Жүрегім, есітемісің, жыл келеді – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Жүрегім, есітемісің, жыл келеді» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.01.2022
  • 0
  • 0
  • 794
Жүрегім, есітемісің, жыл келеді,
Толқудан тілім менің күрмеледі.
Есікті аш, қабылдап ал, төрге отырғыз,
Бақыт пен қуанышты іргедегі.
Ұзақ жол шақыра ма алыстарға,
Қол бұлға жағалауда таныстарға.
Кім білсін, адымы кең әз арманым
Ай болып тұрған шығар ғарыштарда.
Терезе перделері тербеледі,
Тербелсе, жанға жұмсақ жел келеді,
Бір нәрсе күтем ылғи, неге екенін,
Қанатын қарлығаштар сермегелі.
Тосамын әлдекімді, әлденені,
Бой түзеп салтанатым сәнденеді.
Тырналар тырауласа көк жүзінде,
Кеудеме сазсырнайлы ән келеді.
Төрлет, жыл! Тұрсын көктен төбең асып,
Төбелер теңселеді көде басып.
Жаңа жыл жаңа өмірге қарайлаған,
Жүрегі жасаң тартып көне ғашық.
Жүрегім, қартайма да, қарайлама,
Сөнетін көкжиекте арай ғана.
Арналы ағылыстан шағылысқан
Шалқыған шартарап тұр шарайнада.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері