Анама – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Анама» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1602
Болсын деп шаңырақ пен босаға аман,
Көңілін күн нұрына тосады анам.
Ошағын көсеп қойып, отыратын
Бір өмір басталардай осы арадан.
Жұтқанмен жақсы күнді жыл өңеші,
Жасырын жанарымда жүр елесі.
Мазасыз сол кездерде маздап жанған
Екен ғой жан анамның жүрек оты.
Демеймін тағдыр жазып несібені,
Өз қолым өз аузыма жетіп еді.
Қанжардай қара тасқа қайрайды әлі
Анамның жүрегінің оты мені.
Болсын деп мынау алтын босаға аман,
Көңілін күн нұрына тосады анам.
Көсеймін кеудемдегі қызыл шоқты,
Бір өмір басталардай осы арадан.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері