Қасқа жол – Қанипа Бұғыбаева

Бұл бетте «Қасқа жол» атты Қанипа Бұғыбаева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.11.2021
  • 0
  • 0
  • 969
Туған ауыл әр тасын,
Жамбасына жастап ол.
Төсеп күнге арқасын,
Жататын бір қасқа жол.
Туған ауыл оты асыл,
Жүрекке кеп жамалған.
Талай жүріп жотасын,
Орындық қып демалғам.
Ол арманға асылған,
Секілді еді тік белең.
Ұзап кетсем досымнан,
Сол бір жолдан күткен ем.
Қасқа жолда сөйле тіл,
Күрмелесің, беу неге.
Ұқсайтын ол кейде тым,
Шалқақ жатқан кеудеге!
Өмірдің қыс, көктемі,
Өтті жаяу, атты көп.
Құс жолындай көктегі,
Қасқа жолым – ақ тілек!
Бір таң алдан атқандай,
Асығамын дәт қалмай.
Балалығым жатқандай,
О, қасқа жол, ақ маңдай!
Сын жоқ қой ол уақытқа,
Болса төске жас тамған.
Барар жолым бақытқа,
Бір өзіңнен басталған!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері