Көрдім сені түсімде – Несіпбек Айтұлы

Бұл бетте «Көрдім сені түсімде» атты Несіпбек Айтұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 22.09.2021
  • 0
  • 0
  • 1756
Сүйген сәулем, көрдім сені түсімде,
Тұр екенсің қызыл жалын ішінде.
Маған қарап қабағыңды сәл шыттың,
Әлденеге өкпелеген пішінде.
Сүйген сәулем, көрдім сені түсімде.
Жадау тартқан жүзің қайта жаңарып,
Көркің қалды жанарымда қамалып.
Мен білмейтін бір бағытқа тарттың сен,
Қара көзің қара жолға қадалып.
Көркің қалды жанарымда қамалып.
Қағып едің туған айдай қасыңды,
Алдыңа кеп меруерт моншақ шашылды.
Гүл-гүл жайнап шыға келді дүние,
Алабұртқан аспан шайдай ашылды.
Алдыңа кеп меруерт моншақ шашылды.
Сүйген сәулем, көрдім сені түсімде,
Тұр екенсің қызыл жалын ішінде.
Жалт қарадың қабағыңнан күн күліп,
Сонан кейін айналдың тас мүсінге.
Сүйген сәулем, көрдім сені түсімде.

1973


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері