Сөз аулаған күн – Мағиза Құнапияқызы

Бұл бетте «Сөз аулаған күн» атты Мағиза Құнапияқызы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 590
Қадалдым неге жалғыз нүктеге,
Сүңгі-мұз кірпік… көз жаурап?
Үйлесім таппай мынау тірліктен,
Кеңістікте ұшқан Сөзді аулап.

Шақшадай баста –
зымыран ойлар!..
Табаным жерді мекендеп.
Тізбегін сөздің аңдумен өттім,
«Тұсымнан қашан өтер?» деп…

Сан соқтырады сиқыр Сөз-әлем,
Аңғал жандарға тек біздей.
Жалған сәулеге көз байланғанда,
Өтті де кетті жеткізбей.

Көлдің бетінен сұлулық іздеп,
Айды да көктен қызықтап.
Қосмекенді өмір кешкеннен соң ба,
Алаң-салаңмын ұмытшақ.

Жүректі шарпыр сезімдерім көп,
Жай таппас жыр боп тынғанша.
Сиқырлы Сөзді зарыға күтіп,
Құсұйқы болған түн қанша?!

Шаттыққа шомам Сөз аулаған күн,
Бөліспей қалай іркемін?!
Кестелі жырмен
Жылаған жүрек
Көз жасын еппен сүртемін!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері