Жыр дәптерім – Мағиза Құнапияқызы

Бұл бетте «Жыр дәптерім» атты Мағиза Құнапияқызы жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 12.09.2021
  • 0
  • 0
  • 729
Сенде жатыр өмірдің гүл көктемі,
Төрт шумаққа сиды да бір беттегі.
Саған бәрін ақтарып айтып алмай,
Көзімнен мұң көңілден кір кетпеді.

Қолым тисе өзіңді бассаламын,
Өлең туса тәуірлеу шаттанамын.
Саған айттым ең жақын сырларымды,
Қайда барсам қасымнан тастамадым.

Қайда барсам тастамай алып жүрдім,
Саған жақтым алауын жалын жырдың.
Жеткізбеген арманға жетемін деп,
Сені бұлдыр тұманға малындырдым.

Саған айттым сәуірдің ескен желін,
Саған мәлім басымнан кешкендерім.
Сен өзімді оқыттың қайта маған,
Сырласы болмай тұрып еш пенденің.

Барлық бетің жырыммен шимайланды,
Ертең қандай білмеймін силайды әнді.
Арман менен мендегі сағыныштар,
Сенің соңғы бетіңе сыймай қалды…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері