Қарызбын саған – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Қарызбын саған» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 814
Қарызбын саған, туған ел,
Жұмғанша мәңгі көзімді.
Қарызбын саған,
нұрлы әлем,
Сүйгенім үшін өзіңді.
Қарызбын көл мен тауға да,
Жаулаған көңіл аусарын.
Қарызбын кеш пен таңға да,
Күйіне ортақ баршаның.
Адамға барлық қарызбын,
Бастаған алға сапарын.
Солардан келмес қара үзгім,
Оттық ап сенен Отаным!
Бермейді маза көңілге,
Елестеп жүгім – досым-ау.
Хақым жоқ менің өлуге,
Қарыздарыммен осынау.
Қарызбын туған анаға,
Қарызбын туған балама.
Қарызбын гүлді далаға,
Қарызға батпай бола ма?!
Не істедім деп мақтанам,
Белгі қоймай еш күнге.
Өмірде бірақ, тек маған,
Қарыздар емес ешкім де.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері