Қызыл шатқал, қызыл шатқал – Қалампыр Кенжеғалиева

Бұл бетте «Қызыл шатқал, қызыл шатқал» атты Қалампыр Кенжеғалиева жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 31.12.2021
  • 0
  • 0
  • 663
Жан-жағың құз, қызыл шатқал,
Өрлеп кімдер жетіп еді?
Күнгей шатқал биігіңнен
Еңлік тере кетіп еді,
Оралды ма сонау жақтан,
Шық кешкендер толарсақтан?..
Әлде қыран қиясына
Қиянат қып ұясына
Оқ атты ма жаңғырықпен,
Қарау ниет қорамсақтан!
Шатқал биік, биік шатқал,
Күн қақтаған, мұз сақтаған,
Жатад деуші ед үнсіз сені
Жаңғырықтан үзіп алып
Үзік-үзік үн сақтаған...
Биік шарлап келгендер көп,
Қиял кезіп өлгендер тек...
Не деп еді, ақырғы рет,
Сақталды ма нақ солардан
Құзар шыңда ақырғы леп?
Мен де бірі едім соның,
Болар дегем, болар жолым...
Өз үнімді қалдырайын,
Шың құлағын тұндырайын...
Ол да шықты, дерсің шыңға,
Шашы ағарған бір мұңлығың
Жыр жолында жеген уайым!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері