Маған неге мына қыз амандаспады? – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Маған неге мына қыз амандаспады?» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 710
Маған неге мына қыз амандаспады?
Тазармаған жан ба едім санам қаспағы.
Қиямпұрыс ойларға қайдағы бір
Көңілімнің тап-таза таланды аспаны.
Жексұрын боп шықтым ба жер бетіндегі,
Уыз күлкі жоғалды келбетімдегі.
Қасқалдақ та қонбайтын, үйрегі де,
Ұқсап қалдым мұз қатқан көлге түндегі.
Қоштаспай кетті кетерде жөніне тағы,
Қонған-ау, сірә, арманшыл төріне бағы.
Шөгіп те қалдым әлде бір жымысқы ойдан,
Ұқсастау ғана ақын ем серіге жаны.
Сәліміңді қимасаң айла-амал бар ма?
Міндет етіп тартайын қай бағамды алға.
Шетте қалып кеттім мен келесаулардай
Немді айтармын мен жайлы ойлағандарға.
Маған неге мына қыз амандаспады?
Тыным бермей жүр ме, әлде, балаң жас қаны.
Шылым сасып қалым-ау,
Секілденіп,
Күйіп кеткен тамақтың жаман қаспағы...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері