Жан беріп, жан алысар дос іздедім – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Жан беріп, жан алысар дос іздедім» атты Фариза Оңғарсынова жазған достық туралы өлең берілген.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 2030
Жан беріп, жан алысар дос іздедім,
дос деген ұғымым да тосын менің.
Майысып-қайыспайтын болмысымнан
морт сынбас майысқақтар шошыр керім.
Өзімдей болады деп досым менің
майшамды көкірегімнен өшірмедім.
Егіздей достың өзі болады екен
бәрібір қасиетіндей көшірменің.
Менің де бастан асады кесірлерім,
кесірдей ең аяғы сесім, демім.
Өзімнің өлшемімнен сәл ауғанды
тең көрдім қылмыскермен, кешірмедім.
Жұқпадым орталарға не сіңбедім,
жек көрдім астамдықтың есіргенін.
Басымнан алтын құйсын – жарамсақтың
алдында ақтарылып шешілмедім.
Дегендей бір көргеннен сырымды алар,
әдетім тосын жанға қырын қарар.
Басқадан ала алмаған өшімді мен
алатын достарымнан «жыным» да бар.
Кім төзсін бұл мәніме, кім шыдасын.
Көңілімнің шуағынан бұлты басым.
Оңаша жылап алам жүреді-ау деп
жаралап аз досымды күлкі, жасым.
1991


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері