Ертеде Қожық деген бай болыпты. Ол талайларға дүре соғып, қорлық көрсетіпті. Бір күні осы байдың ауылына Құрыш деген қу келеді. Байдың оң көзі соқыр екенін байқап қалған Құрыш қу оң көзін қысып өтірік соқыр бола қалады.
— Ассалаумағалейкум, байеке! — деп қос қолын ұсынады.
— Уағәлейкүм ассалам! Қай ауылдан келесің? Қайда барасың? — дейді бай.
— Ой, байеке! Қайдан келесің, қайда барасың деп неғыласыз? Одан да бері таман келіңіз. Сіз де, мен де соқыр екенбіз, көп сөзді қойып, өзіміздің көзімізді ашайық, — деп дөңестеу беткейге отырмақшы болып бұрылады.
— Е, қалай ашасың? Ондайға емің болса жылдамдата көр. Не болсада танбаймын, — деп, бай Құрышқа мөлтең қағады. Құрыш солқылдақ бір шыбықты алады да, байға келіп:
— Ал, байеке, арқаңызды жалаңаштап, маған бұрылып жатыңыз. Мен осы шыбықпен жон арқаңыздан екі-үш рет ұрғанда, көзіңіз шайдай ашылады. Талай соқыр осыдан жазылып кетті, — деп жігіт «көз емнің» жайын айтады.
Қожық бай бұған сеніңкіремей:
— Алдымен сен өзің жат, дүрені мен соғайын. Сенің көзің ашыла қалса, мені қалай соқсаң да, шыдап бағайын, — дейді.
— Мақұл, жатсам жатайын, — деп Құрыш көйлегін түріп, жон арқасын беріп жата кетеді. Бай шыбықты алып бір-екі сермеп үлгірмей-ақ Құрыш атып тұрып:
— Ой, қолыңнан айналайын, байеке, рахмет! Көзім шайдай ашылды ғой, — дейді. — Енді мені соқыр деп жүрген әлгі
сұмырайларға барайын, — деп, байлаулы тұрған атына қарай тұра ұмтылады.
Сол заматта бай:
— Өз көзің ашылған соң алды-артына қарамай қайда барасың? Ұр мына мені! Менің де көзім ашылсын, — деп Құрышқа жалбарынып, солқылдақ көк шыбықты қолына береді.
Қожық бай көйлегін жоғары түріп жіберіп, жон арқасын төсеп жата қалады. Құрыш аспай-саспай молдасын құрып отырады да, солқылдақ көк шыбықпен жалаңаш арқаға шып-шып еткізіп салмақпен соға береді. Соқырлықты намыс көрген бай, «қайтсем де шыдайын, көзім ашылар» деген үмітпен тістеніп жата береді. Бірақ қанша шыбық соғылса да, соқыр көзі ашылмайды. Арқасы көк ала болып, білеуленіп қанталап шыға келеді. Істің алды-артын байымдамай аңқаулықпен таяқ жеп, әбден сілікпесі шығып, мең-зең болған бай:
— Қанша соқсаңда көзімнің ашылмағаны қалай! — депті Құрышқа әзер бұрылып. Сонда Құрыш:
— Дүниеге құныққан, зұлымдық жасаған адамның көзі өмірбақи суқараңғы болып өтпек қой, — депті де, атына мініп жүріп кетіпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі