Он төртім бе, он бесім бе, беймәлім – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Он төртім бе, он бесім бе, беймәлім» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 08.11.2021
  • 0
  • 0
  • 663
Он төртім бе, он бесім бе, беймәлім,
Сүю жайлы алғашқы рет ойладым.
Өте шықса құрбы бала ысқырып,
Жүгіруші ек қарсы алдына айнаның.
Қараушы едік, таласып бір айнаға,
Тараушы едік, тентек шашты жай ғана.
Санаушы едік, саусақ бүгіп шетінен,
Ауылдағы әдемі деп қай бала.
Өте шықты албырт жылдар желдей боп,
Өзім деуге ұяламын сенбей көп.
Сезінуші ем сол бір шақта шынымен,
Дүниедегі ең сұлу қыз мен ғой деп.
Тіршілікті түсіндік те долбармен,
Кеттік ұзап қилы-қилы жолдармен.
Мәңгі-бақи кетпейтіндей басымнан –
Көрінетін, бұлдыраған сол дәурен…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері