Жанардан ағып бірге қайғы, үміттер – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Жанардан ағып бірге қайғы, үміттер» атты Қанипа Бұғыбаева жазған мұң туралы өлең берілген.

  • 10.11.2021
  • 0
  • 0
  • 621
Жанардан ағып бірге қайғы, үміттер,
Пәрменді екпініне айрылып жер.
Даламның белес-белес пернелерін,
Барады басып-шауып сәйгүліктер.
Бір сәтте оралғандай бүкіл бақыт,
Сақина тұяқтарын сытырлатып.
Құрысқан көптен бері кең даланың,
Арқасын үзіп жатыр бытырлатып.
Қаққандай керіп теңбіл алашаны,
Аспанға көтерілер дала шаңы.
Ағысы баяуласа желік беріп,
Жүйрікке қамшы басып, жел осады.
Шулаған сезгендей-ақ көпті алыстан,
Жүйрікке жүйрік бүйір кеп соғысқан.
Бәйге емес,шапқандай бір бәсекелік,
Жарқылдап бауырынан оттар ұшқан.
Қосылып түрлі ырғақ тұяқтан әр,
Дүбірлі кеудеңе бір күй ақтарар.
Сол шақта тұлпарлармен туған далам
Жарысып бара жатқан сияқтанар!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері