Өлең, жыр, ақындар

Бәйшешекті жыл

Көктесіннің енді ғана қылтиып келе жатқан кезі. Жылдағы көкала сылпылдақ жоқ. Бусанған жер етек-жеңін ерте жиып, көктем күніне мейлінше мойын ұсынып алыпты. Тарыша төгілген көк түйіншектер тебін жарып, сәт санап бауыр көтеріп барады.

Екі адамның басы қосылса, биылғы көктемнің осыншама асығыс, үдере келгендігін айтады.

Ертеңгі күні - базар. Қайыржанның үйінде колхоздан алған тиындарын нендей бұйымға жұмсайтыны әңгімеленіп жатты. Бұл үйдің төрт жаны бар: Қайыржанның әжесі, мамасы, папасы және өзі. Қайыржан кішкене кезінен әжесінің бауырында өскендіктен, мамасы -жеңге, папасы аға есепті. Ол үй-ішінің қай-қайсысына да еркін сөйлейді.

Алдымен әже қалауы - жасыл пүлішпен тысталған жеңіл камзол мен жұмсақ мәсі алынбақшы. Ақшаның көпшілігі үй жиһаздарына арналмақ. Ең әуелі көзге көрнекті кілем қажет. Соңғы кездері жұрттың көбі саудыраған ағашқа әуестеніп алды емес пе, қалай болған күнде де, бір гарнитур алмаудың қисыны келмес. Қыста сойған соғым жылқының жарты ақшасы тағы бар. Толып жатқан ұсақ-түйек, майда-шүйде, ішкі-тысқы киімдері ме, не керек, алынатын барлық зат та жіліктегендей сарапқа салынып шықты.

Қайыржан да қарап қалмады. Ол базарға өзі шығып, өз киімін өзі таңдап киетіндігін білдірді. Сондықтан да оның үлесіне бөлінген ақша қазірден бастап қолында болсын. Оның бұл тілегіне мамасы қарсылық айтты. Жөн-жосықты өзі білер дәрежеге әлі де жетпегендігін, ондай уақыт келгенде ешкім де қолынан қақпайтындығын ескертті.

― Ақшаны құр бекерге құрта бермей, ел қатарлы алайық. Шүлен таратқалы отырмыз ба, әркімнің өз ойына келгенін істейтін? Костюм керек болса, ағаң-ақ әкеліп береді. Бүйректен сирақ шығармай, тыныш отыр, - деді.

Қайыржанның қашқақтап жүргені де "ағаң-ақ сатып әкеліп береді" деген сөз. Өйткені оған сатылып алынған дүниеліктердің барлығы, "Құдай-ай, күні ертең-ақ өсіп тұрған бала емес пе" деумен алынғандықтан, қолапайсыздау, кең келетін. Етік не ботинка әкеліп берсе, қалайда бір-екі размер үлкен болады да, тұмсығына шүберек тығып алуына тура келеді. Костюм мен шалбары да сол - тым лоқылдап кетіп, ылғи да етек-жеңін түріп жүргені. Талай рет: "Өзіме шақ киім киюді менің маңдайыма жазбаған ба", - деп дау айтқанда: "Жә, сұлуынан жылуы, әсемдік сенің не теңің..." - деп, мамасы бәрібір өз дегеніне көндіреді. "Киім болса, болғаны" деп ойлай ма, папасы да бұл сөзге мән бермеуші еді. Әжесі болса да, болмаса да мол пішілген киімді ұнатады.

Қалай дегенмен де, Қайыржан бұл жолы қарсыласып бақты.

― Маған бұдан былай киім сатып әпермей-ақ қойыңдаршы, өзім алайын. Осы уақытқа дейін жүргенім жетер, - деді.

Сөзге әжесі араласты:

― Баланың меселін қайырмаңдар, оған қанша шығындарың шығып кетеді деп отырсыңдар, түге. Барсын да, өз дегенін алып кисін. - Немересінің маңдайынан иіскелеп: - Адам болғаныңнан айналайын, қара борбайым менің. Осы бір жапырағымның ержетіп келе жатқанын неге қуаныш көрмейсіңдер, менің осы қарғам киінсін, - деді.

Осы кезде мамасы әжесіне көзін қысып:

― Е, бұл балаңыз киініп алып, Сауқынбайдың қызына қырындайын деген ғой, деді.

Қайыржанның беті, құлағы бірдей қызарып жүре берді. Осы бір сөз оның тығулы құпиясының дәл үстінен түскендей болды. Қызараңдап, жер шұқылады. Әлгіндей сөзді әжесі мен папасының қасында естігенге тіпті қатты қапаланды.

― Онда сенің жұмысың болмасын, - деп шешесіне оқты көзімен бір қарады да, есікті сарт дегізіп шығып кетті.

― Осы менің тентегімде жұмыстарың не? - деп күле сөйлеп қалған әже сөзі де бір жерін осып жібергендей естілді.

Оны далаға шыққаннан кейін де жын буғандай қырсығы ұстап, өзіне өзі жөнді келе алмады. Қоңырқай көздері шатынап, тәмпіш мұрны пыш-пыш етіп ентіге берді. Бір затты бүлдіріп алғандай іші ашыды. Көпе-көрнеу шешесіне жыны келіп жүр.

Екеуі бір-біріне "жеңге қайын болғандықтан", қалжыңдасулары көп болатын. Бірақ та шеше әзілінің осылайша насырға шауып кететіндігін Қайыржан ойлаған жоқ-ты. Шешесі кейінгі кездері баласы бой бермей кеткенде Сауқынбайдың Асылтас деген қызын алдына оралғы етіп салатынды шығарып алды. Себебі Қайыржанның осы қыз туралы айтқанда әлденеден қымсынып, бұғына түсетін қылықтарына қызығып, әдейі істейтін.

Бұған да Қайыржанның өзі кінәлі. Асылтастың қоңыр кофта, ақ бантикпен түскен суреті "Біздің мектебіміздің шамшырақтары" деген құрмет тақтасының қақ ортасында тұратын. Оның мейірлене мөлдіреген момақан жанары Қайыржанның көңілінен бір елі кетіп көрген емес. Қай жерде болмасын, ойын не сабақ үстінде отырса да, осы бір мейірімді жанар өзімен бірге ілесіп жүрді. Әрбір үзіліс кезінде Асылтас суретінің қасынан шыққысы келмей, әрлі-берлі көз қиығын қадап өтеді. Әйтеуір, бір реті келгенде зыттырармын деген ойдың көкейінде жүргеніне де көп болған. Себебі, Асылтас суретінің өзінде болуын қалайды. "Бақыт" деген сөздің не екенін білмесе де: "Осы сурет шығар, әй, сен-ақ бақыт боларсың!" - деп жориды. Бұл әрекеттерін әлі де бір жанға сездірген емес - өз құпиясы.

Ол бір күні кешкі апақ-сапақта мектепке келді... Терезенің бір көзін алып, ішке түсті. Класс бөлмелері тып-тыныш. Тек қана тау өзенінің астан-кестен ағысындай өз жүрегінің дүрсілі естіледі... Ұрлана басып құрмет тақтасының қасына келді. Асылтастың жұмсақ жанары әлі де сол мейірімді шуағымен мөлдіреп тұр екен. Әлдекімнен кешірім өтінгендей біршама аялдады. Сосын суретті алып, келген ізімен қайта шығып кетті. Алды-артынан көрінген ешкім жоқ сияқты еді, бұрыш айнала бергенде:

― Әй, жайрағыр Қайыржан, нені жайратып шықтың? - деген дауыс естіліп қалды. Жалт қараса, еден жуушы Қалипа екен... Құпия сырының ашылғаны осы күн болды. Ертеңінде класс жетекшілері мән-жайдың бәрін біліпті. Бұзақылығы класс жиналысында талқыланып, ата-анасының бірін ертіп келмесе, сабаққа кірмейтіндігі ескертілді. Ол амалы таусылғандықтан мамасын ертіп барды.

Міне, осы күннен бастап-ақ Қайыржанның мамасы: "Ойыңның төркіні түсінікті болды, бізден неменесін жасырып жүрсің, суретін ұрлағанша, өзін ұрлап келсейші, - деп ыза қылуды шығарды.

Немесе: "Бағана келінді көрдім, әп-әдемі бой жетіпті. Қалай, той қамына кірісеміз бе?.. Бір-екі жас үлкендік не етуші еді. Қайдан шықса, онан шықсын, қолымды жылы суға малып отырайын", - деп шүйлігеді. Қанша дегенімен, ол мұндай сөздерін Қайыржанмен оңаша, екеуден-екеу қалғанда айтушы еді. Ал жаңағы жерде әжесі мен папасының көзінше айтып, Қайыржанды кісі бетіне қарамастай етті. "Ең болмаса, әжемнен именсейші" - деп ойлады ол.

― Ақшасы да, киімі де құрып кетсінші, - деп өзен жаққа тартты.

***

Өзеннің тұп-тұнық ағысына қарап, басқа дүниенің ырду-дырдуынан сырт, өз қиялымен өзі боп отыру - Қайыржанның сүйікті дағдысы. Қазір де сол әдеті бойынша өзен жағалауына келді. Бірақ та бұрынғыдай емес, біртүрлі үгілмелі сезіммен тұйық келді. Көңілінің әлдебір түкпірінде қыжылдап қайнағандай мазасыздық бар. Кішкене жүрегінің тұсын ақырындап сипалаған, үріккендей қалтыраған деммен күрсініп қалды...

Ақырын аққан өзен кейпінен мінезіне ұқсас қасиет тапқандай. Оның беті күлімдеп, қажырқай бұралған таңертеңгі реңі де, шаршағандай боп еріншек жылжыған түскі шағы да, қабақ шытқандай ұяң тартқан кешкілік көрінісі де Асылтасты еске салатын. Белгісіз аңсаудың басы осы болмаса игі еді. Әне, ойыла түсіп, дөңгелене қалған ойнақы иірімі де Асылтас миығындағы кішкене ойықшаға ұқсап кетті. Ол иірім өрнегіне бір түп бәйшешекті үзіп алып тастап еді, біраз жерге дейін дөңгеленіп барып, жығылып қалды. Сосын қисайған күйі ағыс бойымен төмен сырғыды. Жағалаудағы достарына "қош-қош" айтқандай көпке дейін қарайлап бара жатты. Қайыржан жүрегі әлдебір сәби сезіммен елп ете түсті.

...Ол орнынан тұрып, бәйшешекті алқапқа көз тікті. Шынында да, биылғы жыл ерекше бәйшешекті жыл болған еді. Айнала жер бауырлап ұшқан аппақ көбелектерге толып кеткен тәрізді. Тіпті үлкендердің өздері: "Мына ауылдың сыртына шығып қарашы, бәйшешектің қалыңдығы соншама, сүттей іркілдеп, тұтасып тұр", - десіп, дәл биылғыдай бәйшешекті жылды көрмегендіктерін әңгімелесіп жүр. Ерте піскен ақшыл гүлдер жерге шашылып түскен аспан жұлдыздарындай болып, ескен самалмен от үргендей сәулеленіп, пырдай шашырап тұрып алды. Кейбіреулері қос-қостан қол ұстасып, тұп-тура үй іргесіне дейін жайылып келеді. Мына бір үйір бәйшешек өзен жиегінен су ішуге келгендей жыпырлай түсіп, құлай беріске төніп алыпты. Баз біреулері өзеннің ішіне дейін кешіп келіп, су дірілімен билеп ойнағандай жайнаң қағады...

Табиғаттың осы бір қуанышты шағы Қайыржан ішіне түскен ине жасуындай жұқалаң сәулені үрлеп өршіткендей болады. Оның бойына да аппақ бәйшешектер өсіп, қаз-қатар шырақтар жанған тәрізді. Еркелей жапырлап тысқа ұмтылып, өзінше бір жарастық іздегендей. Қанатсыз аспанға көтерердей жеңіл сезім белгісіз аңсауға ұласады. Ұлпа бұлт сияқтанған мамық сағыныш ары-бері қозғала бастағандай... Бұның барлығы әлгіндегі ашу-ыза артынан келген өкініш пе, жоқ, әлде мына табиғат әдемілігінің от салып тұрғаны ма, әйтеуір, жаңа туған беймазалық бар. Қайыржан мұны ашық сезінді. Бірақ та оның дауасы не екенін білген жоқ. Мамасын кінәлады, енді бірде Асылтасты жазғырды. Ол не де болса еш нәрсені ойламауға тырысты. Әсіресе жазықсыздан жазықсыз-ақ қылмысты етіп жүрген Асылтасты ойламақ емес... Қысылғаннан бетін басты...

***

Балауызға үймелеген есепсіз аралар болады. Қайыржан үйіне оралғанда дәл осы аралар сияқты тынымсыз құжынаған қалың сезім арқалап келді. Бағана кеткенде терісіне сыймай ашулы шыққан еді. Қазіргі күйі, мамасын жазғырудан гөрі, енді ғана серік бола бастаған дауасыз сезімдерден өз басын қорғалауы басым. Басына кәдімгідей іс түскен кісіше босағаны сылбыр аттады. Үй іші тірлігі де күзгі шіркей әрекетіндей селсоқ, салқын көрінді. Үнсіз келіп, төсегіне қисайды.

― Көзіңнен айналайын, қарашығым. Бір жерің ауырды ма, немене, кіртиіп қалғаның? деді әжесі.

― Жай, әже, басым ауырды.

Расында да, денесі қызыңқырап, басы мең-зең сияқты.

― Мә, ақша, ертең қалаға барып, қалағаныңды алып ки, - деді әжесі.

Ол ақшаны алған жоқ.

― Ертең көрерміз, - деп жатуға ыңғайланды.

Мамасы да кінәсін мойындағандай тіс жарып үндемей қалыпты. Оның осы қылығының өзі Қайыржан жүрегіне инеше қадалып барады. "Бәрі де құрысын, ертерек жатып, ешқайсысының көзіне түспей-ақ қою керек..."

***

Кешкісін ерте жатқандықтан ба,ол ертеңінде елең-алаңда түрегелді. Көңілінде кешегі кірбіңдердің бірі де қалмапты, жаңа атып келе жатқан қазіргі таң жүзіндей тап-таза оянды. Үй алдындағы алыс таулардың жыра-сайлары әлі де ашыла қойған жоқ. Қара қоңырланып бұлдыр көрінеді. Сол жақтан желпіп ескен мейірлі самал арық жиектерінде жайылып жүрген бір топ бәйшешектердің бастарына от тұтатқандай жылт-жылт еткізді. Қайыржан оның таң шырақтары екенін байқады. Есіне бірдеме сап ете түсті. Кешегі алай-түлей сезімдер екенін түсінгенде көздері ашыла түсіп, әлдененің сырын ұққысы келгендей бәйшешекті далаға құлағын түрді. Ақ шешекті ақ жиек жанып-өшіп жайқалып тұр. Бірақ кешегі сезімдері қазір оның бойында емес, анау гүлдер түбінде жасырынып алып: "Қайыржан енді не істер екен?" - деп, іштерінен жымиысып, аңдысып отырғандай. Ол дәл кешегі құпия сезімнің қозғалақтап, көтеріле бастағанын тағы сезінді. Алайда оны тыңдағысы келмей, ұмытуға асықты, есіне қайта түсіруге сескенетін тәрізді... Бір нәрсені басып кететіндей сезіммен үйіне кіріп, төсек-орын жинастырды. Сонан кейін әжесінің бас жағындағы түйіншекті алып, базарға барар жолға шықты.

Мына сүрлеу Асылтас қорасының алқымын қиып өтіп, арғы жақтағы үлкен жолға қосылды. Сол жерден автобусқа отырып, қалаға бару керек. Оның бұл жолмен жүргісі келмеді, анау өзен жақпен сырт айналып өтпек болды. "Соның үйінің қасынан жүрмей-ақ қойдым, басқа жолдар да жетіп жатыр", - деп ойлады.

Өзенге қарай беттей беріп еді: "Жә, жолда тұрған не бар, тіпті көз қиығыңды салмай-ақ өте шықсаң болғаны емес пе, - деген тағы бір ой кимелей жөнелді. - Құдайдың түп-түзу жолы тұрғанда, сонау өзен айналған дегенің қай шатағың? Әй, Қайыржан-ай, сенің де балалығың қалмайды екен-ау".

Ол алдыңғы ойын соңғысына оп-оңай жеңдіріп, Асылтас үйінің қасынан жүруге бет бұрды. "Жол таңдаймын деп жүріп уақытты өткізіп алмақпын ба, осымен-ақ қылт ете түсемін..."

Қанша дегенмен, жасырын бір құпиялық Сауқымбайдың үйінің қасынан жүруге мәжбүр етті. "Немене, өзіңмен өзің ақымақ болғаның ба? Асылтас үйінен несін безбексің... санасыз неме... мүмкін, ол терезесінің алдында отырып, сабағына даярланып жатса ше... Әрине, жүз көрісіп қалуға әбден болады".

Қайыржан терезе түбінен өтіп бара жатып көз қиығын бір тастап қалды. Қыбырлаған жан көрінбейді, бәрі де таңғы ұйқыда жатса керек. Тек, аяқ тықырын құлағы шалған қызыл басты қораз ғана: "Бұл кім өзі құлқын сәріден қаздаңдап бара жатқан, иеміздің тынышын кетірмей, аулақ жүр, аулақ әрі..." дегендей екі-үш рет даусын шығарып қойды.

"Мейлі... Ең алдымен, қатырып бір костюм сатып алып киейінші, онан кейінгісін көре жатармын..."

Қайыржан көк арасына жалт бұрылып қап, ирелеңдей түскен көктем соқпағымен жүріп келеді. Ол емес, жолдың өзі алып келе жатқандай. Гүлді алқап қақ айрылып, Қайыржанға құмды сүрлеуін ұсынғандай заулай түседі. Төңіректің төрт бұрышы әлдеқалай құрмет-қошаметке толы. Ұйқысы қанып оянған дала бәйшешектері Қайыржанның бүгінгі, алғашқы әрекетіне оң сапар, игі тілек білдіргендей, таңғы шыққа малына түсіп, күлім қағады. "Есіңде шығармыз, ішіңе түскен алау сезімнің алғашқы куәсі біздер едік қой", -деп көпке дейін жарысып келіп, қалып барады. Бас ұрып бәйек болғандай...

"Сәті түсіп, өзіме құйып қойғандай костюм табылса, мектептегі мақтаншақ қыздардың: "Ой, папасының киімін киіп алыпты, қараңдаршы, қыздар-ау, қаншама үлкендігін" дейтін желікпе сөздер айтқанын көрер ем сонда, - деп ойлады ол. - "Асылтас та оларға қосылмайтын болады. Қайта солардың барлығын да: "Ой, пәле, мынауың нағыз студент қой, апыр-ау, қалайша қатып кеткенсің" дегізбесем, әкел қолыңды..."

Ол қан базарды аралай жүріп саудаласты. Бір кезде сұрғылт костюмге көзі түсті. Өңі солғындау ма, қалай өзінің?

― Мына затыңыздың құны қанша?

― Қайсысы, бастонды айтамысың?

― Иә, дәп сол.

― Балақаным, түйенің тісін ашып тұрғаныңды түсінемісің? - деді қисық көз сатушы қуақыланып.

― Сіз менің ақшам жоқ деп отырмысыз, қауіптенбей-ақ, саудаңызды жүргізе беріңіз, -деді ол, кәдімгідей есейген адамның пішінін көрсетіп.

― Ұнаса, алыңыз. Бағасы екі-ақ жүз сом, - деді сатушы да баланың үлкен кісіге ұқсауға тырысқан реңін танып.

― Алдымен өлшеп көрелік, - деді Қайыржан. "Екі жүз сом" дегенде жанына жай түскендей бола жаздағанын жасырып: - Қонымды болса, саудаласармыз да.

Киініп көріп еді, екі жеңі шұбатылып шыға келді. Мұнысына ол іштей қуанып та тұр.

― Мынауыңыз шамалы кеңдеу екен, - деп кері қайырды.

― Шамалы емес, тура сендей он қара домалақ бала кисе де үлкен келеді, - деді әлгі сатушы кекесін күлкімен.

Қайыржан бұл сөздерді естімегенсіп, ілгері тартты. Ол өзінің саудаласу жайын жөнді білмейтіндігін бірден сездіріп алғанына өкініп қалды. "Әлі де сыр білдірмей саудаласа беру керек, - деп ойлады ол. - Әсіресе ашық ауыз екенімді ешбір жанға сездірмеуім жөн. Кім біледі, кейбір қулардың мұнымды пайдаланып кетуі де мүмкін ғой..."

Ол тағы бір магазинге келіп, саудаласа бастады.

― Ана бір костюміңізді көрсетіңізші, - деді, қаракөк матадан тігілген киімді нұсқап.

― Дамский, 48-ші размер, - деді сатушы әйел.

― Үлкендеу екен-ау, - деді ол мамасына киім іздеп жүрген қалыпқа түсіп. Әйел мен ерлер киімін ажырата алмау барып тұрған кещелік емес пе. Онысын қалайша сездірсін.

Енді ол бұрынғысынша қызу саудаласудан тыйылайын деді. Жанындағы ақшасының оншама базар көшірерліктей емес екендігіне де көзі жетті. Әрбір киімге бағдарлай қарап, жарнамасын оқып, үлкен-кішілігін анықтап барып саудаласуға кірісті. Осылайша біршама "сауда тамырын" басыңқырап жүріп арзан қолды қоңыр пиджак алды. Ұстап көріп еді, матасы тым жұқа екен, бірақ та иығы иығына, белі беліне шақ келе кетті. Ісі оңғарылғанда, пиджагі өңдес шалбар да ұшырасып қалды. Екеуінен артылған ақшаның екі сомына әжесіне науат алмақшы, о кісі соны жақсы көреді. Қалғанына нендей нәрсе алса орынды болар еді? "Жарайды, артылғандарын күнбе-күн кино көруге жаратармын", - деп ойлады. Бірақ дәл осы кезде көңіліне оқыс ой келген, жайнаңдап сүйсініп кетті.

― Қалғанына Асылтасқа сыйлық алып барайын, қуанғанынан мерейі өсіп қалсын! -деп рақаттанды. - Не алсам екен... Мен оған ақ бантик сыйлайын, шашына желбіретіп тағып жүрсе, қандай тамаша болар еді, шіркін!

Ол ақ бантикті Асылтасты көзіне елестетті. "Алар ма екен, мақұл көріп қабылдай қояр ма екен? Әй, ала қоймас, қайтер дейсің оны, - деген суық күмән тұла бойын аралады. -Алмауға ешқандай қақысы жоқ, - деп ойлады өзін өзі жұбатып. - Дос, тату болайық, тазалықтың белгісі болсын, - деп ұсынамын. Өзімен дос болуды көптен бері армандап жүргенімді айтып, ойымды түсіндіремін. Сосын, біздің достығымыз мәңгі жасайтын болады..."

Ауылға кіре берістегі кішкене жыраға тасаланып, киімін ауыстырды. Ескі киімдерін торға орап алып, Асылтасқа деген бантигіне бір буда бәйшешек буды. Ине-жіптен жаңа шыққан костюм-шалбары үйлесіп, жарасып тұр. Онысын өзі де сезген тәрізді. "Дәл осы күйіммен Асылтасқа жолықпай кетуім тұп-тура күнәмен тең, - деп ойын түйді. - Бәрібір, егер оны бүгін көрмесем, тіпті де тынши алмаспын, жол-жөнекей жолыққаным оңды".

Ақырындап кеп есігін қағып еді, Асылтастың өзі шықты.

― Қайыржанбысың, сен қай жақтан адасып жүрсің?

― Мен базардан келе жатырмын. Комсомол жиналысы қашан болар екен деп...

― Жүр, үйге кір.

― Мен саған сыйлық әкелдім, Асылтас.

― Сыйлық? Қандай сыйлық?

― Бантик...

Ол артына жасырып тұрған сыйлығын ұсынды. Асылтас шынымен қуанып қалды. Аппақ тістерін көрсетіп:

― Ой, қандай әдемі, рақмет, Қайыржан! - деді.

Сосын екеуі ауызғы бөлмеге кірді. Асылтас:

― Мен қазір келемін, - деді де арғы бөлмеге кіріп кетті.

Қайыржан үй ішінің соншама тап-тұйнақтай жинақылығына таң қалды. "Осы үйге сұраусыз кіріп, сұраусыз шығып жүрген адамның арманы болмас, сірә", - деп ойлады. Көз қиығы төр алдына түсіп еді, Асылтастың мектептегі суретінің үлкейтілген данасы ілулі тұр екен. Ол бетін от шарпып өткендей төмен қарады...

Арғы бөлмеден Асылтас шықты. Шашына сыйлық бантигін тағып алыпты. Қуана ойнақшыған қос жанары жылт-жылт етеді. "Қандай әдемі қыз, - деп ойлады Қайыржан. -Мен оған тағы сыйлық әперемін, ендігі жолы қызыл орамал әкелемін".

― Қалай, ұнай ма, Қайыржан?

― Сондай әдемі, сен ендігәрі шешпейтін бол!

― Әрине, шешпеймін.

― Түнде де тағып жатамысың? - деді ол, қуанғанынан не айтарын білмей.

― Жоқ, мен түнде шешіп қоямын, әйтпесе, қыртыстанып қалады.

― Әрине, сүйтеді.

― Төрге шық, мен қазір шай әзірлеп жіберейін. Сосын үшеулеп отырып шай ішеміз.

Қайыржан манадан бері дабырлап сөйлегеніне ұялып қалды.

― Мамаң үйде ме еді? - деді болар-болмас дауыс шығарып.

― Тсс... үйде қонақ отыр.

― Қай үйде?

― Арғы бөлмеде.

― Туыстарың ба?

― Жоқ, былтыр біздің мектепті бітіріп, Қаратауға жұмысқа кеткен Ержан бар емес пе еді, сол келіп отыр.

― Ә-ә.

― Жарайды... Мен қазір бір секунд ішінде шай әзірлей қояйын.

― Мен осы арада-ақ отыра беремін.

― Мә, онда мына альбомды көре отыр. - Асылтас альбом ұсынды.

Қайыржанның оттай жанған жүрегі су сепкендей басылып қалды. Бұған ешкім еш нәрсе деп ренжітпесе де, әлденеден көңілі қалғандай тас түйін реңге ауысты. Селсоқ, бейжай отырды.

Асылтас болса біресе ішке кіріп, біресе сыртқа шығып, шай қамымен жүр. Бір кезде ірге жақтағы, қонақ отыр деген бөлмеге кіріп кетіп еді, жым-жылас шықпай қалды. Қайыржан демін ішіне тартып алып, лебін шығармай тың тыңдады. Жаңадан ызылдай бастаған темір шәугімнің даусы естіледі. Арғы бөлмеден біртіндеп парақталған қағаз сыбдыры білінеді, "шик-шик-шик-шик-шик-шик" деп сағат тілі тырсылдайды...

― Осы жолы мамаңа өзім айтып, оқуыңды бітірісімен Қаратауға келуіңе рұқсат сұраймын...

― Жоқ, Ержан, әуре болма, мамам менің инженер болғанымды ұнатады. Алматыға жібергелі жүр.

― Қаратауға ше?

― Саған бәрібір емес пе...

Қағаз сыбдырлады ма, жоқ, болмаса үйдегі екеу сүйісті ме, ол екі арасын Қайыржан аңғарған жоқ, көздері қарауытып, тынысы тарылды.

Бар ойлағаны:

― Жауыздар екен ғой, екеуі де жауыз екен ғой, - деген сөз ғана болды. Жанарын жапқан жастан ба екен, ол тысқа шығып далаға қарағанда, бәйшешектердің шымқай ақтары төгіліп түсіп, балқып еріп, қозғалғандай көрінді...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер