Келген кезде кезегім – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Келген кезде кезегім» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.09.2021
  • 0
  • 0
  • 671
Өмір тұрмас басымда, сірә, мәңгі,
Бір күнімнен бір күнім сынақ алды.
Жылатпай бер, не берсең, ей, туған ел,
Сұратпай бер, берсең бір сыбағамды.
Артық сыйды өзіңнен қаламаймын,
Қанағатшыл кішкентай баладаймын.
Найзағайдан қорықсам, балапандай
Қанатыңның астын мен паналаймын.
Еншілетпе ешкімнің шырқау шыҢын,
Сұңқар көңіл сезеді тұлпар сырын.
Өмір деген теңізден бу боп ұшып,
Теңізге кеп қосылған бір тамшымын...
Өмір, өмір ағысын қозға мәңгі,
Лақтырғын жағаға озбағанды.
«Қандаймын?» – деп жаутаңдап, ешкімнен
Сұрамай-ақ білемін өз бағамды.
Кірлемесін көңілдей ақ аспаным,
Аярларды арадан аластағын.
Келген кезде кезегім, кездейсоқ жан,
Сыбағама сен менің таласпағын!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері