Жаныңнан, жамалыңнан әр тайғанда – Фариза Оңғарсынова

Бұл бетте «Жаныңнан, жамалыңнан әр тайғанда» атты Фариза Оңғарсынова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2022
  • 0
  • 0
  • 1206
Жаныңнан, жамалыңнан әр тайғанда,
сезімің ортаймай ма, қартаймай ма,
жылдардың балдырына батқан көңіл
мелшиіп қарамай ма айқайларға,
жастығың жамбасына жантайғанда…
Күндерің – мың құбылған, сенделіскен,
бір жалын тыншытпаған кернеп іштен,
көзің де, көңілің де көк аспанда,
жайың жоқ шырмалуға жердегі іспен,
өтіпті жүлдесі жоқ тек желіспен.
Бұл күнде ештеңе де ес кетірмей,
баяғы қоңыраулы кеш те түндей,
сезімің, сенімің де көлеңкеге
шығарсаң тоңазитын ешкі етіндей.
Көз салып, ойға түйіп, жай барладым.
Ал, менің жоқ мүсінге айналмағым.
Өртей бер өзегімді, тек сен ғана
кетпесең болды менен, қайран жалын!
1984


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері