Қарақия ауданы әкімдігінің «Ғарышкер» балабақшасы МКҚК
І санатты дене тәрбиесі жөніндегі нұсқаушы
Боранкулова Эльмира Абулталиповна
Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Жетібай ауылы
Тақырыбы: «Ханталапай»
Мақсаты: Қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеу арқылы балалардың интеллектуалдық, тапқырлық, ептілік қабілеттерін дамытуға ықпал ету.
Міндеттері: Балалардың топта жұмыс істеу білуін қалыптастыру. Патриоттық сезімдерін және Отанға, туған өлкеге деген сүйіспеншіліктерін ояту. Балалардың ортада өзін еркін және жайлы сезінуін қалыптастырып, алғырлыққа, озаттық қасиетке бейімдеу.
Көрнекілігі: Ұлттық нақышта әсем шарлармен безендірілген зал, қоржын, асықтар, Зере, слайд тақта.
Кіріспе бөлім.
Жүргізуші: Құрметті қонақтар, кішкентай бүлдіршіндер, еліміздің елеулі мерекесі ҚР Тәуелсіздігіне орай және Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында «Ғарышкер» балабақшасында өткелі тұрған «Ханталапай» интеллектуалдық ойынына қош келдіңіздер! Осындай бейбіт заманда, ашық аспан астында өмір сүріп жатқанымыз – ата-бабаларымыздың арқасы. Сонымен қатар, ынтымағы жарасқан, экономикасы дамыған елде өмір сүріп жатқанымыз – елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасы. Ендеше, ортаға елбасына арнаған тақпағымен Әбжет Қаршығаны шақырамыз.
Қаршыға:
(Слайд тақтада елбасы Н.Ә.Назарбаевтың суреті)
Жүргізуші: Жарайсың, Қаршыға! Ал келесі кезекте ортаға Отанын сүйетін, елордасын жақсы көретін Наурызбек Мансұрды шақырамын.
Мансұр:
Отанымның төрінде,
Сарыарқаның өрінде,
Ту ұстаған Астанам
Әсем қала бас қалам.
Заман жаңа, ел жаңа,
Күлімдейді кең дала.
Өз Астанам, өз ордам,
Сүйсінерім сен ғана.
Бой көтерді бір қала,
Ол біздің сұлу – Астана.
Астанада бәрі бар,
Қараймыз соған шаттана.
Мынау менің мекенім,
Астанада көсемің,
Әнұран-ақ көрсетер,
Қазақтың кім екенін.
Жүргізуші: Өте жақсы! Жарайсың, Мансұр! Балалар, біз осындай бейбіт заманда өмір сүріп жатқанымыз үшін бақыттымыз ғой, иә?
Балалар: Иәәә.
Жүргізуші: Сол үшін біз өзіміздің ата-бабамызға, елбасымызға үлкен алғыс айтуымыз керек.
Жүргізуші: Балалар, бұл сайыс болғандықтан, сіздердің көрсеткен ойындарыңа әділ баға беретін әділ қазылар алқасы болады. Ендеше, сіздерді әділ қазылармен таныстырып өтейін.
1) Әділ қазылар алқасының төрайымы, балабақшамыздың директоры – Қаламбаева Гүлшат Серікқалиқызы;
2) Мүшесі – балабақшамыздың тәрбиешісі Балмағанбетова Ақтоты Асубайқызы;
3) Келесі мүшесі – тәрбиешсі Дүзенова Жанар Бұхарбайқызы.
(Балаларды әділқазылар алқасымен таныстыру).
Жүргізуші: Балалар, біз көптеген ұлттық ойын түрлерін білеміз. Соларды атап көрейікші.
Балалар: Арқан тартысу, күш сынасу, қыз қуу, тақия тастамақ, ханталапай және т.б.
Жүргізуші: Балалар, біздің аталарымыз, әкелеріміз, ағаларымыз осы ойынды ойнап өскен. Бұл ойын – ерте заманнан қазіргі заманға дейін жалғасын туып келе жатқан қызықты ойындардың бірі.
Ханталапай ойының шарты:
Ойынды бастар алдында «Талапай-ау, талапай,табылды ойын алақай» деп өзі айтады және балалармен бірге қайталап, қоржындағы асықтарды отырған балалардың алдына шашады. Балалар жарыса «ханталапай» деп дауыстап,асықтарды таласып бөліп алады. Балалар жиналған асықтарын санай бастайды. Әр бала ойынға 5 асықтан тігіп, оларды атуға дайындалады. Хан асығы қолына түскен бала алғашқы боп ойынды бастап, асықтарды атады. Тигізген асықтарын ұтып алады. Тигізе алмай қалған жағдайда,ойын жүргізушінің тапсырмасынажауап береді. Егер бала тапсырмаға жауап бермесе, бұл жағдайда асықты ату кезегі дұрыс жауап берген балаға беріледі. Осылайша ойын жалғаса береді.
(Жүргізуші ортаға қоржындағы асықтарды шашып жібереді. Балалар таласып, сол асықтарды жинап алады. Әр бала өзінің жинаған асығын санап шығады. Балалар «аз-көп» ұғымын еске түсіреді. Ендігі кезекте ойын алаңын дайындайды. Шеңбер сызылып, асықтар ойын алаңына тігіледі.)
Негізгі бөлім.
Хан асығы Мансұрдың қанжығасында кетеді. Демек, ойынды бірінші болып Мансұр бастайды.
Жүргізуші: Балалар, қараңдаршы! Мансұр асықты атып түсіре алды ма?
Балалар: Жоооқ.
Жүргізуші: Олай болса, балалар, біздің сүйікті «Балапан» телеарнасындағы «Айжұлдыз» бағдарламасының жүргізушісі Зере бізге қонаққа келіп отыр. Оның сіздерге дайындаған сұрақтары бар екен. Барлығымыз мұқият слайд тақтаға назар аударайық. Зеренің сұрағына құлақ саламыз.
Зере: Ұлттық ойын түрлерін атап берші?
Мансұр: Арқан тартысу, күш сынасу, қыз қуу, тақия тастамақ, ханталапай және т.б.
Жүргізуші: Балалар, Мансұр дұрыс жауап берді. Жарайсың Мансұр! Ендеше, сенің асық атуға тағы бір мүмкіндігің бар. Асықты мұқият көздеп атып көр.
(Мансұр асықты атып түсіргенмен, асықты шеңбер сыртына шығара алмайды).
Жүргізуші: Ой, балалар! Мансұр қалт кеткен сияқты. Ендеше, келесі сұрақты Зере сіздерге қояды. Мұқият тыңдаймыз.
Зере: Жыл мезгілдерін білесің бе?
Аманияз: Қыс, көктем, жаз, күз.
Жүргізуші: Аманияз сұраққа дұрыс жауап берді. Ендігі асық ату кезегі Аманиязда.
Жүргізуші: Балалар, Аманияз асықты атып түсіргенмен, асықты шеңбер сыртына шығара алмайды. Демек, Зере тағы да сұрақ қояды. Назарымызды слайд тақтаға бұрайық.
Зере: Ұлттық тағам түрлерін білесің бе?
Амалбек: Қуырдақ, бауырсақ, қазы-қарта, ет, шұбат, айран.
Жүргізуші: Амалбек сен дұрыс жауап бердің. Асық ату кезегі өзіңде. (Амалбек асықты атып түсіреді, демек тағы да асық ату мүмкіндігіне ие болды. Амалбектің бұл мүмкіндігі сәтсіз аяқталады.)
Жүргізуші: Балалар, Амалбек асықты атып түсіре алмады. Олай болса, Зеренің кезекті сұрағына назар салайық.
Зере: Қыс айларын атап берші?
Қаршыға: Қыс айлары – желтоқсан, қаңтар, ақпан.
Жүргізуші: Қаршыға сұраққа дұрыс жауап беріп, асық атуға мүмкіндік алды. (Қаршыға асықты атып түсіреді, дегенмен асық шеңбер ішінде қалады).
Бірақ асықты шеңберден шығара алмайды. Ендеше Зеренің сұрағын тыңдайық.
Зере: Геометриялық пішіндерді атап берші?
Шоғы: Дөңгелек, төртбұрыш, үшбұрыш.
Жүргізуші: Балалар, Шоғының жауабы дұрыс па?
Балалар: Иәәә.
Жүргізуші: Ендеше асық ату кезегі өзіңе бұйырды. (Шоғы бірнеше асықты атып түсіріп, шеңбер сыртына шығарады. Сөйтіп тағы бір мүмкіндікке ие болады. Бірақ келесі мүмкіндікті жіберіп алады).
- Балалар, Шоғы асыққа дәл тигізе алмады. Ендігі сұрақты Зере сіздерге қояды.
Зере: Әжелеріміге арналған қандай тақпақ білесіңдер? Айтып беріңдерші?!
Жүргізуші: Балалар, қанеки, әжелерімізге арнап тақпақ айтып берейікші. Қане, кім айтады?
Әділет:
Өзің мені өсірген,
Айналайын ақ әжем.
Тентек болсам, кешірген,
Балдай тәтті бал әжем.
Жүргізуші: Өте жақсы, әжеңе арнаған тақпағың керемет! Әділет те сұраққа жауап беріп, асық атуға мүмкіндік алды. (Әділет асықты шеңбер сыртына шығарады. Асыққа дәл тигізіп, тағы бір мүмкіндік алады. Бірақ бұл жолы сәтсіз аяқталады. Асықты шеңбер сыртына шығара алмай қалады).
Жүргізуші: Ой, балалар! Әділет асықты шеңбер сыртан шығара алмады. Ендеше, тағы да Зеренің сұрағына назар аударайық. Сұрақты мұқият тыңдаймыз.
Зере: Төрт түлік малды атап берші?
Әділжан: Қой, сиыр, жылқы, түйе.
Жүргізуші: Сұраққа дұрыс жауап берген Әділжан асыққа дәл тигізе алмай қалады. Сонымен Зеренің кезекті сұрағына назар салайық.
Зере: 1-ден 10-ға дейін санап берші.
Шоғы: 1,2,3,4,5,6,7,8,9,10.
Жүргізуші: Жарадың Шоғы! Өте дұрыс! Асық ату кезегі өзіңде. (Шоғы ойын алаңына шығып, соңғы қалған асықты атуға бел буады. Және асықты шеңбер сыртан шығарады).
Қорытынды бөлім.
- Балалардың ойын бойы жинаған асықтарын санау («Аз-көп» ұғымын еске түсіру);
- Жеңімпазды анықтау;
- Балаларды мадақтап, номинация бойынша марапаттау;
Ойын соңында балаларға ұлттық нақыштағы қоржындар сыйға тартылады.
Мерген бала – Батырбек Шоғы;
Алғыр бала – Түркменбай Амалбек;
Зерек бала – Наурызбек Мансұр.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі