... Арыстың басы сынып барады. Түндегі ішкен ішкіліктен тас төбесі шаншып, аңыратып келе жатқан поездың шақылдаған доңғалақ ұрысы миын шағады. Әлде кім шекесін екі жағынан бұрғылап жатқандай. Әлгінде түс көріп... жұдырықтай дәу сона самайына қадалып ызыңдап отырып алғандай еді, сол пәле әлі ұшпаған ба, қалай? Жоқ, мынау сона ызыңы емес, күй сарыны... Шошынайын деді. Қаладан шыға қатты ішіп кеткенде құлағына сан қилы дыбыстар шалынып, күңгірлеп мазасын алушы еді. Құлағына біреу кіріп алып, домбыра тартқандай да боп көрінетін. Арақ елірмесіне тап болған ол құлағына келген сарынның қайдан естіліп жатқанын біле алмай бірауық дал боп жатты. Сонан соң екі құлағын екі қолымен басып байқап еді, домбыра үні жоғалып, семіп қалды. «Ауырмаған екенмін» деп қуанды. Ауырғанда дыбыс құлағын басқанда да тоқтамай естіле беруші еді.
Зырқылдап алып бара жатқан басын кетерді. Купе іші ай-жай. Сәске шамасы. Терезеге күн сәулесі жарқ-жұрқ ұрады. Айдала. Жапан далада жоны қызған жүйріктей поезд ышқына тартып келеді... Ақсақ киікше жан ұшырып, зымырап қашатындай. Домбыра поезд жүрісіне саз қосқандай безілдейді.
Жоғары полкадағы Арыс мойнын созды. Домбыра төменде тартылып жатыр. Домбыраны құйқылжытып отырған сұйықтау сарғыш шашын кейін қайырып, әдемілеп тараған қағылез, ашаң келген, ақ көйлекті науша жігіт. Иегі күректей жалпақ бет қарасұр шал ақ сақалын уыстап, қайыра тістеп, ұйып, тас мүсіндей қатып қалған.
Домбырашы науша жігіттің қиықша қара көзі от шашады. Бас білмеген асаудың ақ көбігін шығарып, жосып келе жатқан тақымы қатты шабандоз секілді домбырашы еркін көсілтеді. Сүйріктей салалы саусақтар домбыра үстінде еліктей ойнайды. Оқ тиген ақсақ киік біресе қуғыншыдан ұзағанын сезіп, «құтылдым, құтылдым деп қуанғандай боп, біресе жарасын ауырсынып, қара көзі мөлтілдеп, жалпақ далада жәрдем тілеп алаңдағандай боп безіп барады. Қаны ойнаған жас денесі мол күші бес саусаққа жиналғандай серпінді қағыс қарындаған сайын киікше ыршып, тағдырына мойымай, ір қуатын жинап, текірек қаға алға ұмтылады. Жас жүректің қызба лүпілі мен шыңылтыр үні күйге асқақ екпін қосатындай.
Жас домбырашы Арысқа өрен шабыт ойнатты. Тап сондай кезінде атағы жайылып еді. Облыс көлемінде одан асқан домбырашы болмайтын. Ол тартқан домбыра үніне елтімеген жан жоқ еді-ау... Жастық кезін есіне түсірейін дегенмен оған бас көнбеді. Қираған мүліктей бойы бышырап, мең-зең, әрі-сәрі қалыпқа түсті. Бір түпсіз тұңғиыққа әл-дәрменсіз, сана-ойсыз құлап бара жатқандай басы айналып біраз отырды. Күй тынды.
— Ой, мың бол, шырағым. Көп жаса! — деп батасын жаудырып жатыр науша жігітке ырза болған шал. Адам қартайғанда көңілшек келеді деген рас па, қарттың нұры әлсіреген, былшықты сығыр көзі жасаурап қалыпты. Қалтасынан шаршы келетін орамалын алып, көзін сүртіп қойды.— Домбыраны тегін өңгеріп жүрмегеніңді білем-ау. Өзің қайдан келесін, қарағым?
— Қызылордадан, ата.
— Е, облыстан келем десей. Жәй барып па ед?
— Жоқ, ата. Облыстық байқауға барғанбыз.
— Домбыра тартатындар ғой. Қалай сілтедің бе? Мен білсем, алды да жан салмаған шығарсың.
— Екінші бәйге алдым, ата.
— Бәрекелді әй, ә? Сенен де жүйрік шыққаны-ау. Қамықпа,балам, мына тартысыңнан танбасаң келесі жылы бірінші боласың
— Мұндай кезімде бірінші орын алып едім-ау» деп лады төмендегілердің сөзін есіткенде Арыс.
— Әке шешең бар ма, балам? — деп сұрады шал.
— Шешем бар, ата.
— Әкең жоқ па? Соғысқа берген шығарсыңдар?
— Иә деп жігіт төмен қарады.
— Жалмауыз соғыс талайды жалмады ғой, — деп күрсінді қария. Мен де үш бірдей боздағымнан айрылып, қасқайып қалған шалмын. Тағы тартшы, қарағым.
— Қайсысын тартайын, ата?
— «Ақсақ киігіңді» қайта тартшы.
Науша жігіт тағы сілтеді. Жіптіктей балғын саусақтар пысық, пернені нық басады. Әрбір үнді жүрек діріліндей қалт жібермей дәл табады. Домбыраны сабаламай, нашпен, күй әуеніне орай баппен қағады. Жазық далада еркін көсіліп қалған түз тағысы үш аяқтап шоқақтап, бөгеліп шапшып, бөгеліп, шапшып бебеулейді.
«Әттеген-ай, ана бір пернені ұзағырақ басып, ішекті қаттылау шертер ме еді» деп қалды әр үнді тамыр ұстайтын сынықшыдай ұғатын кәтекі күйші Арыс. Шыдамай, төмен түсті.
Шал да, науша жігіт те бет-аузы көнектей, көзі қып-қызыл, өсіңкі сарғыш шашы ит ойнақтаған қоғадай ұйпақ-тұйпақ қырықтардағы орта бойлы, ашаң адамға таңырқай қарасты. Олардың екеуі де жоғары полкадан қорыл естігенде ұйқыдағының кім екенін біле алмаған. Қорыл иесі осы сабаз екен ғой.
Науша жігіт күйді аяқтаған сәтте ол даусы жарқыншақтанып тіл қатты:
— Інішек, домбыраңды әкеші.
— «Е, сенде күйшімісің» дегендей шал оған оқшырая қарады. Науша жігіт домбыраны ұсынды.
Арыс домбыраның құлақ күйін. қайта келтірді. Сәл қатайтыңқырады. Баладан өнерін асырып тастағысы келіп, домбыраны қаға берді. Қашан арақ ішіп түзелгенше суықта қалған адамдай бойынан арылмайтын бір діріл бар еді. Сол діріл сілтеуіне мұрша бермеді. Саусақтары суыққа тонғандай жуыспады. Перне үстінде бас білмеген тайдай бұлталақтады. Өзінід науша жігіттен нашар тартқанын сезіп, күйді аяқтамай, домбыраның бауырына тарс еткізіп бір шертті де қайтып берді.
«Бәсе, түрің мынау сенен не шығар деп ем-ау» деп ішінен мысқылдап қойды шал Науша жігіт оның қалтырап, дірілдеп саусақтарының икемге келмегенін байқап «науқасы бар кісі-ау» деп аяды. Шал ананың бар-жоғын ұмытқандай-ақ науша жігітке бұрылып:
— Тәттімбеттің «Сар жайлауын» білесің бе, балам? — деді.
— Білем, ата.
— Соны тартшы.
Арыс іштей.өкініп, орнынан тұрды. Вагон ресторанға барып, «басын жазып» келгелі ілбіп купеден шықты.
Вагон-ресторан іші ығы-жығы. Гу-гу. Балық үлесіп қатқандай. Көкала түтін. Адам аузы-мұрнынан шығады. Орын таба алмаған Арыс шеттегі үстіне жәшік, бос бөтелке жиналған стол жанына келіп тұрды. Ел ішіп-жеп қатыр. Күн азаннан-ақ қағынып барады. Әр столдың төбесінде боз торғайдай қалтылдаған желдеткіштің қауқары аз ба, ресторан іші моншадай жанып түр. Сыр бойының аспаны жерге түскен шілдесі-ай. Мына көлеңкедегілер өліп барады, күн көзіндегілердің не жаны жүр екен?! Оның қапырықтан жүрегі қысылып, лоблыды. Құсқысы кеп, әзер шыдап тұрды. Әкесінің үйіне келгендей жайғасып, шіреніп отырғандарға жыны тырысады. Әне бір төртеу қайдағы шөлден келді екен, столының үстін толтырып, сыраны қара ормандай самсатып қойыпты. Дүниесі — алдында, көңілдері тоқ, қарқ-қарқ күліседі. «Жетісуін» деп оқты көзімен атып қойды оларды. Алдында бөтелке жоқ, құр тамақ ішіп жатқандарды көргенде одан бетер жыны келді. «Купелерінде ішсе қағына ма екен, ішкілік ішпегесін несіне келді екен».
Түрегеп тұрып-ақ ішейін деп жанына өткен күпшектей жуан келіншектен екі бөтелке сыра сұрап еді, анау құбыжық көргендей ежірең етті:
— Что?! Аяққа оралмай былай тұр, — деп қолын бір-ақ сілтеді.
«Қап мынаны-ай, бөшке неме... Танауын көтеруін, ә! Бөшке құсатып домалатар ма еді өзін» деп ызаланып, кіжінді. Ұлтабардай тырсиған желкесінен барып ала кеткісі кеп бір тұрды. Ызаланғаны сонша бүкіл дүниеге ашуы келді. Жаны тыныш, жаға бос болған соң осы ғой. Ресторанный ішіндегілердің бәрін бір қайыққа мінгізіп, дауылды күні Каспийдің қақ ортасына апарып тастар ма еді деп өштенді.
Тырысқаны орын тауып, алдында екі бөтелке сыра келгенде ғана жазылды. Бір бөтелке «Жигулиді» дем алмастан тартып алғанда жүрегі көтеріліп барып басылды да, қыржым-тыржым әжімді маңдайынан бүршік-бүршік тер жылтырады. Екінші бөтелкені қаққанда бүкіл денесі бусанып, терледі. Қырысы тарап көңілденейін деді. Денесі ел-сал боп балбырап, қалжа жеген әйелдей манаурап біраз отырды. Тағы даяшыны шақырып, екі жүз грамм шарап пен екі бөтелке сыра әкелдірді. Семіз даяшы әдепкідей емес, көкшіл көзін ойнақшытып, Арысқа күле қарап, байпаңдай қалыпты. «Ішетін қу екенсің ғой, іш, іш» деп өзінің ішкі есебін ойлағандай жымыңдайды. «Ә, бөшкебай, қылмыңдайсың ә? Мені әлгінде мөжік көрдің-ау» деп жымияды Арыс та. Манағы ашуы тарқап кеткен.
Шарап ішке барған соң Арыс қорғасындай балқыды. Дүние күліп алдына келді. Ертелі миын шаққан айқай-шу басылғандай. Бәрі де ез орнында, әдеттегі дырду қалпымен ресторан тірлігі жүріп жатыр, жұрт ішіп жатыр, жеп жатыр, сөйлеп-күліп жатыр. Әлгінде осыларға неге жыны келгеніне түсінбей өз-өзінен күліп қойды.
Терезеге үңілді. «Бұта-шөбі аласалау жасыл жазық сонау алыста мұнартқан Қаратау сілемімен астаса көсіліп жатыр. Күн желкем болар, тауды көгілдір тұман орапты. Аспанда шашырап жайылған қой секілді үзік-үзік ақ тоқым бұлт қалқиды. Жазықта бір қу қаңбақ домаланып келеді. Поезға көп ілесе алмады, мертіккен ақсақ киік сияқты қала берді.
Есінен шығып кетіпті-ау. Купесіндегі бала күйшіні есіне алды. Шіркін, мен де бір кезде сондай жас болдым-ау?! Сонау сағымданған тау сілеміндей алыста қалған, қайта оралмас жастық шағы бір сәт көңілін тәтті мұңға батырып шымырлатып өтті.
Әдемі жігіт еді. Өнерлі жігіт еді. Талай күлім көздерді есінен тандырған сері едь Алғашқы ғашығы осы Сыр бойының қызы болатын. Аршыған жұмыртқадай аппақ, сұлу қыз бейнесі көз алдынан бояуы оңған көне суреттей бір жалт етті де өшіп қалды. Соған бекер опасыздық жасады. Осы күні ойласа іші жанады. Осы өмірде қыры кетіп жүргенін соның қырсығы ма деп қорқады. Жада желкілдеген жауқазынды таптап кетем деп, қарғысына ұшырадым ба дейді. Бәріне кінәлі Алматыға байқауға барғанда ұшырасқан сілеусін көзді әнші қыз. Сүзіліп ізінен қалмады. Жастық-мастық деген. Желікті. Әнші қызға үйленді де Теңізге оралмастан Жетісуда қалып қойды. Ата-бабаларынан балықшы еді. Бұрынғы кәсібін тастап, автоклубқа бастық боп жайласты да ырду-дыру, сауық-сайранның ортасына күмп ете қалды. Бірақ қосылғанша үзіліп, сүзіліп жүрген сұлудың қойны ыстық болғанмен тілі ащы екен. Улы жылан құшағына енгенін көп ұзамай-ақ сезіп, бармағын шайнады. Сөйтседе әдепкі жарындай емес, мұның уысы мықты соқты, бұлқынғанмен босана алмады. Перзентті болған соң аяғы мүлдем маталды. Тағдырына байлаулы баспақтай үнсіз көнді. Бар қарсылығы - көңіл шерін ащы арақпен тарқатудан аспады. Ертеректе бір рет елге барып қайтуды сылтауратып аулына соғып, алғашқы ғашығын іздеді, Бірнеше ай күтіп отырып, «біреуді алыпты» деген жаманаты жеткен соң Сыр бойындағы төркініне кетіп қалыпты. Бұдан соң ұнжырғасы түсіп, әбден жүнжіп кетті. Екі қолын төбесіне қойып ішкілікке салынды. Қызметінен шығып қалды. Бұл күнде фермада есепші деген ілекер қызметі бар. Mac боп жүріп, аулы есіне түсіп, тартып кетіп еді. Енді сол айықпаған күйінде бала-шағасына оралып келеді.
«Басын жазбаса» бұл күнде домбыраға қолы да жүрмейтін болды. Бір кезде талайды тамсандырып, таңырқатқан мына саусақтар ғой. Арыс бүршіктеп терлеп жылтыраған, тамыры білеуленіп ісінген, кебесі кірмен қарауытқан өсіңкі тырнақты ұзын, салалы саусақтарын алдына, стол үстіне салып, өмірінде өз қолын өзі алғаш көргендей ұзақ үңілді. Қайран өнерге, домбыраға жаралған қолдар-ай, бұл күнде есеп шотқа қор болды-ау.
Дереу ол даяшымен есеп айырысты да «Мен барып «Ақсақ киікті» қалай тартуды көрсетейін оларға» деп орнынан тұрды.
IІІ
Арыс келгенде шал мен жігіт жай әңгімелесіп отырған. Домбыра төсек жанында сүйеулі. Купеге Арыс.пен бірге шарап пен сыра исі қосыла кірді. Шал мен жігіт оның рестораннан оралғанын аузынан мүңкіген иіс пен қызара тершіген сүйір мұрыннан аңғарды.
— Әке, — деді науша жігіттен жоғары кеп отырған Арыс қарияға бұрылып, — мен де жасымда осы баладай домбырашы болғанмын. Облыс емес, Алматыда бірінші бәйге алғанмын.
Шал мен жігіт сенерін де, сенбесін де білмей бір-біріне қарасты. Арыс домбыраны қолына алып, құлақ күйін өзінше келтірді де бір-екі рет қағып-қағып керді. Домбыра бөтен саусақтарды жатырқағандай қаңқ-қаңқ етті. Салалы тарамыс саусақтар манағыдай емес, жуысып, жылпыңдап барады.
Күй кетті. Тарамыс саусақтар терін.алып, суытқан арғымақтай ойнақтап шыға келген. Қолбырағаны басылып, жүзіне шырай енген сұрша кісіге аруақ біткендей. Ақсақ киік ышқынған сайын ол жауар бұлттай түнере түседі. Енсіз маңдайындағы қыртыстар қалыңдайды. Қанталаған қиықша қара көзін терезе жаққа бір нүктеге қадап, қалшиып қатып қалған.
Домбыра күңіренеді. Ертелі елемей, менсінбей отырған шал орнына қозғалақтап, құлағын тыға ілгерілей ұмтылды. «Мұның саусақтары да баланікі сияқты екен. Отырыстары да, домбыра ұстастары да ұқсайды. Күйшілер бірінен бірі аумайды екен-ау» деп қойды ішінен. Құттайынан домбырамен көзін ашқан науша жігіт сұрша кісінің жылпылдаған епті саусақтарының перне басысы мен ерекше, елден өзге қағысын жүрегімен танып, елеңдеді.
Баланың тартқанынан гөрі күй салмақтанып кетті. Зарлы үн молайын, зарлы сарын қалыңдады. Үш аяқтап шоқақтаған жаралы киік қасіретіне егілгендей күңіренеді. Арыс жанарына жас толды. Буалдыр жас кіреукесі арасынан жастық шағы, өткен күндер өкініші сағымданып елес бергендей. Ол өміріндегі бар өкініш, бар қайғысын, жаралы жанының бар мұңын ақсақ киік тағдырына қосқандай тебіренеді. Аяңшыл сұлу аттың жүрісіндей жоғарылы-төмен әсем қозғалған саусақтар жүрек қылын біртіндеп суырып жатқандай. Күй бебеуіне аза бойды қаза еткендей бір шымыр кеп қосылды. Сол шымыр қанға араласып, удай жайлап, буын-буынды алып барады. Шал жылады. Тіпті еңкілдеген даусы шығып кетті. Науша жігіт әлде неден шошынғандай түсі қашып, домбырашыға үрейлене қадалған. Жүрегін бір аяныш сезімі қоса билеп, кеудесі шымырлайды. Япыр-ау неғылған күйші, неғылған жан» дей береді ішінен.
Домбырашының екі көзінен бетін сыза жас ақты. Жүзін жуған ащы жасты ол сүрткен жоқ. Күйді аяқтағанда барып алақанымен бір сыпырып тастады.
— Айналайын-ай мана бабыңа келмеген екенсің ғой,— деді көзін сүртіп жатып шал.— Рахмет, бәрекелде, қарағым.
Күйдің аяқталуына қарап келе жатқандай-ақ поезд тоқтады. Бұл науша жігіттің түсетін станциясы еді. Үш-ақ минут аялдайды. Науша жігіт асығыс домбырасы мен қол чемоданын алды да, енді ғана танысқан күйші мен қаупелектеген қарияны қимай, қайта-қайта қол алып қоштасты. Кәтекі күйшіні әлі де тыңдаңқырамағанына өкініп, әрі шалға мана «әкем соғыста өлген» деп өтірік айтқанына қысылып бара жатты. Шынында айтып үлгіре алмады, уақыт тар болды. Әкесі оны ана құрсағында жатқанда тастап, қашып кеткен еді. Өзі де мұны кейін үлкейген білген. Болмаса шешесі «Әкең сен туған жылы дүние салған» дейтін. Әй, аңқау қариям-ай, оның түк шықпаған иегіне де қарамағанын-ау. Поезд қозғалды. Науша жігіт поезд ішінде бір нәрсе - ұмыт қалғандай абыржи қол бұлғайды. Шал терезеден ештеңе көрмесе де тысқа жалтақтап, «маңдайы жарылып қалған бала екен, алдынан жарылқасын» деп өз-өзінен күбірлеп барады. Арыс басы салбырап кеткен. Жарым көңілі мертіккен ақсақ киік күйіндей күңіренеді. «Шіркін-ай, әлгі баланың жасынан өмірімді қайта бастасам?!» деген өкініш жүрегін тырнайды.
Бірақ, ол жолда түсіп қалған науша жігіттің әдепкі сүйген жарынан туған өз ұлы Арман екенін білген жоқ.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі