Өнер құдіреті
Аңыз деген шындықтың дәні ме еді,
Оларды естіп сан сырға қанып едім.
Бір қарт күйші толғаған мына әңгіме,
Көңілімді тербейді әлі менің.
Хан ұлымен қас болып Құрманғазы,
Маңқыстау кеп, сауықты құрған жазы.
Қақ ортада қасқайып жүрген екен,
Күйшілерді жинап aп бұл маңдағы.
Заман сол ол бай балқып, кедей күйген,
Жалшы-малшы не күтсін өгей күннен.
Тесік өкпе, күс табан бұқараны,
Күйін тартып, Құрекең жебей білген.
Күн артынан осылай озған күн көп,
(Өнер сүйген елге қол созған міндет).
Toй үстінде бір үлкен Былшықкөз бай,
Құрекеңді тілдепті, «бозқаққыр» деп.
«Жазған жерім жоқ еді жасағанға,
Сауық құрдым еліңде, тасаланбай,
Басын жұлып мына иттің алайын», - деп,
Құрмангазы қарапты Қашағанға.
Қашаннан-ақ Қашаған дүлдүл ақын,
Тергеп кетсе, бір сөзді мыңға ұратын.
Тоқта, аға, сазайын мен берем, - деп,
Сөз айтыпты бай сағын сындыратын.
He сөз айтты, бұл жерде ол маңызды емес,
Болса керек құрылған нағыз кеңес.
Желдей есіп, Қашекең жөнелгенде,
Үй ішінде бөлепті жалынды елес.
Қашаған да тоқтапты сөйлеп келіп,
Әрбір сөзі мың батпан ой бөктеріп.
Отырған жұрт қараса Былшықкөзге,
Киіліпті қызыл от көйлек болып.
«Қызыл жалын үстімді орап алған,
Көрмедім-ау бір қайыр тола малдан.
Құтқар мені, Қашаған, отыңнан»-деп,
Былшықкөз бай жылайды сонадайдан.
«Ойын-тойда күй - көрік, өлең - серік,
Өнерімді халқыма келем беріп.
Қашағанжан, мен саған ырзамын ғой,
Өліп кетер мына ит, бөгелмелік».
Деп Құрекең бастапты топан күйін,
Есіне алып Нарынын, Отан, Үйін,
Жиналған жұрт күйге елтіп отырғанмен,
Былшықкөздің жағдайы өте қиын.
Домбырадан бір дауыл үн шығардай,
Көңілінде күйшінің түйткіл қалмай.
Былшықкөздің үстінде от көйлегі,
JIaп бергісі әп-сәтте кеп тұргандай.
Адал болсақ әрқашан көңіл сыйлы,
Көкірегі пасықтың көңірсиді.
Қызыл жалын кеудесін қарығандай,
Былшықкөз бай дөңбекшіп ыңырсиды.
Қызыл оттың ішіне салып тұрып,
Қылған ісін бетіне салық қылып.
Жыр жүйрігі Қашаған жерлеп еді,
Былшықкөз бай жылады, халық күліп.
Аумайтындай басында тұрган бағы,
Кеше ғана Былшықкөз - қыр маңғазы.
Енді бүгін қыңсылап бұралқы иттей,
Айтпақ қазір үкімін Құрманғазы.
«Бастым біраз ашуды тұмшалаған,
Сасық байдың айтқанын мұң санаман».
Деп Құрекең қараса төңірегіне,
Тынып қапты сілтідей мұнша адам.
Сосын тағы күйден ол бас бұрапты,
Қарт тыңдапты бұл күйді, жас тыңдапты.
Отырған жұрт шу етіп қалды кенет,
Керегеден құйылып тасқын қатты.
«Не ғаламат! Жаңбыр жоқ, аспан ашық»,
Деп үй иесі түндікті тастады ашып.
Өзгелерге ұрынбай жардай толқын,
Былшықкөзге құйылды, бастан асып.
Көр кеудесін қуырып от көйлегі,
Шыдамы да шегіне жеткен еді.
Суық суға малшынып Былшықкөз бай,
Рахаттанып ұйқыға кеткен еді.
Өш алатын мес қарын, тac құлақшын,
Өнер қару! Ез емес басты баққан.
Қашағанның жырынан жалын шарпып,
Құрмангазы күйінен тасқын аққан.
Жетті бізге осы аңыз көне күннен,
Өтті қанша уақыт елегінен.
Құдіретіне өнердің тиек болмайды,
Бұл аңызға сондықтан сенемін мен!!!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі