Мәңгіліктің аясы да тар маған – Әділбек Ыбырайымұлы

Бұл бетте «Мәңгіліктің аясы да тар маған» атты Әділбек Ыбырайымұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.02.2021
  • 0
  • 0
  • 713
Мәңгіліктің аясы да тар маған,
Билік құрсам: аздық етер, бар ғалам.
Сонау, сонау ғарыштардың қойнауы –
Жайлау шіркін, қона жатып, шарлағам.
Бәрі сонда пайғамбар да, пірлер де,
Періштелер сықылықтар іргеңде.
Қоңыз-тірлік, неге саған келдім мен?!
Жайсаңдармен қанаттасып жүргенде.
Таң қаласың, талай әлем ашасың,
Құлагер жүр шаң қаппаған шашасын.
Баба түкті шашты Әзизім – батасын,
Асан Қайғы сыйға берді асасын.
Неге келдім, бұ жалғанға бопсалап?
Өзегіңе бықсысын деп от салат.
Пенделіктің пәтерінде күн кешіп,
Алданасың көңіліңе тоқ санап.
Мәңгіліктің аясы да тар маған,
Билік құрсам: аздық етер бар ғалам.
... Мың сан ойдың шырмауымен буынып,
Түсіп қаппын өгіз шеккен арбадан.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері