Түн бойы ысып-өртенем – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Түн бойы ысып-өртенем» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 611
Түн бойы ысып-өртенем,
Таппадым соның бір емін.
Оянсам таңда ертемен,
Тұрады ауырып жүрегім.
Шағынам несін досқа мен,
Жүрегімді айтып шаншыған.
Үйренген таңдап ескі әуен
Еңсені езіп жаншыған.
Кешігіп күнім сағынған,
Тонатып ойға күлкіні,
Шаршай ма әлде соғудан
Дамылсыз жүрек күн-түні...
Өтуде өмір өзгерген,
Сырт көзге шапқан аттаймын.
Сөздерден, оқты көздерден
Жүрегімді қайтсем сақтаймын?
Тағдырға қандай кез келгем,
Ешкімге ұнап, жақпаймын.
Сөздерден небір көздерден
Оқ тиген жапырақтаймын!..
Келемін күй ап күнімнен,
Сәттерде толқып, дір еткен.
Құлайтын сияқтымын мен
Аяқтан емес, жүректен!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері