Бұлтты болса көк аспан, мен де бұлтпын – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Бұлтты болса көк аспан, мен де бұлтпын» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 1315
Бұлтты болса көк аспан, мен де бұлтпын,
Айығайын бұлтымнан емделіп бір.
Бұлт астынан жарқ еткен күндей болып,
Жабыққанда жаныма сен келіп тұр!
Ашық болса көк аспан, ашықпын мен,
Қуаныштан теңіздей тасып, күлгем.
Бақытыма бақытты жыр арнадым,
Ғашық көзбен, осынау ғашық тілмен.
Бірде бұлтты, бірде ашық өтті кезім,
Еске алдырмай ешкімнің кекті көзін.
Айнымалы, құбылғыш, табиғатқа
Ұқсайды екен бойдағы көп мінезім.
Ашық болсын, көгімнің қабақ-қасы,
Қабақ-қасқа қара бұлт жолатпашы,
Алтын күннің сәулелі кірпігіне
Үмітімнің ұштарын сабақташы.
Бұлтты болса көк аспан,
мен де бұлтпын,
Айығайын бұлтымнан, емделіп бір.
Көңіліме бұйыққан жел болып кір,
Ашылайын, жырлайын, сен келіп тұр!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері