Тек табиғат – Мағиза Құнапияқызы

Бұл бетте «Тек табиғат» атты Мағиза Құнапияқызы жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 674
Қарлығаштай талып ұшқан қауырсыным майысып,
Менмен бірге жылады тал қабырғасы қайысып.
Көл бетінде дірілдеді ай, дірілдеді жұлдыз да,
Таулар ғана тұрды мүлгіп, қалғандай түс шайысып.

Көңілімнің иірімін шым еткізіп шер тұнды.
Қалқалай ма қайың біткен тізіліп ап көркіңді.
Кешкі шапақ секілденіп екі бетім албырап,
Қайталадым оңашада саған берген сертімді.

Бірде алдан ұшқалақ жел бірде соқты бүйірден,
Ширатылды шыт көйлегім ұршықтай боп иірген.
Естіп тұрған жоқсың бірақ несін айтам тоңдым деп,
Еш сезбессің арласып жоқ болсам да құйынмен,
Тек табиғат тоғысады менің көңіл күйіммен!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері