күтуші әйелге қарап айтты, — vous compenez? Бруно, французша жиырма мыңды қалай айтуға болады? "Бәрібір емес пе... Ең бастысы, сен тірісің". — "Велосипедшілер жақсы адамдар екен, бәрін жинастырып берді". Неге көңілі орнында емес? Ружинардағы оқиғадан кейін бе. Оның қолында "браунинг", ал Магда теннис туфлиімен кіріп келеді... Түсінсем, бәрі орныма келген сияқты еді ғой. Сағат қанша болды екен? Дәкені қашан шешеді? Орнымнан қашан тұрғызады? Әлсіздік... Мұның бәрі газеттерде, неміс газеттерінде хабарланған шығар.

Көздерінің таңып тасталғанына қарсылық білдіргендей басын шайқады. Құлағы бәрін естіп жатыр, бірақ көзі тарс жабық — содан да ол палатаның қандай екенін де, күтуші әйел мен дәрігердің де түрін білмейді. Сағат қанша? Таңертең бе? Ұйқысы қанып қалыпты, терезе ашық болса керек, тұяқтардың сыртылдаған даусы естіледі, міне, — судың сылдыры мен шелектің даңғыры — дәл іргеде аула, фонтан, шынар ағаштарының таңертеңгі салқын көлеңкесі бар болса керек. Ол біраз уақыт түсініксіз дыбыстарға тиісті реңк беріп қимылсыз жатты да, көп ұзамай басқа дыбыстарды есіте бастады — көрші бөлмеден болса керек, Магда мен күтуші әйелдің дауыстары шықты. Күтуші әйел Магдаға "Soucoupe, soucoupc" деген сөзді дұрыс айтуға үйретіп отыр. Магда оны әлденеше peт қайталап, сыңғыр—сыңғыр күледі.

Дұрыс еместігін біле тұра Кречмар өте сақтықпен абайлап қана қасының үстіндегі дәкенің жиегін көтерді: сөйтсе, бөлме іші әлі тұттай қараңғы екен — терезе де, тіпті саңылау да көрінбейді. Яғни, әлі түн, түн болғанда да айсыз қараңғы түн. Дыбыстар адамды қалай алдайды.

Көршіден "Kafe the non. Noi pas — tee" , — деген үн естілді.

Кречмар қасындағы орындықты сипап еді, шайға қолы тиді. Ол тетікті бір басты, екі басты, бірақ қараңғылық сейілер емес, істен шыққан шам болды. Онан кейін ол қолымен шырпы іздеуге кірісті — ақырында қорапты тапты. Онда тек бір—ақ шырпы бар екен, сыр—р еткен дыбыс шықты,бірақ от жарығы көрінбеді. Ол оны лақтырып тастады,күйік иісі шықты.

Қызық құбылыс...

"Магда,— деп дауыстады. — Магда!"

Аяқ дыбысы шығып, есік ашылды. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ есіктен жарық түскен жоқ.

"Шам жақшы, — деді ол. — Шам жақшы".

"Дәкеге тиме, Бруно! — қараңғылық ішінде оған шұғыл, нық жақындап келе жатқан Магданың даусы шықты. — Дәрігер айтты ғой... құдайым—ай!"

"Сен мені көріп тұрсың ба? — деді ол тұтыға. — Ал мен... Шамды тезірек жақшы. Тыңдап тұрсың ба? Тезірек!"

"Тыныш, тыныш, сабыр етіңіз", — деген күтуші француз әйелінің даусы шықты.

Бұл дыбыстар, бұл жүрістер, бұл дауыстар басқа бір жазықтықтан шығып жатқандай. Олар басқа әлемде, бұл басқа әлемде . Олар мен бұл жатқан қараңғылықтың арасында қалың бір кедергі бар сияқты. Ол бар күшімен жиырылып, қабағын сүртіп, басын олай да, бұлай да қозғап, созыла жанталасып бақты, бірақ соң бір тұтас қараңғылықты жырта алар емес.

"Мүмкін емес, — деді Кречмар ышқынып. — Мен жынданатын шығармын. Терезені аш, не болғанда да бірдеңе істеші..."

"Терезе ашық", — деді ол баяу ғана.

"Мүмкін күн әлі шықпаған шығар... Магда, күн шыққан кезде бәлкім бірдеңе көрермін. Ең болмағанда жылт еткен бірдеме. Мүмкін, көзілдірік..."

"Бруно сабыр ет. Әңгіме күнде емес. Қазір жап—жарық таң шығады, Бруно, сен менің жанымды ауыртпа".

"Мен... мен..." — Кречмар аласұра дем алып, сонан кейін бар даусымен айқайлай бастады.

32

Мүлде көрсоқыр болып қалғаны Кречмарды жындандырып жібере жаздады. Жарақаттары да, сызаттары да жазылды, бірақ іші қалың, қап—қара кедергінің тозақтан бетер жанына батқаны өзгеріссіз қалды. Сұмдықты сезінген алғашқы азапты, қасіретті шеккеннен кейін, айқай мен алыс—жұлыстан, көзінен әлденені жұлып алып тастағысы келген әрекеттен кейін ол сүлесоқ есеңгіреген күйге түседі де, сонан кейін қайтадан тек молаға көмілгеннен кейін есі кіріп аласұрған адам сияқты шошына шырқырайды.

Алайда мұндай ұстамалы сәттер біртіндеп сирекси бастады да, күні бойы шалқасынан жатып aп Провансаль күнінің дауыстарын естіп жатады, кенет ол бар бәленің басы болған Ружинді тағы таңды есіне алады, сонан кейін басқа оқиғалар шұбап шыға бастады,— аспан, өзі сұқтана қарап үлгермеген жасыл жоталар, қалайша, қайтадан, өзін көрде жатқандай сезінетін үрейлі сәт.

Мептон госпиталінде жатқан кезде—ақ Магда оған Горнның Парижде жазған мынадай мағынадағы хатын оқып берген:

"Кречмар, мен қазір, қабырғамды қаусатып жібергендей қайсысынан қатты соққы алғанымды айта алмаймын, — Сіздің ешқандай себеп—салдарсыз, аяқ астынан кетіп қап, мені қорлағаныңыздан ба, жоқ әлде Сіздің басыңыздан өткен қасіреттен бе? Сізге барып шығуға жібермей тұрған сол бір ренішке қарамай, мен Сіздің басыңызға түскен аса зор ауыртпалықтан шын күйзелгенімді өзіңізге жеткізгім келеді, әсіресе, Сіздің кескіндемеге, берекелі бай бояулар мен нәзік әуезді сызықтарға дейін, сізге құдайдың өзі берген сәулелі шырақты дүниенің басқа да құбылыстарына құштарлығын білетін мен бұрынғыдан да қапалана түсем. Дүниеде тек көзімен, жанарымен ғана өмір сүретін адамдар бар (Сіз және мен сол санаттанбыз) — басқа сезімдердің бәрі сол сезім королінің нөкерлері ғана.

Мен бүгін Парижден Англияға жүріп кетем, сол жақтан Нью — Йоркқа тартам да, туған елімді енді жуық арада көре алмаспын деп ойлаймын. Өзіңіздің мәңгілік серігіңізге менің достық сәлемімді жеткізуіңізді қалар едім, ол серігіңіздің шолжаң мінезі — кім біледі? —Сіздің Кречмар, маған деген көзқарасыңызды кері өзгертіп жіберді, — солай бола тұра, ол серігіңіз Сізге жан—тәнімен берілген, әрине, оның бойында да өзіне тән қасиеттер бар, —ондай қасиет кез келген әйелде болады деп ойлаймын, — жұрттан кілең қолпаш пен құрақ ұшып тұруды талап ететін, сондай—ақ, мен сияқты әйел атаулыға немқұрайлы қарайтын еркектің жанына, жек көре тұрса да, үңілгісі кеп тұратын әдетке , — тіпті ол еркек оған өзінің сиықсыз түрімен, қарапайымдылығымен, ғашықтық талғамымен жат болып тұрса да. Кречмар, егер Сіз, екеуіңізді жалықтырған, менен құтылғыңыз келсе, оны бірден бетімен айтуыңыз керек еді, сонда сіздің тік мінезіңіз бұрынғыдан да үлкен құрметке ие болар еді, ондай кезде біздің сурет туралы, ұлы шеберлердің ғажап бояулары жайлы әңгімелерімізді еске алатын аяулы сәттері Сіздің опасыздықпен қашып кеткеніңіз ешқандай көлеңке түсіре алмас еді.

"Мынау хат — гомосексуалистің хаты ғой, — деді Кречмар. Оның кетіп қалғанына, мен бәрібір қуаныштымын. Мен саған, Магда, күдіктенгенім үшін, мені құдай жазалаған шығар, бірақ саған..."

"Не "бірақ", Бруно? Әрі қарай айт".

"Жоқ, ештеңе емес. Мен саған сенем. Мен саған сенем".

Ол үндемей қалды да, не ыңырсыған емес, не ышқынған емес біртүрлі дыбыс шығарды, әдетте қараңғылық қабырғасының арғы жағында жатқан ол ұстамасы алдында осындай халге түсетін.

"Ғажап бояулар, — деді ол кеудесінің түкпірінен шыққан дауыспен. — Иә, иә, ғажап бояулар!"

Ол сабасына түскеннен кейін Магда тамақтануға баратынын айтып, бетінен сүйді де, көшенің көлеңке жағымен жылдам кетіп бара жатты. Ол шағын қоңыр салқын мейрамханаға кіріп, түкпірдегі мрамор үстелге барып отырды. Көрші үстелде Горн ақ шарап ішіп отыр еді.

"Кел қасыма отыр, — деді ол. — Қорқағын қарашы!"

"Көріп қалса, жеткізеді ғой", — деді де, бәрібір оның қасына отырды.

"Бос сөз. Кімнің кімде не жұмысы бар? Ол хат туралы не айтты? Шынын айтқанда, тамаша жазылған деген шығар?"

"Иә, бәрі жақсы. Сәрсенбіде Цюрнхқа жүреміз, маманға көрінеді. Сен үш орын ал. Сен тек өзіңе басқа вагоннан ал, — қауіпсіздеу болады".

"Тегін бермейді ғой", — деді Горн самарқау.

"Байғұсым—ай", — деді жылы ұшырап Магда. Сөйтті де сөмкесінен бір уыс ақша алып шықты.

33

Кречмар әлденеше рет (күндізгі ыю—қию дыбыстарға толы қараңғы түні) госпиталь жанындағы бақтың ішіне қыдыруға шығып жүрсе де, бәрібір Цюрихқа сапар шегуге шала дайындалған Вокзалда оның басы айналды — соқыр адамның басы айналмай өткен амалсыздық, шарасыздық болушы ма еді, — өйткені айналасындағы аяқ дыбыстарынан, дауыстардан, тарсылдардан Магда жетектеп келе жатса да, әлденеге соғылып қалам ба деген қорқыныштардан есі шығып кеткен—ді. Поезда оның жүрегі лоблыды, содан да ол экспресс қозғалысынын шайқалған вагон сырттағы қалып жатқан көріністерді, қиялын қанша жинақтаса да бір—бірімен үйлестіре алмады. Цюрихқа барған кезде жағдайы тіпті қиындап кетті, әлдеқандай белгісіз бір жаққа бара жатып қоршаған көзге көрінбейтін адамдармен бірде қақтығысып, бірде қағысып қаласың. "Қорықпа, қорықпа, — деді Магда абыржып. — Есіңнен айырылма. Енді тоқта. Қазір автомобильге мінеміз. Неге сонша қорқасың — кішкентай бала сияқты".

Профессор, атақты көз дәрігері, ерекше айнаның көмегімен оның көзінің түкпір—түкпірін ұзақ қарады, оның әрі майлы, әрі жіңішке даусына қарап, Кречмар оны домаланған қарт шығар деп ойлап отыр, ал шын мәнінде профессор өте арық, әрі жас еді. Ол да Кречмардың өзі бұған дейін естіген сөзді қайталады, — қан құйылып кеткеннен кейін мимен жалғасатын көздің нерв жіптері қысылып қалған, — оның енді біртіндеп тарауы да мүмкін, тарамауы да мүмкін, яғни мүлде аз боп қалуы т.т., бірақ Кречмардың жалпы жағдайына келер болсақ, оған дәл қазір тыныштық керек, яғни ол екі—үш ай бойы абыр—сабырдан аулағырақ, ең дұрысы таулы аймақта тынығу керек, сонан кейін — белгілі болады...

"Белгілі болады?" — деді Кречмар тұнжыраған қалпы мырс етіп (қандай былжырақ).

Магда оны қонақ үй нөмірінде жалғыз қалдырып, бірнеше кеңселерге барды, оған адрестер берді; Горнмен ақылдасып алып, Горн екеуі таңдап алған үйге барды. Ол екі қабатты, бөлмелері тап — тұйнақтай, әр есігіне қасиетті су үшін шыныаяқ орнатылған саяжай екен. Ол саяжай жаз бойы тұруға Норвегияға кеткен ерлі—зайыпты біреулердің саяжайы екен де, оны жалдау арзанға түсті. Горн оның орналасуын асықпай қарап шықты — емендердің арасында деревнядан алысырақ — жоғары қабаттағы күн жақ беттегі бөлмені өзіне еншілеп, Магдаға осыны жалда деді. Сонан кейін деревнядан аспазшы тапты. Горн онымен тым асқақ сөйлесті. Ол былай деді: "Сізге үлкен жалақы тағайындалып отырған себебі, сіз жан дүниесі күйзеліске ұшырап соқыр боп қалған адамға қызмет етесіз. Мен оған бекітілген дәрігермін, бірақ оның ауыр мүшкіл халін ескеріп, қасында жиен қарындасынан басқа, дәрігердің де тұратынын білмеу керек. Сондықтан, сіз, егер жанама түрде де, немесе сыбыр—күбірмен болсын, әлдеқандай біреумен сөйлесе қалған жағдайда болсын, менің осы үйде тұрып жатқанымды айтып қойсаңыз, онда сіз дәрігер тағайындаған емдеу жүйесін бұзған боп есептелесіз де, заң алдында жауап бересіз, — ал бұл Швейцарияда қатаң жазаланса керек. Оның үстіне сіз, менің пациентімнің бөлмесіне кірмей—ақ қоюыңызды, онымен қандай бір болмасын тіл қатыспай—ақ қоюыңызды қалар едім: бірде оның ұстамалы ауруы ұстап бір кемпірді қағаздай мыжып, аяғына сап таптап тастағаны, мен ондай оқиғаның тағы да қайталануын қаламас ем. Ең бастысы — егер сіз базарда тіліңізге ие болмай, соның салдарынан осы жердің кісілері бізге қызығушылық танытып келе бастайтын болса, онда дәл осындай жағдайда жатқан менің пациентім, мына үйдің тас—талқанын шығарады... Түсіндіңіз бе?"

Оның кемпірді қорқытқаны сонша, ол байғұс бұл табысты жұмыстан алғашқыда бас тартпақшы болды да, тек Горн оған соқыр есалаңды сіз көрмейсіз, егер оның жүйкесіне ешкім тимесе ол өзін тып—тыныш ұстайды, оның үстіне ол үнемі жиен қарындасы мен дәрігердің қарауында деп сендірді.

Бірінші боп Горн кіріп алды. Ол бүкіл жүктің бәрін алып келді де, кімнің қай бөлмеде болатынын белгілеп беріп, керек емес заттарды түгел шығарып тастатқызды, бәрін реттеп болғаннан кейін ол өзінің бөлмесіне көтеріліп, ысқыра жүріп қабырғаға әдепсіздеу суреттерді қадап жапсыра бастады — Берлиндегі көркемсурет—парнографиялық баспа тапсырыс берген иллюстрациялық эскиздер. Сағат бестер шамасында ол дүбірмен туу төменге автомобильдің келіп тоқтағанын, одан алдымен ашық—қызыл жемпірлі Магданың секіріп түсіп сонан кейін оның Кречмарға көмектескенін көрді, қара көзілдірік киіп алған Кречмар байғыз сияқты еді. Автомобиль артқа шегінді де, қайтадан алға ұмтылып, бұрыштан айналып кетті. Магда Кречмардың қолтығынан демеп, ал ол таяғымен алдын барлап, соқпақпен жоғары көтеріліп келеді. Оларды біршама уақыт қылқан жапырақты шыршалар көрсетпей жіберді де, бір көрініп, қайтадан тасаланып қап, ақырында бақтың алаңқайына шықты, ол жерде оларды қабағын қатайтып алған, бірақ Горнге әбден берілген аспазшы, соқыр есалаңға көз де салмастан, Магданың қолындағы заттарды алды.

Жоғарыдағы терезеден кеудесін шығарып қарап тұрған Горн Магдаға алақанын омырауына басып сәлемдесудің қызық бір белгілерін жасады, — сонан кейін Петрушка құсап қолын жайып жіберіп басын иді, — әрине, мұның бәрі үн—түнсіз жасалынды. Төмендегі Магда бұған күлімсіреп қарады да, Кречмарды қолтығынан ұстаған қалпы үйге кірді.

"Мені бүкіл бөлмелерді аралатып, таныстырып шық", — деді Кречмар. Оған, әрине, бәрібір еді, тек Магда жаңа қонысты жақсы көретін.

"Шағын асхана, шағын қонақ бөлме, шағын кабинет", — деді Магда төменгі қабаттағы бөлмелерді аралатып. Кречмар жиһаздарды, заттарды ұстап көреді, — жалпы бағытты анықтап алмақшы.

"Яғни, терезе мына жақта", — деді ол тұтас қабырға жақты көрсетіп. Ол санын үстелдің бұрышына қатты соғып алды, сонан кейін, бейне бір көлемін білгісі келгендей, үстел үстін алақанымен сипалады.

Сонан кейін олар сықыр—сықыр еткен ағаш басқышпен жоғары көтерілді, ал ең жоғарыдағы текпішекте отырған Горн дыбысын шығармай күліп отыр еді. Магда оған саусағымен сес көрсетті, — ол жайлап орнынан тұрып, аяғының ұшымен басып оған жол берді: олай етудің түк те қажеті жоқ еді, өйткені соқырдың ауыр адымының астындағы басқыш оқ атқаннан бетер сықырлап кетіп еді.

Дәлізге шықты; өзінің есігінің түкпірінде тұрған Горн бір есікті көрсетті, Магда басын изеді. Ол аузын жауып, әлденеше рет жүрелеп отырды. Магда оған қарап қатал түрде басын шайқады — қауіпті ойын, Горн қуанышын жасыра алмаған бала сияқты құтырып кетті. "Мынау сенің жатын бөлмең, ал мынау менікі, — деді есіктерді кезек—кезек ашып. "Неге бірге емес?" — деп сұрады Кречмар мұңайып. "Бруно, сен білесің ғой дәрігердің не айтқанын..." Олар барлық жерде болып шыққаннан кейін (Горнның бөлмесінен басқасында), енді ол Магданың көмегінсіз, кері қарай жүріп, рет—ретімен өзі аралап шыққысы келді. Бірақ ол бірден шатасты да, қабырғаға соғылып қол жуатын шыныны сәл болмағанда сындырып ала жаздады. Сонан кейін ол түкпірдегі бөлмеге соғылды (ол Горнның бөлмесі болатын), оған тек дәліз арқылы кіруге болатын, бірақ ол әбден шатасты да, өзімнің жатын бөлмемнен шығып келе жатырмын деп ойлады. "Сенің бөлмең бе?" —деп сұрады ол есікті сипалап. "Жоқ, жоқ, бұл шолан, — деді Магда. — Сен, құдай үшін, есіңе тұтып ал, әйтпесе, басыңды соғып аласың. Саған осылай көп жүруге бола ма екен өзі, —бұлай қыдыруды бұдан былай қысқартамыз бұл тек бүгін ғана..."

Кречмардың өзі де діңкелеп қалып еді. Магда оны орнына жатқызды. Ол ұйықтап кеткен кезде, Магда Горнға келді. Үйдің акустикасын әлі біле қоймаған олар сыбырласып сөйлесті, олардың дауыстап сөйлесулеріне де болар еді. Кречмардың жатын бөлмесі едәуір алыста болатын.

34

Кречмар алай—дүлей боп соқпаққа түсіп шапшаң бұрылып кеткеннен кейін, Зегелькранц өзінің бәле әкелген қара дәптерін құшақтап қайың астында отырып қалды да, ой азабына түсті. Сөз жоқ, Кречмар өзі суреттеп жазған сол ерлі—зайыптылармен бірге сапарлап жүрген болды, ал олардың ғашықтық сөздері Кречмар үшін сұмдық жаңалық болып шықты, — Зегелькранцтың бар ұққаны осы ғана, бірақ аса бір өрескел оспадарлық жасағанын, барып тұрған оңбағандық әрекетке барғанын жан—тәнімен түсінген ол, тісінің арасынан ыңырсыған дыбыс шығарып, беті әжім—әжім боп, бейне бір шоқ ұстап алғандай қолын сілке береді. Мұндай әрекетті түзей алмайсың: Кречмарға кешірім сұрап барса қайтеді, өзінің серіктесін мылтықпен жаралап алса, оған серігі "айыптысың" деп айта алмайды ғой.

Енді Зегелькранцқа өзінің жазғаны әдебиет емес, лағынет атқыр шындықты бұрмалап, ішіне құйтырқы сөздермен сұмдық жасырған дөрекі домалақ арыз боп көрінді. Өмірді бұлтақсыз дәл көрсетіп беруім керек деген мақсаты, күні кеше ғана оған, өтіп бара жатқан өмірдің бір сәттік бейнесін қағаз бетінде ұстап қала алатын бірден — бір шынайы әдеби әдіс боп көрінген стилі, енді, міне, соншалықты доғал, соншалықты талғамсыз болып шықты. Жазғанының осыншалықты дөрекі, осыншалықты доғал боп шыққан себебі, өзінің тиянақты ережесінен ауытқып кеткенінен көрді, өйткені ол қарғыс атқан вагондағы адамдарды тіс дәрігерінің қабылдау бөлмесіне көшіріп апармай, Monsieuz Lhomme тіс дәрігерінің қабылдау бөлмесін сол қалпында бейнелегенде, онда әлгі түкке керегі жоқ еркек пен әйел ол санатқа кірмеген болар еді деп өзін—өзі жұбатқысы келді. Бұл бірақ жалған, әдеби жұбату еді, өйткені оның мәні анағұрлым қатерлі, жиіркенішті болатын: сөйтсе, өмір деген, кім оны сол қалпында қағазға түсіргісі келсе, сол адамды жазалайтын болса керек, — ондайда өмір кілт тұра қалып, жабайы ишарамен бүйіріңе түртіп қап: "Ал, қане, қара маған, егер саған ауыр және жиіркенішті болса, онда мені кінәлама", — деп тұрғандай. "Әттеген— ай, бір—біріне дәл келе қалғанын қарашы" — деді өзіне—өзі Зегелькранц, бұл жерде біріне—бірі дәл келетіндей айрықша ештеңе жоқ екенін біле тұра, әлгі ойына іштей қарсылық білдіріп, әсіресе, ең таңғаларлығы, оның басынан мұндай нәрсе бұрын—соңды өтпеп еді, мәселен, ол негізінде бір жап—жас қыздың соңынан жарты жыл бойы қалмады да, ол қызды кейінірек өзінің көп сөзділеу бір новелласында ештеңесін қалдырмай суреттеген—ді, бірақ сол үшін ол қыздың әкесі мұны таяққа жыққан жоқ қой.

Кречмармен кездесудің ыңғайы келмеді, өйткені Зегелькранц өте бір ашушаң, ызақор жан еді де, әлгі оқиғалардан кейін Ружинарды сол күні—ақ тастап, шығыс Пиренейдің алқабында бір ай бойы жүріп алды. Бұл оны ептеп сабасына түсірді. Енді ол сол оқиға соңы ешқандай да бір сорақылыққа апармаған шығар, бәрі қалпына келген шығар деп ойлай бастады. Ол Ружинарға келгеннен кейін, бойына бір, сирек болатын, батылдық енді де Кречмарды табам деген оймен бірден қонақ үйге тартты. Ол онда бір танысымен (ол құс тұмсықты, қара шарпы Monsieuz Martin болатын) кездейсоқ сөйлесіп тұрып Кречмардың бұл жерден қашқандай боп кетіп қалғанын, онан кейін апатқа ұшырағанын білді. "Ол онда өзінің мекиенімен, өзінің әдемі тырнасымен тұрды, ал ол тырнасы аргентиналық па, әлде венгр ме, не Корн, не Горн деп аталатын тұнжыраған бір суретшімен әуейі болды", — деді Martin бәрін білетініне мәз болған қалыппен.

Сонан кейін ол бірден Ментонға тартты, госпитальдағылар нақсүйері оны Швейцарияға ма, Германияға ма, әйтеуір, бір жаққа алып кеткен деді. Зегелькранцтың жүйке тамырларының шиыршық атқаны сонша, енді ол жынданудың сәл—ақ алдында еді. Қолжазбасын асыға—үсіге, бар күшімен жыртам деп саусағын шығарып ала жаздады, түнімен құбыжықты түстер көретін болды; бас сүйегінің жартысы жоқ, қызыл жіптерге ілініп салбырап тұрған көзімен оған қараған Кречмар иіліп сәлем береді де "Рахмет, ескі дос, рахмет", — дейді. Ружинарда қалу мүмкін болмады. Осы бір жанын жеген мазасыздық ақырында оны Берлиннен бір—ақ шығарды.

35

Кречмар оны соншалықты түршігіп, жеккөрінішпен еске алып жүр деп Зегелькранц қателескен еді. Кречмар оны мүлде есіне алған емес, өйткені ол өзін сол бір адам төзгісіз әрі—сәрі, қатерлі шаққа оралуға тиым салған—ды, — сол бір бүлкілдеп ағып жатқан бұлақ жанындағы саялы жотаға... Тып—тығыз барқыттан жасалған қапқа айналған ол, ой мен сезіміне қайырым мен мейірім құйып алып еді. Қараңғылықпен тұмшаланып алған Кречмар, сол бір бас айналдырар бұрылыста үзіліп қалған әрі ғажап, әрі азапты кешегі алқызыл өмірден өзін алшақ ұстады. Егер өткенді еске алу керек болса, одан тек үзік—үзік миниатюраларды ғана сұрыптап алатын: Үстіне ою—өрнекті алжапқыш киген Магда портьерді көтеріп жатыр, жарқ—жұрқ қолшатыр көтерген Магда шұғыладан қып — қызыл боп жатқан шалшықтарды аттап өтіп барады, айна алдында тыр жалаңаш тұрған Магда тоқаш жеп тұр, трико киген, немесе қолы күнге тотыққан Магда құбылып көрінетін сәнді көйлек киген. Сонан кейін ол әйелін ойлады, Аннелизамен бірге тұрған оның өмірі жұмсақ ақшыл сәулемен көмкеріліпті, сол бір сүт тұман ішінен анда—санда бір ыстық сәттер жарқ ете түседі — шам жарығынан нұрлана көрінетін ақшыл шаш өрімі, картиналарға түскен сәуле, қызы ойнайтын шыны шар, — тағы да — сүт тұман ішінде тып—тыныш қалқып бара жатқан Аннелиза. Өткен өмірдің бәрі, тіпті оның ең бір мұңлы, ең бір ұятты сәттеріне дейін алдамшы әшекейлерімен тұмшаланып қалған екен, сол тұста ол перденің арғы жағында өмір сүрді де, қазір көрініп тұрған шырғалан — шыңырауды байқай алмап еді. Айтып айтпай не керек, ол өзінің құдай берген қырағы көзінің мүмкіндігін толық пайдалана алды ма екен. Енді қазір ол шошына есіне алып отыр, сөйтсе, ол табиғат ішінде өмірбақи жүргенде, емен мен раушаннан басқа, бірде—бір ағаш пен гүлдің, қарға мен торғайдан басқа бір құстың атын білмейді екен. Байқаса, Кречмардың өзі де, бір кезде жеккөре қараған тар мамандық иелерінен, тек машинасын жүргізуді білетін жұмысшыдан, немесе музыкалық аспаптан басқа ештеңе ұқпайтын орындаушыдан өзге болмапты. Кречмардың мамандығы, шынын айтқанда, сұлулыққа құштарлық қана болыпты. Оның тапқан табысы Магда еді. Енді сол Магдадан қалғаны дауыс, көйлегінің сыбдыры, әтір иісі — Магда енді, бір кезде өзі алып шыққан, сол бір қараңғылыққа қайта оралды (шағын кинозалына).

Кречмар өзін—өзі иманды талқы—таралғылармен жұбата алмады, сондай—ақ ол, тән соқырлығы жан көрегендігін тудырады деп өзінің көңілін иландыруға қауқары жетпеді. Магдамен бақытты, терең, таза өмір сүріп жатырмын деп өзін—өзі алдап босқа әлек болды. Әрине, мұндай берілгендік адам жанын тебірентіп, толқытатыны сөзсіз, — көзге көрінбейтін Магда, сабасына қайта түсіретін оның даусы... Бірақ ол, оған өзінің алғыс сезімін білдіргісі кеп, оның дірілдеген қолын ұстаса—ақ, сол сәтінде оны көргісі кеп кететіні де, тұла бойынан бүкіл мораль атаулыны ысырып тастайтын ессіз құштарлық көтеріліп, беті дір—дір етіп, жарықты тудыра алмай азапқа түсетін. Бүкіл толқып—тебірену саған зиян деген сылтауға сүйеніп алған Магда, оған қолымен тиюге мүлде тыйым салды, солай бола тұра, ол оны кейде ұстай алатын, ондайда ол Магданың басын, денесін сипап ештеңе көрмесе де, әлдебір құштар сезім сезінетін. Онымен бір бөлмеде болуды қалайтын Горн, оның әр қимылын қалт жібермей бағып отыратын. Магда соқыр жанның кеудесіне жатып, оған тілін шығарып оны мазақ ететін, ал Кречмардың жүзі мұндай кезде нұрланып сала беретін. Бірақ Магда оның құшағынан шұғыл босап шығып терезе алдында отырған ақ шалбарлы, жалаңаяқ, кеуде жағы жалаңаш Горнға жетіп баратын, — арқасын күнге күйдіру оған қатты ұнаушы еді. Пижама мен халат киген Кречмар креслода шалқайып отыр; сақал—мұрты өсіп кеткен, қабағындағы терең сызат күлдіреп қызарып көрінеді, — ол осы отырысымен сақалды тұтқынға ұқсайтын. "Магда, қайта кел", — деді ол жалбарына қолын созып. "Саған зиян, саған зиян", — деді ол Горнның түкті арқасын сипап тұрып. Кречмар айтқанынан қайта қоймады, ұмтыла түсіп көзін қайта—қайта сүртті. "Мен сені керек етіп тұрмын, — деді ол. — Екі ай болды, бұл әлдеқайда зиян... (бұл жерде өздері ойлап тапқан, үйшілік ғашықтық, сөз айтылады). Горн Магдаға көзін қысты. Ал ол саусағымен маңдайын шұқып, сиқырлана күлді. Кречмар көкек құсап, шақыруын қояр емес. Кейде тәуекелді сүйетін Горн аяғының ұшымен оған жақындап барып оған саусағының ұшын тигізді. Кречмар оны Магда деп ойлап ышқынған дыбыс шығарды, ал Горн дыбыс білдірмей кейін шегініп, арқасын қыздыру үшін қайтадан терезе алдына барып отырды, "Бақытым менің, жалынамын саған", — Кречмар алқына дем алып креслодан көтеріліп оған қарай жүрді. Терезе алдында отырған Горн аяғын тартып ала қойды. Магда Кречмарға ашуланып, егер ол мұны тыңдамайтын болса, оны мүлде тастаймын да, қазір кетіп қаламын деп қорқытты, ал Кречмар айыпты жандай күлімсіреп, қайтадан креслосына барып отырды. "Жарайды, жарайды, — деді ол ентігін басып. — Онда маған бірдеңе оқып бер — газет болса да. Ол тағы да көкке қарады. Горн жайлап диванға барды да, Магданы тізесіне отырғызды, ал ол газетті айқара ашып дауыстап оқи бастады, Кречмар көзге көрінбейтін шиені жеп, оның көзге көрінбейтін сүйегін алақанына салып жатыр. Тып—тыныш, айрықша бейбіт картина. Горн газет оқып отырған Магданың ернінің қозғалысын ернімен үнсіз қайталап оның күлкісін келтіреді, немесе оны құлатып алатындай қимыл жасайды, ондайда Магданың даусы құнығып шығады".

"Иә, бәлкім, бұл жақсылыққа шығар, — деп ойлады Кречмар. — Біздің махаббатымыз қазір қатал, сабырлы, рухани биік. Мені осы уақытқа дейін тастап кетпегені, оның сүйетіндігі. Бұл жақсы, бұл жақсы". Кенет ол, аяқ астынан, дауыстап жылап, қараңғылықты қолымен жыртып, оны үшінші, төртінші, әйтеуір басқа профессорға алып бар, мейлі азапқа түсейін, мейлі операция жасасың, не болғанда да менің керуім керек деп жалбарынады... Горн есінеп алды да үстел үстіндегі вазадан бір уыс шие ап баққа кетті.

Бірге тұрып жатқан алғашқы күндері Горн мен Магда кейбір қалжыңды әрекеттер жасаса да, негізінен, аса сақ боп жүрді. Ол не жалаңаяқ, не киіз сүйретпе киетін Өзінің есігінің алдына, сақтық үшін, арасынан Магда түнде өтіп кете беретіндей етіп, жәшіктер мен сандықтардан баррикада жасап қойды. Кречмар үйді алғаш аралап шыққаннан кейін бөлмелердің орналасуына көңіл аударуды қойған—ды, бірақ жатын бөлме мен кабинетті әбден зерттеп еді. Магда оған барлық бояуларды суреттеп берген — көгілдір қабырға қағазы, сары абажұр — бірақ ол Горнның үйретуімен барлық бояуларды ауыстырып айтып еді: соқыр адамның Горнның айтуымен өз әлемін ойша жасауы, Горн үшін қызық еді. Өзінің бөлмесінде отырған Кречмар, жиһаздар мен заттарды көріп отырғандай әсерде болатын да өзін неғұрлым қауіпсіз сезінетін. Кейде ол баққа барып отырған кезде, айналасының бәрі түпсіз құрдым сияқты боп көрінетін, өйткені ол орта сөзбен суреттеп бергенге сыймайтын тым үлкен, тым кең, тым шулы еді.

Ол тыңдап, қимыл—қозғалысты дыбысынан айырып өмір сүруге тырысты, көп ұзамай Горнға кіріп—шығу қиынға соқты; есік ешқандай сықырсыз ашылса да, Кречмар бәрібір сол жаққа жүзін бұрып ала қоятын да "Магда, бұл сен бе?" — дейтін. Магда басқа бұрыштан үн қатқанда, ол құлағының алаңғасарлығына ренжіп қалатын. Ол құлағын бұрынғыдан сақ тіккен сайын, Магда мен Горн сақтықтарын босаңсытып алған күндер басталды, — олар әбден еркінсіп кетті. Енді Горн оған аса қадірлеп қарап отыратын қарт Эмильмен бірге кухняда тамақтанбай, Магда мен Кречмармен бірге бір үстел басында, Магданың дауыстап сөйлегенін пайдаланып, бір артық дыбыс шығармай, фарфорға қасығын тигізіп алмай аса ептікпен ішіп—жеп алатын.

Бірде ол шашалып қалды. Магдаға шыныаяғына кофе құйып отырған Кречмар, дөңгелек үстелдің қарсы бетінен бір түрлі дыбыс есітті — адамның тұншығып шыққан демі. Магда шұғыл сөйлеп қоя берді, — бірақ ол оны тоқтатып. "Бұл не? Бұл не?" — дей берді. Горн бұл кезде өзінің тарелкесін алып, аяғының ұшымен басып сыртқа бара жатқан; алайда жартылай ашық тұрған есіктен шыға бере шанышқысы түсіп кетті. "Бұл не? Анда кім?" —деп қайталады Кречмар. "Эмилия ғой, неге сонша мазаң кетті". — "Ол мұнда ешуақта кірмейді ғой..." — "Бүгін кірді". — "Менде есіту галлюцианациясы басталды ма деп ойладым, — деді Кречмар айыпты адамдай. — Мәселен, кеше маған дәлізбен біреу жалаңаяқ жүргендей боп көрінді". "Бүйте берсең жынданып кетесің ғой", — деді Магда қатқыл үнмен.

Күндіз ол Горнмен бірге қыдыруға кетеді. Газет алу үшін поштамтқа, немесе сарқырамаға барады. Бірде бұралаңдаған соқпақпен жоғары көтеріліп келе жатқанда Магдаға Горн: "Сен бұдан былай үйленейік деп құлағының етін жей берме. Егер сен менің сөзіме сенсең, ол енді өзінің тастап кеткен әйелін әулиелер қатарына қосып қойды. Одан да сен оның жарты байлығына ие боп қалуға тырыс, соның өзі үлкен жеңіс".

"Ақша, көп ақша", — деді Магда ойлы қалыпта.

"Иә, оның жанып кетуі де мүмкін. Чекпен бәрі дұрыс келе жатыр. Ол ойланбай қол қоя салады. Бірақ тым асыра сілтеп жібермеу керек. Қыс түсе оны тастап кетуіміз керек. Оның алдында, оған құрмет көрсеткендей боп ит сатып алған жөн".

"Тыныштал, — деді Магда. — Тасқа келдік".

Айналасын шырмауық басып кеткен қойға ұқсас осы бір үлкен сұрғылт тас шекара боп саналады, одан әрі қарай дауыстап сөйлесуге болмайды. Олар үн—түнсіз жүріп келіп, бірер минөтте баққа жақындап қалды. Тиінді көрген Магда күліп жіберді. Горн оған таяқ лақтырды, бірақ тимеді. "Олар ағаштарға зиян келтіреді екен", — деді Магда баяу ғана. "Ағаштарға кім зиян келтіреді?" — деп дауыстап сұрады Горн.

Кречмар бақ алаңқайына алып баратын соқпақтың тас басқышында, бұталардың арасында тұр еді. "Магда, сен анда кіммен сөйлесіп тұрсың?" — деді де, үндемей қап, таяғын түсіріп алып, отыра кетті. "Неге сен алысқа шығып кеткенсің?" — деп Магда оны орнынан дөрекілеу қимылдап тұрғызып жатты; алақанына батып, жабысып қалған тастарды қағып жатты. "Мен тиінді ұстап алмақ болдым, — деді Магда түсіндірген боп. — Ал сен не ойладың?" — "Маған... — деп айта бастады Кречмар. — Кім бұл?" — деп ол кенет шұғыл айқайлап жіберді де шөптерді басып жайлап жүріп бара жатқан Горн жаққа қарап. "Ешкім де жоқ, мен жалғызбын, не сонша жынданып тұрсың" — деген Магда шыдай алмастан Кречмардың қолынан салып қалды. "Мені үйге алып жүр, — деді ол жыларман боп. —Мына жер тым шулы екен, ағаштар, жел, тиіндер. Айналада не болып жатқаннан хабарсызбын... Сондай шулы".

"Мен енді сені жауып тастайтын болам", — деді ол оны ызалана арқасынан итере түсіп.

Кәдуілгі кеш түсті. Магда мен Горн диванда қатар жатып темекі тартып, ал олардан таяқ астам жерде креслода байғыз құсап отырған Кречмар лайлы көгілдір көзімен оларға қадалып қалыпты. Магда, оның сұрауы бойынша өзінің балалық шағы туралы әңгіме айтып отыр. Ол ұйықтауға ерте кетті, әрбір текпешектің өзіне тән дара белгілерін табаны мен таяғы арқылы ұғып алайын дегендей ұзақ көтерілді. Түн жарымында ол оянып кетті де, шынысыз арзанқол қоңыраулы сағаттың бетін сипалап уақыттың қанша екенін білді: бір жарым. Бір түрлі мазасыздық. Кейінгі кезде ол сықырлауықтың азабымен күресуге көп көмек беретін маңызды, жақсы ойларға ақылын жинақтай алмай—ақ қойды. Ол жатып ап ойға шомды: "Не болды екен? Аннелиза? Жоқ, ол алыста. Ол бұның соқырлығын ең түбінде, сол бір сүйкімді мұңлы жанды орынсыз мазалаудың қажеті жоқ. Магданың тыйым салуы ма? Бұл да дұрыс емес. Бұл уақытша ғой. Шынында да оған зиянды. Енді Магдамен рухани қарым—қатынас орнатуға үйрену керек. Бас тарту оған да оңай деймісің... Не болды екен?"

Ол төсектен тұрып Магданың есігінің алдына барды. Есік кілттеулі екен, ал дәлізге соның бөлмесі арқылы ғана өтесің. "Ақылын қарашы" — деп ойлаған ол, оның қалай дем алып жатқанын есітпек боп есікке құлағын тосып еді, бірақ ештеңе естілмеді. "Құлаққа ұрған танадай тыныштық, — деді ол сыбырлап. — Оның басынан бір сипап қайтып кетер едім. Мүмкін кілттеуді ұмытып кеткен шығар. Онша үміттенбесе де, итеріп көрді. Жоқ, ол ұмытпапты.

Ол кенет бозбала кезінде, қапырықты жаздың бір кешінде, Ресейдегі усадьбаның бірінде қызметші әйелдің бөлмесіне (ол мұның жағынан шапалақпен тартып жіберіп, қуып шыққан) карниз арқылы түскен еді", — бірақ ол онда жеңіл, шапшаң және көзі көретін. "Неге байқап көрмеске? — деді ол әлдеқандай балалығы ұстап. — Азар болса, құлап кетермін. Енді бәрібір емес пе? Ол өзінің таяғын тауып ап, терезеден басын шығарып, таяғымен карниз бойын байқап көрді, сонан кейін оны жоғары—төмен жүргізді, келесі терезеге тиіп кеткен болу керек, ол сыңғыр ете түсті. "Қалай қатты ұйықтайды, менің көңілімді табам деп шаршайтын болу керек". Таяғын кері тартып ала бергенде, ол әлденеге ілініп қалды да қолынан шығып кетіп төменге әлсіз ғана дыбыс шығарып түсті, тартылыс заңы ғой, оның үстіне терезе бірінші қабатта емес, екінші қабатта. Терезе жақтауынан ұстап, карнизге шықты, су жүретін құбырды сипалап, оның иінді тұсынан аттап өтіп, бірден екінші жақтаудан ұстай алды. "Оп—оңай екен ғой" — деді ол мақтаныш сезіммен. "Ал, Магда" — деді ол ашық терезеден түсіп бара жатып. Ол тайып барып баққа құлап кете жаздады. Жүрегі дүрсілдеп кетті. Терезеден асып әлденені итеріп жіберді, кітап болса керек, еденге дүрс ете түсті. Кречмар аял етті. Жүзінен тер сорғалап тұр, алақанына жабысқақ бірдеңе жабысып қалған, — ағаштың сағызы — үй қарағайдан қиып салынған. "Магда, Магда!" — деді ол жымиып. Тып—тыныш. Ол төсекті тауып алды, төсек әлдеқандай бір тоқымамен жабылған екен.

Кречмар төсекке отырып aп ойлана бастады. Егер төсек ашық болса, онда іші ауырған болар еді де, қазір қайта оралар еді. "не болғанда да күтейік", — деп күбірледі ол сәлден кейін ол дәлізге шығып, тың тыңдады. Оған алыс бір түпкірден ыңырсыған дауыс естілгендей болды, — шиқыл ма, сыбыр ма. Оны үрей билеп алды да, қатты айқайлай бастады: "Магда, сен қайдасың?" Түсініксіз тыныштық. Бір тұстан әлдене тарс ете қалғандай болды. "Магда, Магда!" — деп айқайлаған ол дәлізді бойлап бара жатты. "Иә, иә, мен мұндамын", деген оның сабырлы даусы шықты. "Не боп қалды, Магда? Сен әлі күнге дейін жатпай жүрсің?" Екеуі соқтығысып қалды — дәліз қараңғы еді, Кречмар оның тыржалаңаш екенін білді. "Мен әдетте күн барда жатам, — деді ол. — Әдеттегідей таңертең". — "Қазір түн ғой, — деді ол тұтыға сөйлеп, — мен түк түсініп тұрғам жоқ, Магда. Бұл жерде бірдеңе бар. Қазір түн. Мен сағат тілдерін ұстап көрдім. Қазір бір жарым". — "Бос сөз. Қазір сағат алты, таң атып келеді. Сенің сағатың бұзылып қалған. Сен қалай шығып кеткенсің, соны айтшы?" — "Магда, шынымен таң атып кеткен бе? Шын ба?" Магда оған кенет жақындап келді де оның мойнына орала кетті. "Таң атып кетсе де, — деді ол сыбырлап қана, — егер сен қажет етіп тұрсаң Бруно, мен саған мүмкіндік берем..."

Магда үшін бұл, әpi ауыр, әрі ең дұрыс жол еді. Кречмар ауаның әлі дымқыл екеніне де, құстардың әлі сайрамағанына да көңіл аударып үлгерген жоқ. Алпыс екі тамырын иіткен ләззатты сәт туды да сонан кейін ол түске дейін қалың ұйқыға кетті. Ол оянған кезде Магда оның терезеден терезеге асып ержүректікпен асып түскені үшін жер—жебіріне жетіп ұрсып, оның мұңлы жымиысын көріп одан сайын ашуланды да, жағынан салып қалды.

Күндіз қонақ бөлмеде отырып aп, таңертеңгі бақытты сәтті есіне ап, енді оның қанша күннен кейін қайталанатынын болжай бастады. Кенет ол біреудің жөтеліп қалғанын есітті — бұл Магда емес еді, — ол бақта болатын. "Бұл кім?" — деді ол. Ешкім жауап берген жоқ. "Тағы да есіту елесі" — деп ойлады Кречмар мазасызданып, кенет ол түнде неге өзіне—өзі келе алмағанын түсінді, — иә— иә, осы бір кездейсоқ дыбыстар, сыбдыр, дем алу, жылжып жүретін аяқ дыбысы.

"Айтшы Магда, — деді Кречмар, ол қайтып оралғанда, — Эмилиядан басқа бұл жерде ешкім болмай ма? Сен анық білесің бе?" — "Ақымақ", — деді ол қысқа қайырып.

Бірақ бірде саналы ой оның тынышын мүлде қашырып жіберіп еді. Ол қабағын қарс түйіп ап бір жерде күні бойы тапжылмастан отырып aп тың тыңдаумен болды. Горн оның мұнысын қызық көрді де, Магданың сақ болайық деп жалынып—жалбарынғанына қарамастан, ар—ұяттың бәрін жинастырып қойып, Кречмардан екі адым жерде отырып aп, құстардың даусына сап ысқыра бастады, Магда амалсыздан Кречмарға, бір құс терезе жақтауында отырып ән салып жатыр деп түсіндіруіне тура келді. "Ұшырып жіберші", —деді Кречмар тұнжырап. "Өйт, өйт", — деді Магда Горнның аузын алақанымен басып жатып.

"Сен тыңдашы, — деді бірнеше күннен кейін Кречмар, — менің Эмилямен сөйлескім келеді".

"Қажеті жоқ, — деді Магда. — Ол бір барып тұрған ақымақ, оның үстіне сенен өлердей қорқады".

Кречмар екі минөттай қатты ойланып қалды.

"Мүмкін емес", — деді ол баяу ғана, әp сөзін бөліп—бөліп.

"Бруно, не мүмкін емес?"

"Жә, бос сөз, — деді ол қабаржып, — бос сөз ғой".

"Магда, деймін, — деді ол сәлден кейін, менің сақал—мұртым қатты өсіп кетті, деревнядан шаштараз шақырсаң қайтеді".

"Қажеті жоқ, — деді Магда. — Саған сақал қатты жарасады".

Кречмар, Магда емес, бірақ Магданың қасындағы біреудің тыжырына мырс еткенін естігендей болды.

36

Макс оны кеңсесінде қарсы алды. "Мені ұмытып қалған болуыңыз керек, — деді Зегелькранц. — Мен сізбен бұдан сегіз жыл бұрын Бруноның, Кречмардың үйінде кездескенбіз. Айтыңызшы, ол қазір осында ма? Сіз ол туралы бірдеңе білесіз бе?"

"Цюрихтің маңында, — деп жауап берді Макс. — Сонда екенін кездейсоқ білдім, біздің банкіміз ортақ, соқыр болып қалыпты, басқа ештеңе білмеймін".

"Дәл солай! — деп айқайлап жіберді Зегелькранц. — Көрсоқыр боп қалған. Олай боп қалуына менің де кесірім тиді ме деп ойлаймын. Ертеректе екеуміздің арамыз өте жақын болды. Кабактарда, құдай сақтасын, сағаттар бойы отыратын ек, — сурет әлемін жанындай жақсы көрді! Ал енді, өзіңіз ойлаңызшы, онымен шағын бір станцияда кездесе қалдық, мен оны жалғыз өзі сапарлап жүр деп ойладым, менің тіпті басыма келмепті..."

"Кешіріңіз, — деді Макс. — Мен сізді онша түсініп отырғам жоқ. Сіз онымен тура апат алдына кездестіңіз бе?"

"Дәл солай. Дәл солай. Бірақ өзіңіз ойлап қараңызшы, мен қайдан білейін, ол өзінің әйелін..."

"Егер рұқсат етсеңіз, — деді оның сөзін бөліп Макс, — бұл әңгімені мүлде алып тастайық. Менің қарындасыма оның не істегенін аузыма алғым келмейді. Әрине, тағдыр оны жазалаудай—ақ жазалады. Мен оны аяймын, қатты аяймын. Біз оның апатқа түскенін газеттен оқыған кезде... — әй, оның несін айтайын. Енді менің қарындасымның оған баруына да, оның қасында күтуші боп отыруына да қарсымын. Бұл болмайтын мәселе! Сіздің егер қарындасыммен сөйлесер ойыңыз болса, ол да болмайтын мәселе! Ол енді ғана сабасына түсіп келеді — қайтадан ушықтырып алуға болмайды. Кречмар сізді маған босқа жіберіп отыр — мен онымен ешқандай келісім де, келіссөзге де бармаймын, бәрі біткен, біткен".

"Ешкім мені сізге жіберген жоқ! — деп Зегелькранц айқайлап жіберді, — сіз неге менімен бұлай сөйлесіп отырсыз? Түсініксіз. Сіз ең бастысын білмейсіз ғой. Онымен бірге бір таныс суретші сапарлас болған, аты—жөнін қазір ұмытып тұрмын, — Берг, жоқ Берг емес, —Беринг, Геринг..."

"Горн емес пе?" — деді Макс тұнжырап.

"Иә, иә, әрине, Горн! Сіз оны..."

"Атақты, — теңіз шошқасын модаға шығарған. Нағыз жексұрын мырза. Мен оны екі рет көргем. Бірақ оның бұл жерде не қатысы бар?"

"Мен сіздің бұл іспен толық хабардар емес екеніңізді көріп тұрмын. Түсініңіз, сол әйел мен сол суретші Бруноның сыртынан..."

"Сорақылық. Доңыздық", — деді Макс.

"Енді көз алдыңызға келтіріп көріңіз: Бруно бәрін біледі. Қалай білгені жөнінде мен сізге айтып бере алмаймын, — ол өзі бір сұмдық нәрсе, көркемдеп жеткізу, бірақ оның білетіні анық, одан әрісін бейнелеп жеткізіп бере алмаймын, — ол әлгі қызды автомобильге отырғызып алады да бұралаңдаған шоссеге түсіп ап, сағатына жүз шақырымдық жылдамдықпен заулап, құламаға тура тартады, — өзін де, оны да өлтіргісі келеді... Бірақ ойлағаны іске аспайды: қыз аман, өзі соқыр боп қалады. Сіз енді түсіндіңіз бе?.."

Үнсіздік.

"Иә, бұл мен үшін жаңалық", — деді ақырында Макс. — Бұл мен үшін жаңалық. Ал анау құйыршық қайда кеткен?"

"Белгісіз, бірақ ол акула сияқты, олардың соңынан кеткен деп ойлауға негіз бар. Енді сіз өзіңіз ойлап қараңыз: адам соқыр боп қалады, бірақ айналасының бәрі опасыздық екенін біледі, амал не, қолдан келер шара жоқ. Бұл енді тік тұрғызып қойып азаптау ғой! Бірдеңе істеу керек шығар, мұны былай қалдыруға болмайды".

"Ол онда көп ақша жұмсап жатыр, — деді ойланып қалған Макс. — Бәлкім, ерекше ем жасап жатқан шығар. Әлде... — иә, ол мүлде қорғансыз. Сіз оған барып, не жағдай екенін біліп беріңіз".

"Мен бұған құлшына кірісер ем, — деді Зегелькранц, — бірақ әңгіме онда емес. Менің денсаулығым әбден бұзылған, ондай нәрсені көтере алмайды. Жылы түстікті тастап, онсыз да, тәуекел етіп келіп отырмын. Менің Бруномен кездесуім, мен үшін қатерлі, —сондықтан маған сіз барыңыз деп салмақ салмаңыз. Менің тек сізді хабардар еткім келді. Сіз өте сақ, байыпты адамсыз, — өтінем, сіз өзіңіз барыңыз. Мен сізге өз адресімді қалдырам, бәрін айтып хат жазарсыз. Айтыңызшы, барам деңізші?"

"Амал жоқ, — деді Макс тұнжыраған қалпы, — менің тек қорқып отырғаным, осының бәрін сіз тым асыра айтып отырған жоқсыз ба, дәлірек айтқанда..."

"Яғни, барасыз, — деді оның сөзін бөліп Зегелькранц. — Қандай тамаша. Менің енді көңілім орынына түсті. Сеніңіз, маған бұл әңгіме өте ауыр болды. Менің кейінгі кезде қаншама азапқа түскенімді білсеңіз ғой..."

Ол риза боп, жүріп кетті. Кречмардың тағдырын берік қолға тапсырды да, Берлинге барған ержүректік сапары арқылы, өзінің еркінен тыс болған айыбын толығымен өтеді. Кім біледі, бүгін де емес, әрине, ертең де емес, әйтеуір бір күні, әйтеуір бір күні (мәселен, бір айдан кейін дейік) осы бір оқиғадан жота басындағы сылдыpaп аққан бұлақ жанындағы шабытты жазушы мен оның досы екеуі оқып отырған сәтті бейнелейтін бір нәрсе, тағы тағылар, тағы тағылар тауып алады. Тамаша ойлар, таза ойлар.

Макс үйге келгеннен кейін, көңілді жүрген боп, Аннелизаға қыдырып қайтсақ қайтеді деді. Күн көзі ашық кеш болатын, еркектер балкондарда жеңіл киініп отыр, аспаннан анда—санда аэропландардың даусы шығады. "Мен жақында бір жұмыспен жүріп қайтпақпын" — деді Макс. Ол оған, бір кезде Спорт—Паластан Ирма екеуі қайтқан кезде қараған көзбен қарады да, Макс амалсыз көзін тайдырып әкетті. Олар үн—түнсіз көшенің мүйісіне дейін барды. "Иә, бұл дұрыс" — деді кенет Аннелиза. Макс жөткірінді. Олар сол көшемен қайта оралды. Келесі күні ол Цюрихке жүріп кетті. Ол онда автомобильге отырып, бір сағаттан кейін Кречмар тұрған жердің маңындағы деревняға келді. Ол почтамтка кіріп еді қызметші қыз — өте бір сөзуар екен, — саяжайға қалай бару керек екенін, Кречмар өзінің жиен қарындасымен және дәрігермен бірге тұратынын айтып берді. Макс аялдамастан әрі тартты. Ол, әрине, жиен қарындасының кім екенін білді, бірақ дәрігердің де бар екені оны таңғалдырып тастады, яғни Кречмарды жақсы қамқорлыққа алған. "Мүмкін, мен босқа келе жатқан шығармын, — деп ойлады Макс, — мүмкін ол, бәріне риза шығар. Жоқ, ақыры келгеннен кейін... Ең болмаса, дәрігермен сөйлесермін... Бақытсыз, өзіне—өзі ие бола алмаған байғұс, тас—талқаны шыққан өмір, осылай боларын кім болжапты..."

Магда таңертең Эмилиямен бірге шаруашылық істерімен деревняда жүр еді (мәселен, ақ жемпірге қызыл дақ түсіріп алғаны үшін кір жуушыны ұрсып алмақ). Макстың автомобилін ол көрген жоқ еді, бірақ газет алу үшін почтамтқа кіріп, жаңа ғана бір семіз кісі Кречмар туралы сұрап, солай қарай кеткенін білді.

Бұл кезде верандадағы шынылы есіктен күн нұры түсіп тұрған шағын қонақ бөлмеде Кречмар мен Горн бір—біріне қарама—қарсы отыр еді. Горн, енді қалған аз ғана күндерде, осы бір ойыншық тіршілік иесінің әбден қызығына бату үшін әдейі үйде қалатын. Бір аптадан кейін Берлинге барамыз деп шешкен—ді, ал ол жерде мұндағыдай қызыққа бата алмайсың, — тым қауіпті. Горн жиналмалы орындықта отыр. Күнделікті бақта немесе шатыр үстінде алып жүрген күн ваннасының әсерінен, оның қыранға ұқсайтын қара түкті арық, бірақ қуатты денесі сарғылт—кофе түстес болған еді. Аяғының тырнақтарының асты кір, әрі ойқы—шойқы. Жаңа ғана ол ас үйдегі суға басын жуған, содан да шашы жалтырап, жабысып жатыр. Ол қып—қызыл дүрдиген ерніне шөптің сабағын қыстырып ап, саусағында Магданың білезігі от шашқан қолын иегінің астына қойып Кречмардан көз алар емес, бейне бір, Кречмар да оған қадалып отырғандай. Кречмардың үстінде тышқан түстес сұр халат, сақал—мұрты басқан жүз қабарып кеткен. Ол құлағын барынша тігіп отыр, — кейінгі кезде ол осылайша құлағын тігеді де отырады, оның мұнысын әбден біліп алған Горн осы бір соқыр жанның бет—жүзінен сұмдық бір ойлардың белгісін байқамақ болып үңіле түседі, сөйтеді де рақат сезімге батады, өйткені мұның бәрі теңдесі жоқ карикатура еді, карикатура өнеріндегі асы бір биік шың. Сонан кейін Горн бұл қызықты ушықтыра түсу үшін, өз тізесін жайлап қана салып қалды. Дәл осы кезде бетін сипамақ болған Кречмардың қолы ауада асылды да қалды. Сонан кейін Горн оның жүзіне, жаңа ғана ернімен сорып отырған шөптің сабағын тигізді. Кречмар бір түрлі күрсініп қап, әлгі көрінбейтін шыбынды қағып жіберді. Горн оның ернін қытықтады, — қолымен тағы да қағып жіберу. Бұл бір күлкілі болды. Кенет соқыр әлденеден сақтана, қозғалып қалды. Горн басын бұрып, шынылы есіктен түрі таныс сияқты, автомобиль көзілдірігін қабағының үстіне көтеріп қойған, веранданың тас алаңқайында абдырап қатып қалған жүзі қып— қызыл семіз адамды көрді.

Горн, оған қарап, аузына саусағын апарып, қазір сыртқа өзім шығам деп ишара жасағанша, ол кісі есікті жұлқып ашып, ішке кіріп келді.

"Әрине, мен сізді білем. Сіздің аты—жөніміз Горн", — деген Макс, ентіге дем алып, өзінің осы бір жексұрын жалаңаш қалпынан бірде бір ұялып—қызармай әлі де саусағын ерніне қоюын қайталап, оның үстіне ыржиып күлгенін тыймай отырған жанға тіке қарап. Бұл кезде Кречмар орнынан тұрып кетіп еді, қабағыңның үстіндегі алқызыл бояуы бүкіл маңдайына жайылып кеткендей болған он, кенет айқайлай бастады, айқайы ешқандай мән—мағынасыз айқай еді, тек әлден уақыттан кейін ғана осы бір долы әлемтапырақ дауыстар белгілі бір сөздерге ие бола бастады. "Макс, мен бұл жерде жалғызбын, — деп айқайлады ол. — Макс, мені бұл жерде жалғыз отырсың де. Горн Америкада. Бұл жерде Горн жоқ. Мен мүлде су қараңғы соқырмын". — "Ақымақ", — деді Горн, қолын бір сілкіп басқышқа алып барар есікке қарай жүгірді. Макс кресло алдында жатқан таяқты алып, Горнды қуып жетті де — Горн бұрылып алақанын тосты — ғұмыры тірі мақұлыққа қол көтеріп көрмеген аса мейірімді Макс, бар күшімен Горнды басының құлақ шекесінен салып кеп жіберді. Ал ол әлі де кекесін күлкісін тыймастан секіріп түсті, — кенет күтпеген көрініс пайда болды: Горн, бейне бір күнәға батқан адам сияқты, тістері ақсиып қабырға жанында тұрған ол саусақтарымен жынысын жапқан болды. Макс оған тағы ұмтылды, бірақ тыр жалаңаш бәле сытылып кетті де басқышпен жоғары көтеріліп бара жатты. Осы сәтте Макстың ту сыртына әлдене құлап түскендей болды. Ол Кречмар еді — айқайлап тұрған ол қолына пресс—папье ұстап алыпты. "Макс, — деп тұншыға сөйледі ол. — Макс! Мен бәрін түсіндім, маған пальтомды бер, тезірек пальтомды бер, ол мына жердегі шкапта!" — Сары ма! — деп сұрады Макс, демікпесін баса алмай. Кречмар оның қалтасын қарап керегін тапты да, айқайын тоқтатты.

"Мен сені шұғыл түрде бұл жерден алып кетуім керек, — деді Макс. Халатыңды шеш, пальтоңды ки. Мына пресс—папьені қалдыр. Мен саған көмектесіп жіберейін. Құдайым—ау, бұлар саған не істеген. Мә... Менің қалпағымды ал, — түнгі туфлимен жүргенін ештеңе етпес. Жүр, жүр Бруно, анау төменде автомобиль тұр, — ең бастысы, бұл азап қамауынан кетуіміз керек!"

"Жоқ, — деді Кречмар. Жоқ. Мен алдымен онымен сөйлесуім керек, ол маған жақын, өте жақын келуі керек. Ол қазір келеді, күтейік. Менің тілегім осы, Макс. Ол бір—ақ минөтке созылады".

Бірақ Макс оны верандаға, сонан кейін баққа итеріп жүріп шығарды да, ол жерде жолда тұрған өзінің мініп келген автомобилін көріп айқайлап, қолын бұлғап шоферді шақырды. "Тек ол маған жақындап келуі керек, — деп қайталады Кречмар, — өте жақын келуі керек. Құдай үшін, ол осында ма? Мүмкін, ол, осы уақытқа дейін оралған шығар? Мүмкін, ол қасымызда келе жатқан шығар?"

"Жоқ, Бруно, сабыр ет. Жүрейік. Ешкім де жоқ. Тек анау тыр жалаңаш терезеден қарап тұр. Жүрейік, қарағым, жүрейік".

"Жүрем, — деді Кречмар. — Сен тек, оны көрсең, оны көруіміз әбден мүмкін. Онда сен оған кесір жасама, ол маған жақындасын, жақындасын".

Олар соқпақпен төмен үсіп келе жатты, бірақ бірер аттап Кречмар ес—түссіз құлап түсті. Макс оны әрең дегенде ұстап қалды. Ентіге—ментіге шофер да келіп жетті. Макс пен ол екеуі Кречмарды автомобильге алып барды. Осы кезде шағын арба да келіп жеткен еді, одан Магда секіріп түсті. Ол жүгіріп келіп, әлдене деп айқайлады, бірақ автомобиль артқа жүріп, оны сол болмаса, басып кете жаздап, бірден алға қозғалып, бұрылыстан айналып кетті.

37

Аннелиза сейсенбі күні Цюрихтен телеграмма алды да, ал сәрсенбі күні кешкі сағат сегіздер шамасында, ауыз үйден Макстың даусын, шабаданның жақтауға тарс етіп соғылғанын, аяқ дыбысын, абыр—сабыр жүріс—тұрысты есітті. Есік ашылып, Макс Кречмарды ішке кіргізді. Оның сақал—мұрты мұқият алыныпты, қара—көгілдір көзілдірікті, ақшыл маңдайында сызат ізі бар, бұрын көрмеген костюмі тым кең боп көрінеді. "Алып келдім", — деді Макс сабырлы үнмен, Аннелиза орамалын аузына басып үнсіз жылап жіберді. Кречмар сыбыс шығармай жылап жатқан жаққа қарап басын иді. "Жүр, қол жуайық", — деді Макс, оны бөлме арқылы алып бара жатып.

Сонан кейін үшеуі асханада отырып тамақтанды. Аннелиза күйеуіне қарауға үйрене алар емес. Ол, оның қарағанын біліп қоятын сияқты. Оның мұңлы салтанатты қозғалысы, ауаны қармап сипалайтын мәнері адам жанында ауыр аяушылық туғызады.. Макс Кречмармен баламен сөйлескендей сөйлесіп отырып, оған ветчина кесіп берді.

Оны Ирманың бұрынғы бөлмесіне орналастырды, — Аннелиза, осы бір аяқ астынан пайда болған жан үшін мүлгіп тұрған бөлмені жандандырып, ондағы заттарды өзгертіп бірін алып, бірін салып жүріп, соқырға ыңғайлы орналастырып жүргеніне таңғалды.

Кречмар үнсіз. Әлі Берлинге сапарға шықпай тұрып, сол Цюрихте ол дамылсыз Макстен Магданы бір минөттік кездесуге шақырып беруін өтінумен болды, оның бұл кездесуі бір минөттан аспайды деп ант—су ішумен болды; шынында да үйреншікті қараңғылықта ұстап ап, бір қолмен қатты қысып тұрып, екінші қолындағы "браунингпен" кеудесіне, немесе бүйіріне тақап тұрып бір, екі, тағы да, жетіге дейін ату соншалықты ұзаққа созылушы ма еді. Макс оның өтінішін орындаудан мүлде бас тартты, — ол ақырында амалсыз үндемей қалды да, Берлинге дейін жақ ашқан жоқ. Аннелиза оның даусын бірде—бір естіген жоқ, бейне бір ол, тек соқыр емес, мылқау да боп қалғандай.

Жібек орамалға оралған, ажал қазынасы дерлік ауыр қара зат пальтосының терең қалтасында жатыр еді. Ол вагонның дәретханасын жауып ап, "браунингті" шалбарының артқы қалтасына ауыстырып салды да, осында келгеннен кейін шабаданға тықты, шабаданның кілтін түнемелікке уысына қысып ұстап жатты да, бірақ таң ата көрген қуғын—сүргін, қым—қуыт түстен оны түсіріп ап ұзақ уақыт іздеумен болды, тұттай қараңғыда төсекті аударыстырып жүріп, ақырында тауып, шабаданын ашып "браунингті" шалбарының қалтасына, енді кілең өзімен бірге болсын деп, қайта салды.

Ол әлі тіл қатқан жоқ. Үйде Аннелизаның болуы, оның жүріс — тұрысы, оның сыбырлап сөйлескені (ол неге екені белгісіз қызметші әйелмен де, Макспен де сыбырласып сөйлесетін болды), бәрі де ол туралы естелік сияқты, әрі шартты, әрі елес боп көрінді. Көйлек сусылы мен әлсіз ғана әтір иісі шығатын естеліктен басқа ештеңе жоқ. Шынайы өмір, жылан сияқты аса айлакер, аса аяр, аса қатерлі өмір, қалайда оның алдын кесіп өтуге тиіс өмір басқа жерде сияқты, қайда? Белгісіз. Бұл кеткеннен кейін Магда мен Горн —жыландай сусылдап сумаңдаған екеуі, ұясынан шығардай болған көздері жылт—жылт етіп, — заттарын жинастырып, әлі аузы жабылмаған сандықтардың арасынан оратыла шыққан Магда Горнды шағардай жабыса сүйеді, осының бәрін ол көңілімен көріп тұр — бірақ қайда, қайда? Миллиондаған қала, бәрі де тұттай қараңғы.

Жақ ашпаған күйі күн өтті. Төртінші күні таңертең ерте ол бақылаусыз қалды: Макс әлгінде ғана қызметіне кеткен, түнімен ұйықтай алмаған Аннелиза әлі жатын бөлмеден шыға қоймаған, шұғыл әрекет жасау керек деп шешкен Кречмар пәтер ішіндегі жиһаздарды ұстап әрі—бері жүр. Сәлден кейін кабинеттегі телефон шырылдады да, арғы жағындағы дауыс, өзінің баспадан екенін, әлгі бір суретшінің керек боп тұрғанын, соны қалай табуға болатынын сұрайды, — бірақ Кречмар бірде—бір телефонды айта алмады, бір жерде жазылған, бірақ басында ештеңе жоқ. Телефон тағы шырылдады. Кречмар көзге көрінбейтін телефонды алып, құлағына тосты. Даусы таныс сияқты біреу Гогенварт мырзаны, яғни Макетты сұрады. "Ол үйде жоқ", — деді Кречмар. "А, солай ма", — деп әлгі дауыс мүдіріп қалды да, кенет: "Кречмар мырза, бұл сіз бе?" — деп самбырлап қоя берді. —"Иә, иә, иә, ал сіз кім боласыз?" — "Шиффермюллер. Мен мынадай мәселемен мазалап тұрмын. Жаңа ғана Гогенварт мырзаның кеңсесіне телефон соққам, бірақ ол әлі жоқ екен. Енді үйден табам ғой деп ойлап ем. Сіздің болғаныңыз қандай дұрыс болды. Бәрі менің өзімнің борышым болғандықтан... Мәселе былай, жаңа ғана осында заттарын алып кетуге Фрейлен Петере келді. Мен оны сіздің пәтеріңізге жібердім, бәлкім, басқа тапсырма болатын шығар...""Бәрі дұрыс" — деді Кречмар кокаиннен ағаш құсап жуыспай қалған еріндерін әрең қозғап. "Не дейсіз?" — "Бәрі дұрыс" — деп қайталады Кречмар. "Мен жөнді естімей тұрмын, кешіріңіз?" — "Бәрі дұрыс", — деді Кречмар қайталап, сонан кейін тұтқаны орнына қойды.

Бір кереметі ештеңеге соқтығысып қалмастан ауыз бөлмеге шығып таяғы мен қалпағын іздемек болды, бірақ ол уақытты жеп қояр еді. Басқыштардың шетін аяғымен асыға—үсіге іздеп, қолымен басқыш қанатын қармап тізесін қолапайсыздау бүгіп "бәрі дұрыс, бәрі дұрыс" деп күбірлеген қалпы Кречмар төмен түсті де көшеге шықты. Қылаулап жауған өткір қар оның маңдайын шанша бастады. Ол бақ қоршауының тайғанақ теміріне қолын қайта—қайта тигізіп, таксомотор келе жатқан жоқ па деп тың—тыңдап қояды. Міне, дымқыл қарды шашып келе жатқан дөңгелектердің сыбдыры. Кречмар айқайлап жіберді. Сыбдыр алыстап бара жатты. "Тезірек бару керек еді", — деп күбірледі ол.

"Қаласаңыз, мен сізге көмектесейін?" — деді дәл иығының тұсынан естілген құлаққа жағымды дауыс". "Құдай үшін, автомобиль ұстаңызшы", — деді Кречмар.

Мотор даусы, тағы сыбдыр. Біреу ішіне кіруге көмектесті. Біреу есікті жапты. "Тіке жүріңіз, тіке жүріңіз" — деді Кречмар баяу ғана, автомобиль орнынан қозғалғанда ғана ол, алға ұмтылып, саусағымен шыныға тиді де, оны шертіп отырып адресті айтты.

Бұрылыстарды санайық. Біріншісі, — Моцштрассе болса керек. Сол жақтан трамвайдың шықылдап, тарсылдаған дыбысы шықты. Кречмар кенет онымен бірге біреу—міреу отырған жоқ па екен деген оймен қолымен өзінің айналасын байқап, орындықты, алдыңғы жағын қармап көрді. Тағы да бұрылыс — бұл Виктория—Луиза—Плац болу керек. Немесе Патер—Плац? Қазір Кайзер Аллеясы. Тоқтады. Келіп қалғанымыз ба? Мүмкін емес, бұрылыс шығар. Кем дегенде әлі бес минөт жүру керек еді ғой... Бірақ есік ашылды. "Келдіңіз, — деді шофер, елу алтыншы нөмір".

Кречмар сыртқа шықты. Алдынан жаңа ғана телефонмен сөйлескен қуанышты дауыс шықты. Үйдің швейцары Шиффермюллер: "Аяқ астынан кеп қалдыңыз ғой, қуаныштымын, Кречмар мырза. Фрейлен Петере жоғарыда, ол..." — "Тыныш, тыныш", —деп күбірледі Кречмар — Төлеңізші менің көзім..." Ол тізесімен әлденеге тиіп кетті —балалардың велосипеді болса керек. "Мені үйге кіргізіңізші, — деді ол. — Пәтерімнің кілтін беріңіз. Тезірек. Енді мені лифтіге апарыңыз. Тезірек. Сіз осында қалыңыз. Тетікті өзім басам..."

Лифт ыңырси қозғалды, басы сәл—пәл айналғандай болды, сонан кейін ол өкше тұсын солқ еткізді де тоқтады.

Ол лифтіден шығып, бағытын жөндеп есептей алмай, бір аяғы құрдымға кетіп бара жатқандай болды да, аяғы басқыштың келесі текпешегіне тиді. Отыра қалды. "Оңға, тағы да оңға жүру керек", — деді ол сыбырлап, сөйтіп есікке дейін жетті. Артық бір дыбыс пен сылдыр шығарып алмас үшін, құлыптың ұясын тауып отан кілтін салды, есік ашқанда шығатын таныс үн шықты.

Солға, солға — бұрыштағы шағын қонақ бөлме — қағаздардың сыбдыры естілді де, сонан кейін жүрелеп отыра берген адамның буыны үзілгендей әлдене сытыр ете түсті. "Сіз маған керек боласыз, Шиффермюллер мырза, — деді Магданың даусы. — Мынаның бәрін алып шығуға көмектесуіңіз керек..." Дауыс кілт үзілді. "Көрді" — деп ойлаған Кречмар, қалтасынан пистолетін шығарды. Сол жақтағы бөлмеде әлдене сырт ете қалды да, Магда тамағын кенеп, үнін созып жалғастырды. "...Мұның бәрін төменге түсіру керек. — Немесе одан да шақырыңыз..." Оның даусы "шақырыңыз" деген сөзге тоқтап қалды да, өлі тыныштық орнады.

Кречмар, оң қолына "браунингін" ұстаған қалпы сол жақтағы ашық есіктің жақтауын ұстап ішке кірген бойда есікті тарс жапты да, оған арқасымен сүйеніп тұра қалды.

Тыныштық орнады. Бұл бөлмеде Магда екеуі ғана екенін біліп тұр, одан шығатын есік —өзі тіреп тұрған есік қана. Ол бөлмені көзбен көріп тұрғандай біледі: сол жақта — жолақты диван, оң қабырғада — үстел, оның үстінде балеринаның фарфор мүсіні, терезе жанындағы бұрышта — қымбат бағалы миниатюралар салынған шағын шкап, ортасында жолақты екі орындық қойылған басқа үстел.

Қолын созған қалпы ол "браунингін" олай—бұлай жүргізе бастады, қандай бір болмасын сыбыс күтуде. Магданың миниатюралардың маңында екенін бүкіл болмысымен сезініп тұр, — сол жерден улы жылы дем шығатындай, аптапты күнгі ауа сияқты, сол жерде әлдене дірілдейтіндей.

"Браунинг" ұңғысын олай—бұлай жүргізе отырып доғаны қаусырып қыса бергісі келді, кенет әлдене сықыр ете түсті. Атса ма екен? Жоқ, әлі ерте. Жақындай түсуі керек. Ол үстелге соғылып тұрып қалды. Улы жылылық бір жаққа жылжығандай болды да, өзінің аяғының дыбысынан туған тасыр—тұсырдан, қай жаққа жылжығанын аңлай алмай қалды. Ол улы жылылық терезе маңына кеткен сияқты. Есікті құлыптап қойса той еркінірек болар еді. Кілті болмады. Ол енді үстел шетінен ұстап ап оны есік жаққа тартты, улы жылылық тағы орын ауыстырды, қаусырылып қысып келеді. Есікті тіреп қойып, ол қолын созған қалпында "браунингті" ауамен тағы да олай—бұлай жүргізе бастады, тағы да тастай қараңғылықта дірілдеген тірі нүктені тапты. Сонан кейін ол бірдеңені сықырлатып ап, өз құлағына өзі кесір жасамас үшін жайлап алға жылжыды. Қатты бір нәрсеге кеп тіреліп қалды, "браунингті" төмен түсірместен оның не екенін сипап қарады. Шағын сандық. Ол оны диван жаққа ысырып бөлмені қиғаштап жүрді, сөйтіп өзінің жемтігін бұрышқа тықпақ. Оның естуі мен сезінуінің күшейгені сонша, ол Магданың қайда екенін бүкіл тамыр—талшығымен біліп тұр. Ол демнің сыбысы да емес, жүректің соғысы да емес, қазір, тап қазір ғұмыры үзіліп, мәңгілікке тоқтайтын, сөйтіп қараңғылықтан құтылып біржола дамыл табатын, әлдеқандай бір әсер жиынтығы, дәлірек айтқанда өмірдің сесі болатын. "Бірақ ол сол мүйістің аяқ астынан жеңілдеп қоя бергенін байқады, пистолетін сәл бұрып қалып еді, әлгі мүйіс қайтадан жылылыққа толды. Сонан кейін ол улы жылылық төмен шөгіп бара жатты, төмендей берді, төмендей берді, міне ол еңбектеді, енді еденге ұзынынан созылып жатпақ. Кречмар одан әрі шыдай алмастан шүріппені басып қалды. Пистолет даусы қараңғылықты қақ айырып жібергендей болды да, артынша әлдене қышқырып қап оны періп кеп қалды, соққы басына, иығына, кеудесіне тиіп жатты. Ол лақтырылған орындыққа шалынысып құлап түсті. Кречмар құлап бара жатып "браунингін" қолынан түсіріп алды да, оны сипалап іздей бастады, бірақ сол сәтте біреудің аптыға дем алғанын сезінді, сумаңдаған бір қол, ол сипалап іздеген нәрсені алып кетті. Кречмар жібек киген тірі денені ұстай алды, кенет — әлемтапырақ есалаң дауыс шықты: дәл бүйірінен әлдене солқ еткізіп соғып жібергендей болды да, құлағы шыңылдап қоя берді, қандай азапты ауру, сәл болса да қимылдамай отырған жөн, сонан кейін құмның үстінен көгілдір толқынға, көгілдір, жоқ, алтын жалды көгілдір—қызыл толқынға қарай жүреді, бояуды көре білген қандай жақсы, олар құйылған үстіне толассыз құйылып аузын толтырып жатыр, апыр—ай, қандай жұп—жұмсақ, қандай тымырсық, бұдан әрі төзуге болмайды, ол мені өлтіреді, оның бақырайып, ұясынан шығып кеткен көздері қандай десеңізші, — бірақ не болғанда да тұру керек те, жүру керек, мен өйткені көріп тұрмын ғой, — соқырлық деген сөз болып па? Мен мұны неге бұрын білмегем... бірақ әлдене буып, тұншықтырып ағып жатты, ағуын тоқтату керек қой, тағы да, тағы да, асып—тасып барады, шыдай алар емес.

Ол басын төмен салбыратып еденде отыр еді, сонан кейін алға қарай енжар ғана еңкейе түсіп, бір бүйіріне жантайып құлап кетті.

Тып—тыныш. Ауыз үйге шығатын есік айқара ашық. Үстел бір жаққа ысырылып тасталған, ақшыл—көгілдір костюм киген адамның өлі денесінің қасында орындық жатыр. "Браунинг" көрінбейді, ол оның астында. Аннелизаның кезінде, балеринаның форфор мүсіні тұратын үстел үстінде, енді астары ашылып қалған биялай жатыр. Жолақты диванның қасында түрлі—түсті суреттер жапсырылған сырбаз сандықша тұр: Сольфия, Адратик ателі. Ауыз бөлмеден басқышқа шығатын есік те ашық қалыпты. Да да тұру керек те, жүру керек, мен өйткені көріп тұрмын ғой, — соқырлық деген сөз болып па? Мен мұны неге бұрын білмегем... бірақ әлдене буып, тұншықтырып ағып жатты, ағуын тоқтату керек қой, тағы да, тағы да, асып—тасып барады, шыдай алар емес.

Ол басын төмен салбыратып еденде отыр еді, сонан кейін алға қарай енжар ғана еңкейе түсіп, бір бүйіріне жантайып құлап кетті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер