Ауырмайтын жерім жоқ менің бүгін – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Ауырмайтын жерім жоқ менің бүгін» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 06.11.2021
  • 0
  • 0
  • 674
Ауырмайтын жерім жоқ менің бүгін,
Жайнап тұрып солғандай көңіл гүлім.
Жаяу шамдай, бір өшіп, бір жанамын,
Өшірер ме жел үрлеп, өмір күнін.
Өмірімнің бақытты санап таңын,
Жапырақтай желге ұшты қанатты әнім.
Елегізем, бір жақсы хабар күтіп,
Қалғандай-ақ санаулы сағаттарым.
Көңіліме ашық күн көктем керек,
Көктем мені лебімен өткен демеп.
Улап жатыр жанымды неше түрлі,
Жер бетінен ызыңдап жеткен дерек.
Көңілдегі ғашықпын көктемге бар,
Көктем күйі, арманға өткел болар.
Ұйықтатпайды миымды уақыттың-
Қойнауынан қаралы жеткен хабар.
Ізім түскен қол бұлғап белестен күн,
Нені ескермей, білмеймін нені ескердім.
Өмір сүріп көз ілем арасында
Таныс қиял, тағдырлы елестердің.
Сезгенімді, көз көріп, өлең еттім,
Уақыт берді жер атты кемеге екпін.
Шулы орман, улы ауа, улы гүлден –
Нәр алып, ұшып-қонған көбелекпін...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері