Өлең, жыр, ақындар

Қазақ аруы

  • 16.07.2021
  • 0
  • 0
  • 1043
Шынашақтай шырын шақтан
Шыбын жанға мұңын шаққан...
Қунақ көңiлi, Құдайым-ай,
Аумай қалған Құлыншақтан!
Тақымында атты ойнатқан,
Таңға кiрпiк қақпай жатқан...
Жүрiсi де, тұрысы да
Аумай қалған Ақтайлақтан!
Еркек кiндiк – пендеге арман,
Дертке дауа, ем бола алған.
Кербез басып керiлгенi
Аумай қалған Кермаралдан!
Сенбегендер келiп көрсiн,
Елкезбеге ерiп келсiн.
Ен даланың еркетайын
Ен тақпаған Елiк дерсiң!
Аң асырап, құс баптаған,
Икемсiздi iштартпаған.
Ерге өмiрiн қиғанымен,
Езге қолын ұстатпаған!
Армандамас қайбiр кiсi:
Жұлдыз – жұбы, Ай – құрбысы.
Жас арудың от жанарын
Жасқандырмас жайдың күшi!
Сұңғақ бойы,
Сымбатты өңi
Жұмыр басқа жұмбақ па едi?
Жүзiгiне жарар ма екен
Жүрегiңнiң қымбат кенi?!
Бұлт қонар тауға қашан?
Бұлбұл қонар бауға қашан?
Алдаспанмен ала алмайсың,
Жан сырыңмен жауламасаң.
Қос бұрымы мықынды ұрған,
Тамсандырған,
Жұтындырған!
Үкi көзi төңкерiлiп,
Үндемей-ақ үкiм қылған.
Қысқа нымша, қынай белi,
Шық көзiндей шырайлы өңi.
Даруссалам дауагерi,
Дəл осындай сыңайлы едi...
Екi көзiн елеңдеген –
Екi тұнық зерен дер ем.
Көкжиектiң сағымындай
Бүрме көйлек көлеңдеген.
Танакөздiң тамшылары –
Шамның шамдал Шамшырағы!
Күн – кiрпiгiн сепкен сайын
Ай – қабағы аршылады.
Өңi көркем өрiк талдан,
Ес тандырған,
Ерiктi алған!
Ерге ылайық еншiң де сол
Алақанға келiп қонған.
Тар төсекте күйiп-жанған,
Икемiне иiң қанған...
Тырнағына татымайды
Дүри гауһар,
Дүйiм жалған!!!
Жəудiр көзi – жан шарабы,
Тəттi сөзi – таң самалы.
Нөкерiне жарамайды
Иранбақтың ханшалары!
Аққу мұңын қаз ұққан ба?
Нала тiлiн наз ұққан ба?
Жаратқанға жалбарынған
Жазған құлда жазық бар ма.
Бұлбұл сазын естiгелi
Бейiш бағы бес түледi.
Тағдырына айла таппай
Талай жанның өштi реңi...
Нанбайсың ба, нанасың ба?
Жаманат жай тарасын ба:
Талай шайыр шаһид болды
Өң мен түстiң арасында...
Келiсiңiз,
Керiспеңiз.
Шемен жұтып, шер iшпеңiз.
Осындай-ақ болар, сiрə,
Көктен түскен Перiштеңiз!
Тұла бойы – дүр келiсiм
Қолға қонбас күнде құсың...
Алматы мен Астананы
Қияр едiм бiр меңi үшiн!!!
Аман болса Ғұмыр-ана
Талай түлер Ұлы Дала...
Менiң меңзеп отырғаным –
Мың сұлудың бiрi ғана!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жасымнан кешкен

  • 0
  • 0

Жасымнан кешкен,
Басымнан көшкен, дəуренім,
Көгілдір кештен
Көкейді тескен сəуле едің.

Толық

Уақыт болар жиған есімді

  • 0
  • 0

Уақыт болар жиған есімді,
Өткен күндерге ізгі мұң арттым.
Жасауыл, жорық – Жиырмабесімді
Тежей бір ұстап, тізгінін тарттым.

Толық

Өкiнбеймiн бiреудi өпсең де өлiп

  • 0
  • 0

Өкiнбеймiн бiреудi өпсең де өлiп,
Өкiнбеймiн өзгеге кетсең де ерiп.
Жазмыштың маған жазған пендесiне
Мен-дағы кезiгермiн көп сенделiп.

Толық

Қарап көріңіз