Жүрдім қанша сүйгенімді сездірмей – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Жүрдім қанша сүйгенімді сездірмей» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 708
Жүрдім қанша сүйгенімді сездірмей,
Кездескенде лағып кетем сөз білмей.
Өмір сүрдің, мені мәңгі ыза ғып,
Жерде жатқан қурай ғұрлы көзге ілмей...
Назарыңды ала алмадым аударып,
Көкірегімде көгілдір бір шам жанып.
Айла-амалсыз, не істерімді білместен,
Оңашада отырамын дағдарып.
Келер күнге жетеміз бе біз аман,
Өз өртіме өзім жанып, қызарам.
Ішкі ойымды білмесін деп әдейі,
Көздеріңе тік қараймын ызадан...
Жүзің – жартас, әсер етпес ерке елең,
Күн сүйеді көкірегіңді ертемен.
Сен шалқайсаң, салқын тартып қабағың,
Қабағыңа иіліп мен өртенем.
Жалынамын жабыққанда ал шабыт,
Көзің көрсін, кайратым бар қаншалық.
Өрттей ыстық жүрегіммен сұп-суық
Жартасқа да ғашық болам, жан салып...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері