Үнсіздіктің бөлмесі тымсырайды – Шәмшия Жұбатова

Бұл бетте «Үнсіздіктің бөлмесі тымсырайды» атты Шәмшия Жұбатова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.01.2022
  • 0
  • 0
  • 709
Үнсіздіктің бөлмесі тымсырайды,
Күлімдеген, өйткені, күн сұрайды.
Кібіртіктеп көлеңке кідіріп тұр,
Келе жатқан секілді жыл шырайлы.
Өзендердің өксіді арыны аққан,
Ақтара алмай тұрғанда барын ақ таң.
Сағынышым үзіліп естіледі
Жапырағы қалқыған сары бақтан.
Күркіреген көктемім қайда екен деп,
Кеуделерге қонақтап ай мекендеп,
Жайдарман күн дидарын жылытады
Тырналарым қанатын жайды екен деп.
Жүрегімде жылтырап жарық айна,
Шағылысып қалады барып айға.
Жадау бақтан жүрегі ән сұраған
Жапырағы жанымның жамырай ма?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері