Өлең, жыр, ақындар

Әлемдегі қазақ қандастарымыз жайлы

Сан жылдар бойы қазақтың басына үйірілген қара бұлт кейбір қандастарымыздың елді тастап, бас сауғалаған жаққа қарай бет алып кетуіне дейін алып барды. Кейбіреулер оларды «оралман» деп бөліп-жарып жатса,  енді біреулері қиын қыстау заманда отанын сатып кеткен «опасыздар» деп те айтып жатады. Қазіргі таңда таныстық барысында «Қытайдан келген қазақпын» немесе «Өзбекстаннан келген қазақпын» деген сөздерді естігінде құлаққа түрпідей тиіп, қандас бауырымыз ретінде қабылдай алмай қаламыз. Алайда, оларды жазықсыз жазғырудың еш керегі жоқ. Бала- шағаға бір үзім нан тауып берсем деген ниетпен шекара асып кетуге мәжбүр  болған олардың жағдайын барынша түсінуге тырысқан жөн. Керісінше, жан-жақта «қазақпын» деген ұранды арқалап жүрген бауырларымызды елге шақырып, ұрпақ санын көбейткеніміз абзал.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлемде 20 миллионға жуық қазақтар өмір сүріп жатыр екен. Өзбекстанда- 2,500,000, Қытайда- 2,200,000, көршілес Ресейде- 1,310,000, Моңғолияда- 145,000, Түрікменстанда- 120,000, Қырғызстанда- 45,000 болса, Түркияда 30,000, Ауғанстанда- 30,000, Германияда- 17,000, Иранда – 11,000, Тәжікістанда- 10,000, АҚШ- та- 10,000, Украинада- 6,000, Пәкістанда- 5,000, Канадада- 5,000, Әзірбайжанда- 3,000, Грузияда- 3,000, Молавада- 3,000, Ұлыбританияда- 2,000, Сауд Арабиясында-2,000, Францияда- 2,000, Литвада- 2,000, Белорусь Республикасында- 1,500, Арменияда- 1,000, Эстонияда- 1,000, Египетте, яғни Мысырда- 1,000 және Аргентинада- 1,000. Бұл деректер, әрине нақты көрсеткіш емес, бірақ әлемнің 55 елінде қазақтар өмір сүріп жатқаны мәлім. Алайда, тарихқа сүйенер болсақ, ұлтымыздың саны бұл межеден де асып түсуі мүмкін. Себебі, көршілес мемлекеттерге өтіп кеткен аймақтардағы есепке алынбай қалған қазақтар, өзге елдің төлқұжаты бойынша тіркеліп жүргендері де жетерлік. Ал бейресми деректер дүниежүзіндегі қандастарымыздың саны  миллионға жуық деген болжам айтып отыр.

Жоғарыдағы мәліметтерге сүйенсек әлемдегі қазақ елдерінің ішінде қазақтың саны ең көп ел- Қытай. Ал жабық саясатты ұстанатын бұл мемлкеттің жай-күйі белгілі. Жалпақ жұртқа мәлім «жоспарлы туын» саясатын былай қойғанда, халықтың діни еркіндігіне шек қойылып, мал- шаруашылық кәсібінің жүйесін өзгертіп, отырықшыландыру саясаты жүйелі түрде іске асып отыр. Бұдан өзге жаға ұстатарлық жайт- қазақ ұрпағының ана тілінде оқуына қарсылық білдіріп, тек қытай тілінде білім алуға мәжбүрлеп отыр.  Яғни қытайдағы қаншама қандастарымыз тарихы мен әдебиеті, мәдениеті жайлы деректі тек сол елдің ұлттық тілінде алмақшы.

Дербес ел болу - кез-келген елдің арманы болса, ол айқын мақсатқа біз жеттік. Ұлт болып қалыптастық. Алайда, біз халықтың санына зәру халықпыз. Сондықтан сырттағы қандастарымызды, күннен- күнге діні мен тілінен айырылып, өзге елдің мәдениетіне тұншығып жатқан бауырларымызды елімізге тезірек алып келудің жолдарын шын мәнінде тездетіп қарастырғанымыз абзал.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз